Шәкәрім және Парсы әдебиеті

Иран­түрік халықтарының мәдени­әдеби қарым­қатынасы өте көне дәуірлерден басталады. Сондықтан да, халықтың мифологиялық түсінік, ырым­кәделерінде, фольклорында ортақтық мол. «Авестада» бейнеленген мифологиялық пері, дию, аждаһа қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлеріндей қабылданатыны осыдан. Сондай­ақ, парсы поэзиясының жауһар туындыларын түркі елдерінің тілдеріне аудару орта ғасырда қолға алынған. Мәселен, Низами Гәнжәвидің (1142—1209) парсы тілінде жазылған «Хұсрау— Шырын» поэмасын қыпшақ тайпасынан шыққан Құтб 1341—1342 ж. түркі тіліне аударды. Белгілі аударма теоретигі Г. Гачечиладзе, дұрыс пайымдағандай, аударма көмегімен баю ұлттық мәдениеттің ағысын өзгертпейді, керісінше, мәдениет ақпаратпен толықтырылады, рухани қазынаны молайтады. XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басында өмір сүріп, қазақ әдебиетінде зор мұра қалдырған ақындардың бірі — Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрім Шығыста — Қожа Хафиз Ширази (1325—1389), Мұхаммед Физули (1494—1556) Низами Гәнжәвиден өнеге алып, біраз туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен қаламгер. Жазушы Мұхтар Мағауин Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына шолу жасай келе мынадай түйін жасайды: «…Осы жұлдыздай жыпырлаған көп ақын ішінде Шәкәрім, әсіресе, Хафизді жанына жақын тұтады. Германиядағы Гетені де, Ресейдегі Пушкинді де баураған жаңа дәуірдегі Еуропа поэзиясына үлкен ықпал жасаған Хафизді Шәкәрім өзінің ең ұлағатты ұстаздарының бірі санайды. Үнемі сырласып, мұңдасып отырады. Тіпті, өмірінің ең соңғы күндерінде де Хафизді аузына алады, оны түсінде көргенін айтып, бұл дәм­тұздың таусылғаны, фәнилік жарықтан бақилық даңққа өтудің белгісі деп біледі». Осы тұста бір айтар жайт, 70 жылдық Кеңес одағының үстемдігі жүріп тұрған заманда да қазақ ғалымдары мен ақындары Иран елімен тікелей байланыста бола алмаса да, дәнекер, орыс не өзбек тілі арқылы болса да парсы әдебиетімен байланыстарын үзбеген. Оған дәлел Әбраш Жәмішұлының Хафиз ғазалдарын қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына, өлеңдік қалыбына сәйкестендіріп аударғанын, Мұзафар Әлімбай ағамыз Сағди Ширазидің Жауһар туындылары «Бустан» (Жәннат), «Гүлстан» поэмаларын мазмұнын жоғалтпастан, асқан ақындық қуаты, аудармашылық шеберлігімен қазақ тілінде сөйлеткенін, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақтың ұлттық арманына, тарихына жету жолындағы бір белестік баспалдақ болсын деген ниетпен парсы тілінен қазақшаға тәржімалағанын айтуға болады. Шәкәрім «Көрініске шоқынған», «Кел, аяқшы, қымыз құй», «Ей, жарымыз, ай нұры», «Тұр, аяқшы, бер қымыз», «Көңіл жібі қолымнан», «Егер сүйікті, ол бала», «Анық ерге жолдас бол», «Мәжілісіңде досыңның», «Кешегі басшы піріміз» деп басталатын өлеңдерді шығыстың әйгілі ақыны Хафизден аударған. Бұлардың ішінен «Көрініске шоқынған» деп аталатын бір өлең «Абай» журналының 1918 ж. 3­санында басылды. Ал басқа өлеңдері ақынның көзі тірісінде жарияланбаған. Сол «Абай» журналында басылған өлеңнің алдындағы таныстыру сөзінде ақын: «Баяғыда осыдан бірнеше ғасыр бұрын парсы жұртында әрі білгіш­ данышпан, әрі сопы, әрі ақын Қожа Хафиз деген кісі болған екен. Сол кісінің өзі мен сөзінен байқалған иманына қазақ жұртының талантты да алғыр жастарын таныс қылмақ үшін, төменгі жырын қазақ тіліне аудардым», — деп көрсеткен. Шәкәрім Қожа Хафиз ғазалдарының қазақша аудармасын жасауда өлеңнің мазмұнына үңіле отырып, қазақтың дүниетанымына, психологиясына да қатты көңіл бөліп отырғанын Хафиз ғазалдарындағы сопылық терминдерді қазақшалап отырғанынан­ақ аңғару қиын емес, яғни Шәкәрім өз аудармасының қазақ оқушыларының түсінігіне лайықтап, аздап әрлеп өзгертіп, негізінен түпнұсқадағы мағынасын сақтап қалу принципін ұстанып отыруға тырысқан.

Хафиз ғазалы мен Шәкәрім аударған екі бәйітті қатар беріп көрелік. Хафиз өлеңінің мазмұндық жолма­жол аудармасы: 1. Әй, Сағи, шарап нұрымен біздің кесені нұрландыр. 2. Әнші әндет, дүниеде біздің мұратқа жеткен күн. 1. Біз көргенбіз кеседен жар жүзінің суретін. 2. Сен хабарсыз біздегі шарап ішудің ләззатынан. Парсылардың классикалық поэзиялары бәйіттік өлшемдермен саналады. Және әр бәйіт екі Мысрадан тұрады. Мәселен, жоғарыдағы Хафиз ғазалдары екі бәйіт немесе төрт Мысра деп есептеледі. Шәкәрімнің көркем аудармасы мынадай: Кел, аяқшы, қымыз құй, Кесемізді нұрландыр. Домбырашы, тартшы күй, Бізге уақыт берді қыр. Жарқыраған кеседен, Жар суретін көрдік біз. Хабары жоқ кеседен, Не біледі сезімсіз. Бұл аудармада Шәкәрімнің еркіндігі бой көрсетеді. Шәкәрім түпнұсқадағы «шарапты» қазақтың сүйікті сусыны — қымыз, «пияланы» — кесе, «сағиды» — аяқшы деп алған. «Әнші, әндет» дегенді қазақыландырып, «домбырашы — күй тартшы» дейді. Шәкәрім парсыша жетік білген, сопылық әдебиеттің майталман ақыны Хафиздің сопылық астарының қырларын жақсы түсінген. Әйтпесе, иманы берік Шәкәрім соншама Хафизге ынталы болмас еді, өйткені, Мұхтар Мағауиннің тұжырымынан байқағанымыз — Шәкәрімді Хафиздегі терең философиялық ой, астарлы меңзеулер қызықтырғаны соншалық — ол өмірінің соңғы сәтіне дейін Хафизбен сырласып, үндесуге құштарлық танытып кеткендей көрінеді. «Мей» немесе балама атауы «шарап» және «сағи», «кесе» сөздері сопылық астарға ие. Мәселен, «сағи» сөзінің (шарап құюшы) дегеннен басқа «пір» деген мағынасы бар екенін Шәкәрімнің білгендігі дау тудырмайды. Алайда, Шәкәрім өмір сүрген кезеңде көпшілікке сопылық ұғымдар бейтаныс еді, сондықтан ақын «мей» сөзін — шарап, «сағиді» — шарап құюшы деп тәржімаламау себебі, ол кезде қазақтар шарапты маскүнемдікке жетелейтін, ислам шарттарына қарсы қағида ретінде қабылдауы мүмкін болғандықтан саналы түрде осылай аударған. Хафиз ғазалының мына бір бәйітін: Қорқамын қиямет күні сұрағанда артық болмас Шейхтің адал наны біздің арам судан Шәкәрім: Сырт көрініс, қылған еп Бұза ма деп қорқамын. Арақпен тең болар деп Жалған сопы тұз­нанын, — деп еркін тәржімалайды. Шәкәрім еркін аударған ғазалдың сопылық астарын терең білген. Өйткені, Шәкәрім оны қазақы өлеңнің қалыбына салып, таза ұлттық пішіндегі төлтума шығармаға айналдырған. Шәкәрім аудармалары ұлттық таным­түсінікке қабысатындай ұғымдылығымен ерекшеленеді. Ол қабылдаушының ұлттық ерекшелігін ескерген. Сонымен бірге эстетикалық қуатты, поэзиялық тұрғыдан төрт аяғын тең басқан көркем болуын назарда ұстаған. Енді кейбір сөздерге түсінік бере кетсек, доктор Мүйіннің айтуынша, түріктердің күнсұлу қыздары көп болған. Мүмкін, ақынның көңілі бір түрік сұлуына ауды ма екен?! Үнді қалы дегеніміз — үнділердің екі қасының арасына қойылатын жасанды қалына байланысты шыққан. 3­жолдағы «Түріктердің дастарқаннан түк қалдырмағанындай, жүрегімді түгел жауладың» деген сөзі жайдан­жай алынбаған. Доктор Абдул Хұсеиін Заринкуб жазғандай, бұрын сұлтандар тарапынан құрбан, рамазан айттарында халыққа үлкен дастарқан жайдырып, мереке соңында дастарқандағы қалған тағамдарды түк қалдырмай алып кететін. Осындай дастарқан Бағдадта рамазан айтының намазынан кейін халифа тарапынан ұзындығы 300 құлаш, ені сегіз құлаш болып жайылып, үстіне дәм толтырылады. Отырыста, тегі, түріктік құлдар көп болып, мереке соңында мол тағамнан ештеңе қалдырмай кеткендіктен, «түріктердің дастарқанды тонағанындай» деген мысал сөз шыққан. Хафиз қолданған бір сөзге түрлі зерттеушілер алуан түрлі түсінік беретін кездерін аңғарамыз. Мәселен, «түрік» сөзіне берілген түсініктемелер де баршылық. Ақын «түрік» сөзін ғазалдарында көп қолданған. Хафиздің жерлесі, шираздық әйгілі шайыр Сағди да жиі ауызға алады. Хафиз ғазалдарына алғаш рет түсінік жазған түрік ғалымы Суди Буснауи қызғылықты мәліметті көлденең тартады: кейбір шираздықтардың көпшілігі Шираз шаһарында тұрақтап, түркілерден ұрпақ тараған. Олардың ұрпақтарын жергіліктілер «Шираз Түркісі» деген. Бұл шындық тәрізді. Осыған қарағанда «Түрік ширазы» дегенде сұлулыққа теңеу жоқ. Меңзеу емес, ақын Ширазды қоныстанған түріктерді айтып отыр. 4­бәйіттегі: Шын сұлу мұқтаж емес шала махаббатқа Ару жүзі ділгер емес бояу мен сүрме, опаға, — деген сопылық танымды хабардар етеді, шын сұлу — Алла, сондықтан ол сұлуға қолы жетуі үшін махаббаттың кемеліне жетуі абзал. Құй, сақи, қалған шарапты табылмайды бейіштен Мұсалла гүлзары мен Рукнабадтың жағасы, — деген жолдар бір қарағанда күпірліктей болып көрінеді. Бұл жерде астарлы меңзеу бар. Хафиз жалған діндарларды аузын ашса, көмейі көрінетін шарапқорлардан төмен санайды. Мұсалла гүлзары мен Рукнабад — Шираздағы ақын тұрақты керуен құрған мекен.

Читайте также:  Дзен­-буддизмдегі "Мен" ұғымы

Хафиздің ғазалдарында екі ұштылық тұспал мол болуына байланысты оны толық ұғыну парсы әдебиетін зерттеушілердің өзін де шатыстырып жүр. Кейбір адамдар оны сопы деп санамайды. Себебі, оның ғазалдарын оқи отырып, шарап, ән­күй тыңдап, той­думан, қызық қуған жан ретінде қабылдаймыз. Екінші жағынан, ғибадатынан айнымаған, таза рухқа, зікір айтуға үндеген ақын. Хафиз ойының күрделілігі тұспалды сөздерінің көптігінде болып отыр. Хафиздің тұспалды қолдану тәсілі махаббат тақырыбындағы ғазалдарында көбірек көрініс тапқан. Махаббат — ұлы сезім. Осы сезімді жырға қоспаған ақын кемде­кем. Махаббат сезімі алуан, ол Хафиз поэзиясындағы осы бір сезімнің кейде кімге бағытталып отырғанын тап басудың өзі қиын. Ол жаратушысына, не қызға арнап отыр ма?! Дегенмен, жаратушысына деген пәк ынтықтық, сұлуға деген ынтызарлық бар екенін байқаймыз. Хафиз өзінің сүйіктісі, шарап, ренд туралы жиі ауызға алып, уақыттың қамшыдай қысқа сәтін бекер өткізбей, рахатта, тамаша өткізуге шақырғандай. Бірақ бұны тура, сол қалпында қабылдауға болмайды. Ақынның айтпақ ойы мүлдем басқаша. Демек, Шәкәрім Хафиз ғазалының мазмұнынан қазақ психологиясына, мәдениетіне сәйкес сарқытын ала отырып, ұлттық нақышпен әрлендіре жырлаған. Бұл да болса Шәкәрімнің екі мәдениеттің ішкі мазмұны және сыртқы пішінінен мол хабардар екенінің айғағы демекпіз. Сопылық — күйбең тіршіліктің қорлығынан құтылу жолдарының бірі. Ол оңаша қалып (хәлуат), адамдық болмысына, жаратылысты жаратқан Алланың ақиқатына бір адым болса да жақындай түсу, яғни, рухани тазалыққа ұмтылыс. Ойханада оңаша қалғанда өмір тәжірибесі, білім кеңістігі ақиқатқа жету жолында көмекші құрал бола алады. Сондықтан, сопылық — Ислам дінінің бір ағымы емес. Бәлкім, Ислам дініне иманын толықтыра түсетін тәсіл деп түсінген жөн. Сопылық — ойханада оңаша қалып, бір сәтке болса да адам ретінде өмір сүріп жатқан өмір жолың қалай? Не тындырып жүрсің? Адам болып адамдық игі қасиетіңе жүгініп өмір кешудесің бе? Сынды сұрақтарға жауап іздеу. Сопылық — фәни өмірден қол үзу емес, фәни өмірдің кесапатынан арылу жолы. Сол себепті ойшыл Шәкәрім айтқандай, «жалған сопы» жалған тақуалығына қарап, сопылықты жазғыруға болмайды. Сондай­ақ, кейбір мұсылман атаулының рияға толы істеріне қарап, «Ислам дінін» даттауға болмайды және кейбір адам кейпіндегі жауыз хайуандарға қарап, адам баласынан түңілуге болмайды. Қазақ айтқандай, «битке өкпелеп, тоныңды отқа салуға болмайды». Осыған орай сопылық әдебиеттің ерекшелігі — табиғаттың әрбір көрінісінен Алланың ақиқатын іздеу, Аллаға иманын кемелдендіру теориясын жасау демекпіз. Сопылық әдебиет — Иллаһи махаббат, яғни, Аллаға деген шексіз сүйіспеншілік бағытындағы шығарма. Оны бейнелеуде ең оңтайлы жанр — «ғазал» жанры болып табылады. Өйткені, «ғазал» — лирикалық жанр. Бірақ та батыстық лирикалық поэзия табиғатқа, адамға, жалпы жаратылысқа деген махаббатты жырлайды. Ал, ғазал­лирикасындағы махаббат адам­ табиғат және Аллаға тән іңкәрлікпен ұштасып жатады. Ғазалдардың тек мазмұндық жағына емес, сыртқы сипатына да назар аударуымыз қажет. ғазал бәйіт, мәтлә, мәқтә және тәхәллоспен ерекшеленеді. Мәселен, «Түрік аруы» өлеңі мына бәйітпен басталады: Егер ол шираздық түрік сұлуы біздің көңілді ауласа, Үнді қалына Самарқан мен Бұхараны берер ем. Ғазалда бастапқы бәйітті «мәтлә» дейді. Ал, ғазалдың соңғы бәйіті: Дүрдей етіп ғазал айттың, Хафиз, енді оны әндетші. Сонда жауар шашу болып тізбелі жұлдыздар «мәқтә» деп аталады. Осы бәйіттегі ғазалды жырлаған ақын есімі аталады. Оны «тәхәллос» деп атайды. Бәйіт — ғазалдың ең кіші бөлігі. Ғазал бәйіттері бес бәйіт пен он бес бәйіт аралығында. Мәтлә — ғазалдың бірінші бәйіті, алғашқы бәйіттің мазмұндық және мағыналық салмағы ерекше, ол ақынның бүкіл көңіл­күйін аңғартады, өлеңнің стилін, ырғақ, ұйқасын белгілейді. Мәқтә — соңғы бәйіт, бұл ақын ойының түйінделер тұсы. Тәхәллос — ақындардың өздері таңдаған аты не лақабы, тәхәллос көбіне ғазалдың соңғы бәйітіне айтылды. Хафиздің ғазалдарының тәхәллоссыз келетіні кемде­кем. Тәхәллос — ғазалды көркемдейтін, авторлығын жазбай тануға септесетін маңызды бөлігі. Тәхәллос — ғазалдың мәнді айшығы, оның өлең санына қосақталуы жайдан­жай емес. Б.Э. Бертельстің тұжырымдауынша, қол өнерші, не зергер өзі соққан, не жасаған затына, «пәленбай ұста жасады» деп белгілі қойып кетеді, ақындар да сондай зергер ұста тәріздес, тәхәллостің шығуына қолөнер дәстүрлі ықпал еткен. Тәхәллос — ақынның атын еске салып қоймайды, ғазалды аяқтайды, көркемдік салмақ дарытады. Шәкәрімнің аудармасын ғазалдың ішкі мазмұны және сыртқы пішініне қарап сараптамақ болсақ, мұнда біз Шәкәрімнің қазақы ұғымға ыңғайланған тұстарын байқай аламыз. Мәселен, Хафиз ғазалының мына бәйітіне назар салайық: Құй, сақи, қалған шарапты табылмайды бейіштен Мұсалла гүлзары мен Рукнабадтың жағасы.

Читайте также:  ОРАЛХАН БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Шәкәрімнің аудармасына қарайық: Қалған қымызды әкел сен, Бер, аяқшы, кесемен Гүлді жеміс, талды өзен Табылмайды бейіштен. Мұнда Шәкәрім біраз сөзді қазақтың түсінік­нанымына лайықтап беріп отырғаны аңғарылады. Ол шарапты — қымыз, аяқшы деп — шарап құятын «сағи» адамды, «Мүсәлла» атты Шираздағы бақты — гүлді жеміс, Рукнабад өзенін — Талды өзен деп беріші Яғни Шәкәрім егер сөзбе­сөз бәрін бере берсе, қалың қазақ жұртына бұл ғазал түсініксіз болып қалуы ғажап емес еді. Шәкәрімнің кейбір сөздері өз қалпында аудармай, оның орнына өзінше балама сөз түрінде қолдануы. Алайда, қойылған сөз арқылы өлең ұғымы өзгермейді, қайта қазақ тілінде сөйлейтін адамға түсінікті түрде беріледі. Сондай­ақ, бәйіттің аудармасына қарап, Шәкәрімнің Иран елінен хабары мол екенін байқадық. Өйткені, Мұсалла (Иран бағы) және Рукнабад (өзенін) дәл ұғып, әдемі де мазмұнына сай аударыпты. Теңіздің толқындары қараңғы түнде қорқынышты, Жағалаудағы тыныш жандар біздің жайды не білсін, — деген бәйітті Шәкәрім былайша қазақыландырады: Қараңғы толқын, қанды оқпын, Қорқыныш, жүк ауыр. Біздің жайды не білсін, Жағада жүксіз жат бауыр. Ал Шәкәрім түпнұсқа авторымен шығармашылық бәйгеге түскендей, өлеңді әрлендіре, шумақтардың орнын ауыстыра тәржімалайды. Қорыта айтқанда, Шәкәрім ғазалдың сыртқы пішініне тиісті ережелерді толықтай орындауды міндеттемей ғазалды қазақ өлеңінің ұлттық пішініне салып, шалыс ұйқаспен аударған. Сондай­ақ, ғазалдың соңғы бәйітінде (мәтлә) ақынының есімін атау (тәхәллос) дәстүрін сақтамағанын байқаймыз.

Оставить комментарий