Шыңғыс хан мемлекетіндегі құқықтық жүйе

Қазақстан Республикасының ұлттық құқықтық жүйесінің эволюциясында, өткен кезеңдердегі дәстүрлі құқықтық жүйенің кейбір құқықтық нормаларының алатын орны зор. Құқықтық мемлекеттің дамуындағы қоғамдағы құқықтық өзгерістерді жүргізуде ұлттық салт-дәстүрлерімізді саралап, екшеп отыру өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда біз бұл мақалада көшпелі өркениеттің дамуындағы ерекше саяси-құқықтық мәні бар кезеңнің әдет-ғұрып заңдарына, олардың қалыптасып және дамуына қоғамдағы реттеушілік қызметіне назар аударғымыз келеді. ХІІ ғасырдың соңы ХІІІ ғасырдың басында Орталық Азияда бүкіл моңғол тайпаларын біріктірген, жаңа көшпелі империяның негізделуі басталды.Мемлекет және құқықтың орта ғасырлар тарихында моңғол үстемдігі кезеңі ерекше орын алады. Біріншіден бұл кезең заңгер, тарихшы ғалымдар тарапынынан зерттелген кезең, екіншіден бұл саяси- құқықтық кезең туралы деректер де мол. Осындай себептерге байланысты моңғол үстемдігі кезеңі белгілі дәрежеде бұрын соңды ұлы далада пайда болған көшпелілер империяларының мән-мағынасын, құқықтық негізін түсінудің тікелей жолы. Еуразия көшпелілерінің мемлекеттік, құқықтық дәстүрлері моңғолдардың үстемдік дәуірінде үлкен өзгерістерге түсті. Қазақ мемлекет және құқық тарихы тарихы тұрғысынан келсек, бізге осы құқықтық өзгерістердің көш басында тұрған Шыңғыс хан тұлғасы 88 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы да дерек. Негізгі тарихи қозғаушы күш моңғолдар болғанымен бұл дәуірде Шыңғыс ханның мемлекеттілікті дамытудағы орыны орасан зор. Зерттеушілер Шыңғыс ханның көшпелілерге енгізген тәртібі өзіне дейінгі дәстүрге сүйеніп жасалғанын ескертеді: «Таким образом очевидно, что Чингис-хан собрал все имеющиеся да него изустные законы, и этот то законодательный акт и составил «Великую Ясу» [1,60]. Шыңғыс ханның «Яса», біздің қазақ тілінде «Жасақ» заңдарының мәтіні толықтай жиналған жоқ, олардың көпшілігі ауыз екі дәстүрмен өмір сүрген ортада жоғалып кетті. Осыған қарамастан Рашид ад-дин, Джувейни, Хондемир сияқты араб-парсы тарихшыларынан кейбір деректерді кездестіреміз. Олардың ішінде құқықтық жүйеге қатысты құнды деректердің көзі болып табылатын Ата-Мелик Джувейни «мұңғыл- татарда өзінде жазу-сызу болмағандықтан, балалар сауаттылыққа үйренсін деп Шыңғыс ұйғырдың ұстаздарын келтірді» дейді. Құқықтық ережелерді, кеңсе ісін жазба дәстүрге көшіруде Шыңғыс хан Найман Ордасының үлгісін ұстанды, оның кеңсе ісін жүргізіп, балаларына сабақ берген алғашқы ұстаз сол Найман Ордасында қызмет жасаған Тату тунга еді » [2,60]. Бұл мәселе туралы Шыңғыс хан ұсынған құқықтық нормалар «Жасаққа» енді. Ол бойынша: «Мемлекет басының әр түрлі жарлықтары хатқа түсірілсін және әр түрлі құрылтай кезінде басшылыққа алынсын (әсіресе бір жорық жасарда, көрші елдерді бағындырарда». Шыңғыс құрған моңғол империясының негізгі заңы «Жасақ» барлық діндерді қатар ұстауды талап етеді. Себебі мемлекет және құқық тарихын көптеген зерттеушілердің жазуына қарағанда «өздері ешқандай да бір дінге сенім білдірмейді» [3,184]. Біздің пікірімізше «Жасақ» заңдары ең алдымен империя құруға бағыт алған елдің, әскери жағдайында тұрған елдің құқықтық нормаларының жиынтығы. Мемлекеттік-құқықтық құрылымды нығайту үшін Шыңғыс хан түрік дәуірінен қалған ерекше әскери-әкімшілік жүйе «ондықты» пайдаланды. Ол үшін әр он адамның ішінен басшы сайлатып, оны жүздің ішіне, жүзді мыңның ішіне енгізді. Он мыңдықты түркі дәстүрімен «түмен» атады. «Жасақ» заңы бойынша әр адам өз ондығына жауап беретін болды, осы ондықтың ішінен бір адам қашса, немесе қылмыс істесе қалған тоғызы жауап беретін болды. Ондық жүйе бір жағынан әскерде темірдей тәртіп орнатса, екінші жағынан ұлысты, бір орталыққа бағынған жүйені күшейтті. Орталық билік өз кезегінде ұлы империяның бір шеті мен екінші шетін байланыстыратын сауда және керуен жолдарын, хат-хабар қызметін реттеді. Бұл саяси- құқықтық өзгерістер Шыңғыс хан кезінде басталып, оның баласы Үгедей тұсында орнықты .Ұзын жолдардың бойына жәмші ашып, ол жерде жолаушы дем алып, ат ауыстыратын, ас-уақыт ішіп алатын мүмкіндік жасады.1234 жылғы құрылтай шешімі бойынша моңғол билігіндегі ұлыстарды барлық ұлыстар мен уәләйаттарда пошта қарым қатынастарына жауап беретін жауаптылар сайланды. Қағанның ұлысынан -бітікші Хуридай, Шағатайдан- Тайчутай, Батудан- Суку Мулчитай, Төледен- Елшетай. Мысалы Моңғол империясының астанасы Қарақорым мен Қытай арасында әр бес фарсангқа (жеті- сегіз км) «ям» салынды, осылайша отыз жеті ям қызмет жасады. Кіші бекеттерді «нарин ям», ал үлкен бекеттерді «баян ям» деп атады» [4,36]. Осындай құқықтық шаралардың жүргізілунің негізінде мемлекеттік билік күшейіп, жергілікті билеушілердің мен-мендігі тиылды. Бұл шаралар кең байтақ империя ішінде құқықтық тәртіптің қалыптасуына тікелей әсер етті. Мемлекеттің орталық билігі мен құқықтық жүйесін күшейту арқылы «Жасақ» өзіне дейінгі рулық-көсемдік билік жүйесіне аса күшті соққы берді. «Шыңғыс өзінің жарлықтарымен Жасақ деп аталатын кітап қалдырды, — деп жазады араб саяхатшысы Ибн Баттута 1350-шы жылдары. –Кімде-кім «Жасақтың» ережесін 89 № 1 (74) 2010 қолдамаса, орындамаса орнынан алынады. Жасақтың талабы бойынша, олар жылына бір рет жиналады, оны той немесе мереке деп атайды. Жер шарының әр қиырынан Шыңғыстың тұқымдары, әмірлері, қатындары мен әскер басылары бас қосады. Егер сұлтан Шыңғыстың ережелерін бұзса, басқалары орнынан тұрып: «Сен «Жасақты» бұздың, мынаны былай істедің, сол себептен сені орныңнан аламыз, тайдырамыз биліктен» деп оны қолынан ұстап тақтан түсіреді де, Шыңғыстың тұқымынан өзге адамды отырғызады. Ал белгілі әмірлердің бірі ережені бұзса қылмысына қарай сол елдің өз ішінде жазасын береді. Сұлтан Тармашырын бұл Жасақты өз елінде жойған еді. Ел бір жағынан соған, бір жағынан Тармашырынның шығыс аймаққа (Жетісу) келмегеніне өкпелі еді. Сол себептен төртінші жыл дегенде Алмалық қаласында Бұзан оғланды ақ кигізге салып хан көтеріп, Тармашырынды биліктен аластады. Бұзан оғлан қалың әскермен Самарқанд пен Бұқараға келіп өз иеліктерін түгендеп, Тармашырынды өлтірді» [5,86- 90]. «Жасақ» ережелерінің мемлекеттің құқықтық дамуындағы аса маңызды мәселесі мұрагерлікті реттейтіні туралы деректі Өтеміс қажының «Шыңғыс наме» кітабынан да көре аламыз. Бұл шежіре кітап Жошы хан өлген соң оның ұлдары арасындағы хан тағына кім отыру керек деген сұрақ бойынша пайда болған сұхбатты баяндайды. Жошының үлкен баласы Ежен өзінің інісі Сайынға «Менің сенен жасым үлкен екені рас. Бірақ атамыз сені ерекше жақсы көріп, ерке өсіріп еді. Осы уақытқа шейін сенің еркелігіңді, бұйрығыңды, сөзіңді түгел көтеріп келдім, ал хан болсам бұрынғыдай сенің айтқаныңнан шыға алмаймын. Таққа арамызда ұрыс керіс болар. Сен ақ хан бол, сенің хандығыңа мен шыдармын, бірақ менің хандығыма сен шыдамассың» дейді. Сол кезде Сайын (Бату) «Ол не деген сөз? Жасақты ағам тұрғанда қалай хан боламын» деп жалынады. Осылайша аға іні екі азамат осы даудың шешімін іздеп аталары Шыңғыс ханға келеді» [6,121]. «Жасақ» ережелеріне сәйкес моңғолдардың жүргізген жаулап алу соғыстарына байланысты елдің тәртібін қатаң ұстайтын әскери заңдар күшейтіліп, жау әскерінен қорқу, қашу үлкен қылмыс саналатын, сүйекке таңба деп есептелінді. Мысалы 1216 жылы меркіт пен найман елдерін қуа келген Жошы Ырғыз-Торғай даласында Хорезм шах әскерлерімен жолықты. «Құпия шежіре» баяндайды: «Жошы хан Сұлтан Мұхаммедтің қуып жететінін көріп, бектерімен ақылдасты. Олар: «Шыңғыс хан бізді Сұлтан Мұхаммедпен соғысуға жіберген жоқ, шап деген елін шаптық. Жау көп, біз азбыз, сондықтан біз жүре берейік, егер бізді қуып, азғана әскер жетсе, онымен соғысайық» деді. Сонда Жошы тұрып «Ертең елге барғанда әкеме, ағаларыма не айтамын? Алыстан жауды көріп қаштық деймін бе?» деді де, бектерінің сөзін тыңдамай, жаумен соғысуға дайындалды. Жошы хан алдыңғы әскермен Сұлтан Мұхаммед әскеріне қарсы шабуыл жасап, тушыға дейін жетіп, Сұлтан Мұхаммедтің қалқанын үш рет шапты. Шах әскері шегінуге жақын еді…» [7,62]. Осындай жанқиярлық істердің арқасында іргесі қаланған және Еуразия тарихына «Жошы ұлысы», немесе Алтын Орда деген атақпен енген ұлыс «Жасақ» заңдарын одан әрі дамытып, өзінен кейін өмірге келген бірнеше ірілі ұсақты мемлекеттерге құқықтық негіз салып беріп кетті. Соның бірі қазақ сахарасында ХУ ғасырдың ортасында өмірге келген Қазақ хандығы аталған мемлекеттік құрылым осы кезеңде жүйеленген әдет- ғұрып заңдарына, оның құнарлы бөлігі «Жасаққа» негізделді. Қазақ хандығындағы сияқты Алтын Орда хандарының жанынан біз қара сүйек әлеуметтік тобы ішінен шыққан жыраулар мен билерді көреміз.Дәстүрлі құқықтық жүйені зерттеудегі құқықтық мәліметтерді толықтыра түсетін ауызша тарих деректері 90 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы біздерді Әз Жәнібек ханның ақылшысы Асан қайғы, Тоқтамыспен ренжісетін Едіге би тағы басқалармен таныстырады. Сонымен бірге Шыңғыс тұқымының билігі әлсіреген тұста қара сүйектен шыққан ел билеушілерінің күшейгенін Қият Мамай, Теңіз Бұқа, Исатай, Жыр Құтлы тағы басқа мысалынан көреміз. Қара сүйек топтың ішінде көшпелілердің әдет-ғұрып заңдарының даму үрдісіне көп ықпал еткен Едіге бидің орыны ерекше. Оның бір қыры мемлекеттің саяси билігі үшін күресу болса, екінші қыры көшпелілердің құқықтық жүйесін әрі қарай дамытқан заңгерлік қызметі. Едігенің құқықтық қызметі қазақтың ауызша тарихында өте жақсы сақталған. Қазақ аңыздары Едіге жас күнінде-ақ билік айта бастапты дейді. Енді Едіге айтты деген биліктердің мысалын келтірейік: «Күндердің күнінде екі кісі келе жатыр еді. Қой бағып жүрген балаларды көрді. Едіге балаларға айтты: «Өздеріңіз сәлем бермеңіз, егер сәлем берсе алыңыз. Сәлем бермейсіндер деп сөксе жауабын мен берейін» – дейді. Екі кісі келді. Балалар сәлем бермеді. Балалар неге сәлем бермедіңдер» деді. Едіге «бастан өздерің неге сәлем бермейсіңдер?» деді. Екі кісі айтты: «Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе?» Едіге айтты: «Біз үлкен». Екі кісі: «Сендер қалай үлкен боласыңдар ?» -деді. «Егер мен тоқсан баланың жасын санап салсам сонда біз үлкен болмаймыз ба ?» — деді Едіге. Екі кісі сөзден жығылды да «бағанағы дауымызды осыған салайық» деді. -«Ей бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді дауымызды саған салғалы тұрмыз. Бітіресің бе ?»-деді. «Егер құдай аузыма салса бітіремін» деді. -Олай болса мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген. Мен Кеңестің ұлы Кенжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді. Онан қашқан қоян да менікі еді. Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды атып алыпты. Осының төресін беріңіз» деді. «Сен қай жерден аттың?» деп Көкжалдыдан сұрады. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетті. «Егер бір төре берсем, екеуіңіз де көнесіздер бе?» деді. Екеуі де «көнеміз» деді. Баланың төресі қоянды алып бір балаға құшақтатты да Кеңестің Кенжанбайына айтты: — Балаға тигізбестен атқан жерден ат, егер балаға тигізсең – құнын бер, оқ далаға кетсе – қояннан бейдамақ бол, тигізсең – қоян сенікі болады» деді. «Бұл төреге көнбеймін. Тоқтамыс ханға барамын» деп Кенжанбай ашуланды. Қайтып келді. «Ұстат балаңа, атамын» деді. Балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізді. Едіге: «Ендеше бұрын көрген қоян сенікі» деді. Көкжалды: «бұл төреңе көнбеймін» – деп ашуланады. Екеуі Тоқтамыс ханға барысты. Хан алдында Кенжанбай: «бір төре болып еді» деді. Тоқтамыс хан «қандай төре» деп сұрады. Кенжанбай баланың берген төресін айтты. Сонда Тоқтамыс хан: «Сол баланың төресі – төре, біз ондай төре алмаспыз да» – деді» [8,751-753]. Аңыз мәтініне қарағанда Едігенің мемлекет қайраткері ретінде қызметі осы билігінен кейін басталады. Қазақ заманында Едіге айтқан билік шешімдер үлгі (прецедент) ретінде қолданылғаны қазақтың тарихи-құқықтық деректерінен белгілі . Едіге биліктерімен Еуразия көшпелілері мелекеттілігінің бірнеше ғасырларға созылған моңғолдық кезеңі аяқталады да, оның орнына таза қазақтық кезең басталады. Алтын Ордалық кезеңнен біз әдет-ғұрып заңдарының қажет жағдайда үлкен империялық қауым ішіндеі күрделі қарым қатынастарды реттей алатынан көреміз. Бұл тарихи- құқықтық сабақтастық түркі дәуірі мен моңғолдардың мемлекет басқару тәжірибесінен көрінеді. Еуразия кеңістігін мекендеген халықтардың әдет-ғұрып заңдарынынан қайнар көзін алатын Шыңғыс заманының құқықтық мұрасы әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді. Өркениеттердің бір-бірімен бәсекесі кезеңінде дәстүрлі құқықтық жүйенің құндылықтарын танып-білу, оларды сот-құқықтық реформаларды жүргізуде тиімді пайдалану қазіргі заман талаптарның бірі. Дәстүрлі құқықтық жүйе жаңа заман құқықтық 91 № 1 (74) 2010 жүйесінің негізі, іргетасы болуы қажет. Ол мемлекет азаматтарының адамгершілік, ар- ождан, рухани қасиеттерін ұлықтауға көп үлес қосады.

Читайте также:  Мәдениеттің түпкілікті сипаттамасы

Оставить комментарий