Сұхбат материалдарын транскрипциялау және мұрағаттау

Транскрипция техникалық сипаттағы орындалуы қарапайым процесс болып көрінгенімен, оның мазмұндық кейбір мәселелері ғалымдар арасында әлі күнге дейін дау тудыруда. Транскрипция рекордтік жазбаларда айтылған сөздердің нақты көшірмесі болуы керек. Бірақ та, транскрипцияны нақты қалай жүзеге асыру қажет? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Кейбір айтылған тарихшылар транскрипция жасау кезінде рекордтік жазбадағы «мхм» немес «мм» сияқты ауызекі тұрмыстық сөздер грамматикалық сәйкессіздікке байланысты мәтінге түсірілмеуі тиіс деп есептейді. Екінші бір тарихшылар бұл транскрипцияда орын алған ауызекі сөздерді олардың әдеби нормаға түскен баламаларымен ауыстырып жазуды дұрыс деп есептеп жұмысты күрделендіруді жөн көреді. Ал үшіншілері болса, транскрипцияны сұхбат берушінің қолына беріп, қайтадан бір қарап шығып, қажет болған жағдайда, өңдеулеріне рұқсат беруге болады деген пікірді ұстануда. Мұндай өңдеуден өткен транскрипция түпнұсқа қатарына жатқызылмайды. Сұхбат мәтінінен орын алатын ауызекі формадағы «мхм» сияқты сөздер тағдырын шешу жолында әлі талай дау туындайтыны айқын. Өйткені, сөздер арасында орын алған кейбір үзілістердің өзі терең мағыналы болуы ықтимал. Терең демалумен қатар жүретін бұл мезеттік үзіліс респонденттің қайғысын сипаттауы мүмкін. Мұндай кезде, жай ғана [үзіліс] сегментін қою жеткілікті болмағандықтан қимылдық әрекетті толық сипаттауға жүгіну керек. Мәселен, «Мен ешқашан бұл күн туралы ойламаппын [бірнеше минут бойы үзіліс.

Көз жасын сүртіп, жымиды». Қазіргі заманғы ғылыми­зерттеу тәжірибесінде ғаламтордың кеңінен қолданысқа енгеніне қарамастан ғылымды дамытудың ақпараттық көзі, бұлағы ретінде кітап өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды, жазбаша мәтін әлі де зерттеушілердің ғылыми ойын анықтау құралы болып табылады. Яғни алынған деректер талдауын жеңілдету мақсатында транскрипция жасау қажеттілігі сезіледі. Өзекті қажеттілік болып қала бермек. Айтылған сөзді тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып түсіндіру және ауызша берілген ақпаратты жазбаша мәтінге айналдыру бұл іспен айналысатындар жауапкершіліктерін арттырмақ. Сондықтан, айтылған тарих бойынша жоба немесе ғылыми бағдарлама жетекшілері транкрипциялау ережелері мен ұстанымдарын сақтауға қажетті шаралар қолданып оған тиесілі уақыт мөлшерін жоспарлауға міндетті. Транскрипциялауға қойылатын талаптарды сипаттауды қорытындылай келе, аудио немесе бейне жазбалар күйінде сақталған айтылған тарих дерек көздерін мәтіндік қалыпқа айналдыру, яғни транскрипциялау үрдісі шешілмеген көптеген мәселелерді қамтиды деген пікірді ұстанатын ғалымдар қатарының бар екендігін айта кету қажет. Отандық тәжірибеде мұндай ұстанымдардың бой алуы айтылған тарих саласында жүзеге асырылатын жобалар мен ғылыми – зерттеу орындары қолданысқа енгізіп пайдаланып жүрген нұсқамалардың шетелдік тәжірибе негізінде жасалуымен байланысты. Әрине, жалпы айтылған тарих мәселесінде мұндай сипаттағы ұстаным орынды, бірақ транскрипциялау, мәтіндік рәсімдеу немесе мұрағаттау сияқты нақты құрылымдылықты талап ететін үрдістер халықаралық қабылданған стандарт негізінде рәсімделуге тиіс деген ұсыныспен қорытынды жасаймыз.

Читайте также:  АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЕВРАЗИЯШЫЛДЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫ

Тілдік барьер болғандықтан стандарт ережелерін аудару және оған дұрыс түсіндірме беру мақсатында қазақ тілінде бірыңғай қабылданған классикалық сипаттағы нұсқаушының керектігі сөзсіз. Қазақ тілінде транскрипциялау ережелерін (халықаралық стандарт үлгісінде) құжат түрінде бекітіп, ғылыми­анықтамалық материал мазмұнын анықтап алу керек. Осы негізде әр сұхбатты құжаттауда мәтіндегі қалыптасқан қысқартуларды, бейвербалды ақпаратты, атауларды, ауызекі сөздер мен сөз тіркестерін, диалектілерді кодтаудың белгілер жүйесі бір қалыпқа келтірілуі тиіс. Бұл әрбір айтылған тарихшылар ұжымына транскрипциялау ісінде қатаң түрде стандарт бойынша жүруді жүктейді деген сөз емес. Бұл бір ғасырға жуық шетелдік тәжірибе нәтижесінде қалыпқа түскен жүйелі құрылымның артықшылығын атап көрсету. Егер зерттеуші Қазақстанның әлеуметтік және мәдени өмір ерекшеліктеріне байланысты транскрипциялау ісіне өзгерістер енгізу қажеттігіне көз жеткізсе, онда, әрине ондай өзгертулерді енгізуіне болады. Жобаның қорытынды нәтижесі ретінде рекордтық жазбалар мен транскрипцияланған материалдар фотосуреттер, түрлі құжаттар көшірмелері және т.с.с. материалдармен бірге болашақ ұрпақ қолданысы үшін «Айтылған тарих» қоры, болмаса жергілікті мұрағат немесе кітапхана қорларына сақтауға тапсырылуы тиіс. Жоба материалдарын өзгелердің пайдалану игілігіне беру үшін алыстағы күндерді күту мақсат емес. Айтылған тарих материалдарын түрлі сипаттағы шағын көрмелер ұйымдастыру, білім беру және ғылыми зерттеу деректі фильмдерін жасау барысында сұхбаттардан алынған үзінділерді, рекордтік материалдарды қолданысқа енгізуге болады. Сонымен қатар ғаламтор кеңістігінен арнайы сайт ашып, транскрипцияланған мәтіндер мен рекордтық сұхбат материалдарын кез келген қызығушылық танытушыға қол жетімді ету мүмкіндігін пайдаланған жөн.

«Айтылған тарих» ғылыми – зерттеу жобасының нәтижесі ғылыми еңбек түрінде қабылданатындығы айқын болғанымен, оның ең басты ғылыми жетістігі қорытынды материалдарды мұрағаттау ісімен байланыстырылады. Қандай да бір тарихи оқиғаларға куәгерлік етуімен маңызды болып табылатын айтылған тарих дерек көздері мұрағатталу арқылы ғана қоғам игілігіне айналады. Ал мұрағат қорларында жатып, дерекке айналатын рекордтық және мәтіндік материалдар өз кезегінде айтылған тарихқа қатысты айтылып жүрген сыни көзқарастарға жауап ретінде тиімді аргумент болмақ. Айтылған тарихты зерттеу жүргізудің ғылыми әдісі ретінде қабылдауға қатысты түрлі пікірлер ұстанатын тарихшы ғалымдардың кейбір өкілдері мұрағаттық құжаттарды фактілік маңыздылығына байланысты бөліп көрсетулерін ескерсек, ендігі жағдайда олардың айтылған тарихқа деген көзқарасы өзгереді. Осы негізде айтылған тарих материалдарын мұрағаттау үрдісін ұйымдастыру ерекше маңызға ие. Өйткені, зерттеу жұмысының қорытынды нәтижесімен қоғамды таныстыру және сұхбат материалдарын болашақ ұрпақ үшін арнайы қорларда сақтау әлеуметтік маңызы бар шараға айналған. Айтылған деректерін мұрағаттау – құжаттарды қағаз және электронды түрінде мүмкіндігінше ұзақ мерзімге сақтау. Айтылған тарих саласында мұрағаттау сұхбат алу сияқты өте маңызды кезең болып табылады. Демек, айтылған тарих жобасы арқылы алынған материалдарды мұрағаттамау мәліметтерді әдейі жоюмен пара пар. Мұрағат айтылған тарих материалдарын сақтаумен қатар, оның қоғам үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді; құжаттанған дереккөзінің көпшілікке қолжетімді болуы «айтылған тарихтың» қоғам алдында беделін арттыра түспек. Айтылған тарихты ғылыми­зерттеу әдісі ретінде бағалауға қарсы пікірдегі тарихшы ғалымдар кейінгі кездері жаңа бағытты сапалы ғылыми­зерттеу құралы ретінде мойындай бастады. Материалдарды сақтау әрі халыққа қолжетімді ету – айтылған тарихтың ең негізгі міндеттерінің біріне айналды. Өйткені, қасықтап жинаған тарихи материалдар сақталмайтын болса, әурешілікке салынудың қажеті жоқ.

Читайте также:  Биік мансап туралы

Мұрағаттаудың мәні – келер болашақ үшін тарихи материалды және бейматериалды дүниелерді сақтауда. Айтылған тарихпен шұғылданушылар әдетте жоба нәтижесін көрмелер ұйымдастыру арқылы көпшілік назарына ұсынумен шектеледі. Мақсатты түрде болмаса да олар болашақта ғылыми­зерттеулер жүргізуде пайдалы мол тарихи құжаттардың негізін қалайды. Мәселен, біз сонау ортағасырлардан бері сақталып бізге жеткен құжаттарға тамсана қараймыз. Атаулы құжаттардың өткенді танып­білуімізге тигізер пайдасы зор. Сол сияқты, айтылған тарих материалдарының болашақ ұрпақтың қазіргі заманды тану талпынысы үшін таптырмас дереккөзіне айналары күмән тудырмайды. Мұрағат үшін ақпараттарды өңдеуге уақыты қаншалықты қысқа мерзім жұмсасақ – соншалықты пайдалы болмақ. Жобаны жүзеге асырушы ғалымдар өздерінің жұмыстарының қаншалықты құнды екендігін дер кезінде білмеуі де мүмкін. Алайда, алынған әңгімелер – сол салаға тікелей қатысты адамдар жайлы болғандықтан, бір қарағанда ұсақ мәселе болып көрінетін фактілердің кейін үлкен мәнге ие болуы әбден ықтимал.

Оставить комментарий