Шыңжаңдағы орыс­-қытай қатынастарының қалыптасуы

1803 жылы патша үкіметі Ресей мен Қытай арасындағы қатынастар тату көршілік жағдайда болуын қалайтындығын білдіру мақсатында цин өкіметімен келіссөздер жүргізу қажет деп есептеп, ол үшін Пекинге елшілік аттандырмақ болады. Бұл елшілік, коммерция министрі Н.П.Румянцевтің ойынша, «қытай үкіметі бізге Кяхтадан басқа бүкіл құрғақтағы шекара бойында сауда байланыстарын жасауға рұқсат ете ме, сондай­ақ басқаларға рұқсат етілген Кантонға(Гуанчжоу) да біздің қосылуымызды қалай ма? ң – деген мәселелерді шешуі тиіс болды.(189). 1803 жылы 16­қарашада Сенат Лифаньюаньға (Цин империясының жат жерліктермен байланыс жасайтын сыртқы саясат бөлімі .­ Н.А.) сұрау салып, цин үкіметі орыс патшасы Александр І – дің таққа отырғанын хабарлау үшін елшілік аттандырмақ ойын мәлімдейді. Лифаньюаннің жауап хатында император Цзяциннің бұған ықыласпен жауап бергенін хабарланады. (190). Осыдан кейін, бұл жауаптан көп үміт күткен коммерция министрі Румянцев Қытайға жасалатын елшілікті орсан зор саяси шараға айналдыру жөніндегі жоспарын үкіметке ұсынады. Егер елшілік сәтті аяқталса, Ресей циндік Қытаймен ғана емес, Шығыстың басқа елдерімен де байланыстарын орнықтыруға қол жеткізер еді деп санады. Ол 1805 жылы 16 қаңтарда үкіметке жолдаған баяндамасында елшілік алдында аса маңызды үш мәселе қоюды ұсынды: 1) Гуаньчжоу мен Сары теңізде(Нанкинде) орыс­қытай саудасы үшін сауда пунктерін ашу; 2) Қытай мен Ауғанстан арқылы Индиямен сауда байланысын орнату; 3) Бұқтармада ғана емес, бүкіл Ертіс сызығы бойында орыс­қытай саудасын орнату.( 191). Бұл аса маңызды ойды іске асыру үшін, 1805 жылы 16­шы ақпанда Қытайға граф Ю.А.Головкин бастаған елшілік аттандырылады. Елшіліктің алдына төмендегідей мәселелерді шешу міндеті қойылды: ­ Ресей мен Қытай арасында бүкіл сібір шекара сызығы бойында, ең болмағанда Бұқтармада сауда байланыстарын орнату, өйткені бұл жерлер Ресейдің ішкі аймақтарынан келетін саудагерлер үшін Кяхтаға қарағанда екі мың шақырымдай жақын әрі ыңғайлы; Қытайдың басқа қалаларына да орыс сауда керуендерін жіберуге рұқсат алу; ( 192). 1805 жылы қазанда Ю.А.Головкин елшілігі Моңғолия шекарасына келіп жетеді, шекарада цин шекаралық қызметкерлері елшілікті салқын қарсы алып, олардан елшіліктің құрамын 250 адамнан 60­70 адамға дейін қысқартуды,Александр І –дің цин императорына жіберген грамотасы(хаты) мен сый­сияпатының тізімін көрсетуді талап етіп, әртүрлі сылтаулармен елшілікті шекарадан өткізбей ұстайды. Әрине, орыс патшасының атынан цин иператорына бара жатқан елшілікті ұстап қалу, егер жоғарыдан нұсқау болмаса, бұл шекаралық әкімшіліктің құзырына кіре қоймайтын талап. Головкиннің шекарашылармен дау­дамайы 1806 жылдың қаңтарына дейін созылды да, ақыры елшілікті Урга (қазіргі Ұлан батыр қаласы) қаласына баруға рұқсат етеді. Бірақ елшілік бұл қаладан әрі асып, Пекинге бара алмай кері қайтуға мәжбүр болады. Себебі Головкин циндіктердің коутоу рәсімін орындаудан үзілді­кесілді бас тартуы еді. Ургада бір ай уақытты босқа өткізіп, елшілік өзіне жүктелген міндетін орындай алмай кері қайтады. Ресей сарапшылары елшіліктің қабылданбай кері қайту себептерін әртүрлі себептермен түсіндіреді, біреулері бұған себеп болған Кяхта­ Маймачендегі қытай саудагерлерінің орыстармен басқа сауда нүктесін ашуға қарсылық танытуынан десе, екіншілері, осы жылы Гуаньчжоуға алдын­ала ескертусіз «Надеждаң және «Неваң атты орыс кемелерінің келуі Пекиннің ашу­ызасын тудырды – дегенді айтады. Қалай болғанда да, Цин империясы сыртқы саясатында әлі де болса, Ресей мемлекеті туралы нақты саясатының қалыптаспағандығын көрсетті. Цин империясының қызметкерлері жеткізген цин императорының жауабында, «алыстағы орыс патшасы еліне Қытаймен сауда жасауға солтүстіктегі Кяхта арқылы керуен саудасына рұқсат берілгендіктен, оған теңіз арқылы алыстан келудің қажеті жоқң– деген уәж айтылады. (193). 1812 жылғы Отан соғысындағы орыс әскерлерінің жеңісі Ресейдің дүниежүзілік саясаттағы ролінің арта түсуіне үлкен себеп болды. Патша үкіметі Таяу және Қиыр Шығыс елдерімен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөле бастайды. Европа рыногына тауар шығаруға өнеркәсібінің даму деңгейі төмен Ресей үшін, өзінен дамуы сәл де болса төмен шығыс елдерінің рыногы оның өнеркәсіп тауарлары үшін әлдеқайда тиімді еді. Егер ХІХ ғ. басында Ресей Батыс Европа елдеріне негізінен ауыл шаруашылық өнімдері мен шикізат шығаратын болса, ал шығыс елдеріне ол өнеркәсіп өнімдерін шығарушы ел болды. Цин империясы орыстардың сауда байланыстарын ұлғайту жөніндегі өтініштерін қабылдамағанмен, шекаралық аймақтарда орыс­қытай сауда байланыстары бейресми түрде жалғаса берді. Бейресми саудагерлер мен азиялық киіммен түрін өзгертіп жасырын барған орыс саудагерлері орыс үкіметіне Шыңжаңдағы жағдайлар, сауда мәселелері жөнінде көптеген мәліметтер жинақтады. ХІХ ғ. басындағы осындай бейресми сапармен барып қайтқан аудармашы Н.Г.Путимцевтің саяхатын айтуға болады. Путимцев жәй «азиялықң саудагер атымен сапар шеккенмен, ол арнайы тапсырманы өте шебер орындап, Ресейге Шыңжаң туралы өте маңызды мәліметтер жинақтап қайтады. Ресей Орталық Азиядағы сауда байланыстарында сауда керуендері қазақ даласы арқылы өтетіндіктен, қазақтың би­сұлтандарын саудаға делдалдық етуді, сауда керуендері олардың жерлері арқылы өткенде қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап, сол үшін би­сұлтандарға өз тарапынан сыйлықтар ұсынып отырған. Қазақтар орыс сауда керуендерін қытай жеріне дейін шығарып салуға жолбасшы ретінде де қызмет көрсеткен. Патша өкіметі өзінің Орталық Азиядағы ықпал аймағын кеңейтуге ұмтыла отырып, Қазақстандағы позициясын нығайта түсуге күш салды. Сауда бұл әрекетті іске асырудағы ең ұтымды шара болды. Тікелей сауданың көмегімен Қазақстан біртіндеп Ресей империясының экономикалық жүйесіне тартыла бастайды. Академик С.З.Зимановтың айтуынша, «Қазақстан Ресейдің Орта Азия мемлекеттерімен, сондай­ақ Цин империясымен, әсіресе оның Орталық Азиядағы иеліктерімен жасайтын саудасында маңызды транзиттік роль атқардың.(194). Ресейдің Шыңжаңдағы саудасының Қазақстан халықтарының да шаруашылық өмірінде елеулі, жағымды ықпалы да болды. Қазақ даласы арқылы өтетін бұл сауда байланыстары арқылы қазақтар көрші жатқан Шыңжаң халықтарының экономикалық өмірімен тығыз байланыста болды. Ресейлік саудагерлер Шыңжаң базарларынан маталар, қолөнер бұйымдарын және кірпіш шай, т.б.заттарды сатып әкеліп, оларды қазақ ауылдарына әкеліп, мал, мал шаруашылығы өнімдері мен жылқыларға айырбастап отырған. Сөйтіп, бұл айырбасқа өткізген тауарларын қайтадан Шыңжаң базарларына әкететін. Осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы орыс­қытай саудасының кіндігіне айналды. ХІХ ғ. екінші ширегінде Қытай рыноктарында Гуаньчжоу арқылы жүріп тұрған батысевропалық және американдық теңіз саудасының бәсекелестігі айқын сезіле бастады. Көрші жатқан екі мемлекеттің құрғақтағы орыс­қытай сауда­экономикалық байланыстарына бәсекелестік қауіпі ұлғая түсті. Теңіз арқылы жүретін сауда арзан әрі қолайлы болғандықтан, өте ауыр жол қиындығын көтеретін, сондықтан да шығыны мен қиындығы мол Кяхтадағы орыс­қытай саудасы, АҚШ пен европалық саудаға қарағанда өте төмен деңгейге түсіп кетті. Қытайдың сыртқы саудасында Ресей саудасы тым мардымсыз болып қалды. Бұл жағдай әрине, орыс үкіметінің қатты алаңдаушылығын тудырып, шұғыл шаралар іздеуге мәжбүр етті. ХІХ ғ. 30­шы жылдарында Ресейдің Таяу және Орта Шығыстағы саудасы ағылшындардың бұл аймақтағы белсенді бәсекелестік әрекеттері нәтижесінде құлдырай бастаған болатын. Әсіресе Ирандағы орыс саудасының ағылшын бәсекелестігіне төтеп бере алмай, күйреуге ұшырауы сауда буржуазисын қиын жағдауға душар етті. Сондықтан орыс саудагерлері ендігі үміттерін Шыңжаңдағы орыс­қытай сауда байланыстарын орнықтырудан күтті. Ресейдің Қытай жөніндегі саясатының негізгі міндеттерін көрсете келе Ресей Сыртқы Істер Министрлігі Азиялық департаментінің директоры К.Родофиникин Пекиндегі Ресей діни миссиясының басшысына 1833 жылы 14 сәуірде жазған хатында былай деп жазады: « Ресей Министрлігінің Қытай жөніндегі негізгі және тұрақты мақсаты саяси және сауда мәселелерінен тұрады: біріншісі –біршама қашықтыққа созылған шекарамыз бар мемлекет ретінде, Қытаймен арадағы достық ниеттегі байланысты нығайту және сақтау, екіншісі – отандық өнеркәсіп үшін пайдалы және өзара тиімді болатын қытайлықтармен біздің сауда байланыстарымызды дамыту мен кеңейтуң.(195). Ресей үкіметі ағылшындардың ықпалына жол бермеуге әрекеттеніп, Шыңжаңдағы сауда жағдайын тереңірек зерттеу жұмыстарын жандандыруға кіріседі. 1840 жылдың басында Ресей сыртқы істер Министрлігі Пекиндегі Орыс діни миссиясының басшысы Н.И.Любимовқа оның Қытайға сапары алдында берген инструкциясында: ­ Қытаймен арадағы сауда мәселесі ең өзекті мәселе екендігін, сауда Қытаймен жасалатын болашақ саяси байланысымыздың кілті екендігін назарда ұстаңыз — деген нұсқау берген болатын.(196). Любимовқа берілген тапсырмалардың ішінде Шыңжаңдағы орыс саудасы мәселесін жан­ жақты зерттеу ерекше тапсырылды. 1842 жылы 3 қыркүйекте Н.И.Любимов Пекиннен былай деп хабарлайды: «қытайлықтар Шыңжаңға әкелінетін орыс тауарлары туралы біледі, бірақ оны біздің саудагерлер әкеліп сататыны туралы сезіктенбейтін сияқты. Олар ол жерге жан­жақтан сауда тауарлары Ресейден тәуелсіз бұқарлықтар мен татарлар арқылы әкелінуде деп ойлайды.Сондықтан қытай үкіметі бұл сауда байланыстарына тиым салмақ түгіл, қайта оған барынша қолдау көрсетуге бейім. Себебі олардың ойынша осы мұсылман саудагерлерімен жасалатын сауда байланыстарын қолдау жергілікті халықтардың ризашылығына ие қылып, олардың қытайлықтарға наразылық пиғылына тосқауыл болады –деп сенедің.(197). ХІХ ғ. ортасына қарай қалыптасқан Қиыр Шығыстағы халықаралық жағдай Ресей үкіметінің Қиыр Шығыс пен Орталық Азиядағы саясатын жандандыра түсуге мүмкіндік берді. Цин империясымен шетелдік державалардың келісім­шарттары нәтижесінде қытай теңіз порттарының олардың саудасы үшін есік ашуы Кяхтағы орыс­қытай саудасына үлкен бәсекелестік қауіп төндірді. Батыс державаларының Қытайдағы отаршылдық саясаттарымен оны өз ықпалдарына түсіру әрекеттерін күшейткен кезінде, өз үлесінен құр қалмауға ұмтылған Ресей, Қытаймен Орталық Азия аймағындағы саясатын күшейту арқылы беделін сақтауға тырысты.Патша үкіметі ресейлік сауда өнеркәсіп топтарының Шыңжаң рыногына қол жеткізу үшін жасаған әрбір әрекеттерін батыл түрде қолдап, Орталық Азияда орыс­қытай сауда байланыстарын орнату ісіне пәрменді түрде кірісіп кетеді. Патшалық Ресей Шыңжаңдағы сауда байланыстарына цин үкіметінің ресми рұқсатына ие болу жолындағы белсенді әрекетіне көшеді. Бұған бір жағынан Орталық Азияда, Тибетте, әсіресе, Шыңжаңда Кашмир арқылы Англияның саясаты белсенді бола бастауы да үлкен түрткі болды. Шыңжаңға бекіну арқылы Ресей оны өзінің ортаазиялық және басқа да шекаралық иеліктерін британдық капиталдың экспансиясынан қорғау мақсатындағы плацдармына айналдыруды көздеді. Осындай жағдайда, өзінің географиялық қолайлы жағдайына байланысты Шыңжаң Англия мен Ресейдің бәсекелес ауданына айналды. Орыс үкіметі 1843 жылы арнаулы үкіметтік Комитетте Кяхта саудасының жағдайы және Семей арқылы жүретін Шыңжаңдағы орыстардың сауда мәселесін арнайы талқылайды. Айта кеткен жөн, Батыс Сібірдің Семей арқылы Шыңжаң өлкесімен сауда байланысы орыс сауда өнеркәсіп буржуазиясының назарын аудара бастаған еді. Осы комитеттің жазбаларында сақталған құжаттарда Семей арқылы Қытаймен жасалып жатқан сауда өте тиімді әрі болашағы бар сауда нүктесі деп көрсетіледі. Ресейдің Қытаймен жасалатын сауда байланыстарында Семей Батыс Сібір арқылы жүретін ең қысқа жол ретінде айтылып, ол Кяхтадағы саудаға ешқандай зиянын тигізбейтінін, қайта Қытаймен сауда жасайтын екінші бір бөлек аймақтағы сауда орны екендігі айтылып, қайта осындай нүктелерді көбейте түсу қажеттілігі баса айтылады. Сондықтан бұл маңызды істі одан әрі дамыту үшін, Семей арқылы Шыңжаңның Шәуешек пен Құлжа қалаларымен арадағы ресми емес сауда байланыстарын мемлекеттік тұрғыдан заңдастырып, бұдан былай ашық түрде сауда жасау үшін Пекинге елші аттандырып, осы ресми емес сауда байланыстарына Қытай өкіметінің рұқсат беруін талап етіп, онымен келіссөз жүргізу қажет деген ұсыныс білдіреді. Бірақ Комитеттің қолында бұл сауда туралы толық мәліметтердің әлі жоқ екендігін ескерте келе, Үкіметке нақты ұсыныс түсіру үшін, ең әуелі бұл аймақты жан­жақты зерттеу мақсатында арнайы сапарлар ұйымдастыру қажеттілігіне тоқталады. Сол үшін Цин үкіметімен келіссөз жүргізердің алдында, Семейге сенімді өкіл жіберіп, «ол одан әрі Шәуешек пен Құлжаға сапар шегіп, келісімге қажетті мәліметтерді жинап қайтсынң деген шешім де қабылдады. Пекиндегі орыс діни миссиясының жетекшісі Поликарп Тугаринов 1844 жылы наурызда Петербургке жазған хатында осы ресми емес сауда байланыстарының хал жайы жайында хабарлай отырып, «егер оны осы қалпында қалдырсақ, саудагерлер біз үміттенгендей пайдалы нәтижеге жете алмайдың дей келе, Поликарп одан әрі осы хатында орыс­қытай саудасының жүру барысын және болашағын талдап, орыс өкіметін Орталық Азиядағы сауда әрекеттерін жандандыра түсуге және бұл аймақтағы Ресей саясатын кең өрістетуге шақырды.(198). Мәселенің тағы бір қиыншылығы Ресей өкіметіне Шыңжаңмен сауда қатынасына тұрақтылық, оған ресми сипат берумен қатар, керуен жолдарының қауіпсіздігін де ойластыру қажеттігі туды. Себебі орыс сауда керуендерінің легі Қытайға барар әрқашанда қазақ даласымен өтіп, ен даланың еркелері – көшпенділердің шабуылына ұшырап, жұрдай болып тоналып, көп шығынға ұшырайтын.

Читайте также:  Алматы қаласы беттік суларының экологиялық жағдайы

Оставить комментарий