ШЫҒЫСТАҒЫ РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛЫҚ ИЕЛІКТЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ

І Александр тұсында Грузияның Ресей құрамына қосылуы нәтижесінде, өз иелігін Закавказьеде Мингерелияға, Имеретияға, Грузияға, Абхазияға, Аджарияға, жартылай Әзірбайжанға тарата отырып, патшалық Ресейдің Қара және Каспий теңіздерінің жағалауларына бекіністерін салуы алдыңғы Азияға тереңдеп ішкері қарай жылжуына мүмкіндіктер туғызды. 1804 жылы орыс-иран соғысы Ресей үшін тиімді болған Гюлистан келісімімен 1813 жылы қазанда аяқталды. Ресейге Бакин, Қарабах, Танджин, Ширван, Дербент хандықтары мен Дагестан өтті. Иран Каспий теңізінде флот ұстау құқығынан айырылды. Бұл да Азиядағы Ресей мүддесін күшейтті. Қазақстанда Ресей ұстанымының күшеюі ХІХ ғасырдың бірінші жартысында іске аса бастады. Оған экономикалық, саяси, әскери-стратегиялық себептер түрткі болды. Өнеркәсіптің, әсіресе, тоқыма өнеркәсібінің өсуіне байланысты орыс фабриканттары үшін Орта Азияның маңыздылығы артты. Сонымен қатар, Англияның да осы аймаққа деген қызығушылығы Ресейдің ұмтылысын күшейте берді. Ресейдің Орта Азияға ұмтылысының заңдық негізі 1839 жылы 14 қараша В.А. Перовскийдің Хиуаға жорығы кезінде қалыптастырылды. Хиуа ханы Ресеймен сауда келісімі туралы келіссөзін бастады. 1854 жылы Сырдария және Сібір әскери шебі салынды. Бұл ХІХ ғ. 60-70 жж. Ресейдің Орта Азия хандықтарына ұмтылыстарының плацдармы еді. Орта Азиялық хандықтарға байланысты орыс билеушілерінің саясатындағы маңызды саты Н.П. Игнатьев елшілігі болды. 1853-1856 жылдары болған Қырым соғысы, патшалық Ресейдің сыртқы саясатындағы маңызды шек болды. Осы соғыста жеңіліс тапқан Ресей енді өзінің Балкан мен Таяу Шығыстағы назарын Орта Азия мен Қиыр Шығысқа аудара бастады. Иранмен, Орта Азия хандықтарымен, Қытаймен экономикалық және саяси байланыстарын жандандырып, бұл елдердің Ресей экономикалық дамуындағы рөліне өзгеше көзқараспен қарайтын болды. Қырым соғысындағы жеңілістен кейін Ресей «құндылықтарын қайта қарауға» мәжбүр болды. Алдыңғы қатарлы Еуропа мемлекеттерінің дамыған әлеуметтік-экономикалық қатынастарынан артта қалған Ресей экономикалық дамуын, сыртқы саясатын қайта қарауға мүдделі болды. Енді Ресей Еуропадағы белсенділігінен бас тартуға мәжбүр болды. Ресейдің Еуропаға байланысты жолы енді жабық екендігін ХІХ ғ. саясаттанушылары мен тарихшылары өз еңбектерінде көрсеткен еді. Мысалы: «Париж Конгресінен кейінгі алғашқы онжылдық ішіндегі Кавказдағы және Орта Азиядағы оқиғалар орыс сыртқы саясатының алдына қойған мақсаттарының түбегейлі өзгеруімен байланысты еді. Орыс мемлекетінің осы уақытқа дейінгі сыртқы саясатының алдына қойылған мақсаттары енді екінші орынға кетті», — деп жазды Е.В. Тарле /1/. Қырым соғысынан кейінгі алғашқы онжылдықтың өзінде Ресейдің үкіметтік және сауда-өнеркәсіптік топтары арасында Орта Азия мен Шығыс мемлекеттеріне деген әскери, саяси, экономикалық қызығушылығы өсті. Азия елдеріндегі жағдайды терең зерттей отырып, осы елдерге бағытталған саясат ұстанымдары қалыптастырылды. Мысалы, осы мақсатты көздей отырып, шығыс Иранға Н.В. Ханыковтың ғылыми экспедициясы, Хиуа мен Бұхараға Н.П. Игнатьев елшілігі, Қашғарға Ш.Уәлихановтың сауда және саяси мақсаттарды көздеген экспедициялары туралы айтуға болады /2/. Н.П. Игнатьев миссиясы Хиуа және Бұхар хандықтарынан оралғаннан кейін патша үкіметі Орта Азияны тікелей жаулап алуға көшті. Орынбор мен Батыс Сібір шебін жалғастырып, Түркістан – Шымкент — Әулие Атаға жол ашпақшы болды. Ендігі кезде қалыптасқан жағдай орыс үкіметінен Орта Азияға қатысты «қатаң саясат» ұстануды талап ете бастады. Орынбор генерал-губернаторы А.А. Катенин «Ғасырлар бойы Батыс Еуропа бағытына басымдылық беріп, Орта Азия бағытында іске асырылмаған орыс мүдделері туралы айта келе, азиялық бағытта тек түрік және парсы мәселесіне ғана көңіл бөлінгеніне өкініш білдірді» /3/. Сонымен бірге А.А. Катенин Орта Азия хандықтарындағы орыс ықпалының әлсіздігене өкініш білдіреді. Ресей империясының сыртқы саясатының Азиялық бағытындағы негізгі кемшілік табандылықтың болмауы және белгілі бір анықталған жобаның қалыптаспауы еді. 1857-1862 жылдары патша үкіметі дипломатиялық және әскери барлау жасай отырып, 1863-1868 жылдар аралығында өз үстемдігін Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қырғызстан, Ташкент, Самарқанд территорияларына таратты. Бұхар, Қоқанд хандықтарын Ресей империясының үстемдігін мойындауға мәжбүрледі. Орта Азияны және Шығыстағы көрші мемлекеттерді шикізат және нарық көзі ретінде жан-жақты зерттеуге Сыртқы Істер Министрлігі, оның ішінде Азиялық Департамент өз үлесін қосты. Осы кезеңде министрліктің жеке құрамы өзгерді. Министрлік құрамына ХІХ ғ. ірі дипломаттарының бірі А.М. Горчаков қосылды. 1856 жылы Азиялық Департамент директоры етіп П.Ковалевский тағайындалды. Бұл департамент халықаралық қатынастардың осы кезеңіндегі қалыптасқан жағдайларға байланысты Ресейдің сыртқы саясатында шешуші дауысы бар жетекші мекеме ретінде алдыңғы орынға шықты. Сыртқы істер Министрлігі, Қаржы Министрлігі, Әскери министрліктер Азиядағы Ресей империясының экономикалық, саяси ықпалын күшейту мүмкіндіктерін молайту, Шығыс елдерімен тауар айырбасын ұлғайту мәселелерімен терең айналысты. Бұл патшалық Ресейдің Орта Азияға бағытталған саяси экспансиясының алғышартын дайындау мақсатын көздейтін шаралар еді. Орыс мүдделерін көздеген сауда- экономикалық және саяси мақсаттағы миссиялар Орта Азияда белсенді әрекет етіп жатты. 1858 ж. Иранға, Орта Азия хандықтарына, Қашғарға Н.В. Ханыков, Н.П. Игнатьев, Ш.Уәлиханов миссиялары жіберілгені туралы жоғарыда айтылды. Құжаттық жағынан бұл миссиялар бейбіт, бейтарап мақсаттарды көздейтіндей етіп жасақталды. Мысалы, Н.В. Ханыков ғылыми экспедиция, полковник Н.П. Игнатьев дипломатиялық елшілік, поручик Ш.Уәлиханов мұсылман көпесі ретінде Орта Азия және Шығыс елдеріне аттанды. Бірақ, барлық үш миссияның мақсаты мен міндеттері бір еді: көрші Азия елдерінің саяси және экономикалық жағдайын терең зерттеу, шикізат көзі мен өткізу нарығы ретіндегі мүмкіндігін анықтау сияқты жасырын мақсатты көздеді. Ресейдің Орта Азияға қатысты жоспарына 1859 жылы басталған Франция мен Австрия-Венгрия арасындағы қақтығыс кедергі келтірді. Тарихшы А.Л. Зиссерман «1859 жылдың басында Пьемонт пен Австрия арасында қақтығыс сөзсіз басталады», — деп сол кездегі қалыптасқан жағдайды сипаттады /4/. Осы қақтығыс ірі саяси қайшылыққа айналып, өз аренасына Ресейді де тартып кетуі мүмкін болды. Бұл қақтығыс 1859 жылы апрель айында Франция мен Сардинияның Австро-Венгрияға қарсы ашық соғысына алып келді. Кезінде патша үкіметі Франциямен жақындасуға көп күш жұмсаған еді. Енді патша үкіметі ІІІ Наполеонмен жасаған келісім бойынша Ресей-Австрия шекарасына 4 әскери корпусты қарсы қоюға міндетті болды. Сондықтан Орта Азияға байланысты Ресей қиялындағы жоспардан уақытша бас тарту қажет болды. ХІХ ғ. 60-ж. басында патша үкіметінің әскери-саяси саладағы қызметкерлерінің арасында Ресейдің Орта Азияға байланысты жоспары, болашақтағы міндеттері туралы әртүрлі көзқарас көрініс алды. Бұл пікірлердегі алшақтық Орта Азияға әскери экспансия жасау қаншалықты қажет деген мәселе төңірегінде еді. Бұның себептерін «ерте уақыттан бері азиялық бағыттағы саясатта консерватизм жүйесін ұстанаумен» деп түсіндіреді /5/. Әскери министрлік, Сыртқы саясатпен айналысатын мекемені Орта Азиядағы орыс әскерлерінің шабуылына тежеу саясатын қолданып отыр деп кінәлады. Тежеу саясатының бір себебі Орта Азияға байланысты Ресейдің әрбір қадамын аңдып отырған «Лондон дипломатиялық кабинетінің ықпалы да еді» /6/. Сонымен бірге Орта Азия саясатына байланысты әскери-саяси іс- қимылдағы нақты анықталған мемлекеттік жобаның болмауы да еді. 1862 жылы құрамына князь Константин Николаевич, А.М. Горчаков, Д.М. Милютин, М.Х. Рейтерн қатысқан Ерекше Комитет мәжілісінде Орынбор және Сібір корпустарының Ташкентке қарсы біріккен жорығы талқыланды. Жоба бойынша бұл жорық 1863 жылы іске асырылуы қажет болды. 1863 жылға дейін Сібір корпусы Бішкек, Әулие Ата бекіністерін, ал Орынбор әскері Түркістанды алып, Сырдарияда Ташкентпен көршілес әскери база құру керек болды. Ерекше Комитет бұл жобаны жалпы қолдағанымен, оны іске асыру үшін қаржы керек деген желеумен жобаны артқа шегіндірді. 1861 ж. реформалардан кейін экономикалық сұраныстар артқан сайын Ресей Орта Азияға тұтыну нарығы мен шикізат көзі ретінде көп көңіл бөле бастады. «Орта Азия мәселесі» сол кездегі баспасөз беттерінен түскен жоқ. Орта Азияны жаулап алудың әртүрлі жолдары көрсетілді /7/. Баспасөз беттерінде орын алған мәселелердің ортақ ойы төмендегідей болды: орыс саудасы үшін Орта Азия нарығы аса маңызды, оны дамыту үшін әскери-саяси шараларды іске асыру қажет. Ресей Орта Азиядағы өз ықпалын арттыру үшін экономикалық шараларды да қолдануы қажет деп көрсетілді. Бірақ бұл орыс өнеркәсібіне де зиянын тигізер еді. Сонымен бірге сауданы дамыту үшін саяси «тұрақтылық» та қажет болды. Қорытындылай келе, сол уақытта Ресей империясының Орта Азияда іске асырылуға тиісті шаралардың жалпылама тізімін төмендегідей көрсетуге болады: 1. Орыс кемелерінің кедергісіз жүзуін қамтамасыз ету үшін, Сырдарияның жоғарғы ағысын алу. Ресей тауарларын қауіпсіз тасу үшін Қоқан мен Бұхара арасындағы жауласуды тоқтатуға күш салу. 2. Амударияға бекіну. 3. Сырдария мен Қырғыз Сібір шептерінің арасындағы байланысты жақсарту. 1857-1858 жылдары орыс патшасы сыртқы саясатын қайта қалыптастырып, оның орталығы ең алдымен Орта Азияға және оның төңірегіндегі мемлекеттерге бағытталды. Осы уақыт, яғни, ХІХ ғ. 60- жылдарының соңғы ширегі патшалық Ресейдің Орта Азияға байланысты сыртқы саясатын белсендіруге қолайлы алғышарттардың қалыптасуымен де сипатталады. 1857 жылы алғашқы бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс ағылшын буржуазиясының сыртқы нарықты кеңейтуге деген ұмтылысын күшейтті. Ағылшын буржуазиясының мүдделері өз тауарларын Азия нарығына шығарумен де байланысты еді. Ағылшын үкіметі бұл нарық жолын қалыптастыру үшін алғышарттарды дайындауға бар күшін сарп етті. Иран мен Ауғанстанда 1857 жылы өз ықпалын күшейткеннен кейін, ағылшын агенттері Бұхар хандығында төбе көрсете бастады /8/. Осындай жағдайлар патшалық Ресейді сыртқы саясатының Орта Азиялық бағытында бар өнерін көрсетуге итермеледі. Осы себептермен қатар, патшалық Ресейдің Шығысқа агрессиясын күшейткен себептердің бірі сол кездегі Ресейдің экономикалық жағдайы болды. ХІХ ғ. 60-70 жылдары капиталистік қатынастардың дамуы көрініс алды. Ал капитализмнің дамуы үшін басты қажеттілік нарық еді. Патша үкіметі, артта қалған Ресей өнеркәсібі үшін батыстың дамыған капиталистік экономикасымен бәсекелестікке түсу нәтижесіз болатындығына көз жеткізді. Ал көрші Шығыс елдері патшалық Ресейге қарағанда экономикалық жағынан артта қалған және орыс капитализміне нарық пен шикізат көзі бола алтын еді. Мысалы, Еуропа нарығы үшін Ресей өзін ауыл шаруашылық тауарларын шығарушы аграрлы ел деңгейінде көрсетсе, Азия нарығына металл, тоқыма, тері өнімдерін шығарып, өнеркәсіпті ел бейнесін негіздей алды. «ХІХ ғ. ортасында Орта Азия нарығына барлық металлдың 65 % шығарылды» /9/. Танымал шығыстанушылар Я.В. Ханыков, Ресей мен Орта Азия сауда байланыстарын зерттеген П.И. Небольсиндер Ресейден Азия нарығына алтын, күміс, мыс, мырыш, темір т.б. өнімдердің үлкен үлестік бөлігін көрсетеді /10/. Осы кезде орыс үкіметі Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы түркмендерді өз ықпалына өткізіп, оларды Хиуа хандығына қысым жасау үшін қолдану қажет деп есептеді. Қоқан бекіністері — Жүлек, Жаңа Қорған, Түркістан, Ташкент сияқты Орта Азияның барлық сауда жолдарының түйісін басып алуды көкседі. Орыс үкіметінің осы жоспары іске асса Бұхар хандығын бағындыру қиынға соқпайтын еді. Жалпы Орта Азияны жаулап алуда Ресей әскери және экономикалық екі жолды пайдаланды. Ресейдің Орта Азияға байланысты саясаты үш мақсатты көздеді: 1. Орта Азия аймағында күшейтілген мемлекеттік шекараны иелену. 2. Орта Азия территориясындағы Ресей мүддесіне қайшы келетін өзге еуропа мемлекетінің ықпалын жою. 3. Орта Азияға орыс тауарын тарату және сауда саясатын қамтамасыз ету. ХІХ ғ. 80 ж. Түркмения Ресейге қосылды. Орта Азияның оңтүстік батыс бөлігі жауланып алынды. Енді Ресей алдына «Памир мәселесі» алдыңғы орынға шықты. Ресей империясының ХІХ ғ. ағылшын-орыс қатынастарында Орта Азияға байланысты саяси астардағы күрделі мәселелерінің бірі «Памир мәселесі» болды. ХІХ ғ. соңғы ширегінде Памир аймағы саяси-этнографиялық жағынан екі бөліктен тұрды. Қоқан хандығының құрамына кіретін қырғыз көшпенділері қоныстанған Шығыс Памир. 1892 жылы Ресей империясына осы аймақты зерттеу қажет болғанда «Памир және Алтай тұрғындарының меңгерушісі» ретінде подполковник Б.Л. Гормбчевский жіберілді /11/. Батыс Памирдің саяси жағдайы ерекше болды. Тәжіктер, Вахан, Шунган, Рушан сияқты Памир маңында өмір сүретін халықтар 70-90 жылдары дейін өз тәуелсіздігін ұсақ мемлекеттік бірлестіктер ретінде сақтады. Олардың билеушілері ру ақсүйектері болды да «шо» деп аталды. Памир аймағы орыс-британ интригасының аренасына айналды. Памир аймағында үш мемлекет бәсекелестікке түсті – Ресей, Ауғанстан, Циндік Қытай. 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысы салдарынан әлсіреген Ресей Памирдің екі бөлігін бірдей иеленуге жағдайы болмады. Бұндай жағдай ХІХ ғ. 90-жылдарына дейін ғана созылды. Түркмен жерлеріндегі жағдайы тұрақтанғаннан кейін Ресей империясы Памирге бет бұрды. Орта Азия нарығы үшін күрестегі Ресейдің басты бақталасы Британ империясы өз әрекетін белсендіре бастады. Ұзақ уақытқа созылған талас- тартыстың нәтижесінде 1895 жылы «Памир мәселесі» аяқталды. 1896 жылы жаңа мемлекеттік межені орыс патшасы бекітті. Ресей Орта Азияны қосып алуды аяқтады. Памир мәселесі халықаралық жобада шешілді. Патша үкіметі енді Памирдің ішкі құрылымымен айналысты. Памирдің шығыс аймағы 2 әкімшілікке бөлінді: Памир және Орошор. Ол Ферғана обылысының құрамына енді. Бұхар әмірлігіне Батыс Памир – Рушан, Шунган, Солтүстік Вахан берілді. Н.А. Халфин Памир тәжіктері Ресей құрамына өтуге мүдделі болды. Ал Ресей ХХ ғ. бірінші онжылдығында Батыс Памирде өз билігін орнатуға мәжбүр болды, — деген пікір білдіреді /12/. Жалпы Батыс Памирді алу Н.А. Халфин еңбектеріне қарағанда экономикалық тұрғыда Ресейге тиімсіз болған сияқты. Дегенмен, Ресей алысқа кететін саяси мақсатты көздей отырып Памирдің Батысын ұстап қалуға тырысты. Англияны Орта Азия территориясына жақындатпау үшін Ресей экономикалық тиімсіздік көрсеткіштеріне көз жұма қарап, саяси мүдделерін алдыңғы орынға шығарды. Қорыта келе: 1) Ресейдің Орта Азияға бет бұруы 1853-1856 жылдары Қырым соғысындағы жеңілістен кейін басталды. Алдымен Бұхар, Қоқан, Хиуа хандықтарымен сауда байланыстарын жандандыра отырып, территориялардың жақындығы мен экономикалық байланыстарға сүйенді. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. 2) 1857-1862 жылдары Ресей Орта Азиядағы экономикалық және саяси экспансиясын белсендірді. 1863-1868 жылдары өз үстемдігін Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қырғызстан, Ташкент, Самарқанд оазистеріне бағыттады. 3) 1869 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауына бекінді. Ол Түркменстанға ену плацдармы болды. 4) 1877 жылы Таяу Шығыста халықаралық қатынастар ушығып, орыс- түрік соғысы басталды. Осы уақытта Орта Азия Ресей ықпалында болды. 5) Батыс Түркменстан мен Памир, оңтүстік-шығыс Орта Азия ХІХ ғ. 80-90 жж. Ресей ықпалына түсті. Ресейдің Шығыстық саясатында Цинь империясына да байланысты мүдделерінде үйлесімділік пен қарама- қайшылық орын алды. Қытайдың Синьцзян провинциясының оңтүстік бөлігі – Қашғар, Ресейдің Азиядағы сауда нарығында маңызды орын алды. Ш.Уәлихановты Қашғарға жіберуі патшалық Ресейдің Орта Шығысқа байланысты саяси шараларынан туындады. Ресей Азия мемлекеттеріндегі орыс саудасын барынша кеңейтуге тырысты. Қашғарда Валихан-төре басшылығымен көтеріліс болғанда, Қашғармен жақсы байланысы жоқ орыс билігі жергілікті жағдайды біліп, оның Ресей сауда байланыстарына әсері қалай болуы мүмкін деген мәселе төңірегінде мәлімет жинауға тырысты. Көтеріліс басталған кезде патша үкіметі аталмыш мәселе төңірегіндегі мәліметтерді жинақтауды Азиялық Департамент директоры Е.П. Ковалевскийге жүктеді. Е.П. Ковалевский «Қашғардағы жағдай және оған біздің көзқарасымыз» атты жауабында Амурдағы орыс-қытай мүдделерінің қақтығысын ескере келе, екі мемлекет арасында соғыс бола қалған жағдайда соғыс жүргізуге біршама мүмкіндік беретін қоры бар Батыс Сібірді пайдалану керектігін көрсетеді /13/. Орыс патшасы мен Қытай арасындағы мүдделер қақтығысы Жоңғарияға байланысты да байқалды. 1860 жылы Қытай, Англия, Франция арасындағы келісімдерге дел-дал ретінде қатысқан Н.П. Игнатьев Ресей мен Қытай арасындағы даулы мәселелерді шешуге тырысты. Тайпиндер соғысынан, ағылшын- француз интервенциясынан шаршаған Цин үкіметі 2 қараша 1860 жылы орыс-қытай келісіміне қол қойды. Келісім бойынша Қытайдың батысындағы шекара анықталды. Пекин трактаты орыс дипломатиясының ірі жеңісі болды. Айгун келісімі (16 мамыр 1858 ж.) Тяньцзин келісімі (1 маусым 1858 ж.) Қазақстан мен Ресей арасындағы Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыстағы бөлісті анықтады. Ресей Амур, Уссурий өлкесіне, Жетісудың оңтүстік- шығысындағы жерлерге құқығын бекітті. Күршім мен Зайсан өзені, Қара Ертістің төменгі ағысы Ресей құқықтық иелігінде қалды. Сонымен, Ресейдің шығыс елдеріне қатысты саясатының алғашқы сатысы ХІХ ғ. 60-90 жылдары болып есептеледі.

Читайте также:  ИННОВАЦИОННЫЕ ТЕХНОЛОГИИ В ПРОЦЕССЕ ПРОФЕССИОНАЛЬНОЙ ПОДГОТОВКИ БУДУЩИХ УЧИТЕЛЕЙ

Оставить комментарий