Шәкәрімнің саяси-құқықтық көзқарасы

Қазақтың белгілі ақыны, ойшыл­философы Шәкәрімнің рухани мұрасы өте бай әрі құдіретті. Шәкәрімнің шығармаларының құдіреті сонда — ол философия, тарих, әдебиет мәселелерін қарастырумен шектеліп қалмай, ерекше дүниетанымы арқылы адамзаттың, мемлекеттің, саясаттың, құқықтық, ең бастысы, адам құқығы мәселелерінің даму үрдісін терең ой елегінен өткізеді. Баршамызға белгілі себептермен Шәкәрім шығармашылығы ұзақ уақыт бойына «тұмшаланып» келді. Тек 1958 ж. КСРО Прокуратурасы Шәкәрім Құдайбердиевті ресми тұрғыдан ақтағаннан кейін ғана оның есімін қайта жаңғырту үрдісі біртіндеп болса да қолға алынды. Оқырмандар ең алғаш рет Шәкәрім шығармашылығымен 1959 ж. танысуға мүмкіндік алды. Сол жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде ұлы ойшылдың іріктеліп алынған сегіз өлеңі жария етілді. Шәкәрімнің шын мәніндегі толық ақталуы 1988 ж. ғана жүзеге асырылды. Қазақ ойшылының қоғам, құқық және адам құқығы жөніндегі көзқарасы қандай? Оның қазіргі заманмен үндестігі қандай? Шәкәрім идеалындағы мемлекет — саяси білікті және республикалық басқару түріндегі мемлекет, онда жалпыхалықтық сайлау құқығы, сөз бостандығы, теңдік, әділеттілік берік орын алуы, әрі жыныстық белгісі бойынша бөлектеу, әлеуметтік және лауазымдық санатына орай шектеу болмауы шарт. Шәкәрім шығармаларында бостандық, еркіндік ұғымы, адамдардың бақытты өмір сүру құқығы, мемлекеттің соған сәйкес тиісті жағдайларды туындатуы туралы мәселелер ерекше орын алады. Әсіресе, ақын өлеңдерінде адамдардың игілікті еңбек етуі, соның негізінде бейбітшілік пен қоғамдық тұрақтылық туындайтыны баса айтылады. «Бостандық таңы атты» туындысында ақын: Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер, Арға ие басшының соңынан еріндер, Таң артынан хақиқат күн шығады, Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер, — дейді (1). Шәкәрім өз шығармаларында адамзаттың бақыты, теңдік жағдайында әділетті өмір сүру құқығын қорғады, мемлекет халық үшін еркін өмір сүретін, жасампаз еңбекпен шұғылданатын жағдай жасауы, ең маңыздысы, бейбітшілік пен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге борышты деп ұқты: Ар түзер адамның адамдық санасын, Ақ жеңіп шығады, арамның қарасын. Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын. Мемлекет заң шығарушы көз, қағида жасаушы фактор ғана емес, солай құрылған және қызмет ететін, сондай­ақ құқығы шектеулі саяси нысана да. Шәкәрім мемлекетті қоғамның барлық топтарының мүддесін қорғаушы, ал үкіметті қол астындағы адамдарды «әділетті және бәріне ортақ заңдармен», яғни, бәрінің заң алдында теңдігін білдіретін заңдармен қамтамасыз ететін орган ретінде таниды. Мемлекет пен құқықты салыстырар болсақ, құқық алғашқы болып табылады. Дж. Локк құқықты барша мемлекеттік институттардан жоғары қойған. Құқық түрлі әлеуметтік мүдделерді келістіруші құрал, саяси келісім мен әлеуметтік тұрақтылыққа жетудің басты факторы болып табылады. Саяси қатынастардың реттеушісі бола отырып, заң құқықтық болуы тиіс. Заң нормалары негізгі құқықтар мен адам еркіндігіне нұқсан келтірмеуі керек, бұл «заңнамалар мен адами құқығының байланыстылығы принципі ретінде конституциялық тұрғыдан бекітіледі», ал «заңдардың мазмұны мен қолданылуы формалды теңдік принципіне сәйкес келуі керек» (2.67­6). Шәкәрім пікірінше, заңдар халықтың еркі мен мүддесін білдіруі тиіс. Құқық және адам құқығы — бір­бірінен бөлінбейтін біртұтас дүниелер, ал ажыратылмайтын адам құқығы мәселесі ұлттық заңнамалар мен кез келген демократиялық мемлекеттің ұлттық құқықтық жүйесінің мағыналы ядросы болуы тиіс. Заңның құқықтық сипатымен бірге құқықтың шығу тегі де болуы керек, яғни заңды қабылдау рәсімі де, жоғарғы заң шығарушы органдарды түзу үрдісі де заңды болмағы керек. Құқықты актілердің әрекеті таралатын субъектілердің қатарында мемлекеттің өзі де бар, оның өзі шығарған актілерді ескермеуге құқығы жоқ.

Мемлекет ажыратылмайтын адам құқығы төңірегіндегі мәселелерге араласпауы тиіс. Ол үшін мемлекет пен қоғамның құқық пен азаматтардың еркіндігінің саяси құқықтық құрылысын бекітетін негізгі заң — Конституцияны (Ата Заңды) қабылдау арқылы мемлекетті шектеудің саяси құқықтық шарттарын жасау қажет. Заңдар мемлекеттің даму өрісі ғана емес, халықтың өзіндік сипаты, мәдениеті, ұлттың дәстүрлері мен менталитетін де бейнелеуі тиіс. Гегель: «адам табиғаты мен оның еркіндік туралы түсінігіне сәйкес келетін заңдар мен мемлекеттік құрылыстар ғана ақылға қонымды болатынын», — атап айтқан болатын (3, 98­6.). Әрбір нақты халықтың заңдарында сол халықтың қасиетіне сәйкес өзіндік ерекшелік болады. Ш. Монтескьенің пікірінше, «бір халықтың заңдары екінші бір халық үшін өте сирек жайларда ғана жарамды болуы мүмкін» (4, 289­6.). Сондықтан әрбір мемлекет, соның ішінде Қазақстан Республикасы да, қазіргі заман дамуы беталысымен қатар Қазақстан халқының сипаты мен оның рухани дамуының қажеттіліктерін бейнелейтін өз саяси­құқықтық жүйесін, өзінің ұлттық заңнамаларын қалыптастыруда. Саясат — әр адамның мүддесін қамтитын сала. Саясаттың пайда болуы оның түрлі топтардың мүдделерін келістіре алатын, қоғамның бүтіндігін қамтамасыз ете алатын, әлеуметтік өзара қарым­қатынастарды реттей алатын мүмкіндіктерімен байланысты. Саясаттың көпқырлы мазмұнына сәйкес оған берілетін түсіндірмелердің де көптігіне қарамастан, ол маңызды белгілерге де ие: саясат биліктік қарым­қатынастың кеңістігі болып табылады, қоғамдық өмірді ұйымдастырудың тәсілі және мемлекет, оның институттары арқылы түрлі топтардың мүдделерін ортақ мүдделерге келістіру негізінде қоғамдық қақтығыстарды басқарудың ерекше типі болып табылады. А. Соловьеваның көзқарасы бойынша, қоғамдық дамудың әрбір ірі тарихи кезеңінде саясат билік институттарының композициясын үнемі қайта құрып отырды, өзінің қасиеттері мен сапаларын көрсете отырып, бұқаралық шешім қабылдау формалары мен тетіктерін, заңдарды бекітудің және билік тұрақтылығын қамтамасыз етудің тәсілдерін жетілдіріп отырған (5, 67­6.). Саясаттың кейбір тұжырымдамалары саясат пен мемлекет құқықтан, ең алдымен бұқаралық құқықты, заңдарды және мемлекет қызметін негіз еткен адамның табиғи құқығынан туындаған деп қарайды. (Мысалы: Дж. Локктың, И. Канттың және т. б. «Қоғамдық келісім» теориясы). Саясат билік және оның институттарын құрумен байланысты, бірақ ол тек қана билікпен шектелмейді: саясат негізінде дара, топтық және қоғамдық мүдделер жатыр. Демократиялық мемлекеттердің тәжірибесі құқық және адам бостандығы сияқты маңызды қажеттіліктерді мемлекет оның институттары қамтамасыз ететінін көрсетіп отыр, ал азаматтар саяси партиялар мен арнайы құрылған қоғамдық ұйымдар арқылы өздерінің мүдделері мен қажеттіліктерін жеткізеді. Шәкәрімнің шығармашылық мұраларына назар аудара отырып, сайлау мәселелері мен сайлау жүйелеріне қатысты мәселелерге деген көзқарасына тоқталмай болмайды, ол бұларды шындық және демократиялық тұрғыдан көргісі келді. Шәкәрім өзі (1911 ж.) Аягөздің болысы, 1917 ж. Семей уезінің земствосына Шыңғыс болысынан депутат болып сайланғаны белгілі. Ақынның «Партия адамдары», «Тағы да сорлы қазақ», «Партия қуған өңкей қырт» және т. б. сатиралық өлеңдерінде қазақ жерінде болыстарды сайлау қалай жүргізілетіні туралы шынайы бейнеленеді: Партия қуған өңкей қырт, Жазылмайтын ол қыл құрт. Мен тартам ел қайғысын, Әкімі — залым, биі — әңгүрт. Сұрқия тілін жалдайды, Момын мен аңқауды алдайды. Қанды қақпан бар құрған, Түсірер болса қандайды. Биліктің өкілетті органдары туралы сөз еткенде Шәкәрім «әділ де ізгі заңдар» жасап, қабылдай алатын адал, ақылды, дұрыс ниетті адамдардың сайлау қажеттігін баса айтады. Жарияланған адам құқығы мен еркіндігін жүзеге асыруға ұмтылған қоғамда құқық пен саясат өзара қалай әрекеттесуі керек? Канттың ойынша, құқық саясатқа қарағанда алғашқы болып табылады. Ол «барлық саясат құқық алдында тізесін бүгуі тиіс» деп жазды, құқық «ақыр соңында жоғарғы билікке» жетуі тиіс және саясатты шектейді (8, 11­6.). Саясат ақыр соңында құқыққа сай болмақ. Авторитарлық жүйеде азаматтар билікті асыра пайдаланудың алдын алу мүмкіндігінен айрылған, қоғамдық мүдделерді саяси жеткізу институттары шектеулі. Ал әр түрлі мүдделерді күшпен басу үлкен қоғамдық қақтығыстардың туындауына алып келеді (мысалы, Қырғызстан). Түрлі мүдделерді шектеу мен күшпен басу тоталитарлық жүйеде астыртын әрекет жасайтын оппозицияның пайда болуына әкеледі (мысалы, Өзбекстан). Билік мұндайда оппозициямен күресте құқықтық емес (кейде жазалаушы да) әдістерді қолданады. Мұндай жағдайдағы саяси өмір биліктің өзі мен саяси жүйенің тұрақсыздығына апаратын үлкен тайталас болып табылады.

Читайте также:  КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ АЗ ҚАЛДЫҚТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ

Адам құқығы туралы баршаға ортақ Декларация мен демократиялық конституцияларды қабылдағаннан бергі кезеңде адам құқығы мен бостандығын сақтау осы заманғы мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясаттарының маңызды өлшеміне айналды. Өкінішке орай, барлық мемлекеттер бұл өлшемдерді басшылыққа ала бермейді. Мысалы, Өзбекстан мен Беларусь әлі күнге мемлекеттік өмірде «еріген» қоғам ретінде танылады. Олардағы заңдардың мазмұнында адам құқығы мен бостандығы құндылығынан гөрі мемлекеттік мүдде жоғары тұрады. Нәтижесінде азаматтар мемлекеттік биліктің айтқандарын орындауға құлықсыз, саяси шешімдер қабылдауда, соның ішінде сайлау кезінде де салғырт болып отыр. Азаматтардың қоғам мен мемлекетті басқаруға кең түрде қатыспауы, өз кезегінде, олардың патриоттық, азаматтық сезімдері және мемлекеттік билік органдары тарапынан өз бостандығына жасалған өрескел заң бұзушылықтарға жауап қату мүмкіндіктерін төмендетеді. Түрлі субъектілердің саяси еркін құқықтың негізгі ұстанымдарымен, адамның баянды құқығы мен бостандығы идеясымен келістіретін азаматтық қоғам мемлекет пен оның заңдарына заңдылық бере түседі. Азаматтық қоғаммен құқықтық мемлекет тығыз байланысты, соңғысы алғашқысының саяси­құқықтық рәсімделуі болып табылады. Плюралистік демократияның қазіргі заманғы тұжырымдамалары, құқықтық мемлекеттің түрлі белгілері мен оны қалыптастырудың жолдары туралы қарастыра келіп, құқықтық мемлекет өзін құқықтан шектеудің формасы деген тұжырымға келіп отыр, өйткені либерализм мемлекеттің өзін адам құқығы мен бостандығын бұзуы мүмкін өте күшті құқық субъектісі деп таниды. Либералдық теория бойынша, құқықтық мемлекет — заң қабылдаушы өкілетті орган тарапынан сол заңдардың орындалуын бақылау құқығы берілген мемлекет. Шәкәрімнің бұл қағидасы Парламент тарапынан қабылданған заңдардың орындалуын сақтауды бақылаудың конституциялық тетігі әлі бекітілмеген қазіргі Қазақстан қоғамы үшін де аса өзекті. Шәкәрім өз өлеңдерінде қазақ даласындағы ортағасырлық патриархалдық тәртіпке қарсы шыға отырып, қазақ қоғамындағы билікке талас, руаралық алауыздықты сынға алады: Арамдық, аразды түбімен жойыңдар Өтірік, өсекті біржола қойыңдар. Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат, Қажымай адалдық жағында болыңдар… ( 1 ). Әртүрлі сатиралық шығармаларында («Шаруа мен ысырап», «Құмарлық», «Мақтау мен сөгіс», «Хайуан мен ақымақтар», «Қулар», «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене» және т. б.). Шәкәрім қазақ қоғамындағы өтірік, екіжүзділік, зұлымдық, т. б. көре отырып, мансап, байлық үшін әртүрлі әдістері арқылы билікке ұмтылған «алдамшы, пайдасыз сағым қуғындарды» сынайды (6). Нақты азаматтық ұстанымы бар Шәкәрім «Алаш» партиясының көшбасшыларының көптеген көзқарастарымен пікірлес болған, өзі де сол партияға кірген, бұл оның шығармаларына өзіндік әсер еткені байқалады. Ақын алашордалықтардың құрылтайына өлең арнады және қызыл әскерлермен соғыста қайтыс болған Алашорда сарбаздарын жерлеуге арнайы қатысқан. Бұл туралы 1918 ж. «Абай» журналыңда «Алғашқы құрбандық» атты мақалада жарияланды. 1917 ж. төңкерісті Шәкәрім қуана қарсы алды, қазақ қоғамында оң өзгерістер болады деп есептеді. Бұл ақынның сол кезде жарық көрген баспасөз беттерінде жарияланған өлеңдерінен анық көрінеді. Дегенмен, 30­жылғы сталиндік кертартпа саясат Шәкәрімнің қазақ даласындағы шыншыл қоғам құру туралы үмітін үзді, дана ойшылдың жеке және қоғамдық өмірдің мәнін ұғыну үшін қоғамнан оңашалануына әкеп соқты.

Читайте также:  ОҚУ ҮРДІСІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ МЕН ТƏРБИЕ БЕРУ

Шәкәрім Абайдан кейін адам тұрмысының мәні мен маңызын өзінше түсінуге тырысты, нағыз адам мен қоғам үлгісі қандай болмағын іздеді, ұждан туралы ілімді дамытты («72 жасымда» философиялық прозасында). Нағыз адам, Шәкәрім ойынша, таза ақылға, («Адам немене?» өлеңінде), ал халық — шын, нұрлы ақылға ие болуы керек. Өзінің адам, ақын ретіндегі орнын Шәкәрім қоғамға қызмет көрсету деп түсінеді: Мен өлсем, ұрпағым, артымда қаларсың Тілеген мақсұтты өмірден аларсың. Есіңе алып келгенде қабіріма, Шаттықпен шалқытып әніме саларсың! Дана ойшыл, өз шығармаларында «адам» және «халық» туралы жалпы адамзаттық құндылықтарды түсінерліктей өте кең түсінік береді: Таласпай бөліссе, табиғат байлығын, Қара жер тойғызар адамның барлығын. Махаббатпен бірлесіп, еңбек қылған Өмірдің көреді бақытты сайлығын. Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат, Арам ой ұмытылып, зорлықшыл болар мат. Адал етсең, еңбектің жемісін жеп, Шалқыған ел­жұртым, боларсың көңіл шат. Шәкәрім «адам ойының барлық жетістігі адамзаттың қажеттілігі мен мүддесіне бағытталуы тиіс» деген ойда. Демократиялық қоғамда институттық жүйе өздерінің арнайы функцияларын жүзеге асыратын үкімет пен саяси партиялардан тұрады. Егер саяси партиялар әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қолдап, саяси плюрализмді жүзеге асырса, мемлекет жалпы мүдделерді қолдай отырып, әлеуметтік топтар арасындағы келісімді қамтамасыз етеді. Мемлекет билігі немесе оған ықпал жасауға ұмтылған саяси процеске қатысушылардың қорлары бірдей емес, сондықтан бұл күресте олардың мүмкіндіктері де тең емес. Сол себепті саясатта барлық саяси процеске қатысушыларға бірдей және барлығы қолданатын ереже — құқық енгізу керек. Демократиялық заңнамалары және дамыған демократиялық институттары бар елдерде, соңғы жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекеттік билік әлі де мықты әлеуметтік және саяси күш болып қалып отыр (мысалы, Европа мемлекеттері). Өзін­өзі және өз абыройын сақтап қалу үшін мемлекет, қандай да институттық жүйе түрінде болмасын, өзін баршаға ортақ мүдделердің қорғаушысы ретінде көрсетіп, ұстанған саясатын әділет, шындық, т. б. ұждандық ұғымдармен нығайта түседі. «Шын саясат алдын ала моральға ант бермей, бір де бір қадам жасай алмайды… Үстемдік етуші билік үшін қаншалықты қымбатқа түссе де, адам құқығы қасиетті саналуға тиіс», — деп жазған болатын Кант (7. — С. 139). Билік органдары тарапынан қабылданатын барлық шешімдердің рухани­адамгершілік тұрғыдан негізделіп отырылатыны сондықтан. Өкінішке орай, өткен және қазіргі саясатта да моральдық құндылықтар мен принциптерді бағаламау кездеседі. Қазіргі геосаясаттың шындығында бұл қоғамдық өмірдің көптеген салаларын милитариландырудан, терроризм мен зорлық­зомбылықтың өсуінен, әлемдік саясатта да, жеке мемлекеттерде де күшке табынушылықтан байқалады. Заңды мемлекетті «еркіндік», «азаматтық қоғам», «адамның құқығы», т. б. сөздер арқылы сипаттауға болады. Мысалы, Б. Кестяковский құқықтық мемлекеттің негізін шектеулі үкіметтен көрген. Сөйтіп, құқықтық мемлекеттің басты қағидасы — адамның бас бостандығы мен олардың құқықтары болып табылады. Мемлекет адамның бас бостандығы мен құқығын қорғап, әділдік жаққа тұрады. Заңды мемлекет, Г. Ақмамбетованың пікірінше, адамның құқығын қорғауға міндетті, өйткені біз тұратын қоғам тарихи мүмкіндіктерінен азаматтық қоғамға өтеді (3). Заңды мемлекетте мемлекет пен жеке тұлғаның қатынасы жайлы сұрақ сол тұлғаның құқығына сай шешілуі тиіс. Заңды мемлекет дегеніміз — тек ұйымдар мен адамның құқығын қорғаушы ғана емес, ол саяси үкіметтік ұйымдардың тәжірибеден өтуші және құқық пен бостандықты қамтамасыз етуші, сонымен қатар, адам құқығының жүзеге асуын бас бостандығын, азаматтығын қорғаушы. Заңды мемлекеттің басты қағидалары жоғары құқық пен ондағы басты заң болып табылады. Бұнда дамыған саяси­құқықтық институттардың жеткілікті болуы, көп партиялы саясаттық жүйенің болуы, мықты парламенттің, еркін БАҚ, дамыған жергілікті өзін­өзі басқару, т. б. болуы маңызды. Бүгінгі таңда азаматтар мемлекеттік билікке өте жоғары талаптар қоюда, бұл талаптардың өсуіне байланысты мемлекет басқару реформасы бойынша шешім қабылдайды. Дегенмен, кейбір мемлекеттер экономикалық еркіндікті шегеріп қалуға тырысады, бірақ барлық маңызды деген әлеуметтік және саяси процестерді өз назарынан тыс қалдырмайды. Бұнда саяси жүйе мен дамыған институттардың қатысуы және де мемлекеттік институттарға деген сенім жетіспейді. Азаматтық қоғамда және азаматтық бақылауы бар мемлекетте ешқашан адамның құқығы мен бостандығы жайлы мәселе туындамайды. Демократиялық қоғамға деген Шәкәрімнің көзқарасы, әділдік, теңдік, азаматтық сияқты ойлары жаңа ғасырда шешімін таба алмай жүрген сауалдарға жауап бола алады.

Читайте также:  ОБ ИННОВАЦИОННЫХ ПРОЦЕССАХ В СОВРЕМЕННОМ ВЫСШЕМ ГУМАНИТАРНОМ ОБРАЗОВАНИИ

Оставить комментарий