Шәкәрімдегі ұғым мәдениеті

Философияда ұғымды қалыптастыру деген түсінік бар. Ол — ұғымды анықтаудың ғылыми әдісі, кеңірек алсақ методологиясы. Расында, ұғым ба, әлде ұғым емес пе? Нақтылап айтсақ, ол — ұғымның дефинициясын анықтайды, ұғымды талдап, түсіндіреді. Яғни, сол ұғымның болмысын (барлығын), өрістетіп айтсақ табиғатын анықтайды. Философияда ұғым қалыптастырудың типтерін үшке бөліп қарастырып жүр: математикалық, натурфилософиялық және гуманитарлық деп. Ұғым қалыптастыру оңай мәселе емес, күрделі құбылыс, философиялық феномен. Тіпті, ұғым қалыптастырудың өзі толық адамзаттың иелігіндегі құбылыс емес деген де таным бар. Олар ұғым қалыптастыру тіршілік иесінің көбіне тән құбылыс деген ерекше болжамдар айтады. Ойланатын мәселе. Ал, Шәкәрімдегі ұғым мәдениеті дегенде нені айтпақпыз? Мәселен, қазақ мәдениеті мен ғылымының филология саласында Ахмет Байтұрсыновтың ұғым жүйесін қалыптастыруы шын мағынасындағы феномендік құбылыс болды. Мәселенің осылай қойылуы тұрғысынан оның еңбегінің табиғаты әлі зерттелген жоқ. Бір адам — бір Академия дегеннен асып, өрістете талдау жасалмады. Осы сияқты, Шәкәрімнің көркем философиясындағы ұғымдардың көрініс табуы да қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс деп танимыз. Поэзияның түрлі жанрында жазылған шығармаларында Шәкәрім біздің пайымдауымызша поэтикалық жолмен ұғым жүйесін жасаған. Оған қоса, данышпанның тарих философиясы мәселелері көрініс тапқан («Түрік, қырғыз­қазақ һәм хандар шежіресі»), дін философиясы («Мұсылмандық шарты») және жалпы философиялық ізденісінің шоқтығы — «Үш анығы» таным теориясының, метафизиканың, кең мағынасында алсақ, философияның философиясы (философия теориясы) ұлттық контексте қарастырылған еңбек. Соңғы он жылда қазақ философиясындағы ұлттық танымы бар философтардың Шәкәрім еңбектеріне соқпай өткені кем де кем. Бізді Шәкәрімнің көркем философиясындағы антропологиялық философия ұғымдары, дәлірек айтсақ, антропософиясы (адамға құштарлығы) қызықтырды. Осы бағыттағы ұғымдардың Шәкәрімнің философиялық лирикасындағы жүйелі көрініс табуы кездейсоқтық емес, көркемдік­танымдық анық деп қабылдаймыз. Осы мақалада Шәкәрімнің ұғымдар жүйесінен негізгі деген біршама ұғымдарды ұсынып отырмыз: 1. Адам, Хазірет Адам Ата — Шәкәрім шығармаларында ең көп қолданылатын сөз, ұғым. Хазірет Адам Ата (Тәурат, Інжіл, Забур секілді діни кітаптарда Адам) — Құран Кәрім дерегі бойынша Аллаһ Тағала өз құдіретімен жаратқан ең алғашқы адам және Хазірет Адам ата (ғ.с.) тұңғыш пайғамбар. Шәкәрім шығармаларында А. мен X.А.а. бес жүзге жуық рет аталады және осы ұғымдарға қатысты өз танымын өр қырынан мол білдірген. Әсіресе, көркем философиясында, оның ішінде онтологиялық лирикасында Шәкәрім А. мен Х.А.а. ұғымдарына ерекше тоқталған. «Арғы атам, — Адам ата, хақ, пайғамбар» деген жолдар Шәкәрім ұстанымын айқын көрсетіп тұр. Шәкәрімнің А. мен Х.А.а. туралы айтылған сенім­ танымына орай ғалымдар өз ойларын ортаға сала бастады: «Абай, Шәкәрім және ислам теологы Әбу Мұхаммед әл­Ғазали тәрізді даналардың айтуынша, А. болмысы үш бөліктен құралады: тән, нәзік болмыс және жан. Тән — табиғаттың негізгі бес элементінен: топырақтан, судан, ауадан, оттан және эфирден тұрады. Тәннің құрылысын, оның жұмысын, өзгеру заңдылықтарын медицинаға байланысты ғылым салалары зерттейді. А.­ның нәзік болмысына — сезім, ой­өріс, ақыл­ес, түйсік және «мен» деген түсінік жатады. Бұлардың табиғатын ұғыну өте қиын. Нәзік болмыс табиғи және әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасады. Оны психология, парапсихология, спиритуализм, магия, бақсылық, йога тәрізді А. психикасын зерттейтін ғылымдар мен окульттік ағымдар қарастырады. Нәзік болмыстың бес түрлі атаулары бар: арабша — хауас сәлим, қазақша — рух, санскритте — аура, орысша — дух, латынша — спирит, ғылымда психо­энергетикалық жүйе т.с.с. Жан — А. өмірін басқарушы, қуат көзі, тіршілік болмысы болып табылады. Тән мен материалдық болмыс оның уақытша киген киімі тәрізді. Олар ауысып отырады. Жан білімге және рухани ләззатқа құштар болғандықтан, ол бұл қасиеттердің қайнар көзін қоршаған ортаның материалдық болмысынан іздейді. …Шығыс философиясы бойынша А­ның жетілуі дегеніміз жанның материалдық құрсаудан босану барысы. …Жанның толығуы тек рухани жолмен ғана іске асады. Оның қасиеттері жетілу барысында білінеді. Рухани жетілген А­ның бүкіл болмысы кемелді келеді. Абай тәнді жан билеу керек екенін айтады. Жан тәнді нәзік болмыс арқылы билейді» (Қ. Әбішев, Р. Ысқақова. ҚҰЭ, 1 т.). А. болмысы туралы ізденісті дамытып, оған ғалымдар өpic ашты. Мәселен, Ғарифолла Есім А­ды табиғи­биологиялық, әлеуметтік­таптық болмысына қарап танудың «архивке» айналып артта қалғанын айтып келіп мынадай танымда қарастырады: …А­ды түсінуде өзге өлшемдер қолдандым. Менің түсінігімде адам болмысында мынандай алты жүйе бар, олар: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі» (Адамзат. Ғарифолла Есім.). Ол басқа еңбектерінде де А. болмысына қатысты ойын кең өрістетіп отырады. Сондай­ақ, Шәкәрімнің «Айқап» журналы арқылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деген сауалының бесеуі де А.­ға қатысты айтылған: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты неде?», «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?», «Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат­бейнет (сауап­азап) бар ма?», «Ең жақсы адам не қылған кісі?», «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?». Бұл сауалдар тікелей адам болмысына қатысты болғандықтан, А.­ның жаратылысы жайынан жауап беруші ғалым айналып өтпеген: «Діндер туралы әрқилы көзқараста болғанымен Шәкәрім Жаратылыс иесі — Алла тағала деп түсінген, қабылдаған.

…Шәкәрім адамды жаратушы Алла деп отыр. Мұны Алланы жаратушы деп мойындаған адам ғана қабылдайды, т. б.» (Ғарифолла Есім. Даналыққа құштарлық). Философ­ғалым А. болмысына қатысты бес сауалға жауап іздеп ізденіске түседі, азық болар ойын білдірген, жаңа өріс ашқан. Шәкәрім философиялық поэзияны қазақ сөз өнерінде толық қалыптастырған ойшыл ақын. Шәкәрімнің онтологиялық лирикасы қазақ поэзиясындағы жаңа кеңістік: «Өсімді, ең күшті жан адамда тұр», «Өмірдің басы — бала, ортасы адам, Қартайып, шал болған соң кетті шамаң», «Арғы атам, — Адам ата, хақ, пайғамбар», т. б. Шәкәрім поэзиясында ғана емес, антропологиялық философиясында да А. болмысына ерекше мән береді. Қазақ танымына өріс ашады. 2. АҚИҚАТ, Хақиқат Шәкәрім шығармашылығындағы негізгі ұғымдардың бірі, субъект танымында объектінің көрініс табу өлшемін белгілейтін философиялық категория. Классикалық философияда А. таным теориясының негізгі категориясы ретінде объективті А., с а л ы с т ы р м а л ы А. және а б с о л ю т т і к А. болып қарастырылады. Исламның санасы Тассафуф ілімінің сопылық жолындағы қырық мақамның соңғы оны хақиқатта деп белгіленіп, шариғат, тарихат, мағрифат арқылы «адамзатты махаббатпен жаратқан» Хақ Тағаланы тануға ұмтылысты Хақиқат деп таныды. Шәкәрімнің шығармашылығындағы А. туралы танымын к ө р к е м д і к т а н ы м т е о р и я с ы деп болжауға болатын сияқты. Шәкәрім «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан — дегеніміз ынсап, әділет, мейірім» дейді. Осыдан байқағанымыз А. тану оңай іс емес. Гнесологияда А. мәселесі негізгі мәселе. Адамзат баласының санасы осы А. тануға ұмтылысымен ерекшеленеді. Адамды тануды іздеу өне бойы сәтті бола бермеуі заңдылық. Сондықтан А.­ты іздеуде адасушылықтың болуы, субъекті танымының шынайы объектілі мәселемен қабыспай жататыны кездеседі. Ол, өтірік емес. Бірақ бұл ізденіс жолы. Шәкәрім Адамзатты тану жолындағы ең қажетті категориялар ретінде ақыл мен ұжданды қатар алған. Хақиқаттың тылсым қуатының барлығы ескерілген. Өтірік А.­тан алыстатса, шындық А.­қа жақындатады. Ақылы мен Ұжданы үндескен адамның өтірік айтпасы анық, білмей адасуы мүмкін. Шәкәрімнің таным теориясы жолындағы ізденісін көркемдік таным теориясы деп алуымызға себеп, оның көркем шығармашылығындағы өмірлік ұстанымына, дүниетанымына бағыттап айтқанымыз. А.­ты адам ақыл көзімен көреді дейді, бұл философиядағы А. білімнің қасиеті деген танымға үндессе, екі өмірге де ұжданның керектігін айтуы Шәкәрімнің А. туралы ойының өрісті екенін байқатқан. Ақын «Жасымнан жетік білдім түрік тілін…» өлеңінде: Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа, Сопының бара қойман құрбанына. Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың, Мың сопыны алмаймын тырнағына. Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең, Жолай көрме жылмайы сопы көрсең. Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың, Алданбайсың артынан ере берсең, — дейді. Осы жерде Ар ілімінің мәселесі шығады. Қай дінде болмасын ақиқат жолдан тайдыратын пәншілдердің болатынын айтқан, ақылды, арлыға ергеннің, ақ ниет, адал адамдардың артынан ергеннің жөн екенін айтқан. Ақиқат жолға бағыт көрсеткен. Шәкәрім А. ұғымы мен қатар Хақиқат ұғымын жиі қолданады. Аль­Хақ, (53, Ақиқатты), Аллаһ Тағаланың 99 көркем есімінің (Асма аль­Хусна) бірі екені белгілі. Шәкәрім «Шын асықтың әрбірі…» өлеңіндегі: «Менің Жарым қыз емес, Хақиқаттың шын нұры» дегендегі метафоралық қолданыс осы бағытта айтылған. «Оны сезер сіз емес, Көзге таса бұл сыры» деп тылсымдық қуатына меңзеген. Шәкәрім көркем философиясында «Жар» сөзін Жаратушы ұғымында қолданғаны белгілі. Оған Шәкәрімнің тағы бір өлеңіндегі «Арақ — ақыл, мастық — ой, жар — хақиқат…» деген қолданысы негіз болады. Шәкәрімнің көркемдік таным теориясында А. немесе Хақиқат категориялары түрлі контексте мол қолданыс тапқан: «Хақиқат айтсам адамға, Білмеймін кімнің тыңдарын», «Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын», «Асық жарды таптым деп, Хақиқатқа нанған күн», «Хақиқатқа көрмедім бір, Өз бойымды сынатып», «Шын хақиқат жолды ұнап», «Хақиқаттың тарауы, түгел жетпей қалмайды», «Хақиқат жерде қалмайды, Жалғанға сатпас шыныңды», «Хақиқат Жар нұрына қанса біреу, Оның жаны өлмейді балталаса», «Айла алдау өзіңізге, Шын хақиқат қонбады», «Хақиқатты танитын баста ми жоқ, Ондайлардың сау емес анық дені», «Бүгін тауып тілегенді, Хақиқатқа көңіл сенді», «Танығын тастап, Анықталған хақиқат», «Хақиқаттың қымызын, Ішіп бүгін мас едім», «Арға ие басшының соңынан еріңдер, Таң артынан хақиқат күн шығады», «Қанша жарық нұр құйсам, Хақиқаттан сыр құйсам», «Мен хақиқат құрбанымын, Берді бізге сәулесін», «Хақиқатты дәл көруге, Жан көретін көз керек», т. б. Шәкәрім өзінің мол философиялық лирикасында көркемдік жолмен қазақ философиясындағы таным теориясы категорияларын мол қолданған. Шәкәрім өз ақиқатын көп іздеген. Ол туралы Сәбит Мұқановқа жазған хатында ашық айтқан: «…Іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін. Мен осыны айтып отырғанымда адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып, тапқан ақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің? — деп еркімді билеп, «Жан сыры», «Жаратылыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім». Және, Шәкәрім осы хатында «Қайсысы басылса да «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар еді» дейді. «Мұтылған» мен «Ар ілімі» қазақ философиясындағы тірек танымдар, ой өрісі. 3. АҚЫЛ, Шәкәрімнің философиялық трактаты «Үш анық» пен көркем философиясы, яғни, поэзиясында ең көп қолданыс тапқан метакатегория.

Читайте также:  Студент жастарға дене шынықтыру шараларын қолданудың жолдары

Шәкәрім мәнін ашқан, кең өріс берген жүйелі, әрі түрлі контексте қолданған А.­дың біразын атайық: жанды ақыл, ақылды жан, таза ақыл, арлы ақыл, ақыл көзі, толық ақыл, терең ақыл, аз ақыл, анық ақыл, арақ ақыл, мас ақыл, ақыл құсы, сау ақыл, ақыл — нұр, хайуандар ақылы, саяз ақыл, ақылды зат, азат ақыл, мол ақыл, шын ақыл, ақыл­айна, өз ақыл, еркін ақыл, жайлы ақыл, т. б. Шәкәрім А. туралы «Пайғамбар қыл ақылды», «ақылдың шолғыншысы — ойқұмарлық», «ақылыңа сынат», т. б. тіркестерді жиі қолданады, оның статусын көтереді. Демек, Шәкәрім А.­дың мәнін ашуға аса күш салған. Ойқұмарлықтың өзі А. емес екен, ол оның шолғыншысы екен. Шәкәрім анықтаған А.­дың әрбірі жеке зерттеуді, танып­білуді талап етеді. Алдымен, А.­дың өзіне, зерттелу тарихына тоқталайық. Дін мен философияда, ғылымда А. көп қарастырылған, өрістете зерттеліп жүрген ұғым. Адамзат ойының түйіні, ғылымның танымы, діннің сенімі — А. адамның негізгі сипаты, маңызды қасиеті дегенге келеді. Адамның А. арқылы әлемді тануға ұмтылысын философияда рационализм деп атайды, ал метафизикалық рационализм деп сол А.­ға сенімді айтады. Адам танымының кеңістігі А.­ мен шектелмейді, сезімдік таныммен өзгеше өpic табады. А. мен сезімнің үндескен жерінде Жаратушы, Жан және әлем идеяларының жүйелік принциптері қалыптасады. Онтологиялық деңгейге көтеріледі. Шәкәрімдегі А. тұтас алғанда осы биікке көтерілген таным, концепткатегория. А.­ға Шәкәрімге дейін адамзат данышпандары назар аударған. Сократ, Анаксагор, Аристотель, Платон, Әл­Кинди, Әл­Фараби, Әл­Ғазали, И. Кант, Гегель, Дулат, Абай А.­дың негізгі сипатын даналықпен тануға ұмтылған. Философия тарихында А.­ды тануда ерекше ілімдер қалыптасты. А. абсолютті шындық, ол — барлық өмір оның айнасы деген панологизм; А. тек адамның сипаты, қасиеті деген натурфилософтар Платон, Анаксагор, Аристотель грек тілінде қолданған «Нус» ұғымы да А. туралы, бүкіл ғалам «жанды» дейтін діни­философиялық сенім мен танымның да А.­мен байланысы бар. Ұлттық ойлау кеңістігінде А. туралы соны сөз айтқан Ғарифолла Есім болды. Ғалымның А.­ға қатысты ой­тұжырымының жеті ерекшелігіне тоқталайық. Біріншіден, қайсыбір ұғым туралы әңгіме болғанда, басқа тілден балама іздеудің пайдасы мен қаупі. Аударманың дәл келуі, басқа тілден қай кезде аударылғаны (яғни, идеологияның қатысының өлшемі), ұлттық танымға сай келуі; Екіншіден, «А.­дың тұрағы — адамның тәні мен жаны» деген тұжырым; Үшіншіден, «А.­ға қатысты ана тілімізде мынандай ұғымдар бар, олар: ақыл, парасат, зейін, даналық, зерде, зеректік, пайым». Бұл жерде, ғалым бұрынғы, А.­дың екі деңгейі пайым мен парасатты өрістеткен. Төртіншіден, «…ұлттық ойлау кеңістігінде ақыл — субстанция…». Ойлану керек. Бесіншіден, зеректік, зерде, пайым, зейін, парасат, даналық А.­дың акциденциялары деген ой таным. Алтыншыдан, А.­дың онтологиялық болмысы. Жетінші, «өлшеусіз ұлы ақыл мен өлшеулі адам ақылы арасындағы қатынас» мәселесі. Ғарифолла Есім осы жеті және басқа да мәселелерді қоя отырып, ой қорытады. А.­ды танудың өрісін ашады. Енді, Шәкәрім шығармашылығындағы А. категориясының берілу тәсілі мен мәніне тоқталайық. Философиялық трактатта: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді…». Шәкәрім А. деп қоя салмай, «ақыл көзі» дейді және «Үш анық» трактаты адамның ақиқатты ақыл көзімен көретінінен басталады. Бұл кездейсоқтық емес, Шәкәрім танымының бастауы, тұтас Ар ілімі концепциясының негізі. Кейіннен, осы еңбекте, өзінің жаралыс, жаратылыс, жаратушы, жан, ұждан сияқты адамзат баласын толғандырып келе жатқан мәселелерге ақыл көзімен (жүрек көзімен) жету туралы сырын ашады. Бәлкім, Шәкәрімнің ақыл көзі Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылды тануға ұмтылған сыр­айнасы болғандықтан да ақиқатты танитын жол деп сенімді айтып отыр. Қалай болғанда да, А.­ға ерекше мән берілген. Шәкәрімнің осы ойы философиялық лирикасында жалғасын тауып жатады: Ақылдан ойға сыр тарап, Үміттің шамы жанған күн. Жар есіркеп бер қарап, Нұрына жүрек қанған күн. Шәкәрімнің ақыл көзі — антропологиялық философияға, теологияға әкелген ұлттық танымдағы концепткатегориясы. Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактатында А. ұғымына ерекше орын берілгені, осы ұғымды жүйелі әрі түрлі контексте қолданғанынан байқаймыз. Мәселен, Шәкәрім барлық тіршілік иесінің өсіп­өнуге қам қылатынын айтып, бұл — барлық таласы екенін, яки жаратылыстың берік жолы екенін айтып келіп, былай дейді: «Сондықтан барша адам шамасына қарай, қайбірі өзі үшін, қайбірі табы үшін, қайбірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді.

Читайте также:  Ежелгі ұлы мәдениеттердің тұтастығы мен ерекшеліктері

Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Сөйтіп, толық адамның ғылыми дефинициясын береді. Ол барша адамзатты ойлайды екен. Толық адам болудың негізгі факторы «барша адам үшін жақсылық бақ іздеу екен». Толық адам А.­дың қарауында болуы да бір белгі екен. Осы еңбегінде Шәкәрім сау ақыл ұғымын да қолданады. Және ерекше мән беріп қолданады. Тіршілік туралы, жанның мәңгілігі, немесе, өлген соң тірілетін жан жоқ деген екі жолды кең талдауға барарда, сау ақыл ұғымын қолданған: «Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әр түрлі діндер жайынан әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болу керек. Және қатты керек бір шарты — өзінің тұтқан діні, оқыған­ ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек». Бұдан белгілі болғаны сау ақыл ноқтасыз және науқассыз болуы керек екен. Сау ақылдың үнемі қозғалыста, ізденісте болатынын да аталған екі жол туралы ой толғағанда атап өтеді: «Бұл екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша нәрселердің қайдан бар болғанын, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратушыны іздеп әркім әр түрлі ой жүргізген». А.­дың субстанциялық түпнегізбен бірлігін, соған ұмтылысын ашып көрсетеді. Шәкәрім осы еңбегінде екі жол туралы білімділер сөзімен таласқа түсіп, қорыта келіп өзінің тұңғыш ойы екенін айтады. Басқа біреудің ойымен үндес шығуы мүмкін екенін де, реминисенциялық табиғатының болуын да теріске шығармайды. Қорытындысында, «Барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ» деп айтып келіп, Жаратушының барлығы туралы өз ойын толық ашу, дәлелдеу барысында А­ға қатысты «есті ақыл, естінің ақылы» ұғымдарын қолданады: «Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз. Менің ойымша, бүтін барлықтың бәрі, бізді осындай болмақ жолды салған түп жаратушының білім, құдірет шеберлігінде. Өлшеу жоқ деп бізге секунд сайын айғайлап тұр: Бізге дүние түпкі сырын көрсетіп те айтты ғой. Елемеді оны біздің, тіпті өзімшіл мисыз ой» деп көркем философиямен тұжырымдайды. Шәкәрімнің осы еңбекте Жанды — субстанция, ақылды соның акциденциясы ретінде қарастыратын сәті бар: «Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға дарымаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына еш дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен­бірі артылатын қасиеттерін анықтап бөліп айтпай бәрін де бір жан деп келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт — сезімді жан, сознание — аңғарлық жан, мысль — ойлайтын жан, ум — ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады». Яки, А. субстанцияның өзі емес, субстанцияның қасиеті болып тұр. Шәкәрім А. туралы ойын Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылмен ұштастырып түйіндейді: «Аңғару, ойлау ерікті хайуанның бәрінде бар. Бірақ олардың да бірінен­бірі есті, бірінен­бірі шебер, оны теріп жазбасақ та әркімге белгілі. Адамның күйі сол хайуандардан есті болмаса да, толық терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес».

Шәкәрімнің ой түйіні осы жерде байқалған. Ол толық терең ақылдың тек адамнан шығатыны, солай бола тұра адамның өзі табиғаттан (Жаратушыдан) шебер емес. Ар іліміне негізделген, имандылыққа, ұжданға шақырар ең дұрыс жол мұсылман жолы екенін де осы еңбегінде атап айтқан: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар». Көркем шығармада: Шәкәрімнің философиялық лирикасында, жалпы көркем философиясында да А. ұғымы жүйелі әрі түрлі контексте мол қолданыс тапқан. Солардың ішінде ерекше орын берілгендері — таза ақыл мен жанды ақыл. Таза ақыл мен жанды ақыл ұғымдарын қалай қолданған соларды мысалға келтіріп барып, ой қорытайық. Алдымен таза ақыл ұғымын келтірейік (1): «Мен адамнан таза ақыл таба алмадым», «Бар ғылымның түп атасы, Таза ақылмен ойлану», «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды, Танитын жанға кезге болса, Хақиқат жерде қалмайды», «Адамның сыртқы дене жаралысы, Нәпсісі айуанмен анық теңдес. Бөлектігі — жалғыз­ақ таза ақылда, Әлің келсе, жол тап та осыны емдес», «Көз адасты, ой тапты көрдіңіз бе? …Тетігі — таза ақылмен — өлшеп сынау!», «Ар жеңіп шығады, арамның қарасын, Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл қосылса, Әлемнің таласын», «Таза ақылмен таппаған дін, Шын дін емес жындылық», «Айнымайтын ақ жүрек пен, Таза ақылды адамның, Таппасы жоқ бұл өмірде, Осыны ұқ, балам», «Ақ жүрек пен таза ақыл, Қылсаң адал еңбек, Бірінен де сол мақұл, Артқыға жол бермек», «Дәлелсіз сөз — соққан жел, ұшқан тозаң, Таза ақылдың алдында жоқ қой құны», «Рух деген дінсіз таза ақыл, Мінсіздің ісі шын мақұл. Айуандағы ақыл ол емес. Аз ғана сөзім — аз тақыл, Құранды оқы нанбасаң», «Бәрін де тапқан таза ақыл», «ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын, Солдар сөкпес іс қылар жолды көксе». Шәкәрім таза ақыл ұғымын бұдан да басқа оншақты өлеңінде келтірген. Сонымен қатар, жанды ақыл ұғымын қалай қолданған, соны келтірейік (2): «Осы әлемде барша барлық, Жанды ақылдың табысы, Нәрсесі жоқ бос қаларлық, Мейлі шөп пен топырақ», «Осыны ақыл ұқпай ма? Дене жанын тықпай ма? Бастапқы есті жанды ақыл», «Ақылды жанның мүлкі — әлем, Тәртіппен өсіп таралды», «Құбылған әлем жарысы — Ақылды жанның табысы, Басында­ақ онда ақыл мол, Мақсатты ретпен әр ісі, Тереңнен ойла оңғар да», «Жан жолдан қосылды деп пән де, дін де, Ақылды байлап қойған соған мүлде. Ең басқы зат — жаны бар, ақылды зат. Оны ойлаған адам жоқ осы күнде», «Адамның таза ақылы жанды қимай, Амалсыз қиянатқа о да көнбек», «Ақылмен жанды тексермей, Денешіл, пәншіл кеселдер. Дәлелсіз сөзбен ілгіштер». Шәкәрім А. ұғымын барлық қырынан тексеріп, оның сипатына терең барған. Соның басты бір қабаты осы таза ақыл мен жанды ақыл. Қасиетіне, болмысына қарай анықтаған осы екі ұғымды Шәкәрім жай ғана келтірмей жүйемен берген. Оның әрбірі жеке­жеке санаға салып өлшеуді талап етеді. Мынаны айтып отыр деп шолақ қайыруға келмейді. Контекстен бөлек алып қарастырсақ та түп негізі тереңде екенін байқаймыз. Біз оған екі сілтеме келтірейік. Бірі, Шәкәрімнің өзі келтірген сілтеме: «Құранды оқы нанбасаң». Екіншісі, Ғарифолла Есімнің «Жаралыс басы — қозғалыс» өлеңін талдау барысындағы айтқан ойына сілтеме: «Шәкәрім жаңды ақыл дегенде ақылдың генезисі туралы айтып отыр. Ақыл қайдан шықты немесе қайдан пайда болды дегенде, ол оны жаннан шығарған, содан барып «жанды ақыл» деген түсінік қалыптастырған». Осыдан белгілі болды, бар ғылымның түп атасы таза ақыл ойлану, соған сынату екен.

Читайте также:  ТӨҢКЕРІСТЕН БҰРЫНҒЫ ПРОГРАММ

Әлемдегі барша барлық та, еш нәрсе бос қалмақ емес, бәрі мейлі шөп пен топырақ жанды ақылдың табысы екен. Шәкәрім неге Құранды оқы дейді, бәрі жанды ақылдың табысы дейді, ақылдың генезисі қай жерде? Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылдың өзі ме, жоқ әлде содан нәр ала ма? Шәкәрім, осылай ой жарысына өріс ашады, таным көкжиегін көркем философияда кеңейтеді. Ақылмен бойға сыр таратады. Осы жанды ақыл мен таза ақылға жақын тұрған тағы бір түсінік: ақыл— нұр, нұрлы ақыл ұғым категориясы: «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр, Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр, Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен, Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр», «Зарадушке айтсам кезі кеп, Үйреттің ақыл нұр ғой деп, Ұға алмай отқа шоқынып, Бұзылды елің боғын жеп». Ие, Жаратушыны танымау көп адасушылықтың басы екенін, өлшеусіз жарық нұр барлықтың иесі екені және соны көркем философияда, сөз өнерінің философиялық лирика сияқты ерекше жанрында Шәкәрім көркемдік таныммен шебер береді. Шәкәрім А.­дың сипатын ашу барысында лирикалық шығармаларында бұдан басқа да жүздеген жерде жүйелі түрде қолданған. Лирикалық жанр табиғатының негізгі көркемдік факторының бірі, екі ұғымды қарама­қарсы немесе қатар қойып, олардың табиғатын ашу: «Терең ой мен ақылға айтамын дат», «Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас», «Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек, Нәпсі ұнаса болғаны, бәрі бітпек», «Мен ақыл мен ойды жұмсаушы едім, Талай қиын істі табуға», «Шолғыншы ойым ақылға, Ақылым тоқтап мақұлға», «Оны ақылың сезеді, Неге нәпсің сенеді», «Ақыл, қайрат, сабырдың бәрі кетіп, Адасқан асығың мұңлы әнге салынып тұр», «Ескерусіз бар өмір кетсе желге, Ақыл, айла, қайратың ақса селге», т. б. Философияда, ғылымда адам ақылын тәрбиелеу, қабілетті дамыту теріске шығарылмаған. Шәкәрім де терістемейді: «Ақыл деген денеге егулі дән, Суғарылса кіреді оған да жан, Ақылдың өсіп­өніп зораймағы, Көрген, білген нәрседен ғибрат алған». Адам танымының, ақылының табиғи дамуы туралы айтылған Кант тұжырымына үндес ойды Шәкәрім көркем философияда айтып отыр. Шәкәрім адресатты қашан да А.­ға бағыттап отырады: «Пайғамбар қыл ақылды, Сол табады мақұлды». Мұсылман әлеміндегі пайғамбардың статусын білетін данышпан, А.­ды сол дәрежеге көтеріп отыр. Ұлттық көркем философияда бұндай метафоралық теңеудің орны ерекше екенін ақын біліп отыр. Сол ақылға барлығын сынат, тексертіп отыр дегенді мол айтады: «Ақылмен өлшеп санасам», «Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып», «Ақылға әрбіреуін сынатарсың», «Кім айтса да сынамай қойма, жаным, Ақылыңа сынатып ойла, жаным», «Ақылға салып бар сырын», «Ақылға салып шындаса, Ашылды, міні, анық сыр», «Ақылға сынат, сабыр қыл, Жығылмайтын дәлел тап», «Ақылдың көзін байлама,Білгіш деп басшы сайлама, Оқуым, дінім, наным деп, Әдетке қарай айдама, Ақылға сынат әр істі», «Сал ақылға, дұрысы не, Дәлелін тап жақсырақ», «Ақ жүрек, ақыл көзбен сынға алыңыз», «Ойла, тексер, ақылмен», «Көңіл көзін аш — тағы ақылға сал», «Ақылыңа сынат деп, — деп, дәлел айтқан, Құраннан табылады талай аят, Тәпсір деп қасиетін талқан қылып, Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат». Басқаны айтпағанда, Құран Кәрімнің өзінде ақылға сынат деген талай аят бар, А.­дың орнын ерекше анықтап берген. Мен ақылмын деп келетін, реңкі ұқсас ұғыммен астас келетін жерін де көркем философияда терең аша білген: «Надандықпен қарнымыз тоқ демелік, Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік, «Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп, Арамды адал, асылды боқ демелік». Айланың ақыл болып көрінуі, жақсы мен жаманды айырмауды соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен. Шәкәрім А. деген денеге егулі дән дейді, оған жан суғарылса ғана кіретінін, өсіп­өнетінін айтқан. Суғарылмаған А. өнбей қалатынын да атап көрсетеді: «Саяз ақыл бас ұрған, Мақтауын көкке асырған, Жаба тоқып жасырған». Шәкәрімнің философиялық лирикасында антропологиялық философияның көп мәселесі көркемдік тәсілмен көтерілгенін осы таным мен пайым байқатады. Саяз ақылға қарама­қарсы Шәкәрім өзі ерекше ден қоятын сау ақыл бар. Сау ақылға жақын азат ақыл, еркін ақыл, арлы ақыл деген т. б. ұғым­түсініктер бар. Бұл А.­дардың негізгі ерекшелігі соншалықты «матаулы» емес. Жан мен А. табиғатынан тәнге матаулы болғанымен, бұлардың бейнесінде бip түрлі еркіндік бар. Бұлай дейтініміз біз көркем шығармадағы А.­ды қарастырып отырмыз. Солардың бірнешеуін келтірейік: «Отыз жылдай жиғаным, Сау ақыл менің иманым», «Тамам дерттен сау ақыл менің сыншым», «Бұл күнде дұрыс иман жоқ, Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ, Ақылы саудың ойына, Алдамшы діндер сыйған жоқ». Шәкәрімнің сау ақылға ерекше статус беріп отырғаны айқын. Сонымен қатap синоним болмаса да, соған жақын А.­дың мына түрлері философиялық лирикада көрініс тапқан: «Еркін ақыл тіпті адаспас, Кезсе кірсіз жарқырап», «Азат ақыл ойланбай мида жатса, Шіріп, тозып тартқызар ол бір зорлық». А.­дың өзінің жұмсалар орны бар екені, болмаса оның өзі де жайдан­жай жоғалмайтыны анық болды. Шәкәрім А.­дың орнын ерекше бағалаған А.­ды құсым деген, А.­ды айнам деген, тіпті адам өмірін түзеуге, олардың тату тұруына апаpaр жол да арлы А. деген: «Ақыл құсы адаспай аспандаса, Әлемде нәрсе болмас оған таса, Жеті көк жерден оңай басқыш болып, ғарышқа қол жетеді қармаласа», «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не пайдам? «Мен» деген жан, ақыл­айнам». Бүгінде адамзат баласы А.­дың нәтижесінде ғарышқа да ұшты. Ал оның пайдасы мен зияны әлі өлшенген жоқ. Шәкәрім тура мағынасында айтып тұр ма, жоқ әлде А.­ дың тұтас қуат күшін айтып тұр ма? Мен деген жан, ал айнам дегенде соның көрінісін өмірдегі айтып тұр ма, әлде субстанциялық бірлігін айтып тұр ма? Шәкәрімнің әрбір сауалы жауап та, әрбір жауабы сауал. Ал көркем прозасы «Әділ—Марияда» мынадай философиялық толғаныс бар: «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек». Шәкәрімнің Ар ілімінің метакатегориясы осы — Ақыл.

Оставить комментарий