Саяси экономия туралы

«Экономия» немесе «ойкономия» сөзі үй және заң деген сөздерден шығады және өзінің түпкі мағынасы бойынша бүкіл отбасының жалпы игілігі үшін үйді ақылға сай және заңды басқару дегенді ғана білдіреді. Бұл терминнің мағынасы кейінірек Мемлекетті білдіретін үлкен отбасын басқаруға да тарады. Бұл екі мағынаны айыру мақсатында, аталмыш соңғы жағдайға қатысты экономияны жалпы немесе саяси экономия деп, ал бастапқы жағдайға қатысты үй немесе жеке экономия деп атайды. Бұл мақалада әңгіме тек саяси экономия туралы болады. Көптеген авторлардың тұжырымдауына сәйкес, егер Мемлекет пен отбасының арасында осындай ұқсастық болғанның өзінде, онда мұның өзінен бұл екі қауымдастықтың бірінде қабылданған жүріс­ тұрыс ережелері оның екіншісінде де қолдануға қолайлы деген түйін шығар еді. Бірдей тәртіппен басқарылатындай болуы үшін бұл қауымдастықтар өздерінің көлемі бойынша мейлінше айрықшаланады, және әдетте әке барлығына өзі көз жеткізе алатын үйді басқарушылық пен билеуші барлығын дерлік тек басқаның көзімен көретін азаматтық басқарушылықтың арасында әрдайым орасан зор айырмашылық болады. Істің бұл жердегі мән­жайы бірдей болуы үшін әкенің дарыны, күші мен қабілеттері отбасының ұлғаюына қарай пропорционалды түрде өсуі қажет болар еді және құдіретті монархтың жаны қарапайым адамның жанына осы билеушінің иеліктерінің көлемі бір жеке тұлғаның иелігінің көлеміне қатынасындай болып шығуы тиіс еді. Алайда, қалайша Мемлекетті басқару өзінен негізі мүлдем басқа отбасыны басқаруға ұқсай алады? Физикалық тұрғыдан алғанда балаларға қарағанда әке қашанда күштірек, және сондықтан оларға қашанға дейін қолдау қажет болғандығына орай әкелік билікті табиғаттың өзімен бекітілген деп әділ түрде есептеуге болады. Ал мүшелері жаратылысынан тең болып келетін үлкен отбасында көбіне өз бетімен бекітілетін саяси билік тек келісімдерге ғана негізделе алады. Балаларға деген әкенің үстемдігі олардың өздерінің пайдасы үшін бекітілген және сондықтан да, нәрселердің қисынына қарай, өмір мен өлім құқығын енгізе алмайды; жоғары билік болса, оның жалпы игіліктен өзге мақсаты болмағандықтан, дұрыс ұғынылған қоғамдық пайдадан басқа шектері болмауы тиіс: бұл айырмашылықты мен кезегі келгенде түсіндіріп беремін. Әкенің міндеттері оған табиғи сезіммен және мойынсұнбауы өте сирек кездесетіндей зілмен егілген. Билеушілерде бұл ережеге ұқсайтындай ештеңе жоқ және олар халықпен қатынасында өздерінің халыққа берген уәдесімен ғана байланысады, ал ол уәденің орындалуын халық талап етуге құқылы. Тағы бір одан да маңызды айырмашылық — балалардың әкесінен алғаннан басқа ештеңесі де жоқ және сондықтан меншіктің барлық құқықтары соған тиесілі екендігі немесе содан туындайтындығы айдан анық. Үлкен отбасындағы мән­жай бұған мүлдем қарама­қарсы, өйткені мұндағы жалпы басқару осы басқарудың бұрын пайда болған жеке адамдардың меншігін қамтамасыз ету үшін ғана бекітіледі. Бүкіл үйдің еңбек етуінің басты мақсаты әкенің жиған дәулетін сақтау және көбейтумен түсіндіріледі, себебі әке уақыты келгенде әрқайсысының үлесін кемітпей бұл байлықты балаларына бөліп беруі керек, ал қазынаның байлығы болса — бұл көбіне мейлінше кері ұғынылатын, жеке тұлғалардың бейбітшілігі мен тоқшылығын сақтаудың құралы ғана.

Бір сөзбен айтқанда, шағын отбасы күндердің күнінде жойылып, өзі сияқты бірнеше өзге отбасыларына ыдырап кетуге көндіккен, ал үлкен отбасы тек бір жағдайда ұзақ өмір сүруге негізделген және сондықтан шағын отбасының өсімі үшін оның ұлғайғаны тиімді болса, үлкен отбасы үшін оның сақталғаны жеткілікті, тіпті, оның үстіне, кез келген ұлғаюдың ол үшін пайдасынан гөрі зиянды екендігін оңай дәлелдеуге болады. Істің мән­жайының өзінен туындайтын көптеген себептер бойынша, отбасында бұйрықты әке беруі тиіс. Біріншіден, билік әке мен шешенің арасында теңдей бөлінбеуі керек, бірақ басқару бірегей болуы қажет және де пікірлер алшақтағанда бір дауыс басым және шешуші болғаны абзал. Екіншіден, әйелдерге тән мезгілінде болатын сырқатты біз қаншалықты жеңіл деп қарасақ та, бұл беймазалық бәрібір оларға белгілі бір кезеңде әрекетсіздік туғызады: бұл осы істегі үстемдікті оған беріп қоймаудың жеткілікті негізі, өйткені барынша тепе­теңдіктің өзінде таразы басын бір жағына аудару үшін жалғыз тал сабанның өзі жетіп жатыр. Оның үстіне ері әйелінің жүріс­тұрысын қадағалау құқығына ие болуы тиіс, өйткені оның өзі мойындауға және асырауға мәжбүр болатын балаларының басқа біреуге тиесілі емес екендігіне сенімді болуы маңызды. Мұндай нәрседен қауіптенбеуге тиіс әйелдің өз еріне қатысты мұндай құқығы болмайды. Үшіншіден, балалар әкесіне бастапқыда қажеттіліктің, кейінірек ырзашылықтың нәтижесінде бағынуы керек: өз өмірінің бірінші жартысы бойында өз мұқтаждықтарына керектінің барлығын онан ала отырып, олар өмірдің екінші жартысын әкесіне қажет нәрсенің бәрін жеткізіп беруге арнауы тиіс. Төртіншіден, қызметшілерге келсек, олар да сол сияқты жалдаудың шарттары оларды қанағаттандырмай, оларды бұзатын кезден басқа жағдайда оған өздерін асырағаны үшін қызмет етуге міндетті. Мен құлдық туралы еш нәрсе айтып отырған жоқпын, себебі ол жаратылысқа жат және ешқандай құқық оны заңдастырып бере алмайды. Саяси қоғамда мұндай ешнәрсе де жоқ. Билеушінің жекелеген тұлғалардың бақытына табиғи мүддесі жоқтығы былай тұрсын, кей жағдайларда ол, тіпті олардың бақытсыз болғанының өзінен өз пайдасын табуға ұмтылады. Егер магистратура мұрагерлікпен берілсе, онда кейде балдырған бала ересектерге бұйрығын жүргізеді, егер магистратура сайланбалы болса, онда сайлау өткізу барысында сан мыңдаған қолайсыз сезімдерді бастан кешіреді: бұл екі жағдайда да әке беделінің барлық басымдылықтары жойылады. Егер сізде тек бір ғана билеуші болса, онда сіз өзіңізді ұнатуға ешқандай негізі жоқ қожайынның құзырына берілесіз; егер сізде бірнеше билеуші болса, онда сізге бір мезгілде олардың тираниясына да, олардың өзара қырқысына да төзуге тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, зиянды пайдаланушылықтан құтыла алмайсыз, ал бұлар қоғамдық мүдде мен заңдардың ешқандай табиғи күші болмайтын және олар билеушілер мен мүшелердің жеке мүддесі мен құмарпаздықтарымен үздіксіз басып жаншылатын кез келген қоғам үшін қауіпті салдарлар. Отбасы әкенің әрекеті мен бірінші магистрдің әрекеті тек бір ғана мақсатқа бағытталуы керектігіне қарамастан, олардың жолдарының айырмашылығы, олардың міндеті мен құқықтарының сәйкессіздігі соншалықты, өз ойында қоғамның түпкі заңдары туралы жалған көзқарастар қалыптастыру арқылы және адамзат тегі үшін қатерлі адасушылыққа түсу арқылы ғана оларды бірдей деп қарастыруға болады. Шындығына келгенде, егер табиғаттың дауысына құлақ түрсек — бұл өз міндеттерін жақсы орындайтын жақсы әке ден қоятын пайдалы кеңес болса, ал магистрат үшін табиғаттың бұл кеңесі — оны өз міндеттерін орындаудан басқа жаққа бұрып әкетуге үздіксіз жұмыс жасайтын жалған кеңесші, егер де магистратты ең адал асқақ қасиеттер ұстап қалмаса, бұл ертелі­кеш оны күйретуге немесе Мемлекетті күйретуге әкеледі. Жанұяның әкесіне қажетті жалғыз сақтық, бұл — өзін күнәһарлықтардан алшақ ұстау және өзінің табиғи бейімділіктерінің бұзылуына кедергі жасау, бірақ дәл осы табиғи бейімділіктер магистратты анайы жолға түсіреді.

Читайте также:  Нәсілдердің психологиялық белгілері

Жақсы қылық жасау үшін жоғарыдағының біріншісіне өз жүрегінің үніне құлақ түруі қажет болса, екіншісі сол жүрек үнін тыңдаған сәтте­ақ сатқын болып шыға келеді: оның зердесінің өзі ол үшін күдікті болуы тиіс, және ол сондықтан Заңды білдіретін қоғамдық зердені ғана басшылыққа алуы керек. Міне сондықтан табиғат жанұялардың көптеген жақсы әкелерін қалыптастырды, бірақ әлем өмір сүргелі бері адамзат даналығы тек аздаған ғана жақсы магистраттарды жаратты. Менің осы баяндағанымның барлығынан қоғамдық экономия мен жеке экономияның арасындағы айырмашылықтың толық негізде жасалғандығы туындайды және Азаматтық қауым мен отбасы өз қауымдарын бақытты етуге байланысты басшыларының мойнына алатын міндеттерінен басқа олардың арасында ешқандай ортақ нәрсе болмағандықтан, олардың құқықтары да бір қайнар көздерден шыға алмайды, сондай ­ ақ екеуіне бірдей сай келетіндей жүріс­тұрыс ережелері де болмайды. Мен осы жазған бірқатар сөз жолдарым кавалер Филмердің/1/ өзінің Patriarcha деп аталған шығармасында бекітуге тырысқан және көпке танымал екі атақты адамның/2/ бұл кітап бойынша жауап жазып, шектен тыс көрсеткен құрметіне ие болған жиіркенішті теориясын теріске шығаруға жетер деп ұйғардым. Шындығында, бұл — мейлінше көне адасушылық, өйткені тіпті Аристотельдің өзі де өз «Саясатының» кейбір жерлерінде осыған сүйенеді де, басқа жерлерінде бұл адасушылыққа тойтарыс беруді дұрыс көреді. Мұның үстіне мен Басқарушылық деп атаған және сол туралы сөз қозғап отырған қоғамдық экономия мен Суверенитет (Егеменділік) деп атаған жоғары биліктен барынша айқын ажыратуды оқырман қауымнан өтінер едім. Бұл айырмашылық олардың біріне заң шығару құқығы тиесілі болып, оның кейбір жағдайларда тіпті бүтіндей Ұлттың өзіне міндеттіліктер жүктесе, ал екіншісіне тек атқарушы билік тиесілі болып, оның тек жеке тұлғаларға ғана міндеттіліктер жүктей алатындығымен сипатталады. Кәдуілгі және көп жағдайларда дәл болмағанымен, мені жақсырақ түсінуге септігін тигізетіндей мынадай салыстырманы бір сәтке қолдануға рұқсат етіңіздер. Жекелей түрінде алынған саяси организмді адам организмі тәрізді мүшелерден тұратын тірі организм ретінде қарастыруға болады. Жоғары билік — бұл оның басы; заңдар мен әдет­ғұрыптар — органдары, оның соттары мен магистраттары болып табылатын ерік пен сезімнің, пайымның мекені және нервтердің негізі болып саналатын ми; сауда, өнеркәсіп пен ауыл шарушылығы — бүкіл осы организм үшін азық дайындайтын оның ауызы мен асқазаны; қоғамдық қаражаттар — бұл бүкіл денеге азық пен өмір тарату үшін жүректің қызметін атқарып тұрған данышпан экономияның қуып айдайтын қаны; азаматтар — осы машинаға қозғалыс пен өмір беріп, оны іс­әрекетке келтіретін оның денесі мен мүшелері және егер жануар сау қалыпта болса, ауыру сезімі бірден миға жетпей, бұл мүшелерді кез келген бөлігінде болмасын жарақаттауға болмайды. Біріншісінің де, екіншісінің де өмірі — бұл мен, бүтін үшін ортақ нәрсе, барлық бөліктердің ішкі сәйкестігі мен өзара сезімталдығы. Егер бұл таралым тоқтаса, егер форманың тұтастығы ыдырап, шекаралас бөліктер бір­біріне бастапқыдай тиесілі болмаса, онда адам өледі немесе Мемлекет құлайды. Саяси организм — бұл, демек, ырыққа ие шартты қоғам және қашанда бүтін мен оның әрбір бөлігінің игілігін сақтауға және қамтамасыз етуге бағытталатын, сондай­ақ заңдардың қайнар көзі болып табылатын бұл жалпы ырық осы мүшелерге және Мемлекетке қатынасында Мемлекеттің барлық мүшелері үшін әділет пен әділетсіздіктің өлшемі болып табылады: айта кететін бір нәрсе, осы ақиқат Лакедемон жеріндегі балалардың өздерінің мардымсыз түскі асына жетуі үшін мәжбүрлікпен баратын қулықтарын көптеген авторлардың ұрлық ретінде қаншалықты негізде қарастырғанын көрсетеді; Заңның барлық бұйырғаны заңды емес бола алатыны тәрізді. Осы мақалада жалғаса түсетін бұл ұлы да анық ұстанымның бастау көзін «Құқық»/3/ мақаласынан қараңыздар. Барлық азаматтарға қатысты сенімді болып саналатын бұл әділеттілік өлшемінің жат жерліктерге қолдануға байланысты қате болуы мүмкін екенін ескеру маңызды және мұның себебі де күмәнсіз: өйткені бұл жағдайда өз мүшелеріне қатысты ортақ болғанымен Мемлекеттің бұл ырқы өзге Мемлекеттерге және олардың мүшелеріне қатысында дәл солай болмай қалады, бірақ олар үшін жеке және индивидуалды ырыққа айналады, ал мұндағы әділет өлшемі табиғи құқық болып табылады: бұл болса біз бекіткен ұстаныммен бірдей сәйкес келеді. Өйткені онда бүкіл әлем — бір үлкен қала ретінде — табиғи заңы қашанда жалпы ырық болып табылатын, оған кіретін Мемлекеттер мен әртүрлі халықтар сол организмнің индивидуалды мүшелері ғана болып келетін Саяси организмге айналады. Әрбір саяси қоғам мен оның мүшелеріне қатысты қолданыстағы дәл осы айырмашылықтардан барып ең жалпыға ортақ әрі ең сенімді өлшем туындайды және соның негізінде Басқарушылықтың не жақсы, не жаман екендігі туралы, және жалпы алғанда адамзаттың барлық қылықтарының адамгершілікке сәйкестігі туралы пікір айтуға болады. Кез келген саяси қоғам әртүрлі тектегі өзге шағын қауымдастықтардан тұрады да, олардың әрқайсысының өз мүдделері мен өз ережелері болады.

Читайте также:  Көнe түркі тіліндeгі сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

Әркімге таныс бұл қауымдастықтар өздерінің сыртқы және заңдастырылған формаларына ие болғандықтан Мемлекеттегі жалғыз өмір сүретін қауымдастық болып саналмайды; ортақ мүдделермен бірігетін барлық жеке тұлғалар, қанша ортақ мүдде болса, сонша тұрақты немесе тұрақсыз қауымдастықтардың санын құрай алады. Мұндай қауымдастықтардың күш­қуаты байқалмағанымен, әрекет барысында айқын аңғарылады және олардың арасындағы әртүрлі өзара қарым­қатынастардың ақаусыз сақталуынан ғана әдет­ғұрыптарды шынайы білуге болады. Барлық осы елеусіз құрылған немесе бекітілген ассоциациялар өздерінің жеке ырықтарының арқасында мейлінше әртүрлі тәсілдермен қоғамдық ырықтың да түрін өзгерте алады. Бұл жеке қауымдастықтардың ырқы әрқашан екі қатынаста көрінеді: ассоциация мүшелері үшін — бұл жалпы ырық; ал үлкен қоғам үшін — бұл мейлінше көп жағдайларда бір жақ үшін дұрыс болғанымен, екінші жақ үшін кесірлік болып келетін жеке ырық. Біреулер діни тазалықты сақтайтын абыз немесе батыр жауынгер немесе абыройын қызғыштай қорғайтын патриций болғанымен, нашар азамат болуы мүмкін. Қабылданған бір шешім адамдардың аз ғана қауымы үшін тиімді болғанымен, үлкен қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Шындығына келгенде, жеке қауымдастықтар қашанда өздері соның құрамына кіретін қоғамға бағынғандықтан, олар өзгелерге емес, осы соңғыларының дегеніне көнуі тиіс; азаматтың міндеттері сенатордың міндетіне қарағанда маңыздырақ, ал адамның міндеті азаматтың міндетіне қарағанда маңыздырақ. Бірақ, өкінішке орай, жеке мүдде үнемі парызға кері қатынаста қалып отырады және ассоциациялардың барған сайын тарылып, ал міндеттер азғындаған сайын бұл кері қатынас ұлғая түседі: бұл — анағұрлым жалпы ырықтың қашанда соншалықты мейлінше әділ болатынының және халық дауысының шын мәнінде Құдай дауысы екендігінің күмәнсіз айғағы. Мұнан, бірақ, қоғамның қабылдаған шешімдері әрқашан әділетті деген қорытынды шықпайды. Әсіресе шетелдік істер туралы әңгіме қозғалғанда бұл олай бола алмауы мүмкін, оның не себепті екенін мен айттым. Осылайша, жақсы басқарылатын Республиканың әділетсіз соғыс жүргізуі мүмкін екенін теріске шығаруға болмайды. Сондай­ақ қандай да бір демократияның Кеңесінің нашар жарлықтар шығарып, кінәсіздерді айыптауын да мүлдем теріске шығаруға болмайды, бірақ егер халық кейбір епті адамдардың ықпалы мен ділмарлығының әсерімен өз мүддесін айырбастап, жеке мүдделердің желігіне еніп кетпесе, мұндай жағдай ешқашан да болмайды. Жоғарыдағы жағдайда қоғамның қабылдаған шешімі бір бөлекте, жалпы ырық өзге бір іс болып шығады. Афиныдағы демократияға сілтей отырып, маған наразылық білдірудің қажеті жоқ, өйткені Афиныда нағыз демократия болған жоқ, онда ғалым және шешен адамдар басқаратын озбырлық аристократия болды. Қандай да бір шешімді шығару барысында не болатынын мұқият қадағалаңызшы, сонда жалпы ырықтың қашан да жалпы игілікті жақтайтынына көзіңіз жетеді; бірақ көбіне өздерінің жаратылысына сай өз жеке мүдделеріне сәйкес жиынның шешімін бұзуға бейім тұратындардың жасырын келісімі, астыртын жік пайда болып отырады. Мұндай кездері Қоғамдық организм, яғни, қоғамдық организм іс жүзінде бірнеше өзге организмдерге бөлініп кетеді, олардың мүшелері осы жаңа организмдерге қатысты оң және әділетті жалпы ырықты білдіргенімен, осы ағзалардың әрқайсысы ажырап отырған бүтін тұтастыққа қатысты теріс және әділетсіз ырықты байқатады. Кейбір қатынастарда адал да әділ болғанымен, басқа қатынастарда көбіне өмірінің соңына дейін заңсыз міндеттерге жүгінетін және ең қасиетті міндеттерді аяққа таптайтын алдампаздар мен алаяқтар түрінде көрінетін біз қаншама адамдардың қылықтарынан байқайтын бұл айқын қайшылықтарды осы ұстанымдардың көмегімен оңай түсіндіруге болады. Осылай, ең бұзылған адамдардың өзі қоғамның сенетін нәрсесіне өзіндік құрмет көрсете алады; мысалы,— осы жағдай «Құқық» мақаласында айтылып өткендей,— тіпті қарақшылар, үлкен қоғамдағы ізгіліктің дұшпандарының өздері өз үңгірлерінде осы ізгілікке табынады. Жалпы ырықты қоғамдық экономияның бірінші ұстанымы және кез келген Басқарудың басты негізі ретінде бекіте отырып, мен магистрат халыққа тиесілі болуы керек пе әлде халық магистратқа тиесілі болуы керек пе деген мәселені және қоғамдық істерде Мемлекеттің игілігімен санасу керек пе әлде басқарушылардың игілігімен санасу керек пе деген мәселені терең қарастыруды қажет деп санамадым. Ежелден бері бұл мәселе бір мағынасында практикалық тұрғыда, екінші мағынасында зерде тұрғысында шешілген; және жалпы алғанда, іс жүзінде үстемдік етушілердің өз жеке мүдделерінен өзге мүдделерді жоғары қоюынан үміттену үлкен ақымақтық болар еді. Сондықтан да қоғамдық экономияны халықтық және тираниялық деп жіктеген қолайлы. Оның біріншісі — бұл халық пен билеушілер арасында ырық пен мүдделердің бірлігі үстемдік ететін кез келген Мемлекеттің экономиясы; екіншісі Өкіметтің де, халықтың да мүдделері әртүрлі болатын және соған сәйкес, олардың әрқайсысының ұмтылыстары қарама­қарсы болып келетін барлық жерде орын алатын болады. Бұл соңғы экономияның негізгі ережесі Макиавеллидің сатиралары мен тарихтың мұрағаттарында мейлінше кең жазылып тасталған /4/. Өзге ережелерді адамшылықты талап етуге батылы жеткен философтардың жазбаларынан ғана табуға болады.

Читайте также:  ҚАЗАҚ АНТРОПОНИМИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ

Оставить комментарий