Сәулет өнеріндегі таңба және коммуникация

Егер семиология тек таңбалық жүйелер туралы ғана ғылым болмай, сонымен қатар, мәдениеттің барлық феномендерін, шын мәнінде, мәдениеттің барлық құбылыстары болмысынан таңбалар жүйесі және сондықтан мәдениет, негізінен, коммуникация деген болжамға негізделіп, оларды таңбалар жүйесі болатындай зерттеген болса, онда семиологияны уақыт пен өмір талап ететін саланың бірі — сәулет өнері болып шығады. Бұдан былай біз «сәулет өнері» терминін сәулет өнерін, яғни сөздің өзіндік мағынасында, қала салуды жоспарлауды және дизайнды белгілеу үшін қолданамыз. Нақты үш өлшемдік кеңістіктегі ортақ өмір сүрудің қайсыбір қызметін бейімдеуді көздейтін кез келген жобалау түрі мен модификациясына біздің жасаған анықтамаларымызды қолдану мәселесін әзірше ашық қалдырамыз (бұл қоғамдағы әлеуметтік идентификация мен бейімделу тәсілі ретінде киім үлгісін жасауды; кулинарлық жоспарлауды тағам әзірлеу мағынасында емес, әлеуметтік маңызы бар және мерекелік дастархандардың мәзірі сияқты және т.с.с. символикалық коннотацияларды иеленетін белгілі бір контекстерді ұйымдастыруды қамтитын анықтама; бірақ, ол керісінше, тұтыну үшін емес, ең әуелі, тамашалау үшін жасалған үш өлшемді нысандарды, мысалы, бейнелеу өнерінің туындылары немесе театрлық қойылымдар, қамтымайды, есесіне оған қойлымның басқа аспектілерінен ерекше инструментальды сипаттағы сценография кіреді. 1.2. Бірақ неге нақ осы сәулет өнері семиологияға қарсы шығады? Өйткені, сәулет өнерінің құрылыстары ештеңе хабарламайтын сияқты, қалай болғанда да, олар өздерінің қажетін өтеу үшін ойлап табылады. Ыстақанның қызметі ішімдікті сыйдыру болатындай, баспаның басты міндеті пана екендігіне ешкім де күмәнданбайды. Бұл пікірдің соншалықты даусыз әрі қарапайым болуынан және заттар орындайтын қызметі арқылы өздерін еш қиындықсыз сипаттауынан, бұл жерде қалай да коммуникацияны табуды мақсат ету бір түрлі көрінеді. Сондықтан егер семиология мәдениеттің әртүрлі текті құбылыстардың кілтін тапқысы келсе, оның алдында тұрған ең бірінші және ең басты мәселе — қызметтің коммуникация тұрғысынан талдауға көнуі, сондай­ақ қызметті коммуникация тұрғысынан қарастыру, олардың функция ретіндегі мәнін және қызметтің басқа да, функционалды талдауда көрінбейтін маңызды қырларын ашу мүмкіндігі. 30 2. Коммуникация ретіндегі сәулет өнері II.1. Сәулет өнерімен қатынасымызды қарапайым түрде қарастырсақ, ол бізді функционалдықты жоққа шығармайтын коммуникация актісін жасайтынымзға сендіреді. Тас дәуірі адамының, біздіңше сәулет өнері сол дәуірден басталады, көзқарас тұрғысынан қарап көрелік. Осы «бірінші», Виконың айтуынша «тұрпайы әрі қаһарлы» адам, суық пен жаңбырдан қашып, өзін­өзі сақтаудың көмескі инстинктіне бағынып, олардан үлгі алып құз бен тасты жағалап, үңгірге тығылады. Жел мен жаңбырдан құтылған соң, күн сәулесі түскенде немесе оттың әлсіз жарығында (егер ол осы отты пайдалануды білсе) біздің арғы бабамыз оған пана болатын үңгірді тамашалауға кіріседі. Ол сырттағы жаңбыры құйып, желі ысқырған әлеммен салыстыра отырып, үңгірдің көлемін шамалай бастайды, сыртқы кеңістікті және анасының құрсағында жатқан кезін еске түсіретін, қорғалған сезімді туғызатын, өзгермелі көлеңкелері және қараңғыдан әрең құтқаратын жарығы бар ішкі кеңістікті ажырата бастайды. Қолайсыз ауа райы басылғанда, ол үңгірден шығып, оны сыртынан зерттей бастайды, кіретін жердегі «ішке кіруге болатын тесікті» байқағанда, көз алдына іштегі кеңістік, үңгірдің төбесі, үңгірдің қапталы келді. Осылайша «үңгір» идеясы, жаңбыр жауған кездегі еске түсетін нәрсе (жауыннан тығылатын жер), деген идея қалыптасады, ал бұл идея кез келген үңгірге, алғашқы үңгірде ашылған мүмкіндіктерді пайдалануға болатын жер ретінде қарауға себеп болды. Екінші үңгірмен танысу нәтижесінде, нақты үңгір туралы түсінік жалпы үңгір туралы түсінікке ауыса бастайды. Үлгі пайда болады, нақты өмір сүрмесе де, қайсыбір құбылыстар жиынтығындағы «үңгірді» ажыратуды мүмкін ететін құрылым жасалады. Үлгі (немесе ұғым) алыстан­ақ бөтен үңгірді де, сондай­ақ адам паналамайтын үңгірді де тануға мүмкіндік береді. Адамның байқауынша үңгір әртүрлі болып көрінеді, бірақ бұл жердегі әңгіме, әрқашан абстрактылы танылатын, яғни егер әлеуметтік деңгейде болмаса да, жеке оны жасайтын және соның көмегімен өзімен­өзі қатынас жасайтын жеке адамның басында кодификациядан өткен үлгінің нақтылы жүзеге асуында болып отыр. Бұл сатыда графикалық таңбалардың көмегімен басқа адамдарға үңгірдің үлгісін жеткізу қиынға соқпайды. Иконикалық кодты архитектуралық код туғызып тұр, және «үңгір үлгісі» коммуникативті алмасудың затына айналады. Сонымен, үңгірдің суреті немесе үңгірге шамамен ұқсаған бейне оны пайдалану мүмкіндігі туралы хабарды жеткізіп тұрады, бұл хабар, үңгірді іс жүзінде пайдалана ма, жоқ па, оған тәуелсіз күйде қала береді. ІІ.2. Бұл жерде Р.Барт «қоғам пайда болған сәттен бастап, қайсыбір нәрсені қолдану, сол қолданудың таңбасына айналады» деп жазып кеткен нәрсесі қылаң береді. 31 Ауызға тамақты апару үшін қасықты пайдалану, басқаны былай қойғанда, соған лайықты құралдың көмегімен қандай да бір қызметті жүзеге асыру деген сөз, бірақ аталған құралдың осы қызметті жүзеге асыруға жол береді деп айту, құралдың өзінің коммуникативті қызметін белгілеу болып шығады, — құрал өзі орындайтын қызмет туралы хабарлап тұрады; ал біреудің қасықты қолдану фактісі, қоғам үшін, тамақ ішудің басқа тәсілдерінен, яғни қолымен жеуден немесе кез келген ыдыстан қолсыз жеуден бөлек, осы құралды қалай қолдануға болатының жеткізіп тұрған хабарға айналады. Қасық тамақ ішудің белгілі бір машықтарын негіздеп, дамытады және аталған тамақ ішу әдісін таңбалайды, ал үңгір болса, пананы іздеп табуды негіздеп, оны пана ретінде пайдалануға болатын хабарды жеткізіп тұрады. Және қасық та, үңгір де өздері туралы, пайдаланылуына не пайдаланылмауына қарамастан, хабар беріп тұрады. 3. Стимул және коммуникация ІІІ.1. Біздің коммуникация деп жүргеніміз қайсыбір ынталандырулар жиынтығы, стимуляция емес пе дегенді анықтау қажет болады. Стимул — қандай да бір реакция туғызатын сезімдердің жиынтығы. Реакция тікелей (көзді шағылыстыратын жарық түскенде мен көзді жұмып қаламын; стимул әлі қабылдау емес, онда интеллекттің қызметі болмайды, өйткені ол моторлық реакция) немесе жанама болуы мүмкін: мен жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан автокөлікті көріп, жолдың бір шетіне қашамын. Бірақ іс жүзінде қабылдау жұмыс істей бастағанда (мен автомобильдің пайда болғанын қабылдаймын, оның жылдамдығын, арамыздағы қашықтықты, тоқтамай жүре беретін болсам, мені қағатын жерді шамалаймын), қарапайым стимул­реакциядан интеллектуалды операцияға қарай өту орын алады, онда таңбалау процестері көрініс табады: шын мәнінде, автокөліктің қауіпті болуы, оның «жоғары жылдамдығы бар автокөлік» деген таңба ретінде қабылдануына және мен өз тәжірибем арқылы түсінетін таңбаның (маған ол қарсы жүріп келе жатқан көлік белгілі бір жылдамдыққа жеткенде қауіпті болады дегенді айтады) болуына байланысты. Ал екініші жағынан, егер мен жүріп келе жатқан автокөлікті жолдағы шу арқылы танитын болсам, ондай шуды индекс ретінде анықтау қажет, және Пирстің өзі индекстерді нысанға ойланбай назар аудартатын және кодтар мен коммуникативті конвенциялардың негізінде қызмет атқаратын таңбаларға жатқызған болатын. Сонымен қатар, таңбалар ретінде түсіндіруге келмейтін стимулдар болады; басыма құлаған кірпіш — егер мен естен танып қалмасам — бірқатар әрекет жасауға мені итермелейді (мен басымды ұстаймын, айғайлаймын, лағынет айтамын, басыма тағы бір нәрсе түспесін деп қашамын), бірақ мен үстіме не құлағанын білмеймін; демек, бұл таңба болып саналмайтын стимул. Сәулет өнерінде мұндай стимулдардың мысалдары тағы бар ма? ІІІ.2. Әрине, қандай да бір басқыш маған міндетті стимул ретінде әсер етеді: егер оны қолдану керек болса, мен олай істегім келмесе де, кезек­кезек аяғымды көтеруге мәжбүр боламын. Мен қараңғыда бірінші сатыны көрмей, сүрінген жағдай да, басқыш жоғары көтерілуге итермелейді. Екінші жағынан, екі нәрсені естен шығармаған жөн: біріншіден, басқышпен көтерілу үшін, мен басқыштың не екенін алдын ала білуім қажет. Басқышпен көтерілуді үйренеді, сондықтан стимулды қабылдауға үйренеді, өйтпегенде стимул ешнәрсені ынталандырмаған болар еді. Екіншіден, басқыштың мені көтерілуге (бір көлбеу деңгейден екінші көлбеу деңгейге өтуге) ынталандыратының ұғынғанда ғана, мен оны осылай пайдалануға мүмкін болатынын мойындаймын және оның осы қызметін есімде сақтап қаламын. Басқыштың басқыш екенін танып, оны «басқыштар» қатарына жатқызған сәттен бастап, маған кездескен кез келген басқыш өз қызметі жайлы егжей­тегжейлі жеткізіп тұрады, сондықтан ондай басқышпен (мәрмәр басқыш, винт тәрізді басқыш, тік басқыш, өрт болғанда қолданылатын басқыш) көтерілудің қиын немесе жеңіл болатынын мен алдын ала біліп тұрамын. ІІІ.3. Осы мәнде сәулет өнерінің мүмкіндіктері (өту, кіру, тоқтау, көтерілу, отыру, терезеден қарау, сүйену және т.б.), тек қызмет қана емес, сондай­ақ, олар белгілі бір жүріс­ тұрысқа лайықталған сәйкес мағыналар да. Мұнын растығын trompel’oeil («алдау») болған жағдайда, соған лайықты іс­әрекетпен жауап беруге мен дайынмын, бірақ олай болу мүмкін емес. Егер оларды стимул ретінде танымасам (олар басқа стимуляциядан көрінбей тұрса, мысалы дауылдан қорғайтын подвал), мен сәулет өнерінің кейбір қызметін (функциялық қасиеттерін) түсінбеуім мүмкін, бірақ ол коммуникация тұрғысынан алғанда олардың тиімділігін бағалауға кедергі жасамайды (қауіпсіздіктің, бос орынның болуы және т.б. мағынасында).

Читайте также:  Герман әкімшілік әділет жүйесіндегі судьялар мәртебесі

Оставить комментарий