ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ОТАРЛАУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫЛЫҒЫ

Жазба заңдары, олардың іске асуын қамтамасыз етерлік тұрақты, жүйелі шенеуніктік мемлекеттік аппарат қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталған отырықшы мәдениеттерге тән түрлі хабарламалық құралдардың мүлдем жоқ жағдайында рухани мәдениеті ауызекі дәстүрге негізделген көшпелілер қоғамында айтылған сөз ерекше мәнге ие болды. Ортағасырлық Майқы және Жиренше, «Ақтабан шұбырынды» дәуіріндегі Төле, Қаздауысты Қазыбек, Бұқар сияқты шешен, би, жыраулардың айтқан сөздерінің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы аса үлкен орны, сондай­ақ олардың өздерінің тікелей саяси қызметпен айналысуы арасындағы байланыстың болуы кездейсоқ құбылыс емес­тін. Бұл – көшпелілер мәдениетіне тән қоғамдық қатынастар ерекшелігінен және оның өзіне ғана тиесілі әлеуметтік және рухани заңдылықтардан туындайтын шындық. Міне, осыған байланысты қазақ шешен, билерінің, ақын­жырауларының айтқан сөзіне, қалдырған мұрасына тек көркем сөз туындысы ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ойдың үлгісі есебінде де қарау, сол тұрғыдан ғылыми талдау жасау ­ олардың табиғатынан туындайтын методологиялық қажеттілік. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әдебиетінің алтын дәуірі ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ахмет, Міржақып және Мағжан шығармалары да бұл талаптардан тыс қала алмайды. Өйткені бұл кезеңдегі шығармашылық иелерінің туындылары ­ көтерген қоғамдық жүгі жағынан Бұқар, Дулат, Абай сияқты түрлі тарихи кезеңдердегі ойшылдардың шығармалары мен логикалық жалғасы бар, пайда болған ортасы, соған сай атқарған қызметі тұрғысынан да өзара тығыз байланысты дүниелер. ХVІІІ ғасырдағы Бұқар жырау да, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ахмет, Міржақып, Мағжандар (революцияға дейінгі кезеңде) да негізінен феодалдық қатынастар үстемдік құрған қоғамының өкілдері. Айырмашылығы Бұқар жырау гүлдену шегіне жеткен феодалдық қатынастар жағдайында, кейінгілері өзін өзі ақтаудан қалған, оның үстіне капитализмнің ықпалымен ыдырау жолына түскен феодалдық қатынастар жағдайында, Бұқар жырау Қазақстанның Ресейге енді қосыла бастаған шағында, ал Ахмет, Міржақып, Мағжандар метрополия мен отар арасындағы қайшылықтар асқынған жағдайында ғұмыр кешті. Қазақ қоғамы тарихында өзара айырмашылығы бар бұл түрлі тарихи дәуірлердің аталған ойшылдардың шығармашылығына да әрқилы әсер еткенін мойындай отырып, сонымен бірге ортақ қоғамдық құбылыстардың идеялық өзектестікке де негіз болғандығы даусыз. Қазақ халқы тарихының күрделі кезеңіне тұтас келетін Қалқаманұлы Бұқар жыраудың (1668­1781) шығармашылығы да өз заманындай қайшылықты. Өзінен бұрынғы ақындық мектептердің озық үлгілеріне негізделген жырау толғауларына бұдан былайғы тарихи кезеңдерде қазақ ақын, ойшылдары үшін де дәстүрлі тақырыпқа айналған мынадай екі өзекті мәселені байқаймыз. Олар «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан кейін қазақ қоғамы алдына көлденең тартылған өзекті мәселелер — отарлық тәуелділікке ұшырау қаупі алдында бүкілхалықтық бірлік үшін күрес қажеттілігі және Ресеймен қатынастың бағыт­ бағдары еді. Бұл екі мәселенің алғашқысына байланысты Бұқардың ұстанған және өзі жалынды насихатшысы болған позициясы көрнекті замандастары Төле және Қаздауысты Қазбек билердің ұстанған бағытынан алшақ емес, қайта олардың ортақ игі ниеттен және тілектен туғандығы айқын байқалып отырады. Бұл тұрғыдан «обаға жығар еріңді жалғыз аяқ қашпа жол» деп білген жырау қоғамдық ойда және позицияда ұлттық бірліктің алғашқы ірі жаршыларының бірі болды. Жырау өзінің тағы бір белгілі замандасы, қазақ жасақтарының қолбасшысы Бөгенбай батыр қызметін де бір рудың немесе жүздің шеңберімен шектемей, «еңбек қылған ел үшін, қазақтың абырой­арына сарып қылған бар күшін», ­ деп бағалады. Бұл қазақ қоғамдық ойының сапалы жаңа сатыға, яғни ұлттық тұтастықтың маңызын өз деңгейінде бағалау және ол үшін бүкілхалықтық көлемде күресу қажеттігін мәселе етіп қою сатысына көтерілгендігінің көрінісі болатын. Жырау шығармашылығының өз дәуіріндей күрделілігі мен қайшылығы патшалық Ресеймен қатынасты қозғайтын толғауларынан анық байқалды. Өйткені Бұқар өмір сүрген уақытта Ресей мен қазақ қоғамы арасындағы жаңа ғана басталған қатынастың жағымды жағы мен патшалық отарлау аппаратымен ілесе келген жағымсыз зиянды элементтердің араласа жүруі қоғамдық ойда да қайшылықты ағымдар туғызған­ды. Жырау толғаулары соған куә. Ресей сияқты қуатты мемлекетпен бейбіт, жылы қатынастың берер пайдасын жақсы түсінген ойшыл, Абылай ханға Ресей ұлы жұрт, «орыспен соғысып, басына мұнша көтерген жұртыңа жаулық сағынба» дейді. Сонымен бірге елінің болашағын ойламайтын парасат иесі жоқ. Патшалықтың отарлау саясаты қиын­қыстау заманда ел ақылшысы дәрежесіне көтерілген жыраудың көңіліне күдік салады. Мұның да табиғи құбылыс екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Ханның өтініші бойынша Асан Қайғының «қилы­қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деген астарлы афоризмінің шешімін айта келіп, жырау: …Қарағай судан қашып, Шөлге біткен бір дарақ. Шортан шөлге шыдамсыз, Балықтан шыққан бір қарақ, Ойлама шортан ұшпас деп, Қарағайға шықпас деп. Күнбатыстан бір дұспан, Ақырда келер сол тұстан. Майлы май жағар ұртына, Ел қамын жеген жақсыны Сөйлетпей ұрар ұртына, ­ дейді. Әрине, патриархалдық­феодалдық қатынастар мен идеология үстемдік құрған заманда өмір сүрген жыраудың «ел қамын жеген жақсы» деп отырғаны хан мен оның соңына ерген билеуші шонжарлар екендігі даусыз. Дегенмен жыраудың айтпақ ойы басқа, яғни отарлау саясатының негізгі мұраты саяси бостандықтан, теңдіктен айыру екендігін жеткізу болса керек. Осы мақсатта бағындырушы қолданатын саяси әдістерді де көрсеткендей еді. Жырау жауабы іс жүзінде қазақ даласына тереңдей еніп келе жатқан патшалықтың отарлау саясатына, оның қазақ қоғамы үшін тиімсіз нәтижелеріне қарсы бағытталған қоғамдық ойдағы жаңа бағыт болатын. Ал осы Бұқар заманында отаршылдық саясат тек төбесін ғана көрсеткені болмаса, бет әлпетін әлі толық танытқан жоқ­тын. Бұқардың толғауында дөп басып, дәлелді айтудан гөрі жорамалдау, тұспалдау басым болуы да сондықтан. Дегенмен Қазақстандағы отарлау саясатының бет­бағдары осы тарихи кезеңнің өзінде­ақ анықтала бастаған­ды. Оның негізгі бағыттары — ішкі феодалдық өзара алауыздықты ұтымды пайдалана отырып, қазақ қоғамы көлемінде мемлекеттік бірліктің қалпына келуіне жол бермеу, саяси анархияны қолдау, сол арқылы қазақ қоғамын әлсірету. Тек осы қазақ қоғамын саяси әлсірету саясаты патша үкіметіне қазақ даласына кең түрде тереңдей енуге жол ашып берген еді. Бұл саясаттың астарын өмірінің соңына қарай жарым­жартылай түсіне бастаған, бірақ оны қайткен күнде де өзінің тар хандық мүддесіне пайдаланудан бәрібір бас тартпаған Әбілхайыр хан 1747 жылы Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған хатында былай деп жазды: «Сию Кайсацкую Орду прежде моего подданства никто не знал и не нахаживал, но прежде всего всех сию дорогу проложил я, нижайший, а по мне и дети мои чин себе выслужили. Но мне год от годы высочайшая вашего и. в. милость и награждение убавляется, а кои нижние мои, те возвышаются, незнаю от чего». Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатының қайнар басында тұрған И.И.Неплюев Әбілхайыр өлгеннен кейінгі кезеңде де хандық билікті астыртын ыдырату саясатын одан ары жүргізуді ұсынды. Ол сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында бұл міндетті іске асыру жолдары туралы: «А по крайне мере ныне для первого случая сим начать, чтобы они учинили выбор по старшинству и народному желанию, кому на место Абулхаирово ханом быть, высочайшемуся и.в. милости и апробации подвергнулись и сей метод до времени продолжить…», ­ дейді. Бұл арада егер хан помещиктік Ресейге қазақ даласын қолынан жетектеп әкеліп қосып, өзіне шен­шекпен алып, ұлы хан тағына отыруды көздесе, өз кезегінде патшалық ханның емеурінін жақсы түсінгенімен, бірақ өз мүддесінен бас тарта қоймағандығын, яғни алғашқы жылдардан­ақ қазақ қоғамының саяси тәуелсіздігін біржола жоюды көздегендігін байқау тіптен де қиын емес. ХVІІІ ғасырдың бел ортасында Неплюев ұсынған бұл стратегиялық әдіс кейіннен өз жалғасын тапты деп айту аз, ол Шортанбай ақын айтқандай, саяси «торға» айналды. Егер Бұқар жырау заманында отарлау саясаты қалыптасу кезеңінде болса, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, яғни Дулат Бабатайұлы (1802­1874) және Шортанбай Қанайұлы (1818­1881) сияқты қоғамдық ой өкілдері тұсында нақты жүйелі күшке айналып үлгерген еді. 1819 жылы Уәли ханның қайтыс болуына байланысты жазылған ресми документте мынадай деп көрсетілді: «Избрание нового хана до времени отклонить …Ни в коем случае не должно допускать, чтобы султаны и старшины сами собою, без дозволения и без руководства, приступили к выбору хана». Ал 1822 және 1824 жылдары енгізілген уставтар бойынша Орта және Кіші жүз жерлерінде хандық билік біржола жойылды. Сөйтіп, қазақ қоғамындағы саяси биліктің бүтіндей орталық әкімшіліктің қолына өтуі патшалықтың қазақ жеріне өз билігін орнатты, қазақ­орыс шекара бойы бекініс қала қоныстардың түсуі, жаңа тәртіппен бірге халықты тонауға бағытталған сауданың, түрлі алым­салықтың құйтырқы әдістерінің келуі, патшаның «шекпеніне елін сатқан» жергілікті феодалдардың өз халқына қарсы жасаған әрекеттері — осының бәрі қоғамдық ойда «Зар заман» аталған ағымды туғызбай қоймады. «ЗАР ЗАМАН» АҒЫМЫ өкілдері өз шығармашылығында қазақ қоғамының сол кездегі екі жауын айшықтап көрсетіп берді. Олар, біріншіден, қазақ даласын, оның мекен еткен елді билеп­төстеуді мақсат еткен самодержавиелік билік, онымен бірге ере келген, онсыз да алауыз қоғамды бөліп, жаруға қызмет еткен тәртіптер болса; екіншіден, сол жаңа билікпен ымыраға келіп, оның арзан, жалдамалы құлына айналып, түптеп келгенде, еңбекші бұқараны сыртқы жаумен бірге соруға ықыласты жергілікті бай, сұлтан, атқамінерлер еді.

Читайте также:  Инвестицияларды экономикаға тарту механизмі жəне мемлекеттік реттеу бағыттары

Оставить комментарий