Шәкәрімнің ақындық ортасы

Кез келген ақын немесе жазушы белгілі бір әдеби ортада өсіп, шыңдалады десек, сол қаламгердің шығармашылық жолының қалыптасуына, қанат жайып, толысуына ықпал ететін үрдістер, соның ішінде ақынның айналасы және кемеліне жеткен тұлғаның сол ортадағы кейінгі буын әдебиет өкілдеріне әсері ақындық орта деген ұғымды тудырады. Ақындық орта ұғымын мейлінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге барып тірелетін алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда Шәкәрімге әсер еткен шығыс және батыс әдебиетінің өкілдерін санамалап айтуға болады. Шығыс әдебиетінен Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Низамилерді өзіне ұстаз тұтса, батыстың Байронын, орыс әдебиетінің алыптары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Гоголь туындыларына ден қойды. Л. Толстоймен шығармашылық байланыста болды. Шәкәрімнің нәр алған рухани қайнарын сөз еткенде орта ғасырдағы Жүсіп Баласағұн, әл­Фараби, А. Йасауи, Қорқыт сынды ойшыл ақындар шығармаларымен идеялық тамыр бірлігін айқын аңғара аламыз. Қорқыттың сарынына сала жыр жазған ақын Қожа Хафиздің, Физулидің шығармаларын тәржімалады. Пушкин мен Толстойдың таңдаулы деген туындыларын қазақша сөйлетті. Ақындық орта ұғымын осылайша Шәкәрімнің нәр алған рухани көздері шығыс пен батыс үлгілері және қазақтың төл әдебиетінің ақынға әсері тұрғысында кең ауқымда қамту бар да, сонымен қатар ортаның ақынға тікелей әсер­ықпалын, ара қатынасын айқындайтын ақынның айналасымен байланыстыра қарау бар. Шәкәрімнің ақындық ортасын тікелей мағынада, яғни тар шеңберде алғанда ақынның айналасы (ақындығының айналасы емес, бұл тіркес әдеби ортаны кеңірек алуға жетелейді), онымен қарым­қатынаста болған әдебиет өкілдерінің рөлі айқындала түспек. Жас өреннің өлеңге алғаш қадам жасаған шағынан бастап, ақындық жолдағы рухани толысуына алдымен әсер еткендер — оны қоршаған, қаумалаған жанындағы сөз майталмандары. Бұл тұрғыда Шәкәрімнің ақындық ортасы дегенде оның өлең­сөзге үйір болуына ықпал жасаған, ақындық жолында темірқазық бағдар көрсеткен ақын­жыраулар, би­шешендердің орнын жоққа шығаруға болмайды. Ш.Құдайбердіұлы «Ескі ақындық» деген өлеңінде өзінің алдындағы ақындарға әділ бағасын бере отырып: Ескі жырды көрсеңіз, Ойланып көңіл бөлсеңіз, Сырына баға берсеңіз, Таң қаларлық ісі бар, Көңілді тартар күші бар, Асықпай тыңдап шыдаңдар! — деп жырға қосады. Соның ішінде ерекше екпін бере: Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай, Алды­артына қарамай, Соққанда жырды суылдап Жел жетпейтін құландар! — деп дәріптейді өзінің алдындағы толқынды. Әйтсе де, Шәкәрім өзіне дейінгіден алып, кейінгіге берді десек, ол тек тасымалдаушы ретінде танылып, кемеңгер Абайдың дәстүрін жалғастырушы, әрі дамытушы дәрежесіне көтеріле алмаған болар еді. Шығыс пен батыстың, қазақтың төл әдебиетін меңгергенде Шәкәрім тек олардың жақсысын бойына сіңіріп қойған жоқ, өзіндік дамыту жасап, ақындық биікке шығарды, жаманын сынға алды. «Қазақтың жайы белгілі, өлеңі өңкей құрама» дегенде жаңағы тамсанушы Шәкәрімнен басқа нағыз Абайдың сыншылдық поэзиясына қанған өткір ойлы Шәкәрімді танимыз. Өйткені, оның ақындық ортасының негізгі діңі — сөз жоқ, Абай. Ақынның есін білер­білмес шағынан бастап оны тәрбиелеп, ақындық жол көрсеткен, жан­жақты білім алуына тікелей себепкер болып, ықпал жасаған адам — Абай.

Шәкәрім — Абайдың ең талантты, терең білімді ақын шәкірті десек, бұл тақырып — бөлек әңгіменің арқауы. Сол сияқты Абай Шәкәрімнің ақындық жолдағы ұстазы ғана емес, өмірдегі тәрбиешісі болды. Ес білген шағынан бастап Абай дүниеден өтер­өткенге дейін аға тәрбиесінде болды. Абай көз жұмғанда Шәкәрім қырық алтыда. А. Құдайбердіұлының естелігіндегі көлденең көзге елеусіз көрінетін төмендегі ойға назар аударайық. Онда Шәкәрім: «Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: «Бұл кіші ғой», — деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді»,— дейді. Қойнына алып жатып, бала­былдыр ертегісін ықылас қоя тыңдаған Шәкәрімге Құдайбердінің басқа балаларына қарағанда Абайдың ықыласы ерекше болған. Ағалық пейілдің соған ауғаны Шәкәрім бойындағы бір тылсымның барын аңғарғандық па, әйтеуір Абай мен Шәкәрімнің арасында туыстық сезімнен де оқшау бір ажырамас байланыс орнады. Ол — аға мен іні арасындағы рухани жақындық. Абайдың үміт күткен жасының бірі Шәкәрім болып, өнердің қай түріне де баулып, шын ықыласын беріп тәрбиеледі. Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап домбырашы алғызып, құсбегілігін танып мергенге ертіп, тіпті жер өлшеуге келген орыс инженеріне қосып «орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен» деп әр өнердің түрімен таныстырады. Шәкәрімнің қай тақырыпта, тіпті қай жанрда жазған шығармаларына да Абай себепші болып отырды. Абаймен рухани жақындық, сөз жоқ, Шәкәрімді үздіксіз ізденіске салды. Қолына қалам алған күннен бастап Абайды, оның өлең­сөзін өзіне жол басшы қылды. Ғылымға қолын кеш сермеген аға өз олқылығын толтыру мақсатында бар назарын Шәкәрімге аударды. Бірер мысал: Шәкәрімнің тарихи шығармасы — «Түрік, қырғыз­ қазақ һәм хандар шежіресі» Абайдың жөн сілтеуімен жазылған дүние. Шәкәрім Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи шығармасын ұлғайтып, деректер қоса отырып туған тарихымыз үшін теңдессіз дүние қалдырды. Шәкәрімнің «Үш анығына» Абайдың қара сөзі ой түрткі болды десек тағы қателеспейміз. Тіпті, терең мазмұнды «Мәнді сөздер», «Шын бақтың айнасы», «Бәйшешек бақшасы» атты прозалық миниатюраларында ұстаз ғақлиясының сәулесі мен мұндалайды. Абайдың философиялық ойларын Шәкәрім жалғастырып қана қойған жоқ, ілгері дамытты. Дін мәселесінде Абайдың адамгершілік дінін ту етіп «Мұсылмандық шартын» жазды. Ұстазының тапсырмасымен «Еңлік—Кебек» дүниеге келді. Шығыс тақырыбындағы аудармасы «Ләйлі—Мәжнүн» дастанын Абай сыйынған жеті алыптың аттарымен бастауы жай ғана кездейсоқтық емес. Осындай сабақтастықтар келтіре берсе жетерлік. Осылайша рухани дүниесі тоғысқан қос ойшыл­ақынның өмір тағдырлары да бірінен­бірі алшақ кеткен жоқ. Абайдың оқуы (бұл арада белгілі оқу орны) бас­аяғы үш жылмен тамамдалса, Шәкәрім ауыл молдасынан ары асып оқу көрмеген. Оның мектебі — Абайдың алды. Екеуі де жасынан ел ісіне араласып, болыс болады. Бұл Абайдың да, Шәкәрімнің де өмірінің ең өкінішті, пайдасыз уағы еді, әрине олар үшін. Абайдың бағына орыс ғалымдары кездессе, Шәкәрімді түзу жолға салатын алдында Абайы бар­тын. Мынау Абай — бір ғалым жол шығарлық, Замандасы болмады сөзді ұғарлық. Амалы жоқ, айналды енді бізге Күн туды етегіне жабысалық, — деген Шәкәрім алғашқылардың бірі боп, Абайдың қасиетін ұғынып, шәкірті ретінде ұстаз жанынан табылды. Абай қамқорлығының ең зоры — Шәкәрімнің Меккеге аттануы еді. Абай кезінде қолын кеш сермеп қалған кемел білімге Шәкәрім осы сапарында қол жеткізді. Бұл сапар, сөз жоқ, Шәкәрімді өз заманының ең білімді адамдарының бірі етті. Стамбол, Мекке, Мәдинада қандай кітаптар мен кітапханалар бар, кімдердің еңбектері құнды деген мәселелерді бүге­ шігесіне дейін айтып, жөн сілтеуші Абай болды. Әкесінің кітапханасы туралы Ахат ақсақал былай дейді: «Сол кезде Шәкәрімнің кітапханасындағыдай кітаптары бар адамдарды көргем жоқ. Батыс, Шығыс ақындарының толық жинақтары, барлық елдің лұғаттары, газет­ журналдары болатын»,— деп батыс пен шығыстың құнды кітаптарының біразын теріп көрсетеді. Шәкәрімнің кітаптары мен қолжазбалары ақынның өзі өмірінің соңғы жылдарын өткізген Саят қораның маңында көмілгендігі туралы естеліктердегі ескертпелерді де назардан шығармау керек сияқты. Осы арада әлі күнге түбегейлі зерттелмей келе жатқан Абай кітапханасы, Шәкәрім кітапханасы деген тақырыптардың қолға алынбай жатқандығын айта кету ләзім.

Читайте также:  Билеуші тап

Ақын кітапханасы тақырыбы әлі тоңы сөгілмеген, кез келген зерттеуші алып жүре алмайтын ауыр тақырыптардың бірі. Олай дейтініміз өз қолымен жазған бірде­бір өлеңінің қолжазбасы жетпеген Абайдың кітапханасын анықтау — аса қиын іс. Мәселен, Абай болсын, Шәкәрім болсын қай кітаптарды оқыды, оқыса түпнұсқадан ба, әлде аудармасынан ба, қай еңбектің қай тұсына мән берді, бүгінгі тілмен айтқанда, қай сөздің астын сызып оқыды деген былайғы көзге қажетсіз болып көрінетін сауалдар — ақын шығармашылығын толық тану үшін аса керек дүниелер. Абай кітапханасы дегенде біз әзірге Абай кімдерді оқыды дегенмен шектеліп келеміз. Абай қасында болып, дерек беруші Кәкітай, Тұрағұл, Көкбай ақындардан бастап ақын кітапханасы туралы әлгіндей ғана дерек қалдырған М. Әуезов Абай таныс болған орыстың, Европаның ақын­жазушы, сыншы­философтарын, сондай­ақ, шығыстың жыр­ дастандарын атап көрсетсе, бертін келе ғалым М. Мырзахметұлы «Абай және шығыс» деген еңбегінде Абайдың ақындық кітапханасы тақырыбының кеңестік идеологияның салдарынан дұрыс қарастырылмай келген шығыс жақ қанатын сөз етеді. Сол кездегі орыс басылымдарынан «Современник», JI. Толстойдың романдары басылып тұрған «Русский Вестник» журналдарын оқығандығын ескерсек, дәл сол жылдардағы баспасөз беттерінде «қандай дүниелер басылып тұрды, олардың ақынға әсері болды ма?» деген сауалдар төңірегінде де жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұл тұрғыда ғалым Т. Жұртбайдың «Кемеңгердің кітапханасы» деген мақаласы жаңа деректерге толы. Шығыс, Еуропа, қазақ тарихы сияқты үш сала бойынша жіктеп, Абай оқыған авторларды тізіп берген. Шығыс классикалық поэзиясынан Науаи, Сағдилардан бастап жиырма үш ақын­шайырдың атын атаса, Абай таныс болған шығыстың он екі дастанын көрсеткен. Еуропаның жиырмадан астам ақын­ жазушысын, көне гректен бері қарай отызға тарта ойшылын, қырық шақты тарихшының еңбектерін тізген автор былай дейді: «Жалпы алғанда Абайдың кітапханасында әр ғасырда, әр жылдары жарияланған 146 кітап болған», — деген пікірі — сөз жоқ, абайтану үшін үлкен олжа. Тек енді осыны дәлелдеу керек. Абайтануда ақынның кітапханасы деген тақырып арнайы қарастыруды қажетсінетін, ауқымы кең мәселе болғандықтан, біз тек тақырыптың көкейкестілігіне қатысты кейбір дүниелерді айтумен шектелдік. Абай кітапханасы туралы сөз осы дәрежеде болса, Шәкәрім кітапханасы туралы сөз әлі басталған жоқ. Шәкәрім кітапханасы деген тақырып — терең білімді, ыждаһатты ізденісті, салмақты сараптауларды қажетсінетін, екінің бірі игеріп кете алмайтын ауыр тақырып. Шәкәрімнің білім алған көздерін анықтап алмай, Шәкәрімді толық тану, басқаға таныту мүмкін емес. Шәкәрімнің ақындық ортасын сөз еткенде өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның замандастары және өзінен кейінгі ізбасар ақындарға әсері деген мәселелер де осы ақындық ортаға кіреді. Бұл тұрғыда Шәкәріммен төс қағыстырып, сөз жарыстырып өскен Абайдың ақындық мектебінің өкілдері К. Жанатайұлы, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл Абай ұлдары, Ә. Тәңірбергенұлы, Ә. Найманбайұлы, У. Шондыбайұлы тағы басқа кемеңгер ақын маңындағы ізбасар ақындарды атауға болады. Екінші бір топ, Абайдың әдебиеттегі дәстүрін жалғастырушы көрнекті ақындар — А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, С. Торайғыров, М. Дулатов, Ж. Аймауытов сынды алаштың зиялыларымен Шәкәрім бір шепте жүріп, қазақ халқының болашағы жолында қарымды істерге бел шеше араласты. Абай айналасындағы шәкірттер үшін де, былайғы замандас ақындар ортасында да Шәкәрімнің беделі Абайдан кейін екінші тұрған­ды. Абайдың айналасында өтетін әдеби мәжілістер турасында айтқан Тұрағұлдың: «Әмсе мәжілісінде ғылым сөзінен басқа сөз жоқ, бастығымыз Шаһкәрім қажы болып, шәкірт есебінде сөзін тыңдап, мұсылманның медресесіндегі шәкірттерше, хақиқат олай емес, былай деп дауласып жатушы едік», — деген пікірінде Шәкәрімді алға қоя сөйлеуінде көп мән бар. Өз замандастарының алдында өркешті болған Шәкәрім беделі өкшелес ақындарға үлкен ықпал етті. Абайдың көзі кеткен соң бүкіл Семей өңірінің ең білімді адамы Шәкәрім болып, жұрт оны Абайдан кейінгі білімдарымыз деп қабылдағаны ақиқат. Өз еліндегі ақындар Шәкәрімді ұстаз тұтты.

Читайте также:  Күндік жұмыстардың жоспары

Ақындық ортада өткір тілділігімен ерекшеленетін Әубәкір Ақылбайұлы, педагог­ақын Тайыр Жомартбайұлы, Әрхам Кәкітайұлы тағы басқа ақындық өнерге ебі бар Құнанбай ұрпақтары Шәкәрімді ұстаз тұтты. Бүгінгі күнге дейін аса мән берілмей келе жатқан дүние — Шәкәрімнің М. Әуезовке рухани әсері мәселесі. Шәкәріммен таныс­біліс қана емес, аса жақын сырлас болған Әуезовтің Абай тақырыбын игеріп, өз дәрежесінде әдебиетке әкелуіне қажының тікелей көмегі болған. Шәкәріммен рухани байланыста болған Әуезов дәл осы өзі көп білген, жақын араласқан ең талантты адамдар туралы саяси қысымның кесірінен не ғылыми еңбектерінде, не әйгілі романында жаза алмады. Шәкәрім мен М. Әуезовті жақындастырған алдымен мекендік факторлар болғанымен, екеуі — тек жерлестік жақындық қана емес, рухани туыстық деңгейіне жеткен жандар. Ахат Шәкәрімұлы әкесі туралы мақаласында былай дейді: «Мұхтар әкеймен жиі әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!» — деп». Бірер мысал, жиырма жасар жас Мұхтардың Еңлік пен Кебек оқиғасын Әйгерімнің шаңырағында пьеса етіп, қазақ театрының тұңғыш шымылдығын ашуы, Шәкәрім тақырыбын өзінше, өзгеше жанрда түлетуі болды десек, бұл игілікті істің басында Шәкәрім тұрды. Шәкәрім туралы таптық идеология бас көтермей тұрған кезде Әуезов біраз дүниені айтып үлгерді. Абайдың дүниеден өткеніне 30 жыл толуына байланысты 1934 ж. «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында Абай шәкірттеріне арнайы тоқталды. Алғаш рет Абайдың әдеби ортасын құрайтын қазақтың төл әдебиеті, Шығыс және Батыс (орыс) әдебиетінің әсерін ғылыми тұрғыда терең білімділікпен зерделеп берген М. Әуезов: «Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе — Абайдың өзгеге берген нәрі турасында», — деп, Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері қатарында Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім ақындардың мұраларына қысқаша шолу жасайды. Тағы бір мәселе, әдеби орта ұғымы кез келген сөз зергерінің қанына сіңіп, оның шығармашылық жолының қалыптасуында айтарлықтай рөл атқаратын өскен өлке, яғни туған жер, туған топырақ деген ұғымдарға қатысты екенін де ескерген жөн. Туған топырақтың қасиеті қаламгер атаулының кіндігін өзінен бір сәт ажыратпай, оның шығармашылық жолына табиғи бояуын сіңдірер үзілмес желі боп тартылары анық. Кіндік қаны тамған туған жер адам болмысының қалыптасуына өз әсерін тигізері анық болса, рухани дүниесі ерекше бай, өнерге жақын жандардың табиғаты сол туған топырақтың құнарына тәуелді.

Читайте также:  "Аласталған теке" тұжырымының семантикалық мағынасы

Қазақ даласын шалқытқан өнердің сан алуан түрі — ән мен күй, өлең мен жыр әр аймақтың сипатына қарай өзінше шырқалып, түрліше күмбірлейді, жер табиғатының өзгеше өрнегі әр өлкедегі өлең­ сөзге де өзіндік мақам­бояуларын сіңіреді. Шығыстың шертпе күйі батыс қазақтарына аса тән емес, оларда күйдің төкпе түрі кең жайылған. Жетісу ән мәнері де арқаның әндерінен бөлекше. Ақындық өнерде дәл мұндай ерекшеліктер анық байқалмағанмен, әр аймақтың өзіндік ақындық дәстүрі қалыптасты, дамып, жетілді. Қаратау шайырлары, Сыр сүлейлері немесе арқа ақындарының сал­серілік дәстүрі тағы басқаларды алсақ, әр аймақтың ақындық сөйлеу тілінде көзге ұрып тұрған айшықты айырмашылықтар болмады десек те, табиғат тылсымы тереңге тығылған әр өлкеге тән ақындық дәстүр сақталған. Белгілі бір аймақтың ақындық дәстүрін, ерекшелігін, даралық сипаттарын зерттейтін әдеби өлкетану мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында кенжелеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Бұл сала, яғни, «Литературное краеведение» орыста да, батыста да әлдеқашан алдыға кеткен. Бүгінгі күннің өзінде де бұл тақырыптың астарында жершілдік, руға бөлінушілік жоқ па? — деген сияқты қате ұғым­түсініктің қалыптасуынан болар, сірә, аталмыш сала ұлттық әдебиеттану ғылымында соншалықты назарға ілінбей келеді. Ал анығында қазақ жеріндегі қоғамдық­ тарихи дәуірлердің ерекшеліктеріне орай, әсіресе XX ғ. басына дейінгі еліміздегі әдеби ахуалды ескере отырып, әр аймақтың әдеби дәстүрлерін жеке­дара зерттеп, екінші бір өлкенің әдеби үрдістерімен салыстыра қарағанда ғана жалпы қазақ әдебиетінің тарихи жолын, көркемдік сипатының даму ерекшеліктерін дөп басып тани аламыз. Л. Толстойдың шығармашылық өмірбаянында Ясная Полянаға қаншалықты екпін түсіріліп назар аударылса, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы зерттеулерде Махамбеттің Нарынына, Шоқан туған сұлу Сырымбетке де соншалықты мән берілу керек сияқты. Бөрілінің сұсты табиғаты М. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріне арқау болса, «Өмір мектебінің» алғашқы беттерін парақтағанда С. Мұқановтың туған өлкесіне саяхат жасайсың. Бірақ осы туған жер мен сол топырақта өскен тұлғаның арасын байланыстыра қарау — ұлттық әдебиетімізде солғын екенін жасырудың реті жоқ. Абай өмір сүрген дәуірдегі әлі де жазба поэзиясы кенжелеп жатқан көшпелі елдің әдебиетін сөз еткенде, айшықты мәселенің бірі ретінде белгілі бір аймақтың әдебиетін, ондағы әдеби ортаның рөлін баса көрсетсек, ең алдымен ұлттық әдебиетіміздің сол уақыттағы даму жолдарын айқындауға септігін тигізері анық. Ақынды қоршаған әдеби орта, оның ішінде тікелей қарым­қатынаста болған айналасы туралы айтқанда батыс, орыс әдебиеттану ғылымы «Контактные отношения» дегенді қолданады. Мағынасын қазақшаласақ — бір­біріне жолығып, түйісіп барып әдеби байланысқа түсу. Ф. Достоевский мен В. Соловьев, JI. Толстой мен Д. Мамин­Сибиряк сынды жазушылар арасындағы әдеби байланысты осы тұрғыдан қарастырған еңбектер де бар. Әдеби орта дегенде біздің тарапымыздан басты нысанға алынып отырған мәселе — ең алдымен ақынның туып­өскен ортасы, аймағы. Ақындыққа көтерілу жолында өз аулының, өлкесінің әдеби өкілдерінен әдеби құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз айналасына рухани нәр септі. Сол себепті де Шәкәрімнің әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі алдымен оның айналасынан басталуы заңды. Ақын Шәкәрім де бір жағы Қарқаралы, Абыралы­Сарытау, екінші жағы Қалба жотасымен жалғасатын Тарбағатай жоталары қоршаған, біз білетін тарихы Майқы билерге баратын қасиетті Маңғыстаудың суын ішіп, топырағын еміп өсті. Дәл осы Шыңғыстаудың бауырынан шықпай отырып, ұстазы Абайдың тікелей демеуімен қазақ өлеңіне өзіндік түр әкелді, дамытты. Көшпелі қазақ қоғамында Абайдың, Шәкәрімнің өмір сүрген заманында ақынның өзі өскен өлкесінің рөлі күштірек білінеді. Жасыратыны жоқ, Шәкәрім шыққан кітаптары арқылы қазақ даласына танымал есім болса, Абайды көзі тірісінде өзі өмір сүрген өлкесінен басқа алыстың қазағы танымады. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды», — деп қынжыла жазған М. Дулатовтың сөзі — ащы шындық. Дәл осы қынжылысты Шәкәрім де білдірген: «Ибрагим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті». Жазу­сызуы тоқырап қалған қазақ ішінің қараңғылық кеспіріне қорыну бар екі арыстың сөзінде. Демек, ақындық орта ұғымына ұлттық таным тұрғысынан қарағанда бұл мәселенің белгілі бір өлкеге қатысты болатынын да естен шығармауымыз керек.

Оставить комментарий