Саясат азаматтардың құлқы жөнінде қам жеуі керек

Халықтың құлқын қалыптастыруға нақ саясат міндетті; саясат олардың бойында өздерінің өмірі мен қауіпсіздігін қолдап, сақтау үшін, елдің гүлденуі үшін қажет қабілеттерді тәрбиелеуге тиіс. Егер халық саны мемлекет үшін аса маңызды болса, заңдар некені адамдар үшін қасиетті де қымбат етеді. Заңдар ізгі ниетті әкелерді мемлекетке адал бодандар тәрбиелеуге мүдделі етеді және бағынуды балалардың міндеті етеді, бұл олардың өздеріне берілмек білімді алуы үшін қажет. Заңдар азаматты алғыскер болуға итермелеуге және оны, жақсылыққа жамандығы үшін жазалауға тиіс, өйткені жақсылыққа жамандық қоғам мүшелерін тек жақсы дәнекерлермен біріктіретін сезім ­ адамдардың бойындағы бір­біріне тілектестік сезімін сөндіруі мүмкін. Әділетті заңдар ғылымды, өнерді және шын пайда әкелетін барлық білімдерді көтермелеп отырады; заңдар бодандарға әділетке сүйіспеншілікті сіңіреді, ол сүйіспеншілік олардың ортасынан алдауды, жалғандықты және адамдардың арасында сенімсіздік тудыратын басқа да міндерді аластайды. Үкімет үшін шапағатшыл азаматтарды басқару маңызды; мүшелері азғындаған қоғамды басқарудан қиын ештеңе жоқ.

Азаматтарды тәрбиелеу үшін олардың түсініктерін тазартып, ізгілендіру қажет; надандық пен соқыр сенімдер тек қана пасық адамдарды туғызады. Заңдар қоғамдық пікірді бағыттап, оның заңға үстемдік етуіне жол бермеуге тиіс. […] Қысқасы, үкімет тәні мықты да дені сау адамдарды өсіру қамын ойлауға тиіс. Ол бұған молшылық пен дәулетті қамтамасыз етіп, азаматтарды дене тәрбиесіне үйрете отырып, олардың тұрмыс жағдайын жақсарта отырып қол жеткізеді. Ол бодандарына салауатты инсаниятты тағлым ете отырып, оларда жақсылық істеу дағдысын қалыптастыра отырып, жамандықтан қатты қорқыныш тудыра отырып және мақтаулы істері үшін көтермелей отырып, олардың жүректеріне жол табады. Ақыр соңында, азаматтар мемлекеттің тірегі болуы үшін үкімет оларға қажет білім беру арқылы олардың парасатын тәрбиелейді. Осы заманғы үкіметтердің көпшілігінің соншалық маңызды нәрселер жөніндегі масқара немқұрайдылығынан басқа ештеңе де көп таң қалуға лайық емес; Еуропада саясат азаматтарды тәрбиелеумен байыпты айналысатын бірде­бір, қайталап айтамын, бірде­бір ел жоқ. Тәннің шынығуы үшін гимнастика енгізілген, жүрегіне ізгілік егетін шынайы инсаният енгізілген елді еш жерден көрмейміз. Ал ғылымға келсек, ол аты­жөні беймәлім бірнеше азаматқа басы бүтін еншілеп берілген сияқты, оларды, мемлекет ешқашан кеңесуге де шақырмайды. Сондықтан, замандастардың арасында барлық жерде тек әлжуаз, білімсіз және ізгіліктен ада адамдарды ғана көретініңізге таң қалатын ештеңе жоқ. Біз мақтан тұтатын танымдарға қарамастан, мемлекет басқару туралы ғылым әзірге өте төмен деңгейде тұр.

Читайте также:  ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

Оставить комментарий