Шәкәрім және халық өнері

Шәкәрім шығармашылығының басты ұстанымы еңбек, білім­ғылым, өнер және насихат. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым-­білім, өнер­өнегеге баулуды мұрат еткен хакім адам. Шәкәрім өнерді ойға тоқып оны білімменен ұштастырса ғана құнды, нәтижелі екендігін ескертеді. Ол адамның ары, пиғылы кіршіксіз таза болған жағдайда ғана еңбек адал, өнер пайдалы дейді. Адамдардың сана­сезім мәдениетін көтеру, оқу­өнерге ынталандыру мақсатымен Шәкәрім талай төл шығармаларымен қоса, басқа халықтар рухани байлығына бойлағанда олардың азаматтық ортақ, ұқсас ой жүйелеріне қанықты, дүниетанымы кеңейе түседі. Дүниенің барлық көріністерін, адам өміріндегі мың алуан құбылыстарды бүкіл болмысымен, барлық жүйке­сезімімен қабылдай білген ақынның түсінігінде шек жоқ, деп Ә. Тәжібаев әділ баға береді. Ол жердің сырын, желдің үнін, құстың әнін, адамның арман­ қиялымен, мұңымен бірдей түсіндіреді. Біз оның өлең ырғақтарынан өзіміздің жан ырғағымызды таптық. Бұл ақынның ең қымбат қасиеті. «Абай шәкірттерінің ішінде деп жазады Қ. Мұхамедханұлы, көп жасағаны да, көп жазғаны да — Шәкәрім, ол — әрі лирик, әрі ақын және прозаик, ол — композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол — терең ойшыл, әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз — үлкен мәдениет қайраткері». Шәкәрімнің таланты әр қырынан жарқылдайды, жоғарыда атап өткеніміздей, бармағынан бал тамған деген теңеу жалаң емес. Өзі біліп меңгерген өнер түрлері сол кездің өзінде жаңашылдығымен танылған. Туысынан талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі, зерек, қабілетті, талапты жасқа ғана тән ерекше мінез. «Адам өзінің жаратылысынан­ақ суреткер, — деп жазады М. Горький. Ол қашан да өз өміріне әсемдік енгізуге тырысады. Ол өз төңірегіне мәдениет деп аталатын екінші табиғатты жасап та қойды». Бұл өте терең ой. Өнер адам түйсігіне орныққан шынайы дүниені бейнелейді және оны жасайды да. Өнер шоқтығы… Бұл сөз, әрине, поэзияға ғана қатысты емес, ғылыммен, техникамен салыстырғанда өнер саласының қай­қайсының да бұл жағынан жағдайы ерекше. «Өнер» деп табиғат тұрпатын адамның қажетіне, мұқтажына жарарлық етіп, соған бейімдей өзгертуді айтамыз. Абай өнерді «тән азығы» және «жан азығы» деп екіге бөлген Тән (дене) азығы тіршілікке қажет бұйымдар, яғни екінші көзбен айтқанда материалдық мәдениет. Ал жан азығы дегеніміз — көркем өнер. Бұл табиғаттың бойындағы әсемдікті, күш­қуатты адамның қажетіне сәйкестендіріп, қол иә тән арқылы көріктендіріп жіберу. Мұндай көркем өнерді Абайдың «жан азығы» деу себебі ол жанға, яғни көңіл күйіне, сезімге қатты әсер етеді, — деп С. Мұқанов жазады. Бұрынғы қазақ ауылдарында ең көне замандардан халықпен бірге үздіксіз, жарыса жасап келе жатқандары ән­күй, тіл және қолөнері. Осылардың ішінде қазақтың қолөнері кешеуілдеп зерттеліп келе жатқан өнер саласы. Әлбетте қазақ халқының қолөнеріне, тұрмысына жиі қолданатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, ою, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық жұмыстары жатады десек, Шәкәрім жасынан бұл өнерге құмар болған, не нәрсе болса да өз қолымен жасап шығаруды әдетке айналдырған және зерттеген нәрсесінің жасалу сырын білуге ұмтылған. Шәкәрім білім­ғылымның қадір­қасиетін кеш түсінсе де өз бетімен оқып, үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Мінезінің даралығы мен алғырлығы алған бетінен қайтпайтындығын анық байқатады. Ақынның бойын билеген ой талант, орнықты қиял, білмегенін білуге асыққан құштарлығы өмірінің соңына дейін сақталғаны таңғажайып. Адамның осындай ерекше мінезі туралы: «Дүниедегі бүкіл ләззат екінші мәртәбада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады», — деген Абай. Осы тақылеттес мінез келешек руханият зерттеушісі, дербес ойдың, асқан ақылының иесі Шәкәрімге тән болса керек. «Қош» деген өлеңінде Шәкәрім жасынан білім ала алмағанына өкініш білдіргені рас. Жас өтті тынымсыз Өнерсіз, ғылымсыз Надандық жолымен Кеттім­ау білімсіз. Ойына не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім деп жастық кездің желіктерін ол кейін өкіне еске алады. Әрине, ақынның бұл өкініші ғылым тұрғысынан қарағандағы өткен жастық шағын бағалауы. Ол жеті жасында әкеден жетім қалған тұрмыс тауқыметінен туған дәрменсіздік салдары. Алайда, ұлы ғұламаны балалық шағында білім мен өнерден мүлдем хабарсыз болды деп ойлау қисынсыз және оны кесіп айта алмаймыз. Шәкәрімнің бала кезінен хат танып, өз талабымен өнердің әр түрін үйренуге бет қойғанын харекет еткенін ескермеуімізге болмайды. Шәкәрімнің табиғи ақындық қуатын, өнер­білімге құштарлық қасиетін және зор қабілетін ерте танып ерекше бағалаған — Абай. Ұлы ұстазы Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»,— дегені осы болар деп Қ. Мұхаметханов жазады. Шәкәрім Құдайбердиев өткен өмірін «Мұтылғанның өмірі» поэмасында шынайы сезіммен деректі жазған, содан шумақ келтірсек: Он жасыма кірген соң, Домбыра, гармонь білген соң, Мылтық атып жүрген соң, Аңшы боп түстім азапқа. Шәкәрім музыкаға әуес болғанын жасырмай да асырмай ашық жазады. Өздігінен музыкалық аспаптарды меңгеру, кез келген адамнан табиғи қабілеттік пен талантты қажет ететіні оқырманға мәлім. Бала Шәкәрім өз ниетімен мұны да біліп меңгерген. Ендеше, Шәкәрім шығармашылығының рухани негізін қалауда, оның жетілуіне өнердің себебі айдай анық. Өнер болмысты танып­білу құралы ретінде поэзиямен тамырлас, үндес, өзектес. Сөзіміздің басында жердің сырын, желдің үнін, құстың әнін, адамның арман­қиялымен, мұңымен бірдей түсіндіреді дегені соған дәлел. Өнер зерттеуші ғалым C.JI. Рубенштейн қабілеттілікті зерттей келе мынадай шешімге келіп «Кез келген қабілеттілік спираль бағытымен іске асады: мүмкіншілікті іске асыру, бір деңгейдегі қабілеттілікті көрсету болса, ол дамудың жаңа одан да жоғары мүмкіндік деңгейін ашуға себепкер болады», ­ деп жазады. Өмір қиындықтарын ақылға жеңгізбей үнемі ізденістегі ақын, ауыр еңбектен де бас тартпаған, үнемі шаруаға араласып табиғат аясында оңаша жүруге дағдыланған. «Аңшылық ескі салтым» деп өзі айтқандай саяткерлікті кәсіп қылған кездері өте көп болған. Оған өмірбаянынан мына жолдар айқын: Қыс болса бүркіт баптадым, Масыл боп үйде жатпадым, Елу бес жыл таптадым, Мезі болды тау мен тас. Саяткерлік құр серуен емес, ол қажырлы еңбек. Ал аңшылыққа қажетті құс — қыранның тұғыры мен томағасы, балдағы мен аяқ бауы, т. б. жабдықтарды жасап алу білгірлік пен шеберлікті қажет ететін іс. Абай елінің көне көз қарияларынан, Шәкәрім қажы қолөнерге шебер болған, қажетті бұйымдарды өзі жасап, киім­кешегін өзі тігіп киюші еді деп таңырқай айтып отыратын. Қажы елден ерекше киініп жүретін деуші еді. Сол кездің өзінде Шыңғыс елінде «Тобықты қамзолы», «Тобықты тымағы», «Тобықты ер­тұрманы мен тоқымы» деген атаулар пайда болғаны рас, қазақтың дәстүрлі ескі салт киім­кешегіне жаңа үлгі, жаңа нұсқа, жаңа форма енгізген бастамашысы Абайдың өзі болатын. Семей қаласындағы орыс, татар өкілдерімен жиі араласқан Абай бұрынғы қазақ киімінің сөлекеттігін сезіп, өзгерме енгізіп, ықшамды, тұрмысқа ыңғайлы киім тіктіріп кигенін бүкіл ел білген. Абай «Ойландым айға кеттім жүз жылғы өткен» немесе «Ескілік киімі» деп аталатын өлеңінде бұрынғы киім үлгісін есіне алып мейірлене жазған. Шәкәрім Абай бастап енгізген киім­кешек үлгілерін жаңа көзқараспен әрі қарай дамытқан, жетілдірген. Шәкәрім өзі болған шет мемлекеттердегі киім үлгілерін, әдет­ғұрпын қазақ елінде насихаттаған. Осындай өнер түрін біз қазіргі уақытты «сән» өнері деп бағалап жүрміз. Ел арасында Абай мен Шәкәрімнің бұл саладағы еңбек тәжірибелерін жалғастырып әкетуші ісмерлер мен шеберлер де шыққан. Тапсырыс беріп киім­кешек, бас киім тіккізетін адамдар да көптеп табылған. Мысалы: Өткен ғасырда Қасқабұлақ өңірінде ғана М. Әуезовтің бәйбішесі Райхан Ақынжанқызы, Күлзия Қалиқызы, Күнімбала Байділдәқызы, Сағила Нұрманқызы, Айтбүбі Шөпішқызы ел алғысына бөленген ісмер шеберлер атанған. Осы аттары аталған және басқа да шеберлер «Тобықты киім үлгісі», «Тобықты тымағы», т. б. аталатын модель үлгілерді өте қонымды әрі сәнді тігетін болған. Қыстыгүні киетін түлкі терісінен жасалған тымақты барқыт, пүліш, атлас, шұға сияқты жылы, өрі қымбат маталармен тыстаған. Бояу түстері де тым ашық емес, жағымды, ұнамды болған. Кең байтақ Қазақстанның әр өңірінде тымақ әр алуан үлгіде тігіледі. Олардың әрқайсысын «арғын тымақ», «үйсін тымақ», «найман тымақ» деп немесе «ұлы жүз үлгісі», «орта жүз үлгісі», «кіші жүз үлгісі» деп түр­түрге бөліп, кейде жүздер ішіндегі рулардың атымен аталатынын өнер зерттеуші С. Қасиманов жазған. Орыстың өнер зерттеушісі В. Плотниковтың 1859—1862 жылдары жазған қазақ киімдерінің ішінде бөрік пен тымақтың 15 түрлі үлгісі мен атаулары бар екендігін айтқан. Тымақ бөлшектері төбе, маңдай, екі алдыңғы құлақ және артқы етек болып беске бөлінеді. Екі алдыңғы құлақтың сырт жағынан бастырған екі бауы болады. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды. Осы күнге келіп жеткен «Тобықты тымағы» үлгісін жасаған Шәкәрім қажы деп айтылады. Абайдың «Ескілік киімі» өлеңіндегі суреттеген тымақтың көлемі үлкен, ерсілеу болса керек, онда артқы етегі тым ұзын, белге дейін түсіп тұратын болған. 1922—1926 жж. Қазақ Республикасының астанасы болған Орынбордың мұражайы жер­ жерлерге өкілдер жіберіп, қазақ киімдерінің түрлерін, үлгілерін жинаған. Бұл істе мұражайдың ғылыми қызметкерлері А. Четыркина мен А. Мелков орасан еңбек сіңірген. Олар Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Орал, Атырау, Семей, Павлодар аймақтарының көп жерлерін аралап, көптеген ұлттық киімдері мен өрнектердің, алтын­күміс әшекейлерінің экспонаттарын жинаған. Атап айтқанда, әр адамда көйлек, дамбал, шалбар, қамзол (не бешпент), шапан, аяқ киім болатынын анықтаған. Енді «Мұтылғанның өмірі» өлеңіндегі келесі жолдарға келсек: Шеберлікке де бет қойдым, Сурет жасап түр ойдым, — дейді ақын. Шәкәрім балалық шағында да, есейген шағында да қолөнерді тастамаған. Әрине, Шәкәрім бұл іспен шұғылданғанда шеберліктің ең биік шыңына жету мақсатын көздемеген шығар, бірақ өз қолымен жасаған заттарының табиғи сырын, істің көркемділігін танып­білуді мақсат еткендігі хақ. «Сурет жасап түр ойдым» дегені ою­өрнек суреттерін салып, оны матаға, ағашқа түсіріп, кесіп, жонып сәндік бейнелік түр ойғанын жазады. Шәкәрімнің ұсталық өнерімен әуестенгені жайында мәліметтерді А. Омаров Абай журналының 1/2006 ж. басылымында Шәкәрімнің өмірбаяны деген мақаласында жазады. Онда Шәкәрімнің анасы Төлебике (Дәметкен) Аллаберген қызының өнерпаздық, ұсталық шеберлігі болғандығы жөнінде айтылады. Шәкәрім бір әңгімеде ұсталықпен әуестенгенін былайша баяндаған: «…Абай ағам шошалаға кіріп, кездік соғып жатқанымды көрді. Мен сәлем бердім. Абай ағам сәлемімді алып: «Кездік соғып жатырсың ба, Шәкәрім?» — деді. Мен: «Соғайын деп едім, бірақ суарғанда бәрінің жүзі жарылып кетеді», — деп, соққан, жүзі жарылған кездіктерді көрсеттім. Абай соққан кездіктеріме қарап: «Өзің ұстасың ғой. Кездіктеріңнің мүсіні жақсы келген, бірақ суарғанда жүздерін жарып алыпсың. Жеңешемнен неге сұрамадың, қалай суаруды?» — деп тұрғанда шешем келіп, Абайға амандасты. Абай амандасып болған соң: «Жеңеше, Шәкәрімнің ұста болмақ ойы бар екен, бірақ суарудың рет­жөнін білмейтін көрінеді. Суаруды неге үйретпейсің?» — деді. Шешем де кездіктерді көріп: «Жүздері жарылып кетуі, біріншіден, өте қыздырып алып суарғансың, екіншіден, жұқа жүз жағынан суарғансың, сондықтан жарылған» — деді. «Пышақты қалың сыртынан суарған жөн деп, суаруға дайындап қойған кездігімді қыздырып «былай суар» деп көрсетіп, сыртынан суартып еді, кездіктің жүзі жарылмай шықты. Сөйтіп, пышақ соғуды да үйрендім». «Шыңғыс елінде ұста, зергер, ерші, өрмекші, термеші, тігінші, етікші, үйшілер… ерекше құрметтелген, — деп жазады М. Жанболатов жеті атасынан бері дарыған ұсталық өнер иесі — Арықматай ұрпағы Балтеке ұстаның соққан пышағы «Темір жонады» деп мадақталған. Оны қалап жүріп бәйге атқа, атан түйеге зорға дегенде қолға түсіретін болған. Кавказ елінен қашып келіп Абай аулын паналаған екі шеркестің біреуі шебер, ұста, күміс шауып оны қаралауы, алтынмен булауды білетін зергер екен. Абай Шыңғыс еліндегі Әнет Сағындық, Көкше Әзіке, Қарабатыр Баймұрын, Көтібақ Сүлеймен, т. б. зергер, ұсталарды жиып алып бірнеше үй тіккізіп, сойыс малын бергізіп, үш ай жатып сол зергерлердің өнерін үйренуге қосқаны, ол өнердің кейін Шыңғыс еліне тарағаны іргелі ақын, Абай тану ісінің ең ірі білгірі Әрхам Искаковтың естелігінде жазылған». Шәкәрім жазу жазудан бос уақытын үнемі тиімді пайдаланған, аңшылықты кәсіп етіп, құс салып, ит жүгірткен, аң мен құстың өрісін, түнегін, жайылымын бағдарлаған. Жастық шағындағы осы кәсібін төмендегідей жазады: Он бесіме келгенде, Қаршыға бүркіт көргенде, Құс салып жүрдім серуенде, Еркіндеп шығып азатқа. Саятшылық, сезімге серпіліс беретін, денеге қайрат­қуат қалыптастыратын қазақтың атадан келе жатқан кәсібі. «Көпшіліктің қаймағы бұзылмаған дәуірде кең даламыз жаз шыға өзінің барлық сән­салтанатымен: тау бөктері өзен­бұлағымен, жазығы масатыдай көгал кілемімен құлпыратұғын. Өсімдік әлемі сан алуан, жүгірген аңы мен сайраған құсы түр­ түрімен жыртылып айрылатын», — деп А. Омаров «Шәкәрімнің өмірбаяны» мақаласында жазады. Ал, Шәкәрім өмірі, міне, осы көрікті де тамылжыған табиғат аясында еркін ауа, таза қоныста өткен. Адам мінезінің сабырлылығына, ой­қиялының еркін дамуына, көңіл серпілісінің алау отына ұшқын беретін бірден­бір күш көрікті табиғат, табиғат аясы. Шәкәрім табиғат аясында көп уақытын өткізіп, табиғатпен үйлесе, үндесе жүріп ойланғанды, әдетке айналдырған ойшыл­философ. Сөзіміздің басында Шәкәрім шығармашылығының бір ұстанымы насихат деп айттық. Кемеңгер ой иесі, ақын, философ, тарихшы, композитор қазақ жастарын ғылым­білім және өнер үйренуге насихаттанудан ешқашан жалықпаған адам. Бұқараны оятуға ұмтылады, ғылымға жетелейді. Еңбек етуге мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырады. Шәкәрім үшін байлықтың ең үлкені — ғылым, өнер. Өзінің «Үш­ақ түрлі өмір бар» атты өлеңінде ол адам өміріне «ортаншы өмір» деген ұғымды қолданады. Бұл адамның жастық шақ пен кәріліктің арасындағы белсенді өмірі. Шәкәрімнің айтуынша, міне, осы жылдары уақытыңды босқа өткізбей, ғылымға үңілсең, одан өзіңе керек қазынаны тауып ала білесің — өмірлік мұратыңа жеткенің. Орыс, шығыс, батыс Европа әдебиетін, мәдениетін жемісті жалғастырушы, байытушы, жаңа сатыға көтеруші және оны қазақ жастарына үнемі үлгі ретінде ұсынады: Үйренсе ғылым менен сан өнерін Білер еді­ау өнердің не берерін, Танысса ақын, ойшыл адамымен, Табар еді­ау, адалдық ар көмегін. Адамның асыл қасиеттерінің бірі — оның ойлылығы. Бүл сезім адамды толғанысқа салады. Ойлы адамның ғана көңіліне сәуле түседі, қараңғылық сейіледі. Пушкин жазады: «Ғасыр алаңдамай алға жылжи бере алады… бірақ поэзия орнында қалады. Оның бір ғана мақсаты бар… Көне астрономияның, физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің ұғымдары, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн өткен сайын өзгеріп, алмасып жатқанда, қос ақындардың туындылары тап­таза, мәңгі жас қалпында қала береді».

Читайте также:  Сәулет өнеріндегі таңба

Оставить комментарий