Шәкәрімнің өмірі мен мұрасы

Шәкәрім — әрі ақын, композитор, әрі тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген бірегей қаламгер. Ол 1858 жылы 24 шілдеде Семей облысы, Шыңғыстауда дүниеге келген. Хакім Абайдың немере інісі, нақтырақ айтсақ, Құнанбайдың үлкен ұлы — Құдайбердінің баласы. Шәкәрімді ата­анасы бес жасында ауыл молдасына оқуға береді. Құдайберді (1829— 1866) 37 жасында қайтыс болғанда, Шәкәрім жеті жаста екен. Жастай жетім қалған немересін Құнанбай өз бауырына алып, өсірген. Ұстаз­ағасы Абай — оның әйгілі ақын болып қалыптасуына бағыт­бағдар беріп, ақындыққа баулып тәрбиелеген. Кейін Шәкәрім, өз ұлы Ахатқа айтқан бір әңгімесінде: «Абай маған өлеңді қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектігін айтып, көп­көп кеңес, ақыл беретін. Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді», — деп ағасының ұмытылмас қамқорлығын тебірене еске алады (1.452­6.). Ақынның «Мұтылғанның өмірі» атты жыры 4 тармақты, 143 шумақ 572 жолмен (аааб) Шығыстық өлең үлгісі, ғаруз өлшемімен, желілі ұйқасқа құрылған. Осы көлемді жырында өмірінің ең шешуші кезеңдеріне тоқтап, әлеуметтік өмір шындығы мен тарихи оқиғаларды байланыстырып баяндап жазған. «Мұтылған» деген сөз «ұмытылған немесе ұмытылу» — деген мағынаны білдіреді. Шәкәрімнің бұл бүркеншік атты таңдап алуының да астарында үлкен сыр бар. Шәкәрім он жасқа келгенде мылтық атып, домбыра, гармонь үйреніп, тіпті бала қиялмен киімді сырлап киіп сағат пен органға (күй сандығы) таңырқап қарап, сырын білу үшін ішін бұзып ашып та көреді, телеграмма жайлы білуге ұмтылады. Сурет те салады. Он беске толғанда қаршыға, бүркіт ұстап, құс салып, серуенге шығады. Осы тұста ағасы Абайдың өлеңдерін тыңдап, оқып: «ойым бар өлең айтқандай, ғылымға таман қайтқандай» — деп ақындық өнерге де бет қояды. Абай інісі Шәкәрімнің бойында туа біткен ақындық қасиеттің бар екенін ескеріп, өз тәрбиесіне алғанын жоғарыда айттық. Шәкәрім жиырма жасынан былай қарай, аз да болса ғылым жолына түскенін, «Мұтылғанның өмірі» атты өмірбаяндық дастанында былайша баяндайды: Жиырмадан өткенде, Аз ғана ғылым оқыдым. Алғызып кітап шеттен де, Көңілге біраз тоқыдым (1.486, 487­6). Жиырма, жиырма бір жасында жазған өлең­жырларында елдің қотырын қасымай, мұндарын ескермей, жастарға ғана ұнайтын, солар ғана тыңдайтын «жастық туралы», «кәрілік туралы» атты өлеңдерін жазады. Бұл өлеңдерін ұстазы Абайдың қатты сынына ұшыраған. Абайдың ақындық кітапханасына терең үңіліп, ақыл­кеңесімен шеттен кітаптар алғызып, білмеген, түсінбеген жерлерін сұрап, ғылым жолына енді түсіп келе жатқанда еріксіз болыстықтың тоқымын жамылады. Болыс болып сайланған Шәкәрім еріксіз жемтік шоқып, ақындық, ғылым жайы жолына қалып, атақ тағынып, айла жамылып: Жиырма мен қырық арасы Жас өмірдің сарасы, Бос өткенін қарашы, — (1.488, 489) деп жиырма жыл өмірін бос өткізгені үшін қатты өкінеді. Шәкәрім 40 жасқа дейін түрікше біліп, араб, парсы, орысшаны аудармамен ғана оқи білетін­ді. Қырықтан былай қарай адасқан азғын діншілдердің, пәншіл ғалымдар мен философ ойшылдардың жазғандарын оқып, ақылға сыймаған дәлелдерін сынайды.

Читайте также:  ТҮРІК ЖӘНЕ АНТИКАЛЫҚ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ОРТАҚ САРЫНДАР

Абайдың ақындық мектебінің көш басында жүретін, бас шәкірті Шәкәрімнің өзгеге емес, өзіне де сын көзімен қарап, қазақтың да, өзінің де көп мінін қазып жазған тұсы — осы қырық жасынан басталады. Әсіресе, «Қазақ неткен жан?», «Дінім қалай, жаным не, жоғалам ба өлгенде?» немесе «Әлемді кім жаратқан?» т. б. қазақ арасында анық шешімін таппаған, әртүрлі ой­жотамен дәлел айтып, қарысқан діншіл молдалар мен пәншілдердің қате пікірлерін тексеру мақсатында Меккеге екі рет 1905—1906 жж. барады. Параходпен ай жүріп жолда, Әр елде кез келіп молда. Он үш күн Стамболда, Керек кітап табылғаны­ай! — (1.227­6) деп Меккеге барар жолда он үш күн Стамбол қаласының бай кітапханасында отырып, өз сұрақтарының жауабына қатысты іздеген кітабының табылғанына балаша қуанады. Қандай кітап екенін ашып айтпағанымен: «Жылым — қой, жұлдызым — июль» атты өлеңінің аяғында «Неден бармын? Не қылған жөн? Жоғала ма жан өлген соң?» — деуіне қарағанда, ақынды қатты толғандырып жүрген жан сыры туралы жазылған кітап болса керек. 1911 ж. Орынбор қаласында «Шежіре», 1912 ж. Семей қаласы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы» атты лирикалық өлеңдері, «Қалқаман—Мамыр», «Еңлік—Кебек» дастандары жеке кітап болып жарық көрді. Париж, түрік, серкеш, Үндістан, араб, башқұрт, қызылбастың (Иран) не білімді ойшылдарымен түрік­ноғай тілмаштары арқылы пікірлесіп, әр тілден аударма сөздіктер арқылы көп шындыққа көз жеткізіп, ойға көп мағлұматтар алады. Елуден асқан жасында елінен елсіз жерге салған Саятқора деген қыстауға кетіп, жиған­ терген материалдарынан ой қорытып, жан сыры, жаратылыс сыры туралы сол ой­танымын бес жыл көз майын тауысып жазады. Ресейде 1917 ж. ақпан айында Николай патша тақтан құлап, орнына уақытша өкімет орнаған тұста, «Қазақ халқы құлдықтан босады», — деп қуанғандардың қатарында, әрине, Шәкәрім де болды. «Бостандық таңы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдер де жазған. Орыс патшалығы тұсында қазақ халқы ата­ бабаларының аманат қылып қалдырған жерінен, ділі мен дінінен еркін өмірінен және елдігінен ажырап бара жатқанын сезген ойлы ақын: Бостандық таң атты, қазағым, көріңдер, Арғы ие басшының соңынан еріңдер (1.215­6), — немесе: «Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар», — (1.216­6) деген ұранды сөздермен қазақтың көзін ашып оянуға шақырады. Жасы алпысқа келген қарт ақын бостандықтың туын көргенімен қазақ үшін осы шыққан күн қалай болар екен деген күдікті ойда қалған. Ендігі үміті қазақтың оқыған жастарыңда болады. Шәкәрім қазақ даласында өтіп жатқан саяси оқиғалардан да шет қалмайды. 1917 ж. қазан айында Ресейде екінші рет большевиктердің ұйымдастырған төңкерісі нәтижесінде жаңа совет өкіметі орнайды. Осы тұста да Шәкәрімнің 1917 ж. 14 қарашада Семей уездік Земстволық жиынына депутат болып сайлануы туралы ресми құжаттар сақталған (Семипалатинский ЦЦНИ, ф­37, 0­01, д­5), (2.144­145­6.). Сонымен қатар Шәкәрімнің өзі: Семейді ақтар меңгеріп, Қазаққа соттық жол беріп, Сыртымнан сайлап жөн көріп… (1.495­6), — дегендей, Алашорда үкіметінің Шәкәрім қажыны сырттай халық соты сайлағаны жөнінде де архивтік құжаттар (қор 37 тізбе — 1, іс — 7) Семейдегі жаңа тарихи құжаттар орталығынан табылды.

Читайте также:  ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Әлихан Бөкейханов басқарған Алашорда өкіметі мен Шәкәрім қажының арасындағы тарихи шындықты анықтау арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Шәкәрім қажының елден елсізге кетіп, жалғыз ғұмыр сүрген жаралы жанын түсінбеген молдалар «кәпір» десе, көп ел «алжыды» деп, жаңа заманның жастары «бай», «жуан» деп сыртынан неше түрлі мін тағады. Сонда да ар мен ұжданға берік ақын: Сақтамаймын жанға кек, Не десе де сыртымнан. «Міндеген аузың мынау», — деп, Қан ағызса мұртымнан (1.503­6), — деп халқына бар махаббатын аша түседі. 1930 ж. бастап ақынның өмірі аса бір ауыр халде қайғы­қасіретпен өтті. 1930 ж. 1 ақпанда баласы Ғафур конфискеленіп, кейін ол түрмеде өзін­өзі бауыздап өледі. Баязит пен Ахат та Семей түрмесіне жабылады. Ақпанның 7­і күні Шәкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады. Тергеуші Шәкәрімді тергеу барысында зиянсыз адам екеніне көзі әбден жеткен соң, тұтқыннан босатқан. 1930 ж. елді зорлықпен күштеп, қорқыту, үркіту арқылы жаппай коллективтендіру нәтижесінде мал­мүлкінен айрылып, аштыққа ұшырап қырыла бастаған шаруалар бас көтеріп, көтеріліске шығып, қыркүйек айында аудан орталығына шабуыл жасайды. Аудан басшылары, әсіресе ГПУ бастығы Қарасартов, көтерілісті ұйымдастырушы Шәкәрім деп білген. 1931 ж. 2 қазан күні Шәкәрім 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады. Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып тастап, кете барады. Ақынға «контр­революционер», «халық жауы» деген негізсіз саяси жала жабылды. Шәкәрімді ақтау, оның мол мұрасын қалың елі қазағына жариялау туралы 1958 ж. шешім қабылданды. Бірақ біздің сауысқаннан сақ саясаткерлеріміз бұл шешімді ел­жұртқа жарияламапты. Осы шешім туралы Т. Кәкішұлы былай деп жазады: «осындай игі қадамнан хабары бар, Шәкәрімге деген махаббаты сөнбеген ұлы ақын Әбділдә Тәжібаев алғы сөз жазып, өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бетіне 1959 ж. Шәкәрім шығармаларын жариялап, қалың қазаққа «Хрушев жылымығының» алыс сәулесін көрсеткенде, өзі атсын, өзгеге атқызсын, мейлі күнәкар Қарасартовтар айғай­шу шығарады. Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Н. Жанділдин, Ә. Тәжібаевті жауапты редакторлықтан қуып, 1988 ж. дейін тағы да Шәкәрімнің үнін өшірді» (2.2­т., 62­6.). Тек осы шешімді тағатсыз күткен ақынның баласы Ахат (1900—1985) 1961 ж. әкесінің сүйегін иесіз даладағы ескі бір құр құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. 1988 ж. ғана Шәкәрім екінші рет толық ақталып, асыл мұралары тұңғыш жинақ болып Ә.Тәжібаев, Ш.Сатпаеваның алғы сөзімен баспадан жарық көрді. Бүгінгі таңда ақынның 185 әртүрлі тақырыптағы өлеңдері, бес дастаны («Қалқаман—Мамыр», «Еңлік—Кебек», «Ләйлі —Мәжнүн», «Нартайлақ пен Айсұлу», «Мұтылғанның өмірі») «Әділ—Мария» атты көлемді романы, 6 тақырыпта қара сөздері, 14 тақырыпты қамтыған жүйелі шежіресі, «Мұсылмандық шарты» еңбегі, 23 мақала мен 10 аударма жұмысы өз оқырмандарының қолына тиіп отыр. Қорыта айтқанда, бұл адам халық үшін, жалпы адам баласы үшін туған. Сондықтан ел қамын ойлаған. Азаматтық борышымды елге істеген еңбегіммен ақтасам деген мақсатта болған. Осыны көксеген. Соны жасынан арман еткен адам. Ақын өмірінің ең мағыналы етіп өткізген тұсы қырық жастан соңғы отыз жылым деп біледі. Елу бес жыл жиған рухани мол мұрасын, қорытқан ой­пікірлерін жаңа буын, жас ұрпаққа аманат етіп қалдырған.

Читайте также:  КОРЕЯДАҒЫ ДІНИ СИНКРЕТИЗМ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оставить комментарий