ШӘКӘРІМ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ЛИРИКАЛЫҚ КЕЙІПКЕР

Көркем әдебиеттің бейнелеу нысанының бірі адам десек, бұл лирикалық шығармаларға да қатысы бар мәселе. Әсіресе, өзінің лирикалық шығармаларында Шәкәрім философияның антропологиялық мәселесіне тереңдеп барған. Бұл тұрғыдан келгенде поэзиядағы ең арналы сала лирикада лирикалық кейіпкер (авторлық тұлға) мәселесі бірінші болмағанымен, негізгі проблеманың бірі ретінде саналады. Лирикалық тұлға мен ақынның ара қатысы, тұтас әдеби тұлғаның көрініс табуы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар мен ақын болмысының, оның дүниеге көзқарасымен, көркемдік шеберлігімен ұштасып жатады. Лирикалық шығармада ақын тұлғасы лирикалық тұлғамен және адамзат қоғамындағы әлемнің түрлі көріністерімен астасып келіп жатады. Шәкәрімнің өлеңдеріндегі лирикалық тұлға әлемдегі болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтын, адамзат баласының өмір салтында болып жатқан қоғамдық қатынастардан сырт қалмайтын ақынның ішкі толқынысымен қатынаста болатынын байқадық. Шәкәрімнің лирикасы жан-жақты зерттеуді қажет ететін үлкен мәдени-көркемдік құбылыс деп танимыз. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерін бүкіл әлем және адамзат мәселесі толғандырады. Шәкәрім лирикасындағы дүние туралы, жаратушы туралы, Алла, Жар, Хақиқат туралы, адамның адамгершілік қасиеттері туралы толқыныстар лирикалық тұлғамен біте қайнасып, адресатқа жетіп жатады. Лирикалық шығарма арқылы ақынның ішкі толқулары, жан дүниесіндегі өзгерістер, дүниеге деген қөзқарасы айнадағыдай бейнеленіп, бедерленіп қағазға түсіп жатады. Лирикалық шығарма ақынның сол қоғамдағы қайшылықтарға деген көзқарасы, ішкі толқынысының көрінісі. Лирикалық кейіпкер, немесе лирикалық қаһарман ақын мен оқырман — адресат арасындағы байланысты жалғайтын, керек десеңіз біріктіретін феномен. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик Зейнолла Қабдолов: «Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі» [1,311], — деген тұжырымды пікір айтқан. Шындығында ақын халықтың мұң-мұқтажын өз қасыретіндей тереңнен танып суреттейді. Дегенмен, әдебиеттану ғылымында лирикалық кейіпкер мен ақын тұлғасының арасын ажыратып қарастыратын да бағыт бар. Сонымен қатар, лирикалық кейіпкер ақынның өзі емес, ол көркемдік бейне дейтін де тұжырым жоқ емес. Бұл туралы ғалым Д.М.Магомедованың мына бір пікірі құнды: «Нельзя прямо отождествлять биографического автора и носителя речи в лирическом стихотворении. Так или иначе каждое стихотворение создает образ автора, который не всегда совпадает с реальным человеком-поэтом. Например, образ «поэта-страдальца» в лирике Некрасова – умелого редактора-организатора, богатого делового человека, страстного игрока и сибарита» [2,3]. Бұл пікір де өмір сүруге құқылы. Дегенмен көп жағдайда лирикалық қаһарман ақынмен біте қайнасып жататыны да шындық. Лирикалық қаһарман мәселесін жан-жақты зерттеген сыншы ғалым Тұрсынжан Шапай мынадай көңілге қонымды пікір айтады: «Сонымен, біз лирикалық тұлға – ақын шығармашылығындағы оқырман қауымға жақсы таныс, адамдық тағдыры, кісілік келбетінің рухани мазмұнымен дараланған оқшау бейне деп түсінеміз» [3,150]. Осы пікірілерді жинақтай келіп ой түйіндейтін болсақ, лирикалық кейіпкер, лирикалық қаһарман немесе лирикалық бейне ақындық «меннен» өріс алып, өз алдына дербес өмір сүре алатын әдеби бейне дегенге келетін сияқты. Лирикалық кейіпкер мәселесі әдебиетші ғалымдарды көптен толғандырған және көптеген ой тартысына түскен тақырып. Біздің зерттеуіміз лирикалық кейіпкердің субстанциялық мәнін ашуды көздеп отырған жоқ, 123 № 1 (74) 2010 сол лирикалық кейіпкердің Шәкәрім лирикасындағы орнын айқындау болып отыр. Сондықтан лирикалық кейіпкер туралы көп зерттеп келіп тұжырым айтқан Т.Шапайдың пікірімен лирикалық тұлға деген не, немесе кім деген сауалға қорытынды жауап тауып алсақ дейміз: «Реалистік арнада дамыған поэзиядағы кемел тұлғаға айналғанға дейін, осынау лирикалық феноменнің қалыптасу жолында жүріп өткен ізін үстірт, көктей шолып қарағанда(негізінен еуропалық, шығыстың поэзия үлгілері негізінде) келер қорытындымыз: 1. Лирикалық кейіпкер – белгілі бір лирикалық сана типінің, көркемдік ойдың даму жемісі ретінде кешелі-бүгін ғана пайда болған құбылыс емес, оның тарихы лириканың даму эволюциясымен сипатталады; 2. Лирикалық кейіпкер – қоғамдағы жеке адамдық сана-сезімнің оянуынан бастап, әр дәуірдің жеке адам концепциясымен тығыз байланыста дамыған көркемдік-эстетикалық құбылыс; 3. Өзінің даму тарихында лирикалық «мен» автордың тек қарақан басына ғана тән жайларды бейнелеуден бастап, дәстүрлі стеоротиптер, канондар, ауқымдағы шартты «менге» ұласып, коллективтік, топтық сананың жаршысы болуы, әртүрлі жалған лириканың маска қызметін атқаруы, жеке тұлғаның «приваттық» сырларын әйгілеуді т.с.с. сапалық кезеңдерді бастан кешті» [3,166]. Бұдан шығатын қорытынды, лирикалық тұлға лирикалық шығармадағы «басты кейіпкер» екендігі. Лирика жанрын зерттеу барысында оған соқпай өту мүмкін емес екені байқалды. Ал, Шәкәрім сияқты ақынның лирикасындағы кейіпкер мәселесі күрделі болатыны белгілі. Ең алдымен айтарымыз Шәкәрім Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілі. Шәкәрім өзінің поэзиясымен қазақ әдебиетіне жаңа мазмұн мен жаңа таным әкелген ақын. Қазақ поэзиясында Абай сияқты Шәкәрім де ойшыл лирик ретінде танылды. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері көбінесе ойшыл тұлға ретінде көрініс табады. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері бейнелейтін жаратушы туралы, табиғат тылсымы, адам болмысы туралы ойлар әлем әдебиетінің алтын қорынан әлі-ақ өз орнын алатыны ақиқат. Шәкәрім лирикасының басты ерекшелігі – жеке тұлғаның харекеті, мінезі, дүниетанымы өмір шындығымен ұштасып поэтикалық өрнек таба өрістеуінде деуге болады. Ол Шәкәрімнің әрбір өлеңінен байқалатын көркемдік-эстетикалық қуат. Шәкәрім лирикасында ақын өмір сүрген заманның тынысын, адамзат қоғамын ғана байқап қоймаймыз, оның лирикалық тұлғасы бүгінгі ұрпақты адамдық жолына шақырады. Рухани дүниенің қасиетін ашады. Шәкәрім лирикасының басты кредосы – адам және оның болашақ тағдыры, жаратылыспен қарым-қатынасы. Осы мәңгілік тақырыптар Шәкәрім өлеңдерінің алтын желісі десе де болады. Мысалы, Шәкәрім «Ескіден қалған сөз теріп…» деп басталатын өлеңінде нағыз реалистік сурет жасайды. Ондағы лирикалық тұлғаның позициясы айқын: Ескіден қалған сөз теріп, Өз ойымнан өң беріп. Үйретуді жөн көріп, Түзетпек едім адамды. Қышыған жерін қасуға, Әділет жолын басуға, Алдына салып ашуға, Жақсылық пен жаманды. Өлеңде лирикалық қаһарман (ақын тұлғасының қатыстылығы айқын) өзін түсінбегенге налиды, зұлымдықтан жиреніп, түзу адамдық жолына түсуге насихаттайды. Шәкәрімнің лирикалық тұлғасы терең танымымен ерекшеленеді. Оны бір қарағаннан тану адресатқа оңай түспесі анық. Нағыз адам кім? дегенге Шәкәрімнің көзқарасы қандай? Жақсы адам кім? Назар аударайық: Жүрегі таза адамдар, Зұлымдықтан амандар. 124 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы Қиянатсыз надандар, Әулиеден кем емес! Бұл ақынның адамдық туралы, адамның ішкі әлемі туралы айтқан сөзі. Сонымен қатар, адам баласының мінезін түзету үшін оның сыртқы көріністерімен бейнелеп сынайды. Мысалы, «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Еріншек», «Қалжыңшыл қылжақпас», «Құмарлық», тағы басқа өлеңдердің атаулары адам бойындағы мінез кемшіліктерімен астасып жатыр. Шәкәрімнің лирикалық тұлғасы о баста адам бойында жамандықтың жоқ болғанына меңзейді. Ол жамандықтардың адам бойына жамалатын әлеуметтік кесапат екенін де ашқан. Шәкәрім «Еріншектен салақтық, Салақтықтан надандық. Бірінен-бірі туады, Жоғалар сөйтіп адамдық» дейді. Яғни, адам дүниеге адам болып келген соң оның бойында адамдық бар. Оны адам өз бойына түрлі кемшіліктерді жамау арқылы жоғалтады екен. Шәкәрім өлеңдеріндегі лирикалық тұлға өз «кейіпкерлеріне» қашанда адамдық биіктен сөйлейді. Ол оның «Епті тышқан» атты мысал өлеңінде айқын көрініс тапқан: Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп, Сырты сопы, іші арам қылықтар көп. Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп, Адалымсып жүретін ұлықтар көп. Бір ұрты май, бір ұрты қандар да бар, Қой терісін жамылған жандар да бар. Жазасызды жалалап атақ алып, Ақ жүрексіп жүретін жандар да бар. Қаншама таныс адамдар. Керісінше, адамдықты жоғалтқандар бейнесі. Шәкәрім тасқа ойып салғандай анықтап ашып берген. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері осындай адамдықтан кеткендерге аса қатал үкім шығарады. Бұл ақын тұлғасының да биік көрінісі. Шындығында осы өлеңді оқығанда ерксіз езуіңізге мысқыл үйіріледі. Мына тіркестер қандай өткір: «сырты сопы», «іші арам», «жазасызды жалалау», т.б. Тұрақты тіркестерді де сәтті пайдаланады: «қой терісін жамылған». Осындағы бейнелердің айқындығы соншалық әркім осылардың ішінен өз танысын ажыратып алады. Адамның адамдық қасиетінің өсуін тежейтін, рухани дамуына тежеу салатын кесапаттарды нақты көрсету арқылы ақын айналасындарға астарлы, әрі салмақты ой тастайды. Енді бір өлеңінде ақын жоғарыда аталған кеселдердердің зиян екенін ғана айтып қоймайды, солардан құтылудың жолдарын көрсетіп береді: Жастарым құмар болма көрінгенге, Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге. Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ, Өкінбе жастық бойдан сергелденге. Ғылым тап, жас күніңде буын қатпай, Басында байқамассың дәмін татпай. Менің көрген жайымды сендер білсең. Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай. Шәкәрім өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер сипаты сан қырлы. Бірақ, қандай тақырыпқа сөйлесе де негізгі мақсаты — өз халқының көкірек көзін ашу, білімге, ғылымға, адамгершілікке тәрбиелеу. Қазақ халқының ел санатына қосылып, дербес мемлекет болуына ұмтылысын поэзия тілімен бере білген. Шәкәрім поэзиясы, оның ішіндегі өлеңдері өте сыншыл болып келеді. Бұл ақын стиліндегі негізгі мәселенің бірі. Неге 125 № 1 (74) 2010 олай болды? Осындай сауал қойып, оған жауап іздеп көрейік. Шәкәрімнің лирикалық тұлғасы тоқтаусыз ізденіс үстінде. Сын ол мін айту емес, сын адамды өсіреді, сол жамалған індеттен арылуға шақырады. Шәкәрім лирикасының қайрау қуаты ерекше, сынай отырып қайрайды: Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа, Қазақ жүр құмарланып құр атаққа. Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр деп, Айналды бірін-бірі құрытпаққа. Ойда жоқ өнер-білім жол табайын, Жалмауға жалықпайды өз маңайын. Мұның түбі не болар деген жан жоқ. Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын. Шәкәрім атақ пен ғылымның арасын нақты ажыратқан. Лирикалық тұлға концептуальды ой айтады. Егер осылай кете берсеңдер, өз бастарыңды өздерің жұтасыңдар дейді. «Өз маңайын жалмау» жаңаша өткір айтылған сын. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері мақтау мен сөгістің арасын ажырат дейді, мәселе мақтағанда емес, не даттағанда емес. Ал содан «неге?» деген сауал өзінен-өзі туындайды. Мәселе, кім мақтап отыр, немесе кім даттап отырғанында екен. Осы ой Шәкәрімнің «Біреу сені мақтаса қуанасың…» деп басталатын өлеңінде айқын көрініс тапқан. Бұл өлеңін ақын «Мақтау мен сөгіс» деп атаған. Енді сол өлеңге назар аударайық: Біреу сені мақтаса, қуанасың, Жамандаса жабырқап суаласың. Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ. Бәрібір, сен де елірме дуанасың. Енді Шәкәрім өлеңінде ой өріс алып отыр. Мақтау мен сөгістен бұрын соларды қабылдайтын алдымен өзің кімсің? Мәселе сонда болып тұр. «Елірме дуана» болсаң амал жоқ. Екеуінен де пайда жоқ. Ал өзің дұрыс адам болсаң теріс мақтау мен сөгіс соншалықты азап емес екен: Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы, Мін болмайды наданның қорламағы. Білімділер сөгерлік ісің болса, Жоғалта бер айласын, ойла дағы. Адам өз бойындағы мінмен күресуі қажет. Надан адам, ойы теріс адам сені сөксе оған қорланба, ал шын мағынасында адамдық талабы биік адам сын айтса түзелуге тырысу қажет. Сондықтан Шәкәрім өлеңінде «Білімділер сөгерлік ісің болса, Жоғалта бер айласын ойла дағы.» — деп насихат айтады. Осыны айтып тұрған кім деген сауалға түрлі жауап беруге болады. Автор, немесе авторлық тұлға, тіпті лирикалық кейіпкер деп кесіп айтса да болады. Лириканың жанр ретінде ерекшелігі де осында. Бұл туралы әдебиет теориясының маманы И.О. Федотов мынадай пікір айтады: «Лирический субъект «Я» обычно идентифицируется с поэтом как биографический личностью или лирическим героем, совмещающим черты поэта-автора и некоего обобщенного его преставителя. Поэтому, с одной стороны, можно сказать, что в лирике есть только образ автора и отсутствуют (как правило) персонажи, а с другой стороны, лирическое произведение предстанет как монолог обобщенного персонажа, высказывающегося без авторского посредничества» [4,142] Яғни, лирикалық тұлғаның тағы бір қырын «жинақ персонаж», немесе лирикалық субъект ретінде қабылдау тағы бар. Қалай болғанда ғалымның сөзінде 126 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы шындық бар. Шәкәрімнің насихат бағытында жазылған лирикалық шығармаларының ар жағынан данышпан бір тұлғаның, немесе өмір көрген ақсақалдың, тіпті даналықты бойына жиған ғалымның бір жинақ бейнесі көрініс тауып тұрады. Бұл заңды да. Мәселен Шәкәрімнің «Жас өтті тынымсыз…» деп басталатын лирикалық шығармасында авторлық тұлғаның толысқан бейнесі осыны айғақтайды: Жас өтті тынымсыз, Өнерсіз, ғылымсыз. Надандық жолымен, Кеттім-ау білімсіз. Оқытпай баламды, О да өсті тиюсыз. Ойламай шамамды, Алды-артым жиюсыз. Бақ қайда қиынсыз, Бос тілек сыйымсыз. Қазақ та қажытты, Күнім жоқ жиынсыз. Авторлық тұлға аса күрделі үш бірдей мәселені айту арқылы, «адам – ұрпақ – халық» адресаттың осындай қателік жібермеуіне насихат айтқан. Осы үш мәселенің бір- бірімен тығыз байланыста екенін анық та қанық таныммен бейнелей алған. Лирикалық шығарманың құдыреті де осында, көркемдік таныммен үлкен мәселені көтере алуында. Лирикалық кейіпкер өзінің көп өмірін «ғылымсыз, өнерсіз» өткізіп алғанына өкінеді, екінші соның жалғасы тәріздес баланың да оқусыз қалуы оны қажытады. Бұл өкінішті «Алды-артым жиюсыз» тіркесімен астарлап берген. «Шашылып жату» білімсіз қорғансыздықтың белгісі. Ал тұтас халқының бос сөзге әуестеніп уақытын бос өткізгені де оның шымбайына батады. Сол қазақтың бірі өзі. Яғни, олар күнде жиын жасаса оған өзі де қалай болғанда тартылады. Оның салдары «қажытуға» әкеліп соғады. Бәрі бірі-бірімен байланысты. Өлеңде ғылымның кен екені насихатталады. Соның жолына түсудің қажеттігі соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіледі: Ғылым бір кенің ғой, Ауырсаң емің ғой. Бәріңе жетеді, Таусылмас көлің ғой, Мен қайғы жедім ғой, Қапы өттім дедім ғой! Қазағым, қам ойла, Сен де адам едің ғой!… Лирикалық кейіпкер та өзінің толқынысын жасырмайды. Халқының тағдыры оның жүрегін жаралайды. Ең соңында «сен де адам едің ғой» деп қайраумен, намысқа шақырумен өлеңдегі ойын түйіндеген. Біз бұл өлеңнен авторлық тұлғаны танығандаймыз. Бірақ бұл нақты автордың өзі деп те айту қиын. Бұл екінші жағынан әйтеуір өлең бағытталып отырған халықтың бір өкілі. Бағытталып отырғаны да өзінің халқы, соның нақтылы өкілі. Сондықтан Шәкәрімнің стиліндегі авторлық тұлға мен лирикалық кейіпкер туралы айтқанда нақтылы мынау деп дефиниция қою жұтаңдық болар еді. Мынау автордың нақты өзі деп қалай айта аласыз. Сол шығарма жазылғанда автор қандай мақсат көздеді, оның болашақтағы бағдары қандай, тіпті көркемдік-эстетикалық тұрғыдан қалай қабылдаймыз, осының бәрі зерттеушінің алдынан шығып отыратын сауал. Бұлай болуы 127 № 1 (74) 2010 заңды да. Лирика – ол ең алдымен көркем шығарма. Сондықтан ол сөз өнерінің жанры ретінде қабылдануы тиіс. Нақтылап мынау лирикалық кейіпкер, мынау авторлық тұлға немесе тағы басқа деп дефиниция қою бірезулікке жол ашып беру мүмкін. Ол туралы Ю.И.Минералов мынадай пікір айтқан: «Так, А.Н. Соколов в свое время попытался в «Теории стиля» опереться на интересную разветвленную систему четких определений- дефиниций. Однако именно эта его работа (образцовая в плане дефинитивности!) продемонстрировала небесспорность такого подхода – повышенная дефинитивность, резкость разграничений вызвали здесь то, что заведомо континуальный объект (стиль) оказался представлен как словно бы дискретный. То есть стремление ученого к точности парадоксальным образом привело в ряде частных мест работы к определенному отдалению его теории от эмпирической литературной конкретики» [5,22]. Сондықтан лирикалық шығармада қандай да бір ұғымды нақтылауда ойланатын мәселе көп. Бір зерттеушіге авторлық тұлға ретінде қабылданған сәт, екінші біріне лирикалық кейіпкер болып қабылдануы мүмкін. Немесе тұтас лирикалық субъект ретінде синкреттілігімен ерекшеленуі мүмкін. Қайсыбір шығармада Шәкәрімнің авторлық тұлғаны өзі айқындап алатын кезі де болады. Ондай өлеңге «Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой…» деп басталатын шығармасын аламыз. Ақын оған нақты етіп «Өзіме» деп тақырып қойған. Яғни, осы шығармасын өзіне арнаған: Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой, Жиіркеніп, тітіреп, салқындап бой. Тозған мола сықылды сұм көрініп, Өткен күнде қызыққан сауық пен той; Қаның қашып, жасаурап екі көзің, Не болдым деп табалап өзіңді-өзің. Өткен іс ойға түсіп ойлатады, Қиынсызды қызық деп қуған кезің. Және ойыңа келгенде алдыңғы жақ, Сұм жүрегің кейиді қозғалып-ақ. Артың — анау, алдың су – көз жетпейді. Өтетұғын қамыңды ойланып бақ. Бұлай өзіне сын көзбен қарау ойлы адамға жарасатын құбылыс. Өткен өмірін осыншама толқыныспен еске алып, келешекке толғана ой көзін жіберу әр пенденің қолынан келетін харекет емес. Шәкәрімнің осы «Өзіме» деп тақырып қойған өлеңінде автобиографиялық көркемдік элементтер де көрініс тапқан. Сонымен қатар бұны толық ақынның өмірбаянына қатыстыру да, өмірбаяндық шығарма деу де қиын. Біздің пайымдауымызша Шәкәрім бұл өлеңін ақын бейнесіне қаратып айтқан. Толғау үстіндегі ақынның бейнесі өткенге сынмен қарап, болашаққа толқыныспен қарайды. «Қиынсызды қызық» деп қуу нәтижелі болмайтынын бейнелеген. Ойдың толқынысты болуы, қолда қалам болғанмен көзде жас деуі терең ойшылдың толқыныс үстіндегі бейнесі. Бұл өлеңде ақын тұлғасы сыналса да биіктен көрінген. Өлең «Өзіме» деп аталғанмен, мұнда елдің қамын ойлаған ақын тұлғасы көрінген. Ақын екендігі «қолда қалам» тіркесінен байқалады. «Сауық пен тойды» ақын өткен күндердегі «тозған молаға» теңеген. Өзіне қаратып сауал түрінде атылған ойлар философиялық тереңдігімен өзгешеленеді: Неңді аяйсың, отырсың кімді қимай, Құтырдың ғой тәуір-ақ жерге сыймай. Салып-салып сандалып отырмысың, Жоқ өзің өз нәпсіңді ерте тыймай? 128 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы Досың қайсы, қимастай елің қайсы, Ел салмағын көтерер белің қайсы? Аузың темір татиды, бәрін татып, Жалғанды қимайтұғын жерің қайсы? Үлкен салмақ салып отырған сауалды шумақтар. Шындығында «жалғанды қимайтұғын» қандай сенің басқадан артықшылығың бар, «досың қайсы, қимастай елің қайсы» деген сауалда да үлкен мән бар. Шәкәрім елдіктің әбден азып-тозған кезеңін, адамдықтың арзандаған сәттерін бастан кешірген тұлға. Дегенмен ешқашан халқының жарқын болашағынан үміт үзбеген. Сол қиын аумалы-төкпелі заманның өзінде халқының болашағына сеніммен қарап өмір сүрген. Қашанда жақсылық ойлау оның адамдық кредосы: Құдайдан жарылқа деп жәрдем сұра, Сен талайды қылдың ғой біле тұра. Аяғыңды аңдап бас, өлім таяу, Қарсы алдыңда дайын тұр қазған ұра. Соны ойла, өзге қызық істі ойлама, Біреуге өлім, біреуге күшті ойлама. Кеткен қайта келмейді кейісең де, Түнде көрген көлеңке түсті ойлама. Жасы жеткен адамның тәубашыл болуын талап етеді. Алдыңда өлім тұр соны ойла дейді, «қызық іс» сенің қылығың емес дегенді ескертеді. Ал осы өлеңде осы насихаттың бәрін айтып тұрған кім? Автор ма, ақын ба, авторлық тұлға ма, лирикалық кейіпкер ме, тағы кім? Бұл бағдарда лирикадағы «Мен», «лирикалық тұлға» мәселелеріне тереңдеп барған зерттеуші Тұрсынжан Шапай мынадай пікір айтады: «Әдетте, біз ақын шығармашылығы, немесе жалпы поэзия туралы сөз қозғағанда, қалыптасқан дәстүрмен «ақын былай деп тебіренеді», «…дейді ақын», «…деп толғанады ақын» т.б. деген сияқты тіркестерді еркін жұмсап, қалауымызша қолданамыз. Және бұл кез- келген әдебиетте солай. Дәстүрдің аты – дәстүр, оның заңдылығына, қолдану аясының тұрақтылығында ешкімнің таласы жоқ. Ал, енді өлеңді осы сипатта талдау теориялық түсінік тұрғысынан негізгі ме дегенге келейік. Өйткені, жоғарыдағы қолданыста «ақын» сөзі лирикалық кейіпкер (немесе, тұлға) мағынасын арқалап тұрғаны айдан анық қой. Ендеше, оны тікелей ақынның өз атына телу қаншалық орынды болады деген сұрақ туады. Біздіңше, дәл осы арада дәстүр мен теория тым қайшы келе қоймайды. Себебі, лирика – субъективтік сипаты басым бірден бір жанр. Автордың өз тұлғасы мен шығармашылығының, өлеңі мен өмірінің, дербес сананың (индивидуальное сознание) көркем бейнемен тікелей байланыста біте қайнасқан бірлікте болуы, бәрінен бұрын, лирикаға тән қасиет, құбылыс. Лирикада өрнектелген ой мен сезім, көңіл-күйдің түп иесі, «жаратушысы» — әрине Ақын» дейді [1,56]. Бұл қолдауды талап ететін пікір. Шындығында, теориялық әдебиеттану саласынан талдап келіп, лирикалық тұлғаның табиғатын тануға деген талпыныс ғылымда жалғасын таба берері сөзсіз. Дегенмен сол құдыретті поэзияның, оның ішіндегі лирикада ақынның көрініс табуы өмір мен өнердегі ақиқаттың бірі екенін терістей алмасақ керек. Шәкәрім поэзиясындағы лирикалық тұлға өзінің даралығымен қашанда айшықтанып тұрады. Шәкәрімнің өмірінің соңында жазған өлеңдерінен пафоспен, көтеріңкі көңіл-күймен жазылған лирикалық шығарманы көп байқамайсың. Көптеген өлеңдері насихатқа құрылғанымен, қайсысының болмасын түбінде мұң жатады. Жоғарыда келтірілген шығармалардан біз осыны байқадық. Осы кейінгі жазылған өлеңдердің ішінде көңілі тасып жазған бір-екі өлеңі бар. Ол ақынның халқының болашағына бір сәуле шашылғандай болған күндері жазылған. Оның өзі 129 № 1 (74) 2010 үлкен алдау екенін ақынның өзі де кейіннен түсінеді. Әрине ол басқа әңгіме. Сол өлеңнің бірі «Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер…» — деп басталатын өлеңі. Шәкәрім ХХ ғасыр басындағы төңкерістен кейін халқының жағдайы жақсарады, еркін ел болады деп үміттенген болатын. Оны мына өлең жолдары анық байқатып тұр: Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар, Өнерлі елдерден өнеге алыңдар. Күндестіктің өзімшіл көзін құртып, Ұмтылып ерікті ел болып қалыңдар. Шәкәрімнің осы лирикалық шығармасындағы лирикалық кейіпкердің танымы аса тереңде жатыр. Лирикалық кейіпкер, нағыз ақынның болмысы «Ұмтылып ерікті ел болып қалыңдар» — дегенді айтқызып тұр. Ал осы биік танымды бейнеге нақтылы анықтама берген де ғалым Т.Шапай болды: «Лирикалық поэзиядағы бұл феноменді лирикалық «мен», субъект, характер, лицо, личность, гений, двойник, герой, персонаж, ақын, ақындық «мен», ақын образы – мейлі, қалай атаса да, осылардың әрқайсысы лирикалық тұлға ұғымын жан-жақты толықтырып, айқындап тұрған терминдер» [3.157-б]. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы лирикалық кейіпкер ең алдымен өзінің даралық қолтаңбасымен көрінеді. Бұл бағдарда ақын стилі лирикалық кейіпкер болмысымен тікелей байланысты екенін байқаймыз. Шәкәрім лирикасындағы ақындық «меннің» өзгеше тұлғасы жоғарғы талдауларда айқын көрініс тапты. Ол ең алдымен адамзат баласының, елінің тағдырын ойлайтын ерекше лирикалық кейіпкер екенін байқадық. Сондықтан Шәкәрім лирикасындағы «лирикалық кейіпкер» — адам туралы, адамзат туралы айтары бар дара тұлға. Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» деп шығарма жазуы әлемдік әдебиетте ұлы тұлғаларға жарасатын шешімталдық. Кімнің ұмытылатынын, кімнің мәңгілік екенін Шәкәрім сол кезде білген. Поэзиядан оған мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен. Жапанда жалғыз жаттым елден безіп, Жалықсам аң аулаймын тауды кезіп, Оңашада жатқанды ұнатамын, Елімнің ел болмасын ерте сезіп. Енді осындағы тұлға лирикалық кейіпкер ме, әлде ақын тұлғасы ма, жоқ әлде ақынның өмірбаяны ма? Сондықтан лириканың құдыреті де сонда. Бір жауап айту оған оңай болғанмен, оның көркемдік шындығы көп сауалға жетелейді. Шәкәрімнің ақындық тұлғасы, лирикасындағы лирикалық кейіпкері ақырында мынадай философиялық ой түйеді: Жұрт не десе үй десін, Мен үшін ешкім күймесін. Данышпан Шәкәрімнің лирикасындағы ой, ондағы бейнелі сөз қазақ сөз өнеріне қосылған қомақты үлес деп білгеніміз дұрыс. Шәкәрім лирикасындағы ақын тұлғасы, оның интерпретациясы арнайы зерттелетін өрісті тақырып деп түсінеміз.

Читайте также:  Программ барлық жерде үйлеспеу себебі

Оставить комментарий