Саяси қоғам мен басқарудың мақсаттары туралы

Егер адам жаратылыстық ахуалда, біз айтқандай соншалық бостан болса, егер ол оз басы мен иеліктерінің абсолютті қожайыны болса, бұл жағынан ең ұлы адамдарға тең болса және ешкімге бағынышты болмаса, онда ол бостандығынан неге айрылады, неге сол империясынан бас тартып, өзін қандай да бір басқа күштің пәрмені мен басшылығына бағындырады? Бұл сұраққа ең айқын жауап мынадай: жаратылыстық ахуалда ол сондай құқыққа ие болғанымен, оны пайдалану соншалықты сенімсіз және оған басқалардың қаскүнемдігі үнемі қатер төндіреді. Өйткені барлығы да оның өзі сияқты дәрежедегі билеуші болатындықтан, әрбір адам оның теңі болатындықтан, ал адамдардың көп бөлігі теңдік пен әділетті соншалықты қатаң сақтамайтындықтан, бұл ахуалда қолында бар меншікті пайдалану тіпті де қауіпсіз емес, тіпті де сенімді емес. Бұл оны бостан болса да, қорқыныш пен үздіксіз қатерге толы ол ахуалдан ықыласпен бас тартуға итермелейді; сондықтан ол өздерінің өмірін, бостандықтары мен иеліктерін (мұның бәрін мен «меншік» деген жалпы атаумен атаймын) сақтау үшін біріккен немесе бірігуге дайындалып жатқандардың қоғамын бекерден бекер іздеп, бекерден бекер қосылуға әзір болмайды. 124. Сондықтан да адамдардың мемлекеттерге бірігуінің және өзін үкіметтің билігіне беруінің басты мақсаты олардың меншігін сақтау болып табылады. Ал бұл үшін жаратылыстық ахуалда көп нәрсе жетіспейді.

Біріншіден, ортақ келісім бойынша әділет пен әділетсіздік нормасы ретінде мойындалып, ортақ өлшем ретінде қызмет ететін, соның көмегімен араларындағы барлық даулар шешілетін орнатылған, нақты, белгілі заң жетіспейді. Өйткені табиғат заңы айқын әрі барлық парасатты тіршілік иелеріне түсінікті болғанымен, адамдар өз мүдделерін басшылыққа алады, мұның үстіне оқып­үйренбегендіктен ол заңды білмейді, сондықтан да оны өздерінің нақты істерінде қолданылуы міндетті заң ретінде қабылдауға ықыласты емес. 125.

Екіншіден, жаратылыстық ахуалда барлық қиындықтарды белгіленген заңға сәйкес шешу билігіне ие білгір де әділ қазы жетіспейді. Өйткені бұл ахуалда әркім әрі қазы, әрі табиғат заңын орындаушы болып табылады, ал адамдар өздеріне бұрып тұрады, және нәпсі де, кек те оларды билеп алып, іс өздеріне қатысты болған жағдайда тым қызбалыққа бой алдыруға мәжбүр етуі мүмкін; дәл сол секілді салдыр­салақтық пен немқұрайлылық оларды басқалардың істеріне тым салғырт, үстірт қаратуы мүмкін. 126.

Үшіншіден, жаратылыстық ахуалда әділ үкімді қуаттап, қолдап отыратын және оны орындайтын күш көбіне жетіспейді. Қандай да бір әділетсіздік жасайтындар өздерінің қолынан келіп тұрғанда, өздерінікін күшпен мақұлдатудан бас тарта қояды деу қиын; мұндай қарсылық жазаны жүзеге асыруға талпынатындар үшін оны қауіпті, ал көп жағдайда тажалды етеді. 127. Осылайша, жаратылыстық ахуалдың барлық артықшылықтарына қарамастан, оның тұсында адамдар жаман жағдайда күн кешеді де, қоғамдарға тез тартылады. Адамдардың қандай да бір санының сол ахуалда қандай да бір ұзақ уақыт бірге тұрғанын біздің сирек көретініміз міне сондықтан. Бұл ретте басқалардың теріс тірлігін жазалау үшін әрбір адамда бар билікті бейберекет және орынсыз қолданудың салдарынан олар тап болатын қолайсыздықтар оларды үкімет орнатқан заңдар аясынан сая іздеуге мәжбүр етеді де, бұл жерден олар өз меншігінің сақталу амалын табуға ұмтылады. Нақ осы жазалаудың әркім ие жеке құқығынан соншалық ықыласпен бас тартуға итермелейді, мұны олар жазаның сол үшін тағайындалғандар ғана және қоғамдастық немесе соған өкілеттік берілген адамдар келіскен заңдар арқылы ғана жүзеге асырылуы үшін істейді. Заң шығарушы өкіметтің де, атқарушы өкіметтің де, дәл солай үкіметтер мен қоғамдардың өздерінің де бастапқы құқығы мен қайнар көзі де міне тап осы болып табылады. 128. Өйткені жаратылыстық ахуалда адам бейкүнә көңіл көтеру үшін ие болатын бостандықтан басқа биліктің екі түріне ие болады ғой. Біріншіден, бүл өзін және басқаларды табиғат зады шеңберінде сақтау үшін қажет деп тапқанын істеу билігі. Баршаға ортақ осынау заң бойынша ол және қалған бүкіл адамзат бір қоғамдастық, барлық басқа жаратылғандардан өзгеше біртүтас қоғамды құрайды. Егер де азғындаған адамдардың іріп­шіруі мен жаманшылығы болмаса, басқа ешқандай ахуал қажет болмас еді; адамдардың ұлы және жаратылыстық қоғамдастықтан бөлініп, оң келісімдер арқылы бірқатар кішірек жекелеген бірлестіктер құруының қажеттігі болмас еді. Адамның жаратылыстық ахуалда болатын екінші билігі – аталған заңға қарсы жасалған қылмыстар үшін жазалау билігі.

Ол, егер мен солай атай алатын болсам, жекеше немесе оқшау саяси қоғамға біріккен және қалған адамзаттан бөлек қандай да бір мемлекетке кірген кезде биліктің осы екі түрінен де бас тартады. 129. Бірінші, яғни, өзін және адамзаттың қалған бөлігін сақтау үшін қажет деп санағандықтан бәрін де жасайтын биліктен ол мұның қоғам оның өзін және осы қоғамның қалған бөлігін сақтау қажет ететін шамада жасаған заңдармен реттелуі үшін бас тартады; ал қоғамның бұл заңдары оның табиғат заңы бойынша өзінде болған бостандығын көп жағынан шектейді. 130. Екіншіден, жазалау билігінен ол толығымен бас тартады да, өзінің (бұған дейін табиғат заңын орындау үшін қажет деп тапқан кезде жеке өзінің шешімі бойынша пайдалана алатын) жаратылыстық күшін қоғамның атқарушы билігіне заң талап еткен шамада көмек көрсету үшін пайдаланады. Енді еңбегінің, қоғамдастықтың басқа мүшелерінің көмегінің және аралас­құралас болуының арқасында көптеген игіліктерді және оның барлық күшінің қорғауын пайдаланатын жаңа ахуалда ол қоғамның игілігін, гүлденуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қай шамада талап етілсе, сол шамада өзінің жаратылыстық бостандығымен қоштасуға міндетті; бұл қажет қана емес, әділетті де, өйткені қоғамның басқа мүшелері де осындай қадам жасайды. 131. Адамдар қоғамға кірген кезде жаратылыстық ахуалда өздеріне тиесілі болған теңдіктен, бостандықтан және атқарушы биліктен бас тартып, одан әрі заң шығарушы билік қоғам игілігі қанша шамада талап етсе, соншама пайдалана алатындай етіп, оларды қоғамның қолына берсе де, дегенмен әркім мұны өзін, өзінің бостандығы мен меншігін неғұрлым жақсырақ сақтап қалу ниетімен (қандай да бір парасатты тіршілік иесі өзінің жағдайын саналы түрде нашарлатады деуге болмайды ғой) істейді.

Қоғамның немесе адамдар құрған заң шығарушы органның билігі ешқашан ортақ игілікке қажеттен әріге тарала алмайды, бұл билік жоғарыда айтылған және жаратылыстық ахуалды соншалық сенімді де қауіпсіз етпейтін үш қолайсыздыққа жол бермей, әркімнің меншігін сақтауға міндетті. Және кез­ келген мемлекетте заң шығару немесе жоғарғы билікке кім не болса да, ол заматта шығарылған жарлықтар арқылы емес, халық жариялаған және халыққа белгілі бекітілген тұрақты заңдарға сәйкес басқаруға міндетті; дауларды сол заңдар арқылы шешуге тиісті бейтарап және әділ қазылардың көмегімен басқаруға, қоғамдастықтың күшін елде тек осындай заңдарды орындау кезінде ғана, ал шет елдерде – залалдың алдын алу немесе соның өтемін алу үшін және қоғамдастықты басып алулар мен шапқыншылықтардан қорғау үшін қолдануға міндетті. Және осының бәрі ешқандай өзге мақсат үшін емес, халықтың бейбітшілігі, кауіпсіздікті және қоғамдық игілігі мүддесінде жүзеге асырылуға тиіс.

Оставить комментарий