Саяси трактат

Философтар бізді толқытатын аффекттерді адамдардың өз кінәсінен болатын сырқау деп қарайды, сондықтан оларды сықақ ету, жазғыру немесе қарғыс айту (мұнымен әулие көрінгісі келетіндер айналысады) әдеті бар. Еш жерде жоқ адам табиғатын осылайша, асқақтатып, және іс жүзіндегі адам табиғатын масқаралай отырып, олар ең қастерлі іспен шұғылданып жүрмін әрі даналық биігіне жеттім деп ойлайды. Өйткені олар адамдарды шын мәнісіне қарап емес, өздері қалай көргісі келген күйде алады. Осының нәтижесінде олар этиканың орнына көбінесе сатира жазады және ешқашан қолдануға болатын саясат жасаған жоқ; олардың саясаты қол жетпес арман ретінде көріне алады немесе Утопияда, яки ол саясат қажеті мүлдем дерлік жоқ болатын ақындардың алтын ғасырында жүзеге асар еді. Сондықтан да, барлық қолданбалы ғылымдардағы теория мен практика арасындағы дүрдараздық саясатта бәрінен де көбірек көрініс табады; мемлекетті басқаруға теоретиктер мен философтардан қабілетсіз адам жоқ деген көзқарас қалыптасты. § 2. Саясаткерлерге келетін болсақ, ортақ пікір бойынша олар адамдарға қамқорлық жасаудан гөрі көбінесе қастық жасайды, сондықтан да оларды дана деуден гөрі зымиян деседі. Олар, әрине, адамдар бар кезде сырқаулар да болады дегенге үйретті. Сондықтан, олар адамдардың жаманшылығын өздерінің ұзақ тәжірибесі үйреткен және адамдар парасаттан гөрі, қорқынышты басшылыққа алып, қолданатын амалдармен ауыздықтауға ұмтылғанда, олар дінге қайшы қарекет жасағандай болып көрінеді, әсіресе жоғарғы өкімет мемлекеттік істерді жеке адам үшін міндетті тақуалық ережелеріне сәйкес жүргізуге тиіс деп білетін теологтарға солай көрінеді. Алайда, саясаткерлердің өздері саяси пәндер туралы философтарға қарағанда көбірек табыспен жазғанына күмән ойламауға тиіс. Тәлімгері тәжірибе болған олар қолданылуға болмайтын ештеңені үйретпеген. § 3. Мен болсам, тәжірибе адамдардың тату өмірі үшін қажет мемлекеттердің барлық түрлерін, сонымен бірге халық бұқарасын (multitudo) белгілі бір шектерде ұстап, басқаруға болатын құралдарды көрсеткеніне кәміл сенемін; сондықтан мен бұл салада тәжірибеге немесе практикаға қайшы келмей, ойлау күші арқылы, осы кезге дейін сыннан өткізіліп, байқап көрілмеген бірдеңеге қол жеткізуге болады деп ойламаймын. Өйткені адамдар қандай да бір ортақ құқықтан п.іс өмір сүре алмайтындай етіп жаратылған ғой; ортақ құқық белгіленген, мемлекеттік істерді ең қабілетті (зұлым немесе қу болса да) адамдар жүргізеді, сондықтан жағдай бізді ұшырастырмаған және ортақ іспен айналысатын, әрі өздерінің де қауіпсіздігін ойлайтын адамдар байқамаған, бүкіл қоғамға зәредей де пайдасы бар бірдеңе ойлап шығаруымыз мүмкін.

Сонымен, саясатқа ойша көз жүгірткенде мен қандай да бір жаңа немесе құлақ естімеген бірдеңені айтуды емес, бар болғаны практикамен өте жақсы үйлесетін нәрсені дұрыс та даусыз дәлелдермен көрсетуді немесе адам жаратылысының өзінен шығаруды ғана көздедім. Және де осы ғылымға жататын нәрселерді әдетте біз математика пәндері жөнінде қолданатын рух бостандығымен зерттеу үшін, мен адам қылықтарын әжуалауға, оларға ренжімеуге, оларды қарғап­сілемеуге, қайта түсінуге ұдайы ұмтылып отырдым. Сондықтанда адамның: сүйіспеншілік, өшпенділік, ашу­ыза, қызғаныш, атаққұмарлық, жанашырлық, басқа да жан көріністері сияқты аффектілерін адам табиғатының сырқаулары деп емес, ауа табиғатына жылылық, суықтық, күн райының бұзылуы, күннің күркіреуі және тағы басқалар қалай тән болса, сондай тән қасиеттер деп қарастырдым; бұлардың бәрі қолайсыздық туғызғанымен, алайда қажет және біз табиғатын тануға тырысатын белгілі бір себептері бар нәрсе, және сезімге жағымды нәрселерді танып­білу секілді, оларды шындап түйсіну жанымызды рахатқа бөлейді. § 5. Адамдардың аффектілерге бой алдыратынының қарекет екендігін және олар кімнің жағдайы нашар болса, соны аяйтынын, кімнің жағдайы жақсы болса, соны көре алмайтынын, және олар жанашырлықтан гөрі кек алуға бейім екендігін, және мұның үстіне, әркім басқалар мұның құлқына сай күн кешуіне, өзі нені мақұлдаса, соны мақұлдауына және нені қабылдамаса, соны қабылдамауына ұмтылатыны даусыз ғой (мұның ақиқаттығын біз «Этикамызда» дәлелдеп шыққанбыз).

Осының нәтижесінде барлық [адамдар] бірдей бірінші болуға ұмтылған кезде, олар қақтығысып, өздерінің қолынан келгенше бір­бірін еңсеруге ұмтылады; жеңіп шыққан адам өзіне тиген пайдадан гөрі басқаға келтірген зиянын мақтан тұтады. Және де баршасы діннің басқаны, атап айтқанда бауырыңды өзіңді сүйгендей сүюге, яғни басқаның құқығын өз құқығыңмен бірдей қорғауға үйрететіндігіне сенсе де, бүл сенім, біз көрсеткендей, аффект алдында дәрменсіз дерлік. Рас, бұл сенім, ажал алдында, аффектілердің өзін ажал жеңіп, адам дәрменсіз жатқанда немесе адамдар жұмыспен айналыспайтын ғибадатханаларда көрінеді; бірақ сол сенім бәрінен қажет болатын форумдарда немесе сарайда бәрінен кем көрінеді. Мұның үстіне, біз аффектілерді ауыздықтап, оларды басқару үшін, рас, парасаттың (Ratio) коп нәрсе тындыра алатынын көрсеттік, бірақ сонымен бір мезгілде парасаттың өзі көрсететін жолдың тым қиын екендігін көрдік, сондықтан да, халық бұқарасын немесе билік басындағыларды өздерінің өмірінде тек парасатты басшылыққа алуға көндіруге болады деген оймен өзін өзі алдарқататындар поэзиядағы алтын ғасырды немесе ертегіні қиялдайтындар. § 6. Сондықтан, бақуаттылығы әлдекімдердің арлылығына тәуелді және оның істерімен айналысатын адамдар оларды адал атқарғысы келсе ғана ісі тиісінше жүргізілетін мемлекетте (imperium) тұрақтылық барынша кем болады; бірақ ол нық тұруы үшін оның істері оларға бағыт беріп отырғандар, олар парасатты немесе аффектілерді басшылыққа алса да, арам пиғылға немесе жаман істерге бейім болмайтындай етіп реттелуі керек; мемлекет қауіпсіздігі үшін істерді тиісінше басқарып отырған адамдардың қандай себептерді басшылыққа алатыны маңызды да емес, тек іс тиісінше басқарылса болғаны. Өйткені жанның бостандығы немесе кәмілдігі (fortitudo) жеке жақсылық, ал мемлекеттің жақсылығы ­ қауіпсіздік (securitas).

Оставить комментарий