САЯСИ ЗАҢДАР ТУРАЛЫ

Саяси заңдар бірінші жағдайда бұл қарекет, өндіріс, тұтыну бірлігі, бұл мақсат бірлігі; екінші жағдайда ­ бұл басқару мен бөлу бірлігі. Біздің әкелеріміз 93­жылы осы ақиқатты жақсы түсінді. Францияны департаменттерге, дистриктерге және коммуналарға бөліп, осынау барлық бөлімдер мен бөлімшелердің бәрін өзара байланыстырып, олар басқарудың орталықтандырылуына қол жеткізді. Олардың саяси орталықтандырудан қандай орасан зор пайда алғаны белгілі. Бірақ, әттең! олардың қолындағы осынау ұлы жеңіс қаншалық күшті тетік болғанына қарамастан, болашақтың проблемасы мұнымен шешілмеді. Пролетариаттың және Конвенттің пуритандық бөлігінің өзгертушілік күш­жігері тұсауланды; француз революциясы қадам басқан сайын кедергіге ұшырап, шабуылға тап болып отырды; ол, ақыр аяғында, өзінің өрлеу шеруінде доғарылды. Неліктен? Өйткені ол феодолизм мен монополия дарағының ең қауіпті тамырларын жұлып тастауға тәуекел ете алмады, өйткені ол шын мәніндегі халықтық негізге, шын мәніндегі және толық демократияға арқа сүйене алмады. Қысқасы, II жылдың конституциясы саяси бірлікті жариялағанымен, теңдік ғимаратын тұрғызу үшін әлеуметтік бірліктің әлі де жетпегендігінен. Қазір бірлік пен теңдік тағы да тілге тиек бола бастады; бірақ бүл сөздер тек бос та екіжүзді формула болып табылады. Егер орталық үкімет анархия мен монополияға бағынса, коммуналардың азаттығы мен бір тектілігі адам күлерлік жалғандық! Мемлекет бірдей дәрежеде дәулеттілерден, пролетарийлардан, жалдаушылар мен жалдамалы жұмысшылардан, белсенді және енжар азаматтардан тұрады. Онда күл ­ қоқысқа толы және жұтаң деревнялар, шағын және лас қалалар бар, сондай­ақ адам шошырлық құбыжықтың дәл өзі, қоғамның бүкіл тәніндегі қанды талмай сорып жатқан, индустрияның таңдаулы өнімдерін күреп алып жатқан, әсем өнер мен білімді иеленіп алған қанағатсыз қансорғыш астана және бар. Нәтижесінде ол барлық келеңсіздіктердің, барлық кеселдердің және барлық жексұрындық атаулының шалшығы мен ақаба су толы жыраларынан басқа түк те емес! Біздің ортақтық ұйымымыз осы кемшіліктердің бәріне бой алдырмайды. Бұл жүйеде ұлт тәнімен, бүкіл адамзаттың ұлы ортақтастығымен етене байланған коммуна саяси жағынан да, әлеуметтік жағынан да өзіне тән өмір­тіршілігінен шын мәнінде ләззат алады. Мемлекет дегеніңіз сөздің төл мағынасында ­ өзара мүлдем тең коммуналардың жиынтығы ғана, бірақ ол үйлесімді де парасатты жиынтық. Түрлі коммуналар арасындағы осынау тұтастықтан және осынау үндестіктен барлық кедергілерді жеңе алатын ұжымдық күш, әлеуметтік дененің барлық мүшелерін бағыттап отыратын бір ортақ, біртұтас парасат пайда болып, бой көрсетіп, тоқтаусыз өсе береді. Жай ғана шақыру жолымен ол соларға жұмысты қалай атқаруға тиіс екенін туысқандықпен көрсетеді және, ақыр соңында, баршаға қоғамдық білім мен байлықты, адамгершілік және ақыл­ой ләззатын молынан береді. Демек, еш жерде бағыныштылықтың немесе артықшылықтың, енжарлық пен үстемдіктің зәредей де элементі болмайды. Коммунарлар арасында да, азаматтар арасында да барлық жерде мүдделер мен тілектердің мінсіз ортақтастығы орнатылатын болады. Адамдар арасында ләззатпен, мерекелермен, ортақ жұмыспен, өзара қызметпен байланысты қатынастардан өзге қатынастар, ұнату мен ризашылық, теңдік пен туысқандық сезімдерінен басқа ешқандай сезімдер болмайды! Нәр алатын дымы қалмағандықтан, сондай ­ ақ бәсекелестік атаулы, дау­дамай атаулы, ұлттық дұшпандық атаулы сарқылып бітеді. Жалпыға ортақ отан михрабында қызметтің барлық түрлері мен барлық қажеттіліктер, барлық ақыл­ой мен барлық жүректердің толық қосылуы жүзеге асады, біздің тең жандарымыз бір отбасын, адамзаттың ұлы отбасын құрайды! Тағы да айта кетейік, толық үйлесімді ортақтық құрылыс кезінде бәрі өзінен өзі істеліп жатқандай болады, өйткені барлық заңдар, барлық қоғамдық қатынастар табиғат заңдарының шынайы көрсеткішіне айналады. Ешкім де соқыр сенімдердің, сараңдықтың, менмендіктің, атаққұмарлықтың және т.б. тажалды ықпалынан қауіптенетін болмайды. Демек, ешқандай ұйым саяси ұйымнан неғұрлым қарапайым, неғұрлым оңай бола алмайды. Саяси, әкімшілік, заң шығарушы және атқарушы билік тіміскімен, дау­дамаймен, қызғанышпен, ортақ байлық пен бостандыққа қол сұғу әрекеттерімен бәрінен кем шұғылданатын болады. Заңның барлық сайланған өкілдері өз міндеттерін дәлме­дәл, ынтамен, парасатпен орындайтын болады; олар негізгі заңға (теңдік және ортақтық) сондай үйлесімді, аспан денелерінің белгілі дәрежеде орталыққа қалай тартылатыны тәрізді сөзсіз бағынады. Осы пікірді жақтап тұрып алу артық та болар. Мен осы кітапта келтірген барлық дәлелдерден кейін екі жақтан ­ негізгі заңға және сауатты халықтың қоғамдық парасатына ­ бағынышты болатын заң шығарушы мен әкімгер (ал олардың міндеттері әрқашан уақытша болады ғой) зорлық­зомбылық пен деспотизмге енді аттап баса алмайтыны айдан анық болмай ма! Өнеркәсіптің, өнер мен ғылымның дамуын белгілеп, үйлестіру, рұқсат ету, ынталандыру, жандандыру, ұрықтандыру ­ заңның басты мақсаты осындай болады. Ортақ жұмыстар мен қызықтарды ұйымдастыруға нұсқау беру, реттеу, басқару, полицейлік шаралар жүргізу және гигиеналық дағдыларға баулу ­ осылардың бәрі де соның құзырында. Заң бұлыңғыр да, күдікті де, күмәнді де, екіұшты да, майысқақ та, жорамалды да, құдіретті де бола алмайды. Заң жақсылық жасау күшіне не бола отырып, жамандық жасауға қауқарсыз болады. Өйткені барлық статустар мен қаулылар, барлық байламдар мен шешімдер бұлжымастан негізгі заңнан бастау алуға тиіс, оның қолданылуы және оның дамытылуы болуға тиіс, оның болмашы, елеусіз бұзылуына ғана жол беріле алады. Оның үстіне бұл принцип жаңа да емес. Оны барлық дерлік халықтар, тіпті өркениятталған халықтар да әрқашан мойындаған. Ал іс жүзінде біздің соттарымыздың үкімдері қандай? Олар тиісті заңды немесе нұсқауды қолдану мен орындаудан басқа не болмақ? Бірлесе қатысушылар қоғамдарының статусын зерттеп көріңіз, сонда сіз сол шағын коммерциялық демократиялардың бірде­бірі абсолютті егемендікті жүзеге асырмайтынын, олардың баршасы негізгі пактыға бағынатынын, олар өздері белгіленген шеңбермен өз қарекеттерін шектеуге тиіс екендігін көресіз. Табаны астындағы тиянағы осылай берік, тамаша тәрбие жан­жүрегі мен ақыл­парасаты қоғамдық игілікке баулынған теңдестер мен бауырластар ұрпағы қандай қиянаттан қауіптене алады? Ол кезде саяси кызметтер екінші дәрежелі болатынына және, басқарудың қандай салты қабылданса да, негізгі заңдар өзгертілмейтініне, ортақтық құрылысының болашағы зардап шекпейтініне күмәндануға бола ма? Біздің жүйеде саяси конституция жетілдірудің үлкен немесе кіші дәрежесіне ғана ықпал ете алар еді; ондайда, бері салғанда, барлық ықтимал жағдайларда мұның өзі жетіле түсуге ұмтылыс болады. Осыны тиянақтай келіп, менің тек басқарудың қандай салты неғұрлым жайлы болатынын анықтап беруім ғана қалады. Мысалы, тұтас халық осы мәселені талқылау үшін жиналды деп топшылайық. Әрқилы көзқарастар ортаға салынды, одан кейін не болатыны олардың шамалас қорытындысы мен мәнісі болып табылады. Коммунист, реформист, легитимист, доктринер Легитимист ­ коммунистке. Сіз негізгі заңдар туралы айттыңыз, бұл өте жақсы; бірақ сіз оған «теңдік» және «ортақтық» деген сөздерді араластырдыңыз. Есуастық пен бүлік осы арадан басталады. Қоғамдық құрылыста тек үш негізгі заң бар; олар монархияны, меншікті және діни құлыпты құрайтын мәңгі, қасиетті заңдар; бұл заңды әулет пен басқа да барлық мұрсатты құқықтардың қасиетті де киелі билігі, құдайдың өзі оны тең емес меншік пен католиктік сенімнің мызғымас негізіне орнатқан. Бұдан тыс ­ тек құдайсыздық пен анархия, қылмыстар мен революция! Сіздердің теңдік пен ортақтық доктриналарыңыз, инсаниятсыздық пен қарақшылықтың жексұрын жүйесі демесек те, ақымақтық утопиядан өзге түк те емес. Коммунист. Балағат ­ дәлел емес. Ой­пікірді онымен алмастырған кезде, ол, әдетте, керісінше адам ұждан мен жаман істердің айқын дерлік көрінісіне айналады. Өтінемін, сабыр сақтай отырып, мені тыңдап алыңызшы. Сіздерде ғана мәңгі және негізгі заң бар, дейсіз сіз. Бірақ осы қасиетті әріптерді қалай тануға болады? Сіздер құқық деңгейіне көтеруден қаймықпаған, бірақ шын мәнінде өзінің кесепат бастауын жаулап алу мен дөкір күшті қолданудан алған озбырлық пен бей әділет қарекеттеріңіздің, езіп­жаншу мен тағылықтың ұзыннан­ұзақ тізбегіне қарап танимыз ба? Жо­жоқ, осындай бей ­ берекетке, осындай қайыршылыққа жеткізген тіпті де абсолютті заң емес. Сіздер оны дау­жанжалсыз және зорлықсыз ешқашан да қолданған емессіздер. Егер сіз сілтеме жасап отырған заңдар мызғымас болса, онда олар өз жақтастары тарапынан неліктен жиі­жиі мойындалмай, аяққа тапталып келді? Сіздер Хлодвиг пен Ұлы Карлдың скипетрін неліктен сындырдыңыздар? Осы заманғы еуропалық монархиялардың, Капетингтердің алғашқы төрт ұрпағы салтанатпен бас иіп келген монархиялардың мыңдаған мұнаралары мен феодалдық қамалдары неліктен талқандалып,жермен жексен етілді? Егер әулеттік легитимдік ­ құдай заңы болса, онда сіздердің папаларыңыздың өздері оны неліктен бұзып, егер тек Франция туралы айтатын болсақ, екі мәрте өз қолдарымен көтеріліс жасаған вассал (Ұлы Карл) мен батыл солдат (Наполеон) басына империялық тәжді де, темір тәжді де кигізді. Егер, ақыр аяғында, бұл мәңгі де жалпыға ортақ заң болса, онда ежелгі дүниенің басым жартысында неліктен оның күші болмады және қазіргі дүниенің басым жартысында неліктен күшке ие бола алмай отыр? Қысқасы, Атлантиканың арғы бетінде қылмыс пен адасу саналатын нәрсенің Еуропа жерінде кемеңгерлік пен жақсылыққа айналатынына қалай сенбекпіз? Біздің негізгі заңымыз тіпті де өзгермелі де құбылмалы емес. Ол дәуіріңді де, кеңістігіңді де, нәсіліңді де, артықшылығыңды да білмейді: ол ой тәрізді ортақ, теңіз тәрізді шексіз­ шетсіз, болашақ тәрізді жеңімпаз. Мен сол заңды бар табиғатта ­ орасан зор жер шарында, сондай­ақ кіп­кішкене жәндікте жүзеге асқан күйінде көремін. Оу сіздер, біздің негізгі догмаларымыздың ақиқаты мен құдіретін теріске шығарып отырған есалаң софистер, төбелеріңізден нұр сәулесін төгіп тұрған осынау шырағына көз тастаңыздаршы, ­ сол догмалар онда жарқын да тамаша әріптермен жазылған. Оларды танымай тұрып, олардың ықпалы жайында жариялайтындар соқыр, мың­мың мәрте соқыр! Дүниенің барлық үлкен денелерінде соншалықты тамаша келісіммен, сондай ғажайып жүйелілікпен көрінетін осы теңдік, осы мінсіз тепе­теңдік, осы үйлесім, ақылдың ұласуы әлемдік қозғалысты басқаруын тоқтатып көрсінші, сонда табиғат тұп­тұтас күйі кенет былыққа да кетеді!!! Сонымен, біздің соңымыздан қалмай келеке етудің, тіл тигізудің, өшпенділіктеріңіздің орнына бізге ұдайы естіліп келе жатқан іштегі, қасиетті үнді есту үшін бізбен біріккендеріңіз абзал, ол үн бізге былай дейді: «Дүниеде жеке­дара ештеңе өмір сүре алмайды, өзінен ­ өзі қоректене алмайды. Алу үшін береді, беру үшін алады, баршаның әркімге, әркімнің баршаға осынау өзара және тұрақты сыйынсыз бүкіл өмір сарқылып бітер еді». Сондай­ақ кекесінді де парасатты Раблені де тыңдап көріңіздер. Ортақтық заңынан тыс өмір суретін әлем туралы идеяны ол соншалықты жиіркенішті және делқұлы деп санайтынын көріңіз! Қараңыздар, ол осы мәңгі заңды қаншалықты асқақ деп біледі: «Сонау биікте, аспан шырақтарының арасында, ­ деп үн тастады ол, ­ енді дұрыс қозғалыс болмайды; олардың бәрі тәртіпсіз қозғалатын болады. Ай қанқызыл да күңгірт түске боялады; күн оған оз сәулесін неліктен бермек, ол оны істеуге міндетті емес қой. Күн жерге нұрын төкпейді, планеталар оған игілікті ықпал етпейтін болады, өйткені жер бумен және буланумен оларға нәр беруін тоқтатады. Элементтер арасында өзгерістер де, түрленулер де, қандай да бір байланыстар да болмайды. Өйткені біреу өзін басқаны құрметтеуге міндеттімін деп санамайды: ол оған ештеңе берген емес. Жерден су ағып шықпайды, су ауаға айналмайды; ауадан от пайда болмайды, от жерді жылытпайды; жер ешнәрсені өндірмейді; жаңбыр шелектеп құймайды, жарық сәуле шашпайды; жел үрлемейді, жаз да, күз де болмайды. Қарызға ешнәрсе бермейтін мұндай әлем, қастастыру әлеміне, албасты басқан, әдептен асқан сүйек ойыны әлеміне айналады. Сөйтіп адамдар бірін­бірі құтқарудан қалады. Адам көмекке шақырып жанұшыра: Өрт! Тасқын! Кісі өлтіріп жатыр! ­ деп қанша айқайласа да, ешкім оған қол ұшын бермейді. Неліктен? Ол ештеңе берген емес, оған да ешкім ештеңе бермек емес. Тоқ етерін айтқанда, мұндай әлемнен үміт, сенім, туысқандық дегендерің аласталады. Олардың орнын, небір жауыздыққа, небір лағнетке, небір қасірет­қайғыға толы сенімсіздік, жек көрушілік, кекшілдік басады. Адам адамға қасқыр, сұмырай, үй перісі тәрізді болады; адамдар қарақшыларға, жендеттерге, улағыштарға, әккі қаскөйлерге айналады, әрқайсысы баршаға бір өзі қарсы шығады. Өтеуіне ештеңе бере алмайтын әлемнің осындай қайыршылық күйін бастан өткізгеннен гөрі балықты ауамен асырау, бұғыларды мұхит тұңғиығында бағу оңай соғар еді. Бұған керісінше басқа әлемді көз алдыңызға елестетіп көріңіз, онда әркім қарыз да береді, әркім қарыздар, баршасы борышкер, баршасы қарыз беруші болады. Оу, аспан көгіндегі дәлме­дәл қозғалыста жатқан не деген үйлесімділік! Оу, табиғат өзі жаратқанымен, өз туындыларымен қандай рақатқа бөленіп отыр! Осыларды пайымдау кезінде өзімді қоярға жер таппаймын! Адамдар арасында ­ бейбітшілік, сүйіспеншілік, құрмет, адалдық, тыныштық, қуаныш, салтанат! Процесс, дау ­ дамай, ұрыс­керіс дегенің атымен жоқ; ешкім өсімқор емес, ешкім сараң, қомағай емес, ешкім де басқаға көмектесуден бас тартқан емес. Шын құдай дерсің! Мұның өзі алтын ғасыр, Сатурн патшалығы емес пе, өзге жақсылықтардың бәрі әмір сүруін тоқтататын, сөйтіп бір ғана бауырластық патшалық етіп, басқарып, үстемдік жасап, салтанат құратын олимпиадалық елдер туралы түсінігіміз осы емес пе! Баршасы ізгілікке толы, баршасы бақыт құшағында, баршасы ғажайып бағында, баршасы әділет аясында жүреді. Міне, бақытты әлем! Табиғат адамды беру және қарызға алу үшін жаратқан емес пе!»

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢБЕК КӨШІ-ҚОНЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯСЫ МЕН ДАМУЫ

Оставить комментарий