Әсеттің ән шығармашылығы

XIX ғасырдың екінші жартысы ­ XX ғасырдың басындағы музыка өнерін танытқандар қатарында дәстүрлі мәдениеттің ірі, танымал шеберлері ­ композиторлар мен орындаушылар, әншілер мен аспапта орындаушылар болды. Бұл жоғары орындаушылық шеберлігімен, айқын даралық стилімен, үлкен көркем мәнерлі шығармалар тудырумен ерекшеленген музыканттардың тамаша шоғырының авторлық өнері еді. Жоғары таланттың биік шыңы ретінде әнші­композитор Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Естай, Мұхит, ЬІбырайдың; композитор­ аспапшылар ­ Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғаптың және т.б. туындылары бағаланды. Жоғарыда аталған әрбір автордың өзіндік жарқын болмысы бар. Қазақтың ауызекі дәстүрінің кәсіпқой мәдениеті тарихындағы осы тамаша шоғырдың жарқын өкілінің бірі танымал ақын, композитор және әнші Әсет Найманбайұлы (1867­1923). Ол көптеген әндер, өлеңдер, айтыстар, қисса­дастандар («Ағаш ат», «Ер Шеризат» және т.б.), аудармалардың (Абай ақынның дәстүрімен А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударған және бұл шығыстық аңыздар стилінде жазылды) авторы. Қырықтан астам музыкалық мұрасы халық арасында кеңінен танымал әрі олар қазақ музыка мәдениетінің классикалық туындысы болып табылады. Әсет Қарқаралы уезінде туған (қазіргі Қарағанды облысы Қызыларай ауылы). Ерте жасынан сауатын ашқан оны 7­ 8 жасында әкесі Семей облысындағы имам Зейнулланың медресесіне оқуға береді. Медреседе оқып жүргенінде­ақ жас баланың музыкаға қабілеттілігі айқын байқалады. Филолог зерттеушілердің айтуынша, осы жылдары ол «өлең мен домбыраға да, гармонға да құмарлығын білдіреді» [1, 512]. Көз көргендердің айтуынша [2, 4] Әсет медреседегі оқуын үлкен тойларда, мейрамдарда алғашқы әртістік тәжірибесімен ұштастыра білген. Мұнда ол поэтикалық шығармалар мен әндерді орындаған, осы арқылы алғаш рет халық оның қабілетін, болашақ шебер әнші және айтыс ақыны ретіндегі күмәнсіз табиғи мүмкіндігін байқаған. Ақын 14­15 жасқа келгенде әкесі Найманбай қайтыс болады, сөйтіп Әсеттің оқуы үзіледі, себебі олар шешесінің туыстарына көшіп кетуіне тура келеді. Мұнан әрі Әсет туыстарымен бірге бұл жерді де тастап, шалғай ел ­ Қытайға өтеді.

Читайте также:  АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЕВРАЗИЯШЫЛДЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫ

Сөйтіп ақын туған жерінен мәңгіге алыстап кетеді. Ақын 1923 жылы Құлжа (Қытай) қаласында қайтыс болған. Әсеттің ақын, композитор болып қалыптасуы сол кездегі ауызекі дәстүрдің көптеген шығармашылық канондары негізінде жүзеге асты. Дереккөздеріне қарағанда, ерте жастан­ақ ол өнерге ерекше құштар болған. Әсет сол жас шағының өзінде көптеген шығармалармен танысқан, поэтикалық поэмаларды, эпикалық ертегі­аңыздары, өткен және сол кездегі ақындардың өлеңдерін жатқа білген. Оның репертуарында сол жылдары жақсы танымал болған Біржан сал, Ақан сері және басқалардың әндері кеңінен орын алған. Сол арқылы ол өз жерлестерін ұлы дала музыканттарының мұраларымен таныстырып отырған. Әсет бірінші кезекте (осы дәстүрдің заңдылығы болып табылатын) көпшілікті өзінің қайталанбас жарқын әншілік қабілетімен баурап алды. Замандастарының көпшілігінің айтуынша, ақынның даусы ерекше күшті, өзінің регистрлік мүмкіндіктерінің жоғарылығымен, тембрлік мәнерлікпен ерекшеленеді. «Әсеттің даусы айрықша биік болса керек…» [2, 7]. Әсет көптеген айтыстарға қатысқан, үлкен жеңістерге жеткен, талантты айтыс ақыны ретінде танылған («шебер айтыс ақыны…») [3, 418] Оның өткір тілі, айқын, образды, көркем­ мәнерлі сөзі, ой тереңдігі, сөз сайыстарында көтерген жаңа тақырыптары тыңдармандарын тәнті етті (ең кең тарағаны ­ Әсеттің Рысжанмен, Кәрібаймен айтысы). Көп уақыт өтпей­ақ Әсеттің өз жанынан шығарған әндері де көпшіліктің көңілінен шықты. Оның атағы қазақ даласының түкпір­түкпіріне таралды, алайда, Әсеттің өмірі оның алдындағы замандас ақындарының өмірінен көп өзгешелеу болды. Өмірінің мақсаты мен мәні болып табылатын әншілікке бар өмірін арнайтын сал мен серілерге тән ерекше дәстүр ақынға онша тән емес. Филологтардың алғашқы зерттеулерінде­ақ оның шығармашылығындағы осы ерекшелік айтылады: «Әсет ел қыдырып, өлең айтуды әдет етпеген ақын. Ол өлеңдерін, көбінесе, сауық кештерде, жиын­тойларда халық өтініп сұрағанда ғана айтқан» [3, 418]. Қоғамдық өмірдің жағдайлары өзгерді, сал мен серілер дәстүрі өткеннің еншісінде қалды. Бірақ соған қарамастан, ол басқа ипостасияда жалғасуда және Әсет әндері оның алдында өмір сүрген ақындардың әндерінен кем танымал емес. Сал мен серілер өміріне тән «аңыздылық» Әсет өмірі мен шығармашылығына да тән. Ілияс Жансүгіровтің дәл осы Әсетке арналған танымал поэзиялық шығармасы «Әншіні» еске алайық (Әсеттің өз әндерінің мәтінімен қатар, автордың ерекше сүйсіністі өлең жолдары көркем бейнеленген).

Читайте также:  «ШАХНАМА» ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫННЫҢ АУДАРМАСЫНДА

Поэма бір тыныспен жазылған, оның өзі Әсет шығармашылығына арналып жазылған жарқын, сезімге толы арнау ән, әнұран сияқты қабылданады. Бірақ оның өміріндегі көптеген оқиғалар, әрине, басқа да ақындардыкі сияқты шығармашылығына қатысты болып келеді және өмірбаяндық сипатқа ие. Жас кезінде шығарған өлеңдері негізінен махаббат тақырыбында, керемет сұлулар және олармен болған ұмытылмас кездесулер туралы болып келсе, кейінірек өмірдің баянсыздығы, оның басты құндылықтары жайлы жыр туған. Ал өмірінің соңына қарай ­ терең толғанымдар, көңілсіз, тіпті кей сәттерде түңілу мен қайғыру сарындары байқалады (мысалы, «Ақырғы сөз» әніндегі «Баянсыз тіршілік»), Әсет әндерінің стилі тақырыбының көпжанрлығымен, көпқырлылығымен, құрылымдық жаңалығымен, поэтикалық­музыкалық үйлесімділігімен ерекшеленеді. Мұнда деңгейлес ауқымдар ­ таңдаулы поэтикалық сөз бен мәнерлі мелодиялық желі өзара тығыз қарым­ қатынаста. Көптеген жазушылар, филолог зерттеушілер (М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Е.Ысмайылов, М.Дүйсенов, Б.Абылқасымов және т.б.) оның бойындағы ірі ақындық қасиетпен қатар, ақынның өзі музыка өнеріне, шығармашылығына ерекше көңіл бөлгенін атап өтеді. Әсеттің әншілік шығармашылығына қарап отырып музыкатанушылар оның поэтикалық стилінің бай палитрасына, көп бояулығына, жарқындығына, жандануына да ерекше көңіл бөледі. Әсет шығармашылығына тән тақырыптық, жанрлық көп­қырлылық оның әнші, ақын, композитор болып қалыптасуындағы қайнар бастаулардың сан алуандылығымен түсіндіруге болады. Ақын өміріндегі жағдайлар оның өмірлік, әрі поэтикалық­музыкалық әсерлерінің соншалық алуан түрлі көрінісін жасап берді. Ақын Қарағанды облысында дүниеге келген, бірақ көшпелі өмір оны жастайынан басқа да елді мекендермен таныс қылды. Соған орай оның туындыларында әртүрлі аймақтық өнер дәстүрлерінің сипаты байқалады. Мысалы, Қ.Жүзбасов ақынның Тарбағатай (Шығ. Қаз.) мен Жетісудың (Оңт. Қаз.) әншілік мәдениетінің дәстүріне көңіл бөлгендігін атап көрсетеді. Ал А.Жұбановтың атақты «Замана бұлбұлдары» кітабында Әсет шығармашылығынан Жарылғап, Ыбырай әндерінің әсері байқалатындығы айтылады.

Оставить комментарий