Сакральді ғылым және қарабайырланған ғылым

Жоғарыда біз дәстүрлі өркениеттерде баршасының негізінде интеллектуалды интуиция жататынын көрсеттік. Басқаша айтқанда, бұндай өркениеттерде ең маңыздысы таза метафизикалық доктрина болып табылады, ал, барша қалғандары одан не тікелей салдар ретінде, не шындықтың әлдебір жеке деңгейіне екінші бір қосымша ретінде өрістейді. Бұл әлеуметтік институттарға қатысты ғана емес, сондай­ақ, ғылымдарға, яғни, қатыстық өрісіне жататын және дәстүрлі өркениеттерде абсолютті және принципті білімнің жалғасы немесе бейнесі ретінде қарастырылатын білім формаларына қатысты да әділ. Осылайша, шынайы иерархия онда барлық жерде және баршасында сақталады. Барлық қатыстықтар, өз кезегінде, тіптен, тіршілікте жоқ саналмайды (бұл ашықтан­ашық тантушылық болар еді) және қаншалық қажет, соншалық мөлшерде ескеріледі. Алайда, бұл ретте ол тиісті орынға қойылады, яғни, айрықша екінші дәрежелі әрі бағыныңқы әлдене ретінде қарастырылады. Және де, осы қатыстық саласының өзінде шындық болымның түрлі дәрежелері бар, олар әлдебір зат жоғары Принциптер өрісінен қаншалық алыс орналасқандығымен айқындалады. Сонымен, ғылымға қатысты бізде түбегейлі түрліше және бір­бірімен үйлесімсіз екі қарастыру әдісі, екі қарама­қарсылықты тұжырымдама бар, оларды, сәйкесінше, дәстүрлі тұжырымдама және айрықша қазіргі заманғы тұжырымдама деп атауға болады. Біз қадім заманада және Орта ғасырларда болған және Шығыста әлі бүгінде де болуын жалғастырған, ал, бұндай жайт қазіргі заманғы батыстық адамдарға көбіне­көп беймәлім болып жатады, — «дәстүрлі ғылымдар» жайында атап өткеніміз бар. Бұған қосарымыз, әрбір дәстүрлі өркениеттің өзінің дәстүрлі ғылымдарының ерекше түрлері болған және де, бұл жайт бұ жерде біздің, таза метафизика жағдайындағыдай, әмбебап принциптер емес, олардың жеке қолданыстарын қарастырып отырғанымызбен түсіндірілмек. Бүкіл берілген сала анықтамасы бойынша шарттастырылған болып табылатындықтан, әрбір нақты халықтың ой­машық ерекшеліктері мен басқа да ерекшеліктерімен байланысты нақты жағдайлардың күллі жиынтығын, ал бұған қоса, сол халық тарихының циклдік кезеңінің спецификасын әрдайым есепке алған жөн. Жоғарыда көргеніміздей, кейде бұл жайттардың түзетілуі үшін белгілі бір сырттан араласушылық қажет. Бұндай араласушылық, әйткенмен, тек сыртқы формаларды ғана өзгертеді де, дәстүрдің мәнін қозғамайды: метафизикалық доктрина жағдайында тек оның жеткізілуінің ерекшелікті формасы ғана түрленушілікке ұшырай алады, бұны оның бір тілден екінші тілге аударылуына балауға болады. Бұл жеткізілу ерекшелігі қандай болмасын, жалғыз дара ақиқат болатынындай, тек жалғыз дара метафизика барын айтқан жөн. Бірақ, біз метафизикалық принциптердің қосымшалары өрісіне өткенімізде бәрі өзгереді — ғылымға, сондай­ақ, әлеуметтік институттарға қатыстының бәрінде біз ендігі жерде форма көптігі мен көптүрлілігі дүниесінде боламыз. Біртұтас ақиқатты жеткізудің бұл түрліше формалары түрлі дәстүрлі ғылымдардың негізін құрайды, тіпті, егер ол ғылымдардың кейбірінің пәні біреу болса да солай. Логиктердің сендіруінше, ғылым өзінің зерттеу пәнімен толықтай айқындалады, бірақ, бұл шектен тыс жадағайландырылған пікір шындыққа сай емес болып табылады. Пән зерттелетін позицияның өзі, сондай­ақ, ғылымның мәнін айқындауға мейлінше зор ықпал етеді. Ықтимал ғылымдардың санында шек жоқ әрі бір ғана пәнді түрлі көзқарас тұрғысынан зерттейтін ғылымдар қайсыбірде соншалық түрлі әдістерді пайдаланылатыны сондай, шынтуайтында оларды мүлде жекеше категорияларға жіктеу қажет. Әсіресе, бұл түрлі өркениеттердің үйлес дәстүрлі ғылымдарына қатысты, олар, жуықтығына қарамастан, бір­бірімен толықтай теңдесе алмайды, сондықтан да, бір атаумен атала алмайды. Бірақ, бір­бірінен алыс, әйтсе де, ең кемі, негіздік біртұтас сипатқа ие дәстүрлік ғылымдардан да гөрі, өлшеусіз ары, қазіргі заманғы дүниеде ғылымдар деп санау қабылданып, тұтастай алынған дәстүрлі ғылымдар бір­бірінен қашық тұрады. Ең үстірт шолуда­ақ, бір ғана зерттеу пәні екі жағдайда мүлде түрліше алғышарттар тұрғысынан қарастырылатындығы айқын бола түседі. Ал, жақын талдау барысында мұндай ғылымдар арасында мүлде бірде бір ортақ белгіні табу мүмкін емес. Бұл идеяларымызды бірнеше мысалмен ұғындыра кеткеніміз өте­мөте орынды болмақ. Мейлінше ортақ дисциплина — «физикадан» бастап, оны ертедегі адамдар қалай түсінгенін және оны қазіргі заманғы адамдар қалай түсінетінін көрсетейік. Біз батыстық дүние шекарасында қалсақ та, бұнда зор айырмашылық бары айқын көрінеді. «Физика» термині әу бастағы, этимологиялық мағынасында сөзбе­сөз «табиғат туралы ғылым» дегенді білдіреді. Бұл ғылым «қалыптасудың» мейлінше ортақ заңдарымен айналысады, себебі, «қалыптасу» және «табиғат» сөздері — синонимдер және де, гректер, оның ішінде, Аристотель бұл ғылымды дәл осылай түсінген. Дәл осы шындық болым өрісін зерттейтін неғұрлым кәсіби ғылымдар әлдебір тар салаға қатысты қолданудағы физиканың «тармақтанулары» болып табылады. Осыдан­ақ қазіргі заманғы дүниеде «физика» сөзінің мағынасы өрескел бұрмаланғаны байқалады, себебі, бүгінде ол өз кезегінде, сондай­ақ, табиғат туралы ғылымдар болып табылатын көптеген басқаларының арасында бір ғана жеке ғылымды білдіреді. Бұдан қазіргі заманғы ғылымға жалпы тән бөлшектеудің жарқын мысалын көруге болады: талдағыш ақыл­ой құлқы тудырған «арнайы салаландырушылық» өршігені сонша, оның ықпалын кешкен адамдар ендігі жерде өзін алғандағы бүкіл табиғатпен тұтас айналысатын ғылымды елестетуге де қабілетсіз. Осы арнайы салаландырушылықпен байланысты белгілі­бір келеңсіздіктер өздеріне жиі назар аудартады, өйткені, ол салдар ретінде ой­пікірдің тарылуына әкеп соқпай қоймайды. Бірақ, тіпті, бұл жайтты аңғарғандардың өзі, әйтсе де, оны тұтастай меңгеру мүмкін болып көрінбейтін бөлшекті білім жиынтығы тудырған шарасыз кесел ретінде қабылдауға келіседі. Бір жағынан, бөлшекті білімнің өздігінен еш құндылығы жоқтығы және соның негізінде қалыптасуы тиіс болған жиынтық (бүтін) білімнен бас тартуды еш ақтамайтындығы, себебі, қатыстық саламен шектеулі болып қала отырып, жиынтық білім, әйткенмен, қарапайым фактілер мен детальдарды білуден едәуір биік тұрғандығы олардың ойларына келмейді. Екінші жағынан, көптеген детальдар мен фактілердің басын біріктірудің мүмкін еместігінің өзі оларды жоғары принципке сүйеуді барынша қаламаушылықтан жөне зерттеу атаулыны төменнен һәм сырттан бастауға қоярда­қоймай ұмтылушылықтан келіп шығатыны, ал ғылымға шын мәніндегі ой­ танымдық құндылық дарыту үшін бұған тура қарама­қарсы әдісті пайдалану әбден қажет екендігі олардың назарынан тыс қалады. Егер қадім заманғы физиканы қазіргі заманғы физикамен, бірақ, қазіргі заманғы адамдарға осы атаумен белгілі ғылым ретінде емес, жаратылыс ғылымдарының күллі жиынтығы ретінде (қадім заманғы физиканың жуық баламасы болып табылатыны да дәл осы) салыстыратын болса, қаншалықты дәрежеде оның бір­бірінен мейлінше қашық тұрған көптеген салалық ғылымдарға бөлшектеуге ұшырағандығы бірден көзге түсер еді. Алайда, бұл тек мәселенің мейлінше сыртқы жағы, содан да, барлық осы жекелеген ғылымдарды өзара біріктіріп, қадім заманғы физиканың әлдебір шын мәніндегі үйлес нұсқасын алуға болады деп сене қоюға болмайды. Дұрысында, бұл екі жағдайда айырмашылық, тегіңде, біз жоғарыда айтқан екі зерттеу тәсілі арасындағы терең алшақтықта жатыр. Дәстүрлі зерттеу тәсілі міндетті түрде барлық ғылымдарды, сол өздері жеке қосымшалары болып табылатын, принциптерге әкеліп тірейді. Бірақ, дәл осындай принципке сүйенушіліктен қазіргі заманғы зерттеу тәсілі үзілді­ кесілді бас тартып отыр. Аристотель үшін физика, метафизикаға қатысты алғанда, екіншілікті болды, демек, метафизикаға тәуелді болып, табиғаттан жоғары тұрған және тек оның заңдарында бейнеленген принциптер табиғаты өрісіне қатысты қолданыс болып табылады. Дәл осыны ортағасырлық космология турасында да айтуға болар еді. Қазіргі заманғы зерттеу тәсілі, керісінше, ғылымдардың неден болмасын тәуелсіздігін бекіте түсуге, сөйтіп, олардың аясынан шығатынның барлығын терістеп немесе, ең кемі, сол «аядан тысты» «танып­білуге болмайтын» деп жариялап, демек, іс­жүзінде онымен санасудан бас тартуға ұмтылады. Мұндай терістеу оны «позитивизм» және «агностицизм» атымен жүйеленген теория жүзіне келтіруге тырысушылықтан едәуір көп бұрын тәжірибеде болған, содан да, ол күллі қазіргі заманғы ғылымның басталу нүктесі болды деп айтуға болады. Алайда, тек 19­жүзжылдықта ғана адамдар өздерінің надандықтарына ашықтан­ашық дандайси бастады (өзін «агностик» деп атау өзін ашық түрде «надан» деп жариялаумен бірдей), ол ол ма, өздері үшін жолы жабылып, жете алмайтын білімді өзгелердің меңгеруіне мүмкіншілік бермеді. Және бұл Батыстың асқына түскен интеллектуалды кері кеткендігінің тағы бір белгісі еді. Қазіргі заманғы тәсілге айрықша тән сипат — ғылымды оның тәуелсіздігі кепілі сылтауымен қандай да болмасын жоғары принциптерден толықтай айыруға ұмтылыс сол ғылымды таным тұрғысынан терең мән атаулы және, тіпті, мүлде атаулыдан айырады. Бұл тек толық тығырыққа, ғылымның өрісін тарылтып, тұйықтауға алып келуі мүмкін 77 . Бұған қоса, осындай ғылым өрісіндегі даму атаулы кейбіреулердің ойлағанындай, тіптен, білімнің тереңдеуіне әкелмейді. Керісінше, ол таза үстіртін болып қалады және біз атап өткен бөлшектерге ауа жайылушылыққа немесе рабайсыз зор, бірақ, өнімсіз талдаушылыққа саяды, ондай талдаушылықпен қанша айналысқанмен, ақиқатқа бір қадам да жақындатпасы анық. Сондай­ақ, батыстық адамдар, әдетте, былайша аталатын, ғылыммен, тіптен, оның өзі үшін шұғылданбайды: олардың негізгі мақсаты, қандай төмен деңгейлі болмасын, таза білім емес, тек қана практикалық пайдалану мүмкіндігі болып табылады, бұған замандастарымыздың ғылымды өнеркәсіппен қалай оп­оңай бірлестіре қоятынына қарап, сондай­ақ, көпшілік арасында таралған инженерден қатардағы ғылым өкілін жасау әдетіне қарап, көз жеткізуге болатынын қоса айтуымыз қажет. Бірақ, бұл басқа мәселеге байланысты болғандықтан, кейінірек талдаймыз. Өзінің өзекті түрінде ғылым тереңдік қана емес, тұрақтылық атаулыдан да айырылды. Бұдан бұрынырақ принциптермен бірлескендігінен, ғылым өзі зерттейтін пәннің қаншалық мүмкіндік бергеніне қарай, солардың өзгерместігіне ортақ болатын. Бүгінде принциптерден ажырағандығынан және бөле­жара ұдайы өзгермелі дүниемен шұғылданғандығынан, ол ендігі жерде өз бойына ешқандай берік тиянақ, ешқандай тұрақты негіз таба алмайды. Егер бұрын ол абсолютті сенімділікті тұғыр етсе, бүгінгі күні ол тек ықтимал әрі жуықтау, таза жорамалды құрылымдармен — кәдімгі жеке ой­қиял жемістерімен ғана іс жасауда. Бұған қоса, қазіргі заманғы ғылым өзінің бұрыс жолдарымен жүріп отырып, әлдебір пунктте ежелгі дәстүрлі ілімдердің доктриналарымен келісімге келіп жатса да, бұл келісушілікті қазіргі заманғы ғылымның сол дәстүрлі ілімдерді қуаттайтындығының белгісі ретінде қарастыру мүлде теріс болар еді, өйткені, соңғы аталғандар бұндай қолдаушылыққа зәру емес. Және де бұл бір­бірінен өзгеше көзқарастарды өзара ымыраластыруға немесе дәстүр тұжырымдамалары мен — таяу келешекте сенімнен айырылуға барлық себептері бар — таза жорамалды теориялар арасында сәйкестік орнатуға кез келген әрекеттенушілік мүлде бос әурешілік болып табылады 88 . Қазіргі заманғы ғылым аясында кез­келген тұжырым таза жорамалды болып қалады, ал, дәстүрлі ғылымдар постулаттары болса, метафизикалық рет­ жосықты ақиқаттардан интеллектуалды интуиция көмегімен, демек, қатаң әрі бірыңғай түрде алынатын шүбәсіз салдарлар ретінде өрістей отырып, мүлде басқа, абсолютті анық сипатқа ие болып келеді 99 . Экспсриментке деген қазіргі заманғы құштарлық теорияны фактілердің көмегімен дәлелдеуге болады деген қияли ойды тудырады, ал, шын мәнісінде бір ғана фактілерді әр қилы теориялардың көмегімен оңай түсіндіруге болады, тіпті, Клод Бернар, т.б. сияқты эксперименттік әдістердің хас жақтаушыларының өздері фактілер тек алдын­ала құрылып, қалыптастырылған ұғымдардың көмегімен ғана түсіндіріле алатынын, оларсыз мән­мағына атаулыдан, ғылыми құндылық атаулыдан жұрдай «тұрпайы фактілер» болып қалуға мәжбүр екендігін мойындайды. Ақыры «экспериментализм» туралы сөз қозғаған екенбіз, бұл мүмкіндікті осыған байланысты туындайтын бір сауалға жауап беру үшін пайдаланған жөн: неліктен эксперименталды ғылымдар қандай да бір басқа емес, дәл қазіргі заманғы өркениетте осыншалық кең дамыды? Оның себебі сол, бұл ғылымдар сезімдік қабылдау дүниесімен, материя әлемімен байланысты, әсіресе, оның таза практикалық пайдалануына ыңғайлы келеді. Олардың «фактілерге табынушылық» деп атауға болатынмен тұспа­тұс келе жатқан дамуы айрықша, қазіргі заманғы тенденцияларға дәлме­дәл сәйкес, ал, ілгерідегі дәуірлерде солар үшін жоғары рет­жосықты білімдерден бас тартатындай дәрежеде бұндай істерге мүдделілік болмаған. Бір айта кетерлігі, тегінде, білімнің бір де бір түрі, тіпті, ең төменгісі, өзінен­өзі заңды күші жоқ әлдене ретінде қарастырыла алмайды. Заңсыз болып табылатыны — тек қана негізгі және принципті білім салаларына залал келтірсе, екінші дәрежелі ғылым түрлерімен шұғылданушылықта шектен шығу және осы екінші дәрежелі ғылымдардың адам іс­қайраткерлігінің барлық түрін өзіне бағындырардай дамуы, дәл осы бүгінде болып та жатыр. Теория жүзінде және қалыпты өркениетте эксперименталды әдістерге негізделген, бірақ, солай бола тұра, барша өзге ғылымдар сияқты, принциптермен байланысын сақтаушы және, сондықтан да, шын ой­танымдық құндылыққа ие ғылымдардың болуын құптауға болады. Біздің бұған нақты шын мысалдарды көрмейтіндігіміздің себебі сол, онда негізгі назар басқа мәселелерге бөлінеді және, тіпті, егер сөз сезімдік дүние зерттеулері (шын мәнінде мүддеге сай дәрежеде) турасында болса да, дәстүр ілімдері оларды өзге әдістер мен өзге амал­тәсілдердің көмегімен әлдеқайда сәттірек жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі дәуірдің сипаттамаларының бірі — бұрынырақта мүлде мағынасыз, сондықтан да, оларға адамдардың уақыты мен күш­қуатын шығындау лайық емес саналып, бүтіндей лақтырылып тасталып келген барлық нәрселердің пайдаланылуы болып табылатынын жоғарыда атап өткенбіз. Бірақ, сол нәрселер де циклдің аяқталуы алдында іске асырылған болуы тиіс, себебі, олардың да циклдің өзіне салынған бүкіл мүмкіндіктер кешені арасында өз орны бар. Соңғы жүзжылдықтар көлемінде туындаған эксперименталды ғылымдардың да жай­күйі осындай. Ақиқи ұғынылудан баяғыда қалған көне ғылымдардың, сөздің толық мағынасындағы, «қаңқалары» болып табылатын бірқатар қазіргі заманғы ғылымдар бар. Сол ғылымдардың құлдырауы кезеңінде олардың ең төмен жақтары барша қалғанынан ажыратылып алынды да, тұрпайы материализацияға ұшырап, айрықша қазіргі заманғы тенденцияларға сәйкес мүлде басқа бағыттағы дамуға бастапқы нүкте болып шыға берді. Ілгерідегі ғылымдармен қандай да болмасын байланысты жоғалтқан жаңа ғылымдар осылайша пайда болып жатты. Мәселен, астрология мен алхимияны біртіндеп қазіргі заманғы астрономия мен қазіргі заманғы химияға ұласып дамыған ғылымдар ретінде қарастыру мүлде жөн емес, әйткенмен, таза тарихи көзқарас тұрғысынан, бұнда шындықтың да үлесі бар. Ол шындық үлесі бұл қазіргі заманғы ғылымдар ілгерідегі ғылымдардан «эволюция» немесе «прогресс» барысыңда емес, қайта, керісінше, соңғыларының күрт кері кеткендігі нәтижесінде шыққандығына саяды. Бұған кеңірек тоқталған жөн. Ең әуелі, «астрология» және «астрономия» сөздеріне әр қилы мағыналар үстеушілік салыстырмалы түрде жуырда басталғандығын айта кету керек. Ежелгі гректер бұл терминдердің екеуін де кейінірек екі ғылымның — астрология және астрономияның зерттеу нысанына айналған әлдебір тұтас саланы атау үшін пайдаланған. Бұл жерде біз тағы да арнайы салаландыру нәтижесінде туындаған бір ғана ғылымды бірнеше бөлікке бөлушілікпен кезігеміз, — берілген жағдайда бір ғана айырмасы сол, осы ғылымның мейлінше материалдық жағын танытатын бөліктердің бірі тәуелсіз түрде дамып, ал, екіншісі, керісінше, мүлде жоғалып кетті. Шынында да, бүгінде ешкім ендігі жерде ежелгі астрология шын мәнінде не болғанын білмейді, бұл ғылымды жаңғырту әрекеттері әзірше тек ұқсатушылықтан әрі аспауда. Бүгінде бәзбіреулер, тіпті, астрологияны статистика мен ықтималдықтарды есептеп шығаруға негізделген, яғни, Қадім замана, Ортағасырлық дәуір рухына мүлде тән емес әрі өте­мөте жат әдістерді пайдаланатын айрықша қазіргі заманғы эксперименталды ғылымға айналдыруға ұмтылады. Енді біреулері тек «жору өнерін» жаңғыртумен шектелуге даяр, ондай бұрынырақта шынында да болған, бірақ, ендігі астрологияның азуы, бұрмалануы, оның құлдырауы немесе, тәуір дегенде, оның әдістерінің ең төмендеген әрі ешқандай салмақты көңіл бөлушілікке лайықсыз қолданысы болып табылатын еді (астрологиялық әдістерді бұлайша пайдалануды мұндай жаратпаушылықты Шығыс өркениеттерінде бүгін де көруге болады). Химияға қатысты жайт, бәлки, бұдан да айшықты әрі ерекше болып табылады. Алхимияға деген қазіргі заманғы надан қатынас астрологияға қатысты надандықтан бір де кем түспейді. Ақиқи химия мәндік тұрғыдан космологиялық жосықты ғылым болған, ол, әйтсе де, «макрокосм» және «микрокосм» арасында болатын үйлестік принципі бойынша адамдық деңгейге де қолданылған. Бұған қоса, алхимия оның ілімдерін таза рухани деңгейге көшіруге де әуелден ыңғайлы болды, сөйтіп, бұл, оған одан бетер биік мағына дарытып, оны мейлінше ерекше әрі жетілген дәстүрлі ғылымдардың бірі еткен еді. Бұл ғылымға титтей де қатысы жоқ қазіргі заманғы химия, тіпті де, одан өрістемеген. Химия — бұл тек қана алхимияның ыдырап, азғандығының нәтижесі, ол құлдырау тек Орта Ғасырларда символдардың ақиқи мәнін меңгеруге қабілетсіз, алхимиялық доктриналарды сөзбе­сөз қабылдаған белгілі бір ғалымдардың толық кәсіби мағлұматсыздығы салдарынан басталған. Сөз тек материалдық операциялар хақында деп ұйғарған ол адамдар азды­көп ретсіз экспериментшілікпен айналысуға кіріскен. Ақиқи алхимиктер мысқылдай «суфлерлар» («көпіртушілер») немесе «көмірді текке жағушылар» деп атаған дәл осындай кейіпкерлер осы қазіргі заманғы химиктердің шын мәніндегі нашарлары болған. Осылайша, күллі қазіргі заманғы ғылым аса көне ғылымдардың қирандыларына, олар жырып тастап, надандар мен «қарабайыр мамандардың» құзырына қалдырған қаңқаларға негізделген. Бұған қосарымыз, былайша аталатын «қазіргі заманғы алхимияны қалпына келтірушілер» сонау Орта Ғасырларда басталған сол баяғы бұрмалаушылықты жалғастырушылар ғана, содан да, қазіргі заманғы астрологтар ежелгінің астрологтарынан қаңдай алыс болса, олардың ізденістері шынайы дәстүрлі алхимия саласынан сондай алыс жатыр. Міне, неліктен біз бүгінгі таңда қазіргі заманғы адамдар Батыстың дәстүрлі ғылымдарынан мүлде жұрдай деп толықтай негізді түрде айта аламыз. Біз осы екі мысалмен шектелеміз, әйтсе де, әрине, ғылымның әр түрлі саласынан, солардың бәрінде әлгі айтқан кері кетушіліктің сипаттарын ашып беретін басқа да көптеген мысалдар келтіру қиын емес. Бүгінгі түсінілуіндегі психология, яғни ерекше ментальді феномендерді зерттейтін ғылым ағылшын­саксон эмпиризмі мен 18­ші ғасырдың соқыр нанымдарының табиғи жемісі болып табылатындығын көрсетуге болар еді. Бұл ғылымның зерттеу өрісінің өзі ежелгі дүние үшін елеусіз болғаны соншалық, тіптен, онда кей­кейде психологиялық деңгейдің кейбір аспектілері назарға алынған болса да, соның негізінде арнайы салаланған ғылым құру ешкімнің басына келген емес, себебі онда қандай да бір ғылыми құндылыққа ие барлық теориялық элементтер теңдессіз, неғұрлым жоғары рет­ жосықты доктриналарда жинақталған еді. Қазіргі заманғы математика бар болғаны Пифагор математикасының сырт қабығы, «экзотериялық» жағы болып табылатындығын дәл осылайша оңай көрсетіп беруге болар еді. Ежелгі сан идеясы қазіргі заманның адамдарына мүлдем түсініксіз болып қалды, себебі бұл жерде де оған шын мәнінде дәстүрлік сипат әрі, сонымен бірге, шын мәніндегі интеллектуалды құндылық дарытатын ғылымның жоғары аспектілері толық жоғалған. Бұл жағдайды астрология жағдайымен салыстыруға болады. Осы іспеттес мысалдарды санамалау аса қажытарлық шаруа болар еді және де, біз қазіргі заманғы ғылымдардың негізінде жатқан және, былайша аталатын, «ілгерілеуге» тура қарама­қарсы әрі, тіпті, керісінше, терең интеллектуалды кері кетушілікті діттейтін процестер болып танылатын өзгеріс, қайта құрулардың мәністі сипатын айқын көрсету үшін, жеткілікті айттық деп есептейміз. Енді біз дәстүрлі және қазіргі заманғы ғылымдардың айқын мақсаттарына қатысты неғұрлым жалпылық рет­жосықты ой­толғаныстарға ден қойып, қаншалықты дәрежеде осы екі жағдайда бұл мақсаттар бір­бірінен өзгешеленетіндігін көрсетеміз. Дәстүрге сәйкес, ғылым атаулы өздігінен емес, барынша қомақты бөлігі метафизика саласына жататын доктринаның жалғасы немесе оның екіншілікті қосымшасы ретінде мүддеге сай болып танылады 1010 . Әрбір ғылым өзінің ішкі табиғатына сәйкес білімдер иерархиясындағы тиесілі орнына ие болып тұрғанында заңды күші бар болып қалатын болса да, жоғары рет­жосықты білімді иеленуші үшін төменгі рет­жосықты білім ерекше қызығушылық таныта алмайтынын түсіну қиын емес. Бұндай төменгі рет­жосықты білім тек қана жоғары білім тарапынан «функция» ретінде, яғни нақты шарттастырылған өрісте жоғары білімді бейнелей алар немесе оған апарар жол ретінде қызмет ете алар дәрежеде ғана құнды болмақ. Бұл ретте, жоғары білімнің өзі әсте назардан жоғалмауы тиіс немесе әлде қандай кездейсоқ жағдайлардың құрбаны етілмеуі тиіс. Дәстүрлі ғылымдар екі бірін­бірі өзара толықтырушы функцияларды атқарады. Бір жағынан, доктринаның нақты қосымшасы ретінде көрініс таба отырып, олар шындықты алуан түрлі деңгейлерін өзара байланыстыруға және оларды әмбебап жинақтаушылықта біртұтастыққа келтіруге септігін тигізеді; екінші жағынан, олар (ең берісі, сәйкес индивидуалды бейім­қабілеті бар белгілі бір адамдар типі үшін) жоғары білім меңгеру үшін өзіндік даярлық кезең және соған апарар жол болып табылады. Бұл ретте, сәйкес шындық болым деңгейлеріндегі иерархиялық орналасымына сай, бұл ғылымдар таза руханият, таза интеллекттің жоғары деңгейіне көтерілуге болатын сатыларды құрайды 1111 . Қазіргі заманғы ғылым бұндай мақсаттарға ешбір қызмет ете алмайтындығы бесенеден белгілі. Сондықтан, оның барлық түрлері өз мәнінде «қарабайырланған ғылымдар» ғана, ал, бұның жанында ­ олардың метафизикалық принциптермен байланыстылығының арқасында — дәстүрлі ғылымдар шын мәнінде біртұтас «киелі ғылым» — «сакральды ғылымды» құрайды. Сакральды ғылымдардың екі функциясының қатар болуында тұрған — берілген мәселеге үстірт қараған жағдайда солай көрінуі мүмкін — еш қарама­қайшылық немесе тұйықтық жоқ. Әйткенмен, берілген мәселе қосымша зерттеуді қажет етеді. Екі түрлі тәсілдің барлығына сілтеу арқылы бұл мәселені айқындауға болады, олардың бірін «жоғарылаушы» деп, ал, екіншісін «төмендеуші» деп атай аламыз. Бірінші тәсіл принциптердің өзінен серпіліп, олардан шындықтың барған сайын неғұрлым жекелеген және нақты деңгейлеріне қарай біртіндеп алшақтау жолымен таным процесін өрістетушілікті діттейді. Екінші тәсіл біртіндеп білім меңгерушілікке, төменгі деңгейден жоғарыға немесе сыртқыдан ішкіге қарай қозғалысқа бағдарланған. Сондықтан, жоғарыдан төменге қарай әлде төменнен жоғарыға қарай қозғалу керек пе, ғылым принциптер біліміне әлде сезімдік дүние біліміне негізделуі тиіс пе деген сұрақтарды қоюдың мүлде жөні жоқ, себебі, бұндай қарама­қарсы қоюшылықтардың еш мәні жоқ. Берілген диллема тек қана «қарабайырланған философия» контекстінде туындауы мүмкін еді, онда ол тұңғыш рет айшықты түрде гректерде көрініс тапқан болатын. Алайда, бұндай диллема тек қана әмбебап принциптерге негізделетін «сакральді ғылымда» болмайды. Бұның себебі сол, «сакральді ғылым» интеллектуалды интуиция факторынан келіп шығады, ал, ол ең тікелей және ең жоғары білім формасы болып табылады, өйткені, қандай да бір сезімдік қабылдаушылық түрлеріне де, дәл сондай­ақ, айрықша рационалды ой­машыққа да мүлде тәуелді емес. Шын мәнінде сакральді болуы үшін, ғылымдар тек қана принциптер білімін толыққанды меңгергеннің және сонысымен де ол принциптерді уақыт және кеңістік тұрғысындағы нақты жағдайларға қатысты дәстүрлі бұлжымас бағыттылыққа қатаң сәйкестікте қолдануға өкілеттінің тарапынан құрылуы тиіс. Бірақ, бұндай ғылымдар осы нормаларға сәйкес қалыптастырылып қойғанда, оларды зерттеп­ білу кері рет­тәртіпте де жүре алады. Бұл жағдайда олар, бейне, таза доктринаның «көрнекіліктері» ретінде қызмет етіп, оны белгілі бір ой­машық типі адамдарына неғұрлым түсінікті етеді. Сакральді ғылымдар көптік дүниесіне жататындығы жайты­ақ оларда анықтап болмас көп мөлшерде осы көптік дүниесімен шектелген тіршілік иелерінің түрлі туабітті жеке бастық қабілет­бейімдеріне сәйкес түрлі тәсілдер болуын діттейді. Білімге апаратын жолдар шындықтың төменгі деңгейлерінде төтенше алуан болуы мүмкін, бірақ, олар жоғарғы деңгейлерге жеткен сайын бір­бірімен жақындаса түседі. Алайда, бұл аралық деңгейлердің барлығы аса қажет дегенді білдірмейді, өйткені, олар өз мәнінде басқа емес. ақырғы мақсатпен ортақ ештеңесі жоқ шарттастырылған әдістер болып табылады. Ой­танымға деген тенденция басым белгілі бір адамдар мұндай амал­тәсілдерге жүгінбей­ақ, интеллектуалды интуиция деңгейіне тікелей жете алады 1212 . Бірақ, олар дара жайттар болып табылады, содан да, әдеттегі жағдайда деңгейден деңгейге біртіндеп көтерілу қажеттігін мойындаған жөн. Бұл мәселені «ғарыштық дөңгелек» дәстүрлі символының көмегімен көрнекілей көрсетіп беруге болады: шеңбер оның орталығының арқасында ғана болымды. бірақ, сол шеңбердегі тіршілік иелері дәл соның өзінен, ал, дәлірек айтқанда, өздері сол сәтте тұрған нүктеден бастауы, осыдан соң радиус бойынша орталығына қарай жүруі тиіс. Бұған қоса, шындықтың барлық деңгейлері арасында болатын сәйкестіктер заңына орай, төменгі рет­жосықты ақиқаттар жоғары рет­жосықты ақиқаттардың символдары ретінде қарастырылып, сол жоғары ақиқаттардың өздерінің түсінілуі үшін «тірек» қызметін атқара алады. Міне, неліктен, кез келген ғылым жоғары, «үйлес» мағынаға — оның өзінде барынан гөрі, неғұрлым терең мағынаны иелене, сакральді бола алады 1313 . Біздің атап өткеніміздей, өрбір ғылым қандай пәнді зерттейтіндігіне қарамастан, дәстүр нормаларымен сәйкестікте құрылып, тәжірибеде қолданылатындығы шартымен сакральді бола алады. Алайда, әлдебір ғылымдардың арасындағы бағыт (сол ғылымдардың) өздері оқып­зерттейтін шындық деңгейлерінің иерархиялық мәртебесімен байланысты өзара­ қатынасын әрқашан ескеріп отырған жөн. Бірақ, шындықтың қандай деңгейіне жатпасын, олардың сипаты да, олардың функциялары да өз мәнінде сәйкес дәстүрлі доктриналармен әрдайым ұштас. Дәл осыны ғылымдар туралы ғана емес, сол сияқты, өнердің алуан түрлері турасында да айтуға болады, өйткені, өнердің әрбір дәстүрлі түрі оған медитация үшін «тірек» қызметін атқаруға мүмкіндік беретін шынайы символдық құндылыққа ие, олай болатыны, өнердегі канондар, ғылымдағы канондар тәрізді, белгілі бір метафизикалық принциптердің бейнеленген және бейімделген көрінісі болып табылады. Сондықтан, әрбір қалыпты өркениетте «дәстүрлі», «сакральді» өнерлер болған, олар туралы қазіргі заманғы Батыс, дәстүрлі, сакральды ғылымдар туралы еш түсінігі жоқ сияқты, дәл солай ешқандай ұғымға ие емес 1414 . Шын мәнісінде, «сакральді өріске» толық негізді түрде қарама­қарсы қоюға болатындай, бүтіндей «қарабайырланған өріс» мүлде болмайды. Тек қана таза надандыққа және қандай да болмасын ақиқи білімдердің жоқтығына барабар «қарабайыр ұстаным», «қарабайыр көзқарас­пікір», «қарабайыр амал­тәсіл» болады 1515 . Осы себептен қазіргі заманғы «қарабайырланған ғылым» толық негізде «надан білім», шындықтың аса төменгі деңгейімен шектелген, сол деңгейдің сыртында не жатқандығы беймәлім ең төменгі рет­жосықты білім атана алады. Бұл ғылымның оған жалпы шынайы білім кешенінде, мейлі, ең шамалы, бірақ, заңды орын беру үшін жеткілікті негіз болар ешқандай жоғары мақсаты, ешқандай жоғары принципі жоқ. Қатыстық және тар салада қайырылмастай тұйықталып, соның аясында өзін тәуелсіз жариялауға ұмтылғандығымен және сондықтан да, трансцендентті ақиқатпен және жоғарғы біліммен барлық байланысты үзуімен бұл ғылым бар болғаны ешқайда жетелемейтін әрі ештеңеге негізделмеген бос та алдамшы жалған­білімнің өзі. Бұл шолу қазіргі заманғы дүниенің ғылым саласындағы құлдыраушылығының дәрежесі қандай екендігін көрсетеді және замандастарымыз сондай мақтан тұтатын осы ғылымның өзі шынайы ғылымның — біздер үшін дәстүрлі және сакральды ғылым сондай болып табылады — азғындауы һәм кері кеткендігі екендігін айқындай түседі. Күллі білім өрісін бір ғана тар саламен (оның үстіне, шындықтың барлық деңгейлері арасындағы ең төменгі саламен, материалдық және сезімдік саламен) заңсыз­құқықсыз шектеушіліктен туындаған қазіргі заманғы ғылым мұндай шектеушіліктің және оның қисынды шүбәсіз салдарының нәтижесінде интеллектуалды құндылық атаулыны жоғалтқан еді. «Интеллектуалды» ұғымын бұл жерде, барлық жердегі дәстүрлі мәтіндердегідей, таза интеллектті ақыл­еске барабар етіп, сонысымен интеллектуалды интуицияны терістейтін рационалистік жаңсақ түсінікке кереғар, оның мейлінше терең әрі ақиқи мағынасында түсіну керектігін тағы бір еске салған жөн. Қазіргі заманғы басқа да жаңсақ пікір­түсініктермен қатар, бұл адасушылықтың да тамыры біз жоғарыда сипаттап өткен ғылымның азғындау себебімен сәйкес келеді: оны бір ғана сөзбен айқындауға болады — «индивидуализм», яғни, тұтастай анти­дәстүрлік тәсілдің мейлінше жалпы формасына бүтіндей барабар тәсіл. Дәл осы индивидуализмнің әр алуан салалардағы көрінімдері біздің дәуірімізге тән сол бір хаосты ахуалдың аса маңызды факторын құрайды. Сондықтан, енді біз индивидуализмді неғұрлым егжей­тегжейлі қарастыруға ауыспақпыз.

Читайте также:  Ы.АЛТЫНСАРИННЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫ

Оставить комментарий