Шәкәрімдегі руханият көзі

Шәкәрім философиясының қалыптасуына қорек болған рухани қайнар көздер, оның ұстазы Абай да сусындаған ежелгі түрік заманынан келе жатқан қазақ, шығыстағы араб­ мұсылман, үнді­қытай және орыс пен антик заманынан бергі батыс мәдениеті. Шәкәрім философиясы философияның түрлі бағыттарымен, мектептерімен даналық сұхбат құра отыра қалыптасқан. Осы мақалада біз Шәкәрім философиясының қалыптасуында зор рухани көз болған дәстүрлі қазақ дүниетанымы мен қазақтан шыққан ойшылдарымен рухани үндестігін аз­кем қарастырмақшымыз. Шәкәрімнің философиясына, рухани әлеміне қазақ халқының дәстүрлі танымы зор әсер еткен. Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы — көне сақ, түркі заманынан келе жатқан ежелгі тарихи таным. С.Н. Ақатаев мұны синкретикалық дүниетаным деп атайды. Ол: «Синкретическое мировоззрение казахов в своей основе не имело конкретно­философского или религиозного учения, доктрины. Оно в основном «естественного» происхождения, продукт олицетворения и гилоизации предметов и явлений действительности», — дейді (.Акатаев С.Н. Мировозренческий синкретизм казахов: Автореф…. дис. д­ра филос. наук. — Алматы, 1995. — С. 18.). Шәкәрім өзінің «Хайуан мен ақымақтар» атты өлеңінде: Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш.. Ғаламда не бар болса, бәрі жанды, — дейді (Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары/Құраст. М. Жармұхамедов, С. Дәуітов, А. Құдайбердиев. — Алматы: Жазушы, 1988. — 98­6. Бұдан ары Шәкәрім шығармаларынан үзінділер осы кітаптан алынған). Синкретизм себебі қазақ халқының мал шаруашылығымен байланысты көшпелі тұрмыс салтында болды. Тиісінше, қазақ этносының дүниетанымында шаруашылық пен рухани өмір бір­бірінен ажырағысыз болды. Мұндай мәндегі өмір көшпелілердің діні — Көк Тәңірлікпен үйлесіп жатты. Әрине, қазақ халқының дүниетанымына ежелгі Қазақстан аумағында тұрған халықтар дүниетанымы, бірде ислам дінінің енуі, енді бірісі Ресей отаршылдығы үлкен іздер қалдырды. Ол іздерді қазақ данышпаны — Шәкәрім философиясынан да көреміз. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ­түрік заманынан тамыр алып қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, табиғат — ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар. Әлбетте, Шәкәрім философиясында Тәңір Алламен, сопылықтағы «нұр» түсінігімен астарласып жатады. Философ шығармаларында таза ислам әдебиеттерінде айтылмайтын құдай атауы — Тәңір, «Тәңірі таразысы», «Жан иесі — Тәңірі» сипатында түрлі қолданыстарда жиі кездеседі. Біз, «Құдай» ұғымын және онымен байланысты философиялық ойды жеткізуде «Тәңір», «Жар», «Бас қозғалыс» сөздерін қолдануының өзінен Шәкәрім сусындаған көз ежелгі қазақ, сопылық таным мен орыс, батыс философиясынан екендігін көреміз. Шәкәрімнің дүниетанымына қазақ халқының ауыз әдебиеті, мақал­мәтелдері, би­ шешендердің нақыл сөздері, жыраулардың жырлары ерекше орын алады. «Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа төгілдіретін болған. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларын оқып, жаттап алған. Ескі жыраулардан — Бұқар, Асан, Марабай, мәтел­мақалдарын, мәнді­нақыл сөздерін оқыған. Осы аталған ақын­жыраулардың жыр­өлеңдерін бертінге дейін жатқа айтқанын естігем», — деп еске алады Ахат Шәкерімұлы (А. Шәкерімұлы. Менің әкем, халық ұлы — Шәкерім. Естелік //Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ/ Құраст. Т. Шаңбай. — Семей—Новосибирск: Талер­Пресс, 2006. ­ 152­6.). Философ өз шығармашылығында қазақтың мақал­мәтелдерін өз ойының желісінде тікелей және мазмұндас сипатта көптеп пайдаланған. Мақал­мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі жанрларының бірі. Оның дәлелі ретінде мақал­мәтелдерді көне Орхон—Енисей жазба ескерткіштерінен, М. Қашқаридың «Дивани лұғат ат­түрік», «Қыпшақ сөздігінің жинағы» және басқа да ертедегі кітаптардан кездестіреміз. Қазақ халқының дүниетанымында ерекше орын алған мақал­мәтелдерді Шәкәрім шығармашылығынан да жиі кездестіреміз. Мысалы, «Мал жимақ» атты өлеңде: Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи. Арың сатпа, терің сат, адалды ізде, Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи,— дегенінен (94­6.) қазақтың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ғибрат сөзі көрініп тұр. «Жастарға» атты өлеңінде: «Қашқан—жаудан құтылар» деген қане, Надандықтан жиреніп, жылысалық! (35­6.) — және «Өзі білмес, білгеннің тілін алмас» (43­6.) адамдай болмай «Білмегенді білуге тырысалық!» — деп, (35­6.) жастарды ғылым­білімге шақырады. Ойшылды мазалағаны ел қамы болғандықтан «Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі» дегендей, ақынның «Бостандық туы жарқырап» өлеңінде Қазан төңкерісінен кейінгі қызыл мен ақтың тартысы арасында қаруы, өнері, ең бастысы бірлігі жоқ қазақ елінің қауқары: Бола берсе таласы, Екі нардың арасы, — Шыбындай ғой, шамасы, Өлмей ме қазақ алдалап», — деп уайым қылады (184­6.). Шәкәрімнің рухани ұстазы және адамшылық жолына бағдар беруші Абайдың: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті, — деген (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. I т. — Алматы, 1977. — 304­6.). Алланың өзі адамзатты махаббатпен жаратқасын, бір­біріне қастық қылмай адамның адамды бауырым деп тануы — ақ жүрек жолы болғандықтан, Шәкәрім «Махаббат пен құмарлық» атты өлеңінде: Маған сүйтсе қайтер ем деп ойлашы, Адамның баласы ғой о да сендей, Шырақтар, ең құмарың осы болсын, «Алла сүйсең, адам сүй дегендей», (62­6.) — деуінен, қазақ дүниетанымындағы гуманистік ойдың Абай мен Шәкәрім арқылы одан ары өрбігенін көреміз. Бұдан басқа өзінің шығармаларында Шәкәрім қазақтың мәйекті сөзі — мақал­мәтелдерін өзінің ойын түйіндеуде кең қолданады. Мысалы, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» (95­6.), «Сабыр түбі сары алтын» (189­6.), «Байдың малы болады бір борандық» (175­ 6.), «Ақ иіліп сынбақ жоқ» (186­6.), «Жығылған жан күреске тоймас» (39­6.) және т. б. мақал­ мәтелдерді тура не сәл өзгертіп қолданған. Дегенмен, Абай өзінің жиырма тоғызыншы сөзінде айтқандай: «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтығұны да бар» (Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. — Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961. — 462­6.) болғандықтан Шәкәрім аталы сөз мақал­мәтелдерді адамдардың өз жеке басын ақтауы үшін «Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп» (38­6.) өз надандығын ақтау­айуандық және «Береді бұл надандық кімге пайда?», — дейді (38­6.). Дінде айтылатын «Құдай — жомарт, мейірімді, рақымшыл, кешірімді» қағидасын «Құдай кешер алда деп күнә қылмақ» (59­6.) және «Пендесін аштан өлтірмес, Қарсы болма құдайға», — деп (104­6.), мойнындағы күнәні, еріншектік пен жалқаулықты ақтау арсыз, настың ісі емес пе дейді. Абайша қазақтың: «Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» екендігін ескертеді. Мақал­мәтелдермен қатар, «Сондай­ақ ертедегі қазақ жерінде ердің даналығын, ойының жүйріктілігін жұмбақпен сынауға машық болған… Өйткені жұмбақтың өзіне ғана тән, көбінесе едәуір күшті ақындық қасиеті болған. Бертін келе қазақ ақындарының айтыс өнерлерінде де көрнекті орын алатын болған» (Әуезов М. Шығармалары. Т. 11. — Алматы: Жазушы, 1969, 204­6.). Бұл сара жолдан Абай да, оның шәкірті Шәкәрім де ауытқымаған. Шәкәрім өз ойын айтуда неге жұмбаққа жүгінді десек, ол өзінің жұмбақтарының бірінің шешуінде «Жұмбақ айтып не керек әуре қылмақ, Керегі сол: ойланып ой ашылмақ», — дейді (278­6.). А. Шәкәрімұлының айтуына қарағанда ақын жұмбаққа үлкен мән беріп, бірде: «Жұмбақ ермек үшін, уақыт өткізу үшін айтылмайды, адам баласына, тапқырлық, сезімталдық қасиеттерін ұшқырлау үшін тәрбиелік мақсатта айтылуы қажет, сондықтан оның айтылуы мен шешілуі де өзара дәл келуі керек», — депті (551­6.). Жалпы, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, өнерін және философиясын ұлы тұлғаларсыз, ойшылдарсыз және ақындарсыз елестету мүмкін емес. Мұнда қазақ ұлтының қоғамдық санасындағы тұрмыс пен танымды, адам мен дүниенің қатынасын сабақтастыратын адам, ол ақын. Ақынның қазақ қоғамындағы мәртебесі өте жоғары. Себебі, қазақ тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірін бесік жырымен бастап жоқтаумен, ақын шығармасымен аяқтады. Өлең — құдірет, керемет күш. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», — бұл Абайдың ғана ойы емес, қазақ халқының танымының квинтэссенциясы десе болады. Себебі ақындар өлең жазып, басқаларға өзінің ойы мен сезімін білдіріп қана қоймай, адамдарды қандай да бір әрекетке итермелейді, сендіреді, кеңес береді, қандай да бір қылықтардан ада болуға шақырады, яғни ақындық қоғамдық ойдың дамуына зор ықпал жасайды. Олардың шығармаларында жалпы адамзаттық маңызға ие философиялық мәселелер — адамның болмысы, өмірдің мәні, дін мен еркіндіктің арақатынасы және т. б. мәселелер көтерілді (Ә.Н. Нысанбаев. Жаһандану және мәдениетаралық сұхбат мәселелері. — Алматы: ҚР БҒМ философия және саясаттану институтының баспасы, 2004, 1­т. — 140­6.). Қазақ поэзиясы — қазақ философиясының бірден­бір өмір сүру формасы (Ә. Н. Нысанбаев. Аталған кітап. — 158­6.). Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «…қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады», — деп атап көрсетті. Өлеңнің, яғни поэзияның қазақ ұлтының санасына сіңімді болуының тағы бір себебі оның ұстанған дінінде. Оған мысал, Абай «өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», яғни өлең сөздің ішіндегі асылы, сарасы, биігі дей келе, осы шығармасының үшінші шумағында «Әуелі аят, хәдис­сөздің басы», — дейді. Аят исламның діңгегі Құран Кәрімнің мәтінін құрайды. Аят­ өлеңнің формасы, түрі. Демек, Алла сөзі, құпиясы мен кереметі адамға өлең түрінде жеткізілді, яғни жаратушы мен жаратылыстың тілі — поэзия (Есім Ғ. Абай туралы философиялық трактат. — Алматы: Қазақ университеті, 2004. — 51­6.). Бұл ақындықтың табиғатында жаратушының сәулесі бар деген сөз. Ал жаратушыға деген сенім, адам мен қоғам өмірінің басты және қажетті феномені. Бұл, А. Шопенгауэрдің сөзімен айтсақ, «халықтың метафизикасы», яғни оның дүниетанымының ажырамас бөлігі. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымында жаратушыға, сенім, әділеттілікке ұмтылу, махаббат пен ғадауаттың күресі және т. б. мәселелердің тарихи қалыптасқан даму жүйесінің орнығуына еңбек сіңірген тұлғалар жалпы дүние, ондағы адамдардың орны, адам өмірінің мәні, тағдыры туралы ғылыми, философиялық, діни көзқарастары мен нанымдары, құндылық өлшемдері туралы ойларын өлеңмен жеткізген. Олар Қорқыт, Жүсіп Баласағұни, Әл­Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Асан қайғы, Бұқар жырау, «зар заман» ақындары, Махамбет, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Мағжан және тағы басқалары. (Ы. Алтынсаринның «Асан мен Үсен» әңгімесінің ішкі мазмұнын Шәкәрімнің «Піскен мен шикі» өлеңінен де оқимыз).

Читайте также:  Айтылған тарих материалдары дерек көзі ретінде

Бұл сонау заманнан бүгінге дейінгі жалғасын тапқан философиялық ой­пікірлер жүйесінің сабақтастығы, ұлы үндестігі. Қазақ дүниетанымының шығыс философиясындағы ерекшелігі. Сөз патшасы — өлең ұлттық идеяның ақындар салған рухани мәйегі, тірегі. Шәкәрімнің рухани ізденісі мен оның жолындағы қасіретінің емі, өзі айтқан «Жыр, өлең насихат сөз, мақал, тақпақ. Тауып айтса — дауасыз дерттің емі» (162­6.) болмақ. Осы мәселеде Шәкәрім: «Ескі ақын бізден әлі артық, Ол кезде туған бала артық. Жасымыздан шал артық, Тақпақ пен мақал тағы артық», — деп «Ескі ақындық» өлеңінде Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабайдың ақындығын «Сырына баға берсеңіз, таң қаларлық ісі бар»,— дейді (141­6.). Олардың жырлары: Мініңді тырнап ашытар, Жігеріңді тасытар. Тәтті сөзі балдай боп, Насихаты шамдай боп, Қасиеті қандай көп, Елжіретіп сүйекті, Бергендей боп тілекті, Қышыған жерді қасытар, — дейді. Өз қатарындағыларға ескі ақындардан үйрену керектігін айтады. Бұл өлеңнің қай жылы жазылғаны нақты белгісіз, дегенмен зерттеушілер «Ескі ақындық» жыры Шәкәрімнің өз бетінше қарманған 30 жасқа дейінгі шығармасы. Дәлірегінде, оны Абайдың «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінен аз ғана уақыт бұрынырақ, яғни 1886 ж. 28 жасында жазған деп тұжырымдауға негіз бар», — дейді (А. Омаров. Ақындар диалогы//Семей таңы. — 2008. — № 8). Егер, Шәкәрімнің шығармалары Абайдың көз тірісінде сынына өтіп отырғанын ескерсек, Абай аталған өлеңінде ескі замандағылар бағасын өзгеше береді: «Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр жерді өлең қыпты жоқтан қармап» (Абай Құнанбаев. Шығармалары. — 1961. — 114­6.), ескі өлеңшілерше мал үшін, мақтан үшін тіліңді беземей, еліңе өлеңіңмен ғылым­білім шаш дейді. Бұл қос ақынның сұхбаты сияқты көрінеді. Сондықтан Абай екі жылдан кейін, 1888 ж. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп басталатын өлеңінде: Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бәрі — жамау, бәрі — құрау. Әттең дүние­ай, сөз танырлық кісі болса, Кемшілігі әр жерде­ақ көрініп тұр­ау, — дейді (Абай Құнанбаев. Шығармалары. — 1961. — 118­6). Себебі, «Түркістаннан Арқаға ауысып барып, қайтпай қалып қойған Шортанбай: Сауып ішер сүті жоқ, Мініп түсер күші жоқ. Ақша деген мал шықты, — деп зарласа, Абай сол Түркістан жақтың егіншілігінен, қолөнер кәсібінен, сауда­ саттығынан үйренуге шақырады» (Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан: Зерттеулер мен мақалалар. — Алматы: Жазушы, 1978. — 30­6.) Абай дәрісінен кейін Шәкәрім 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» кітабында: «Қазақтың жайы белгілі, өлеңі өңкей құрама», дәлелін «Сөз жазып, өлең өлшемек…» атты шығармасында келтіреді: Ауылым қонды Нұраға, Мінген атым сұрала. Керексіз сөзбен бұрала, Қазақ сөйтпей тұра ма?, — дейді (111­6.). Бұл Абайдың ықпалы екендігі даусыз. Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтің «Абайдан соңғы ақындық» атты мақаласында «Қазақтың мінезін суреттеп, мінін сезіп, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғыртып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталады. Абайдан бұрын қазақтың мінезін қалпына суреттеп берген айна болған жоқ, міні айтылмай, кірі жуылмай бітеу тұйық күйде келді. Сол уақыттағы сөздер таразыға тартылып, ақылға салынбады. Саяз, ұсақ, көрнексіз түрде болды», — дей келе (.Аймауытов Ж., Әуезов М. Абайдан соңғы ақындық. Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ/Құраст. Т. Шаңбай. — Семей—Новосибирск: Талер­Пресс, 2006, I том. — 249­6.), Абайдан кейінгі ақындардың ішінде «Шәкәрім көбінесе өлеңін халыққа ұғымды болуын көздейді және өлең арқылы халықтың ақылын тәрбие қылып жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен еліктеген кісі — Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа ащылық бар», — деп қорытынды жасайды (Ж. Аймауытов, М. Әуезов. Абайдан соңғы ақындық//Шәкәрімтану мәселелері. — 2006,1­т. — 254­6.). Сөйтсе де, осы арада екі ақын да құрмет тұтқан В.Г. Белинскийдің мына бір пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Сравнения одного великого поэта с другим чрезвычайно трудны: если же в них видно желание возвысить или унизить одного за счет другого, то они просто нелепы и пошлы» (Белинский В.Г. Полн. собр. соч. Т. VII. — М.: Издательство АН СССР. — С. 33.). Шындығында, сыншының бұл пікірі Шәкәрім мен Абай шығармашылығы және олардың үндестігі туралы зерттеу жүргізбек болған талапкерлерге қаншалықты үлкен жауапкершілік артатындығын байқатады. Белгілі сыншының осы ойын одан әрі тереңдете дамытқан ғалым В. Лакшин болды: «Значение «влияния» абсолютно лишь для эпигонов, подражателей. Талант, гений всегда самобытен, и он принимает «влияние» лишь постольку, поскольку оно соответствует его внутренней природе, помогает ему самоопределиться» (В.Я. Лакшин, Лев Толстой и А. Чехов. Советский писатель. — М., 1963, С. 7). Бұл жайында атақты Г. Гейне: «Великий гений образуется при пособии другого великого гения не столько посредством ассимиляции, сколько посредством трения. Алмаз полирует алмаз», — дейді (Гейне Г. Собр. соч. в 10­ти томах. Т. 6. ­ Л., 1958, С. 64.).

Читайте также:  Шығармашылық эволюция туралы

Абай сынға алған «Дулаттың образ жасау, өлең өрнегін жетілдіру, замана сазына қарай ақындық өнерде жанрлық, стильдік, сонылық таныту ерекшелігі кейін Абай шығармаларында жалғастық тапқан. Дулат ендірген қазақ өлеңі құрылысындағы жаңалықты, яғни «а а а б» түріндегі желілі ұйқасты Абай ақындық дәстүр ретінде қабылдап, «Келдік талай жерге енді» (Өлең 1890 жылы жазылған — М.Қ.) өлеңінде одан әрі дамытты» (М. Мырзахметұлы. Дулат Бабатайұлы. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001, 3­ т. — 295­6.). Шәкәрімнің жыраулар поэзиясына қайта оралуы мен оның ішкі сырын ақтару жайы Ахат Шәкерімұлының «Менің әкем, халық ұлы — Шәкерім» атты естелігінде ойшылдың 1930 ж. ақпанында ауыр науқастанғанын естіп барып, біраз уақыт жанында болғанда Шәкәрімнің «Нақыл сөздердің иесі, алтын қазынаның қорларын жасаған — Асан, Бұқар, Марабай, Марқасқа, Өтеген, Үмбетей сияқты дүлділ, төкпе ақын, жыраулар,осыларды жете ұғып, түсіне алдық па? Жоқ!» — дейді (А. Шәкерімұлы. Менің әкем, халық ұлы — Шәкерім. Естелік//Шәкәрімтану мәселелері. — 2006. — 198­6.). Шәкәрім биік ойдың алтын қазына қорын толтырушылардың бірі деп таныған Бұқар жырау зерттеушілерінің айтуына сүйенсек 1702 ж. Көкелташ медресесін тамамдайды. Осында оқып жүріп ол араб, парсы тілдерін меңгереді. Медреседе оқып жүргенде шығыстың жеті кереметі атанған алып ақындардың жырларын оқып, көңілге түйеді. Көкілташ медресесінде жүргенде Бұқар Түркістан қаласына сапар шегеді. Ондағы қасиетті әулиелердің рухына тағзым етіп, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметтерімен» танысып, зерттейді. Осылайша алғашқы білімді мұсылманша алып, ол жолдың тереңіне бойлай білген жырау, өзінің насихат жырларында мұсылмандықтың адамгершілікке жол бастайтын имандылық сияқты қағидаларын өз өлеңдерінде ұтымды пайдалана білді. Бұқар — шариғат заңдарын, сопылық ілімнің мақамдарын жетік білген ойшыл (Қазақ рухының философиясы. 1­кітап. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. — 136­6.). Бұқар жыраудың жырлары мен Шәкәрімнің арасында үлкен рухани үндестік бар. Бұқар «Өлеңді өмір тудырған», — деп, оның шығармашылығына қоғам өмірі тікелей әсер еткенін «Бір ауызды болмаған, Тозуды тосқан біздің жұрт», — деп қынжылыс білдіргенінен көреміз (Қазақ рухының философиясы. — 1­ кітап, 2003. — 138­6.), ал Шәкәрім болса «Бетін байқап қарасаң бұл қазақтың, Соқпағына түсті ғой дәл дозақтың», — дейді. Жырау мен Ақынның рухани сусындаған көздерінің бір екендігінің тағы бір дәлелі Бұқар өзінің бір шығармасында: Жамандыққа жақсылық, Еткен таза арыңды айт. Қара қылды қақ жарған Наушәруандай әділді айт, — дейді (Қазақ рухының философиясы. — 1­кітап, 2003. — 136­6.) Ал, біз Шәкәрім шығармашылығында оның философиясының өзегі болған «таза адам», «арлы адам» сипатында баяндалатын «Мұсырауын әділ» атанған Наушеруан туралы «Наушеруан аңда жүйрік киік атқан» деген өлеңнен білеміз (156­6.). Біз өз ұлы ойшылдарымызды «Неге жете ұғып, түсіне алмадық?» деген сұрақтың жауабын Шәкәрім өзі ғалым­философ деп таныған Әнет бабаның жаманшылық түбі неден деп сұраған Қазыбек биге берген жауабымен қайырады: «Әнет бабаң көп ойланып отырып: Арабша «Хакім», қазақша «Әкім» деген сөз бар. Бұл сөз үш әріптен құралады — а, к, м. Сол бір ауыз сөзді екі рет айтсақ — акм, акм болып, алты әріп болады. Екі «а», екі «к», екі «м». Осы алты әріп — алты ауыз сөздің бас әріптері», дейді де Әнет бабаның сөзімен тереңдетіп алты әрпін таратады. Ол екі кежірлік, бірі — әйел, бірі — алтын; екі «к»­нің бірі — кежірлік, бірі — кек; екі «м»­ның бірісі — мақтан, бірі — мансап. Шәкәрім қазақ елі осы алты әріптің шеңберінен шыға алмадық­ау, естір құлақты, ақыл көзін тұмшалады деп қынжылады. Осы алты кеселді жоятын үш асыл қасиет бар. «Олар: таза ақыл, ақ жүрек, адал еңбек!» — дейді.

Читайте также:  Сұхбатты жүргізу туралы

Оставить комментарий