Сейтек Оразалиев туралы қазақша

Сейтек Оразалиев тағдыры қауіп­қатерге толы, ауыр болды (1861 ­1933). Әкесінен ерте айрылған ол жастайынан­ақ өмір тәлкегі мен кедейліктің барлық ауыртпалығын тартып өсті. Өмірден әділдікті, адалдықты, шындықты іздеген Сейтек талай қиыншылықтарға душар болып, қуғынға ұшырайды. Сан рет түрмеге қамалып, екі рет Үркіт пен Сахалинге жер аударылады. Сахалинде болған кезінде саяси тұтқындармен танысып, олардың революциялық көзқарастағы ықпалына молынан қанығады. Өз әділдігіне кәміл сенген Сейтек еркіндік пен азаттықты аңсайды. Октябрь революциясын қуана қарсы алған ол қазақ даласындағы жаңа өзгерістерге тікелей араласып, оның белсенді күрескерлерінің қатарына қосылады. Өмірде тұйықтау, ұстамды Сейтек тек қана домбырасымен ашыла сөйлесіп, оның қос ішегімен шынайы шешіле тілдесетін. Оның әрбір күйі ­ композитордың ішкі толғанысы («Арпалыс», «Түңілдім», «Арман»), Сейтектің «Заман­ай», «Айдау» күйлері Сахалин аралына жер аударылып, қайғы­қасіреттен қан жұтқан адамның көрген азапты өмірі мен келешекке деген үміт­арманын, «Он алтыншы жыл» қазақ жастарының тылдағы қара жұмысқа айдалуына деген қарсылықты, ыза­кекті бейнелейді. Сейтек «Бұлбұл Айша», «Бес қыз», «Шарипа», «Қарашаш» атты күйлерінде әйелдердің нәзік образын жасады. Сейтек енді ғана буыны бекіп, бұғанасы қатайып келе жатқан Кеңес республикасының құрылу кезеңіндегі өзгерістерге алғаш үн қосқан композитордың бірі. Оның жаңа дәуірді жырлайтын, қуаныш пен шаттыққа толы, салтанатты «Он жетінші жыл», «Тойбастар» тәрізді күйлері осының айғағы. Ал «Қызыл сұңқар», «Марш», «Еркіндік» күйлерінде Сейтек домбыра дәстүрінде жаңа қалыптасып келе жатқан марш жанрын игерді. Ол өзінің күйшілік өнерін 1923 жылы Мәскеуде үлкен табыспен көрсеткен. А.В.Затаевич оның талантын жоғары бағалаған.

Күй мазмұндарының алуан түрлілігі мен сан қырлылығына қарамастан Сейтек творчествосына ерекше камералық үн және лирикалық бояу тән. Ол күй формасының жаңашылы болып табылады. Сейтек өз шығармаларында Батыс Қазақстан күй формаларына сүйене отырып, күй формасын өзінше дамытқан, өзгеше жаңалықтар енгізген. Оның күйлері бірнеше бөлімнен немесе блоктардан құралып, олар әртүрлі комбинацияда белгілі бір регистрлік аймақта қайталанып отырады (немесе блоктың бірі басқа тональдік аймақта жүруі мүмкін). Күйлерде тұрақталған ладтық пернелердің өрнектелуі болмағандықтан, буын аралары бір­бірімен жіптесіп, сабақтасып жатады. Күй құрылысында секвенциялық қайырымдар жиі кездеседі. Сейтек стилін айқындайтын тағы бір ерекшелік ­ оның шығармаларындағы ладтың ауыспалылығы. Ал, драмалық мазмұнды күйлерінде фригийлік лад бояуы басым. Қазіргі уақытта белгілі домбырашыларымыз бен творчестволық ұжымдар репертуарының негізі көбінесе жүрдек, ойнақы, концерттік күйлерден құралғандықтан, 40­50­жылдары кеңінен тараған Сейтектің лирикаға толы күйлері шеткері қалыңқырап, сирек орындалып жүр. Алайда, Сейтектің музыкалық мұрасы жоғалмай, оның 20­дан астам күйлері жиналып, баспа бетінен жарық көрді.

Читайте также:  Шәкәрімтану тарихынан

Оставить комментарий