«Үшауыздағы» бетпе-бет

Рукиннің отряды 15­21 наурыз аралығындағы бір аптаның ішінде жазғы жайылымға көшіп бара жатқан бірнеше ауылды кейін қайырып, дегендерін жасатты. Бейбіт кетіп бара жатқан ауылдар қарулы отрядқа ешқандай да қарсылық жасаған жоқ. Тек 22 наурыз күні ғана отрядтың маңдайы тасқа соққандай болды. Рукиннің қарулы отрядпен шығып, жүрген жерін бөрліктіріп келе жатқанын естіген Иса, Досан бастаған адай азаматтары оған қарсы тұруға белді бекем буғанды. Рукин отряды оларға 22 наурыз күні ұшырасады. (осы күнді көтерілістің басталған күні деп есептеуге болады). Көтерілісшілер отрядты қоршап алып, бұдан әрі өткізбейтіндерін, аман­есендерінде кейін қарай Фортқа қайтуларын талап етеді. Бірақ отряд олардың талаптарына винтовкадан оқ жаудырумен жауап береді. Бірақ төрт жүздей көтерілісшіден қаймыққан Рукин отряды 23 наурыз күні Қошақ шығанағына дейін шегінеді. Көтерілісшілер отрядты біржолата жойып жібермек болып, шабуылдауға бірнеше рет әрекеттенгенмен, жаңбырша жауған оң оларды отрядқа жақындатпайды. Сол күні түрде қасындағы екі атқосшы жігітімен Баймәмбет би мен Александровск фортында 12 жыл патша; өкіметіне қызмет етіп, сенімге әбден ие болған Қосым Мырзабаевтан басқа қазақтардың бәрі көтерілісшілер жағына шығып кетеді. Жағдайының қиындығын түсінген Рукин Қабақ Ермәмбетовті жедел Фортқа хабар беруге аттандырған еді. Рукин Форттың әскер бастығы майор Зеленинге қағаз жазып, онда отрядтың қоршауда қалғанын, жедел түрде көмек үшін әрқайсысына 40 потроннан беріп 20 казак, бір зеңбірек, үш шелек арақ, дәрі­дәрмектер жіберуін өтінген. Қабақ Рукиннің хабарын Зеленинге аман­есен жеткізеді де. Бірақ Рукинге көмек келіп үлгермейді… Келесі 24 наурыз күні Бозашыдан көтерілісшілерге кептеген тың күш келіп қосылады. Көтерілісшілер енді отрядтың Фортқа қарай шегінетін жолын да кесіп тастайды. Амалы құрыған Рукин теңізге қарай ығысуға тырысады. Бірақ көтерілісшілер қазақтардың оқ жаудырғанына қарамастан, отрядты бұл бағытқа да аттатпай қояды. Осы арада қолма­қол шайқаста көтерілісшілерден бірнеше адам оққа ұшқан, отрядтан бір урядник, екі қазақ өлген. Отрядты ығыстыра­ығыстыра Үшауыз тар шатқалына әкеліп, айнала қоршап алған. Ат­ көліктерін тартып алып, түні бойы айнала от жағып қоршап тұрған. Олар отрядты әбден титықтатып, шығынсыз­ақ қолға түсірмек болады. Сол күнгі түнде Рукин Баймәмбетті көтерілісшілерді райынан қайтаруға жұмсайды. Бірақ көтерілісшілер оны атып. өлтірген. (Баймәмбеттің өлімі жайлы халық аузындағы аңызға кейінірек тоқталамыз). 25 наурыздың таңы құлан иектене бастасымен­ақ, қолға түсіп пенде болғысы келмеген Рукин көтерілісшілерді келіссөзге шақырып, ат­көліктерін қайырып беріп, аман­есен Фортқа жіберуін сұрайды. Бірақ көтерілісшілер оған көнбей, отрядқа лап қояды. Төрт күндік айқастың шешуші сәті де осы болған. Көтерілісшілер Рукинді және 16 солдатты өлтіріп, қалғандарын берілеуге мәжбүр еткен… (кейбір деректерде, елдің айтуынша олар түгелдей мерт болған С. Ә.). Үшауыздағы бұл жеңіс көтерілісшілерді әбден жігерлендіріп, олар енді сонау Форттағы бекіністің өзін талқандауды ойлайды… (М. Тұрсынованың аталмыш кітабы. 33­82 беттер). Үшауыз оқиғасының жайын Рукин отрядынан жалғыз тірі қалған қазақ Қосым Мырзабаев жағадағы қайықшыларға жетіп, Форттағыларға жеткізген»… (Қ. Сыдыиқов. «Ақын­ жыраулар»). Ол есебін тауып, бой тасалап, қашып құтылды ма, әлде көтерілісшілер оны елге зияны тие қоймаған, әрі қарт адам болған соң, босатып қоя берді ме, ол жағы белгісіз. «Үшауыздағы» айқастың нақтылы көрінісін Жиенқұл Сарманұлы Жаманбай Құдайбергенұлы, Молда Қыдырбекұлы, Өрісбай Алданұлы, Айтжан Қойшыбайұлы сияқты көнекөз қариялар кезінде сол көтеріліске қатысушылардан естігендерін куәлікке тарта отырып, былайша суреттейтін… …Үшауызды бекінген Рукин отрядын көтерілісшілер жан­жағынан топ­топ болып қоршап алады. Олардың келіссөзге келмегендігінен­ақ, лап қойып, отрядты жайпап өтуге бел байлағаны. түсінікті еді. Бірақ жағалай қоршаған топтың қайсысының шабуылды бастайтынын аңғара алмаған Рукин мергендерін қай бағыттан шабуылданса да баудай түсіруге бейімдеп орналастырады. Ол үш мергенді бірінің мылтығын бірінің иығына асылдырып, жүрелетіп отырғызған екен дейді. Мұндай тәсіл қажет жағдайда алды­артқа, оңды­солды шыр айнала атуға қолайлы еді. Мұны сезген Досан әр топтың басшыларына мынадай тапсырма. береді: — Мен бірінші болып шабамын. Шамам келсе, алдымен ана мергендерді шаншып тастауға тырысармын. Сол кезде сендер де тұс­тұстан ат қоярсыңдар. Үрейі ұшқан солдаттар кімді атарын, қалай атарын білмей, дабдырап та қалар. Сол бір сәл­пәл дағдарыстарында 400 қылыш пен найза түгел қимылдаса, ешқайсысы да аман құтылмас. Ал енді бір алла өзі жар болсын! — дейді. Сөйтіп, Досанның барлық тобы да бір мезгілде жан­жақтан атойлап шыға келеді. Бірақ жауға қарсы, оққа қарсы тура шапқан Досанның өзі бастаған топ еді. Досан соңына ерген шағын топтың алдында Рукинге қарай ағызып келіп, оқ жетер шамаға жетер­жетпесте көз ілеспес шапшаңдықпен құйындатып келе жатып астындағы қарабурыл аттың қапталына ауыса кетеді. Дәл осы сәтте қатар атылған Рукин мергендерінің оқтары аттың екі құлағының арасынан өтіп, кекілі мен жалын өртеп, ердің басының быт­шытын шығарып, үстіндегі көпшіктің жүнін .қопарып өтіпті деседі. Досан да осының болатынын алдын ала есептеген болса керек, алғашқы ол нөпірі өткен бойда­ақ ат үстіне қайтадан түзетіліп, мергендердің мылтықтарын қайтадан оқтатуына мұрса бермей, Қарабурылды ағызған бойы үшеуін де найзамен шаншып­шаншып жайратып өтіпті­міс. Неткен шапшаңдық, найзагерлік десеңші… Осы жерде Досанның өте шапшаңдығы, найзагерлігі, ерлігімен айырықша жаратылған адам екендігі жайлы әдетте «құйғытып шауып келе жатып, тақыр жердегі қойдың құмалағын жармай шаншып алып кетеді екен, «атқысы келіп көздегендерге ол бірнешеу болып көрінеді екен» дегендей аңыздарды еріксіз еске аласыз. Досан жазалаушыларға жетер­жетпестен­ақ көтерілісшілер тұс­тұстан лап қойған. Ыза­ кекпен әбден ширығып, алған 400­ден аса адам қорғаныста жатқан бас­аяғы 40 шамалы жазалаушыларды сүт пісірімдей уақыт шамасында ғана жермен­жексен еткен. Тарихи құжаттарда «подполковник Рукин өзін­өзі атып өлтірді» деп көрсетілгенмен, 50— 60 жылдарда көне көз қариялар «Досан Рукинді тірідей қолға түсіріп, ақ тастың үстіне бауыздаған екен» деп те әңгімелейтін. Сол кездерде Боранқұл барлаушылар поселкесінде тұрған Иса Диялбаев деген ақсақал Досанның ерлігі туралы әңгіме­аңыздарды көп білетін­ді. Рукиннің Досан қолынан мерт болғандығы жайлы сол кісі де айтып отырушы еді. Иса ақсақал,сонымен қатар, Иса, Досанның сенімді серігі. болған, бәйімбет тақтасының байшағыр ауылынан Бәйтерекұлы Көпмағамбет деген адамның ерлігі жайында да үнемі айтып отыратын. Көпмағамбет ел арасында Қара сері атаныпты. Кейін Сергей аталып кеткен. Оқиғаның болмысын зер сала пайымдап қарасақ, Рукиннің көтерілісшілер қолынан мерт болуы ықтимал тәрізді. Бірақ жоғарыға мәлімдеме жасаған майор Зелениннің патша. подполковнигі Рукиннің әскери соғыс өнерінен мүлде хабары жоқ,әрі қылыш, найзадан өзге қарулары жоққа тән қайдағы бір қыр қазақтарының қолынан өлді деуге арланып, жоғарыға оны орыс офицерінің намысың сақтаған етіп көрсету үшін өзін­өзі өлтірді деп мәлімдеме жасауы да мүмкін’сияқты. Үшауыздағы соқтығыста Рукин мен Баймәмбеттің өлімі жайлы экономист Жайшылық Төребев былайша әңгімелейді: Жайшылық Сәттіғұлдың «Досан батыр» дастанын толық жатқа білетін және оны Маңғыстау облыстық теледидарда, той­жиындарда айтып жүрген, әуені нақышты жақсы термеші де. Ол және оның аға, інілері бұл өнерді әкесі Сарманов Төребайдан үйреніпті. Маңғыстау өңіріндегі тұңғыш милиция қызметкерлерінің бірі болған Төребай ақсақал да жақсы. жыршы­термеші еді. Ол Досан батыр дастанын Сәтекеңнің өз аузынан үйренген екен. Төрекең 1939 жылы жұмыс ретімен жолсапарда жүріп, Шиделі деген жердегі көтеріліске қатысушы, әрі Досанның жақын ағайыны Шабай Барақұлын ұшырастырып, Досан батыр, туралы көрген­білгендерін сұрайды. Бұл Сәттіғұл дастанындағы: Қырық жігітке бас болып, Патшаменен қас болып, Інісі Шабай қасында Досан шықты алдынан, ­ деген жолдардағы Шабай еді. Сол кезде ол 92 жаста екен. (Осы кітапты шығарушы Сайын Әділханұлы сол Шабайдың немересі). Шабай Төребайға Үшауыздағы оқиғаны былайша сипаттапты. — Біз Рукиндерді қоршап алдық. Баймәмбет би Досан, Алғи, Исаларға келіп: — Келіссөзге келіңдер. Босқа қырыласыңдар. Талаптарыңды айтуға 5­6 адам барыңдар,­ дейді. Патшалық Ресейдің тым күшті жау екенін әбден жетік білетін өз заманындағы көзі қарақты, ой­өрісі кең адамдардың бірі Баймәмбет би шыңымен де көтерілісшілердің бәрібір Жеңіске жете алмайтынын біліп, босқа қырылудан, кейін елдің дүрбелеңге түсуінен сақтап қалғысы келген болуы да мүмкін. Бірақ көтерілісшілер өзара ақылдасып, қалай еткенде де шабуылдауды ұйғарады. Талаптарының орындалып, бұл қарулы отрядтың тып­тыныш қайтып кете қоярына сенбейді. Келіссөз үшін топтан бөлініп барған 5­6 адамды (әрине көтерілісшілердің басшыларын) алдап қолға түсіреді деп ойлайды. Өйткені келіссөзге келеміз деп, ақыры қанды қырғынға ұшыраған Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілердің қасіретті тағдыры жайында Иса, Досанның хабары болатын. Шынымен де Рукиннің ойы солай болуы мүмкін. Әйтпесе, көмек сұрап Фортқа кісі шаптырмас еді ғой. Сөйтіп, көтерілісшілер тұс­тұстан отрядқа лап қойған. Солдаттар дүрсілдетіп ата бастағанда, оңға қарай беттей алмаған қыр қазақтары жапырылып кейін қашқан. Тек Досан ғана ақыра шабуылдаған күйі отрядқа жетіп, оңды­солды қару сермеп кейін оралады. Осылайша, үш дүркін шабуылдаған Досан бірнеше солдатты жайратып кайтады. Осы бір сөздерді айтқан Шабай: «Қарағымның қас батыр екенін сонда ғана білдік қой. Солдаттар атып жатыр. Оған бірде­ бір оқ дарыған жоқ»,­ деп сақалын жуып жылаған екен. Содан ол төртінші рет шабуылдағанда. соғысқа еті үйрене бастаған көтерілісшілер тұтас лап қояды. Сөйтіп, көтерілісшілер отрядты жапырып өткен. Қарсы келіп қалған Досанға Рукин пистолетін кезей бастағанда, Досан оның білегіне ұрып үлгерген. Пистолет ұстаған қолы шошаң етіп жоғары көтерілгенде атылып кеткен оқ Рукиннің маңдайына тиген. Сөйтіп, ол өз оғынан мерт болыпты. Шабай атамыздың Төребайға айтқан бұл сөзіне Қарағанда, тарихи құжаттарда көрсетілгендей, «Рукин өзін­өзі атып өлтірді» деген тұжырым шындыққа саятын секілді. Отряд жермен жексен болғаннан кейін, Баймәмбет би: —Мен сендердің араларыңда жоқпын. Орыстың әкімін өлтірдіңдер. Енді мұның арты насырға шабады. Неде болса, қолмен істегендеріңді мойындарыңмен көтеріңдер, ­ дейді де кете барады. Көтерілісшілердің басшылары ойласып, Баймәмбет бізге ермейтін болса, оны тірілей жіберуге болмайды деп ұйғарады. Сөйтіп, Үшауыздың биігіне көтеріліп бара жатқан Баймәмбетке өз ағайындарының бірі бәйімбет тақтасының бір жігітін (өз ағайыны өлтірсе құн төленбейді) шаптырады. Рукин әскерінен қолға түскен пистолеттердің бірін әлгі жігітке ұстатып: —Жете бер де тілге келмей басып қаласың, ­ деген тапсырма беріледі. Олай етпесе бұрын соңды қолына пистолет ұстап көрмеген ол жігіттің Баймәмбетті өлтіре алмай қалуы да мүмкін еді. Жігіт шапқылап барып жатып: — Бәйеке, тоқтаңыз! ­ деп айқайлайды. «Не айтқалы келе жатыр екен, білейін» деп Баймәмбет кідіре, күтіп тұрады. Әрі өз ағайынын таныған да болуы мүмкін. Көтерілісшілер зақым жасар деп күтпеген ғой. Жігіт оның қасына таяна беріп, пистолеттің шүріппесін .басып қалған. Міне, Баймәмбет осылай өліпті. Оның мүрдесін көтерілісшілердің ішіндегі бәйімбет тақтасының 5­6 жігіті аулына жеткізіпті. Өз әкем Төребайдан естідім деп Жайшылықтың айтқандары осылар еді. М. Тұрсынованың аталмыш еңбегінде Баймәмбетті Рукиннен бұрын, көтерілісшілермен келіссөз жүргізу үшін барған кезінде өлтірілген деп көрсетіледі. Ал, көтеріліске қатысушылардан естідік деген айтушылардың сөздеріне жүгінсек, Рукин мен Баймәмбеттің өлімін жоғарыда келтіргеніміздей етіп сипаттайды. Оның қайсысы дұрыс?! Біз Үшауыздағы шайқас жайлы әртүрлі мәліметтерді де келтіруді жөн көрдік. Ал, шын. мәнінде қалай болғанын оқырмандардың өздері пайымдар.

Читайте также:  Сейтек Оразалиев туралы қазақша

Оставить комментарий