Шәкәрімнің поэтикалық тілі

Шәкәрімнің поэзия тілі Абайға қарағанда әлі толық зерттеле қойған жоқ. Кеңестік дәуірде Шәкәрім «халық жауы» деп қаралып, шығармаларын зерттеу тұрмақ, оқуға тыйым салынды. Шәкәрім ақталғаннан бергі жиырма жыл ішінде шығармаларын тіл білімі тұрғысынан зерттеу де қолға алынғанмен, тілін тыңғылықты түрде қарастырған іргелі ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Шәкәрім Абай дәстүрін жалғастырушы шәкірті ретіңде мойындалған. Шәкәрім тілінде өлең құрылысындағы жаңашылдығы ғана емес, сөз қолданудағы, тілдік көркемдеуіш құралдарды сұрыптап алудағы басты ұстанымдары да айқын көрініс табады. Шәкәрім Абай дәстүрінің көрнекті өкілі болумен бірге, тынымсыз шығармашылық ізденістер нәтижесінде туған өзіндік идеостилі барынша айқын болып келеді. Поэтикалық тілді талдауда образ жасау мәселесі басты орын алады. Шәкәрім поэтикалық образ жасауда тілдік құралдарды көркемдік­стильдік мақсатқа сай жұмылдырып, эстетикалық бүтінге айналдыра білген. Кез келген суреткердің өзі өмір сүріп отырған заман, көркемдік дәстүр ықпалында болатыны сөзсіз. Дәстүрдің өзі жалғастық пен жаңалық ұғымын қамтиды. Шәкәрім де өзіне дейінгі ақындық­жыраулық дәстүрдің озығын алып, тозығын қалдырып отырған. Шәкәрім Абай қалыптастырған тілдік дәстүрдің жалғастырушысы дегенде, көркем әдебиет тіліне тың жаңалықтар енгізіп дамытқанын да айта кетуіміз керек. Қазақ поэзиясында дыбыстардың үйлесімін көркемдік тәсіл ретінде қолданылған. Соның бірі аллитерация бірыңғай дауыссыз дыбыстардың мән­мәтінде қайталанып келуі болса, Шәкәрімде бұл тәсілді пайдаланған: Жанған оттай жалындап, Жайлауға қарай ел көшті. Жанбақ түгіл жабырқап, Жаралы жүрек қайта өшті. Өлеңде ж дыбысының қайталанып келуі арқылы анафора құбылысы да орын алған. Сондай­ақ бірыңғай а дауыстысына құрылған ассонанс құбылысы да көрініс береді. Ащы деп алмай қоймаңыз, Аңсағанда керек су. Абайлап артын ойлаңыз, Алды ғой алдап өңкей қу. Өлең ассонанстық анафораға құрылумен бірге, а дыбысына негізделген ассонанс өлеңнің барлық бунағында келіп отырған. Анафора өлеңге ерекше әсер беріп, сезімге әсер ететін эмоциялық бояуын қалыңдатқан. Өлең жолдарының соңында қайталап келетін жеке сөздерді не сөз тіркестерін қолдану эпифора құбылысы болса, поэтикалық көріктеу амалының бірі ретінде ауыз әдебиетінде, жыраулар поэзиясында қолданылып келген. Өз кезегінде Шәкәрімде эпифораны көркемдік мақсатқа сай пайдаланудан бой тартпайды. Мысалы, «Арман» атты өлеңінде ұйқас бастан­аяқ «арманда» сөзіне құрылады: Жасты көксеп кемпір мен шал арманда, Өсіп үлкен бола алмай бала арманда. Еркектей еркін өмір сүрмедік деп, Әйелдер де болады және арманда. «тағы сорлы қазақ» өлеңі «жоқ» сөзінің эпифоралық қайталама ретінде келуіне құрылған. Шәкәрімде қайталамалар, көбінесе, бір не екі шумақ көлемінен аспайды. Шәкәрім аллитерация, ассонанс құбылыстарын тек белгілі бір стильдік мақсатқа пайдаланғаны болмаса, барлық өлеңдерінде бірдей бұл тәсілдерге жүгіне бермейді. Абай поэзиясы сияқты Шәкәрім поэзиясы да барынша бейнелі, көркем де жанды болып келеді. Өзі айтып отырған жағдайды дәл бейнелеп көз алдымызға әкеледі. Адамның сырт келбетін, мінез­құлқын, қимыл­әрекетін, сезім­күйін нақты суреттеп беруде Шәкәрім тілінің көркемдігі анық танылады. Әрі суреттеліп отырған жайға ақынның көзқарасы, бағасы мен көңіл­күйі қоса білдіріліп отырады. Шәкәрім тілінде дүбірлеу, шуласу, жайнау, жалбырау сияқты т.б. бейнелеу етістіктерінен өмір тынысы сезіліп тұрады. Сондай­ақ жадырау, салбырау, шалқысу, жымыңдау, еру, толқу етістіктері жан толқынын, көңіл­күйін аңдатып қалады. Шәкәрім тілінде қазақ тілі лексикасының барлық қабаттары қамтылған десек, артық айтқандық емес. Тұрмыс­салт, діни лексика, саяси­әлеуметтік лексика, терминдік мәнге ие арнаулы лексиканы поэзия тілінде көркемдік құралға айналдырып жіберген. Ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын: қағыну, шабандау, тырысу, бұртаңдау, әншейін, жұмыстау, құр қалу, оттау, шату, үзіп­жұлу, мұқым, мақұл, мәсі, етік, опайке, бұл, сукно, пішу, тігу, шай, сүт сияқты, т. б. сөздерге де стильдік жүк артып, экспрессивті­эмоционалды бояуын тиісті орнына пайдалана білген.

Шәкәрім шығармашылығында ерекше орын алатын әлеуметтік лирикасында ар, иман, адамшылық, надан, надандық, талап, ұят, мақтан, өтірікші, жамандық, ашу, ынсап, нәпсі сияқты, т. б. адамның моральдық бет­бейнесін ашатын лексика қабаты мол қолданылады. Шәкәрім бұл сөздерді үнемі тура мағынасында қолдана бермейді. Сабыр, қайрат, рахым, ұят, нәпсі, еріншек сияқты, т. б. дерексіз ұғымдарды білдіретін сөздерді деректендіріп, жан иесі, адам сияқты сөйлетеді, күлдіреді, жылатады. Шәкәрім тілінде экспрессия тудырып, сезімге әсер етуде бұл тұрақты қолданылып отыратын көркемдік тәсіл болып табылады. Мысалы, «Ашу мен ынсап» өлеңінде: Ашу келді арсылдап. «Елді сөк те жаманда, — Деп ұрысты Ашуым, — Жамандықтан аман ба, Шыннан қалай қашуың?» Ашу сөзінің мағына ауысу жолын метонимия деп бағамдауға болады. Сол арқылы Шәкәрім ашуға мінген адамның амал­әрекетін, мінезін көрсетіп тұр. Аталған мінез­құлық, сезімдердің қай­қайсысы да кез келген адам бойынан табылады. Бірақ біреуді мінез билесе, біреу мінез­құлқын өзі билей алады. Шәкәрім жалаң насихаттан гөрі бейнелі, көрнекі түрде айтқанда көңілге қонымды болатынын дұрыс пайымдап, көркем де әсерлі етіп бере білген. Шәкәрім өлеңдерінде жалпыхалықтық тілде жалпылама қолданылатын бірінің орнына бірі жүре беретін сөздердің мағынасын анықтап, нақтылап та кетіп отырады. Бұл ақынның айтар ойының дәл де анық болуына аса қажет әрі жалпыхалықтық тілдегі мағынасы да айқындала түседі. Сол арқылы ақын мен оқырман арасындағы түсініспеушілік, екіұдайлық жойылады. Мысалы, Ұят сол аулақта ұял көргендей­ақ, Ұрлаған малың шығып бергендей­ақ. Шәкәрім ұят сөзінің мағынасын екі ауыз сөзбен дәл білдіреді. Адамның моральдық бейнесіне нұқсан келтіретін мінездерді «Ызақорлар», «Сәнқойлар», «Еріншек», «Құмарлық» сияқты, т. б. өлеңдерінде сынға алынған. Шәкәрім тілінде өзіне дейінгі көркем әдебиетте кезіге бермейтін соны тілдік қолданыстар жиі ұшырайды. Әрі мұндай көркем образдардың қазақ дүниетанымына соншалық етене жақын болып көңілге қона кетуі де ақынның шеберлігін көрсетеді: ар сату, шолақ ой, көңіл көзі, ой құмар, жүректің таразысы, жаралы жүрек, сұм жүрек, қайраттың босы, жаралы көңіл, жүрегім дертті, улы жүрек, долы тіл, партия күйлеу, жалмаудан жалықпау, таза ақыл, тозған мін сияқты т. б. Бұл аталған тіркестердің бірқатары Абайда да қолданылған. Шәкәрімдегі көңіл жібі, үміт үйі, кірлі көңіл сияқты, т. б. қолданыстарда дерексіз зат есімдер деректі зат есімдермен синкреттік тіркеске түскен. Жалпыхалықтық тілде бұлар өзара тіркеспейтін сөздер болып табылады. Шәкәрім тілінде тіркесіп қана қоймай көркем де бейнелі образдар жасайды. Үміт үйі дегенде үміт дерексіз зат есімі адам сезімін, қалауын білдіреді. Үй деректі зат есімі баспана, тұрақ екені белгілі. Метафоралық тіркес тек көркемдік үшін алына салмаған. Үй адамның бұл дүниедегі тұрағын, тұрмыс­тіршілігін меңзейді. Үміт үйі бұл дүние мақсұтының баянсыз, сағым сияқты жоғалып кетерін аңдатады. Поэтикалық тілдің бір белгісі болып табылатын көріктеу құралдары: теңеу, метафора, метанимия, т. б. Шәкәрім тілінде де мол кездеседі. Ақын айдай, балдай, майдай, иттей, оттай, желдей есу сияқты дәстүрлі теңеулерді орнымен пайдаланады. Сондай­ақ, өзіне дейінгі көркем әдебиетте кездесе бермейтін: «Тозған мола сықылды сұм көрініп», «Мүйізі бар кісідей едірейіп», «Жел диірмен сияқты сенделмелі», т. б. соны теңеулік құрылымдар бейнелілігімен тәнті етеді. Шәкәрім теңеу образының бір ғана сипатын алмай кейде екі не үш сипатын бірдей көрсетіп өтеді: Сусағанның сусыны бол, Су сықылды сұп­суық. Бірақ ондай болма салқын, Ел көңілін қалдырып. Ақын судың екі жақты қасиетін көрсете отырып адам мінезінің де екі қыры болатынын аңдатады. «Сен ғылымға болсаң ынтық» өлеңінде теңеудің көркемдік, танымдық ерекшелігін барынша кең пайдаланып, бейнелеуіш тәсіл ретінде алған. Жеке метафоралық қолданыстарды айтпағанда Шәкәрімнің «Ажалсыз әскер», «Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық» сияқты бірқатар өлеңдері тұтас метафораға құрылған. «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» деп ақын ақылды нұрға балайды. Нұр метафорасы өлшеусіз бір жарық эпитетімен келген. Жарық және нұр сөздерінің синонимдігін ескерсек плеонастикалық тіркес болады. Сол арқылы ақын нұрдың әсерін екі еселеген. «Басында жас бала едің сен, Ойың бұзылмаған, көңіл» деген жолда Шәкәрім көңілді бала деп қарайды. Бала сөзінің өзі метафора болса, көңіл метанимиялық қолданыс деуге болады. Өйткені көңіл адам сезімі болумен бірге, жандандырылып адам орнына алынған. Шәкәрім шығармашылығының ерекше бір арнасы сопылық әдебиетпен байланысты болып келеді. Шәкәрімге дейінгі қазақ әдебиетінде сопылық поэзияның жекелеген әсер­ ықпалы ғана байқалады.

Читайте также:  Н.МАХФУЗДЫҢ «БІЗДІҢ КӨШЕНІҢ АҢЫЗДАРЫ» РОМАНЫ

Шәкәрім поэзиясында сопылық лирика барлық ерекшелігімен көрініс тапқан. Сопылық бас көзімен емес, жүрек көзімен ғана көруге болатын Алла сырын, хақиқатты іздеумен байланысты ерекше ілім жолы екені белгілі. Көзге ғайып, көңілге ғана аян сырды сөз етуге тек поэзияның құдіреті жетеді. Өйткені поэзия­сезім тілі, жүрекпен ғана сезуге болатын хақиқатты сол ғана сөйлете алады. Сопылық лирикада басты назар суреттеліп отырған шындық болмыс көрінісіне емес, оның сезімге, көңілге әсеріне аударылады. Материалдық дүние көріністері ақынның жүрекпен сезінген ақиқат сырын беруге қызмет етеді. Сопылық поэзияның өзіндік тілі, көркемдік тәсілдері бар. Байыбына бармаған адамға мистикалық сандырақ сияқты көрінгенмен, ақын қиялы мен шабытына, сезіміне барынша еркіндік беріп, поэзияның шырқау биігіне самғауға мүмкіндік алады. Шәкәрімнің сопылық сарында жазылған лирикасын дәстүрлі сопылық лирика терминологиясымен түсіндіріп беру мүмкін бола бермейді. Бұл ретте Шәкәрімнің сөз­символдарға берген түсініктемесіне баса назар аудару керек: Арақ­ақыл, мастық­ой, жар­хақиқат, Жан­нәпсі, шатақ­иман, дін­қиянат. Суфизмде арақ — медитация, мас — медитация жасаушы сопы, Жар — Алла дидары болып түсіндіріледі. Өлім маған өмірден мың есе артық, Жарға құрбан қылуға жан жараса. Дозақ отын күл қылып сөндіремін, Жаралы жүрегімнен қан тараса. Ақын, бір қарағанда, өлімді аңсап тұрған сияқты. Суфизмде өлім рухани ояну болып табылады. Яғни, нәпсі қалауынан бас тартып рух үшін өмір сүру. «Дозақ отын күл қылып сөндіремін» ақынның рухани қуатын танытады. Жүрек те — дене мүшесі емес, рухани орталық. Жүрек — символ. Алланың рухани әсерінде болып, нәпсі мен рухтың тынымсыз күресі жүріп жатқан орын. Қан — рухани азаптың көрінісі. Жер жүзіне қып­қызыл гүл бітірем, Көзімнен қанды жасым сорғаласа. Жарды көрген көзіме шоқынып жүр, Су бұраңдап, майысып, жорғаласа. Өлең шумағы біртұтас семантика­стилистикалық бүтін болып шыққан. Лирикалық тұлғаның жан тебіренісі, көңіл ауаны, асқақ рухы анық танылып тұр. Қып­қызыл гүл, қанды жас, судың бұраңдап, майысып, жорғалауы шынайы өмір көріністерін көз алдымызға келтіреді. Сөйте тұра, тылсым, біз білмейтін бір әлем есігін ашатындай, ол — жан әлемі. Адамның мәңгілік өлмейтін, Алла нұрынан жаралған рухы, хақиқат болмысы. Шәкәрім поэзия тілі арқылы сол етене жақын болса да, бізге беймәлім әлемнің пердесін сәл көтеретіндей. Қып­қызыл гүл Абай айтатын «имани гүл» — Аллаға, адамзатқа, хақиқатқа деген сүйіспеншілік. Шәкәрім жүрегі от жүрек, жаралы жүрек, саналы шерлі жүрек, аптыққан жүрек, ақ жүрек сияқты эпитеттермен келеді. Әрі эпитеттер жүректің белгілі бір сипатын ашып та тұрады. Шәкәрім тілінде от сөзі де көп мағыналы болып келеді. Оттың хақиқат сипаты ретінде қаралуы бар. Мысалы, «Көбелек те шам алам деп, Отқа түсті боп құмар». Көбелек метафорасы хақиқат іздеуші болса, от — хақиқаттың символы. От нәпсімен де байланыстырылады: «Өртейін деп отқа көмдім, От жүрегім жанбады». От жүрек — нәпсінің билігінде қалған жүрек. Отқа өртеу — тазару, хақиқат нұрымен жуу. Шәкәрім от сөзін бір мән­мәтін ішінде екі түрлі, қарама­қарсы мағынада алады. Сол арқылы қайшылықты бір нәрсенің екі түрлі сипаты болатынын көрсетеді. Әрі хақиқатты тану жолының да қайшылыққа толы терең сыры бар екенін аңдатады. Шәкәрімнің хақиқат, жан, рух, жүрек туралы өлеңдері астарлы мәнге құрылғандықтан сөздердің де сементикалық құрылымы барынша күрделі болып келеді. Сөздің мағынасын мән­мәтін ішінде ғана алып түсіндіріп беру қиындық келтіреді. Осыдан келіп Шәкәрім поэзиясын тұтас эстетикалық жүйе ретінде тану қажеттігі келіп шығады. Мысалы, «Көрем десең Жарымды, Мас бол, жүрек тазала. Өртеп жібер барыңды, Қарсы ұмтылып қазаға».Осы өлең жолдарынан өртеу етістігі тазару ұғымымен байланысты екенін бағамдаймыз. «Қарсы ұмтылып қазаға» жалпыхалықтық тілде ерлік, көзсіз батырлықты көрсетсе, Шәкәрімде нәпсі қалауына қарсы күрес болып келеді. Шәкәрім дүниетанымы исламдық дүниетаныммен терең тамырласып жатыр. Исламда «жиһат» дін дұшпандары кәпірлермен күресті білдіреді. Ұлы жиһат­адамның өз нәпсісімен күресі: «Шапты Жарым басымды, Арам қаным төгілді. Нәпсі дарға асылды, О да жаннан түңілді». Шәкәрім нәпсімен күресте Жар — хақиқатқа жүгінеді. Нәпсі жеке субстанция, жан иесі ретінде алынады. Арам қан адам бойындағы арамдық, зұлымдық, мансапқорлық, мақтан сияқты жаман қасиеттер деп болжай аламыз.

Читайте также:  АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ГЕОЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Шәкәрім поэзиясындағы өлім, бас шабу, дарға асу, қазаға қарсы ұмтылу сияқты т.б. қолданыстар «Ұлы жиһат» — нәпсімен күрес идеясынан туындайды. Ал ғашықтықпен байланысты лексиканың сопылық әдебиеттен, Шәкәрім поэзиясынан орын алуының да өз себебі бар. Суфизм философиясына тереңдемей­ақ, Абайдың: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген жолдарын еске алсақ та жеткілікті. Суфизмде Жар — Алла дидары болса, Шәкәрімде неге Жар — хақиқат? Сопылар — зікір, медитация арқылы Алла дидарын көруге асықтар. Шәкәрім де түбінде Алланы тануды мақсат еткен. Бірақ таңдаған жолы, құралы басқа. Шәкәрімнің жүгінері — «таза ақыл». Сопылық мистицизмнен өзге жолды таңдаған. Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «Себебі, Алла тағала өзі — хақиқат жолы. Хақиқат бірлән растық — қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады. Ол Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық» — дейді. Осыдан Шәкәрім дүниетанымының негізі Абайда жатқанын аңдаймыз. Шәкәрім Алланы тануда ғылымға, хақиқатты іздеуге бет қойған. Бұл — жаратушыны жаратқаны арқылы тану жолы. Сопылық мистицизмге Абайдың: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз» (38 қара сөзі) — деген тұжырымы тойтарыс беретіндей. Шәкәрімнің философиялық лирикасын түсіну үшін, дүниетанымын айналып өте алмаймыз. Философиялық лирикасының кілті сөз­символдардың мағынасына үңілу болып табылады. Ал сөз­символдардың сипаты термин сөздерге жақын болғанмен, қосымша мағыналық бояуы, коннотациясы барынша қанық. Мысалы: Уайым жоқ, табылды арман, Түсіп сәуле асық Жардан. Көтерді пердесін әбден, Қызыл гүлім ашылған шақ. Егер асық Жар, қызыл гүл сөздерінің Шәкәрім тіліндегі мағынасын білмесек, өлең сұлу қызға арналған деп жаңсақ түсінер едік. Сонымен бірге сөздер экспрессивті­эмоционалды бояуын жоғалтпай, өлеңнің әсерлі де, бейнелі болып шығуына үлес қосқан. Лирикалық тұлғаның ынтықтығы, махаббат сезімі көлеңкеленбей, толайым көрініс тапқан. Сопылық поэзияда қызыл түс жүрекпен байланысты. Яғни қызыл гүлдің ашылуы жүрек көзінің ашылуы деп қабылдауға болады. Ал жасыл түс сопылықтың Накшбанди ағымында сырмен байланыстырылса, Кубрауи ағымында хақпен, хақиқатпен байланыстырылады. Шәкәрім де жасыл түске ерекше мағына беретіні байқалады: Жасыл күмбез ішінде Жан­тәнімен кім азат? Бұл тіршілік тұсында, Бола алмайсың, шын азат. Жасыл күмбез — сыр күмбезі не хақиқат күмбезі деп қарасақ та, қателесе қоймаймыз. Жазба әдебиетке тән белгінің бірі мәтін түзілісінен байқалады. Эстетикалық құрылым ретіндегі көркем мәтінде басы артық шашау шыққан бірде­бір сөз, бірде­бір тұлға болмауы керек. Тілдік тұлғалар өзара тығыз астаса келіп, көркемдік мақсатқа қызмет етіп тұрады.

Шәкәрім шығармашылығыңда мәтін түзілісінің мінсіз де көркем үлгілері молынан кездеседі. Мысалы: Шедірейіп, шекиіп, Қасын керіп, кекиіп, Қолдан пішін жасаған, Біреу келер секиіп. Шырт түкіріп шынтақтап, Жүз құбылып, қылтақтап. Сұлуын­ай шіркіннің Дегізбекші жұрт мақтап. Өлеңде шедірейіп, шекиіп, кекиіп, секиіп, қылтақтап бейнелеу етістіктері мәтіннің жағымсыз экспрессивті­эмоционалды реңін белгілеген. Сол арқылы әдетте экспрессивті бояуы жоқ қасын керу, шырт түкіру, жүз құбылу сияқты т.б. сөздер де бірыңғай жағымсыз реңкке ие болған. Ақынның сәнқойға берген бағасы, шығарған үкімі мәтінде айқын таңбаланған. Сәнқойдың барлық қимыл­әрекеті, мінезі, қылығы қаз­қалпында көз алдымызға келе қалады. Шәкәрім оның барлығын суреттеп отырған жоқ. Нақты лексемалар, бір­екі детальдар арқылы көрсетіп береді. Бейнелеу етістіктері, ­ып көсемше тұлғасы өзара көркем үйлесім тауып, динамизм, суреттілік тудырады өлең жолдары жанданып жүре береді. Ақынның шығармашылық ойы логика­сементикалық байланыстарды ширата отырып, тосын тіркестер арқылы сөзді ойната, құбылта қолданып, көп қырлы, сан салалы байланыстар нәтижесінде мағыналық құрылым ұлғаяды. Мәтіндегі сөздердің семантика стильдік әсерлесуімен мағына сыйымдылығы артады. Ақын тілінде сөздің жаңа мағынаға ие болуы, семантикалық құрылымының күрделеніп, кеңеюі тілдік жүйеге, оның заңдылықтарына мүлде қатыссыз құбылыс емес. Керісінше, тілдік жүйеден, оның заңдылықтарынан қуат алатын, ішкі қор, әлеуетінен шығатын құбылыс. Ақынның құдіреттілігі сол — сөз қуатын тамыршыдай дөп басып, көзін аша білуінде. Сондықтан да жаңа образдар, жаңа тіркестер жасағанда әсем қиюласып, көңілге қонымды болып шығады. Шәкәрім тіліндегі сөнген ойды жандыру, мұңлы зар, майда ән салу, нұрлы, әсерлі сөз, дененің соқыр көзі, қара көзі өтіп ойға, жардың нұрын жарқырату, дүние тойы, құлағы тас, жүрегі мұз, адам аулау, таза еңбек, тозған мін сияқты, т. б. соны сөз қолданыстар тосындығымен таңырқатып, терең мазмұндылығымен ойды байлайды. Әрі көркемдік қуаты, әсерлі бейнелілігі де поэзия тілінің талаптарына толымды. «Өлі жердің сүйегін тірілтті жайнап жапырақ» деген жолдардың бейнелі де әсерлі екеніне ешкім дау айта алмайды. «Өлі жердің сүйегі» тіркес дәл осы күйінде қазақ тілінде Шәкәрімге дейін қолданылмаған. «Қара жердің өлгені қар астында қалғаны» — деп шешендердің нақыл сөздерінде келетінін білеміз. Демек, Шәкәрім жасаған соны тіркес ұлттық дүниетанымнан бастау алып жатыр. «Өлгені тіріліп, өшкені жанғанда» қуанышты градациялаудың ең шырқау шегі деп шамалауға болады. Шәкәрім образының экспрессивті­эмоционалдық қуатының күштілігі бір жағы сонылығынан болса, екінші жағы осындай ұлттық таныммен терең тамырластықтан келіп шығады. Шәкәрімнің поэтикалық образдары Құранмен де сабақтасып жатыр. «Ал, егер олардан: «Көктен жаңбыр жаудырып, онымен өлі жерді қайта тірілткен кім?» деп сұрасаң, әлбетте, олар: «Алла» — дейді» (Құран. Аннабут сүресі, 63 аят). Шәкәрімнің «Өлі жердің сүйегін тірілтті…» деген бір ғана жолы ұлттық дүниетаныммен де, Құранмен де астасып жатыр екен. Сондықтан да Шәкәрімнің поэтикалық тілі көркем болумен бірге, тереңдігімен де тәнті етеді. Үстірттеуді, жеңіл жортақты көтермейді. Шәкәрім тілінде поэтикалық қуаты күшті, экспрессиясы қанық, бейнелі фразеологизмдердің алатын орны айрықша. Әсіресе ақын қаламынан туған бейнелік пен экспрессияға ие, ерекше көркемдік­стильдік жүк арқалай алатын сөздердің семантика­ құрылымдық жақтан тұтасып кеткен шоғыры, авторлық фразеологизмдер мейлінше мол ұшырасады. Жалпы халықтың тілдегі «селге ағу», «абыройы ашылу», «аузымен құс тістеу», «басқа соғу», «пірге қолын бергендей», «көңіл жүйрік», «мойын бұрғызбау», «желдей есу», «белді бекем буу», «жан тыныштық», «бас ұру» сияқты т. б. фразеологиялық тіркестерді Шәкәрім көркемдік мақсатқа сай қолданып отырады. Сондай­ақ жалпыхалықтық тілдегі тұрақты тіркестерді өңдеп, өзгертіп те қолданады. Жалпыхалықтық тілде «абыройы ашылу» болса, Шәкәрімде «Абыройын жойып алмасын», жалпыхалықтық тілде: «итпен ит болма» десе, Шәкәрім: «Итпен бірге ит болған сен де төбет» деп бояуын қалыңдатып әсерін күшейтеді. Шәкәрім тіліндегі «Алла сүйсең, адалды сүй», «Сандалған түспе ізіме», «Қарсы жалдап, қайраңдап шыға бердім», т. б. қолданыстар Абай поэзиясынан тамыр алып жатқанын аңдау қиын емес. Шәкәрім шығармашылығында: «Көнбей жүрсем көп итпен таласамын», «Мақтағанға бу ала, Селкілдедім дуана», «Ақылдан адас қалмайын», «Мақтанып оттай саулама», «Сайтанға беттен сүйгізбе» сияқты оралымдар жүйелі құбылыс ретінде көрінеді. Шәкәрім фразеологизмдері қазақ өмірімен тығыз астасып жатқанымен де әсерлі: «Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас, Жылқы ұрлағыш батыр боп ол да елермей». Тоқты­торым ұрлап жүрген ауыл үй ұрысының психологиясы баршаға мәлім болса, Шәкәрім оны бейнелі түрде суреттеп береді. Шәкәрім поэзиясында: «Пәленшенің айтқаны дұрыс қой деп, Жүректің таразысын жойма, жаным», «Ақылды сол — ынсап пен ар сақтайды, Арсыз сол — арамдықпен жан сақтайды», «Ұят сол — аулақта ұял көргендей­ақ, Ұрлаған малың шығып бергендей­ақ» сияқты, т. б. ақыл­ нақыл сөздер де көптеп кездесіп, көңілге қона кетеді. Экспрессия тудыру үшін: «Сауысқанша қылмаңдап, Әр үйден боқ шоқынар», «Тышатұғын баладай, Екі көзі қызарып», «Көтінен кейін кетті басқан сайын» сияқты қолданыстарда боқ, көт, тышу сынды тұрпайы лексикадан да бой тартпайды. Шәкәрім поэзиясында морфологиялық тұлғалар да стильдік қызмет атқарып тұрады. Етістіктің ­ып/­іп жұрнағы қимыл­әрекет динамикасын, ұласпалы жалғастығын, экспрессиясын, көңіл­күй құбылысын беруде ұтымды қолданылған. ­сын/ ­сін, ­сы/ ­сі сияқты т. б. жұрнақтарды экспрессивті лексика тудыруда пайдаланып отырған. ­ар/ ­ ер, ­(ма) +с жұрнағы баяндауыш тұлғасы ретінде келіп субъектіге әрқашан тән болатын, үнемі болып жататын амал­әрекеттерді, құбылыстарды білдіріп әлеуметтік, философиялық лирикасында жиі қолданылады. Сұраулық шылаулар да стилистикалық тәсіл ретінде философиялық­ әлеуметтік толғаныстарын әсерлі жеткізуде алынып отырған. Мысалы, «Адалдық айтып жеңді ме? Немесе сөзге көнді ме? Неше жылдай ұққан жоқ, Ақылы жаңа енді ме?» сияқты жолдарда сұраулық шылау, риторикалық сұрау беріп тұрумен бірге, ақынның реніш, кейісін де аңғартып тұр. Шәкәрімнің поэтикалық тілінде тілдік бірліктер көркемдік­эстетикалық құрылымның бөлшегіне айналады. Ақынның биік эстетикалық талғамының елегінен өтіп, стильдік тұлға ретінде қызмет атқарады. Өзіне дейінгі қазақ поэзиясы, Абай дәстүрі, Шығыстың әсер­ ықпалы Шәкәрім поэтикасына кең өріс ашты. Шәкәрім тілі қазақ поэзиясын соны да, көркем образдармен, бейнелі қолданыстармен толықтырды. Шәкәрім тілдік құралдарды стильдік мақсатқа қолданудың жаңа үлгі, дәстүрін әкелді.

Читайте также:  Сақтар туралы слайд

Оставить комментарий