Сәулет өнерінің кодтары туралы

Сәулет өнерінің кодтары дегеніміз не? Денотаты және коннотациялары бар сәулет өнерінің таңбасы, сәулет өнері кодтары және олардың тарихи «оқылу» мүмкіндігі, өзгеруге қабілеті бар біріншілік пен болжауға келмейтін кодтарға ашық тұратын екіншілік қызметтерді жобалау мақсатын қойған сәулетшінің коммуникация тәлкегіне және әртүрлі оқылуға байланысты болатын әрекеттері… Осы аталғандардың бәрі бізден сәулет өнеріндегі кодтың не екенін білуімізді талап етеді. Біз сөз коммуникациясын қарастырғанда бәрі түсінікті еді: тіл­код және белгілі бір коннотативті лексикодтар болады. Біз көрінетін кодтарды қарастырғанда, бізге иконикалылықтан бастап, иконологикалыққа дейінгі кодификацияның деңгейлерін межелеуге тура келген еді, бірақ ол үшін код түсінігіне және олар қамтитын коммуникация типтеріне бірқатар анықтаулар енгізу қажет болды. Сондай­ақ, біз қайсыбір кодтың артикуляция элементтері аналитикалыққа жақын кодтың синтагмалары немесе қайсыбір кодтың синтагмалары синтетикалыққа жақын кодтың бірінші не екінші мүшеленуінің элементтері болуы мүмкін деген іргелі қорытындыға келдік. Архитектуралық кодтар әңгіме болғанда, осының бәрі ескерілуі тиіс, өйткені бұлай болмаған жағдайда біз сәулет өнері кодына, аналитикалық кодтарға тон артикуляцияны телуіміз мүмкін. 1.2. Анықталған архитектуралық кодтарды қайта қарастырып, сәулет өнерімен коммуникация тұрғысынан айналысқан адам, міндетті түрде, әңгіме болып отырған кодтар синтетикалық па әлде семантикалық па деген сұрақ қояды, басқаша айтқанда, әңгіме олармен сәйкесуі мүмкін таңбаланушыларға тәуелсіз таңбалаушылардың артикуляциялық ережелері туралы ма, әлде сәйкесетін таңбаланушылары анықталып қойған таңбалаушылардың белгілі бір құрылымының артикуляция ережелері туралы ма? Сондай­ақ, «архитектура семантикасы» тәрізді тіркестер кейбіреулерді архитектуралық таңбадан, нақты мағынасы бар, яғни қайсыбір референтке сәйкес келетін сөйлеу тіліндегі сөзге барабар нәрсені іздеуге итермелейді, ал бізге мәлім болғандай, код синтаксистік артикуляцияның (көрініс) ережелерін ғана анықтай алады. Сонымен, сәулет өнерінің таза синтаксистік кодификацияға жол беруін анықтау қажет болады (ол қызметі көмескі, мысалы менгир, дольмен, Стоунхедж және с.с. нысандарды сипаттау үшін қажет). 1.3. Сонымен, сәулет өнерінде біз оқылу (және құрылыс) кодтарын жобаның оқылу және жасалу кодтарынан бөлек қараймыз және бұл жерде біз архитектуралық жобаның емес, архитектура нысанының оқылу ережелерімен айналысамыз. Шынында да, нысанды түсіндіру ережелері жасалған соң, қайсыбір тілдің жазылуының конвенционалды ережелері саналатындықтан, олардан жобаны бекіту ережелері туындайды (дәл осылай фонемалар мен монемалар сияқты сөз элементтерінің жазбаша бекітілу ережелері негізінде сөйлеу тілінің дыбыстық таңбасы [транскрипциясы] жасалады). Бұл жоба семиологиясы ешқандай қызығушылық туғызбайды деген сөз емес, өйткені жоба әртүрлі жазу жүйесін қолданады (ғимараттың жобасы мен оның кесілген түрі әртүрлі кодтармен белгіленеді 43 ), сондай­ақ, осы әртүрлі жазу жүйелерінде бір мезетте иконикалық таңбалар, диаграммалар, индекстер, символдар, квалисигнумдар, синсигнумдар және т.б., яғни Пирстың таңбалар жіктемесі түгел кездеседі. 1.4. Сәулет өнерінің кодтары туралы әңгіме болғанда, бәрінен бұрын типологиялық кодтар (таза семантикалық) туралы айтылып, архитектурада өзінің маңызын ашық көрсететін конфигурациялардың: шіркеудің, вокзалдың және т.б. кездесетініне назар аударылады. Типологиялық кодтар туралы әңгіме әлі алда, сонда да олар пайдаланылатын кодификациялар жүйелерінің бірі екені және ең айқын көрінетіні анық болады. 1.5. Ашық түрде тарихиланған осындай кодтан алшақ болуға талпынған кезде (шіркеудің архитектуралық бейнесі нақтылы тарихи дәуірде нақтылы сипатқа ие болатыны белгілі), біз архитектураның базалық бөліктерін, оның «екінші мүшелену» фигураларын Евклид геометриясының элементтерінен іздеуге мәжбүр боламыз. Егер сәулет өнері кеңістікті реттеу өнері болатын болса 44 , онда архитектуралық кеңістіктің кодификациясы Евклид өзінің геометриясында жасағаннан өзгешелеу болар еді. Олай болса, бірінші мүшелену бірліктері кеңістік бірліктері немесе хоремалар 45 , ал екінші мүшелену бірліктері күрделілігі әртүрлі синтагмаға біріктірілетін евклидтік stoicheia (классикалық геометрияның элементтері) болады. Мысалы, дербес мағынасы жоқ, бірақ дифференциалды мағынасы бар екінші мүшелену бірліктеріне: бұрыш, тік сызық, қисық сызық жатады; бірінші мүшелену бірліктеріне: шаршы, үшбұрыш, параллелепипед, эллипсис, әртүрлі теңдіктер арқылы сипаттауға келетін күрделі қате денелер жатады, ал бір­бірінің ішінде болатын екі тікбұрыштың бірлесуі, анық синтагматикалық құрылым болады (мысалы, қабырғадағы терезе), бұдан күрделі синтагматикалық құрылыстарға келер болсақ, ондайларға куб (үш өлшемді кеңістік) немесе негізіне грек кресінің формасы алынған ғимараттар жатады. Әрине, планиметрия мен кеңістік геометриясының қатынасы үшінші мүшелену бірліктерін анықталуы мүмкін деген ойға жетелейді. Осыған орай, евклидтік емес геометрияны қолдану кодификадияны тым күрделендіріп жіберер еді. Әрине, геометриялық код тек қана сәулет өнеріне ғана тән болмайды, оны кескіндемелік талдау қажет етеді және тек қана геометриялық емес (Мондриан), сондай­ақ кез келген суреті күрделі болса да, элементарлы геометриялық фигуралардың үйлесуінен тұратын фигуративті кескіндеме де қажетсінеді. Алайда осы код ұғымның шынайы мәнінде геометриялық феномендерді ауызша немесе жазбаша сипаттағанда (жер өлшеуде) немесе жер бетін қағазға түсіргенде (топографиялық, геодезиялық және т.б.) қолданылады. Сонымен, жалпы ол элементарлы формаларды қабылдаудың негізгі коды саналатын гештальт­кодпен сәйкес келуі керек еді. Ал бұл біздің қайсыбір басқа «тілдің» элементарлы бірліктерін (бірінші және екінші мүшеленудегі) сипаттауды мақсат еткен кезде анықталып, сұлбасы көріне бастайтын кодтың типтік жағдайына жолыққанымызды және оның бұдан гөрі, синтетикалық кодтар үшін метатіл болуға жарамды екенін дәлелдей алады. 1.6. Сонымен, сөйлеу тілі жеке фонемаларды аналитикалық кодқа тән, мысалы теңіз белгілері жүйесіне тән позициялық терминдер арқылы сипаттау мүмкіндігіне назар аудармайтын сияқты, біз де осы тектес кодтарды назардан тыс қалдырғанымыз жөн болады. Дегенмен де архитектуралық феноменді басқаша кодталған өзге нәрсемен салыстырғанда, екі құбылысты сипаттау үшін жарамды метатілді табу үшін, талдаудың осы мүмкіндігінен бас тартпау қажет. Бұл мысалы қайсыбір пейзажға белгілі бір архитектуралық шешімді енгізгенде қажеті бар код болуы мүмкін. Геометриялық кодтың (пирамида, конус және т.б.) тұрақты элементтері пейзаж құрылымын анықтау үшін қолданылуының, белгілі бір контекске архитектуралық құрылыстарды орналастыру мәселесін шешу барысында құрылысты метатіл ретінде қолданылатын осы геометриялық код көмегімен сипаттаудың қисыны бар. 46 Бірақ сәулет өнері геометриялық код арқылы сипатталуына қарап, сәулет өнері геометриялық кодқа негізделген деуге болмайды. Дәл солай егер біз қытай идеограммасын және фонемалардан құралған итальян сөзін радиохабар кезінде децибел, жиілік немесе дискідегі түреншелер категориясына айналдыруға болады дегенді мойындасақ та, бұл қытай және итальян тілдері бірдей кодқа негізделеді деген сөз емес. Бұдан шығатыны хабар тарату және таспаға басу мақсатында фонетикалық құбылыстардың кодтарын өзгерту қажет болса, осы екі тілді транскрипцияның бір жүйесінде ғана талдауға болады. Түптеп келгенде, кез келген физикалық құбылысты молекулярлы немесе атомдық кодтар негізінде қарауға болады, бірақ бұл қандай да бір минералды немесе «Джоконданы» талдаған кезде әртүрлі тәсілдерді қолдану қажеттілігін жоққа шығармайды. Сонымен, сәулет өнерінің түрлі «семантикалық» немесе «семиологиялық» оқылуын негізге ала отырып, сәулет кодының мәнісін анықтап көрсек. 2. Сәулет өнері кодтарының жіктелімі II. 1. Жоғарыда аталғандардың негізінде мынадай кесте жасауға болады: 1 Синтаксистік кодтар: құрылыс салу техникасымен байланысты код. Сәулет өнерінің формасына кіретіндер: арқалық, үйдің төбе, консоль, арка, пилястр, бетон торлар. Бұл жерде қызмет не денотацияланатын кеңістік туралы айтылмайды, болашақ кеңістікті денотация үшін қажет жағдайды жасайтын құрылымдық қисынның ғана іс­әрекеті білініп тұр. Дәл осылай басқа кодтарда да екінші мүшелену деңгейіндегі болашақ таңбалау үшін қажет жағдайлар жасалады. Айталық, музыкадағы жиілілік музыкалық мағына иеленушілерді, интервалды жасау арқылы дыбыстауды сипаттап тұрады. 47 2. Семантикалық кодтар: а) сәулет өнері элементтерінің артикуляциясы 1)біріншілік қызметтерді белгілейтін элементтер: шатыр, балкон, тыңдайтын терезе, күмбез, басқыш, терезе… 2)екіншілік «символикалық» қызметтерді бірге белгілейтін элементтер: метопа, фронтон, колонна, тимпан… 3)қызметтік міндетті және «тұрмыс идеологиясын» белгілейтін элементтер: салон, адам күндіз және түнде тұратын бөлмелер, қонақ бөлмесі, ас ішетін бөлме,… б)құрылыстар типтері бойынша анықталатын артикуляция 1)әлеуметтік: аурухана, саяжай, мектеп, қамал сарай, вокзал… 2)кеңістік: негізі дөңгелек шіркеу, негізі трек кресі түріндегі шіркеу, «ашық план», лабиринт… 48 Әрине, бұл тізімді жалғастыра беруге болады, қала­бақ, роман жобасымен салынған қала және т.б. типтерді жасауға немесе өзіндік стилі мен дәстүрін жасаған авангардтық поэтика әсерінен шабыт алған жұмыстарды пайдалануға болар еді. ІІ.2. Алайда бұл кодификацияларға дайын шешімдерді безендіру тән. Басқаша айтсақ, бұл хабар түрлерінің кодификациясы. Ал код­тіл мұндай емес: ол хабарлардың шексіз жиынтығын туғызатын болуы мүмкін қатынастар жүйесіне форма беріп тұрады. Және осылай болғанда, қайсыбір тілдің жалпы идеологиялық коннотацияларын анықтау мүмкін болмайды. Тіл әртүрлі идеологиялармен сәйкесетін әртүрлі хабарларды қалыптастырады; түптеп келгенде, ол таптық сананың формасы да, таптық күрестің құралы да, қандай да бір экономикалық базистің қондырғысы да болмай шығады 49 . Егер тілдік артикуляцияның қайсыбір тілде сөйлеуге мәжбүр сөйлеушіні әлемді басқаша емес, дәл солай көруге мәжбүр ететінін дәлелдейтін зерттеулер болмаса осылармен толық келісуге болар еді (сондықтан да, тіл барлық болуы мүмкін идеологиялық коннатациялардың алдында тұрады) . Қалай болғанда да, осынау ғаламат коннотациялар туралы мәселені қарастырмағанның өзінде, тілді сөйлеуші беймәлім жағдайды түсіндіру мақсатына сай келетін хабарды жасайтын абсолютті еркіндіктің өрісі ретінде анықтауға болар еді. Керісінше сәулет өнерінде, егер оның кодтары біздің көрсеткен кодарымызға сай келсе, жағдай басқаша болады. Егер сәулет өнерінің коды шіркеу болу үшін (типологиялық код) шіркеуді қалай салу керек екенін анықтап тұрса, онда, әрине, ақпараттылық пен артық мөлшерліктің қарама­қайшы қатынастарын ескеріп (біз ол туралы айтқан болатынбыз), шіркеу бола тұра, басқа шіркеулерден ерекшеленетін шіркеуді салуға болар еді, мұның нәтижесінде жағдайдың өзгеруіне қол жеткізер едік, бірақ бұл шіркеудің салынуы мен оған баруды анықтап тұратын мәдени­әлеуметтік детерминацияларын аттап өттік деген сөз емес. Егер сәулет өнерінің кодтары мұндай шекараның бұзылуына септігі болмаса, онда сәулет өнері тарих пен қоғамды өзгертетін тәсіл емес, ол қоғам сәулет өнерінен нені қаласа, соны беретін нормалар жиынтығы ғана. Олай болса, сәулет өнері — қызмет, бірақ ол мәдениеттің биік идеалдарына деген қызмет емес, өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында техникалық мүмкіндіктері күн сайын дамып отырған қалалық қызмет ету саласына (сумен, көлікпен …т.б.) қатысты қызмет. Сондықтан сәулет өнері ешқандай да өнер емес, өйткені өнерді ерекшелейтін қыры бар (бұл туралы «эстетикалық хабар» бөлімін қар.) — ол тұтынушыға күтпеген нәрселерді ұсынады. ІІ.3. Бұлай болғанда, аталған кодтар иконологиялық, стилистикалық немесе риторикалық лексикодтардан басқа ештеңе де емес. Олар қандай да бір жаңа нәрсенің ашылуына мүмкіндік туғызбай, тек қана дайын сызбаларды жасайды, айтылымдарды туғызатын ашық формаларды жасамай, қатып қалған формаларды жасайды, тіпті болмаса, сөйлеушінің ниетіне қарай ақпаратты немесе артық мөлшерлі болатын хабарды ұйымдастыратын ережелерді де жасамайды. Олар жасайтын құрылымдардың ақпараттылық қабілетін, әдетте, тұрақты түрде күтілетін және ешқашан да қайтадан бағалануға түспейтін жүйелер теңестіреді. Сондықтан да сәулет өнері — А.4.ІІ.2. көрсетілген мәнге сай риторика болып саналады. Риторикалық кодификацияның дәл сондай бөліміне жоғарыда аталған синтаксистік кодтар да енеді, өйткені таза дифференциалды мәнді иеленетін кез келген бос архитектуралық форманың (пилястр немесе арқалық) кез келген коммуникациялық жүгі болады деу қате: мұндай формалар, статика мен динамикаға және евклидтік геометрияға деген белгілі бір көзқарастарды сіңірген батыс өркениетіне үйреншікті коммуникацияларды ғана жеткізіп тұрады және уақыт тезіне төзімді көрінген олар жалғыз ғана грамматиканың — құрылыс салу грамматикасының ережелерімен ғана өмір сүреді, сондықтан да оларды құрылыс салу туралы ғылымның аясында қарастыруға болады.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕРДІҢ НЕСИЕЛІК ПОРТФЕЛЬДЕРІНІҢ САПАСЫН ТАЛДАУ

Оставить комментарий