«Шалғам» интернационализмі

Коммунистік идеологияның іргелі постулаттарының бірі — советтік интернационализм. Большевиктер бұл жалпы азаматтық гуманистік идеяны да қазақ топырағына декреттер арқылы күштеп және тез арада енгізу жолына түсті. Өз ретінде мемлекеттік идеология дәрежесінде жүргізілген бұл әрекет Алаш зиялылары тарапынан қарсылыққа жолықты. А.Байтұрсынұлы интернационализмді қазақшаға «бибауырмал» деп аударып, оны большевиктің биліктің «бауырмал», яғни ұлтшыл, патриот қазақ зиялыларына, саяси элитасына қарсы ұстанған саяси курсы есебінде бағалады. Ол қазақ «қалам қайраткерлері жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, я бояумен түсін өзгертіп, я түленмен түгін өзгертіп бибауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бибауырмал бола алмайды» 15 , ­ деп жазды. Одан ары ол бұл бауырмалдық бағытты тек қаламгерлер ғана емес, жалпы «қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да» ұстануға тиіс екендігін білдірді. Ал осы кеңестік билік ұсынған бибауырмалдық, яғни интернационализм саясатын саяси элитаның қабылдай алмауының қандай себептері бар еді? Кез келген іргелі принципті қоғам өз еркімен қабылдағанда ғана ол белгілі бір мәнге ие бола алады, кері жағдайда оны үкімет деректерімен, жарлықтарымен қоғам өміріне енгізіп орнықтыру, әрине, аса қиын іс, тіпті мүмкін емес. Интернационализм принципінің орнығуына қажет алғышарттар Қазақстанға кеңестік билікпен бірге ілесе келді деп айтуға ешқандай да негіз жоқ. Кеңес үкіметі келгенге шейін қазақ қоғамы ең аз дегенде бір жарым ғасырға жуық мезгіл отарлық тәуелділікте болды, қоғамдық кемсіту мен әділетсіздіктің дәмін бір емес, бірнеше буын татып өсті, яғни патшалық зорлықшыл тәртіпке деген жеккөрушілік сезім бүтін ұлттың көңіліне терең тамыр жайды. Бұл — табиғи құбылыс. Егер халықта ондай сезім болмаса, онда ол өз құндылықтарына немқұрайды қараған тағы тобырға айналған болар еді. Қазан революциясы жеңген сәтте отарлық жүйе әкелген мәселелер қазақ қоғамында сол іргесі сөгілмеген күйінде сақталды, тіптен олардың біразын жаңа жағдай шиеленістіре түсті. Ал бұл мәселелерді тез, табан астында «қызылгвардиялық» шабуылмен шеше салатындай мүмкіндік жаңа үкіметте, әрине, жоқ­тын. Міне, сондықтан да тап осы тарихи мезгілде жалпы қоғамда, оның зиялылылар бөлігінде ұлтшыл, патриоттық көзқарастың үстем алуы толық табиғи құбылыс еді. Басқаша айтқанда, ұлтшылдық, патриоттық көзқарас өмірдің ағымынан туындаған қажеттілік болатын. Дж. Неру айтқандай, кез келген отарлық езгідегі елдің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылуы оның ең басты мұраты және мұның өзі толық табиғи құбылыс 16 . Біз бүгінгі таңда ғасыр басында қоғамдық өмірімізді түбегейлі өзгертіп, оны еркін өркениетті даму жолына алып шығу үшін қажырлы және мақсатты әрекетке көшкен саяси басқарушы топтың болғандығына Аллаға шексіз ризашылығымызды білдіруге тиіспіз. Сондай­ақ ұлт зиялылары бастаған мұндай құбылыстың көрінуі қазақ елінің ғасыр басында жалпы адамзаттық даму арнасында тұрғандығының айғағы. Интернационализмге апаратын жалғыз жол ­ ұлтаралық сенім. Большевиктер партиясы қоғамдық өмірдің бірде­бір саласында қазақ жұртының терең сеніміне ие боларлық шараларды тура бастап аяғына дейін жеткізген емес. Жер мәселесінде ол 20­жылдардың ортасында­ақ таптық принципке (белгілі дәрежеде ішкі Ресейден қоныс аударушылардың пайдасына) ауытқып кетті. Кеңестік билік берген ұлттық республика аталатын құрылым іс жүзінде, М.Шоқай көрсеткендей, «сырты жылтырақ, іші қалтырақ», «қағаздан жасалған» қуыршақ республика болып шықты. Оқу­ағарту, мәдениет саласында да ұлттық негізді әлсіретуге бағытталған процестер жүріп жатты: ұлттық тілдің қолдану аясы уақыт өткен сайын тарыла түсті, мектептер «орыс мәдениеті мен орыс үстемдігін орнықтырудың құралына» 17 айналды. М.Шоқай кеңестік биліктің мәдениетке байланысты ұстанған «түрі ­ұлттық, мазмұны ­ социалистік» позициясын сынға алып: «Ленин бір кезде кейбір коммунистерді шалғамға теңеп, «сырты ғана қызыл, іші — аппақ» деген болатын. Енді, міне, ұлт мәселесін шешуде, лениндік жүйенің өзі шалғамға ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда «төңкерісшіл», «интернационалистшіл», ал іші бүтіндей аппақ. Бұрын орыс патшасы ақ патша делінгені бәріміздің есімізде болса керек» 18 , — деп жазды. Міне, осы мазмұнда жүргізілген мемлекеттік саясат контексінде алғанда кеңестік биліктің интернационализм жөніндегі уағызының халықтың және оның зиялыларының көңілінде қандай сезім туғызғандығын бағдарлауға болады. Міне, енді ғасыр соңында халқымызға күшпен таңылған интернационализмнің большевиктік нұсқасының дағдарысқа ұшырағандығының куәсі болып отырмыз. Рас, кеңестік билік оның интернационалистік саясатын қабылдай алмаған Алаш зиялыларын түгелдей жойды. Алаш зиялыларымен күресте жаңа билік «пролетарлық» интернационализм ұранына оранып, соңынан арзан алдауға түскен халық бұқарасын, тап осы бұқарадан шыққан саяси элитаның екінші буынын ерітті. Большевиктердің бұл мазмұндағы саясаты ұзаққа созылған жоқ. Шамамен, 1933 жылдан бастап олар енді алданған және аштықтан қырылған әлсіз бұқараны былай тастап, енді өз қолдарымен жасаған революциялық өзгерістер толқынында өмірге келген келесі екінші буын саяси басқарушы топты тағы да сол «пролетарлық интернационализм» тонына оранып жоюға кірісті. Тап осы жаппай репрессиялау шараларын іске асыру кезеңінде большевиктік биліктің «пролетарлық интернационализм» саясатының ешқандай да биік интернационалдық мұраттарды көздемеген, парасатсыз, керзі етікті қызыл комиссарлардың «әлемдік революция» және «социализм» жөніндегі қарабайыр түсініктерінің қойыртпағы екендігі байқалды. Бұл теориялық қойыртпаққа, өздерін қаншама интернационалисткер етіп тырысқанымен, бәрібір көңілдерінің терең түбінде бұғып қалған олардың ұлыдержавалық, шовинистік пиғылдары да араласып кеткен еді. Қорыта айтқанда, өмірдің өзі көрсетіп бергендей, большевиктік, советтік интернационализм қазақ елінің сарыла күткен үмітіне ақ жол аша алмады, яғни ол өз қоғамдық болмысын, өмірін өзі қалағандай жолға салып түзеу, өз өміріне өзі ие болу, атамекенінің асты­үсті берекесін игілігіне жарату, басқа жұрттармен өзінің табиғи, рухани мүдделерін қанағаттандыру сияқты ең қарапайым мұраттарына жете алған жоқ. Қайта ол өз тағдырына өзі ие емес, басқа жұртқа, мәдениетке кіріптар, рухани негіздерінен қол үзген, құндылықтар жаратушыдан гөрі, өзге жасаған құндылықтарды тұтынуға бейім, көнбіс, жетекшіл дүбәра тобырға айнала бастады. Тура осындай сын сәтте өзінің өркениеттік эволюциялық даму қалпынан ажырап қалған халқының ауыр жағдайын терең ұғынудың орнына, қайта оны одан әрі тереңдете түсуді кәсіпке айналдырған «масановшылдықтың» төбе көрсетуі, әрине, кездейсоқ құбылысқа жатпайды. Бұл, салыстырмалы түрде айтсақ, дертке шалдыққан тәннің инфекциямен арпалысын еске салатын құбылыс. «Масановшылдық» белгілі дәрежеде алдымен патшалық, содан соң советтік биліктердің ұлтсыздандыру, орыстандыру, яғни жалған «шалғам» интернационализм саясатының жинақы көрінісі. Одан басқа түк те емес. Оған керегі мемлекеттік дәрежеге көтерілген, әлемдік өркениетте өз бет­бейнесі бар ұлт емес (ол оның өтіп кеткен кезеңі), түссіз­өңсіз, тілсіз, өзге өркениеттердің артына мықтап байланған, алған бағыты беймәлім қауіпті тобыр. Бүгін бізге қандай интернационализм керек? Жалпы оған қажеттілік бар ма? Осы арада мынандай нәрсенің басы ашық. Кеңестер Одағында социалистік практикамен бірге интернационализмнің большевиктік жасанды варианты дағдарысқа ұшырады. Ал интернационализмнің жалпы адамзаттық бастапқы гуманистік мазмұны еш уақытта да дағдарысқа ұшырауы мүмкін емес. Сонымен бірге біздің заманымыз ұлтшылдықтың рухани құндылық есебінде интернационалдық идеядан көкейкестілігі кішкене де кем емес өміршең көзқарас екендігін көрсетіп берді. Кейде патшалық және советтік езгі жағдайында әбден тапталған біздің ұлттық санамыздың оянып, бас көтеруін байқаған базбіреулер оны тағы да бесігінде тұншықтыруды көздеп, түрлі айыптар тағып, оны қарабайыр, шектеулі, болашақсыз көзқарас ретінде көрсетуге тырысып бағуда. Оған балама ретінде өздері де түсінбейтін «ашық қоғам», «азаматтық қоғам» және тағы да сол сияқты концепцияларды тықпалауда. Олардың есебі бойынша, бұл концепциялар ығысып, тарих қойнауына еніп бара жатқан большевиктік «социализм», «интернационализм» сияқты көзқарастық принциптердің орнын басуға тиіс. Өз ретіңде бүгінгі отанына деген көңілі таза қазақ ұлтшылының әлгі «ашық, азаматтық қоғамда» идеясын таратушы отандық және шетелдік эмиссарларға берер жауабы қандай болмақ? Қазақ елі — өз еркіндігіне енді ғана қолы жеткен ел. Сондай­ақ, ол Қазақстанды елім деп таныған көңілі таза, ниеті дұрыс бірде­бір басқа ұлт өкілін кеудесінен итермейді, шын көңілден бауыр санайды және оның бұл ниетінің таза екендігін барлық жұрт біледі, оны халқымыз өзінің мұңлы тарихында талай рет дәлелдеген. Ал бүгін ғасырлар бойғы арманы — тәуелсіз, ешкімнің де араласуынсыз өзі қалағандай әділетті, демократиялық қоғам ісін жүзеге асырмақ ойда. Ондай қоғам құруға, иншалла, оның ақыл­ойы, парасаты, білімі мен жігері жетеді.

Читайте также:  СТУДЕНТ ЖАСТАРҒА РУХАНИ ТƏРБИЕ БЕРУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

Оставить комментарий