САМАНИЛЕР ӘУЛЕТІ ТУРАЛЫ

Саманилер әулеті жүз жылдан аса билік басында отырды. Осы әулеттің билік құрған жылдары адамзат қазынасына қосылған мұралардың молдығы соншалық талай ғасырлар билік құрған әулеттердің кейбірі олардың орнын баса алмағаны айқын. Саманилер әулетінің билігі тұсында мәдениет пен руханият жаңа белеске көтеріліп, бұрын соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Осы кезеңде дүниеге келген мұралар аймақтық деңгейден асып, әлемдік маңызға ие болды. Сонда Саманилер дәуірінде мәдениет пен руханияттың мұншалықты жоғары деңгейге көтерілуінің құпиясы неде? Бұл сұраққа жауап беру үшін Саманилер әулетінің билік басына келуі тарихын, олардың ұстанған саясатын білуге тиіспіз. Саманилер — «Саман Ходат» деген адамның үрім бұтағы. Саман Ходаттың Әсет атты ұлының 4 баласы боласы болады: Әбу Мохаммад Нух, Әбу Наср Ахмед, Әбу Аббас Яһия, Абул-Фазл Ілияс. Мәмун халиф кезінде (819-822) Нухқа Самарқанды, Ахмедке Ферғананы, Яһияға Шашты, Ілиясқа Гератты басқаруға береді. Ахмет ұлы Нәсірді тақ мұрагері етіп тағайындайды. Саманилер үкіметінің негізін Әмір Исмаил ибн Ахмет (874-907 жж.) қалады. Ол Мавереннахрды қол астына қаратты, Хорасан, Систан, Рей, Қазвин аймағына билік жүргізді, бір кезеңдері Горган мен Табаристанға да үстемдік етті. Исмаил Аббасидтердің қас дұшпаны Саффаридтерті күл-талқан етіп жеңгендіктен Аббасидтер сарайында зор беделге ие болды әрі олар Саманилер әулетін қолдады. Сондықтан Исмаил саяси еркіндікке ие болды, әскери қуатын арттыра берді. Исмаил Самани ержүрек, батыл, тақуа, діншіл адам еді. Исмаил халықшыл әмір ретінде танылды /1/. Ол атына мініп, жалғыз өзі Бұхара қаласын аралап, кедей- кепшіктермен әңгімелесетін, олардың талап-тілектерін тыңдайтын. Ол жыл сайын халықтан жиналатын Бұхара қаласының төңірегінде болған ірі дуалды жөндеуге жұмсалатын ірі қаржының көлемін шектеді. Елде қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі мұндай дуалдың ұдайы жөндеудің қажеттілігін күн тәртібінен алып тастаған еді. Өйткені, Саманилер осы кезеңде шабуыл бағдарын ұстанды, Орталық Азия түріктерінің өз қалаларына шабуыл жасауына алаңдаған жоқ. Себебі, ол кезде басқа әулеттер Саманилерге қарсы тұру қуатына ие болған жоқ. Әмір Исмаил — әділдігімен танылған әмірлердің бірі. Бір күні Рейде салық жинаушының салық алу кезінде таразыдан жеп халықты қинайтынын есітіп, сол мезетте Рейге адам жіберіп, салық жинаушыны орнынан алып, таразы тастарын салық жинаушының кінәсін бетіне басу үшін Бұхараға алдырады. Ол ғылымға бір табан жақын адам еді. Әмір Исмаил туралы жағымды әңгімелер көп. Сол себепті де оның есімі Хорасан мен Иранның түкпір-түкпіріне тарады. Осы орайда Бұхара тәжіктерінің оның есімін ұлықтап, ұлы тұлға ретінде есептеуіне таңқалуға болмайды /2/. Исмаил үстемдік еткен тұста Саманилердің астанасы Бұхара болды, ол қалада Регистан сарайын ретке келтіріп, оның әмірлік басшылары сарайына айналдырды. Мулион сарайын салғызды. Керемет бақтар салып, қала аумағын кеңейтті, медреселер мен мешітер саны күрт өсті. Ибн Сина биографиясына сәйкес, Саманилер қол астындағы ірі қалаларда, оның ішінде Бұхарада өте ірі кітапханалар болған (3). Ибн Сина, сонымен қатар осы қалада қолжазбалардың көп сатылатынын әрі бағасының арзан екенін жазады. Исмаил Самани уақытында Бұхара «қасиетті әрі пәк қала» ретінде танылды, ғылым мен білім ордасы болды. Рудакидің мына өлеңі сөзімізге дәлел бола алады: امروز بهر حالی بغداد بخاراست کجا میر خراسان است پیروزی انجا است «Бүгінде Бағдадтың орнын Бухара басты, Хорасан әмірі қай жерде болса, жеңіс сонда». Ол күшті орталықтандырылған мемлекет құрды, Саманилер әулетінің шекарасын кеңейтті, елде тыныштық орнатты. Мавереннахр мен Хорасанды халифат езгісінен құтқарып, жат елдіктердің шабуылын тойтара білді. «Әмір Қази» атанған, 61 жыл өмір сүріп, оның 34 жылында билік басында отырған әмір Исмаил 907 жылы дүниеден өтеді. Ол Бұхара қаласында жерленді, кесенесі әлі күнге дейін бар /4/. Исмаил Саманидің үлкен еңбегі, ол — шығыс ирандықтарды батыстағы ирандықтармен біріктірді. Осы бірлік оның мемлекетті басқарудағы табыстары мен соғыстағы жеңістері барысында қол жеткізілді. Исмаил ибн Ахмет өлген соң билік басына Ахмет ибн Исмаил (907-914 жж.) келді, ол дұшпандарының қолынан өледі, сол себепті «шаһид болған әмір» деп аталды. Саманилер әулетінің таққа отырған үшінші өкілі Нәср ибн Ахмед (914-943) сегіз жасында әкесінен айрылған Нәсрге өз заманының данышпаны, ғұлама Әбу Абдолла Жиһани уәзір болып тағайындалады. Нәср өмірінің соңында исмаилизм ағымын қабылдады. Бұл суннит ағымын ұстанған оның түрік қызметшілерінің наразылығын туғызды. Нәср патшалық еткен тұста Саманилер әулетінің үстемдігі кең аумақты қамтыды. «Әмір Саид» деген атпен танымал болды. Нух ибн Нәср билік басына келген соң (943-954 жж.) еңбеққор ғұлама Әбу-л- фазл Мұхаммед Ибн Ахмет Салами (лақап аты – Хакім Жәлил) деген адамды өзіне уәзір етіп тағайындады. Әбу-л-фазл Мұхаммед Ибн Ахмед Салами көп уақытын ғибидатқа жұмсап, фикһ саласында кітаптар жазумен шұғылданды, нәтижеде мемлекетті басқару ісі ақсап, Саманилер үстемдігі әлсірей бастады. 42 ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №1 (46). 2009 Одан кейін билік басына Әбдол Мәлек Нух (954-961 жж.), Мансұр ибн Нух (961-977 жж.), Нух ибн Мансұр (977-997 жж.), Нух ибн Мансұр (977-997 жж.), Әбдол Мәлек ибн Нух (999 ж. 2 мамыр — 3 желтоқсан) келді. Әбдол Малек өлген соң өз еңбегі арқасында Нишапурдың әскербасысы қызметіне қол жеткізіп, кейін уәзір болған түрік Алыптегіннің ықпалымен оның ұлы Нәср әмірлікке отырды. Бұл жағдай үкімет ісіне әскербасылардың араласқанын дәлелдейді. Тап осы шара Самани әулеті үстемдігінің әлсіреуіне себеб болды. Самани әулетінің басшылары мен әскербасылары Алыптегінге қарсы шығып, Мансұр ибн Нухты әмір етіп жариялады. Нух ибн Мансұр билік құрған тұста Саманилер үкіметі құрдымға кетті. 999 жылы Қараханидтер Бұхараны басып алып, Әбдол Мәлек ибн Нухтың тақтан түсуімен Саманилер билігі мәңгіге құлады. Саманилер әулетінің биліктен айрылуының себебін халықтың наразылығынан, феодалдық қақтығыс салдарынан, ирандық халықтардың өзара байланысының үзілуінен іздеуіміз керек. Саманилер әулетінің ыдырауы ирандық халықтардың (тәжіктер мен парсылардың) көп ғасырлар бойы мемлекеттік тәуелсіздігін жоғалтуына себеб болды. Ал, осы тәуелсіздікке Араб халифатының шамамен екі жүз жылдық үстемдігінен соң қол жеткізілген еді. Саманилер әулетінің бір ұтқанын тұсы нақты шешім қабылдай алатын әрі жазу-сызуды жетік меңгерген, өз уақытының білгірлері ретінде танылған тұлғаларды уәзір етіп тағайындауы десек қателеспейміз. Олардың қатарына Жейхани, Бәләми және Отби жатады. Саманилер парсы-тәжік әдебиеті мен өнерінің өрісін кеңейтті. Самани әулеті өз билігін жүргізудің бір жолы ұлттық дәстүр мен тілді, мәдениет пен поэзияны көтеру екенін түсінді. Саманилер әулетінің саясаты осыған негізделді, сондықтан ұлттық мәдениетті көтеруші даңқына ие болды. Халық туған мәдениетін сақтаушы десек те, Саманилер оның дамуына айқара жол ашты. Орталық Азияда шығыс ирандықтар (тәжіктер) мен Иранда батыс ирандықтар (парсылар) өзінің ана тілін және поэтикалық дәстүрін сақтап қалды. Саманилер әулеті парсы тілінің дамуына қолдау білдірді. Саманилер өз қуаты мен ықпалын арттыру құралы ретінде халық жоғары бағалаған поэзияның рөлін түсінді, көркем сөздің құрметтелуіне жол ашты. Мұның өзі поэзияның негізінен сарайлық ортада дамығанына қарамастан, ерте классикалық поэзия мен халық шығармашылығының қанат жаюына жол ашты. Саманилердің қолдауы арқасында парсы дари тілі мемлекеттік әдеби тілге айналды. Мавереннахр мен Хорасанда кең тараған парсы дари тілі пехлеви тілінің орнын басты. Айта кетуіміз керек, жаңа парсы тіліндегі барлық поэзияның базасы Орталық Азияда жасалды. Әдеби парсы тілін қалыптастыру, көркем үлгілердің негізгі типтерін жасау Саманилер заманында Бұхара мен Самарқандта жүзеге асты. Осы заманда поэзия әмірлер мен патшалар үшін үгіт-насихат құралы болды. Патшаны мадақтаған бір өлең шығарылған сәтте-ақ осы өлең ауыздан ауызға көшіп, халық арасында кең тарайтын. Саманилер заманында ғалымдар жоғары әлеуметтік және саяси дәрежеге ие болды. Әдебиеттің дамуына Иран мен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық өң өзгерістер мен халықтық күшті қозғалыстардың алғы-шарт әзірлегенін жадымыздан шығармауымыз керек. Әрине, Саманилер кезеңіне дейін де ақындар болды, бірақ Саманилер сарайында X ғасырда әйгілі ақындар жасаған туындылармен салыстыру мүмкін емес. Әрине бұхара ақындары ортасында бірінші орынды Рудаки иеленеді. Балами 892 жылдан бастап Наср ибн Ахмед билігінің соңғы жылдарына дейін Саманилер уәзірі болды. Ол және оның ұлы мәдениет, ғылым мен әдебиеттің дамуына көмектесті. Балами уәзір болып тағайындалған соң әмір Исмаил билігі тұсында Рудакиді шақырған болуы мүмкін /5/. Саманилер өз сарайына сөз шеберлерін жинады. Әмір Нәср заманының ең мықты ақыны парсы сөзінің ұстазы Рудаки еді. Вестник КазНУ. Серия Востоковедения. №1 (46). 2009 43 Ақындар мен жазушылардың легі парсы поэзиясының барлық негізгі жанрларын (касыда, сатира, қыта, рубаи) қалыптастырды. Дакики қаһармандық эпосты бастап берді, оның жұмысын Фердоуси жалғастырды. Самани билеушілері «малек уш-шуара» — «ақындар патшасын» тағайындады. Оның қызметі сарайдағы әдеби өмірге басшылық жасау еді. Алғашқы «ақындар патшасы» Рудаки болды /6/. Сарайда сөз шеберлігін үйрететін мектептер болды. Рудаки Наср II тұсында оның өтінішіне байланысты «Шарап туралы касыданы» жазды, Калила мен Димнаны араб тілінен парсы тіліне аударды. Рудакидің Саманилер сарайында беделінің жоғары болғанын Низами Арузи Самаркандидің (шамамен 1160 ж. қайтыс болды) «Чахор мағале» атты еңбегінен де көреміз: «Наср ибн Ахмад қыс айларын Бұхарада, ал жаз айларын Самарқандта немесе Хорасанның бір қаласында өткізетін. Бір жолы патша Гератқа аттанады. Бірақ Бұхараға қайтуға асықпайды, сонда 4 жыл тұрады. Туған жерін сағынған әскербасылар мен мемлекет қайраткерлері Рудакиге әмірдің елге қайтуына ықпал ету туралы өтінішпен келеді. Рудаки олардың өтінішін қабыл алады. Поэзия тілімен патшаға тіл қатуға шешім қабылдап, таңертең ерте эмирдің жанына келіп, музыкалық аспабы — чангты қолына алып, Бұхараға, тұған жерге деген сағынышты «Мулион» деген өлеңмен жеткізеді. Мулион – Бұхара маңындағы саманидтер әулетіне тиеселі алқап. Өлеңнің мәнін түсінген әмір тақтан түсіп, жалаң аяқ атына секіріп мініп, Бұхараға аттанады». Бұл әңгіме сонымен қатар сарайдағы екі топтың өзара ішкі күресін баяндайды. Бірінші топ, араб халифатының үстемдігін жақтайды, олар астананың Бұхарадан Әмударияның өзге жағына, халифат орталығына жақын жерге көшірілуіне қарсы емес. Екінші топ – отаншыл топ, олар Саманилер астанасының Бұхара болып қала беруін қолдайды. Ал, Рудакидің туған жерге деген махаббатының шексіз екені белгілі. X ғасырдың екінші жартысында Рудаки сарайдан қуылды, оның дүние мүлкі тәркіленді. Ғалымдардың басым бөлігі Рудаки әлеуметтік теңсіздікті ту еткен карматтар қозғалысына қолдау білдіргендіктен сарайдан қуылды деп есептейді. Өйткені, дін өкілдері, түрік әскерлері және аббасид халифатын қолдаушы кейбір мемлекет қайраткерлері карматтар қозғалысының қанат жаюына наразы болды. Самани әмірлері ақындарды ода өлеңдері үшін марапаттауды ұмытқан жоқ. Саяси тәуелсіздік, қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы айтарлықтай жетістіктер мәдениет, ғылым мен әдебиеттің тарауына оң ықпал етті. Ғылым мен өнер адамдары елдің мәдени дамуына үлес қосу үшін Бұхараға ағылды. IX ғасырда сол кезеңдегі ортаазиялық (Бұхара мен Самарқанд) және хорасандық (Балх пен Мерв) екі әдеби ортадағы 50-ден аса ақын классикалық поэзияның негізін қалаған Рудаки ықпалында болды. Екі ғасырға созылған «үнсіздік ғасырынан соң» шығармашылық күштер жедел дамып, кейінгі кезеңде 1,5-2 ғасыр бойы поэзияға күшті ықпалын тигізді. Мына ақындар көш бастады: Абулхасан Шахид ибн Хусейн Джахуданаки Балхи, Абулхусейн Мухаммед ибн Мухаммед Муради Бухараи, Рабиа бинт Каб Каздари Балхи, Абушукур Балхи, Абу Мансур Мухаммед ибн Ахмед Дакики, Абулхасан Мадждадин Исхак Кисаи Марвази. Парсы тәжік поэзиясының «алтын ғасырының» бай мұрасы әлемдік мәдениеттің игілігіне асты болды. Егер VII ғ. ортасынан IX ғасырдың ортасына дейін Иран мен Орта Азия жерінде араб тілі жалпы және жалғыз әдеби тіл болса, Саманилер мемлекетінің саясаты нәтижесінде X ғасырда парсы тілі кемеліне келіп, ирандық халықтар тұратын араб халифатының өзге аймақтарына да тарады, біртіндер араб тілін шетке ығыстыра бастады. Поэзиядан өзге ғылыми прозаның да негізі қаланды. Бәләми «Тарих-е Табари» де тарихи хрониканың алғашқы үлгісін көрсетті. Ибн Синаның «Данеш- наме» атты энциклопедиясы ғылымның барлық салаларының негізгі жиынтығы болып табылады. Бируни астрономияны жазды. Нух ибн Мансур (977-997 жж.) 44 ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №1 (46). 2009 жарлығымен Абу-л Фаварис Канавузи атақты кітап «Синдбад-намені» пехлеви тілінен парсы тіліне аударды. Демек, әдеби өмірді кең түрде дамытудың мүмкіндігі жасалған әрі қамтамасыз етілген еді. Саманидтер әулеті қалыптастырған дәстүрлер Таяу Шығыстың барлық билеушілері үшін үлгі бола білді. X ғасырда Саманилер билігі жүрген аймақта тек грек және сириялық шығармалар аудару дәстүрі жалғасқан жоқ, сонымен қатар құнды шығармалар жазылды. Атақты философтар Абу Бакр Мухаммед ибн Закария Рази (ол сонымен қатар математика, химия, медицина, жаратылыстану салаларында мол мұра қалдырды), Абу Наср Мухаммед ибн Мухаммед ал-Фараби және Абу Али ибн Сина Саманидтер кезеңінде ғұмыр кешіп, еңбек етті. Ибн Сина (980-1037) Самани әміршісін емдеп жазғандықтан қолжазбалар жинақталған мемлекеттік қоймаға кіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізу құқығына ие болды. Ол 18 жасында сол кезде ғылымның бәрін де меңгерді. Ибн Сина шамамен 450 ғылыми еңбек жазған, оның 238-і бізге жетті /7/. Саманилер заманында ғылымның түрлі салалары математика мен астрономия, медицина қанат жайды, география ғылымы да шарықтау шегіне жетті. Исмаил Самани сарайының уәзірі Жейхани көрші елдер географиясы туралы кітап жазды. Өкінішке орай, әлем тарихында өзіндік із қалдырған Саманилер әулетінің ғұмыры ұзақ болмады. «Халық көңілінен шығу үшін мықты, әділ патша керек. Жат елдіктерге тойтарыс беру үшін барлық иран ақсүйектері бірігіп, әділ патша туының астында халықты соңына ерте білуі тиіс. Сонда иран халықтарының тәуелсіз мемлекеті сақталады, әділет үстемдік құрып, мемлекеттің қуаты арта түседі» — деген сол заманда өмір сүрген, Саманилер мемлекетінің ыдырып бара жатқанын білген ғұлама Фердоусидің сөзі тарихтың дегеніне бөгет бола алмады. Қорыта келгенде айтарымыз, Саманилер мемлекеті ғылым мен мәдениеттің дамуына мол үлес қосты, Саманилер туралы зерттеу жұмыстарын жалғастыру Орта Азия тарихының осы бір кезеңін жете түсінуге жол ашады.

Читайте также:  Жетіру тайпасы туралы

Оставить комментарий