Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт

Тарих көші, адамзат тарихы бір ғасырдан келесі ғасырларға тереңнен тамыр тартып, сұлбасы үзілмей әрдайым жалғасып жатқан ой сабақтастығына куә. Ұлы адамдар мен біртуар тұлғалар аузымен айтылатын сұңғыла ойлардың жібі сәулесі мен мұндалап, тынымсыз жылжып өтіп бара жатқан уақыт тасасында қалып қоймай, зиялы ұрпақтың шөліркеген мезетінде кәдеге асып жататындығы сондықтан. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт. Қазақ әдебиетіндегі екі дара тұлға. Қазақ өркениетіндегі екі оқшау құбылыс. Қос алып түйісетін нүкте қайда?! Оларды біріктіретін қандай тылсым?! Қадағалай оқып, құнттай тексерсек, ұлылар тоғысатын тұстар мен мұңдалып тұрмай, тұңғиық тереңнен мөлдір бастауын алып, ойы зерек, көзі қарақты оқырманды сусындатады. «Мен өтермін, кетермін Жоқтарсың мені бір кезде», — деп Шәкәрім айтқандай, ұлылардың асыл мұрасының бүгінгі кезеңде алтын қорға айналуы заңды құбылыс. Шәкәрім (1858—1931) жетпіс үш жыл өмір сүрген, Сұлтанмахмұт (1893—1920) жиырма жеті жасында қыршынынан қиылған. Жас алшақтықтары біршама, бірақ рухтары жақын, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас тұлғалар. Шәкәрім Құдайбердіұлы Сұлтанмахмұт дүниеге келген шақта творчестволық даралығын танытып үлгерсе, балаң Махмұттың есімі алғаш тасқа басылған (1912 ж.) кезде Шәкәрім ғылым, білім қуып көптеген қалалардағы кітапханаларда атар таң, батар күнмен жарысып қымбатын іздеген кеншідей күй кешіп, нәтижесінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (Орынбор, 1911), «Иман Ғибадат» (Мұсылмандық кітабы), (Орынбор, 1911), «Қазақ айнасы» (Семей, 1912), «Қалқаман ­ Мамыр» (Семей, 1912), «Жолсыз жаза яки і.е’1 болған іс» (Семей, 1912) кітаптарын бірінен соң бірін жариялап, есімі күллі қазақтың аузына іліккен еді. Осындай бұлтартпас фактілерге жүгіне отырып, қазақтың қос алыбының арасындағы қимас достық пен риясыз сыйластық сезімге тағзым етпеске әддіңіз жоқ. Қиядан көріп, қияпатынан таныған ғой ұлылар бір­бірін. Қаламгердің ой өрісін, талғам түйсігін қалыптастыратын қоршаған орта. Оның үстіне өлеңге деген құлшынысты кәнігі бағбандай тәрбиелейтін ақындық мектеп, әдеби ортаға жолықса, ғасырлардың еншісіне жататын құдіретті сөз өнерінің қайнар көзінің ашылып, мөлдір бастауының аршылар армандай қайталанбас сәті көз аулаңызда орнығып қалады. Ол — Абайдың ақындық мектебі, әдеби дәстүрі аталатын, әлемдік көркемдік дамуда сирек кездесетін феномемалды құбылыс. Өткен ғасырдың 40—50 жылдары бітпестей дауға айналып, ғылыми ортада кереғар пікірлер туғызып, әділет жолына көрші қонбайтын адам айтқысыз қиянпұрыс «айғайшыл абайтанушылар» архив қойнауынан шығып, енді бас көрсете қоймас, сірә. 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Абай ақындығының айналасы» мақаласында М.Әуезов ешқандай жалтақсыз ақын шәкірттерін: «Мұндай ақын — төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия — Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы — Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі — Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», — деп бөлектеп алған еді. Тұрпайы социологизм белең алған тұста Абайдың шәкірттері, ақындық мектебі ұғымдарының құрдымға кетпеуін ойлаған ұлы Әуезовтің уақытша шегініске бармасқа шарасы қалмады. Біресе «ұсақ буржуазияшыл», біресе «байшыл ­ ұлтшыл» аталып әдебиет тарихынан қайта­қайта алып тастау керектігі пысықталған заманда жоғарыдағы тізімге Сұлтанмахмұт Торайғыровтың енуі мүмкін емес­ті. Шәкәрім — Абайдың туысы, інісі, бас шәкірті деп бүгінде мақтанышпен айтуға мүмкіндік туды. Сұлтанмахмұттың ұлы Абай ақындығы айналасындағы қайталанбас құбылыс екендігі де даусыз ақиқатқа айналды. Ақтаңдақ аралдар ашылды. Қайта оралған есімдермен қуанышпен қауыштық. Жиырмасыншы ғасыр әдебиеті тұтас бір көркемдік әлем есебінде қарастырылуда.

Алаш ұранды әдебиет, жиырмасыншы ғасырдағы сөз өнеріміз, қазақ әдебиетінің алтын ғасыры аталуы ұлттық рухтың түлей өзгеріске түскені дағы. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт бір­бірін қай кезден біле бастады екен, алғашқы кездесулерге қашан деген сұрақтар мазаламай қоймайды. Қазақтың екі ұлы перзентінің сырттай танысуы «Айқап» журналымен тікелей байланысты. Ш.Құдайбердіұлы журналдың тұрақты оқушысы болғандығы күмән туғызбайды. 1911 жылы Баянауылдағы бала шәкірт зиялы ұстазы Нұрғалидың жеке кітапханасынан «Айқап» журналын оқуға алған. 1912 жылы күз айларында білімге сусап зор ұмтылыспен іздеп тапқан шаһары Троицк. Троицкіге келісімен жаңа үлгіде оқытатын Ғабдырахман Рахымқұловтың медресесіне орналасып, ұстазы Нұрғалидың жол сілтеуімен «Айқап» журналының редакциясын тауып алады. «Айқаптың» 1912 жылғы 14 санында қол ұшын берген туысқандарына алланың нұры жаууын тілеген имандылыққа толы алғыс хаты да жарқ ете түседі. Әрі қарай С.Торайғыровтың «Айқаптың» жазушыларының біріне айналуының куәсіміз. Ол аз десек, 1913 жылы журналда хатшылық қызмет атқарған Әкірам Ғалимов қайтыс болады да, 1914 жылдың қаңтарына дейінгі мерзімде аталған қызметті Сұлтанмахмұт атқарған. Ш.Құдайбердіұлының Орынбор, Семей қалаларында жарыққа шыққан кітаптары жөнінде «Айқапта» жүйелі түрде жарнамалық сипатта хабарларға орын беріліп, журналда (1912, № 4, 96­6.) Шәкәрімнің білімділерге қойған бес сауалының жауапсыз қалмағаны белгілі. Ш.Құдайбердіұлы мен С.Торайғыровтың сырттай таныстығы «Айқаптан» басталғандығын көрсетілген деректер айғақтайды. 1913 жылдың ақпанында «Қазақ» газетінің бірінші саны дүниеге келді. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық», — деп жар сала келді. Ұлт қамын ойлаған Ш. Құдайбердіұлы мен С. Торайғырұлы «Қазақ» газеті арқылы түйдектелген түйінді ойларын оқырманмен бөлісіп, келелі проблемаларды бүкпесіз батыл талқыға көптің назарына дер кезінде ұсынып. қалың жұртшылықтың үнемі ілтипатында болды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасында салқындық байқалған кезде дер кезінде Шәкәрім қажы салмақты ұсыныс жасады: «Білімсіз ел жас бала сықылды: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп кәдік көремін. Тамам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас, екеуін де алу керек! Газетаға сөз жазушы мырзалардан өтінемін: «Қазаққа» да «Айқапқа» да сөз жазып тұрсаңыздар екен?! Себебі мынада пәленшенің сөзі жоқ деп жұрт не сылтау қылып, не ындынсыз болмасын!» («Қазақ», 1918, 16маусым). Бұл — қос классиктің баспасөз арқылы бір­бірін тануы, табуы. Сырттай сыйласып, табысқан аға мен іні қашан кездесті екен?! С.Торайғыровтың Семей өңіріне алғаш сапар шегуі 1914 жылдың тамыз айының аяқ шені. Өмірбаяндық деректерді екшегенде, Семейде ұзақ тұрақтай алмай Қатонқарағайда бала оқытуға бел буған. Осы сапарда Сұлтанмахмұт пен Шәкәрім жолықпаған тәрізді. С.Торайғыров өмірбаянына үңіле түссек, 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың мамырына шейін Медеу Оразбайұлының аулында, Абай елінде емделгені аян. Қысырақтың қымызын ішіп, қазы­қарта жеп, таза ауада сергуге Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов кеңес берген. Медеудің ұлы Санияз бен жұбайы Тұрағұлқызы Ақылияның (Ақыш апай) күтімінде денсаулығын түзеген. Баспасөзден есімдері елге танымал Шәкәрім қажы мен халқымыздың үміт артар ақыны С.Торайғыров Абай жерінде кездескендігін жоққа шығару да қолайсыз. Төңкеріс заманы, аумалы­төкпелі уақыт ұлтжанды азаматтарды тоқайластыруы әбден мүмкін. 1917 жылғы ақпандағы төңкерістен соң Алаш партиясы тарих сахнасына көтеріліп, қазақ елі мен қазақ жерін басқару мәселесі күн тәртібіндегі алғашқы кезекке қойылғанын білеміз. Қазақ ұлтының тағдыры шешілер сәтте ұлтжанды азаматтар тас түйін бекініп, Семей шәһарына шоғырланғандығы тарихи шындық. 1917 жылдың 21—26 шілдесінің аралығында Орынбор қаласында бірінші бүкілқазақтық съезд өтті. «Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды­ демократиялық интеллигенциясының көсемдері басқарған Алаш партиясының құрамына әуел бастан­ақ қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері — М. Тынышбаев, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Жаһанша Досмұхамедов, М.Дулатов, т.б. кірді», — деп жазды академик К.Нұрпейіс «Алаш һәм алашорда» кітабында (120­б.). Ендеше қос алыптың қазақ тарихындағы аласапыран уақытта, 1917 жылдың мамыр— шілде айларында Семейде кездескендігін хронологиялық, фактологиялық деректер бұлтарусыз бекітеді.

Читайте также:  Әл-Фарабидің философиялық мұрасы

Және де қазақ халқын ғасырлар бойына созылып келген отарлық езгіден құтқару керектігін саналы түрде ұғынып, Алаш партиясында тізе қосып іс ­ әрекетке араласқандығы аян. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт Абайдан кейінгі қазақ поэзиясындағы жарқын да жарық тұлғалар. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас шеніндегі қоршаған қоғамдық­әлеуметтік ортадағы сөз өнерінің көкжиегі айқындалып, зар заман поэзиясының нүктесі қойылып, соны сапаға ауысқан шақта қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыт — ояну дәуірінің бастауында тұрған ұлы қаламгерлер сапында Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт дараланады. Қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі дәуірінің бағыт­бағдарын анықтап, көркемдік сипатын белгілеуді мақсат еткен «Екеу» (М. Әуезов пен Ж. Аймауытов) «Абай» журналының 1918 жылғы бесінші санындағы «Абайдан соңғы ақындар» талдау мақаласында: «Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе — бір «оянудың» барлығы. Бүл оянуға бірінші — Абай, екінші — «Қазақ» газетасы, үшінші жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды», — дей келе қазақ өлеңіндегі формалық көркемдік ізденістерді сараптайды: «Бірінші, сезімге эсер берерлік суретті өлеңдер, көбінесе, Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлар — сыршыл (лирик) ақындар. Екінші жіктің өлеңшілері — Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шаһкәрім, Бекет Өтетілеуов… Бұлар — халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады». Әдеби процестегі Шәкәрім мен Сұлтанмахмұттың өзгеге ұқсамас, ешкімді қайталамас қолтаңбаларын әдебиеттегі үлгі есебінде оқушыға тайға таңба басқандай жіктеп көрсеткен кезде олар жүзбе­жүз танысып, шұрқырай таласқандығы шүбәсіз. Болмыс ­ бітімі де, көркемдік сипаты да қазақ поэзиясында төтенше құбылыс санатында қабылданған «Таныстыру» поэмасы 1917 жылдың күзі мен 1918 жылдың қысында Сұлтанмахмұт Абай елінде жүргенде жазылған. Өлеңмен жазылған мінездемені еске түсіретін жаңа тұрпаттағы шығармасында Қазақстандағы қоғамдық­саяси ахуал түбірімен өзгерген шақта елді бастайтын серкелермен бірге кемеңгер ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі асқан ілтипатпен ауызға алынған. Үзілмеген сыйластық, қаяусыз достық, керек десеңіз шексіз сүйіспеншілік жаңа арна, тың серпінмен суреттеу принциптерінің алтын діңгегіне айналып жүре береді: Бұл қазақтан мақсұты биік алыс, Таппаса да сөзіне құлақ салыс. Қазақ деп жекелеме, адамзат де, Ол кісінің пікірімен болсаң таныс… Демеңіз тымақ киген жәй бір қазақ, Киген киім, жүрісі, түріне қарап. Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ, Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап! Шәкәрім барша қазақтың, күллі адамзаттың ынтымағын көксеген, ақылшы, ойшыл бейнесінде көрінеді. Сұлтанмахмұттың бағалауында — Шәкәрімнің салиқалы сөзі, ақсақалдық қасиеті, қысылғанда қиыннан жол тауып шығатын кемел ақылы, байыпты байсалдылығы — көптен бөлектеп, елден ерекшелейтін озық біткен асыл қасиеттер. Шәкәрім де Сұлтанмахмұт ақынды баласынбай құрметпен, ізетпен естіген құлақтың айызын қандыра өлеңге қосады: Қой, жүрегім, қайғырма, Қайғыны мүлде жай қылма. Айрылғандар қосылар, Бұл мінезден шошынар. Тағдырдың құлы осылар, Сен таппайсың шарасын. Торайғыров естісе, Мұны «қатын ойбай» дер. Мұнымен елді жетілтсе, «Ойбайды жүр қоймай» дер. Аша алмассың жылаумен Арсылдақтың арасын. Он тоғыз жастағы Сұлтанмахмұт үніне құлақ қою сөз төркінін бойлай түсінер жанға лайық мінез. Баспасөз арқылы етене жақындасып, рухани туысып кеткендігінің ізгі нышаны.

Читайте также:  ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ОРЫС-ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ

Шәкәрім де, Сұлтанмахмұт та өлеңге өнер туындысына қойылатын биік талаптар мұнарасынан қарайды. Өлеңнен төгіліп тұрған түрлі суреттер, күйлі үндер ғана емес, жүректің терең түкпірінен суыртпақталып шығатын парасатты ой, өрелі образ іздейді. Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ тілі» газетінде баспа көрген екі мақаласы бар: «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» (1924, 31 январь, № 13 (412) және «Сынау һәм сынауды сынау» (1924, 4 март, №26 (425). Көрсетілген екі мақаланың тек шәкәрімтану ғылымында ғана емес, тұтастай қазақ әдебиеттануында, әсіресе мәтінтану, өлеңтануда, көркем сынның теориясы мен практикасында (сынға қойылар талап, сынның мақсаты, сыншы келбеті, сыншы парасаты, т.т.) ерекше орынға ие. Күні бүгінде маңызын жоймақ түгілі көкейкестілігімен әдебиет хрестоматияларынан түспестей дәрежеге көтеріліп отыр. Алдымен, шағын ғана өтініш реуішті еңбегінде оқырманға салқар ойдың тізгінін ұстатады: «Баяғы түріктің атақты ақыны (поэт) Фзули өлеңінің басында айтқан: «А, құдай! Менің өлеңімді үш түрлі антұрғаннан сақта. Бірінші, әннің ретін білмейтін кісіден сақта, себебі ондай кісіге айтқан жақсы өлең де жаман көрініп байыбына бара алмайды. Екінші, күншілден сақта, оның себебі жақсы өлеңімді жамандап, теріс мағыналап, халықтың жүрегіне азғыру салады. Үшінші, қате жазушыдан сақта, оның себебі менің «көз» деп жазғанымды «көр» деп жазып, ашық көзімді соқыр көрсетеді»,—деген. Сол айтқандайын Ташкенттегі «Шолпан» журналы менің өлең қылған «Ләйлі—Мәжнүн» әңгімесін соншалық көп қате қылып басыпты. Оны түзеу қайтадан бір кітап жазғаннан қиын». Бұл — Ш.Құдайбердіұлының тек жеке басына қатынасты деп ойлау асығыстық. Ақынның ерекше көңіл бөліп қадағалайтыны — мәтін тазалығы. Түптің түбінде мәтіндегі ақаулардың уақыт өткен сайын орны толмас олқылықтарға тірелетіндігі, әдеби мұраны тануда, әрі талдауда келер ұрпақты адастыратындығы баршаға аян. Әдебиетті құрметтеу — мәтін тазалығынан басталатындығы Ш.Құдайбердіұлы көркемтанымындағы басты ұстаным. Шағын мақала маңызы солайша бағалауға бек лайық. Ш. Құдайбердіұлының көркемдік қарымы мен эстетикалық талғамы алуан жанрда жазылған шығармаларында мейлінше айқындалған. Оқығаны мол, тоқығаны адам баласын таң қалдыратын күрделі суреткер даяр үлгіні місе тұтпаса керек. Ғылыми трактат деп дабыра көтеруден сақтанғанымызбен қазақ әдебиетінің теориясы мен сыны қалыптаспаған елең­алаң мезгілде «Сынау һәм сынауды сынау» мақаласын ұсынуы зор білімдарлықтың белгісі. Шын мағынадағы көркем шығармалар дүниеге келіп, тұтас қазақ әдебиеті ояну дәуірін өткеріп жатқанда жанашыр, жол көрсетуші сынның туу қажеттілігін мейлінше терең ұғынған Ш.Құдайбердіұлы. «Біздің қазақ арасына газета, журнал шыға бастағаннан бері үзбей оқымасам да, анда­ санда газета, журнал оқушы едім! Сонда бірінің сөзін бірі сынаған қазақ оқымысты азаматтарының сөзіне кез келуші едім», — деп әңгімесін сабақтайды. Әрі қарай сын деген не, мақсаты қандай, сыншы кім, оған нендей талаптар қойылады, тағы сол сияқты кенеулі проблемаларды ақтарып салады. Айтар ойына, көрсетер жолына, ішкі жан дүниесінің тазалығына шұқшия зейін қойып, сынның бет аңғары, болмыс ­бітіміне орай принципті тұжырымдарды заңнамалық баптарды тізгіндей тәптіштейді. Өзіне де, өзгеге де биік та лап мұнарасынан қарайтын Ш.Құдайбердіұлы «сын деген жаратылыс ағымының таразысы, таза елегі» екендігіне оқырман көпшілікті ұйытады. Уақыт кесе­көлденең тартқан зілбатпан ауыр міндет — өсіп келе жатқан әдебиетке сай, оның сынының қалыптасуы. Әдеби процесте жүріп жатқан түбірлі сапалық өзгерістер сынның теориясы мен практикасының өркен жаюына мүмкіндік туғызды. Қазақ әдебиетінің тарихындағы түңғыш өлеңмен жазылған роман «Кім жазықтының» эпиграфы: Бір сөзім бар шалдуар, Болмаса да тыңшысы. Бұ күнде жоқ, соң туар Роман менен сыншысы,— іспетті оймақтай ойдың жарыққа шығуынан бұрын «Айқапта» жарияланған «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?», «Өлең һәм айтушылар», «Жаңа кітап», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» еңбектерінде өнер туындысы мен әдеби мұраны бағалауда қойылатын талаптар там­тұмдап олжалы табыстар санатына кірді. Әдеби дамудың барометрі есептелетін сынның іргетасы қаланып, жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың ара жігінің ашылуына бағыт­бағдар ұсталды. С. Торайғыров қадари халінше ауыз әдебиеті үлгілері мен қисса­хикаялардан бастап «Милли шиғыр», «Әдебиет өрнегі» жинақтарына шолу жасап, талдай келе «нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың исі де жоқ», тілі бүлінген, шұбар екендігіне қатты алаңдайды. Тұнығы лайланғандай тығырыққа тірелгенде: «Басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді»,—деп дертіне шипа тауып, қаяулы көңіліне сүйеніш көреді. Міржақып Дулатов сынды ақтаңгер ақынның «Азамат» өлең кітабынан өнеге, үлгіні молынан кездестіріп, сөзі басқа поэзиялық жинақтарға ауысқанда «Қанша дегенмен жаманның барынан жоғы жақсы дейтін мезгіл болыңқырады ғой» деп сыннан сапаға, бос сөзден келісті образға қарай ойысуды өрге сүйрер өнер шарты деп біледі. Қазақ әдебиетіне ентелеп ене бастаған шығармалар шоғырынан орын тепкен тілдегі сүреңсіздік нөпірі, жөн­ жосықсыз еркінсу С.Торайғыров зығырданын қайнатады, жігерін құм қылады. Тіл мәдениетіне үнемі көңіл бөліп, онда ұсақ ­ түйектің болмайтындығын проблема деңгейінде көтеруі уақыты үшін ерлік, біздің заман үшін де ешқашан ескірмейтін қағидаға айналуы шарт. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұттың бір­бірінің аузына сөз салып қойғандай жарыса қайталайтындары естіген құлақтың айызын қандырар қасиетті шындық. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт шығармашылығында егіз өрімдей жарасымын тауып, әр қырынан ашылатын тақырыптар, ұсақ сюжеттер, оқшау детальдар, адамның сезіміне сәуле түсірерлік ортақ айшықты суреттер баршылық. Оған тарихи­биографиялық жәйттерді қосыңыз. Бірнеше буын зерттеп, көз майын тауысуға тиесілі тарам­тарам ғылыми ­эссеистік объектілер. Адам баласының өмірі, жас шамасы ықылым заманнан ақындар жырына өзек. Дүние есігін ашқан сәттен өмір сапары аяқталғанша адамзат бастан кешіретін уақыт ірі философиялық мәнге ие. Жаратылыс туындасы пенде пәни дүниеден бақи дүниеге көшкенге дейінгі мерзім тіршілік дүниесі аясында қас қағым сәт қана. Сондықтан да қазақ ақындары жас шамасына әрдайым ой көзімен үңіле қарап, «қайран жиырма бес» пен «тоқсандағы тордың» арасындағы уақыт межесін ақындардың басым көпшілігі өлеңдерінде қапысыз өрнектеген. Не жөнінде сөйлесек те, өлшемге алатын ұлы Абай: деп ежелеп түсіндіріп алады да, өмір, өлім аталатын философиялық категорияларға нақты жауап дайындайды. Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. «Алланың өзі де рас, сөзі де растығын» өлеңмен ұлы ақын өмір мен елім диалектикасын шып ­ шымыр қылып жалғыз шумаққа сыйғызған. Шәкәрім айтады: Өмірдің басы — балалық шақ, ортасы — азаматтық есейген шақ, соңы — қартайған кез, шалдыққа жету, өлімге қарай аяқ басу. Шәкәрім қысқаша тұжырады. Абай мен Шәкәрім көтерген философиялық талғамдарды кең тынысты, мол жоспарлы поэма өзегіне арқау етеді Сұлтанмахмұт. Қазақтың дәстүрлі поэзиясынан сусындаған, батыстық лирика мүмкіншіліктерін игерген Торайғыров философиялық, көркемдік ізденістердің қандайына болмасын дер шағында даяр­тын. «С. Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасы,— көрнекті әдебиет тарихшысы М.Мағауиннің бағалауынша, — қазақ сөз зергерлерінің ғасырдан ғасырға ұштасып келе жатқан адам және оның табиғаты, өмір және оның мәні туралы толғауларының бір арнаға келіп тоғысқан құймасы, шырқау шыңы тәріздес». Сұлтанмахмұт кезең­кезеңге бөліп топтайды: 1) Мен — бала; 2) Мен — жігіт; 3) Мен — тоқтадым; 4) Мен — кәрі; 5) Мен — өлік. Лирикалық кейіпкер «меннің» дүниеге келген шағынан бастап жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі өмір сапары төңірегіндегі лирикалық тебіреністер монологпен өрілген. Абай — Шәкәрім — Сұлтанмахмұт арасындағы көзқарастағы бірлік, танымдағы туыстық таң қалдырып, таңдай қаққызады еріксіз. Орыстың данышпан ақыны А.С. Пушкиннен қалған аталы сөзбен аяқтауды жөн көрдім мақаламды: «Көне астрономияның, физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің түсініктері, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн санап өзгеріп, алмасып жатқанда, нағыз ақындардың шығармалары тап­таза, мәңгі жас қалпында қала береді»,— деген екен. Бұл нақты ғылым өкілдерінен қалам иелері биікте тұрғандығын дәлелдеуге тырысқан әлжуаз ишараны бекітуге ұмтылғандық емес. Керек десеңіз, мұнда біресе бәсеңсіп, біресе өртше жалындайтын физиктер мен лириктердің арасында айтыстың да жұқанасы жоқ. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт мұралары ғасырлар озған сайын саф алтындай жарқырай түсетін айрықша қасиетке ие екендігін ғана жеткізуді мұрат тұттық.

Читайте также:  Шын және жалған демократия

Оставить комментарий