Шығыс Түркістан республикасы тұсындағы ұйғыр әдебиеті

Шығыс Түркістан республикасын дүниеге келтірген ішкі­ сыртқы алғы шарттар. Тарихтан белгілі болғанындай ХХ ғасырдың 40­жылдарындағы халықаралық жағдай барынша шиеленісіп, екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түсісімен бүкіл Қытайдағы саяси, әскери қарсыластар арасындағы текетірес асқына келе Шыңжаңдағы ұлтаралық және еларалық қатынастарда түбірлі өзгерістер пайда бола бастады. Оны мына жағдайлардан көруге болады. Шығыс Түркістан деп аталған ұлан­байтақ өлкенің географиялық орналасу жағдайына байланысты ХІХ ғасырдың орта шенінен былай қарай әлемдік алпауыт державалар Англия, Патшалық Ресей мен Қытай богдахандарының ықпалдастық аймағына айналып, жергілікті халықтың мүдделері сол ашкөз империялардың арасындағы тайталастың ойыншығына айналып, әлемдік аласапыран шеңберіне тартылып отырылды. ХХ ғасырдың алғашқы жарымында бұл тайталасқа Америка мен Жапон империалистері ентелей килікті. Аталған бір жарым ғасырдан аса уақытқа созылған осы тайталастың тағдырын барлық уақытта алдымен патшалық Ресей империясы, одан кейін Кеңестік қызыл империя белгілеп отырды. Әсіресе, Кеңестік қызыл империяның Шығыс Түркістан халықтарының алдындағы қан қарызы мен істеген зұлымдықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қызыл империяның Шығыс Түркістанға қаратқан саясатының тұтас табиғатын, стратегиясы мен тактикасын жинақтап айтар болсақ мыналарға саяды: Біріншіден, қай уақытта да, қандай жағдайда да Шығыс Түркістанда тәуелсіз Ұйғыр мемлекетінің құрылуына жол бермеу керек, оның басты себебі, Шығыс Түркістан өз алдына ел болып, дербестік алып кетсе, ол қалай да ұлттық­исламдық мемлекет болып құрылады да өзінің отарындағы Орта Азиялық түрік халықтарының ұлттық дербестікке деген ұмтылысына түрткі болады. Тілі, діні, қаны бір түрік халықтары іштей табысып соңында орыс империясына қарсы ұлт­азаттық қозғалысы болмай қоймайды. Олай болғанда ондай шиеленісті жағдай болмай қоймайды. Олай бола қалғанда Орталық Азиядағы саяси, діни, әскери жағдай бақылаудан шығып кетіп, Англия мен Американың, сондай­ақ жапондардың әскери араласуына мүмкіндік туылады. Сөйтіп Шығыс Түркістан қызыл империяға қауіп төндіретін халықаралық алпауыт күштердің алғы шебіне айналады деп қарап келді. Екіншіден, Шығыс Түркістан халқы қашан болмасын Қытай отаршылдығына қарсы ұлт­азаттық көтерілісіне шықпай тұра алмайды. Ондай жағдайда Кеңес өкіметі ашық қарсы тұрар болса, өзінің «Езілген ұлттар мен халықтардың азаттығы мен бостандығын қорғаушысы» етіп көрсетіп келген жалған ұрандарына нұқсан келеді. Сондықтан, Шығыс Түркістан халықтарының ұлттық қозғалысының тегеурінін пайдаланып Қытай отаршыл империясынан өзіне қажетті сауда­экономикалық және әскери артықшылықтар талап ету беделіне, көтерілісті басып­жаншуға көмектесуге уәде бере алады. Ондай жағдайға 1922­1927 жылдар аралығында және 1931­1937 жылдар аралығында Шығыс Түркістанда бой көтерген ұлт­азаттық көтерілістері тұсында нақтылы іске асқан сойқанды оқиғалар дәлел бола алады. Үшіншіден, егер де, Шығыс Түркістанды дара билеуші милитаристер Кеңестер одағына тиімсіз дипломатия ұстанып, сырт айналар болса, ондай жағдайда қолдарында бар бүкіл мүмкіндіктерін пайдаланып Шығыс Түркістан халқын отаршыл­миллитарист күштерді тақтан тайдыруға үндеп, қамқоршы болып шыға келмек. Бірақ оны ешқашан да толық тәуелсіздікке дейін жеткізбеу шарты астындағы уақытша амал ретінде пайдалану.

Осы барыста Шығыс Түркістандағы билікті Кеңестік Ресей мүдделеріне зиян келтіре алмайтындай шарттар астында қуыршақ Қытай өкіметіне табыстау. Ал, мүмкін болған жағдайда социалистік бағыт ұстанатын орысшыл, лениншіл жалдамалыларды билік басына әкеліп үлкен Қытай мен екі араға екінші Қытай қорғанын тұрғызуға әрекеттену. Дәл осындай ұмтылыс нақтылы түрде 1918­1921 жылдар аралығында Коминтеріннің атымен қолға алынып, ақыры 1919 жылы ақпанда «Қашқария­Жоңғария жұмысшылары мен дихандарының революциялық Одағы» деген Кеңестік коммунист ұйғырлар қолымен құрылған астыртын ұйым дүниеге келді. 1921 жылы қысқартып «Ұйғыр союз» деп атай бастады. «Ұйғыр союздың» бүкіл Орталық Азия республикаларының үлкенді­кішілі қалалары мен ауыл қыстақтарында бөлімшелері құрылып, оның белсенді мүшелерінің біразы Шығыс Түркістанға астыртын жіберіліп, үгіт­насихат жүргізіле бастады. 1921 жылдың 3­9 маусымы аралығында Ташкентте «Қашқария­Жоңғария жұмысшы­ дихандарының 1­реткі Түркістан өлкелік құрылтайы» ашылып, салтанатты қаулы­қарарлар қабылдады. Бірақ көп өтпей сол жылы­ақ Москва бұл әрекетті тас тоқтатып, басқаша саясат жүргізе бастады. Ал 1927 жылы ақпанда ВКП (б) саяси бюросы мындай қатаң қаулы шығарып, нақтылы тиым шараларына көшті. Мәтін орысша болғандықтан өз қалпында бергенді жөн көрдік: «а) Воздержаться от посылки работников­уйгурцев восточным отделом ИККИ без согласования персонально кандидатур со среднеазиатским бюро ВКП (б) б) предложит ОГПУ принять меры к недопуску скупку оружия и переходу вооруженных уйгурцев через нашу границу в Синьцзянь; в) предложит среднеазиатскому бюро и Казкрайкому пересмотреть в состав организаторов уйгурских секций, не допуская к работе лиц причастных к уйгурскому движению в Синьцзяне; г) поручить НКТоргу с привлечению Среднеазиатских организаций наметит мероприятия по оживлению и усилению экономической связи Союза с Синьзияном; д) считать совершенно вредным и недопустимым какую­либо деятельность или агитацию в направлений отторжения от Китая Синьцзяна или части этой провенций.» [193] Аталмыш қаулының күші 1942 жылға дейін сақталып ұйғырлардың тәуелсіздік жолындағы әр қандай іс­әрекеті Орталық Азия республикаларында ғана емес, миллитарист Шың Шысай фашистік диктатура жүргізіп жатқан Шыңжаң өлкесінде де қарсылыққа ұшырап отырды. Ол ол ма, Кеңестік сыртқы барлау органдарының тікелей қол салуымен Кеңес өкіметіне қауіпті деген Шығыс Түркістандық отаншылдар түрлі жаламен тұтқындалып, көзі жойылып отырғаны бұл күнде құпия емес. Фашистік Германияның тегеурінді соққысынан есеңгірей бастаған Сталин Шығыстан төніп тұрған Жапон қаупінің алдын қалай алуға бас қатырып тұрғанда, Шыңжаңдағы билік басына өз қолымен шығарған Милитарист Шың Шысай тосын мінез, көрсетіп 1942 жылдың басынан антисоветтік бағыт ұстанатындығын ашық жариялап, Сталиннен теріс айналды. Шың Шысайдың коммунизмді жақтауымен, Кеңестер одағына адалдығы деген жай ғана көзбояу үшін қажет болған. Ол сондықтан да неміс армиясы Москваға төніп келген тұста жалт беріп Жаң Кайшы үкіметі жағына шығып кетті де, бұған дейін жүргізіп келген саясатын «Менің коммунизмді қолдаудағы қателіктерім» деген мәлімдемесімен ақтауға тырысты. Ол үшін бір қатар қатаң шаралар қолданып өзінің Гоминдаң өкіметіне адалдығын білдіру керек болды. Ең алдымен, Шыңжаң өлкесінде әлдеқашан ұмыт болған Гоминдаң партиясы ұстанатын «Үш мұратты» насихаттайтын кітапшаларды қайта басып шығарып, Гоминдаңның Шыңжаң өлкелік партия ұйымын (1943 жыл, қаңтарда) құрды.

Читайте также:  Жазба құжаттар мен ауызша дәстүрлер

Ішкі Қытайдан Гоминдаң партиясы белсенділері ағылып келе бастады. Екінші қадамда, бұған дейін өзі шақыртып әкелген Қытай коммунистері мен демократ күштерді ұстап, жаныштауға белсене кірісті. Террорлық жазалау шегінен шықты. Үшінші қадамда, сонау 30­жылдардан бастап әртүрлі жолдармен Шыңжаңға жіберілген Кеңестік мамандар мен жұмсшыларды, әскери бөлімшелерді үш ай ішінде елден шығып кетуге бұйрық берді. Сөйтіп маршал Жаң Кайшыға, шетелдік алпауыт империяларға адалдығын көрсетпек болды. Осындай жағдайды тағатсыздана күтіп келген Америка мен Англия дереу іске кірісіп 1943 жылы Үрімжіде консулханаларын ашып, Кеңестік Ресейдің ықпалын тазалауға белсене ат салысты. Бүкіл өлкеде Кеңес одағына, коммунистерге, ұлтшыл демократтарға қарсы жазалау науқаны етек алды. Сталин Шың Шысайды райынан қайтару үшін барлық дипломатиялық амал­айлаларды қолданып бақты. Өзінің ерекше өкілетті адамдарын жіберіп алдап та, қорқытып та көрді. «Шыңжаңдағы өз адамдарын шегіндіріп әкетпеу ­ өкіметіміздің қарары… Егер біз шегінуден бас тартсақ, сен не істей аласың», ­ дейді, сол тұстағы Кеңес Одағының Үрімжідегі бас Консулы Г.М. Пушкин Шың Шысайге доқ қыла. Сонда Шың Шысай: «Егер сендер қасарыса берсеңдер, біз әртүрлі шара қолданып, Шыңжаңның иелік құқын әрі тұтастығын қорғаймыз, Сталинге айтып қой, бұл өлкедегі 4 миллион халық (түпнұсқада солай), әсіресе қол астындағы құралды күш ешбір тайынбастан шетел шапқыншыларымен ең соңына дейін күрес қылады» [194], ­ дейді шімірікпестен. Сталин Шыңжаңдағы геосаяси жағдайды таразылай келе Шың Шысайдан өш алып, өз ықпалын қалпына келтіру үшін барлық шараларды қолдануға бұйрық береді. Оған Шыңжаңдағы әр ұлт халқының милитарист Шың Шысай үстемдігіне қарсы күреске бел байлаған ұлт­азаттық қозғалысын пайдаланып қалудың алғы шарттары пісіп­жетілгені себеп болады. 1940 жылдан бастап Алтай аймағында Оспан батыр бастаған шаруалар көтерілісі бұрқ етіп партизандық соғыс жүріп жатса, 1942 жылдан былай қарай бүкіл өлкенің үлкенді­кішілі елді мекендерінде отаршыл билікке қарсы ұйымдасқан астыртын қозғалыс күн сайын күш алып келе жатқаны, әсіресе 1943 жылдан бері Іле аймағы мен Тарбағатай аймақтарындағы және Қашқариядағы қырғыз­ дұңғандардың партизандық қозғалыстарының барысын жіті бақылап отырған Кеңес барлау мәліметтері Сталиннің дереу іске кірісуіне алғы шарт болып тұрды. Біз өз тарапымыздан жүргізген зерттеулеріміз негізінде ол тұстағы саяси күрес жөнінде жазған еңбегімізде мынадай дәлелдер келтіріп едік: «1944 жылдың басындағы Шығыс Түркістанның саяси жағдайы барынша шиеленісіп, ұлттық қайшылық шегіне жетіп, асқынып тұрған болатын. Қанды қол Шың Шысайдың түрмелері мен қудалауынан қашқан бір топ адамдар Моңғолстан, Қазақстан және Қырғызстанға жасырын қашып өтіп кетіп жатты… Ол адамдардың бәрін Алматыға жинап, арнайы курстар ұйымдастырып, саяси, әскери тәлім­тәрбиеден өткізеді де, астыртын күрес жүргізуге кері қайтарып отырады. Дәл сол тұста Ташкент қаласындағы арнайы лагерде ерекше тапсырмалар орындау үшін 70 адамдық топ ұзақ дайындықтан өтіп жатты. Оның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, татар, ұйғыр, түрік, дүңген ұлтынан іріктеп алынған оқыған, өнерлі, діни сауатты жастар болды… Бұлар 1942­43 жылдары Шығыс Түркістанның тұс­тұсынан астыртын түрде жіберіліп жатты. … Бұл кезде Құлжада Әлихан төре бастаған «Азатлық тешклаты (Азаттық ұйымы) құрылып, үгіт­насихатын бастаған еді. Құлжадағы Совет консульдығы астыртын күрес ұйымдастыру ісін тікелей өз қолдарында ұстап отырғандығын ендігі жерде жасырып жабудың қандай жөні бар?» [195] Құлжадағы Совет консулы Дубашин деген адам Әлихан төреге Совет өкіметі атынан былай деп уәде береді: «Егер де Әлихан төре жасырын ұйым құрып, халықты жиһадқа шақырса, Совет өкіметі оған қажетті барлық көмекті қолма­қол беріп отырады. Шығыс Түркістан жері толық азат болып «Шығыс Түркістан ресубликасы» құрылғанға дейін жан­жақтылы көмегін аямайды. Ол үшін Әлихан төре Дубашиннің сөзіне сеніп, екі жақты хаттамаға қол қоюы, батыл іске кірісуі талап етіледі.» [196] Ойлана­толғана келе Әлихан төре келісімін беріп, іске кіріседі. Партизандық топтармен байланыс орнатады.

Читайте также:  Тіл қызметі құбылыстарындағы тілдің алатын орны

Жан­жақтылы дайындала келе 1944­жылдың 17 тамызында, құрбан айттың бірінші күні Нылқы ауданына қарасты Ыластай деген жерде, Акбар батыр Есбосынұлы бастаған партизандар көтерілістің алғашқы оғын атады. Сол­ақ екен жер­жерде партизандық қозғалыс жаппай етек алып зор күшке айналады. 7 қарашада Әлихан төре бастаған астыртын ұйым көтеріліске шығып, партизандардың дер кезінде сәйкесуімен, әрі Совет жағынан шекарадан өткізілген қарулы күштердің қолдауымен, 11 қараша күні Құлжа қаласы көтерілісшілер қолына өтті. 12 қараша күні «Шығыс Түркістан Жұмһұряты» уақытша өкіметі құрылғандығы жарияланды. Өкімет басшысы болып Әлихан төре, орынбасарлығына Әкімбек қожа мен қазақ төресі Әбілқайыр сайланды. Содан кейін әр жерде жүргізіліп жатқан партизандық қозғалысқа біртұтас басшылық жасау мақсатымен «құмандандық штаб» құрды. Оның бас қолбасшысы болып Совет өкіметі арнайы жіберген генерал Петр Александров тағайындалды. 1945 жылы 5 қаңтарда Әлихан төренің төрағалығымен Шығыс Түркістан өкіметінің кеңейтілген ІV мәжілісі ашылып, онда өкіметтің 8 тармақты декларациясы жарияланды. Дәл сол тұста кеңестік саяси, әскери кеңесшілер декларация мәтініндегі ұлттық дербестік, исламдық қағидаттарын мәлімдейтін ұрандарға қарсы шықпай, бейтараптық танытқан болды. Тәуелсіздікті жариялаған мәлімдеме былай асқақтаған еді: «1. Шығыс Түркістан территориясындағы қытайлардың отаршыл­ әміршіл билігін толығымен жою. 2. Шығыс Түркістанда жасайтын әр ұлт халқының теңдігі негізінде шынайы азат, тәуелсіз республика құру; 3. Шығыс Түркістанның экономикасын өркендетіп, халықтың әл­ ауқатын жақсарту; 4. Шығыс Түркістандағы халықтың дені мұсылман болғандықтан, ислам дініне қолдау көрсету, сондай­ақ өзге діндерге еркіндік беру; 5. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту; 6. Әлемдегі демократиялық елдермен, сондай­ақ КСРО, Қытай секілді көрші елдермен саяси­экономикалық, достық қарым­қатынас орнату. 7. Банк, байланыс жүйесі, жер және оның асты­үстіндегі байлықтарды мемлекет меншігіне алу; 8. Жеке басқа табынушылықты, бюрократизмді, жікшілдікті және парақорлықты жою.» [197] Міне осылайша Шығыс Түркістанның езілген халқы отарлық бұғаудан біржола, үзілді­кесілді құтылуға сеніп, кең­байтақ отанын толық азат ету жорығына құлшына аттанды. Өкімет ұйғыр тілінде «Азат Щәрқи Түркістан» атты газетін шығарып азаттық жаршысы ретінде үгіт­насихатын бастады. Жылдар бойы басып­жаныштау мен қудалаудан әбден мезі болып тұншыққан қаламгерлер азаттықты шабыттана жырлай бастады. Мемлекет ешкімге жалтақтамастан өзінің нағыз түрікшіл, исламшыл мазмұнға толы әнұранын былай шырқады: Азаттықтың туын алып, еркіндікті жасаймыз, Бізді езген дұшпанның қанын судай шашамыз. Алла жар, Алла жар, Ислам туы қолда бар! Жаңа талап қаһармандар, қадам басып алға бар! Өлсек шаһит, қалсақ қазы дін исламның жолында, Түркістаным дем береді, біз жастарға сенеді. Қысылғанда біздерге Алла жәрдем береді. Алла жар, Алла жар, Ислам туы қолда бар. Жаңа талап қаһармандар, қадам басып алға бар! Артта қалған кемпір­шал, батаңды бер қол жайып, Жауға шаптық шеп жайып, жау жарасын болжайық, Алла жар, Алла жар, Ислам туы қолда бар! Жаңа талап қаһармандар, қадам басып алға бар! [198] Мемлекеттің туы көк түсті, ай­жұлдызды еді. Шығыс Түркістан өкіметінің бас хатшысы Әбдірауп Мақсұмның қуаландыруына қарағанда мемлекеттің гербі 1933 жылы Қашқарда Сәбит Дамолла құрған «Шәрқи Түркістан Ислам жұмһұрятының»гербінен алынған көрінеді. Ал, әскери форма мен оның шендік белгілерін түгел дерлік Советтік әскерилер жобалап, дайындаған. Міне, осылайша ай­жұлдызды көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтата шырқаған ұлт­азаттық армиясы бірнеше айда­ақ Шығыс Түркістанның 300 мың шаршы километрлік аумағын алып жатқан Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын Қытай отаршылдығынан толық азат етіп үлгерген еді. Мұздай қаруланған ұлттық армия отаршыл өкімет орталығы Үрімжіге жердегі Манас өзені бойына 1945 жылдың тамыз­ қыркүйек айларында шеп құрып, бұйрық күтіп жатты. Ал Қашқария аталған оңтүстікті азат ету жорығы да басталып, бірнеше маңызды қалалар мен елді мекендер азат етіліп те қойған болатын. Партизандық қозғалыс жаппай өрістеп, қытай әскері қорғаннан шыға алмайтын жағдайға жеткен. Ұлт азаттығы күресінің толықтай жеңіске жетуіне кедергі болар әскери қуат Шыңжаңда да, үлкен Қытайда да ол кезде мүлде жоқ болатын. Өйткені Гоминдаңдық Қытай бір жағынан Жапонға қарсы соғысып жатса, тағы бір жағынан Мау Зыдұң бастаған Қызыл Қытай армиясымен текетірес жағдайында тұрды. Ал ішкі Қытаймен Шыңжаң өлкесін мыңдаған шақырымдық құмды шөлмен, тау­тастар бөліп жатқанның сыртында, екі арада генерал Ма Буфаң билігіндегі дұңған әскерлері ұстап тұрған үш бірдей өлке (Шиң хай, Гансу, Ниңша) жатқан болатын. Жеңіс дабылы соғылу сәтін асыға күткен Шығыс Түркістан халқының төбесінен жай түскендей қайғылы оқиғалар тізбегі аяқ астынан шыға келгендей болды. Бұл жағдайлар былайғы жұртқа өте тосын, күтпеген сұмдықтай болғанымен Мәскеу мен Чұң Чин өкіметі үшін тарихтың қалыпты өкіміндей бір кезекті шегініс ғана еді. Ең алдымен ұлттық армияның барлық бағыттардағы шабуылдары Мәскеудің бұйрығымен тоқтатылып тасталды. Бұл бұйрықтан Шығыс Түркістан республикасының төрағасы, ұлттық армияның бас қолбасшы болған Әлихан Төре мүлде хабарсыз болды. Ұлттық армияның нақты қолбасшыларынан бастап орта буын офицерлеріне дейін кеңес қызыл армиясының офицерлері еді, олар Кеңес одағынан әкелінген ауыр қарулармен соғысып келген болатын. Ал, екінші, одан да сорақы ойын Мәскеудің Құлжадағы консулханасы басшыларының қолымен ойналып жатқанынан да Шығыс Түркістан республикасы басшылары мүлде бейхабар еді. Ол өте құпия түрде былай ойнала бастады. 1945 жылдың 17 қыркүйегінде Совет одағынынң Нәнжиндегі бас елшісі Петров, Жаң Кайшы өкіметінің сыртқы істер министрлігіне мынадай нота тапсырады: «Совет одағының Құлжада тұратын консулының хабарлауынша, жақында құлжалық бірқанша адам консулханамызға келіп «Біздің Жұң Годан бөлініп кету ниетіміз жоқ, жергілікті билеушілер бізді езіп қорлағандықтан, біз оларға қарсы көтеріліп едік. Естулерге қарағанда, Жұң Го үкіметі бізді Жұң Годан бөлініп кетерме екен деп алаңдайтын көрінеді. Бұл тек түсініспеушіліктен туған ой ғана. Сондықтан совет өкіметі ара ағайын болып Жұң Го өкіметімен бізді татуластырып қойса болар еді.» депті. Біздің байқауымызша да олардың Жұң Годан бөлініп кету ниеті жоқ болса керек. Олар Шыңжандағы мұсылмандар басым көпшілікті құрайтын өңірлерге автономия құқын берілуін қалайды. Совет өкіметі өзімен шекаралас аудандарының тыныш болуын тілейді. Сол себептен де, Жұң Го өкіметі мақұл көрсе, Шыңжаңдағы аласапырандықты тыныштандыру үшін Құлжада тұратын консулымыз арқылы ара ағайындық жасап, екі жақты келістіріп қойғымыз келеді.[199] Дәл осы мазмұндағы сөзді 1945 жылдың 30 желтоқсаны күні Жаң Кайшының ұлы Жаң Жұңгоны қабылдау сәтінде Сталиннің өзі айтқаны белгілі болады. Онда: Сталин: «Қытайдың ішкі істеріне араласпайтындығын мәлімдей келе, …егер Жаң Кайшы қаласа, Совет өкіметі көтерілісшілермен келіссөздер жүргізе алатындығын, оған Кеңес өкіметінің ара ағайындық қызмет қажет болса, өздерінің оларға бұл қызметті көрсетуге дайын екендігін» [200] мәлімдейді. Міне осылайша осыдан бір жыл ғана бұрын өзіне қажет болғанда Әлихан Төреге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы азаттық соғысы толық жеңіске жеткенге дейін жан­жақтылы көмегін аямауға Кеңес өкіметі атынан берілген уәде желге ұшты да кетті. Тарих доңғалағы тағы кері айналды. Немістің ұлы ойшылы Фридрих Гегельдің «История учит лишь тому, что она никогда ничему не научила народов» деген көреген сөзі нақақ төгілген мыңдаған Шығыс түркістандықтардың қанымен қайта жазылғандай болды. Ұлт­ азаттық қозғалыс орта жолда күшпен тоқтатылды. Сталиннің неге былай істегені жөнінде айтылған оң­теріс бағалардың ұшы қиырына жету мүмкін емес. Соларды жинақтай келе айтарымыз, Шығыс Түркістанда Моңғолия тақілетті бағынышты республика құрылуының өзі Орталық Азиядағы отар республикаларының болашағына қауіп төндіреді деп сақтанғаны деп қараймыз. Сталиннің қара ниеті уақытша іске асқанымен, Орталық Азия республикалары тұп тура 45 жылдан кейін өз тәуелсіздігімен қауышты. Тек Шығыс Түркістанды Қытай бодандығына бір жола байлап беріп кеткендей болғаны өкінішті­ақ. Ішкі­сырқы жағдайда тұйыққа тіреліп, тұралап тұрған Жаң Кайшы өкіметінің көктен тілегені жерден табылғандай қуанып дереу іске кіріседі. Қытай түлкісі аталған ең сенімді серігі генерал Жаң Жы Жұң дегенді арнайы өкіл ретінде Шың Жаңға жіберіп, Шығыс Түркістан өкіметі басшыларымен бейбіт келісім отырысын бастатады.

Читайте также:  ЖАПОН ТІЛІНДЕГІ СЫПАЙЫЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ

Оставить комментарий