Шотан батыр

XVII ғасырда Кіші жүздің Есентемір, Алтын­Жаппас, Адай, Таз, Ысық, Апаша рулары және Жетірудың біразы Еділ, Жайық, Жем бойынан ығысып, Сыр бойына көшкені тарихтан белгілі жай. Оның арты ұлы сүргінге ұласып, 1723 жылдың сәуір айында мына жағы Еділден, мына жағы Созақ айналып келіп, Жоңғар қалмақтарының қазақты қыспаққа алып, ойран салғаны да шыңдық. «Ақтабан шұбырынды»… атанып, халықтың басы ауған жаққа шұбырған кезі де осы жылдар. Атақты Қожаберген жыраудың: Ызғарлы күн шығыстан жел келеді, Шұбырған Алтай жақтан ел келеді. Еділден Ұбашы қалмақ тағы шапты, Зор бейнет тас маңдайға кез келеді. Осылай екі жақтан тиді қалмақ, Әскерін күн­түн демей жиды қалмақ. Тұзаққа екі беттен шабуылдап, Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ, ­ деп жырлаған кезі де осы кез. Үш жүздің баласы Құлтөбеде бас қосып, қалмаққа аттанғанда, Әбілқайыр хан қолбасшы болды. 1732 жылы Аңырақай түбінде қалмақты енді бас көтерместей етіп қырып жеңіске жетті. Бірақ Әбілқайырды үш жүзге хан қылып сайламады. 40 мың әскердің бірі — мың басы Назарұлы Шотан еді… Оқиғаға байланысты жазбаны қайдан алғандығы айтылмағанымен, Аңырақай соғысына қатынасқан Адай батырлары туралы дерек, яғни Есенғұлұлы Есек, Назарұлы Шотан, Сабытай батырлар туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде бұрын жазылғаны оқырманға аян. Шотан тек құба қалмақпен болған соғыстың ғана батыры емес, Хорезм, Хиуа хандықтарына қарсы соғыстардың да куәгері болған адам. Тарихи әңгімелерде Шотан Назарұлы әрі би, әрі батыр аталынады. Ол туралы тарихи деректер Абыл, Сәттіғұл, Қашаған, Түмен, т.б. ақындар шығармаларында көрініс береді… Бүгінгі жас ұрпақ Шотан батырды, басқа батырларды да аз біледі. Оның себебі көп. Кешегі бір күндерде қызылдар қырғыны елді аласапыран қылды, ел есінен адасты. Біраз тарих жоғалды. Тіпті, бірқатар батырлардың сүйегінің қайда жатқаны белгісіз. Мысалы, Арқа қазақтары Қаракерей Қабанбайдың сүйегі жатқан жерді әлі күнге таба алмай, әуре­сарсаң күйде… Шотан батырдың сүйегі біраз іздеуден кейін, 1999 жылы Сисем ата қорымынан табылды. Батырдың белгісін табуға батыр ұрпақтары Ү. Сардарбеков, Қ. Сүйебаевтардың айырықша еңбек еткендерін атай кеткеніміз жөн. Шотан тек батыр ғана емес, сонымен бірге елшілік жұмысына да қатынасқан кісі. Бұл пікірімізге Әбіш Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» (Алматы, 1979. 42­6.) кітабындағы «1785 жылы Сырым батыр бастаған қазақ ру басыларының Әбілқайыр балаларын хандық биліктен босату туралы II Екатеринаға жазған өтінішінде, халық аңызында қазақтарды Маңғыстауға бастап әкеліпті делінетін Адай ру басылары Атағозы батыр, Өмір батыр, Шотан батыр, Асан бидің қолы жүр», — деген дерегі дәлел. Енді Шотан батырдың жас шамасы жөніне келейік. 1992 жылы қыркүйектің 6­сында Маңғыстау ауданының мерейтойына «Мұра» атты газет жарық көрді. Онда батырлар жөнінде дерек берілген. Тіпті, кейбіреулерінің туған­өлген жылдарын да шамамен көрсеткен. «Мұра» газетінде Шотан батыр туралы айтылған деректе оның туған­өлген жылдары көрсетілмеген. Ал Шотан батырдың тұстасы, жүз жасқа жақындап өлген Атағозы батырды 1732­1792 жылдары өмір сүрген деп шамалапты. Шамасы, шежіре жасаушы Мұрат Мөңкеұлы шығармаларынан хабарсыз болса керек. Атағозы жөніндегі деректерді жазбаша мағлұматтардан да, ауыз әдебиеті арқылы да табуға болады… 1750 жылдары Еділ­Жайықтың арасы, Сағыз, Жем бойы тарлық етіп, Адайлардың түстіктен ел жайлайтын жер іздей бастағаны белгілі. Сөйтіп, олар Үстірттің үстіне барлау жасайды. Ақырында Қаратүйе­Маната жеріне келіп, барлау салады. Осы күнгі Маната қорымында сондағы көп қырғынның іздері бар. Олардың ішінде Адай батырларының көпшілігі бар еді. Сол жолғы түрікмен мен қазақ арасында болған ұрысты Қашаған Күржімәнұлы жырға қосады. Ақын алдымен: Бірнеше күн өтеді… Қаратүйе­Маната деген жерге жетеді, ­ деп, шыңның ернегіне келіп аңтарылып тұрған көп әскерді елестетеді. Алдынан шыққан Хиуа әскерінің (ол кезде Маңғыстау Хиуаға қараса керек) қазақ әскерімен кездескен сәтін былай көрсетеді: Екі жақ та айқасып, Ұрыстың болды ұлысы, Қатар­қатар тұрысып, Саржаның тартты кірісін. Бөріктер ұшып торсылдап, Біреулер қалды қорсылдап. Қай жақтан да ер өлді, Аз өлмеді, көп өлді. Осы соғыстың ішінде Назарұлы Шотанның болғаны сөзсіз. Бұл түс Шотанның орта жасқа келген, нағыз қайраты толысқан дер шағы болатын­ды. Адай елінің жау табанының астында қалмай, Үстірттің кең жазығы мен самалды сары белдерін жайлаған кездері де осы жылдар еді. Маңғыстауды иеленуге байланысты талай батырдың аты, дос түгілі, дұшпанына мәлім болды. Осылардың арасында өресі биік болғандардың бірі — осы Шотан батыр­ды… Ой билігіне сүйенсек, қазақтар, оның ішінде Адай елі, 1750— 1770 жылдар арасында Қаратүйе­Манатаға дейінгі өңірде көшіп­қонып жүрген сыңайлы. Адайлардың Маңғыстау ойына 1770 жылдардан кейін құлағанын кейбір жазбалар мен қорымдардағы жазулар растай түседі. Шежіреші ақын Мұрат Мөңкеұлының: Есболай, Кете Әжібай қарай келген, Қасына батыр Жары Шотан ерген. Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып, Керелді Есболай бай мекендеген, — деуі осы бағытта біраз жайдан хабар береді. Ал Балтабасұлы Түмен ақынның: Әуелі алпыс үйден аз келіпті, Ішінде Ақпан деген таз келіпті. Есболай ере көшкен екі үй екен, Қалғаны қар кеткен соң, жаз келіпті, — деуіне қарағанда, Адайлар көшінің бірден сау ете түспей, біртіндеп келгені аңғарылады. Маңғыстау—Үстіртке ел қондырған батырлар бейнесі жорық жырларында, жыр­ қиссаларда көзге жылы ұшырайды. Солардың арасында да Шотан батырдың есімі айырықша көзге түседі. Олардың мінген тұлпарлары да аңызға айналған. Мысалы, Шотанның шұбар айғыры, оның баласы шұбар бесті туралы, Атағозының тілге үйренген Қоңыр деген аты, қан таңбалы, тай тұяқты Күрең аты, Қармыстың Қара айғыры, Қожагелдінің Ала аты, Балуанияздың Құла аты тарихи­әдеби деректерден белгілі. Шотан батыр, тек бір ауылдың ұраны емес, ол ­ халық перзенті. Ол өзін емес, өзгені айтып, елді ерлікке үндеген адам. «Аға» деп, Әжібайға бата айттыруы соның белгісі. Шотан батырдың жер дауы мен жесір дауына араласып, бітістіріп жіберген жерлері де аз болмаған. Атағы жер жарған батырлардың өзі Шотан батырдың сөзіне құлақ асқан. Біз батыр бабамыздың есіміне байланысты бірер дерекпен тарихи оқиғалар тереңіне көз жүгіртіп отырмыз. Бұл Шотан батырға байланысты өмір­дастанның бір елесі ғана… Шотан батыр, Атағозы батырлар отаршылдық ниетімен келген Ресейге қарсы аттанған, Сырым батыр көтерілісіне де қатынасқан деген деректер бар. Ол — бөлек зерттеуді керек ететін мәселе. «Жүк ауырын нар көтерер, сөз ауырын ер көтерер» демекші, батырлар болмағанда, «қара қазан, сары баланың» ертеңгі күні қалай болатын еді? Шотан батырлар тұсында талай жаудың беті қайтты, талай жесір әкелініп, олар ана болып, елді көбейтті. «Елге ел қосылса — құт, елден ел кетсе — жұт» дегендей, елдің көбейгені, баланың көбейгені елге құт болды, жігерді жебей түсті. Егер елден Шотаңдай ұл тумаса, ата жолын қумаса, елге, руға дұрыс бағыт беріп отыратын қой бастар серкесі болмаса, ел ел болар ма еді?.. Онда кез келген жау елдің бағын байлап, халықтың, ұлттың намысын өшіріп, сағын сындырмас па еді? Шотандардай ұлы бар ел бақытты ғой! Әлеуметтік әлімжетіктерден талай көресіні көрген ұлттық санамыздың, қуанып та, ұялып та, ұлықтайтын да тұстары келді,» — деп еді бір сөзіңде үлкен жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев. Шындыққа жүгінсек, Шотан батырдың ерліктері Сырым, Бөгенбай, Қабанбай, Исатай, т.б. батырлардың бірінен де кем емес. Ол — Шотан болып туды, Шотан батыр, Шотан би атанып өмірден өтті. Оның тарихы әлі зерттеле түсуге тиіс.

Читайте также:  ТЯНЬ-ШЯННЫҢ СОЛТҮСТІГІНДЕГІ ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ

Оставить комментарий