Шәкәрім және Ислам мәдениеті

Шәкәрім — Ислам жолымен айтсақ, нағыз тақуа мұсылман, ал ғылым тілімен айтсақ ойшыл ғалым, кемеңгер парасат иесі. Қазақ даласы ислам өркениетіне имандылығы және ақылымен нұр шашқан үлкен ғалымдар берген құтты мекен. Ал ондай даналар жұртын ізгілік жолына бастады. Бұл игі үрдіс ешқашан да үзілген емес. Еліміз тәуелсіздік алған соң халқымыз осындай имандылық жолына қайта бет бұрып, бірте­бірте рухани жаңғыру жолына түсуде. Ендігі мақсат Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың ұлтымыз жайлы «қазақ кеңпейіл, адами құндылықтарды бағалайтын, адам баласының бәрін бауырым дейтін кемеңгер халық» деген аталы сөзін ұстана отырып, дін мен ғылым, мәдениет пен өнерге аянбай тер төккен рухани ірі тұлғаларымыздың бай мұраларын зерделеп, жұртымен қайта қауыштыру. Сондай­ ақ, Елбасымыздың: «Біз — тегіміз түрік, дініміз — Ислам екенін ұмытпауымыз қажет. Ол үшін Қасиетті кітап — Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», — деген парасатты сөзі әр мұсылманның жүрегінен берік орын алуы тиіс. Оның: «Біз суннит (Пайғамбар жолын ұстаған) мұсылмандармыз және осы жолдан айнымауға тиіспіз» дегені де тәуелсіздіктің сара да жарқын жолын айқындаумен қатар, Ислам дінінің түркі тектілер үшін де өте маңызды екенін көрсетіп бергені жадымыздан шықпауы қажет. Мемлекет басшысының 1999 жылы 29 шілдеде Алматыдағы Бас мешітке келгенде: «Саясат күнде өзгереді, ал дін — мәңгілік» дегенін жұрт қазір қанатты сөз ретінде айтып жүр. Иә, мәңгілік құндылықтарын қадірлеген халықтың ғана болашағы зор болатындығы күмәнсіз. Ел есімін ұмытпай, зор мақтанышпен атайтын әлем таныған отандастарымыз Әбу Нәсір әл­Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, хакім Абай, дана Жамбыл секілді тағы да басқа даналарымыз қатарында данышпан Шәкәрім қажының тұратыны сөзсіз. Биыл ақиық ақынның туғанына 150 жыл толып отыр. Ол жайлы әңгіме көп. Ең әуелгі айтар сөз, шәкәрімтану ғылымының қарқынды және жүйелі дамуы, екіншіден жекеленген ғалымдардың осы сала бойынша да іргелі еңбектерінің жарық көре бастауы. Үшінші, әрі ең бастысы Шәкәрімге және оның жазған шығармаларына деген халқымыздың ерекше сүйіспеншілігі. Бұл жұртымыздың өткенін білуге, оны қастерлеуге деген құштарлығын байқататын да көрсеткіш. Төртіншіден, Шәкәрімдей асылдың атын түрлі теріс пиғылды ағымдардың өз мүддесіне пайдаланып қалуға ұмтылысы. Бұл төрт мәселе жеке­жеке тоқталуды қажет етеді. Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығын сөз етуден бұрын әуелгі сөзді Абайдан бастаған ләзім. Шәкәрім — хакім Абайдың туысы, оның ақындық мектебінің ірі өкілі. Бұл ғылыми және көркем шығармашылықта имандылық жолын ту еткен мектеп. Ал ол мектеп жолын ұстанғандар көп мәселелерге терең бара білген. Имандылықтан айнымаған Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», — деп халқын дұрыс бағытқа, имандылық жолына бастағаны белгілі. Абайдың қара сөздері де қазақ халқының рухани байлықтарының бірі. Ғылым туралы ой айтқанда да Абай: «Ғылым — Алланың бір сипаты, ол — хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр», — деген. Осындай терең танымды Абай мектебінің ірі өкілі Шәкәрім де Ислам мәдениетінің ірі тұлғасы еді. Шәкәрім толысып, кемел кезеңге жеткенде 1912 жылы «Айқап» арқылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деп жұртқа бес сауал қойғаны еске оралады. Соның біріншісі: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?». Бұл аса маңызды сауал. Бірақ айта кетер жайт — адам баласының жаратылысы, өмірге келудегі мақсаты, тылсым табиғат сырлары, өмірдің мәні мен маңызы XIX ғасырда тек Шәкәрім қажыны ғана емес, одан көп бұрын сан ғасырлар түрлі ойшылдар мен парасат иелерін, даналар мен кемеңгерлерді толғандырып, тұңғиық ойларға жетелеген. Бұл сұрақ Мекке­Мадинаға барып парызын өтеп, Алла Тағаланың мүбарак үйі Кағбаны көріп, тауап жасап, истиғфар айтып, Жаратушы Иесіне жалбарынып тілек тілеп, рухани байып қайтқан Шәкәрім қажыны да жыл өткен сайын үлкен ойға қалдырып мазалауы заңды. Мұндай сұрақ Шәкәрім қажы және оның тұстастарын ғана емес, сондай­ақ иман, өмір, ақырет, жаһан жайы бейжай қалдырмайтын рухы таза кез келген пендені қазір де ойлантуы тиіс дейміз. Иә, Алла Тағаланың бұл ғаламды белгілі бір мақсатпен жаратқаны хақ. Ол бір сөзбен айтқанда, тіршілік иелеріне Өзін таныту.

Жаратушы Иеміз күллі ғаламды өзінің құдіреті мен шеберлігінен шыққан әсем де көркем туындыларын көрсетер ұлы көрме іспетті жаратқан. Адам баласы осы ұлы көрмедегі Хақтың құдірет қолынан шыққан әрбір туындыға қарап, олардың шынайы ұстасы мен Жаратушысын тауып, тануға тиіс. Ендеше, Алланың адамды жаратудағы ұлы мақсаты — өзінің кемелдігі мен ұлылығын паш ету. Алла Тағала айнала қоршаған ортаны, жалпы мына жұмбақ ғаламды Өзін танытатын ғажайып сырға толы алып кітап секілді жаратқан. Ондағы әрбір нәрсенің мәнісіне терең бойлап, оқи білген саналы пенде үшін өзіне тән болмыс, бояуымен Ұлы Шеберін меңзеп тұрғандай. Расында да адам баласы осынау ғалам атты кітаптың сырына үңіліп, дұрыс оқи алса, сөзсіз сол арқылы Жаратушысын тапқаны. Ал осынау ғалам атты алып кітапты дұрыс түсіну үшін Ұлы Иеміз жер бетіне пайғамбарлар жіберіп, кітаптар түсіріп отырған. Соның ең қорытындылаушысы Құран Кәрімді ғажайып ғалам атты кітаптың түсіндірмесі, әрі мән­ мазмұны десек, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз оны адамдарға жан­жақты түсіндіретін ұстазы деп білген ләзім. — Адамға тіршілік ең керегі не үшін? Әсілінде, Шәкәрім қажының алғашқы сұрағына берген жауабымыз бұл сауалдың да жауабы екені сөзсіз. Олай дейтініміз, Алланың адамды жаратудағы мақсаты не болса, адамның тіршіліктегі міндеті де сол болмақ. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56 аят), — деп пендесін құлшылық үшін жаратқандығын айтады. Ал құлшылықтың мәні мен астары неде? Құлшылықтың мәні адамның Ұлы Құдірет алдындағы қайран қалуы мен тәнті болуында. Мұны бір мысалмен түсіндіріп көрелік. Кез келген атақты суретшінің табиғатты өрнектеген суретіне қарап таңданып, тамсанамыз. Оның өнерін, шеберлігін, талантын мойындап, мақтаймыз. Ал сол суретшінің суретіне бір сәт ой жүгіртелікші. Өспейді, өнбейді, төрт мезгілде түрлі құбылысқа енбейді, ағаштары жеміс бермейді, суы ақпайды, құстары сайрап, балықтары жүзбейді. Бәрі де жансыз, жасанды, көшірме! Ал табиғат болса тамылжып тұр. Қараған сайын қарағың келеді. Көз жауын алады. Ауасын еркін жұтып, алуан гүлінің қош иісін сезінесің. Балықтары теңізде тулайды. Ағаштары жеміске толы бұтақтарын әрең көтереді. Құстар сайрайды, тыңдаудың өзі бір ғанибет! Міне, бұл тірі табиғат. Нағыз тірі сурет. Ал мұның суретшісі де, Жаратушысы да бір Алла Тағала! Сондықтан Оның ұлылығын дәріптеп, «Алла ұлық», «Аллам сен қандай ұлысың!» деп бас иіп, мадақтау — нағыз құлшылық! Мұсылмандар бес парызының бірі намаздың әр басында үнемі оқылатын «Фатиха» («Беташар») сүресіндегі: «Бүкіл мадақ та, мақтау да тек қана бүкіл әлемнің Раббысы — Аллаға тән» деген аяттың байыбына осы арқылы жетуге болады. — Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат­бейнет (сауап­азап) бар ма? Бұл сұрақ арқылы ақын өлімнен кейін өмір бар ма, онда жәннат, тозақ бола ма деген мәні терең пәлсапалық ой тастап отыр. Өлімнен кейін жаңа өмір, жұмақ та, тозақ та бар. Олай дейтініміз, Ұлы Жаратушының адам баласының екі дүние бақыты үшін түсірген ақырғы кітабы — Құран Кәрімнің өлгеннен кейін қайта тірілу тақырыбын қасиетті кітабымыздың шамамен үштен бірінде сөз қозғауы — бұл сенімнің қаншалықты маңызды екенін нұсқаса керек. Ақыреттің болатыны күмәнсіз, хақ. Шәкәрім ақынның: «Әлемдегі діндердің түп мақсұты Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар: Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын, Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар», — деп жырлағанындай тарихқа қарасақ, жалпы адам баласының бір пікірде тоғысқан мәселесі — осы ақыретке деген сенімі. Адам Атадан бастап жер бетіне келіп­кеткен барлық пайғамбарлар Ұлы Жаратушының барлығы мен ақыреттің еш күмәнсіз хақ екендігін жар салса, жүрегі нұрланған күллі ғалымдар мен ұлы ойшылдар бұл сенімге бекем иланып, мына жалған уақытша өмірлерінің ағысын сол бір мәңгі өмірге қарай реттеп, бағыт түзеп ғұмыр кешкен. Міне, осы ұлан­асыр тарих пен осыншама заңғар тұлғалардың ақырет турасында бір пікірде болуы — ақыреттің хақ екендігін білдіретін басқа дәлелдерге жүгінуді қажет етпейтіндей қуатты дәлел. Ал сынақ үшін жаратылған уақытша дүниеден кейін ақыретте үлкен сот болмақ. Бұл соттың әділетті төрешісі Ұлы Жаратушымыздың өзі болып, сол жерде бәріне тиісті бағасы берілмек. Ендеше, барлық кемелдіктің шынайы иесі, патшалардың патшасы — Алла Тағала жақсыларға сауабын сыйлап, жамандарға азабын беріп, әділеттілігі мен шексіз құдіретін паш етуі үшін ақыретті жаратып, үлкен сот құруға тиіс. Иә, Алланың шексіз құдіреті мен қара қылды қақ жарар әділеті ақыретті, үлкен есеп күнінің жаратылуын қалайды. Ұлы Жаратушымыз Құран Кәрімде: «Қиямет күні әділдік таразысын құрамыз. Ол жерде ешбір жан әділетсіздікке ұшырамайды. Істелінген іс бір хардал дәнінің салмағындай болса да, оны таразыға әкеліп тартамыз. Есеп алушы ретінде біз жеткіліктіміз» («Әнбия» сүресі, 47 аят), — деп бұл дүниеде істеген әрбір ісіміздің ақыретте әділ таразымен тартылатындығын білдіреді. Иә, ақырет сияқты екінші бір дүние жаратылмаса, бұл пәнидегі көптеген түйіні қиын сауалдар жауапсыз қалар еді. Мына дүниеде сезіліп, байқалған көптеген әсем мағына баянсызданып, күллі жаратылыс бейне бір аяқсыз қалған түсініксіз кітап болмақ. (Қ. Жолдыбайұлы). — Ең жақсы адам неғылған кісі? Ең жақсы адам әрдайым бойындағы жаман қылықты көре білген, мойындай алған парасатты тұлға. Қате қылықтарымен үнемі күресіп, олардың орнын кемел қасиеттермен айырбастай білген адам. Өзі үшін емес, көбірек өзге үшін ғұмыр кешкен жан.

Читайте также:  "Ораза деген не?"

Қысқасы, ең жақсы адам әрбір ісінде Жаратқанның ризашылығына жетуді мақсат еткен, кемел адам хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды үлгі тұтқан рухы биік, талабы озық пенде. — Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Адам болған жерде ақ пен қара, сауап пен күнә, зұлымдық пен әділдік, бақ пен қайғы күнде жарысып қатар жүреді. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, адам қолымен жасалған небір сорақы істер, жан түршігерлік аяусыз зұлымдықтарға әрі жан сүйсінтер адамгершілік пен мәдениетке де куә боламыз. Мұның бәрі Жаратқанның жарлығына жақындау немесе одан алшақ кетумен тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Қазір ғаламда бейбітшілік салтанат құрып отыр. Адамдардың көбі бейқатер жершарын кезіп жүр. Білім дамыған. Мәдениет өркендеген. Десек те әлі де жазықсыз жапа шегіп, қасіретке ұшырап, қаза тауып жатқан адамдар жеткілікті. Аштықтан күйзеліс құшағында жүрген мемлекеттер, білімсіз жиырма бірінші ғасырға аттаған елдер де жоқ емес. Бұрынғы азғындықтар білімсіздіктен болса, қазіргі азғындық білімге сүйенеді. Бүгінде батыста ғылым деген желеумен дүниеге әкесіз бала әкелу «сәнге» айналды. Әйел теңдігі деген желеумен баланы анасынан, отбасын сүттей ұйыған үйлесімі мен берекесінен айыруда. Мәдениет деген айдармен қыздарымыздың кіндігін ашып, әбүйірінен айырып, мәңгүрттікке ұшыратты. Демократия деген сылтаумен еркек пен еркек, әйел мен әйел некелесуде. Мұның бәрі тарихта болмаған азғындық. Мұның емі де қиын. Өйткені азғындық — «мәдениет», «жаңа заман талабы», «ғылым», «өркендеу», «әйел теңдігі» секілді қастерлі ұрандар тасасына жасырынған. Бұған тек Құран нұрына шомған, рухы биік иманды жандар ғана тойтарыс бере алады. Ендеше Жаратқанның соңғы діні исламның қайта гүлденуі арқылы адамның да адамгершілігінің артатындығында сөз жоқ. Шәкәрім қажының сол кездегі ұлт зиялыларына мұндай сауалдар қоюдағы мақсаты, аталмыш мәселелерді білмегендіктен, жауап таппай қиналғандықтан емес. Оның себебі туралы: «Құдай жеткізсе бұл туралы жиналған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын», — дейді халқы үшін туған қайран гуманист баба. Шәкәрім теоло­философиялық поэзиясында да адалдық, адамдық жолының анық бастауы қайда екенін: Бір Аллаға сыйынған арам өлмес, Құдайсыз қу қолынан іс те келмес. Пейілін бекем буған белі сынбас, Ел бұзса да адалдық өзгерілмес, — дейді. Шәкәрім өлеңінің әр шумағының «Бір Аллаға сыйынған арам өлмес» деген тармақтан басталуы кездейсоқтық емес. Шәкәрім поэзиялық шығармаларында адалдық, имандылық жолын қашан да шамшырақ етіп отырған. Шәкәрім энциклопедиялық білімі бар данышпан тұлға еді. Оның ғылым мен өнердегі еңбектеріне келсек, олар: «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз­қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» туындылары және лирикалық һәм эпикалық шығармалары, аудармалары. Олар қазір өр қырынан зерттелуде. Ал, қажы еңбектерінің мұсылман шығысы тақырыбына келсек, ең әуелі ауызға Физули (1494—1556) ақынның ізімен жазған, немесе Шығыстық белгілі нәзира дәстүрімен туындатқан, мұсылман халқының Ромео мен Джульеттасы, яғни «Ләйлі—Мәжнүн» поэмасы ілігеді. Осы шығармасының аңдату бөлімінде Шәкәрім мұсылман Шығысы жұлдыздарын құрметпен атап өтеді: Науаи, Сағди, Шамси, Физули бар, Сайхали, Қожа Хафиз, Фирдаусилар… Бәйітші, елден асқан шешен болып, Әлемге сөздің нұрын жайған солар. Науаи(1441 1501) мен Физули (1494—1556) парсы, түрік тілдерін еркін білген, осы тілдерде озық ойлы, ғибратты шығармалар қалдырған заманының даналары болса, Сағди (1203­1292), Қожа Хафиз (1325—1390), Фирдауси (940—1030) <()) Сайхали (XV ғ.), Шамси (? —1247) парсы тілді, текті ақындар­ды. Осы екі топ өкілдерін Абай, Шәкәрім сынды ) даланың дана перзенттері жақсы білген, олардың шығармаларына құрметпен қол созып, тіпті үйреніп, жүгініп те отырған. Шәкәрім Ислам әлемінің осындай құдіретті ақындарын өзіне ұстаз тұтқан деуге де болады. Және өзі де осы ұстанған адамдық жолынан, ізгі іс, ізгі сөзінен, имандылығынан айнымаған. «Шәкәрім қажының Мекке­Мадина сапарынан кейінгі жасаған өзіндік бір шығармашылық белесі бар. Ақынның бұл белді белесі әлі толық ашылып, байыппен зерттелмей келеді. Абай ағасы Шәкәрімді бір үлкен жолға салып жіберген еді. Сол қажылық сапарында қажы Семей даласына Шығыс пен Батыстан ғажайып бір рухани көпір тартты. Гомерді, Физулиді, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасының қонағы етіп қана қоймай қазақша сайратты», — деп жазады осы мәселені зерделеп жүрген көрнекті шығыстанушы­иранист ғалым, профессор Өтеген Күмісбаев. Ол әрі қарай: «Мекке­Мадинадан кейін қажының ой әлемі жаңа қырынан көрініп, құлпырып шыға келді. Бұл енді бұрынғы Шәкәрім емес еді, әлем алыптарымен сырласып басқаша биіктерін тапқан, Абай армандаған Шәкәрім еді, ол Шығыс ойшылдарымен тілдесіп, иықтасып, өлеңдеріне, қара сөздеріне, эпикалық дастандарына кең құлашты арна ашып алды. Шығыс поэзиясында бір тақырыпты бірнеше ақындардың жарысып жырлауы әбден қалыптасқан әдеби дәстүр. «Назира», «Татаббу» (Жауап) тәсілі бізде әрі зерделі зерттеу нысанасына айналған жоқ. Әлі М. Әуезов айтқан цитатаның айналасында жүрміз.

Читайте также:  Коммунистік Қытай билігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті

Шәкәрім Иранның Шираз қаласынан шыққан төрткүл дүниеге мәшһүр шайыры Хафизге барды, аударам деп, еліктеймін деп бармады, өзгенің өзекті шыңынан өз өлеңіне өрісті өрнек алып қосу үшін барды. Қазақи өлеңге сыймаған сопылық сырлардың қаймағын сыпырып алуды діттеді. Дала сонеттерін еуропалық өлең дәрежесіне жеткізіп жырлауды мансұқ етті. Мейірбандылықты, парасатты, өнерпаздықты, имандылыққа берілуді, Хаққа жол іздеуді, гуманистік адами қасиеттерді Хафиздің көкірек көзімен бір тексеріп алды. Сөйтіп, таза жүректі, терең ғылымды, әділетті, махаббатты барынша құштарлықпен шыңға шығарып шырқады. Алып ақындық қуаттан туған шығармаларды дүниеге әкелді, ойшыл өз поэзиясына, біліміне, ғылымына тиянақ іздеді, тапты да. Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын деген Шәкәрім сол бес түрлі сөздің жұмбағын Хафиз ғазалдарынан да қарастырды. Тумақ пен өлмектің арасындағы «Ой жемісін теремін өлгенімше», «Қазақта қайдан болсын терең ғылым. Түбі арам айла қуған өңкей залым, ізденген бес ісімнің бірін таппай, не болды, қайғы болмай көрген күнім», деп күрсінеді ұлы ақын. «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұрды» Хафиз ғазалдарынан тауып мейірленеді, қуанады. «Бұзылмайтын шын керек» деп түйіндейді. Қатып қалған желіннен, Қаймағы бар бал шықты. Қайғылы біздің көңілден, Қайғырған сайын қан шықты, — деп қазақ ақыны жүрекке терең ұялаған Хафиз ғазалдарынан қазақ көңіліне тән үндестік табады, көркем өрнектер табады. Домбыраның үстіңгі ішегін Хафизге шерткізсе, төменгісін өзі шертіп шерін тарқатады, имандылық пен тазалықты көкірек нұрымен тазартады. Шәкәрімнің «Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін» деуі тектен­тек емес. Осы ұстанымға берік болған ол Пушкингe, Физулиге, Хафизге барса да бөлек сипаттағы шығарма алып қайтады. Шәкәрім ұлылармен жарысуға бейім тұрады, тегеурінді талантты сондай биіктерге жетелейді. Хафиз тұсында да ол жаңашыл ірі тұлға екенін паш етті. «Оятқан мені ерте Шығыс жыры» кемелдік, ішкі сырдың толыққандылығын көрсетеді. Сондықтан да ол тәржіме еткен парсы шайырының ғазалдары қазақ өлеңіндей оқылады, асыл нұсқадан алған қазыналарын алтын бесікке айналдырды. «Анық ерте жолдас бол» аудармасын алсақ та қазақтың ұғымына, жұртына жақын ойды, түйінді табамыз, оқи келе төл туындыдай боп естіледі. Сонау XX ғ. басында тұрып, тәржіма тарихына терең соқпақ салып өткен Шәкәрім тәжірибесі әлі толық таратылып, зерттелген жоқ. Аудармашы мұнда да Хафизді жолма­жол қумайды, кейде асырып, кейде жеткізбей жатады. Қазақта Хафиздің сопылығын түсініп таратып талдаған, содан бері қарай соқпақ тартқан Шәкәрім ғана болса керек. Екеуі де ұлы фәлсафашы, толғанысшыл, ойшыл, сабақтас, сосынғы ішкі үндестіктері ортақ көркем өрнектерге апарды. Қуаныш қыл рахатта, Қайғысыз бол, іш шарап. Құранды оқып, ел аулап, Тұзақ құрма сен бірақ, — деп тамамдайды. Адалдық, тазалық, адалсүйгіштік, ақжүректілік паш етіледі. Имандылықты, тазалықты, шындықты ту етіп көтереді. Сайып келгенде, нәзирашылдық сыры, қыры Шәкәрімде өзгешелеу. Абай бекетін аттап өтпей, соны жаңа нұрлы жолдармен жалғастырады. «Егер сүйікті сол бала» деп басталатын Шәкәрімнің Хафизден алған аудармасы құрылысы, сыртқы, ішкі пішіні жағынан шалыс ұйқаспен жазылған қазақ өлеңінің санатына жатады. Небәрі отыз жолдан тұрады. Хафизде бұл өлең он сегіз жолдан құралған, ұйқасы ғазал түрімен келген а б а в а г а. д а. к а — боп келеді. Хафизде арнайы тақырып болмайды, тақырыбы ғазалдың бірінші жолы болып саналады. Шәкәрім Хафизді қазақ ұғымына жақын етіп, ыңғайлап, ұлттық бітімге сәйкес етіп алады. Қазақ ақыны түпнұсқаның шеңберінен шығып, ұлттық бояу, реңді танытады десек те, түпнұсқаның сюжетін, мазмұнын, негізгі идеясын сақтайды. Әлбетте, кейде Хафиз аудармашының ізденіс шеңберін өз ауқымында ұстап, шылбырды босата бермейді. Шәкәрім атамыз атақты мәтінді көркем меңгеріп, тұлабойына сыналап еніп отырады. Қазақ тілінің табиғи күйін, қалпын танытады. Әрине, Шәкәрімнің көркем аудармасының тілі асыл нұсқа тілінен алшақтау отырса да, негізгі желіден қашықтап кетпей қосарланып тілдеседі. Қазақ ойшыл ақынының қаламгерлік даралығы екі жақтың да бояу, ырғағын жоғалтпай тізгінді тең ұстайды. Автор түпнұсқадағы образдарды қазақи қалыпқа түсіріп, Хафиз ғазалының эстетикалық­көркемдік сапасын сақтап, қазақша жатық баламалар жасайды. Сөйтіп, ол өз ғасырындағы қазақ тыңдарманы, оқырманы үшін түпнұсқаның өрнекті ерекшелігін қазақ ұғымымен үйлестіріп барып, таңдай тұшытатын тәржіма жасайды. Қазақ қауымының ортасында лириканың жаңа түрін әкелді. Шығыстың, Еуропаның, орыстың поэзиясын жетік меңгерген Шәкәрім Хафиз ғазалының қазақ тіліндегі тың үлгісін сомдап кеткен. «Кел, аяқшы, қымыз құй» — деп басталатын Шәкәрім тәржімасы Хафизде «Сақи, нұр шашқан шараптан құй» делінген. Парсы шайырының төрт жолы қазақ ақынында сегіз жолға айналып келеді.

Аудармашы жолма­жол қайтаруды мақсат етпеген түпнұсқаны терең түсіне отырып, онымен тепе­тең жарыса біліп, өзіндік өрнек жасаған. Егер атақты атамыз Хафиздің көлеңкесінде қалып қойса, мұншалықты дербес, жатық жыр шықпаған болар еді. Хафиздегі: «Матраб бегу каф жахан шод бекам ма» деген екінші жолды Шәкәрім: «Домбырашы, тартшы күй» деп алған. Әрине, «музыкант сөйле» десе қарасөзге ұқсап, әлсіреп кетер еді, сосын барып музыканттың орнына «домбырашыны» енгізеді, бұл тапқырлық еді, қазақ табиғатына жақындығы еді, тауып алған олжасы еді. Жазбаша аударма қалыптаспаған кезде Шәкәрім Хафиз ғазалдарына батыл барып, тыңнан түрен салды. Тәржімашы қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін мол пайдаланады. «Кел, аяқшы, қымыз құйда» сом алтынның сынығындай ақын аузынан түсіп қалған мынадай жолдар бар: «Асыққа ажал келмейді. Қандай қаза көрсе де, Көңілі жанды өлмейді, Тәні жанды өлсе де». Аудармашы түпнұсқаға сүйене отырып, тыңнан жол салып, оқушысына сыйтабақ тартқандай әсер етеді. Бұл үлкен ізденістен, дара даналықтан туған өлең жолдарында Шәкәрім шебердің өзіне ғана тән қолтаңбасымен мұндалап тұрады. Хафиздің «ғайыптан келген тілінің» құпия пернелерін дөп баса білген Ш. Құдайбердиев ұлт мәдениеті мен ұлт тілінің тұтастығын ыдыратып алмай тұтас берген. Сонымен Хафиздің он өлеңін тікелей түпнұсқасынан тұрғызып алып, қазақ поэзиясының құрамдас бір бөлігіне айналдырған. Шәкәрім бір қолын парсы ғазалының биік шыңына артса, екінші қолын қазақ киіз үйінен алмайды, ұлттық ерекшелік, бітімді сақтайды. Шәкәрімнің Хафизден алған әрбір аудармасы иірімі, нышаны қилы күрделі құбылыс», — дейді («Жұлдыз», № 7, 2008, 124— 126­6.). Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегі де болмысы бөлек терең шығарма. Шәкәрім осы туындысын: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан — дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», — дейді. Бұл — Ислам мәдениетін терең білген данышпанның сөзі. Ұждан — Ислам ғылымының басты танымдық категориясы. Шәкәрім мәңгі мен бақиды қатар алып ой толғайды. Осы еңбегінің түйінді сөзінде ойшыл ақын: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол — мұсылман жолы…», — деген мәнді сөз айтқан. Бұл Шәкәрімнің ғылымдағы терең танымынан туған нақты тұжырым. Ислам мәдениетінің осылай мәңгілігін, жер бетіндегі адамзат атаулыны бауырластыратынын ол анық та ашық айтқан Шәкәрімнің сенімі мен танымын біз қашан да мақтанышпен еске алып, жиі насихаттап отыруымыз тиіс. Шәкәрім — Ислам ғұламасы, ислам мәдениетінің ірі қайраткері. Ислам имандылық пен салауаттылықтың, зиялылық пен тектіліктің тірегі, құралы әрі кепілі екенін Шәкәрім саналы өмірінде уағыздап өткен. Оған дәлел ретінде «Мұсылмандық шартын» ерекше айтуға болады. Осы еңбегін: «Алла Тағала барша адам баласына бір Алла Тағаланың барлығын, бірлігін һәм өзін жаратқан иесі екенін біліп иман келтіріп, құлшылық қылсын деп жаратқан» деген имани сөзбен бастаған. Иә, Шәкәрім хакім Абайдың ақылымен қасиетті Мекке­Мадинаға сапар да шеккен, терең білімді қажы болатын. Халық сондықтан да атын атамай Қажы ата деп құрмет көрсеткен. Шәкәрім халқына тек имандылық жолы керек екенін анық түсінген. Сондықтан да ғылымның әр саласын сөз ететін еңбектерінде Ислам ғылымының сара жолы айқын көрініс тауып жатады. «Үш анықтың» түйін сөзінде адам атаулыны бір бауырдай етіп, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол ислам жолы деуі, Шәкәрімнің дін — Ислам ғұламасы екенін көрсетеді. Шәкәрімнің «Мұсылмандық шартын» жазудағы мақсаты халқының болашағын ойлағандықтан, халқына діни дұрыс жол, дұрыс бағыт көрсетуге ұмтылысы деп түсінгеніміз жөн. Бұл шығарманың сол кезде де, қазір де маңызы ерекше. Оны XX ғасыр басында қазақ тілінде жарық көрген алғашқы діни оқу құралының бірі деу керек. Ол тұстағы діни кітаптардың басым бөлігі араб, парсы, түрік және татар тілдерінде болатын. Ол тілдерде жарық көрген кітаптарды арнаулы оқу орындарында білім алған мамандар болмаса, жалпы жұртшылық еркін пайдалана алмады. Ал араб, парсы тілдерін жетік меңгерген білім иелері аз еді. Сол аздың бірі, тіпті бірегейі Шәкәрім қажы болатын. Сондықтан туған халқының алдында зор беделге ие Шәкәрім қажының «Мұсылмандық шарты» ерекше болды. Ол пайдалануға жеңіл, терең біліммен жазылған тамаша туынды. Шәкәрім оны мәніне қарай бес бөлімге бөліп, жүйелеген: 1. Иманның мағынасы және иман сенімі (Исламның мәні); 2. Ахлақ (Ислам психологиясы); 3. Іс­харекет үкімдері (Сегіз амал); 4. Ислам негіздері (ғибадат); 5. Қоғамдық қатынастағы шарғи талаптар (Фиқһ ілімінің негіздері). Бірінші бөлімде иманның талаптары толық қамтылған. «Иман сенімі» бүгінгідей алты шартпен емес, сол кездегі түркі тілдес халықтар пайдаланып жүрген діни оқулықтарға сәйкес жеті шартпен берілген. Атап айтқанда: Алла Тағаланың барлығына және бірлігіне сену. Иләһи кітаптарға сену. Алла тарапынан жіберілген пайғамбарларға сену. Періштелерге сену. Ақирет күнінің болмағына сену. Барлық жақсы, жаман істер Алла Тағаланың тағдырынсыз болмайтынына сену. Өлген соң қайта тіріліп, сұрау берілетініне сену. Сондай­ақ, бұл бөлімде «Ажал», «Қабір азабы», «Адамның өзін­өзі тануы» тақырыптар және әһлус сүннаға қатысты бірқатар мәселелер қысқа да болса нұсқа қамтылған. Мұнда барша адамзатқа рахым етіп жіберілген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың: «Ең жақсы мұсылман — ахлақы (мінез­құлқы) жақсы мұсылман», — деген хадисінде айтылған мұсылманның мінез­құлқынан, жүріс­тұрысынан, сөйлеген сөзінен, биязылық, сабырлылық, байсалдылық сияқты ішкі мағынауи сұлулықтың да көрініп тұруға тиісті екені айтылған. Шәкәрім еңбегінде осындай маңызды мәселелер көрініс тапқан. Ол кездегі оқыту жүйесінде ахлақ ілімі Ислам негіздерін үйретуден бұрын жүргізілетін. Өйткені тәрбиелік тұрғыдан жетілген мінез­құлық иесі ғана Исламды алып жүру мен таратуда ізгілік жетекшісі бола алатын.

Читайте также:  Орнатуға негізделген мемлекеттің түрлері

Шәкәрім осыны терең түсініп, соның талабынан шыға алған тұлға. Бұл еңбек Шәкәрімнің шариғатқа да жетік екенін көрсетеді. «Шәкәрім және руханият мәселелері» болашақта кең қарастырылуы қажет деп білеміз. Шәкәрім дін тарихын, ислам мәдениетін жақсы біліп қана қоймай, оны халыққа қарапайым түсіндірудің жолдарын да меңгерген. Шәкәрімнің дін, шариғат мәселелерін сөз ететін еңбектері Орта Азия мұсылмандары ежелден ұстанып келе жатқан Әбу Ханифа мазһабына (діни құқықтық мектеп, жол) түгелдей сай келеді. Соған қарап оның ислам қағидаттары бойынша білігіне де қайран қалуға болады. Қағидат демекші исламның сүнни бағытында Ханафи, Ханбали, Шафиғи, Малики секілді төрт мазһаб бар. Соның ішіндегі Ханафи мектебін бабаларымыз осыдан мың жылдай бұрын таңдап, сол мектеп жолынан айнымай келеді. Бұл мазһаб өзінің түркі халқының салт­санасы, әдет­ғұрпына құрметпен қарауы, бүгінгі тілмен айтқанда демократиялығымен ерекшеленеді. Сонау IX ғасырдан бастап Орта Азияда осы мектеп ілімінің беделін арттырып, өлкемізге кең таралуына үлкен үлес қосқан Бурһан ад­Дин әл­Марғинани, Шамс әл­Аимма әл­Кердери, Джалал ад­Дин ас­Сығнақи, Шараф ад­Дин әл­Женди, Шараф ад­Дин әл­Ақили, Бурһан ад­ Дин әл­Аршади, Жалал ад­Дин ас­Саффар, Шамс ад­Дин әл­Кубауи, Насафилер, Қауам ад­ Дин әл­Итқани әл­Фараби ат­Түркістани, Хусам ад­Дин ас­Сығнақи секілді ғалымдар болды. Олар қазақ жеріндегі ислами­рухани орталықтардан шықты. Шәкәрім қажының мұндай данышпандардың еңбектерімен қаншалықты таныс екендігі бізге беймәлім. Дегенмен, оның туындылары аталмыш білімпаздар мектебі аясында жазылғаны күмәнсіз. «Мұсылмандық шартының» мән­маңызын айтып тауысу да мүмкін емес. Халық бұл дүниені қолдан­қолға алып оқыған. Ол сөйтіп бір­біріне сыйға тартылған бағалы кітаптардың біріне айналған. Кімнің үйінде «Мұсылмандық шарты» бар болса, сол үйге көрші­қолаң жиналатын. Біреуі дауыстап оқып, қалғандары тыңдап, соңынан оны талдап, өздерін рухани байытуға күш салған. Иманның үшінші шарты Жаратушы жіберген кітаптарына сену, яғни әр кездері түрлі қауым мен халықтарға нәзіл еткен кітаптарға иман келтіру болатын. Жоғарыда Алла Тағала өз қалауымен әмір, тыйымдарды және хикметтерін құлдарына білдіру мақсатымен пайғамбарларына кітаптар түсіріп отырған дедік. Бұл дүниелер иләһи кітаптар деп аталады. Жәбірейіл (ғ.с) арқылы пайғамбарларға уахи болған кітаптар мен сухуф (парақтар) саны — 104 парақ. Солардың оны Адамға (ғ.с.), елуі Шитке (ғ.с.), отызы Ыдырысқа (ғ.с.) және оны Ибраһимге (ғ.с.) жіберілген. Ал нақты кітаптарға келер болсақ Тәурат — Мұсаға (ғ.с.), Зәбүр — Дәуітке (ғ.с.), Інжіл — Исаға (ғ.с.), Құран — хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға нәзіл етілген. Шәкәрім «Мұсылмандық шарты» ғана емес, қайталай айтсақ поэзиялық шығармаларында да дін мәселесіне ерекше мән берген.

Оставить комментарий