Сүйінғара батыр

Патшалық Россия 1554 жылы Астрахан хандығын басып алды. Содан бастап оның шекарасы Маңғыстауға Каспий теңізі арқылы жақындай түсті. Осы уақыттарда Европа елдерінің Каспий теңізіне ынтасы күшейе түсті. Ондағы ойлары Еділ­Каспий су жолдары арқылы Иранға баратын жақындау ыңғайлы су жолын ашу еді. Шынында, бұл жол орыс жері арқылы Индия, Қытайға баратын да ыңғайлы су жолы еді. Әсіресе, осы жолға Англия аузын аша қарады. Тіпті Англияда сауда одағы, жер іздеушілер, бұрын адам баспаған ел, арал, мемлекет іздеушілер дегендер шыға бастады. Содан болар, Маңғыстауға бірінші аттаған, көрген кісі Антон Дженкинсон болды. Ол Маңғыстау арқылы Үстірт асуымен сауда керуеніне еріп Хиуа мен Бұқараға барды. Дженкинсон тек саудаға әуестенген жоқ, жүрген жерлерін картаға түсірді, жолда көрген, білгенін суретке салды. Халықтың тұрмыс­салты, тіршілігі жөніңде мәліметтер жинады, қай ұлт, қандай рулар тұратындығын анықтады. Одан кейін шығыс Каспийді, яғни Маңғыстауды орыс саяхатшылары А.Бекович ­ Черкасский, Ф.Н.Саймонов, Ф.Ф.Берг және басқалар зерттей бастады. 1805 жылы генерал­ майор Фалкерзам Жем өзені мен Түпқарағанды қарап шықты. Ол қамал салу жөнінде өзінің жоспарын жасады. Соғыс сауда базасын жасайтын ыңғайлы орындар іздеді. Ондай жерді Түпқараған деп тауып, ұсынысын коммерция министрі граф Румянцевке табыс етті. Осы кезде орыс­француз соғысы басталып кетті. Ал Наполеонның ойынан да Индияға баратын төте жол іздестіру шықпай жүрген кезі еді. Бұл жөнінде академик Е.В.Тарленің «Наполеон» деген кітабында Россияның оңтүстігі арқылы Индияға бару жоспарының бар болғандығы айтылады. Осы соғыстың зардабынан біраз үзілістен кейін 1832—1836 жылдары Каспийдің шығыс жағасын Г.С.Карелиннің экспедициясы толығырақ зерттей бастады. 1833 жылғы мамырда соғыс министрінің Азия жөніндегі комитеті өзінің мәжілісінде Г.С.Карелин экспедициясының бітірген жұмыстарын жан­жақты талқылады. Бұл I Петрдің Каспийдің шығыс жағасы оңтүстіктен сауда­саттық жасауға ең қолайлы жол екендігі туралы ойын растай түсті. Сөйтіп, Қарасу­Қайдақ шығанағында қорған салу туралы және оның құрылыс жұмысын бастау туралы шешім қабылданып, Орта Азияны қаратуға жол ашудың алғашқы мүмкіндігін шешкендей болды. Хиуа мен парсылардан сескенген олар, яғни Азия комитеті аса сақтықпен қимыл жасауды тапсырды. Бұлардың арамдық пиғылын хиуалықтар естіп қойды. Хиуа ханы өзінің тыңшыларын жіберіп, қорған құрылыстарды не мақсатқа пайдалану үшін салып жатқандықтарын білуді тапсырды және қандай әскери күші бар екенін білгісі келді. Сонымен қатар Хиуа ханы орыстарға жалға берген түйелердің жәйін білеміз деп, Адай елінің басшыларын шақыртты және жәй­жапсарын түсіндіруді сұрады. Хиуа ханы өзінің тыңшыларын жіберіп, Адай руы қазақтарының патшалық Россияға қарсы соғыс ашуын талап етті. Олардың қарсы қимылын көре алмағандықтан, елін­малын тонауды бастады. Адайдан барымта — жесір алды. Міне, Хиуаның осыңдай көрсе басарлығына Адайдың белгілі биі, батыры Сүйінғара Үргенішбайұлы қатты қарсылық көрсетті. Осыған ерегіскен Хиуа ханы Аллақұл 1832 жылы.Бозашыдағы Сүйінғара батырдың ауылын үш мың қолмен келіп шауып кетті. 500 адам Қарнауда қуып жетіп, соғыс ашты. Көпке топырақ шаша алмады, қырылды, өлді, жеңіліс тапты. Осы сапарыңда Хиуа ханы жол бойында отырған елді аяусыз тонады. Олар Сүйінғара батырдың әйелін, екі қызын, бір баласын, басқа да көптеген адамдар мен малын айдап кетті. Хиуа ханы қанша қыспаққа алғанымен, Сүйінғара Россияға қарсы көтеріле қойған жоқ, қайта Хиуа ханынан өш ала бастады. Сөйтіп, 1840 жылы Сүйінғараны қайта шабуға келген Хиуа әскерін Сисем ата маңыңда қазақтар қолы талқан қылды. Хиуа әскерінің ішінде Англияның тыңшысы Джеймс Аббот бар еді. Сүйінғара батыр Хиуаның бас адамдарын және Джеймс Абботты орыстардың қолына тапсырды. Бұл соғыс Сүйінғара батырдың жеңісі еді. Өкінішке орай, Хиуа ханының шапқыншылығын Сүйінғара батырдан көретіндер осы кезге дейін кездеседі. Ал шындығына келсек, Сүйінғараның халқы үшін істеген еңбектері көп. Оны дәлелдеу үшін Орынбор, Ленинград архивтерін әлі де ақтара түсуіміз керек. Сүйінғара батыр туралы жерлес жазушымыз марқұм Маршал Әбдіхалықов «Сүйінғара» романын жазған болатын. Амал не, әлі көпшілік қолына тиген жоқ. Сүйінғара туралы кейбір жүрек тебірентер деректерді көрнекті жазушы жерлесіміз Әбіш Кекілбаев шығармаларынан да кездестіріп жүрміз. «Сүйінғара туралы жағымды да, жағымсыз да аңыздар сақталғанымен, аты аңызға айналған батыр орыс офицерлерінің жазбаларында, — дейді жазушы Маршал Әбдіхалықов, — марқұм Сүйекемнің тектілігі танылып­ақ тұр. Ол қазақ халқының (адайлардың) адалдығын Ресейге алғаш танытқан кісі екен», — деп бағалаған­ды. Ресей патшалығының жалпы қазаққа құрғақ сөзден басқа көмек көрсетпегені айдан анық. Патша керегінше екі жүзді саясат ұстап, Хиуа мен қазақты біріне­бірін итеріп салып отырғаны белгілі. Осы жағдайды қазақтың өз басшылары дұрыс түсіне алмады, халыққа керісінше түсіндірді. Сүйінғара батырдың ақылдылығы туралы да деректер сақталған. Исатай­Махамбет көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін Хиуа ханы өзінің екі жүзділік саясатын білдіреді. Көмек көрсеткісі келетіндігін айтады. Соның әсерінен Махамбет батыр Хиуа ханынан көмек сұрауға аттанады. Осы сапарында Махамбеттің Сүйінғараға келгендігі туралы халық аузында мынандай аңыз бар. «Сүйінғараға келген Махамбет екі­үш күн тынығып, әңгімелеседі. Оның жүріс­ тұрысының мән­жайын білгеннен кейін Сүйінғара: — Сен Хиуаға барма, көмек сұрама. Хиуа ханы біздің ата жауымыз. Жаудан көмек күтпе,­ дейді. Бірақ оған Махамбет көнбейді. Содан кейін Сүйінғара Махамбетке: — Атың арыпты, арық ат жолда қалдырар, менен де бір ат мін. Ер­тұрманың ескіріпті, менің ер­тұрманымды ал, бес қаруыңды тот басыпты, менің алтындаған бес қаруымды тағын. Ертең Хиуаға қазақтың батыры келіпті демей ме?» — депті. Сонда жұпыны күйде барғаның абыройыңды түсірер, — дейді. Сөйтіп, Махамбетті судай киіндіріп, бес қаруын сайлап жібереді. Міне, осы оқиғаны архив жазбаларынан алған көрнекті жазушы Әнуар Әлімжанов өзінің «Махамбеттің жебесі» романында нанымды пайдаланады. Сүйінғара туралы жағымды пікір білдіріп, өзінің шығармаларына арқау еткен кісі Абыл ақын Тілеуұлы. Ол Сүйінғара туралы: Нағашың ер Табынай Алқұлы, Айбас, Қайының Байбақты Шолан тапа­тайлас. Ерлігіңе көркің мен билігің сай, Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас. Сен барда сүйеулі еді арқам жарға­ай, Аузына байтақ жұрты анталаған, Сүйекем сөйлер еді­ау қар қуардай: Сүйекем сапар шекті сексен бесте, Сисемде қалды ұйықтап аю төсте. Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді, Ажалға о да көнді салған іске, — дейді (XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы. Алматы, Ғылым, 1985. 42­6.). Сүйінғара батыр атына қазақтар «керуен тонапты» деген сөзді қосады. Тарих сырына үңілсек, бұл сөздің төркіні мынадай жағдайлардан шыққан көрінеді. 1810 жылдар шамасындағы Маңғыстаудағы жұт жергілікті халықты қатты алаңдатты. Осыны сезген Хиуа бар мүмкіншілікті пайдаланып, қазақтарды бауырына тартқан болады. Дария бойынан жер беріп, егін салуға рұқсат етеді. Өзін Кіші жүз қазақтарының әміршісімін деп есептейді. Алым­салық салу саясатын жүргізеді. Бұл жағдай қазақтардың шымбайына қатты батады. Осыдан барып Хиуа ханы мен қазақтардың арасында ала ауыздық пайда бола бастайды. Хиуа ханы маңғыстаулықтардың белгілі биі Сүйінғара батырдан алым­салық жинауға байланысты біраз жұмыстар талап етеді. Бұған Сүйінғара қарсылық жасайды. Осыдан барып Сүйінғара мен Хиуа ханы Аллақұлдың арасында бітіспес кектесу пайда болып, Аллақұл Маңғыстау елін ара­тұра шауып алады. Одан Сүйінғара да қалысқан жоқ, ол да барымта­сарымтасын көбейтті. Хиуа ханының Кавказбен, Россиямен жасаған сауда жолын аңдыды. Ол кездерде Хиуа ханының Россиямен сауда жолы Жем өзені арқылы өткен. Жем мен «Қасқа жол» бағытында Белеулі керуен сарайын салдырған. Белеулі сарайының орны осы кезге дейін жақсы сақталған. Ал Маңғыстаудағы «Қызылтас» қамалы арқылы Кавказбен байланыс жасаған. Осыдан кейін Сүйінғара Хиуаның сауда керуенін жібермей, байланысын қиған да отырған. Ал Ресейге бара жатқан керуеннен жерімнің үстінен өттің деп жер салығын талап еткен. Нағыз болмағанда «Сүйінғара сыбағамды бер» деп келеке қылған. Осының бәрі Хиуа мен Маңғыстау елі арасындағы қырғи қабақтыққа әкеліп соқтырған. Сүйінғара батырдың туған­өлген жылдары белгілі. Үйіңде жатып өз ажалынан өлген. Ол 1756 жылы туып, 1841 жылы 85 жасында дүние салған. Асылы, Абыл өлеңі шындық. Батыр туралы, тарихи оқиғалар туралы аз да болса нанымды мағлұмат беруді, пікір айтуды жөн көрдік. Бүгінгі оң өзгеріске, оң оқиғаларға толы қайта құру заманына халық басынан өткен қилы­қилы қиын күндерді еске алып, ашығы айтылып жатқан кезде оған ат салысу, сол арқылы бүгінгі ұрпақты бабалар рухында, Отан сүйгіш патриоттық қасиетті сезімге баулу әр азаматтың борышы. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген атам қазақ. Сүйінғараның Көтібар, Сатыбалды деген ұлдары да жау қайырған батыр жігіттер болған. 1970 жылдардың ішінде Форт­Шевченко қаласындағы өлкетану музейінің директоры, өлке зерттеушісі Есбол Өмірбаев Сисем ата зиратындағы Сүйінғара ұрпақтарының бірінің зиратынан сауыт, найза, ерлер, батырлар пайдаланатын заттарды тауып, сол Форт­ Шевченкодағы музей қорына алды. Сүйінғара батырдың ұрпақтарын Маңғыстауда, Жылыойда, Түркменстан, Қарақалпақстан жерінде көптеп кездестіруге болады. Оның бейіті Үстірттегі Сисем ата қорымында. 1979 жылдары Маңғыстау облыстық партия комитеті мен атқару комитеті тарихи есімдерді мәңгі есте қалдыру жөнінде қаулы қабылдап, Сүйінғара батырдың басына белгі орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Сол қаулы осы кезге дейін орындалмай келеді. Сисем ата жерін жайлайтын совхоздың әкімшілігі, Маңғыстау ауданының басшы орындары осы бір елеулі іске мұрындық болар деп ойлаймыз. Өкінішке орай, аңыз айтушылар, тарихшылар мен зерттеушілер сол бір оқиғалар туралы айтпайды, айтса бір­екі ауыз сөзбен бітеді. Біздің парызымыз, сол бір тарихи оқиғаларды барынша терең білу, шайқас өткен жерлерге белгі салу, оны тарихтың жадына мәңгі сіңіру болмақ. Сол Сүйінғара батыр тұсындағы зар заман, ұзақ айқастар, ел болып сақталып қалу жолындағы қанды шайқастарды, өз кезеңінің ұлы адамдарын сахна төріне шығарғанда ғана ұрпақтық парызымызды ақтаймыз. Олар — батырлар, би­шешендер, ақын­жыраулар, күйшілер. Сол азғана көңіліміз оларға ескерткіш болсын, басына оқыған дұғамыз болсын. Сүйінғара батыр туралы, басқа да тарихи тұлғалар туралы әлі де айтылар, жазылар. Не көп, елін сыртқы жаудан қорғаған батыр көп. іздестірсе, олардың бәрінің бейіті табылар еді. Ал табылғандарына жаңартып, ескерткіш құлпытас орнатайық. Біреулер Сүйінғара батыр қатты кісі болған дейді. Мүмкін ол өмір сүрген заман, өне бойы қақтығыс болған соң жаны жараланғандығынан, қаны қарайғандығынан қатты болған шығар. Ет жақын туысына, ел­жұртына, туған халқына жасаған көршілердің озбырлығын, жауыздығын көзімен көріп, басқыншыларға қаны қарайып алған жанның ондай болуы заңды да. Сүйінғараны сол кездегі орыс офицерлерінің мемлекет қайраткері ретінде бағалауына қарағанда ол тек найза сілтеп, қылыш жұмсаған ғана адам емес, терең ойлы, ақыл иесі болғандығын көреміз. Ол өзінің иығын хан­сұлтандардың иығымен тең ұстаған. Жалпы тарихқа әділ, шындық сөздер керек. Ал пікірге түйін болар қосымша деректер керек. Қалай болғанда Сүйінғара батыр Кіші жүзге белгілі болған адам. Әрине, елде батыр түлғалы адамдар аз болмаған, ал атағы тарихта қалған адамдар некен­саяқ. «Ел іші — кеніш», — дейді халық. Сүйінғара батыр туралы айтылар сөз көп болуы мүмкін. Ар­намысын ел намысына ұштастырған ерлерді дәріптеу, оның өлмес атын өшпестей етіп нұрландыру деген сөз. Олай болса, тарихи есімдер халықтың алтын қазығы емес пе, оны анау­мынау демей, бағалай білуіміз керек. Батыр деген атақты екінің бірі алмайды. Батыр дегендер іргелі елдің көш бастар серкесі, ел бастар еркесі. Олардың асыл тегі бар, артында арқа сүйер елі бар, сенері бар. Болат су жұтып ширайды. Сондықтан осы заманға дейін аңыз болып жүрген асылдарымызды естен шығармайық.

Читайте также:  Қарамерген ертегісі

Оставить комментарий