Саурық батыр және Сұраншы батыр

Ұлы Сүйінбай ақынның «Ер азамат жауда өлер» деген сөзі бар. Бұл сөзді заман тудырған, яғни сондай қатыгез заман болған. Халық тағдыр сынына өз арасынан ер-­азаматтарын шығарып, лайықты жауап берген. Ұлы Махамбет ақын ол жөнінде ел қорғаған азаматқа байланысты «мұз үстіне от жағып, қу найзаға сүйеніп, құр далада зар қаққан» [1], – дейді. Кез­келген елдің тарихында батыр мен батырлықтың алатын орны бөлек, ерекше. Анығырақ айтсақ қасиетті. Олай дейтініміз жарық дүниеге келген жұмыр басты пенденің Алладан алған сыйы – ол өмір сүру бақыты. Батыр тұлға сол мүмкіндігін саналы түрде өлімге айырбастайды. Өйткені батыр үшін оның өмірінен қымбат нәрсе бар, ол батырдың өзіне қымбат адамдарының, туған елінің өмірі, солардың бақыт­берекесі. Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударайықшы: Саурық батыр да, сол сияқты Сұраншы батыр да өмірмен табиғи өлімдері арқылы коштаспаған, екеуі де шейіт, сыртқы күштердің қолынан қаза тапқан. Басқаша айтқанда, күрделі, жаугершілік заманда ат үстінде елі мен жерін қорғап жүріп өмір сүрген. Ал, Жетісу өңірі іргелі батырлық дәстүрі бар және ол үзілмей, түрлі сындардан сүрінбей өтіп сабақтасып, жалғасып келе жатқан өңір. Түрлі тарихи кезеңдер мен оқиғаларда елі мен жерін қорғаған шапырашты Қарасай, найман Қабанбай, албан Райымбек, жаныс Өтеген, жалайыр Орақ, Бөлек және басқа көптеген ірі тарихи тұлғалар осы батырлық дәстүрдің Жетісу өңіріндегі жарқын көрінісі. Өмірі мен қызметі біз қарастырып отырған мәселенің тақырыбы болып отырған Саурық Ыстамбекұлы мен Сұраншы Ақынбекұлы батырлар Жетісудың төл перзенті шапырашты тайпасынан болғандықтан, қазақтың бұл бұтағында батырлық пен ақындық дәстүрлерінің терең тамыр жайғанын атап айтқан артық емес. Сүйінбай ақын қырғыздың Қатаған* ақынмен айтысында «менің ата тегім жыр болған, жыр мен күйге пір болған, елі бардың ері бар, ері бардың бегі бар, батыры бардың парқы бар» [2], – деп жай айтпаған, өмір шындығына сүйеніп дәлелді, негізді айтқан. Ал осы ұлы жырау Сүйінбай тағы да «бірінші бабам Асылдан», оның немересі «Дәулетбайдан Ер Бөлек, ала бел аты астында, дулығасы басында, қалмақты шауып қоймаған», – деп, одан ары «ер Бөлектің қасында белгілі батыр Ер Санай, қалмақпенен қас болған, қайратына мас болған!» [3], – деп жырлайды. Бұл айтылған ойда мысқалдай да артық сөз жоқ. Шапырашты жұртынан күрделі де қиын тарихи кезеңдерде ел намысын қорғаған батырлар көп шыққан, ал ол батырларын жырына қосып, ардақ тұтып, басына көтерген Сүйінбай мен Жамбыл сияқты алып жыраулары болған. Батырлық пен ақындық егіз.

Мәселе мынада. Батырлық бұл тәнге, тән ірілігіне ғана тиесілі құбылыс емес. Қазақта «батыр бір оқтық» деген мақал бар. Оны дұрыс мақал деп айту қиын. Батыр өлгенмен оның теңдесі жоқ ерлігі, биік рухы ел жадында қалады. Ал ел жадында қалған ерліктің қайта жаңғыру қасиеті бар. Желтоқсанның (1986ж.) батыры Қайрат Рысқұлбекұлының абақтыда жазған мына өлең жолдарына көңіл аударайық: Күнәдан таза басым бар, Жиырма бірде жасым бар, Қасқалдақтай қаным бар, Бозторғайдай жаным бар, Алам десең, алыңдар! Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, «Еркек тоқты – құрбандық », Атам десең атыңдар [4]. Жиырма бірдегі жас жігіттің, бұл жыр жолдарынан анық байқалатыны батырлық бұл ең алдымен рух, жан ірілігі және биіктігі. Рухсыз тән биологиялық масса ғана. Батыр көрсеткен үлгінің қоғамда рухани сілкініс туғызатындығы сондықтан. Батырлық пен рухтың біртұтас құбылыс екендігінің көрінісі, айғағы. Батырлық биік рухтың жұлдызды сәті болса, ақындық батыр көрсеткен ерлікті қоғам тарапынан терең сезіммен қабылдап қорытудың және сіңірудің жинақы көрінісі, соның дәлелі. Батырлық пен ақындықтың тоғысар жері асқар сезім. *Қатаған – ақынның шыққан руының аты, ал оның азан шақырып қойған есімі ­ Арыстанбек Саурық Ыстамбекұлы мен Сұраншы Ақынбекұлының өмір жолы мен қызметі сол елде бар батырлар институты мен дәстүрінің табиғи жалғасы, ел басына күн туған ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы мен орта тұсындағы нақты көрінісі. Халқына, отанына қызмет жасаудың жолдары көп. Ал, бірақ батырлықтың жолы да, орны да бөлек. Батырлық елге қызметтің ең ауыры, сонымен бірге ең қасиеттісі. Батырлық еліңнің еркіндігіне, жеріңнің бүтіндігіне өміріңді арнау деген сөз. Сауырық пен Сұраншы батырлардың қызметінің негізінде міне осы ешуақытта мәнін жоғалтпайтын қасиеттер мен құндылықтар жатыр. Саурық Ыстамбкұлы мен Сұраншы Ақынбекұлы өмір сүрген мезгіл ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы және орта тұсы. Бұл кезде қазақ жерінің біраз бөлігін басып алған Қоқан хандығының билігі оңтүстік­батыста Түркістан қаласынан, шығыста Жетісуды қамтып Балқаш көлі мен Іле өзеніне дейінгі аралыққа жетті. Осы өңірде ол Шымкент, Әулие ата, Меркі, Алмалы (Таушыбек) сияқты елді мекендерді өз бекіністеріне айналдырды.

Читайте также:  Казахское общество в 1920-е гг. -социально-экономическое состояние

Жетісу қазақтарын жергілікті өкілдері­датхалар арқылы басқарды. Қоқанның билігі негізінен алым­салық жинау арқылы жүргізілді. Қоқанның салығы жөнінде албанның ақыны Жанкісі Өтемісұлы өлеңінен мынадай жолдарды оқимыз: Алдына салып айдайды, Ашулансақ байлайды, Хакімі жоқ қазаққа, Теңдік жоқ деп ойлайды. Ел ішінде ажарлы, Қыз, қатынды қоймайды. Жақсыларды сөгеді, Ат үстінен тебеді, Жүрексініп отырмын, Айтар сөзім көп еді [5]. Мұнда берілген фактілерде ешқандай да асыра айту жоқ. Жетісу жұрты құлдыққа көнбесін білдіріп, бір емес бірнеше мәрте Қоқанға қарсы көтеріліске шығады. Өзбекстан Республикасының жаңа тарихында Қоқан бектерінің қазақ жерінде жүргізген бұл қиянатқа толы үстемдігі, өкінішке орай, бір жақты баяндалатындығы байқалады. Мәселен, 2000 жылы жарық көрген «Өзбекстанның жаңа тарихы» аталатын үш томдықтың 1­ ші томында Ресей 1860 жылы Қоқан хандығына қарсы жарияланған соғыс бастап, бұл соғыста қазақ билері Ресей жағына ыңғай танытып, орыс патшасына «егер Бұқара мен Ферғана бір мемлекет бола қалса, іс ауырлана түспек», соған байланысты Ресей үкіметін қазақ жерін қоқандықтардан тезірек тазартуға шақырды деген ойды білдіреді [6]. Кітап авторлары қазақ билерінің бұл ұстанымы туралы айта отырып, сонымен бірге Қоқан билігінің қазақ қоғамына байланысты жасаған түрлі зорлық­зомбылығы жөнінде тіс жарып ештеңе айтпайды. Жетісу жеріне көз салған жалғыз Қоқан хандығы емес­тін. Олардың қатарында көршілерден Қытай және Ресей империялары, сондай­ақ өзімізге жақын қырғыз манаптары да бар еді. 1852 жылдың басында қырғыз манаптары Орман Ниязбекұлы және оның ұлы Үмбетәлі Орманұлы орыс патшасы Николай І­ге мынадай мазмұнда хат жазады: «өткен жылы Ұлы жүздің дулат және албан тайпаларының бір бөлігі Ресейден Қыпшақтарға (қоқандықтарға – авт.) қашып, соның нәтижесінде Алатаудың шығыс беті, яғни Іленің сол жағасы, оған құятын Шарын өзені мен Қаскелең өзенінің батыс беті аралығы бос қалғанын естіп біз өзімізге қарасты халқымызбен кеңесіп, өткен желтоқсанның қарлы суығында Алатау асып, бос қалған қыстаулар мен жазғы жайлауларға келіп қоныстандық» [7], – деп жазды. Одан ары қырғыз манаптары жоғарыда аталған өңірді, яғни Іленің сол жағалауындағы Шарын мен Қаскелең өзендері аралығындағы албан мен дулат тайпалары мекендеген жерді өздері бастап келген ыстықкөлдік қоныстанушыларға біржола бекітіп беруді өтінеді.

Егер осы өтініштері орындалса, онда бұл өңірге Күнгей, Теріскей және Шу бойындағы қырғыз тұрғындары көшіп келуге әзір екендігін, сондай­ақ өздерімен жақын қатынастағы Жұмғал, Қошқар, Нарын және Кетмен­Төбелік қырғыз ағайындарының да мұнда келіп қоныс тебуге даяр отырғандықтарын жеткізеді. Яғни, орыс әкімшілігіне жолданған өтініштің астарында қазақтың ұлы жүздік дулат бөлігінің атамекенін қырғыз қоныс аударушыларына бекітіп беруді сұрау жатқанын түсіну, әрине, қиын емес. Манаптардың бұл өтінішіне орыс әкімшілігі қандай жауап берген еді? Батыс­Сібірдің генерал губернаторы Г.Х. Гасфордтың 1852 ж. 11 мамырда Ресей Сыртқы істер Министрлігіне қырғыздар мен ұлы жүз қазақтарының арақатынасына байланысты жазған хатында: «…1847 жылы Кенесары Қасымовқа қарсы қырғыздардың қолын бастап, бүлікшілді жойып, сол үшін де патша ағзамнан алтын медаль алған Орман манап өзін Ұлы Мәртебелім Императордың боданы санайды. Сөзсіз, егер ол ат салысып Кенесарының басын алмағанда ісіміздің біз үшін жайсыздау сипат алуы әбден мүмкін еді», – деп көрсетіп, одан ары «Орман манап сұрап отырған жерді оған беру Іленің сол жақ бетіндегі жерлерін тастап қыпшақтарға көшіп кеткен қазақ болыстарын жер қадірін түсінуге мәжбүр еткен болар еді, сондай­ақ олар қара­ қырғыздардан қорғай алатын біздің де бағамызды білер еді» [8], – деп жазды. Саурық Ыстамбекұлының өзін білікті саясаткер би және батыр ретінде көрсеткені тура осы Жетісу үстіне бұлт үйірілген тарихи кезеңге тұс келеді. Саурық айтқан деген Жамбылдан қалған сөз бар. Онда «жер бетінде Орман ханнан асқан опасыз болмас, ол адамның сұмпайысы, сөзінде пәтуә жоқ», – деген тұжырым айтылған. Батыр бұл пікірін Орман манаптың орыс билігіне сүйеніп дулат тайпасының жерін тартып алу үшін жасаған әрекетіне байланысты айтқан болу керек. Орыс билігімен бәтуаға келіп Шудың арғы бетінен өз ата қонысына оралған дулат жұртының Орман манаптың қолдарымен егеске түсетін оқиғалары осы мезгілге тән деп тұжырымдауға негіз бар. Халық ақыны Әбдіғали Сариевтің «Саурық батыр» аталатын тарихи жыры бар. Міне осы жырда Саурық батыр бастаған шапыраштылар қолы найман тайпасының Артық атты батырының шақыруымен Алтын Емел тауында Ерентал ояз бастаған орыс қолымен шайқасқа түседі. Жырда Саурық бастаған қол 3 мың адамнан тұрғандығы айтылады. Бұл шайқасқа Артық батыр, Саурық батырмен бірге Байсейіт батыр* бастаған қол да араласады. Осы жырдың тарихи оқиғалық негізгі, арнасы бардай көрінеді. Жырда аталатын Ерентал осы мезгілде Жетісудағы патшалық әкімшілік қызметінде болған Рейнтель атты орыс офицерін еске cалады [9].

Читайте также:  Библиялық мифтердің және әлемдік мифологияның ұқсастығы

Бұл, әрине, арнайы, ізіне түсіп зерттеуге лайық сюжет. Қырғыз тарихшысы Белек Солтоноев «Қызыл қырғыз тарихы» атты еңбегінің екінші кітабында Саурық батырдың өлімін мынадай оқиғамен байланыстырады. Қырғыздың солто тайпасының басшысы Чынғыш батыр 70­80 жігіттерін барымталап жылқы айдап қайтуға Саурықтың еліне аттандырады. Қырғыз қолын Күрпік және Самақ дегендер басқарады. Олар Саурық батырдың ауылына келіп 700­дей жылқысын қырғыз жақ бетке қуа жөнеледі. Барымташылардың артынан 100 шақты қазақ жігіттері қуып шығады. Әйелінің «сауытыңды киіп шық» дегеніне құлақ аспай «Қойторы» атты арғымағын мініп тұра шапқан Саурық барымташыларға бірінші болып жткенде қырғыз Самақ пен Күрпік Саурықты бірден танып, астындағы атын құлатып, жаяу қалған Саурықты найзамен түйреп өлтіреді [10]. Бұл оқиға шамамен ХІХ ғасырдың 54­55 жылдары орын алған сияқты. Жамбыл ақын Саурықтың батырлығына мынадай баға берді: Мың қарғаның тұяғы, Бір тұйғынға өтпейді. Тамам қарға жиналса Бір сұңқарға жетпейді. Саурықтай ер батырым, Маңдайына бақ берген, Дұшпанды көрсе өршігіп, Талқандауға тап берген [11]. Сұраншы Ақынбекұлы Саурық батырдан шамамен бір мүшел кіші [12]. Ел арасындағы дерек солай дейді. Осы арада мынадай бір жағдайды айта кеткен жөн. Шежіреде Қарасай, одан Түрікпен, одан Дәулет, одан Кәшке, Кәшкеден Ыстамбек, Ыстамбектен Саурық. Дереккөздері Саурық пен Сұраншыны Кәшкеден таратады. Бірақ Сұраншының әкесі Ақынбектің Ыстамбекпен туыстық жақындығы жөнінде дәлдік жетіспейді. Біздің байқағанымыз Сұраншы батыр ағасы Саурық батырға қарағанда жазба дереккөздеріне көбірек ілінген. Өйткені батыр орыс әкімшілігімен өзара қатынасқа белсенді түрде және жиі қатынасқа түскен. Бұл, әрине, арнайы зерттеуге алынатын тақырып. Бұл ретте біздің байқағанымыз мынау: Саурық батырдың белсенді қызметі Қоқан хандығы билігінің бастапқы кезеңіне, сондай­ақ Жетісу жері үшін Орман манап бастаған қырғыз күштерімен күрес кезеңіне тұс келсе, Сұраншы батырдың қайраткерлігі Ресей билігінің Жетісу жері арқылы Орта Азияны өзіне қосып алу үшін нақты әрекетке көшкен жылдарына сәйкес келеді. Сұраншы батырдың еліне қысқа мерзімге болса да өздерінің ата мекенін тастап Шу мен Талас өзендері арасына ығысуы жеңілге түскен жоқ еді. Бұл жоғарыда айтылғандай, шамамен 1851 жылдың екінші жартысы болатын.

Атамекен қонысынан айырылып қалу қаупін сезінген олар 50­ші жылдардың соңына қарай орыс әкімшілік орындарымен байланыс орнатып, нақты әрекетке көшеді. Оны мынадай фактілерден байқаймыз. Жазушы Сергей Марков Шоқан Уәлихановтың өміріне арнаған шығармасында Сұраншы Хакімбекұлының 1859 жылы Колпаковский мен саяхатшы­географ Венюковқа Шу отрядын ұйымдастыруға үлкен көмек көрсеткендігін айтады. Келесі 1860 жылы жергілікті орыс әкімшілігінің ұсынысы бойынша Петербург осы еңбегі үшін Сұраншы бастаған бірнеше қазаққа алғыс жариялап, оларды үлкен күміс медальмен марапаттайды [13]. Міне осы жылдан бастап Жетісудың атақты батыры мен Алатау округының бастығы өзара достық қатынас орнатып, ағымдағы мәселелерді хат арқылы шешіп отыруға күш салады. 1860 жылы әлі де елімен бірге Шудың батыс бетінде жүрген Сұраншы батыр приставқа жазған хатында Қоқан әскеріне қарсы өз жігіттерімен орыс қолдарына қосылуға даяр екендігін білдіріп: «Менің өзіңізге тек шындықты айтатыным есіңізде болар. Мен тек шындықпен ғана өмір сүретін адаммын. Маған қазір де толық сенуіңізге болады. Ал біз қазір сыртта жүрсек те өзіңізге берген сөзімізді бұзған жоқпыз, өйткені біздің сізге деген ықыласымыз әлі де сол қалпында. Бұл берілген хаттан Сұраншы батырдың дархан көңілді, сөзіне берік адал тұлға екендігін аңғару қиынға түспейді. Батырдың мұндай қасиетін байқаған Г.Колпаковский де жылы хатпен жауап береді: «Сенің хатыңды алып жауап жазғанша асықтым – деп жазады ол. Құдияр (Құдияр Сауранбайұлы Сұраншының қырғыз досы – авт.) екеуің барлық жұрттарыңмен (Шудың шығыс бетіне – авт.) көшіп келсеңдер дұрыс болар еді. Мен сендерді бұрынғыдай құрметпен қарсы алуға әзір екендігіме сендіргім келеді. ….Ташкенттен Қоқанның қолы шықанын хабарлағаныңа көптен­көп рахмет. Олар өздерінің Пішпегін қорғап қалмақшы, не болмаса сендерден зекет жинамақщы. Ол жөнінде өзіңе белгілі, біз оларды Қара Қастекте үйретіп жібермеп пе едік. Егер маған адам жіберсең Қастек арқылы жібер, сонда мен сенің адамың екендігін білемін, ал басқа жақтан келгендерді біз жау санаймыз.

Өзіңе денсаулық тілеуші Г.Колпаковский» [15]. Алатау округы бастығының тікелей ұсынысы бойынша Сұраншы батыр ел­жұртымен көп ұзамай­ақ өз ата қонысына қайта оралады. Сұраншы мен Саурық батырлар Қоқан бектерінің Жетісу еліне жасаған қиянатын кешірген жоқ. Мәселен, 1853­1854 жылдары жергілікті халықтың наразылығына басуға келген адамнан тұрған Қоқан әскері қазақ пен қырғыздың ауылдарын аралап, бағынғысы келмегендерді қатал түрде жазалайды. Міне осы тұста Сұраншы батыр дулат, шапырашты, жалайыр ауылдарының басын қосып, олардан сарбаздар жинайды. Соның нәтижесінде батыр бастаған үш мыңға жуық қол Сарыкемер шатқалында Қоқан әскеріне үлкен соққы береді. Міне осы оқиғаға байланысты Г.А. Колпаковский Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордқа жолдаған хатында: «Сұраншы батыр бізге дос, әрқашан 2 мың сарбаздарымен көмекке келуге даяр» [16], – деп хабарлайды. Г.А.Колпаковский хатында бұл жігіттердің майдан даласында кәсіби әскерден кем еместігін мойындап, басшылары Сұраншы батыр сияқты ержүрек, картеч пен ядро астында тайсалмай жауына шабуылдар жасай алатындығын зор ризашылдықпен атап өтеді. Ал Сұраншының өзі Алатау округының бастығына: «өзіңізге белгілі мен Қоқанның көп әскерінің қоршауында қалып жүріп те талай жеңіп шыққанмын. Мұнда (яғни Шудың шығыс жақ бетін айтып отыр – авт.) келген соң да қоқандықтарға бірнеше мәрте соққы бердім», – деп жазды. Сонымен, дерек көздерінің көрсетуіне қарағанда 1851 жылдың шамамен екінші жартысында Іле өзенінің сол жақ беті, оған құятын Шарын өзені мен Қаскелең өзенінің батыс беті аралығындағы дулат тайпасының құрамындағы албан, шапырашты, ботбай және қасқарау руларының Диқанбай Қапсаланұлы, Сұраншы Ақынбекұлы, Әділ Сұлтанұлы бастаған бөлігі шұғыл түрде Шу және Талас өзендері аралығына қоныс аударады.

Читайте также:  Орыс демократиясы туралы

Бұған себепші болған жағдай осы, яғни 1851 жылы 7 маусымда Қоқан хандығына қарасты Алмалы бекінісінің подполковник Карбышев бастаған орыс әскерінің қолына өтуі еді. Ал жоғарыда Шу өзенінің сол жақ бетіне ығысқан дулат тайпасының құрамындағы ауылдар 1850 жылы Алмалы (Тойшыбек) бекінісін алуға келген капитан Гутковский бастаған отрядқа қарсылық көрсеткен болатын. Ал жаңа қалыптасқан саяси жағдайда олар орыс әскері тарапынан болуы мүмкін түрлі зорлықтан қаймыққан еді [17]. Міне, осы кеткеннен олар он жылдам астам уақыт үйреншікті атамекен жеріне келе алмай Шудың сол жақ бетінде жүре тұруға мәжбүр болды. Тек 1860 жылы болып өткен Ұзынағаш шайқасы нәтижесінде Қоқан хандығының Жетісудағы билігі біржола әлсірегеннен кейін ғана дулат тайпаларына өз атамекеніне қайтып оралуға мүмкіндік туады. Ал осы дулат тайпаларының өздерінің дәстүрлі ата қоныстарына қайта оралуына Сұраншы батырдың ерекше зор үлес қосқанын тарихи дерек көздері арқылы көз жеткізуге болады. 1860 жылы желтоқсанда Батыс Сібір Генерал губернаторы Ұлы жүздің билеушілеріне (Әли, Тезек, Жанғазы, Сары, Атамқұл, Тазабек ж.б.) Ұзынағаштағы орыс әскерінің жеңісіне байланысты арнайы жолдауын жіберіп, онда екі әскер арасында орын алған шайқас үшін кінә орыс жағында емес, керісінше «орыс иелігіне басып кірген» қоқандық жақта екендігін, сол үшін де оның жазаланғандығын, ендігі уақытта өңірде орыс билігі орнағанын, осы аса маңызды өзгерісті өз қарауларындағы қазақ еліне мәлімдеуді талап етті. Жолдаудың соңында қазақтардың «бұрын жасаған қылмыстарының кешірілгендігі» айтылды [18]. Бұл жағдай Шудың батыс жақ бетіне көшіп барғандар үшін шығыс жақ беттегі өз қоныстарына оралу мүмкіндігін туғызғандай еді. Бұған қосымша Алатау округы қазақтарының бастығы Колпаковский беделді ру басыларына арнайы хат жолдап, оларды соңына ерген ауылдарымен өз қоныстарына оралуға шақырды. Мәселен, ол 1861 жыл 10 наурызда ботбайлардың биі прапорщик Диқанбай Қапсалановқа жазған хатында: «Сенің немерең – Қожағұл сен Шудың арғы бетінде жүрсең де бәрібір бізге суи қоймағаныңды, сенімді екеніңді жеткізді. Сонымен бірге біз жаққа көшіп келуге жүрексінетініңді де айтты. Мен сенің ешқандай кінәң болмаса да неге қорқатыныңды түсінбей­ақ қойдым. Орыстар сендерді сарттардың үрей туғызып, өздерімен бірге ала кеткенін білмейді деп ойласын ба? Орыстың нан­тұзын есіңе ал, сонда біздің сенің жасыңды силағанымыз және қазір де силайтындығымызға көзің жете түседі. Сен бізден құрмет болмаса, жамандық көрген жоқсың, ал мен саған болашақта да сол жағдайда болатындығыңа уәде беремін. Сондықтан да мен саған сарттарға түрлі сылтау айтып бұрынғы ата­бабаң жатқан қоныстарыңа қайта оралуға кеңес беремін. Біз бұрын болған нәрсенің бәрін де ұмыттық. Сондай­ақ, тек саған ғана емес, басқаларға да біздің Государь (жоғарғы билеушіміз – авт.) өзінің кешірімін жария етті. Менің атымнан осы сөзді Сұраншыға да айтып, құрметімді жеткіз. Орыстардан қорықпа, мұнда көшіп кел! Бізден сен қорғаушыларды табасың, ал сарттар болса сендерге тек жамандық пиғылда. Қара Қастекте олардың дәрменсіздігіне көзің жеткен де болар» [19], – деп жазды. Алатау округының бастығы осы мазмұндағы хатты Сұраншы батырдың өзіне де жолдайды. Хатта ол «Шудың арғы бетіне өткен көш үшін мен сені айыпты санайды екенмін дегісі келетін сұлтандар мен қазақтарға сенбе. Бәрі де көз алдыңда. Нарбота, Керім, Диханбай және басқалар сен сияқты еріксіз сарттармен араласты, бірақ та мұнда қайта оралып ешқандай да жамандық көрген жоқ қой, сондай­ақ, сен де жақсылықтан басқа ештеңе көрмейсің, ал мен саған ешқандай да зауал тигізбеуге уәде беремін. Соған байланысты мұнда көшіп келемін деген ниетің болса асық, егіске жарамды жер және қоныс алып қал» [20], – деп көрсетті.

Оставить комментарий