Сәулет өнеріндегі коммуникация және тарих

Келешекте utilitas денотацияларына және басқа барлық жағдайлардағы «символдық» коннотацияларға қатысты қызметтер туралы айту, бұл соңғылары дәл сондай толық қанды қызмет еместей, біз үшін қиындай түсетін сияқты; сондықтан біз денотацияланған — біріншілік қызмет және коннотацияланатын екіншілік қызметтер туралы айтпақпыз. Бұл жерде (ол жоғарыда айтылғандардан туындайды) «біріншілік» және «екіншілік» деген сөздер бағалауыштық мағынадан айрылған, әңгіме қызметтердің қайсысы маңызды болуында емес, олардың семиотикалық механизм ішінде сәйкесуінде, өйткені екіншілік қызмет біріншілік қызметтің денотациясына негізделген (айталық, «әтеш» сөзіне қатысты «жалған ән салу» коннотациясы тек біріншілік денотация негізінде ғана болуы мүмкін). 1.1. Біріншілік және екіншілік қызметтердің өзара байланысын жақсы түсінуімізге септігін тигізетін, бір кезде қағазға түскен тарихи мысалды келтірейік. Сәулет өнері тарихшылары готика негізінде жатқан код туралы, әсіресе, жебе тәрізді маңдайша мен үшкірленген арканың құрылымдық маңызы туралы көптен бері дауласып келген. Үш негізгі болжам айтылды: 1) жебе тәрізді маңдайша салмақ түсетін құрылыстың қызметін атқарады және осы сәулет өнерінің принципі жасап тұрған ғажап тепе­тендік шіркеуді биік әрі сымбатты ғимарат ретінде ұстап тұр; 2) жебе тәрізді маңдайшада, солай көрінсе де салмақ түсетін құрылыс қызметі жоқ; салмақ түсетін құрылыс қызметін қабырғалар атқарады; 3) жебе тәрізді маңдайша құрылыс барысында салмақ түсетін құрылыстың қызметін уақытша атқарған, кейін бұл қызмет ғимараттың қабырғалары мен басқа элементтеріне ауысады, ал жебелі нефті, теориялық тұрғыда, алып тастауға болар еді. 38 Болжамдардың қайсысы дұрыс болса да, жебе тәрізді маңдайшаның, таза тепе­теңдік жүйесіне лайықталған салмақ көтеру қызметін белгілейтін дерегіне ешкім де күмән келтірмеген. Айтыс осы денотацияның референтіне қатысты: маңдайшада аталған қызмет бар ма жоқ па? Егер жоқ болса, жебе тәрізді нефтің коммуникативті мәні бәрі бір де көрініп тұрады, ал неф осы қызметті жүзеге асыру үшін емес, тек дәлелдеу үшін жасалған; өйткені, мысалы, ешқандай единороптар табиғатта болмаса да, «единорог» деген сөздің таңба болатынын жоққа шығаруға болмайды, ол туралы осы сөзді қолданушы білуі де мүмкін. 1.2. Дегенмен де жебе тәрізді нефтің қызметтік міндеті туралы айтысқан кезде, тарихшылар мен өнертанушылардың барлығы да готиканың негізіне алынған кодтың «символдық» мағынасын да (яғни, «собор» хабарының таңбалары екіншілік қызметтердің кешенін де белгілеп тұрады) мойындайды. Басқаша айтсақ, жебе тәрізді маңдайшаның немесе терезелері түрлі­түсті әйнектермен қапталған қабырғалардың бір нәрсені хабарлау үшін жасалғанын бәрі де жақсы білген. Ал олардың нені хабарлап тұратынын, әр кезде қайсыбір әлеуметтік топтың немесе дәуірдің мәдени конвенциялары мен мәдени мұрасына негізделген нақтылы коннотативті лексикодтар анықтап тұрған. Міне, готикалық собордың құрылысы кельт ормандарының көрінісін, демек, рим дәуірі алдында болған друидтардың жабайы, варварлық әлемін қайталап тұрады деген романтикалық және романтикалықтан бұрынғы түсініктердің мысалы осындай. Дегенмен де орта ғасырларда комментаторлар мен экзегеттердің (мәтінді түсіндірушілер) көпшілігі, егжей­тегжейлі жасалған кодтардың көмегімен әрбір жеке архитектуралық элементтің мағынасын барын салып анықтамақ болған, осыған байланысты жүз жылдан кейін «Собор» атты кітабында Гюисманс құрастырған тізімді оқырманның есіне салған жөн. 1.3. Сондай­ақ, біздің қолымызда кодты көркемдеуге талпыныс жасаған құжат бар, ол — XII ғасырда аббат Сюжер өзінің Liber de administratione sua gestis 39 атты кітабында берген собордың түсіндірмесі. Платониктерге еліктеген автор өлең мен проза арқылы жарықтың құдыретті мәні 40 бар деген дәстүрлі танымға сүйене отырып, неф қараңғылығына терезеден құйылған жарық (қабырғаларды жарық көп түсетіндей етіп салған) құдыретті шығармашылық қуатты белгілейді деп түсіндіреді. Сонымен, XII ғасырдың адамы үшін готикалық витраждар мен терезелер (жалпы, жарыққа шомылған нефтің бүкіл кеңістігі) техникалық мәні жағынан ортағасырлық платонизмдегі терминге жақын «қатыстылықты» таңбалаған деп сенімді түрде айтуға болады, бірақ готиканы түсіндірудің тарихы көрсеткендей, ғасырлар бойы бір ғана таңбалаушы, әртүрлі қосымша кодтардың болуынан, әртүрлі заттарды коннотациялап келген. 1.4. Керісінше, өткен ғасырда өнер тарихшылары кез келген код (көркем стиль, шығармашылық қолтаңба, «форма жасау тәсілі», олардың жеке көріністері қандай коннотацияларды жасайтынына қарамай) — қалыптасып, гүлденген кезінде табиғи бөлігі болған белгілі бір идеологияның көрінісі. Сондықтан бұрын қалыптасқан, «биікке ұмтылу = жанның Құдайға қарай көтерілуі» немесе «жартылай қараңғы неф ішіне түсетін жарық = мистицизм» сияқты коннотативті жүйелерге негізделетін готикалық стиль діншілдікке теңестіріледі. Осы тәрізді коннотациялардың тамыр жайғаны соншалықты, бүгінгі таңда да пропорциялары келіскен әрі үйлесімді грек храмы басқа лексикод бойынша жанның Құдайға көтерілуін немесе Авраамның тау басында құрбан шалуы мистикалық сезімдерді оятатынын еске түсіру үшін, біраз күш жұмсау қажет. Бұл, әрине, уақыт өткен сайын, коннотативті лексикодтардың басқалармен араласуын және жарықтың ойнақшуы, түптеп келгенде, жанның мистикалық жағдайына сәйкес келетінін жоққа шығармайды. Нью­Йорк сияқты мегаполисте стилі мен «тілі» құдыреттің болуын жеткізіп тұруы тиіс неоготикалық шіркеулердің көптеп кездесетіні белгілі. Бүгінгі таңда да конвенция әлі өзекті, соның арқасында дінге сенушілер сол баяғы мәнді көре алады, бірақ айналасында қаптаған биік ғимараттар, кішкентай болып көрінетін шіркеулердің жоғары ұмтылған тік сызықтарын дұрыс қабылдауға кедергі келтіріп тұрады. Ешқандай түсіндіруге келмейтін, формалардың табиғатында жасырынған­мыс «экспрессивті» мағыналардың болмайтынын түсіну үшін, осы мысалдың өзі жеткілікті, бірақ экспрессивтілік таңбалаушылар мен түсіндіру кодтарының өзара әрекетінен пайда болады, басқаша болған жағдайда, енді жоғарыға ұмтылмай тұрған Нью­Йорктың готикалық шіркеулері ешқандай нәрсені таңбалап тұрмаған болар еді, ал шын мәнінде, олар бүгінге дейін діни ұмтылысты жеткізіп тұр, өйткені биік ғимараттардың болуынан туындайтын жаңа контекске қарамастан, олар тік сызықтарды көруге мүмкіндік беретін кодтар арқылы «оқылып тұрады». 2. Сәулет өнерінің таңбалаушылары және тарих II. 1. Екіншілік қызметтер тарихи процестің барысында өзгеріп жатқан кезде, өздерінің табиғатына сай сәулет өнеріндегі таңбалаушылар біріншілік тұрақты қызметті таңбалап тұруы тиіс деп ойлау қате. Жебе тәрізді маңдайша туралы мысал біріншілік қызмет, денотацияланатын және нақтылы орындалатын қызметтер сай келмеуінен қызық өзгерістерге ұшырайтынын және уақыт өткен сайын, кейбір біріншілік қызметтер кодты итермеген адресат алдында қандай да бір нақтылы маңыздылығын жоғалтатынын көрсетіп берді. Сондықтан тарих барысында біріншілік және екіншілік қызметтер әртүрлі өзгерістерге ұшырап, жоғалуы не қайта қалпына келуі мүмкін, бұл формалар тіршілігін ерекшелендіріп тұрса, өнер туындыларының қабылдануында қарапайым нәрсе саналады. Әсіресе бұл қоғамдық сала, өз қызметі туралы нақты хабарлап тұратын қызметтік нысандармен айналысады деп ойлайтын сәулет өнерінде айқын көрінетін жайт. Мұндай пікірді жоққа шығару үшін, кең тараған (таралуы соншалықты, тіпті оған сену де қиын, бірақ өтірік болса да, ол шындыққа жақын өтірік) мойнындағы қоңыраулы сағаттың хронометр екенін білмей, әшекейлі зат (қазіргі кезде оны біз кинетикалық кулон деуші едік) деп ойлап, асынып жүрген жабайы адам туралы қалжыңды мысалға келтіруге болады, өйткені уақытты өлшеу идеясы, уақыт ұғымы, «сағаттар уақыты» (Бергсон) сияқтылар кодификацияның өнімдері болып табылады және белгілі бір кодтан тыс тұрғанда оларда мән болмайды. Уақыт пен кеңістік аралығында тұтыну нысандарының типтік модификациясының бірі — біріншілік қызметтердің екіншілік қызметтерге немесе керісінше тоқтаусыз ауысып отыруы. Толығымен болмаса да, осындай жағдайлардың болуы мүмкін жіктелімді анықтап көрейік. ІІ.2. Әртүрлі тарихи дәуірлерде және әртүрлі әлеуметтік топтарда қайсыбір тұтыну нысаны әрқалай түсінілуі мүмкін: 1. А) Біріншілік қызмет мәнін жоғалтады. Ә) Екіншілік қызметтер белгілі бір мөлшерде ғана сақталады. (Бұл қазір табынатын ғимарат саналмайтын Парфенонға қатысты жағдай, мұндағы символикалық коннотациялардың біразы ежелгі гректер дүниетанымы бәріне аян болғандықтан, сақталып қалған). 2. А) Біріншілік қызмет сақталады. Ә) Екіншілік қызметтер жоғалады. (Ескі кресло немесе шам өздерінің бастапқы кодынан алынып, басқа контекске енгізілгенде — мысалы, шаруаның шамы қалалық пәтерде — және өзінің тікелей қызметін сақтап қалғанда — өйткені оларды отыру немесе жарық түсіру үшін пайдалануға болады). 3. А) Біріншілік қызмет жоғалады. Ә) Екіншілік қызмет толығымен жоғалады. Б) Екіншілік қызметтер байытылған субкодтармен алмастырылады. (Тіптік мысал — пирамидалар. Қазіргі кезде олар патшалардың бейіті ретінде қабылданбайды, бірақ ежелгі мысырлықтар үшін пирамидалардың нақтылы коннотативті маңыздылығын едәуір мөлшерде анықтап тұрған символикалық астрологиялық­геометриялық код та жоғалып барады. Оның есесіне пирамидалар Наполеонның жалықтырған «қырық ғасырынан» бастап маңыздылығы әртүрлі әдеби коннотацияларға дейін көптеген затты таңбалар тұр). 4. А) Біріншілік қызмет екіншілікке өзгереді. (Бұл ready made жағдайы: өзінің бұрынғы қызметін мысқылдап таңбалау үшін тұтынатын зат, тамашалайтын затқа айналады. Мысалға Лихтенштейннің үлкейтілген комиксін алайық: жылап тұрған әйелдің суреті енді жылаған әйелді бейнелемейді, ол «комикстен алынған суретті» таңбалайды, сондай­ақ ол «комикстегі әйелдер сияқты жылап тұрған әйелді» бейнелейді). 5. А) Біріншілік қызмет жоғалады. Ә) Басқа біріншілік қызмет қалыптасады. Б) Қосымша мағыналардың реңі бар байытылған субкодтардың әсері болғандықтан, екіншілік қызметтер өзгереді. (Мысалы, газет салынатын тал бесік. Тал бесіктің сәнді болуына байланысты коннотациялар, экзотикаға, халық өнеріне жақындау мәнін білдіретін басқа коннотацияларға ауысып, қазіргі өнердегі кейбір үрдістерді еске түсіреді). 6. А) Біріншілік қызметтер ол бастан­ақ түсініксіз. Ә) Екіншілік қызметтердің көрінісі бұлдыр және олар өзгеруі мүмкін. (Мысалға Бразилиадағы Үш билік алаңын келтіруге болады. Екі Палата амфитеатрының шығыңқы және батыңқы формалары, орталық ғимараттың вертикалі тікелей ешқандай белгілі бір қызметті көрсетпейді — амфитеатрлар мүсіндерге көбірек ұқсайды және ештеңемен ассоциация туғызбайды. Қала тұрғындары, Палатаның бағыңқы формасы, халық қалаулыларының халықтың ақшасын жеуге арналған орасан зор ыдысының символы деп бірден шешкен). 3. Формаларды тұтыну және қайта жасау III.1. Тұрақты формалар мен тарих динамикасының күрделі өзара қатынасы — құрылымдар мен нақтылы оқиғалардың, таңбалаушы формалар ретінде сипатталып, физикалық түрде бекіген конфигурациялардың және осы формаларға жаңа мағына үстеп тұратын өзгермелі процестердің де күрделі өзара қатынасы. Осылардың арқасында формалардың тұтыну және эстетикалық құндылықтардың көнеру феномені болатыны түсінікті. 41 Сондай­ақ, оқиғалар бірінен соң бірі, бас айналардай жылдамдықпен өтетін замандағы техникалық өрлеу, әлеуметтік жылысу және бұқаралық ақпарат құралдарының таралуы кодтардың өте жылдам әрі терең өзгеруіне ықпал етеді, бұл құбылыс барлық жерге кірігіп, барлығын қамтиды. Міне, сондықтан да өткен замандарда да тап осылай болғанына қарамастан және формаларды тұтыну коммуникацияның табиғатынан бастау алғандықтан тек біздің ғасырда ғана оның теориялық мәні зерттеле бастайды. Жоғарыда сипатталған форманы жасау механикасы, тұтыну шарттары мәндерінің қайта жасалуының және қайта өзгеруінің де шарттары болатынын дәлелдей алады. III.2. Кодтар идеологиялық астарымен қоса алғанда, бұрын ешқашан дәл бүгінгідей жылдамдықпен игерілмегендіктен, қазіргі кезең формаларды тез тұтынатын кезең болып көрінуі мүмкін, шын мәнінде, қазіргі заманның парадоксы — формалар ескірген болып көрінсе де сақталып, естімеген жылдамдықпен қайта қалпына келетін тарихи кезеңде өмір сүруіміз. Біз, филология заманында өмір сүріп отырмыз, өзіне тән кез келген мәдениетті тарихи әрі шартты қабылдау қасиеті арқылы ол кез келгенді филолог болуға мәжбүр етеді. Мысалы, либералды идеяның әйгілі көрінуі, оншақты жыл ішінде хабар тұтынушылардың тұтынудан қалған форманың астарында дәмі таусылған идеологияны тану үшін және белгілі бір мәдениет жасаған нысанды түсіндіру қажеттілігі туындаған кезде, оларға жан бітіру үшін қажет кодтарды іздеу машығына байланысты. Жоғалған формалардың қазіргі тұтынушысы хабардың оқылуына бейімделе бастайды, өйткені оны кезінде оқылғандай жеңіл оқи алмайды, сондықтан оған дәл келетін кілтті іздеп табуға мәжбүр болады. Оның мәдени сауаты сәйкес келетін филологиялық кодтарды іздеуге, оларды қайта қалпына келтіруге итермелейді, бірақ оларды қалай болса солай қолдану әрекеттерінен көбінесе мағыналық шу пайда болады. Егер бұрын коммуникативті жүйелердің (риторикалық құрылымдардың) дамуы мен өшуі синусоида бойымен жүзеге асса (сол үшін рационалистік ХVІІІ ғасырдың оқырманы Дантені білмеді), біздің заманымызда ол спиральдің бойымен жүзеге асады, өйткені кез келген жаңалық оқылу мүмкіндігін кеңейтіп, оларды байытады. Және Art Nouveau эстетикасын қарастыру ғасырдың басындағы буржуазиялық идеологияға және кодтарға ғана арқа сүйемейді, сондай­ақ біздің заманға тән кодтар мен пікірлерді (кодтарды байытатын) пайдаланады, ал бұлар болса, антиквариат заттарын өткеннің рухын ұғынумен қоса, бүгінгінің коннотацияларын да ескере отырып, басқа контекске енгізуге мүмкіндік береді. Бұл — формалар мен шынайы контекстердің қайта оралу және қайта жасалу саналатын қиын әрі тәуекелді әрекет. Леви Строе семантикалық кірігу деп анықтаған сол баяғы сюрреалистік ready made мәні, поп­арт техникасы сияқты, таңбаның контекстен айырылуын, бастапқы контестен шығып, басқа мағыналарды үстейтін жаңа контекске енуін білдіреді. Бірақ, сонымен бірге, мұндай жаңару бұрынғы мағыналардың сақталуы мен жаңадан танылуы болып есептеледі. Дәл солай Лихтенштейн де комикстің бейнелеріне жаңа мағына үстегенде, комикстердің аңғал оқырмандарына үйреншікті бұрынғы денотациялар мен коннотацияларды қалпына келтіреді. ІІІ.3. Бұл жерде филология мен бірлескен шығармашылықтың симбиозы тек оң нәтиже беретініне ешқандай кепіл жоқ. Өйткені бұдан ертеректе ғалымдар бұрынғы риторикалар мен идеологияларды филологиялық студиялар мен семантикалық кірігуден жасалған дәрі­ дәрмекпен тірілткен болатын. XII ғасырда каролингтер мен схоластика заманында антикалықты ашқан ренессанстық гуманизм және ерте гуманизмнің реттелмеген әрі еркіндікке құштар өскіндері дәл осындай емес пе? Ол кезде бұрынғы кодтар мен идеологиялардың жаңадан ашылуы, сол заман риторикаларының ұзақ мерзімге толық қайта жасалуына себеп болған. Ал қазіргі кезде осы тектес жаңалықтар мен қайта саралаудың энергиясы мәдени негіздерді қамтымай, үстірт жұмсалады, бірақ жаңалыққа деген құштарлықтың өзі, еркін нарық пен мәдени құндылықтардың тұрақты алмасу идеологиясына сүйенетін, мықты тұлғаланған қайсыбір риторикалық техниканың жасалуына жетелейді.

Читайте также:  Тіл құдіреті туралы

Оставить комментарий