Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетіндегі ұлттық сана мен ұлттық идеология

Қытайдағы қазақтар әдебиетінің жергілікті ерекшеліктері Бір тұтас қазақ әдебиеті деп аталатын мәуелі байтеректің мол жемісті бұтағының бірі ­ Шығыс Түркістан қазақтары, немесе қытайдағы қазақтар әдебиеті болып табылады. Алайда ол түрлі тарихи, саяси, ел­аралық қарым­қатынастардың өзгермелі жағдайларына байланысты еліміздегі қазақ әдебиеттану ғылымында да, тұтас түркілік әдебиеттану тарихында да өзіне ылайықты орын ала алмай келді. Қытайдағы қазақтан шыққан зерделі, ұлтжанды әдебиетші, зерттеуші ғалымдар бұл тұрғыдан аса ауқымды ізденістерге барып қыруар жұмыс тындырып үлгерген еді. Олар өз зерттеулерінде Қытайдағы қазақтар әдебиетінің пайда болуымен қалыптасу, кемелдену тарихын бір тұтас түркілік әрі тұтас қазақтық ауқымда қарастырудың ұтымды ғылыми теориялық негіздеріне арқа сүйейді. 1996 ­ жылы «Шынжияң халық баспасынан» шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты үш томдықтың «Халық ауыз әдебиеті» делінген І ­ томында ол принцип былай көрнекіленген: «Халық ауыз әдебиеті мейлі қайсы елде жасап отырғанына қарамастан тұтас қазаққа ортақ мұра екені жұртқа аян. Сондықтан оны мемлекет шекарасымен шектемей кеңінен қамтып жазуды дұрыс деп қарадық». Ал қазақ әдебиеті тарихының классикалық жазба әдебиетіне арналған екінші томы “Ежелгі заман әдебиеті” (жаңа эраның Ү ғасырына дейінгі дәуір), «Ерте заман әдебиеті» (ҮІ ғасырдан ХІХ ғасырдың кейінгі жарымына дейінгі дәуір), болып екіге бөліп қарастырылады. Мұнда ХҮ ғасырдың орта шенінде қазақ хандығы құрылғанға дейінгі түркі тілдес халықтармен олар құрған ұлыстық хандықтар дәуіріндегі әдебиет пен белгілі әдебиет қайраткерлерінің айтулы еңбектерінің қазақ әдебиеті тарихында ылайықты орны бар екендігі басты назарда болады. Оларды дәйек­дәлелсіз белгілі бір түркі ұлтына тәуелдеуге ұрынатын өзімшілдікке сын көзбен қарау бүгінгі тұтас түркілік бірлікке жетудің алғы шарты ретінде деп қарастырылуға тиіс. Таяу заман қазақ жазба әдебиеті жөнінде сөз болғанда әлемдік классика деңгейіне көтерілген ұлы кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбаевқа ерекше орын берілуі керектігі баса айтылады. Қытайдағы қазақ әдебиетіне оның ықпал­әсері былай бағаланады: “…Абайдың шығармалары мемлекет шекарасымен шектелген жоқ. Қазақтар қай елде тұруына қарамастан оны күллі қазақтың ақыны деп қарайды. Оның Жұңго қазақ жазба әдебиетінің жарыққа шығуы, қалыптасуы және дамуындағы ықпалы терең, ұстаған орны бөлекше”. Жоғарыдағы айқын тұжырымдар нағыз ғылыми, обьективті ізденістер арқылы қорытылған азаматтық, әрі байсалды ғылыми ақыл­ойдың жемісі деп қараймыз. Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы тұтас қазақ әдебиетінің қалыптасу, өркендеу барысымен тікелей байланысты қарастырыла отырып әдеби процестегі жеке тұлғалар жөнінде сөз болғанда алдымен Әсет Найманбаев, Жүсіпбекқожа Шайхысылал шығармашылығына айрықша орын беріледі. Өйткені бұл ақындардың шығармашылық ғұмырының мол жемісті жылдары осы ол өміріне тікелей байланысты болды. Ел ішінен шыққан дарынды ақындар Ақыт Үлімжіұлы мен Таңжарық Жолдыұлы шығармашылығына тікелей ықпал еткен. Қара шаңырақпен бөлініп жарылған азғана қазаққа рухани көпір болған солар еді. Қытайдағы қазақтар әдебиеті үлкен қазақ­түрік халықтары әдебиетінің құрамдас бөлегі ретінде қарастырылғанда оның өзіне тән, қайталанбас ерекшеліктері мен жасампаздық туындыларына баса назар аудару керек болады. Қытайдағы қазақтар 20­ғасырдың алғашқы жарымына дейін бәз­ баяғы көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымен өмір сүргендіктен ауыз әдебиетімен жазба әдебиет мұраларын сақтап, дамытуда тарихи қызмет атқарды деуге болады. Дәстүрлі халық ауыз әдебиеті ондағы жазба ақындар шығармашылығының қалыптасуына құнарлы негіз болды. Айрықша көзге түсер бір ерекшелік ­ бұл өңірдегі әдебиет бай араб, парсы, түрік, орыс, еуропа, қытай әдебиетінің озық үлгілері мен қара шаңырақтағы таңдаулы әдеби туындылардан сусындап өскендіктен тел емген төлдей тез марқайып, құлашын кеңге жая алғанынан байқалады. Қазақ жазба әдебиетінің алтын тұғыры, мол қайнар көзі болған халық ауыз әдебиетінің үлкенді­кішілі алуан үлгілері қытай қазақтары арасында кеңінен таралуының сыртында, жергілікті ақын­жыраулар оның кейбір тармақтарын өздерінше қайта жырлап отырған. Сондай­ ақ халқы бастан кешірген тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар, батырлар өміріне арнаған төл дастандар мен жыр­аңыздар дүниеге келді. “Арқалық батыр”, “Жәнібек батыр”, “Есенкелді батыр”, “Қабанбай батыр”, “Бердіқожа батыр”, “Қошқар батыр”, “Әтікей­ Нұржекей”, “Ахмет Кәшім”, “Дариға”, “Бақтиярдың қырық бұтағы” және “Жеті қаған” т.б. көлемді дастандар ілгерінді­кейінді жазылып, алынып кеңінен таралды. 1996 ­ жылы “Шинжияң халық баспасы” шығарған “Қазақ әдебиеті тарихының” І­томында: ауыз әдебиетінің жиналып, жариялануы жөнінде мынадай қомақты есеп көрсетілген: “Қазақ хиссалары” 14 том, оған, ерлік жырлары, тарихи дастандар, ертегілік дастандар, қиссалардан 118 нұсқасы енгізілген. Оның ең көлемдісі 10 мың жолдан асады. Төрт томдық “Қазақтың ғашықтық жырлары”, екі томдық “Қазақ халық ертегілері”, үш томдық “Қазақтың тұрмыс­салт жырлары”, екі томдық “Қазақтың шешендік сөздері”, бір томдық “Қазақтың байырғы айтыстары”, екі томдық “Ақындар айтысы”, бір томдық “Қазақтың қара өлеңдері”, бір томдық “Қазақ мақал­ мәтелдері”, бір томдық “Қазақ жұмбақтары”, “Күй аңыздары” т.б. кітаптар баспа бетін көрген. Мұның сыртында бүкіл Шинжияңның аймақ­аудандары бойынша жиналып, жарияланған кітаптардың жалпы саны 150­ден асып отыр. Осынау бай фольклорлық мұраны тақырып­мазмұны бойынша екі үлкен топқа бөлуге болады. Оның бір тобы бұрыннан айтылып, жырланып келген дайын сюжеттер негізінде қайта жырланған “Елзақ сұлу”, “Ғазезжанның хиссасы”, “Ер Досан” “Жарылға мен Ағанзы”, “Алтын басақ ақ сұңқар”, “Самұрық”, “Арық мерген мен жоян мерген” қатарлы аңыз­ертегілік дастандар. Ал, екінші тобына 18­19 ғасырда өмір сүрген жау жүрек халық батырларының ерлігіне арналған дастандар мен хиссалар жасады. Ондай шығармалардың дені қазақ батырларының отаршыл Манжу­Қытай үстемдігіне және жоңғар шапқыншыларына қарсы күресіне арналған “Арқалық батыр”, “Ер бұлан”, “Бөке батыр”, “Тәуке батыр”, “Демежан”, “Нүсіпхан”, “Көбен батыр”, “Көмеш батыр”, “Есболаттың ерлігі”, “Сағындық”, “Ахмет­Нүрила”, “Сұлубай батыр”, “Сәлиха­Сәмен” қатарлы дастандарды атауға болады. Сонымен бірге патшалық Ресейдің отаршыл озбырлығына қарсы ұлт азаттық күресін арқау еткен “Қарақас Кене Сары”, “Кешубай­Жәмила”, “Ер Сәтбек”, “Шернияз”, “Әли батыр”, “Рамазан хиссасы” дастандары кең таралған. Қытайдағы қазақтар арасына 20­ғасырдың басында кең таралып, молынан жырланған дастандарының бір парасы ­ хиссалар болды. Сюжет сорабын араб, парсы, үнді және туысқан түрік тілдес халықтар ауыз әдебиетінен, классикалық шығармаларынан ала отырып, оны қазақи мәнермен жырлаған хиссалардың қарасы қомақты. Солардың арасында өзіндік жырлау ерекшелігі мен және ауқымды көлемінен дараланып тұрғаны әйгілі әкелі­балалы жырлаулар Жанұзақ пен Әріпжандар жырлаған “Бақтиярдың қырық бұтағы” деуге болады. Белгілі хиссагер ақын Жүсіпбек Шаиқысыламұлы да Бақтиярдың 18 бұтағын жырлағаны мәлім. “Бақтияр” және оның қырық бұтағының түп төркіні орта ғасырда парсы тілінде жазылған “Бақтиярнама”­дан орбиді. “Бақтиярнама” шығыс және орта Азия халықтарының біразының тіліне аударылып тарқалғанымен олардың ішіндегі ең көлемдісі әрі жергілікті жағдайға бейімделе көркем жырлағаны Қытайдағы қазақтар нұсқасы болса керек. Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі қомақты олжаның бірі ­ соңғы кезде ғана табылған “Жеті қаған” эпосы еді. Жеті ұрпақ тізбектеле жырланатын көлемді эпостың 15 мың жолдық алғашқы томы “Қызыл Арыстан хан” (Түктабан батыр) жыры 1993­жылы Үрімжіде жарық көрді. Оны әйгілі қырғыз Манасшысы Жүсіп Мамай жырлап қағазға түсірткен. Жыр қырғызша жырланғанмен оның түп нұсқасы қазақтікі екенін жыршы Жүсіп Матайдің өзі баспа сөзде (1993, “Жеті қаған” 1­5 б. “Шынжияң халық баспасы”) растаған. Қалған томдарды да қағазға түсірілуде. ХХ ғасырдың екінші жарымына дейін Ресей мен Манжу­Қытай империясының темір құрсауынан шалғай шетте көшпелі және жартылай отырықты өмір кешкен Қытайдағы қазақтар арасында ауыз әдебиетімен дәстүрлі өнердің аса бай мұрасы молынан сақталып қалғаны тарихтың бір оқыс сыйы ретінде бағаланып, оны күллі түрік халықтарының ортақ игілігіне айналдыру жолында жұмыла ат салысқан жөн демекпіз.

Читайте также:  Қазақ хандығы мен Орыс патшалығы арасындағы қатынастар

Оставить комментарий