Семиотикалар туралы қазақша

Зоосемиотика: жануарлардың коммуникация жүйелері этологияның бір аспектісіне жатады. Мысалы, аралардың коммуникациясы саласындағы соңғы жаңалықтар біздің осыдан бұрын мәтелге енген «аралардың биі» және оның мағынасы туралы білетініміздің бәрін жоққа шығаруы мүмкін. Зоосемантикалық зерттеу коммуникативті универсалияларды анықтауға өз үлесін қосуы мүмкін, сондай­ақ жануарлардың интеллекті туралы түсініктердің және конвенционализмнің бастапқы кезеңдері туралы түсініктердің қайта қарастырылуына себеп болуы ықтимал 244 . Иіс белгілері: Осы саладағы коммуникацияның мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғау үшін парфюмериялық иістердің (жаңа, сезіну, ер адамның және т.б.) бір ғана коды жеткілікті болар еді. Бұл туралы поэтикалық дәстүрде айтылады (Бодлер). Егер жасанды иістерде коннотативті мағына басым болса, ол туралы біз айтқан едік, ал табиғи иістерде денотативті мағына айқын көрініс табады. Бұл жағдайда оларды «индекс» ретінде (күйген иіс) каталогқа енгізуге болушы еді, бірақ Холлдың проссемикаға арналған аталған еңбектерінде көптеген мәдениеттерде иістердің әлеуметтік мағынасы болатыны туралы айтылады, ал бұл индекстік коммуникация шеңберінен тыс жатады. Тері коммуникациясы: әлемді алғашқы рет танығанда негізге алынатын бұл коммуникация, кейбіреулердің айтуынша, баланың кейінгі сөздерді түсінуіне әсері бар көрінеді. Бұл рубрикада теріге гигиеналық процедуралардың, иіс судың, майлардың әсері зерттеледі; сондай­ақ тері арқылы алынған тәжірибе киімді таңдаған кезде пайдаға асып жатады; тері коммуникациясының конвенционалдылығы күшейген сайын табу қалыптасады, — ал бұл Б.6.ІІІ. қарастырылған проссемикалық кодтардың саласына жатады. Өбу, құшақтасу, шапалақпен тартып жіберу, стимул ретінде емес, жол­жораның көріністері ретінде кодталған тері хабарларының 245 бөліктері болып саналады. Дәм кодтары: әртүрлі мәдениеттерде көзге ұрып тұратын дәмдердің ерекшеліктерінен бөлек, дәмдік қасиеттердің шексіз өзгешелігін ескеретін тағамдардың құрамын және мерекелік дастархандар ұйымдастыруды реттеп отыратын белгілі бір келісімдер бар. Ішімдіктер туралы да дәл осыны айтуға болады. Осыдан барып, коннотациялар мен синтезиялардың ауқымды саласына жол беріледі («дәмі өткір», сондай­ақ дәмге қатысты анықтамаларды басқа салаларға метафоралық ауысуы, мысалы «тәтті өмір»). Дәмге қатысты сезінудің негізінде қалыптасқан семантикалық жүйелерге Леви­Стростың «Сырое и вареное» және «От меда к пеплу» еңбектері арналған. 2. Паралингвистика Сөйлеу қатынасын толықтырып тұратын, сондай­ақ «табиғи» саналса да, белгілі бір жүйелеуге келетін конвенциялар жүйесі болып табылатын суперсегментті қасиеттерді (дауыс тондары) және факультативті нұсқаларды зерттейтін ғылым паралингвистика деп аталады. Бұл жердегі әңгіме тікелей бақылау кезінде байқалмай қалуы мүмкін өзгерістерді талдауға мүмкіндік беретін жазудың жаңа жүйелерін қолдану арқылы дәлме­дәл зерттеулердің нысандарына айналатын құбылыстар жөнінде болып отыр. Әдетте, паралингвистикаға конвенционалды маңыздылыққа ие болған ымдар мен дене қимылдарын зерттеу ретінде түсінілетін кинезиканы да жатқызады. Қазіргі кезде, осы екі саланың бірте­бірте бөліну үрдісі байқалады. Осы тақырыпқа бұрын «Прил.»­ да аталған «Вопросы эмотивной речи» 246 деген очеркін арнаған Станкевич, паралингвистикалық таңбалар лингвистикалық кодтың таңбалары сияқты дайын бірліктер болмай ма немесе олар хабардың сипаты ма, басқа сөзбен айтқанда, лингвистикалық кодтың ережелері бойынша ұйымдастырылған коммуникацияны түрлендіру үшін сөйлеуші қолданатын жеке құбылтулар ма деген сұрақ қояды. Дегенмен сөйлеушіде хабарды түрлендіруге болатын кейбір тәсілдердің болу мүмкіндігімен ол келіседі, бұл жағдайда осы тәсілдерді кодтауға талпынатындардың әрекеті дұрыс болып шықпай ма деген сұрақ қоюға болады. Олар — бірінші болып тілдің эмоциялық аспектілері туралы айтқан, бірақ контекст арқылы анықталатын эмоциялық құбылыстарды және код анықтайтын эмоцияларды беру тәсілдерін бөлмей қарастыратын Бюллерден бастап, одағайларды белгілі бір лингвистикалық сипаты болатын жүйеше ретінде қарастырған Карцевскийге дейін, сондай­ақ Мак­Коун, Пайк, Хоккет, Смит, Трагер, Холл, Себеок, Уэлс, Хайес, Маль, Шульце 247 зерттеулерінен бастап, осының алдында аталған Фонаджи еңбектеріне дейін және нақтылы психологиялық, клиникалық, антропологиялық зерттеулердің материалдарына дейінгілер. Мальдің пікірінше, кейбіреулер ымдап жөтеле бастағанда, паралингвистикалық мінез­құлықтың қалыптасуы туралы айтуға болады. Бұл кодтың маңызы лингвистикалық кодтан кем болмауы мүмкін (Прил. 133). Осы бағдарламамен келісе отырып, зерттеулердің болуы мүмкін салаларын белгілеуге болады. Бұл жерде паралингвистикалық кодтарды білу кейбір ғалымдарды бөтен тілдер мен әдет­ғұрыптарды зерттегенде ғана емес, бөтен мәдениетпен араласқанда және таза денотативті кодты қолдану жиі ауыр адами, саяси және әлеуметтік салдары болуы мүмкін хабардың барлық коннотативті деңгейлерінің қате түсінілуінен туындайтын қателіктерден сақтап қалады 248 . Медициналық семиотика: бұл жерде екі рубриканы бөліп қараған жөн: бір жағынан, дәрігерге белгілерді (симптом) көрсетіп тұратын табиғи индекстер жүйесін (егер дәрігерлер арасында белгілі бір симптомдар белгілі бір индекстер арқылы көрінсе, онда дәрігерлердің араласу деңгейінде конвенциялар (келісім) жүйелері қалыптасады); екінші жағынан, лингвистикалық көріністердің жүйесі, бұлар арқылы әртүрлі әлеуметтік топтардың немесе мәдениеттердің өкілі болатын пациенттер сөздер не ымдар арқылы қайсыбір симптомдарды түсіндіре алады 249 . Таза паралингвистика. Трагер 250 өзіндік лингвистикалық құрылымы жоқ шулардың барлығын мынадай топтарға жатқызады: А. Дауыстың түрі: жынысқа, жасқа, денсаулыққа, сөйлеушінің орнына және т.б. байланысты. Бір адамның әртүрлі жағдайдағы дауысының әртүрлі тондары зерттеледі. Оствальд (прил., 235) әртүрлі жағдайдағы (ерінді ашпай сөйлеу, телефон арқылы сөйлегенде, тәуліктің әр кезінде қандағы калий мен натрий мөлшеріне байланысты) дауыс модуляциясына қатысты зерттеу туралы айтады. Мұндай зерттеулер коммуникацияның биологиялық негіздерін анықтап, медициналық семиотиканың бөлігі болып саналады. Трагер үшін дауыс түрінің паралингвистикаға қатысы болмайды. Ә. Паратіл мыналарға бөлінеді: а) вокальдық қасиеттері: дыбыс биіктігі, жасалуының орны мен тәсіліне байланысты, тыныс алудың жеңіл не ауыр болуы, артикуляция (айтылымы), резонанс, қарқын және т.б.; ә) вокализациясы: ә.1. дыбыстың сипатын анықтайтын факторлар (мысалы, өшіңкі немесе тұншыға шығатын күлкі, жылау, өксік, өкіріп жылау, сыбыр, ащы немесе өшіңкі айқай, міңгірлеу, ыңырсу, шыңғыру, ықылық ату, есінеу, дауыстың кідірісі…); ә.2. дыбыстың сапасын анықтайтын факторлар (мысалы, күштілігі және биіктігі); ә.3. дыбыстық жіктеулер: бұл дыбыстық кешендер фонетикалық көріністерді өзгертпейді, олармен қатар жүреді, айталық: назализация, лептену, қорсылдау, одағай жөне түсініктеме ретіндегі «хм», тіл мен ерін арқылы жасалатын шулар (бұлардың бәрі сегрегация (жіктелу) таңбалары ретінде түсінілетін комикстерге тән жоғарғы эмоциялық дыбысхатта жақсы кодталғанын айта кету керек). Дауылпаз және ысқырық тілі: тондар да конвенциональды болуы мүмкін деген күмәніміз, үзікті не тоқтаусыз түрдегі ысқырықтың, флейталардың және дауылпаздың көмегімен белгі беретін жүйелерді қарастырғанда, өз дәлелін табады. Вестон Лa Бар (Прил., 212) мынадай бірқатар таңбалық жүйелерді келтіреді: Чин ауданын мекендейтін бирмалықтың ысқырық тілі және ксилофон арқылы хабар жеткізуі, квома тайпасының ағаш тамырын тоқылдатып хабарласуы, Чекъяенг жерінде ауызын ашпай әңгімелесу, альпілік йодль, Ашанти зәңгілерінің белгілі бір заттың орналасуы туралы ысқыру арқылы хабар беруі, паралингвистикалық тонемаларды емес, нағыз испан сөйлеу тілінің фонемаларын жеткізетін Канар аралдары тұрғындарының ысқырық тілі, ауызекі сөйлеу тілінің тонемикалық сипатын дауылпаздың екі негізгі тоны арқылы және жүйелі конвенционалды хабарды жеткізе алатын Батыс Африканың дауылпаздық тілі (ал, Тогодағы эве тайпасы біздің телеграфтық кодтардың дәйекхаттау жүйесі түрінде тұтас сөйлемдерді конвенцияға айналдырады), сондай­ақ, мүйіздің төрт тондық белгілері суперсегментті кодтардың әуезді эквиваленттерін емес, нағыз абстрактылы жіктелген бірліктерді жеткізіп тұрады. 3. Кинезика және проссемика Паралингвистика туралы айтылғандар кинезика үшін де өзекті болады: әңгіме — хабардың жеке адам қолданатын тәсілдеріне немесе код анықтайтын тәсілдерге қатысты болып отыр ма? Белгілі бір дәрежеде жазу жүйелерін зерттейтін ғылыммен қатар, жеке ғылымға айналған осы саланың мамандары шынайы кодтар туралы айтып жүр 251 . Бердвистеллдің пікірінше, «адамдар дыбыс шығарғанда, тыңдағанда, қозғалғанда, көргенде, ұстап сезгенде, иістерді шығарып, қабылдағанда және т.б. бұлардың барлығы әртүрлі үйлесім тауып, коммуникативті жүйенің қалыптасуына қатысады, сондықтан бұл құбылыстардың құрылымдануы ұқсас болады деген болжамның қисыны бар. Егер мысал ретінде мэр Лa Гвардия итальян, идиш, американдық ағылшын тілдерінде сөйлейтін фильмдерді алсақ, онда оның жүрісі жүйелі түрде өзгеріп отыратынын байқауға болады, сондықтан дыбысы өшірілген кезде де, оның қай тілде сөйлеп тұрғанын түсінуге болады. (Прил. 178). Кинезика ежелгі тілдің формасы болған деген болжам басқа бір ым тілі артикуляцияға түскен тілдің алдында болған деген романтикалық болжамға қайшы келеді. Бірақ жіктелудің шынайы себебі кинезиканың өзіндік пәні мен құралдарына ие болуына байланысты сияқты. Қазіргі кезде Бердвистелл қимыл­қозғалыс мағыналарын тіркеудің қатаң жүйесін, мағына айырушы және біз кинематографиялық кодты талдаған кезде әңгіме болған ым синтагмаларының номенклатурасын жасады (қар. қосымша. 159). Кинезика нені зерттейді дегенге келсек, Лa Баррдың тізімін қайталасақ болады (Прил. 190­ 200): монахтардың мылқау ым тілі, мылқау адамдардың тілі, үнді саудагерлерінің, парсылардың, сығандардың, ұрылардың, темекі сатушылардың тілдері; буддалық және индуистік діни қызметкерлердің қолдарының жол­жоралық қимылы, патан балықшыларының араласу тәсілі; шығыстық және неаполитандық ымдар маңызды болатын жерорта теңіздік кинезика; майа кескіндемесін оқуда пайдаланылған стильдік ымдар; сонымен қатар, құмыраға салынған суреттер арқылы грек ымын зерттеу зерттелетін кезең туралы мәлімет бере алады (Парфенон фриздарын негізге алып ымды зерттеу — Ұлы греция мен Аттиканың кинезикалық әдет­ғұрыптарын тануды мүмкін еткен сияқты). Осы қатарда кинезика классикалық шығыс театрларының, пантомиманың және бидің жол­жоралық театрлық ымын да зерттейді.

Читайте также:  ӨЛІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕР

Оставить комментарий