Шәкәрім және Мұхтар Әуезов

Тәуелсіздік жолы қандай ауыр болса да, ол халқымыздың ұлт ретінде рухани қайта түлеуімен, оянуымен тұстас келді. Тәуелсіздік қарсаңында есімдерін айтуға тыйым салынған, баспасөзде ұмыт қалып, бірен­саран ересектердің ғана жадында сақталған Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов сынды арыстарымыз Қазақстан үкіметінің қаулыларымен араға 50—60 жылдай уақыт салып, туған елімен қайта табысты, мәңгілік өлмес өмірге қадам басты. Қазақ әдебиетінің көгінде сол қайта жанған жұлдыздардың бірі, ұлы Абайдың ақын інісі, талантты шәкірті, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаушы осы Ш. Құдайбердиев екендігін барша қауым танып отыр. Оның ақын, прозашы, аудармашы, философ, тарихшы ретінде артына мол көркем мұра қалдырған жан­жақты қаламгер болуына, ең әуелі, ұлы Абай поэзиясы айтарлықтай әсер еткені даусыз. Сондықтан алдымен М. Әуезовтің Абай шәкірттерінің ішіндегі ең көрнектісі, әрі жасы жөнінен де үлкені, ұзақ жасағаны Шәкәрім туралы қысқа пікірінің өзін таратып айтып көрейік. Ақынның қазақ тарихынан жазған салт жырлары «Қалқаман—Мамыр» мен «Еңлік—Кебекті» зерттеушінің тақырыбы жөнінен өзгеше шығармалар деп қарауында үлкен мән бар. Шындығында, ұлттық өлең жанрында өзіндік із қалдырған Ш. Құдайбердиевтің қазақ әдебиетінде сюжеттік поэма жанрын дамытуға да көп үлес қосқандығы қазір баршаға белгілі болып отыр. «Қалқаман—Мамыр», «Еңлік—Кебек», «Ләйлі—Мәжнүн» поэмаларында оның ақындық дарыны айрықша көрінеді. Сондай­ақ Шәкәрімнің 1929 ж. жазылған бізге қолжазба қалпында жеткен «Нартайлақ—Айсұлу» поэмасы да бар. Сырттай қарағанда, Шәкәрім поэмаларының тақырыптары ұқсас, биік махаббатты жырлау болып көрінгенімен, оның әрқайсысында әр заманның тынысы, ондағы қоғамдық­әлеуметтік, қарым­қатынастар астары да бар. Зерттеуші ғалым М. Мағауин ақын поэмаларының тақырыбы мен жанры туралы былай дейді: «Шәкәрімнің үш поэмасы да («Қалқаман—Мамыр», «Еңлік—Кебек», «Нартайлақ— Айсұлу») ескі қазақ тұрмысынан алынған. Бірақ бұлардың ешқайсысы да тарихи шығарма емес. Поэмаларда тарих­фон ғана, автордың назар аударғаны — әлеуметтік мәселелер, мінез­ құлық жайы. Жанрлық тұрғыдан алғанда «Қалқаман—Мамыр» лиро­эпикалық жырға бейім, «Еңлік— Кебек» — әлеуметтік дастан, ал «Нартайлақ—Айсұлу» махаббат драмасы дер едік» [1]. «Қалқаман—Мамыр» 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасында жарық көрді. Автор өзінің қысқа кіріспесінде поэманың өмірде болған шын оқиға негізінде құрылғанын ескертеді. Ол кезде аңыз әңгімелерден гөрі дастандар көбірек айтылған. Ел арасында осы екі оқиғаға байланысты авторы белгісіз «Қалқаман—Мамыр» дастанының түрлі нұсқасы сақталған. Шәкәрім ғасырлар қойнауынан «Қалқаман—Мамыр» поэмасын алып шығып, оған ескі көзбен қараумен келіспей, жаңаша тұжырым айтады. «Осы күнгі көңілінің көзі ашықтар олардың жазықсыз екенін білсін, сол асықтардың көзі кетсе де, ізі жоғалмасын дедім», — [2] дейді, ақын дастанға жазған кіріспесінде. Поэма оқиғасы тартымды баяндалады. Өмір тауқыметіне, қатыгездікке, озбырлыққа мойымай, оған қасқая қарсы тұрған, еркіндік аңсаған, ер мінезімен, қажыр­қайратымен ел қатарына қосылған Қалқаман арқылы ақын жастар үшін үлгі­өнегелік маңызы зор күшті адам бейнесін жасайды. Поэманың нақты жазылған уақыты белгісіз. М. Мағауин поэма екі ғасыр шектесінде, Абайдың көзі тірісінде туған сияқты деген болжам жасайды. Бірақ өзінің шәкірттерінің жазған­сызғандарын жіті қадағалап отыратын ұстаз ақынның «Қалқаман—Мамырды» оқығаны, пікір айтқаны турасында ешқандай дерек жоқ екендігін ескертеді. Ол түгілі беріде ғұмыр кешкен Абай және оның шәкірттерінің шығармашылығын арнайы зерттеген, көптеген ғылыми еңбектер мен «Абай» трагедиясын осы аттас операның либреттосын, сценарийді, кинодраманы, ұлы ақын жайлы романдар жазған М. Әуезовтен де Шәкәрім мен оның шығармашылығы жайлы бір ауыз сөзді кездестіре алмай отырған жоқпыз ба? Қазақтың аса талантты ақыны М. Жұмабаев айтқан: Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да, [3] — деген сөздерінің шындығына иланбасқа болмайды. Саналы жандардың қызыл тілін кісендеп, олардың ой­пікірінің абақтысы болған сұм заман Мұхтар Әуезовтей телегей­теңіздің, ақыл­ой дариясының тамшысын ғана еншімізге берсе амал қанша?! Шындығында, Шәкәрім өмірінің алғашқы жартысын Абайдай кемеңгер ағаның, ұлы ақынның қасында өткізсе, оның рухани бесігінде тербеліп өсіп, оның тәлім­ тәрбиесін алса, өмірінің кейінгі кезеңінде өзі де М. Әуезов сынды болашақ ұлы жазушыға, ғұлама ғалымға рухани аға, ұстаз бола білді. Басқасын былай қойғанда, Шәкәрімнің «Еңлік— Кебекті» жырлауын, оны М. Әуезовтің алғаш болып сахналауын айтсақ та жеткілікті. Осы орайда көрнекті ғалымдар Ә. Тәжібаев пен Ш. Сәтбаеваның пікірлерін айта кеткен орынды. «…Біз бүгінгі қауым адамдары да Еңлік пен Кебекке, оны жырлаған Шәкәрім ақынға қайран қаламыз, оларға қызыға, қызықтай қараймыз. «Еңлік—Кебектің» өзінің атақты драмасына айналдырған, сол арқылы тұңғыш драмашымыз болып танылған Мұхтар Әуезов те Шәкәрім рухына қарыздар екенін ұмытқан емес. Біз мұны бүгінгі жас қауым үшін айта кетуіміз керек» [4]. Абай мен болашақ ұрпақ алдындағы рухани көпірдің рөлін атқарған Шәкәрімнің М. Әуезовке Абай жайлы, өзі жайлы ғылыми зерттеу еңбектер мен көркем шығармалар жазу үшін көп материалдар бермеуі мүмкін емес. Бірақ ол қолымызға тимеген соң, қазір жоқ есебі болып отыр. Жоқтың аты жоқ. Жоққа жүйрік жетпейді. Енді талайды тамсандырған Шәкәрімнің «Еңлік—Кебек» поэмасы жайлы бірер сөз қозғалық. М. Әуезовтің шәкірті Қ. Мұхамедхановтың Мағауия шығармашылығы жөніндегі бұрынырақтағы мақалаларынан мынадай пікір кездестірген едік: «…Мағауия Абай айтқан тарихи шындықты барынша дұрыс суреттесе, Шәкәрімнің, әсіресе, Кеңгірбай образын сипаттауда нағыз шындықты бүркемелеуге тырысқандығы байқалады. Кеңгірбайдың жауыздығын ашудың орнына, оның айтқан билігін лажсыздықтан айтылған билік деп, Кеңгірбайдың найманнан пара алып, Еңлік пен Кебекті ат құйрығына таққызып өлтірткенін басқаша дәлелдемек болған. Бұл жөнінде рушылдық сарыны да аңғарылады» [5]. Бұл әдебиетке таптық көзқарас үстем болған кезеңдегі мәжбүр пікір екендігі белгілі. Біздіңше, екі ақынға Кеңгірбай бидің бейнесін бір қалыптан шыққандай бірдей етпедің деп шарт қою дұрыс емес. Оның үстіне әр ақынның өзінше жазуға хақысы бар. Шәкәрім поэмасында Кеңгірбай би бір­екі­ақ рет көрінетін эпизодтық кейіпкер ғана. Мағауияның «Еңлік—Кебегі» кезінде сол Кеңгірбай би бейнесіне байланысты Абай айналасына ғана белгілі болған. Шәкәрімнің Кеңгірбай биді басқаша бейнелеуі ел­жұртты дүрліктірмеу үшін қолданған өзінше тәсіл болуы да мүмкін. Шәкәрім поэмасында ол қанішер жауыздардан қаймығатын, олардың айтқанына лажсыз көнетін енжар жан болып суреттеледі. Шындығында, өмірде Кеңгірбай би қандай адам болған деген сұрақ туындайды. Оның Еңлік пен Кебекке қатысты ісі Шәкәрім жырлағандай тобықтының аздығынан, әлсіздігінен амалсыз жасалған байлау болмауы да мүмкін. Қалай болған күнде екі жастың өліміне Кеңгірбай би жазықты. Бірақ солақай сыншылар тәрізді оның ісіне айрықша таптық мән берудің қажеті жоқ. Олай дейтініміз, Кеңгірбайды осынау қатал іске итермелеген оның таптық жағдайы емес, ең әуелі, пендешілік табиғаты. Бұл оқиғадан көп бұрын әз Тәуке ханның тұсында қазақтың атақты үш биі Төле, Қазыбек, Әйтеке түзген «Жеті жарғының» жесір дауына байланысты жосындарында Еңлік пен Кебек басындағыдай жағдайларға мәселені қантөгіссіз, кісі өлімінсіз шешуге болатыны анық көрсетілген. «Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді, егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс» [6]. Еңліктің Кебекпен қашып кетуі осы бапта айтылғандағыдан да анағұрлым жеңіл іс. Өйткені ол ешкімнің некелі әйелі емес, біреудің атастырып қойған қалыңдығы ғана. Оның үстіне өз ықтиярымен сүйгеніне кетіп отыр. Шәкәрімнің «Еңлік—Кебек» дастанындағы Еңлік сөзіне қарағанда, сол заманда аталарының атастырып қойған жерлерінің келісімінсіз өз теңдерін тауып, қосылысқан жастар аз болмаса керек.

Читайте также:  Жетіру тайпасы туралы

Осынау сөздерді Шәкәрім Еңліктің аузына жайдан­жай салып отырған жоқ. Ақын бұны, ең әуелі, сол дәуірдегі дала демократиясының заңы «Жеті жарғыға», екіншіден, ең қатал деген шариғат заңының өзіне сүйеніп айтқан болуы керек. Олай дейтініміз, дастанның 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Жолсыз жаза» деген атпен жарық көрген нұсқасына жазған алғы сөзінде автор: «…Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе жас баланы сатып, пайдаланып, еріксіз кем­кетікке беріп, обалына қал демейді»,— дейді [7]. Шындығында, өмір мен өлім арпалысып, адам тағдыры таразыға салынып жатқан шақта Кеңгірбай сияқты ел билері заманындағы ең маңызды құжат «Жеті жарғыға» арқа сүйесе, шариғатты дәл Шәкәрімше ұғынып, былайғы жұртқа түсіндіріп берсе, Еңлік пен Кебекті ажалдан арашалап алуға шамасы әбден жетер еді. Өкінішке орай, турасын айтып, қара қылды қақ жарар биіміз шындықтан бұра тартты. Әр заманның өзінің жақсы өзгеріс, өзгешеліктерімен қатар қулық, сұмдық, зұлымдықтың небір құйтырқы түрлерін ала келетініне талай ұрпақ куә. Кеңгірбайлардың кезінде «Жеті жарғы» дүниеге келген Төле, Қазыбек, Әйтекелердің заманында болып көрмеген парақорлық деген пәле шыға бастап еді. Парақорлық жүрген жерде шындық бұрмаланбай тұрмайды, зорлық пен қиянатқа жол ашылады. Жаманшылық қашан да жұққыш қой. Абай мен Шәкәрім де өз заманында парақорлық пен пәлеқорлықтың онан да зор көкесін көрді, отаршылдық саясат тудырған талай сұмдықтардың куәсі болды. Бұның бәрі ұлтын сүйген Абай, Шәкәрім сынды ақындарды барынша жиіркендіріп ашу мен ызаға булықтырды. Сондықтан олар өмір бойы парақорлық пен пәлеқорлықты, екіжүзділік пен мақтаншақтықты, жалқаулық пен надандықты қырына алып өтті. Қазіргі әдебиет зерттеушілері Шәкәрімнің «Еңлік—Кебек» дастанын оның шығармашылығындағы үлкен белес, қазақ әдебиеті тарихында да өзіндік орын алуға жарарлық шығармалардың бірі деп бағалап жүр. Қазақ даласындағы тайпалардың өзара қарым­қатынастары, бір­біріне дүрдараздығы, ру басшыларының қақтығыстары, олардың қоғамға, әсіресе, жастарға зияны туралы Шәкәрім ұстазы Абай тәрізді көп толғанады. Сол қоғамдық кеселді, сұмдықты болдырмау жолын іздеп, қайғылы оқиғаны поэмасына өзек етіп жазу арқылы, ондай озбырлықтың қайталанбауын тілек етіп, ел есіне салуды ойлайды. Шәкәрім поэмасында да адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, ел билеушілердің әділетсіз әрекетіне наразылық, қос ғашықтың трагедиясы әсерлі баяндалады. Дүниеге ғашықтық пен ынтызарлық үшін жаралғандай жүректері шұғылалы, ниеттері аппақ, армандары раушан гүлдей таза, көктем көбелегіндей күнәсіз Еңлік пен Кебек батыр қатал заман, қатыгез үкім құрбаны болып, қайғылы қазаға ұшырайды. Шәкәрім осы қайғылы оқиғаны жазудағы мақсатын поэманың соңында: Жігіттер, бұл өлеңді жазған мәнім, Емес қой жастықпенен салған әнім. Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы? Аларсың көп ғибрат байқағаның, — [8] деп, оқырманына ой сала отырып, бітіреді. «Еңлік—Кебек» дастанында екі ғашық бейнесі идеялық­көркемдік сапасы жоғары туындыға лайық дараланып берілген. Жас батыр Кебек ерекше қадір­қасиеттерімен көрінеді. Оның сыртқы батырлық тұлғасына ішкі жан дүниесі сай болып суреттеледі. Еңлік пен Кебектің ең алғаш жолығысуы, жастық сырларын шертісуі, олардың тағдырына озбырлықтың, ру араздықтарының араласуы, бітіспес шайқастар, қатыгез биліктің орындалып, екі ғашықтың өлтірілуі — барлығы да әсерлі, нанымды, реалистік сипаттармен, нақтылы әрекеттермен көрсетілген. Еңлік қазақтың басқа қыздарынан өжеттігімен, қайраттылығымен, батылдығымен дараланады. Қарт ата­ананың жал­құйрықсыз жалғызы болса да, ол әлсізбін деп еш уақытта мойымайды. Еріксіз атастырып қойған адамының өзіне тең емес екенін біліп, қамау­қапастан құтқарар, тірек­серігі болар ер­азаматпен тағдырын қосуға, махаббатқа, бас еріктілігіне ұмтылып, батыл қадам жасайды. Ал қатыгездік пен жауыздық ауруына шалдыққан жандардың мінез­құлқы, іс­әрекеттері қасқыр қылықтары реалистік арнада суреттелмеген Абай мен оның айналасындағы санаулы адамдар да солай ойлайды. Олар Кеңгірбайдың Еңлік пен Кебекке, Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға істегендерін жолсыз жаза деп есептеді. Солай бола тұра қазіргі кезеңде Кеңгірбай, Құнанбай істерін «…бассыздық, жолсыздық емес сол кездегі дала заңының беріктігі деп ұғынуымыз керек. Өзіңіз ойлап көріңізші: Осынау ұшы қиырсыз далада сондай қатал заңдар болмаса, біреудің жесірін біреу тартып алып, оның арты бітіспес жаулыққа ұласса, жалпақ қазақтан не қалар еді?..» [9] деген пікірлер бой көрсетіп қалып жүр. Қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңдерінде қатал заңдар керек те болған шығар. Ол қатал заңдардың жұмсаруына ықпал еткен, оны адамгершіліктің тезіне салып түзетуге ат салысқан Абай мен оның шәкірті Шәкәрім сынды ақыл­ой алыптарының сөзі еді. Олардың хатқа түскен сөзі арқылы жауыздық құрбаны болған шынайы махаббаттың құрбандары Еңлік қыз бен Кебек батыр есімдері ел есінде мәңгі сақталады.

Шәкәрім дастаны да олардың зиратының басына тұрғызылған ескерткіш, махаббат мұнарасы тәрізді ел жұрттың қастерлейтін қымбат қазынасы бола бермек. М. Әуезов айтқандай, оның қазақ тарихынан жазған салт жырлары «Қалқаман—Мамыр» мен «Еңлік—Кебек» тақырыбы жөнінен өзгеше шығармалар. Шәкәрім ақындық дарыны айрықша көрінетін осы дастандары арқылы қазақ әдебиетінде сюжеттік поэма жанрын дамытуға көп үлес қосты. Адамзаттың көркемдік дамуы тарихында әлем таныған классиктер санатындағы ұлы суреткер болумен қатар М. Әуезов қазақ әдебиетінің тарихы, Абай мұрасы, халық ауыз әдебиеті жайлы ұланғайыр еңбектер жазған бірегей зерттеуші, ғұлама ғалым да болды. Ұлы Абай жайлы романдарын жазу үстінде әрі әдебиеттану ғылымындағы абайтану саласын негіздеп қалыптастыруда М. Әуезов әрі жазушы, әрі зерттеуші ретінде талмай ізденіп, қыруар еңбек етті. Әдебиет тарихында бір тақырыпты бұлай ғылыми тұрғыдан жан­жақты зерттеу әрі ол тақырыпқа теңдесі жоқ көркем туынды арнау өте сирек кездесетін ғажайып құбылыс. Абайтану проблемаларына арнаған жетпіске жуық ғылыми еңбектерінің ішінде Абай ақындығының айналасы туралы жазған зерттеулері көлемі жағынан көп емес. 1918 ж. өзінде­ ақ «Абай жөніндегі ең қызықты, ең соны және әдебиеттік прогресс ретіндегі ірі мәселе — Абайдың ақын шәкірттері, Абай тәрбиелеп өсірген орта…», [12.10] — деп үлкен мән беріп қарағанымен, М. Әуезов бұл мәселеге терең көсіліп тоқтала алмады. Абайдың ақын шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Көкбай шығармашылығына қысқа түрде талдаулар берумен шектелді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі аса ірі тұлғалардың бірі, оның ақын інісі, талантты шәкірті Шәкәрім туралы тіпті үнсіз қалды деуге болады. Солай бола тұра М. Әуезов осы тақырып төңірегіндегі ұзақ жылдар бойы үздік­создық жүргізген зерттеулерінің негізінде ғылымда Абайдың ақындық мектебі туралы концепцияны ең алғаш болып ұсынды. 50­жылдардың басында сталиндік режимге арқа сүйеген тұрпайы социологиялық таным иелері оны жоққа шығарып, әдебиетке, ғылымға өрескел қиянат жасады. Бұл тұжырымды негіздеген М. Әуезов пен оның шәкірті Қ. Мұхамедхановты айыптап, қуғын­сүргінге салды. Жазушының Абай мектебі, ақын шәкірттері жайлы ойлары мол көрініс тапқан көркем шығармасы «Ақын аға» романы да зерттеушінің жоғарыдағы мәселе туралы ғылыми еңбектерінің кебін киді. Әуезов романның сыналған тұстарын өзгертіп, жаңа нұсқасын жазып шығуға мәжбүр болды. Халық тарихы қайта таразыланып жатқан дәл қазіргі кезеңде өткендегі әдеби мұрамызға көзқарастар жаңғыра бастады. М. Әуезовтің «Ақын аға» романы да жаңа көзқарас тұрғысынан әділ бағасын алуы тиіс. Жарық көрісімен солақай сынның қысымына ұшырап, тыйым салынған шығарма есебінде болғандықтан, кезінде бұл шығармаларды оқыған бар, оқымаған бар. Арада ол шығармалардан мүлде бейхабар жаңа ұрпақ өсіп жетілетіндей уақыт өтті. Сондықтан оқырман қауым М. Әуезовтің «Ақын аға» романының екі нұсқасының арасындағы өзгеріс, айырмашылықтарды, оған жазушының кеңес идеологиясына икемдеген өзгерістер енгізіп, қайта жазуға мәжбүр болған себептерін, қиын тығырықтан шығу жолдарын, жалпы, жазушы шығармашылығына уақыт ызғарының салқынын біле бермеуі мүмкін. Замана желі қалай соқса да, М. Әуезовтің Абайдың ақындық мектебі туралы концепциясына беріктігі, ол ойларының ұлы ақын өмірінің соңғы кезеңі қамтылатын «Абай» трагедиясы мен осы аттас операның либреттосында, кино­драма, әдеби сценарийлерінде, «Ақын аға» романында көрініс тапқандығы назардан тыс қалып келді. М. Әуезов Абай жайлы романдарын жазу барысында ұлы ақынның әдеби ортасы мен ақындық мектебі жайлы мәселеге оралып, көп жылдар бойы зерттеу үстінде жинақталған ойларын, өзінше екшеп алған танымдарын көрсетуді мақсат етеді. Осыған байланысты ол Абайдың ақындық мектебі туралы тақырыпқа арналған 9 бөліктен тұратын тезис жазады. М. Әуезовтің бұл тезисті жазудағы мақсаты — болашақ эпопеяның сюжеттік желісіне арқау боп өрілер Абайдың әдеби ортасы мен Абай маңына топтасқан өнерлі жастардың озық өкілдері ретінде ақын шәкірттер бейнесін жасауды жоспарлау еді. Абайдың ақындық мектебі туралы М. Әуезовтің ғылыми ой­пікірлерінің бағыттары осы тезистен айқын көрінеді. Оны зерттеушінің өзі жүйелеп пікір ұсынатыны бар. Әуезовтің осы тезистегі ғылыми ой тұжырымдарын көркем шығармаларында қалай жүзеге асырғандығы жөнінде М. Мырзахметов: «…бұрынғы зерттеулерінде көбірек қарастырып, ойға түйген Абай ақындығының айналасы жайлы ойлар төркіні соңыра эпопея желісіне әр қилы көркемдік тәсілдер арқылы сіңісе бастады.

Читайте также:  ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ

Әсіресе Абай мектебі немесе ақын шәкірттері жайлы ой тұжырымдары әуелі «Ақын аға» романында мол көрінді» [15.292]. Ғалымның осы пікірлері кең түрде таратып айтуды қажет етеді. Шындығында, Абай ақындығының айналасы жайлы мәселе М. Әуезовтің көркем шығармаларының желісінде үлкен орын алған. Әдебиеттану ғылымында Абайдың ақындық мектебі туралы концепцияны ғылыми негіздеген Әуезовтің осы ойын көркем шығармада қалай жүзеге асырғандығы назар аударарлық. Өйткені көркем әдебиеттің ғылымға қарағанда мүмкіншілігі мол. Жазушы «Ақын аға» романында Көкбайды ұстазы Абайға лайық шәкірт етіп суреттеген. Ол шабытты ақын, жүйрік ақын, зор дауысты әнші ақын. Алғашында өз өнерін суырыпсалма ақын ретінде ауызекі байқатып жүрген Көкбай Абайдай ұлы ұстазының ықпалымен жазба әдебиет машықтарын меңгерген белгілі ақын болды. Абай ықпалы, ең алдымен, оның жыр дастандарының идеясынан көрінді. Көкбай өмір шындығын Абайша танып, ұғынуға тырысты. Ол да ұстазы Абай, оның айналасындағы басқа ақындар тәрізді ел­жұртының тағдыры, тарихы өгей шақтарда туып­өсті. Бұлай дейтініміз, олар Ресей тарапынан қазақ елін отарлаудың бұғауы мейлінше күшейген кезде өмір сүрді. Абай айналасындағы сол ақындардың ішінде уақыт өгейлігін әсіресе Шәкәрім мен Көкбай көп көріпті. Жазығы екеуінің де өзге ақындардан ұзақ, отарлаудың жаңа кеңестік кезеңінде өмір сүргендігінде, ел басынан өткен зобалаң оқиғаларды көп көргендігінде. Егер Абай кеңестік дәуірде аздап болса да өмір сүргенде, оның да Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжандар тәрізді халық жауы атануы ғажап емес еді. Өйткені олар тарих қатесін, адамдардың адасқанын көре алатын бірен­саран сұңғылалардан болатын. Олардың қатарына М. Әуезовті қоюға да толық хақылымыз. Өйткені, ол Абай өмір сүрген дәуірді бар болмысымен терең танып, сол танып­білгендерін өз шығармаларында нағыз суреткерлік шеберлікпен көркемдік шындыққа айналдырды. Бірақ уақыт өгейлік танытып, жазушының «Ақын аға» тәрізді бірегей туындысының өзін қабылдамай тастады. Романда Көкбайдың Абай мектебінің басты ақыны, ұстазының сүйікті шәкірті болып суреттелгендігі авторға үлкен айып болып тағылды. Азуы алты қарыс солақай сыншылар Көкбай түгілі, Абайдың бүкіл ақындық мектебін жоққа шығарғысы келгені жасырын емес. Әуезов қалай болған күнде де Абайда ақындық мектеп болды деген тұжырымдаманы аман сақтап қалу үшін, «бастан құлақ садаға» дегендей аздаған құрбандықтарға барды. Романның жаңа нұсқасындағы құрбандық жазушының Көкбай туралы позициясын өзгертіл беруі еді. Екінші нұсқада Көкбай хан­сұлтандарды дәріптеуші, қазақ пен орысты өшіктіруші ақын ретінде сыналады. Ақиқатына қарағанда, хандарды жамандау Абай заманына тән нәрсе болмаса керек. Ал XX ғ. адамның жеке басына табыну, тоқырау жылдары, жалпы кеңестік дәуір хан­сұлтандарды анық жексұрын көрген заман болатын. Өткенге ой көзімен қарауға мүмкіндік туған дәл қазіргі кезеңде бүкіл қазақ Абылайды ұлы хан, Кенесарыны ұлттық і қаһарман деп танып отыр. Абылайдың да, Кенесарының да қазақ халқы үшін кім болғанын өткен ғасырда өмір сүрген Абай да, олар жайлы дастан жазған Көкбай да, XX ғ. өмір сүрген М. Әуезов те жақсы білген. Орыс тарихшысы И.В. Аничковтың 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы тарихи очеркінде айтқан мына пікірі назар аударарлық: «Біз Орта Азиядағы исі түркі тайпаларының бас бостандығы мен дербестігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген, сырттан келген дұшпандардың әміріне көнбеген, өз мақсат ниетінің жүзеге аса қоюының қиын екендігін көре­біле тұрса да, қолайлы бір кезеңде орыс патшалығына қарсы ту көтерген Кенесары, Көтібарұлы Есет, Сыздық, атақты Жанқожа әулиені күллі қазақтың аты шулы батырлары мен сахара қаһармандарының санатына толық жатқыза аламыз» [4.31]. Бұл сөздердің авторы отарланушы қазақ елінің өкілі емес, отарлаушы Ресей елінің өкілі. Оның үстіне бұл бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз. Дәл осы уақытқа шамалас мезгілде басқа ұлт өкілі бұрмалай алмаған шындықты қазақ халқының төл перзенті Абайдай дана адамның бұрмалауы мүмкін емес еді. Романның жаңа нұсқасында берілген Абайдың Абылай, Кенесары сынды ірі тарихи тұлғаларды жазғыра сөйлеуінің өмірлік шындыққа сай келмейтіндігін жазушы жақсы білді. Солай бола тұра замана желі, уақыт ызғары ұлы ақынның аузына кеңес идеологтарының сөзін күннен бұрын салуға мәжбүр етті. Сөйтіп, жазушы осы мәселеде өзінің өмірлік позициясынан шегініс жасады. Ұлы жеңістерге жету аздаған шегініссіз, үлкен табыстарға ие болу кішігірім құрбандықсыз бола бермесе керек. «Ақын аға» және оның кейінгі нұсқасы «Абай жолы» романдарындағы Көкбай бейнесі және оған қатысты оқиғалар, өзгерістер осылай берілген. Роман нұсқаларында Абайдың басқа ақын шәкірттері қалай бейнеленген, оның ақындық мектебі қалай көрсетілген? «Ақын аға» романы мен оның жаңа нұсқасында жазушы Абайдың әдебиет мектебін, шәкірттер шығармашылығын көрсетуге үлкенді­кішілі жиырмаға жуық оқиға мен эпизодты арнаған екен. Бұл көп пе, аз ба? Осы сұраққа жауап бермес бұрын, ең алдымен, бұл романдардың Абайдың өмірі мен қызметі туралы, ақын, әлеумет қайраткері, ағартушы, үлкен гуманист туралы көркем шығарма екендігін ескеру керек. Өнерге халықтық сипат беру идеясымен жазушы қиялынан туып, ойдан алынған кейіпкер Дәрмен «Ақын аға», әсіресе «Абай жолында» Абайдың ізгілікке суарылған, сол рухтағы ақындық өнерінің мұрагері болуға лайық шәкірт ретінде көрінеді. Сонымен М. Әуезов суреттеуіндегі Дәрмен қандай бейне? Оның өмірдегі прототипі кім? Дәрмен ақындық өнер, өлең жөнінен Абайдан көп сабақ алған, ақыл­кеңес тыңдаған, үйренген анық ақын шәкірті, ұстаз өнерінің мұрагері, сонымен қатар оның ақындық дәстүрін ілгері өрістетуші. Сондай­ақ, ол Абай сөзін, қасиетін замандастарына насихаттаушы, таратушы, кейінгі ұрпақтарына жеткізуші. Ол ұстазына, достарына, бүкіл ел­жұртына жарқын талантымен, жан­дүниесінің байлығымен, адамшылық ізгі қасиеттерімен, нәзік сезімталдығымен, жібектей мінезімен, елгезектігімен жаққан сүйікті шәкірт, айнымас берік дос, сенімді жолдас, азамат ұл.

Читайте также:  З.Шашкин романдарындағы әйелдер образы

«Абай жолы» романының үшінші, төртінші кітаптары бойынша Дәрмен бейнесіне жасалған талдау негізінде осындай тұжырымдар жасауға болады. Дәрмен образы туралы бұрынды­соңды өмір сүрген ғалымдардың пікірінің дені осындай болып келді. Бұрынғы КСРО Жазушылар одағының архивінде сақталған М. Әуезовтің 1953 ж. «Литературная газета» редакциясына жазған ашық хаты (бірақ хат белгісіз себептермен газетте жарияланбаған) жазушының осы кейіпкер туралы үлкен шығармашылық жоспарының болғандығынан бізді хабардар етеді. Жазушының жоспары бойынша кеңес дәуірін бейнелейтін кітаптар Абай дәуірінің осы кезеңдегі тірі куәсі болып шау тартқан бір кездегі Абайдың сүйікті шәкірті, жас досы Дәрмен халық мұрасын, Абай мұрасын бүгінгі күнге жеткізуші абыз бейнесінде көрінуге тиіс символикалық тұлға болуы керек екен. Өкінішке орай, «Дәрмен образымен қазақ халқының 100 жылдық тарихын қамтитын соңғы романның соңғы беттері аяқталады», — деген Әуезовтің ұланғайыр жоспары мезгілсіз келген сұм ажалдың кесірінен жүзеге аспай қалды. Мұхтартанушы ғалым Т. Жұртбай Дәрменнің өмірдегі прототипі Қиясбай әрі Шәкәрім дегенді айтады. Осы орайда Дәрмен бейнесінің Шәкәрімді толық сипаттай алмайтындығын айтуымыз керек. Өмірдегі Шәкәрім өзіне дейінгі қазақтың төл әдебиетіне жетік білімділігіне, жүйрік ақындығына қоса (Дәрмен бейнесінде Шәкәрімнің осы қыры ғана басым) шығыс, батыс әдебиетін терең білген, бес тілді меңгерген ғұлама ойшыл, философ, үлкен қаламгер, аудармашы. Сондай­ақ, Т. Жұртбайдың Әуезов Шәкәрімді, Дәрмен, Шұбар және анда­санда эпизодтық ыңғайда көрініп отыратын Шәке бейнелері арқылы көрсетпек болған деген пікірінде де негіз бар. Романдардағы Шұбар өзінің мінез­құлқы, пиғылы, кейбір іс­әрекеті жөнінен трагедия мен кинодрамадағы Керімді, операдағы әзімді, әдеби­сценарийдегі Шәріпті еске түсіретін кейіпкер. Оның Керім, Әзім, Шәріптерден өзгешелігі, Абайдың сүйікті шәкірті Дәрменмен іштей өштесіп жүргенімен, олар тәрізді адамды у беріп өлтіретін зұлымдық іске бармайды. Әуезов романдардағы Шұбарды олардан гөрі ұнамдырақ қасиеттермен, қайшылықты бейне етіп көрсеткісі келген тәрізді. Бірақ өмірдегі Шәкәрімге барлық жағынан ұқсас кейіпкер жасау қауіпті. Олай болған жағдайда романның жарық көруі екіталай еді. Шәкәрім өзінің шығысшылдығы, діншілдігі және кейбір пендешілік қасиеттері жөнінен романдағы Шұбарға ұқсауы да мүмкін. Бірақ оның Шәкәрімге ұқсамайтын жақтары көп. Шұбар діншілдігіне, ру намысын жыртқан (Кеңгірбайды әулие тұтуы) ескішілдігіне қоса, бақталас, күншіл, екіжүзді, өзінің жат пиғылын жан адамға сездірмей, жымын білдірмей жүзеге асыруға шебер, іші қырық қыртыс күрделі тип. Бұл тұрғыдан қарағанда Шәкәрімге Шұбардан гөрі романдағы Дәрменнің көбірек ұқсайтынын айту керек. Шәкәрім де Дәрмен сияқты Абайды әулие, пайғамбар тұтты. Оған Шәкәрімнің өз шежіресі дәлел: «…Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті» [14.21]. Иә, Абай қорлықты көп көрген елде туды. Сондықтан, ол да қорлықты көп көрді. Ол ұлы ағасының жан азабын жүрегімен сезінді. Сонымен Шәкәрім Әуезов романдарында бұрынды­ соңды зерттеушілер айтып жүргендей екіге бөлініп берілген деуге де болады. Бір адамның екіге бөлінуі өмір талқысына көп ілінген тұлғалардың басынан кешкен сезім мен ақыл­ойдың шарпысуы десек, бұның бәрі жазушының қыспақ заманда атын атап, түсін түстеуге болмайтын ірі тұлғаның толық қанды бейнесін жасай алмай, оны там­тұмдап болса да романға ендірудің тәсілі болса керек.

Оставить комментарий