Сұхбат жүргізудің технологиясы мен әдістері

Сұхбат – гуманитарлық ғылымдар саласында көп қолданылатын әдістердің бірі. Мысалы экономикалық тақырыптағы сұхбатты – экономист, әлеуметтік мәселені – әлеуметтанушы, психологиялық зерттеу сұхбатын – психолог, тарихи тақырыптағы сұхбатты – кәсіби тарихшы ж.б. жүргізеді, яғни әрбір ғылымның өзіне тән зерттейтін саласы бар. Соған сәйкес сұхбат жүргізу әдістері де бірқатар спецификалық ерекшелігімен сипатталады. Сонымен, тарихи сұхбатты жүргізу көпшілік тарапынан мақұлданған стратегиялық құралдарды даярлаудан басталады: – сұхбат бағдарламасын (жоба бағдарламасы: ғылыми­зерттеу жобасының мақсат­міндетін анықтау, жоспарын құру ж.б) жасау; – сұрақтар тізімін құру; – респонденттерді анықтау; – сұхбат жүргізілетін орынды, уақытты белгілеу; –зерттеу жұмысының материалдық және техникалық құралдарын даярлау (респондент төлқұжаты (кесте №2­5), диктофон, фотоаппарат, видеокамера). Енді төменде осы ретпен әрбір зерттеу құралдарының даярлану әдістеріне шолу жасап көрейік. 1.Сұхбат бағдарламасы (немесе жоба бағдарламасы). Бағдарлама зерттеу жұмысының сәтті орындалуын қамтамасыз ететін негізгі құжат болып табылады. Ол жобаның нормативтік, методикалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық қызметін қатар атқарады. Айтылған тарих жанры жобасының уақыт және қаржылай шығыны зор. Сондықтан бағдарлама даярлауда зерттеушінің эрудиция мен кәсіби біліктілігі жоғары болуы қажет. Ол үшін тақырып аясында алдын­ала тыңғылықты ғылыми­теориялық (әдебиетпен танысу, деректтік және интернет материалдарымен жұмыс т.с.с.) даярлықтың жасалғаны дұрыс.

Сонымен бағдарламаны қалай даярлаймыз? Ең алдымен біз «нені?», «не үшін?», «қалай?» зерттейтінімізді білгеніміз жөн. Сондықтан бағдарламада бүкіл жоба жұмысын анықтайтын мынадай құрылымдағы элементтер орын алады: ­ зерттеу тақырыбын анықтау; ­ зерттеудің мақсаты мен міндеттерін қою; ­ зерттеудің негізгі ұғымдарын анықтау; ­ зерттеу болжамдарын ұсыну; ­ зерттеудің жоспарын құру; ­ зерттеуге ғылыми­теориялық анализ жасау; ­ зерттеу әдістері мен құралдарын анықтау; ­ зерттеу сұхбатын жүргізу; ­ алынған мәліметтерді өңдеу және интерпретациялау; ­ ғылыми зерттеу жұмысының есебін және қорытындысын даярлау. Міне, осындай компоненттерден тұратын бағдарлама даяр болған соң, екінші қадамға көшеміз. Ол сұрақтар тізімін жасау. Сұрақтар тізімін жасау. «Айтылған тарих» арқылы жаңа ақпараттарға қол жеткізудің негізгі кілті – сұрақ қоя білу өнерінде және мәдениетінде. Сол себепті тарихшы сұрақтарды кәсіби тұрғыдан қоя білуі қажет. Сұрақ даярлау – үлкен өнер. Тарихта сұрақ қоюды жоғары дәрежеде меңгерген екі ұлы тұлға болған екен. Оның бірі 2,5 мың жыл бұрын ақиқатты іздеген әйгілі Сократ болса, екіншісі ХХ ғасырда қоғамдық сананы зерттеу институтының және жоғары методикалық мәдениет нормаларының негізін қалаған Джордж Гэллап болыпты. Дж.Гэллап жөнінде орыс әлеуметтанушысы Докторов Б.З.: «Дж.Гэллап өз өмірінің басым бөлігін адамдарға сұрақтар қойып, түрлі тақырыптарда зерттеу ісін жүргізумен өткізген. Ол қоғамдық ойды мұқият сараптай білетін әлемдегі ең зейінді адам ретінде аты шықты. Оның қойған сұрақтары мен жазған мақалалары миллиондаған адамдардың күрделі жағдайлардан шығуына көмегі тиді» – дейді. Аталған екі есім әлеуметтік тақырыптардағы зерттеу жұмысының методологиясында үлкен із қалдырған. Сонымен сұрақ қоюдың негізгі ережелерін талдап көрейік.

Сұрақтарды белгілі бір классификациялық, типтік, жүйелілік шеңберіне сиғызу мүмкін емес. Өйткені қарама­қайшы сұрақтар, терең мағыналы сұрақтар, жауабы жоқ сұрақтар, кейбіреуі таңданыс тудыратын сұрақтар т.б. көптеген түрде кездеседі. Сондай­ақ, сұрақтар сипатына қарай философиялық, журналистикалық, тарихи, бағдарламалық болып та бөлінеді. Сондықтан ең маңыздысы зерттеу тақырыбы аясында қандай сұрақтардың қойылуы қажет екенін анықтап алған жөн. Жалпы, «қандай сұрақ қойсаң, сондай жауап аласың» деген сөз бар. Түсінікті, анық қойылған сұраққа толық жауап аласыз, ал түсініксіз, мағынасыз сұраққа ақпараты әлсіз жауап беріледі. Аталған тарауша сұхбат жүргізудің маңызды компоненті – сұрақтар тізімін құру және оны жеткізудің кейбір түрлері жөнінде болмақ. Сұрақтар тізімі жоба бағдарламасындағы жоспар аясынан туындайды. Жоспарға сәйкес құрастырылған сұрақтар типі, әсіресе сұхбат жүргізуді енді үйренушілер үшін аса тиімді. Ең тәжірибелі ғалымның өзі ғылыми баяндаманы тақырып­шаларға бөлу арқылы даярлайды. Өйткені ойды толық жеткізу үшін жоспар құрудың пайдасы зор. Сондықтан сұхбатқа бағдарламадағы жоспармен және соның негізінде құрастырылған сұрақтар тізімімен барған дұрыс. Кейбір әдістемелік құралдарда сұрақтар тізімінің орнына тақырыптар тізімін даярлау әдісі ұсынылады. Тақырыптар тізімін басшылыққа алу зерттеушінің сұхбат барысында жоспарлы жұмыс істеуін қаматамасыз етеді. Осы жерде айта кеткен жөн, тақырыптар тізімін респондентке алдын­ала беру, алдағы сұхбаттың сәтті шығуына да оң ықпал етеді. Бұл респондентке жадтағы әбден ескірген естеліктерін қайта жаңғыртып, жүйелі түрде баяндауы үшін пайдалы болмақ. Сондықтан зерттеу тақырыбының жан­жақты қырынан ашылуы үшін осындай алдын­ала даярлық жұмысының жасалынғаны дұрыс. Сұхбат процесі кіріспе, негізгі кезең, аяқталу кезеңі делінетін үш фазадан тұрады. Сондықтан әр кезеңге сәйкес сұрақтар тізімі құрылады. Әдетте бірінші фазада қойылатын сұрақтар респондентпен байланыс орнатуға арналады. Сұрақтар қысқа, негізді, сенімді болып шыққаны дұрыс.

Читайте также:  АЙҚЫНДАУДЫҢ КӨШПЕНДІЛЕР ПОЭТИКАСЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ

Сұхбат алушы алдымен өзін, зерттеуді ұйымдастырып отырған мекемені, содан соң, бірден зерттеу жұмысының мақсатын және бұл жұмыста таңдау нақ осы респондентке не үшін түскенін айтып түсіндіргені жөн. Респонденттің ашыла әңгіме айтуы үшін достық атмосфераны орнату қажет­ақ. «Ресми» байланыс орнағаннан кейін, әңгіме айтушыға бұл сұхбаттың қоғамдық маңызы бар екенін, соған сәйкес респондентті атсалысуға шақыратынын да айту артық болмайды. Мысалы: «Сәлеметсіз бе, апа! Мен Алматы қаласындағы Абай атындағы университетіненмін. Сонда «Айтылған тарих» деген ғылыми­зерттеу орталығында жұмыс істеймін. Біз өзіңіз сияқты үлкен кісілерден өмірбаяндық естелік жинап жүрміз. Сіздердің өмір жолдарыңыз жас ұрпаққа тарих ретінде жетуі қажет, өйткені совет заманы тарихи оқиғаға толы кезең болды. Кәмпеске, ұжымдастыру, ашаршылық, соғыс т.б. Сол кезеңдегі өмір туралы, куәгер ретінде өз аузыңыздан естігіміз келеді…, сұхбат беру арқылы болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлес қоссаңыз екен!». Осылай басталған сұхбаттардың бірінде 100 жасаған апалардың бірі «Е­е­е бәрін басынан бастап айт деп отырсың ғой шырағым. Жарайды тыңда, онда …», – деп мұрағаттан ешқашан кездестіре алмайтын жаңа әңгімелерден сыр шерткен болатын. Сонымен, алғашқы қатынас орнатуға бағытталған сұрақтар респонденттің проблемаға қызығушылығын, сұхбат беруге ынтасын оятудан басталмақ. Түрлі әлеуметтік категориядағы респонденттермен сұхбат жүргізгенде соған сәйкес интеллектуалдық, эстетикалық, мәдени дағдыларға да ие болуы (қарапайым, интеллигенция, бизнес саласындағы ж.б. адамдармен) маңызды рөл атқарады. Арадағы достық қатынас, жылы атмосфераны орната білу респонденттің өзіңізге деген сенімін арттырмақ, ал мұндай жағдайда сұхбат нәтижелі шығады. Әсіресе ең бастысы респондент әңгімесін барлық ықыласпен, зейінмен тыңдай білген дұрыс. Әдетте сұхбат жүргізу сырттан қарағанда екі адамның жәй әңгімелесіп отырғанына ұқсайды. Алайда тарих ғылымы саласынан жүргізілетін ғылыми­зерттеу сұхбаты үлкен кәсіби даярлықты қажет етеді.

Сұхбаттың алғашқы кезеңі осылайша жеңіл сұрақ қоюдан басталса, яғни, «Есіміңізді, туған жылыңызды айтсаңыз», «өзіңіз туып­өскен отбасы жайынан әңгімелесеңіз», «туған жеріңізді сипаттасаңыз» т.б., ал сұхбаттың екінші фазасында (негізгі) зерттеу тақырыбын ашатын күрделі сұрақтарға көшеміз. Бұл уақытта респондент әңгімені қызу, эмоциямен баяндай бастайды. Ал сұхбаттың соңғы кезеңінде немесе үшінші фазасында қорыту сұрақтары қойылады. Ал енді сұхбат барысында кездесуі мүмкін бірнеше сұрақтар типін талдап көрейік. Хронологиялық принцип бойынша қойылатын сұрақтар. Тарихи оқиғаны жан­жақты қырынан ашу үшін зерттеуші «тергеуші» сияқты сұрақтарды жиі қойғаны дұрыс. «Қашан? Қай жерде? Неге? Қалай?» деген сияқты. Немесе «ол неден басталды?», «басынан бастап айтып беріңізші!» делінетін сұрақтар респонденттердің оқиғаны мерзімдік ретпен баяндап беруіне жетелейді. Мерзімдік ретпен сұрақтар қою мәселені сабақтастықта қарауға жол ашады. Сол үшін қарастырғалы отырған проблеманың «оған дейін» және «одан кейін» болған жағдайлар жөнінде сұрақтар қоюы қажет. Хронологиялық сұрақтар тек жылдармен ғана емес, ай, күн, сағат тіпті минутпен өлшенуі мүмкін. Әсіресе респонденттен заман арнасындағы адамдардың күнделікті өмір тарихын зерттегенде аталған сұрақ типінің алар орны зор. Мысалы «сол жылдардағы бір күндік өміріңізді әңгімелеңізші» делінген жағдайда респондент тұрмысы, баспана, тағам, киім­кешек, еңбектегі тәртіп, мемлекет пен халық арасындағы жағдайды суреттейтін мәліметтерді детальды түрде баяндай бастайды. Мұндай ақпараттар расында советтік тарихтың екінші қырын керемет ашады. Еңбек күнделіктілігіне арналған зерттеу экспедициясында «жұмысқа сағат қаншада шығасыздар?» делінген сұраққа «қайдағы сағат, ол кезде сағат жоқ, қарағым, біз білмейміз, дала қараңғыда кете береміз. Күн шығып кетсе «прогул» болатынын білеміз. Сол себепті ертерек егістіктің басына жетіп аламыз. Ал кейбіреулер сонда қонып жата береді», – делінген жауап алдық.

Читайте также:  Билер сотының әлемдік маңызы

Енді «прогулдан неге қорқасыз?» делінетін тікелей қойылған сұраққа «онда сол күні аш қаламыз. Бір күндік еңбекақыңды өкімет бермей қояды», – деген нақты жауап айтты. Сондықтан тарихи сұхбатта мерзімдік ретпен қойылатын сұрақтар тақырыпты ашудың негізгі өзегі болмақ. Сұрақты суреттеп баяндауға жетелейтін түрде қоюға да болады. Мысалы: «Сіз байдың қызы болдыңыз. Қандай киімдеріңіз, әшекей бұйымдарыңыз болды, суреттеп беріңізші?» немесе «Алматының 30­ жылдардағы бейнесін суреттеп беріңізші?», «40­жылдардағы Сіз оқыған мектептің ішін суреттеп беріңізші», «Сіз өскен елді­мекен несімен ерекше, ауылды суреттеп беріңізші», «үйлеріңізде қандай заттар болды?» ж.б. Мұндай жағдайда респондент сол кезең өмірінің мәдени, әлеуметтік, экономикалық ахуалын қатар ашатын ақпараттар айтады. Тарихи тақырыптарда зерттеуші кейде алдын­ала даярланған сұрақтар маршрутынан, өзге бағытқа бұрылыс жасауы да ықтимал. Өйткені респондент ешқандай сұрақтарсыз­ақ, жаңа мәліметтерді айтатын сәт кездеседі. Жаңа ақпараттар жаңа сұрақтарды тудырады. Сол себепті дәл осындай уақытта құнды ақпараттарды жинап алмасаңыз, оның екінші мәрте реті келмей қалуы мүмкін. Биографиялық зерттеу жұмыстарында сұрақтар «тігінен» және «көлденеңінен» қиылысатын нақты құрылымдық матрицада даярланғаны жөн. Ақпарат айтушының жауабы да соған сәйкес өмірінің жан­жақты қырынан тереңдетілген сипатта өрбиді. Мысалы «Өз өміріңіз жөнінде баяндаңызшы!» делінетін ашық сұрақтардан кейін әңгімелесу көп жағдайда нарративтік сұхбатқа ұласады. Мұндай жағдайда зерттеуші әңгімені тек тыңдаумен шектелуі тиіс. Нақтылау сұрақтарын сұхбат соңында қояды. Оны естен шығарып алмау үшін қағазға белгілеп отыруы тиіс. Нақтылау сұрақтары мысалы, «Сіз әңгімеңізде «ырзуан» дегенді айттыңыз, ол не?» немесе «әткөшінік (откочевник) деп кімдерді айттыңыз?» т.б.с.с. Кәмпеске, репрессия, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдарды көзкөрген куәгерлер аталған жанрдағы сұхбаттың ең негізгі кейіпкері бола алады.

Олар айтқан ақпараттар өткен дәуірдің бейнесін қайта жаңғырта түскендей. Кеңестік биліктің қатаң үстемдігі қарапайым адамдардың естеліктерінде ресми құжаттарға қарағанда түпкілікті, жан­жақты көрсетілетінін байқаймыз. Сұхбатта адамның ішкі толқынысын көру, есту арқылы шынайы тарихты тануға болады немесе тарихқа «жан» бітіргендей әсер қалдырады. Әдетте биографиялық сұрақтар «Өзіңіз, туып­өскен орта, ата­анаңыз жөнінде айтыңызшы» делінгенде бұл ұзақ әңгімеге ұласып кетеді (2­3 сағат). Алайда бір кездесуден ел тарихымен тағдырлас қария ғұмырнамасын толық жазу мүмкін емес. Сондықтан биографиясы тарихи мәліметке бай респондентпен бірнеше рет кездескен жөн. Сөзшең, сұрақ қоюды қажет етпейтін респонденттер кездессе оларды тек тыңдай білген дұрыс. Сонымен қатар жетекші, нақтылау, мерзімдік делінетін сұрақтар қоюды қажет ететін респонттер де кездесуі мүмкін. Яғни тек жетелеп отыру арқылы алынатын сұхбат. Ондай жағдайда сұхбат алушыдан үлкен шеберлік қажет етіледі. Айтылған тарих жанры бойынша әдетте сұхбат биографиялық типте жүргізіледі. Заман, саяси­оқиға куәгері өз басынан өткізген жағдайларды баяндағанда әрине ғұмырнамасыз әңгіме айтпауы мүмкін емес. Әсіресе советтік қоғамнан шыққан, ескінің көзін көрген қариялардың балалық шағы жөніндегі әңгімелер ғылым үшін таптырмайтын деректер. 1912 жылы туылған Уәзиқа Арықбаева өз балалық шағы жөнінде баяндай отырып, болысты өлтіріп, ауылға қашып келген Тұрар Рысқұловтың әкесі туралы баяндады (Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941­1945 жж.) жобасы бойынша (Ғылыми­ көпшілік басылым /Қойгелдиев М.Қ. ж.б – Алматы: «Арыс» баспасы, 2015.582 б(287). Патшалық биліктің суық саясатынан сескенген ауыл тұрғындары Рысқұлды үйлеріне жолатпаса керек. Сонда Уәзиқа Арықбаеваның әкесі Нысанбай оны үйіне кіргізіп паналатқан көрінеді. Уәзиқа Арықбаева: « … сөйтіп мен ес біліп, бой жетіп қалғанымша Тұрар біздің үйге келіп тұрды», – дейді. Дәл сол сияқты ауқатты отбасының мүшесі, советтік репрессиядан, аштықтан отбасының он бес жанынан айрылған Мәрзия Ибрагимова (1918 ж.т.), отбасының тоғыз мүшесінен айрылған Райхан Шомаева (1915 ж.т.) қазақ қоғамының тарихына жаңа, тың деректер қосты (сол жобада)… Сұрақтар үлкен екі категорияға бөлінеді: ашық және жабық. Алғашқылары еркін сөйлеуге жол ашатындықтан демократиялық сипат алады деуге болады.

Читайте также:  Шарттар туралы жаратылыстық заң туралы

Мұндай сипаттағы сұрақтарға «Сіз қалай ойлайсыз…» делінгенде респондент өз ойымен бөліседі, яғни мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ашық сұрақтар қатарына жататын тағы бірер мысал келтірейік: «Құрметті профессор, латын тіліне көшу туралы Сіздің пікіріңіз қандай?», «Сізді бүгінде қандай тақырыптар ойландырады?», «Ғылымға қалай келдіңіз» т.б.с.с. Негізі мұндай ашық сұрақтардың артықшылығы да кемшілігі де бар. Артықшылығы – респонденттің ақтарыла сөйлеуіне жол ашса, кемшілігі респондент өз ойына ерік берген соң уақытты көп алып қоюы мүмкін, сосын көп жағдайда әңгіме жүйесіз, жаңсақ, шым­шытырық мазмұнда баяндалады. Алайда респондентпен қарым­қатынасты орнату үшін ашық сұрақтардың пайдасы зор. Ал жабық сұрақтар: «Махамбет өлеңдерін тілдік тұрғыдан зерттеушілер болды ма?», «бригадирлер қатал болды ма?», «Сіз қалай ойлайсыз, ғылымдағы жетістіктерді тәуелсіздік әкелді деуге бола ма?» делінген түрде болуы мүмкін. Егер байқасаңыз бұл сұрақтармен бірге оның жауабы айтылып қойды. Сондықтан респондент көп жағдайда оған қарсы ой айтуы мүмкін немесе «ия», «жоқ» деп қысқа қайыруы мүмкін. Жабық сұрақтардың артықшылығы: аз уақыт ішінде респонденттің көзқарасын анықтай аласыз, ал кемшілігі – диалогтың әрі қарайғы өрбуіне жол бермейді. Алайда мұндай сұрақтардан кейін көп сауалдар белгісіз күйде қалып қояды. Яғни түсініксіз болғандықтан тағы да бірқатар сұрақтар тізбегін тудырады. Сол себепті сұхбатта көп ақпараттар алу үшін ашық сұрақтардың қойылғаны дұрыс. Барлық ғұмырын соғыстан оралмаған жолдасына арнаған 100 жастағы Райхан анаға қойылған ашық сұрақтардың бірінде: «Майдангеріңізден қашан үмітіңізді үзген едіңіз?» дегенде «…қарағым, мен одан әлі үміт үзгенім жоқ. Әр жылдың 9 мамырында теледидарға қарап отырамын, маған Нәметқұл шыға келетін сияқты болады да тұрады. Үйдегілер «апа Сіз әлі де күтесіз бе?» дегенде, көзіме жас тығылып, көңілім босайды! Қайтейін, енді «қара қағазды көргенім жоқ қой!», – деді. Өткен ғасыр өмірінің санамыздан тым алшақтап бара жатуының себебі, көнекөз қарттарымыздың тікелей аузынан естелік алып, жазу ісін қолға алмаған кемшілігімізде болса керек. Айтылған тарихтың ерекшелігі сол, зерттеуші респондентпен бірге оқиға ішінде бірге жүргендей сезімде болады.

Оставить комментарий