Шыңжаңдағы Цин империясының үстемдігінің қайта орнауы

1866 жылы дұнғандар көтерілісінің негізгі ошағы болған Шэньси мен Ганьсу провинциясының генерал­губернаторы болып атақты әскери қолбасшы, цин сарайының беделді қайраткерлерінің бірі – Цзо Цзунтан тағайындалады. Бұл саяси қайраткер тайпиндер көтерілісін басуда ерекше көзге түсіп, үкіметтің үлкен сеніміне ие болған еді. Ал 1866 жылдан бастап, Шэнь­Гань провинцияларындағы Бай Яньху мен Ма Хуанлун бастаған дұнғандар көтерілісін аяусыз басып жаныштағаннан кейін оның саяси карьерасы жылдам өсе түсті. Дұнғандар мен няньцзюндердің көтерілістерін басқаннан соң, 1868 жылдың жазынан бастап Цзо Цзунтан мұсылман «инсургенттеріменң күреске бел шешіп кіріседі. Цзо Цзунтан саяси сахнада пайда болғанға дейін, маньчжурлардың дұнғандармен күресінде ерекше «табыстарың болған емес еді, тіпті көтерілісшілермен күресудің белгілі бір тактикасы да болған жоқ. Маньчжурлардың көтерілісті басу кампаниясының бұрынғы әскери қолбасшылары арасында көтерілісті әскери күшпен жойып жіберу қажет пе, немесе көтеріліс көсемдерін алдап, өз жағына тарту керек пе деген мәселеде тиянақты бір шешімге келе алмай, толқу болды. Көтеріліске қарсы қимылдардағы бетбұрыс кезең 1868 жылы Цзо Цзунтанның Шэньсиге келуімен басталды. Алғашқы кезеңдегі көтерілісшілердің басымдық көрсетуімен біраз шығынға ұшырағанмен, Цзо Цзунтан 1869 жылдың күзіне қарай көтерілісшілерді қанға бояп, Шэньсидегі көтерілісті басады. Осыдан кейін ол Ганьсу, Нинься жеріндегі көтерілістерді басуға кіріседі. Бес жылға созылған соғыс нәтижесінде Цзо Цзунтан дұнғандар көтерілісін талқандап, оның жетекшілері Ма Вэньлуды тізе бүктіреді, ал Бай Яньху Шыңжаңға қашып кетіп, ондағы Якуб­бектің Жетішар мемлекетіне барып паналайды. (264). Цин империясының территориялық иеліктерін барынша кеңейтуді, оның солтүстік­батыс шекарасын бекемдей түсуді көздеген әскери қолбасшы Цзо Цзунтан сол Шэнь­Гань провинцияларындағы көтерілістерді басу кезінде­ақ, империяның иелігін Памирдің етегіндегі жерге дейін созып, оның үстемдігін орнатуды ойлаған болу керек. Онымен жақын жүрген серіктерінің айтуына қарағанда, ол сол кезде­ақ Шыңжаң туралы мәліметтерді жинақтай бастаған. Шыңжаңдағы көтерілісті жаныштап, оны империяның билігіне қайтару Цзоның әскери амбициясы болды. 1874 жылы няньцзюндерді талқандап болып, Сучжоу түбінде дұнғандарды басқан соң, Шыңжаң мәселесі күн тәртібіне қайта қойылды. Цин империясының саясаткерлері Шэнь­Ганьдағы көтерілісті басумен барлық жағдай түзелмейтінін, мұсылмандардың наразылықтарын тоқтату әлі ерте екенін сол кезде­ақ түсінген болатын. Цин үкіметі бұл соғысқа 40 млн. лян қаржы жұмсады. Цин әкімшілігіндегілер ендігі кезек ­ Шыңжаңдағы антициндік көтерілісті басып, империяның солтүстік­батыс аймағын тыныштандыру екендігін жақсы түсінді. Цин империясының билеушілері Шыңжаңды империя құрамына қайта қосу үшін жорықты бастауға ешқандай кедергі болар себеп жоқ деп отырғанда, кенеттен Жапония Қытайдың алдына Рюкю (қытайша – Люйцюй) және Тайвань аралдары туралы даулы мәселесін қойды. Өткен ғасырлардан бері Қытай мен Жапонияның арасында шешілмей келе жатқан осы аралдардың мәселесін Жапония Цин империясының дағдарысы шиеленісіп тұрған дәл осы сәтте, біржолата шешіп алуды көздеді. ХІХ ғ. соңғы ширегінен бастап, яғни Мэйдзи реставрациясынан кейін күшейе бастаған Жапония сыртқы саясатында белсенділік танытып, Қытаймен территориялық бәсекелестікке түсе бастаған болатын.

Рюкю аралындағы қарапайым арандату әрекетін сылтау қылып, Жапония 1874 жылы Тайвань аралына әскери кемелерін кіргізіп, шабуыл бастағаны белгілі болады. Ли Хунчжан Тяньцзиннен Цзунли ямынге ұсыныс пікірін білдірген хат жіберіп, Тайваньға бірнеше мыңдық әскер мен флот аттандырып, жапондықтарға тойтарыс беруді сұрайды. 1874 жылы 14 мамырды императордың осыған сәйкес жарлығы жарияланады. Ұзақ уақытқа созылған әскери­ дипломатиялық әдістерден кейін, Пекинде 1874 жылы 31 қазанда Жапониямен Қытай арасында келісім шартқа қол қойылады. Келіссөз нәтижесінде бұл мәселе соғыссыз, бейбіт жолмен шешіліп, агрессор Жапонияға Қытай жарты миллион лян қаржы төлеп, Рюкюдің Қытайдан тәуелсіздігін мойындап, Тайваньдағы Жапонияның дәмесіне тойтарыс беріліп, Тайванның Қытайдың жері екендігі мойындалады. Қытай Англияның қолдауына сүйене отырып, Тайваньды әзірше өз билігінде сақтап қалды. Жапонияның Тайванға жасаған шабуылы Қытай үшін күтпеген сабақ болды: цин сарайы аяқ астынан болған осы оқиғадан кейін, Қытайдың Жапония алдындағы қорғансыздығына көз жеткізіп, ендігі жерде шығыстағы теңіз жағалауында қорғаныс жүйесін тез арада күшейту керектігін түсінді. Қытайдың сыртқы саясат қызметкерлері басқа мемлекетпен келіссөз столына отырғанда, әрбір мемлекеттің өз позициясың мықты ұстауы үшін, арқасында сүйенер әскери күші болуы керек екендігін алғаш рет жақсы ұқты. Сондықтан, Ли Хунчжан Қытайдың шығыстағы теңіз жағалауының қауіпсіздігін тез арада күшейту керек деген шешімге келеді. Міне, дәл осы уақытта, Қытай үшін әскери шығыны өте қымбатқа түсетін, бірақ геосаяси, геостратегиялық маңыз одан да қымбат Шыңжаңға үстемдігін қайта орнату мақсатындағы жорықты бастай отырып, сыртқы қорғанысындағы аса маңызды өзінің әскери­теңіз жоспарын бір мезгілде, қатар іске асыра ала ма ­ деген мәселе туады. «Хайфаньң ­ «теңіз жағалауы қорғанысын күшейтуң, немесе «сайфаньң ­«құрғақтағы шекараны нығайтуң, яғни, дәлірек айтқанда, Шыңжаңды қайтару деген мәселенің қайсысы ең маңызды және кейінге қалдыруға болмайтын мәселе, дегенді айқындау жөнінде саяси топтар арасында аса қызу пікірталас басталады. Әрине, теңіз жағалауындағы провинциялар өкілдері ­ әскери­теңіз жоспарын бірінші кезекте шешу керек дей отырып, олар Жапониядан төнетін қауіптің Қытай үшін қаншалықты ауыр болатынын алға тартты. Ал «сайфаньң идеясын жақтаушылар солтүстік­батыс шекара жақтан төнетін қауіптің де Қытай мемлекеті үшін осал емес екендігін алға тартты. Осылайша, 1874 жылға қарай Қытайдың билеуші топтары арасында Шыңжаң мәселесі жөнінде екі саяси көзқарас қалыптасты: біріншісі, яғни Ли Хунчжан бастаған топ, Шыңжаңнан бас тарту керек десе, оған қарама қарсы көзқарасты Цзо Цзунтан білдіріп, ол Шыңжаңды қайтсе де, ауыр шығынға қарамай қайтару керек ­ деген көзқарасты ұстанды. (265). Маньчжурлардың билігінің соңғы онжылдықтарында, әбден артта қалған Қытайды жаңарту қажеттігін ұғынған саясаткерлер аз емес еді, бірақ олардың қолында жаңарту шараларын жүзеге асыра алатын күш болмады. Қарастырылып отырған кезеңде Ли Хунчжан да, Цзо Цзунтан да бұл қажеттілікті жақсы түсінді, бірақ әрқайсысы мәселені бір біріне мүлдем қарама қарсы пікірді ұстанып, империяның қауіпсіздігі жөніндегі мәселенің өз көзқарастары тұрғысынан шешілуін ойлады. Цзо Цзунтанның оппоненттері Шыңжаңның географиялық жағдайы Қытайдың қазіргі саяси жағдайына қауіптілігін, оны қоршап отырған шекаралас елдердің – солтүстік­батыста Ресейдің, британдық Индияның, батысында Иран мен Түркияның жақындығын алға тартып, бұл аталған елдердің күн санап күшейіп келе жатуына байланысты олардың Шыңжаңдағы ықпалы да артып отырғандығын, Шыңжаңдағы Қытайдың билігін қалпына келтіргенмен, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін болмайтындығын дәлелдеушілер көп болды. Олар Шыңжаңдағы Жетішар мемлекетінің Англиямен, Түркиямен, Ресеймен байланыс орнатып отырғандығын, сондықтан, қытай әскері батысқа қарай жылжитын болса, олар жәй қарап отырмайтындығын, Қытай бұл елдермен қақтығысқа келуі мүмкін екендігін де ескертті.

Шыңжаңды қайтаруға үлкен әскери және қаржылай шығын шығарғанша, егіншілікті дамытуға күш салу әлдеқайда пайдалы екендігін айтты. Дегенмен де, Шыңжаңнан мүлдем бас тартуға болмайтындығын, империяның мүддесі үшін Шыңжаңның номиналды билігін ғана мойындап, оны вассалды тәуелділікте ұстау тиімді деген пікірлер де айтылды. «Өзімізге де, өзгелерге де өмір сүруге мүмкіндік берген дұрысң ­ деді кейбір саясаткерлер. Сонда ғана Шыңжаңды Англия мен Ресей басып ала алмайды деген ойды айтушылар да болды. Цзо Цзунтанның пікіріне ұқсас ұсыныс айтушылар да аз болмады. Олар теңіз жағалауындағы қауіпсіздікті жоққа шығармай, бірақ Орталық Азиядағы шекаралық аймақты күшейтудің маңызы одан да күштірек екендігін дәлелдеушілер, Шыңжаңды қайтару жағында болды. Империяның теңіз жағалауларындағы проблемаларына қарамастан, Шыңжаңдағы көтерілістер басылуы тиіс, Орталық Азиядағы өзінің «жоғалтқанң жерлерді қайтарып, ондағы Қытайдың билігін қалпына келтіру керек – деп есептеді. Кейбір Қытай саясаткерлері Шыңжаңды қайтарып алмаса, орыстардың Орталық Азияда ғана емес, теңізде де күшеюі мүмкін, және онымен бәсекелес – Англия, Франция және АҚШ сияқты елдер тарапынан да елге қауіп төнуі әбден сөзсіз ­ деген пікірде болды. Ресейдің Ілені басып алуынан кейін туындаған бұл пікірлер, шынында да негізге аларлықтай себеп болды. Ресей Қытайға құрғақтан ғана емес, теңіз жақтан да қауіп төндіре алатын ел болды. Қиыр Шығыстағы Жапониямен бәсекелестік күреске кірісе бастаған Ресей империясы Қытай үшін аса қауіпті «жауғаң айналды. Теңізден ғана Қытайға шабуыл жасай алатын Жапониядан гөрі екі өкпесінен – шығыста ­ теңіз жақтан, солтүстік­батысында – құрғақтағы шекаралық аймақтардан қауіп төндіре алатын «орыс қаупің күштірек болды. Сондай­ақ, Батыс державалары жағынан Қытайға қауіп күн сайын өсіп отырған осы жағдайда Цин империясы Орталық Азияда бар күшін салып, қандай қиындық болмасын, Ресейге және батыс державаларына өз әскери қуатын көрсетуге тиіс болды. Бірақ қытай саясаткерлері мен цин үкіметі ойлағандай, Ресейдің сол кезде Қытайға басқыншылық соғыс жасайтындай күш­қуаты болған жоқ еді. Ресей өзінің Қазақстан мен Орта Азиядағы жаңадан империяға қосып алған иеліктерін нығайту жолында әрекет етіп жатты. Оның әскери күші Цин империясының Шыңжаңды иеленіп тұруы үшін қандай қажет болса, Ресейге де орталықазиялық иеліктерін ұстап тұру үшін сондай дәрежеде қажет болды. Ал Ресей империясы батыс державалары мен Жапониямен салыстырғанда, әлдеқайда дамуы төмен ел болатын. Өзінен әлдеқайда күшті мемлекеттердің Қытайға және оның Шыңжаң ауданына назары ауып отырған кезеңде, Ресей Шыңжаңды басып алуға бара қоюы мүмкін емес еді. Оның орталықазиялық ­ Қытаймен шекаралас аудандарында соғыс жүргізетіндей әскери күш­қуаты да болған жоқ. Ондай әскери күші бола қалғанның өзінде Ресей Қазақстан мен Орта Азиядағы мұсылмандардың Шыңжаң халқын қолдап кетуінен, яғни өзінің отарлық халықтарының бас көтеруінен де сескенетін еді. Дегенмен, Ресей жанын сала Шыңжаңдағы өз мүддесін қорғауды, аймақтағы ықпалын сақтап, өзімен шекаралас жерде бәсекелес дұшпандардың болуына да жол бермеуге тырысты. Сондықтан ол, Шыңжаңды басып алу емес, қайта оның күшті қолда болуын, яғни Қытайдың билігінде қалуын қалады. Ілені ұстап тұрудың өзі Ресейге оңайға соққан жоқ. 1875 жылдың басында Цин империясының сарайында болған оқиғалар елдің саяси өмірінде жаңа кезеңді бастап берді. 1875 жылы 12 қаңтарда, артында мұрагерін қалдырмай, император Тунчжи (Цзайчунь, 1856­-1875 жж.билік құрған) дүниеден өтті. Таққа жас император, төрт жасар Гуансюй (Цзайтянь, 1871­1908 жж.өмір сүрген) отырады. Цин сарайының билігін қайтыс болған императордың жесірі императрица Цы Си өзі дүниеден өткенше, яғни, 1908 жылға дейін, уәзір Чунь екеуі қолдарына ұстап келді. Жас императордың әкесі уәзір Чунь Шыңжаңды қайтару мәселесін белсенді жақтаушылардың бірі болатын.

Читайте также:  Христиандық Милленаризм

Сондықтан үкіметтің ұстанатын саясаты Цзо Цзунтанның пайдасына қарай ауысатыны белгілі еді. Цин үкіметі Цзо Цзунтанның ұсыныстарын қолдағанымен, оның әлі де болса мәселенің өте салмақты екендігін ескере отырып, оппонентердің ескертпелері мен пікірлерін жан­жақты екшеуді, оған талдау жасауды, Шыңжаң аймағының шекаралас елдермен қатынасын мұқият қадағалауды тапсырды. Шыңжаңды қайтаруға Цзо Цзунтанның қолындағы әскери күштердің қаншалықты жеткілікті болатындығын, қосымша қаржы мәселесі қиындық туғызатынын ескертеді. Ал Цзо Цзунтан болса, Қытайдың жауы теңіз арқылы келетін европалық мемлекеттер мен Жапония емес екендігін, олар Қытаймен жүргізген соғыстарында сауда мақсаттары үшін ғана порттар мен гаваньдарды басып алып, империяның территориялық иелігіне аса көп қауіп әкелмегендігін алға тартып, ал Ресей болса, Қытай үшін ең қауіпті жау деп көрсетті. Орыс мемлекеті Қытайдағы саудадан түсіретін пайдасын ғана ойлап отырған жоқ, ол Орталық Азиядағы үстемдігін нығайту саясатын ұстап, Қытайдың өзімен шекаралас аймақтарына да көз алартып отыр. Орыс қаупі сөзсіз болатын оқиға деп өзінше көрегендік танытып, цин өкіметін иландыруға тырысты. Ол Ілені орыстардың оккупациялап алуын сол мезгілдегі цин өкіметінің ішкі мәселелермен айналысып, Шыңжаңға дұрыс назар аудармағандығын пайдаланды деп есептеді, «орыстар Ілені қытайлар үшін сақтай тұрамыз деп алдайды, ал шынында олар басқа пиғылды көздеп отыр. Себебі Іле ауданы өте шұрайлы және олардың оңтүстік шекарасына жақын болғандықтан, аса көп күш жұмсамай­ақ ілгерілей ішке жылжуға мүмкіндік беретін еді –дейді.(266). Ал шын мәнінде, Ресейдің көтерілстің бастапқы кезеңінде Қытайға шапқыншылық жасайтындай шекаралық аймақтарында әскери күші де болған жоқ. Оның үстіне Ресей өзінің Қытаймен жақын орналасқан ұлт аймақтарындағы мұсылман халықтарының да Шыңжаңдағы оқиғаларға қолдау көрсетіп кетуінен сескеніп, өз шекарасының қауіпсіздігіне көбірек алаңдады. Сондықтан Ресей өзінің ішкі және сыртқы саяси факторларын ескере отырып, Шыңжаңның қайта Қытайдың билігінде болуына мүдделірек болды. Ресей өз мұсылман халықтарының наразылығын тудырып алудан қорқып, Шыңжаңдағы халықтардың көтерілісін басып жаншу үшін цин өкіметімен одақтасуға да бара алмады. Оқиғалардың даму барысын өзінің геосаяси мүддесі тұрғысынан жіті бақылаған Ресей әліптің артын бағып, Шыңжаң оқиғаларына бейтараптық танытуға мәжбүр болды. Бірақ орыс өкіметі тыныш қана бақылаушы болып қарап отырмай, шекара аймағындағы әскери күштерін жинақтап, оқиғалардың даму барысына орай қимылдауды ойластырды. Ресей империясының Орталық Азиядағы шекаралық аймақтарындағы жергілікті билік өкілдері үкіметті барлық жағдайлармен хабардар етіп отырды. Империялық пиғылдары басым кейбір әкімдері Ресейдің қолайлы сәтті пайдаланып, Шыңжаңдағы үстемдікке қол жеткізуге болатындығын ұсынған пікірлеріне де саяси салмақтылықпен төзімділік танытып, оқиғаның артын күтті. Ал Ілені оккупациялап алу Ресейдің шекаралық аймақтарындағы геосаяси мүдделеріне тікелей қауіп төнген кезде және цин үкіметінің Шыңжаңды бақылауда ұстай алмайтындығына көзі жеткен сәтте іске асырылды. Бұл Ресей империясының отаршылдық пиғылын жоққа шығару емес, қайта оның ұлт аймақтарындағы отарлық иеліктерін сақтап қалу, оны қауіпсіздікте ұстау мақсатынан туындаған объективтік шындық сол еді. Сонымен, Цзо Цзунтан Үрімшіні қайткенде де көтерілісшілерден азат етіп, цин билігіне қарату керек деген пікірінен қайтпай, жорықты бастау керектігін табанды түрде талап етті.

Читайте также:  ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФАЗАЛЫҚ ЕТІСТІКТЕР

Егер Үрімшіні қолға ала алмаса, Қытайдың солтүстіктегі де, батыстағы да шекарасы үнемі қауіпті жағдайда қалатындығы, цин әскерлері Шыңжаңнан кері шегінетін болса, онда мұсылман көтерілісшілері Цзяюйгуань түбіне дейін келіп, қауіп төндіруі мүмкін екендігін цин үкіметіне ескертті. Осы себептерді алға тарта келе, Цзо Цзунтан төмендегідей пікірлері мен ұсыныстарын цин сарайына жіберді: «Шыңжаң солтүстік­батыс шекарадағы бірінші қорғаныс сызығы, ол Пекинге қорған болып тұрған Моңғолияны қорғап тұр. Шыңжаңнан айрылатын болсақ, Моңғолия қорғансыз қалады, ал бұл дегеніңіз, Пекин қауіпті жағдайда қалады деген сөз; Батыс елдерінің басқыншылық қаупі төніп тұрған жоқ, ал Ресейдің басқыншылық жасауы айқын болып тұр; Шекараны қорғауға бөлінетін қаржы теңіз жағалауының қорғанысы үшін бөшектенбеуі керек; Ата­бабалардың басып алған жерлерінің бір қарысын да жоғалтпауымыз керек; Стратегиялық орталықтар – Ақсу мен Үрімші ең алдыңғы кезекте қайтарылуы керекң.( 267) Осындай себептерді көрсете келе, Цзо Цзунтан шыңжаң кампаниясын тоқтату дегеніміз күрес алаңына шықпай қалумен бірдей болар еді, ал ол өз кезегінде Орталық Азияда шетелдік мемлекеттердің үстемдік алуына әкеледі – деген тұжырымын да атап көрсетеді Шыңжаңдағы антиманьчжурлық көтерілісті басудың Цин үкіметі үшін қаншалықты маңызды болғандығы жөнінде Ресейлік зерттеуші Дубровскаяның :«Циндердің бұрынғы әулеттерден қабылдаған, империяның Шыңжаң жөніндегі ежелден ұстанып келе жатқан «мүдделердің дәстүрлілігің факторы сарайға өз әсерін тигізгені сөзсіз, сондықтан олар, шыңжаң кампаниясын дәл қазір тоқтату Қытайдың Орталық Азиядағы жағдайын түбірімен күйретіп жіберуі мүмкін деген тоқтамға келедің деген пікірімен толық келісуге болады. (268) Сөйтіп, Цин империясы Қытайдың батыстағы аса маңызды стратегиялық аймағы – Шыңжаң жерінен айрылу ­ көнеден келе жатқан дәстүрлі саясаттан бас тартумен бірдей деп есептеді. Орталық Азиядағы Қытайдың орнын айқындайтын фактор осы Шыңжаңдағы биліктің қаншалықты берік болуына байланысты екендігін цин билеушілерінің көпшілігі жақсы түсінді. Көп ұзамай,1875 жылы сәуірде өкімет Цзо Цзунтанды императордың Шыңжаңдағы әскери­соғыс мәселелері жөніндегі өкілі етіп бекітеді. Шыңжаңның тағдыры ұзақ қызу айтыстар мен пікірталастардан кейін, осылайша, Қытай әдебиетінде «Сичжэнң деп аталған, Шыңжаңға жорық кампаниясын бастауға рұқсат алумен шешілуге бет алды. Сөйтіп, «Шыңжаңды әскери күш қолдану арқылы қайтару керекң ­ деген пікір, яғни Цзо Цзунтанның ұсынысы Цин басшылығы тарапынан қолдауға ие болып, жеңіске жетеді. Оны, әрине, халықта «қарақшы Цзоң (Цзо туфу) деген атқа ие болған ­ Цзо Цзунтан басқаратын болды. Цзо Цзунтан 1875 жылы көктемде Шыңжаңның әскери комиссары болып тағайындалғаннан кейін, оның билігіне Жоңғарияда орналасқан құрамында 20 мың әскері бар 40 жуық батальон кірді. Оған 1875 жылы Үрімші дутуңы болып тағайындалған Цзинь Шунь басшылық жасады және ол Цзо Цзунтанның көмекшісі де болып бекітілді. Цзинь Шуннің әскерін ұстап тұру үшін, жыл сайын 2640 мың лян күміс жұмсалды. Цзо Цзунтан әскерді ұстап тұру үшін және оны қару­жарақпен қамтамасыз ету үшін кететін елеулі шығынды ағылшын банктері мен фирмаларынан алған заемдар есебенен жауып отырды. Өте ауыр қаржылық қиыншылықты бастан кешіріп отырған цин үкіметі бұл шараға көнбеске амалы жоқ болды. Ресейлік зерттеуші, академик Нарочницкий айтқандай, ағылшын капиталистері бұл займдарын оның өте жоғары үстемесі есебінен баю мақсатында ғана емес, «батысқа жорықтың қолдай отырып, осы қаржылай көмек беру арқылы Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын әлсіретуді көздеді. (270). А.Ходжаевтың зерттеу еңбегінде көрсетілген мәліметтер бойынша, Шыңжаңдағы мұсылмандар көтерілісін басып­жаныштау үшін, Цзо Цзунтан әскеріне Шанхайдағы ағылшындық банктер мен фирмалар 11,5 млн.лян күміс көлемінде заем берген.

Бұл қаржы Цзо Цзунтанның «сичжэнгең жұмсаған бүкіл қаржылық шығынының жартысынан сәл төмен бөлігін құрады. «Сичжэнң үшін кеткен шығынның жалпы көлемі 26,5 млн. лян күміс болатын.(271) Цин әскерлерінің Шыңжаңдағы жазалау операциясы басталған кезде туындаған бір қиындық ­ әскерді азық­түлікпен қамтамасыз ету жағы болды. Шыңжаңға жақын орналасқан Шэн­Гань провинциялары көтерілістер нәтижесінде қырғынға ұшырап, егін салатын шаруа да қалмаған еді. Ал Монғолия мен ішкі Қытайдан тасымалданатын азық­түлік өте қымбатқа түсті және жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете де алмады. Сондықтан әскер басшылары орыс саудагерлерінен астық сатып алуға рұқсат етуге мәжбүр болды. Ресейдің ресми түрде цин үкіметімен мұсылмандарды жазалау соғысы кезінде бейтараптық саясат ұстап, олармен астық саудалауға тиым салғанына қарамастан, орыс саудагерлері пайда табу жолында әрекет етіп, астыққа мұқтаж болып отырған қытайлықтарға астық сату саудасын жүргізуін тоқтатпай, біраз табыстарға ие болады, себебі әскерге қажетті азық­түлікті, әсіресе астық өнімдеріне деген сұраныс күрт күшейе түскен болатын. Әскерді азық­түлікпен қамтамасыз ету үшін, әскер басшылары да амалсыздан, орыс саудагерлерінен астық өнімдерін сатып ала бастайды. Мұрағаттарда сақталған сол кездің құжаттарында, яғни шекаралық аймақтардың үкіметке берген ақпарларында цин әскер басшылары орыс саудагерлерінен көптеп астық сатып алғандығы жайында мәліметтері аз кездеспейді.(272). Шетелдік заемдар мен орыстардың азық­түлік өнімдерін сатып алу арқасында Цзо Цзунтанның әскері қаржылай қиыншылықтан да, азық­түлікпен қамтамасыз етуден де жол тауып, Шыңжаңдағы жазалау операцияларын табысты жүргізуге мүмкіндік алды. Цзо Цзунтан Шыңжаңға бағытталған жазалау операциясын жүргізудің жан­жақты ойластырылған жоспарын жасауға кіріседі. Якуб­бектің Англия мен Түркияның көмегімен жарақталған әскери күшін есепке ала отырып, сондай­ақ дұнғандар мен ұйғырлар арасындағы алауыздықты да шебер пайдалануды көздеп, ол алдымен Жоңғарияның дұнғандар қолында қалған қалаларын басып алудан бастауды жөн көрді. Цзо Цзунтанның ұсынысын қабыл алған цин үкіметі оны тиісті қаржымен қамтамасыз етті. 1876 жылы ақпанда, он ай бойғы қызу дайындықтан соң, Цзо Цзунтан өзінің 70­мыңдық әскерімен батысқа қарай жорыққа шықты. Жалпы бұл жорыққа Цин империясы барлығы 150 мыңдай әскер аттандырды.(273). Якуб­бектің Цин империясымен келіссөздер арқылы өзінің мемлекетін қауіпсіздендірмек болған әрекеті іске аспады. Бай Янь­ху бастаған дұнғандар отряды және Якуб­бектің әскери күштері жанталаса қарсылық көрсеткенімен күші басым Цзо Цзунтан әскері Жоңғарияны қанға бояп, аса қатал айуандықпен жеңіске жетіп, Бай Яньху мен Якуб­бек шегінуге мәжбүр болды. 1876 жылы күзде Цзо Цзунтан Үрімшіні алады. Үрімшіні алған соң, цин әскерлері енді Манасқа аттанады. Манас түбінде цин әскерлері ұйғырлар мен дұнғандардың кескілескен қарулы соғысына тап болады, соғыс 1876 жылдың ақпанынан қарашаға дейін созылып, циндер көп шығынға ұшырап, Манастың оңтүстік жақтағы бекінісін ала алмайды. Сосын цин әскерінің генералдары Манас бекінісін айламен алуға көшті. ­ Көтерілісшілер қоршаудан шығып, өз еріктерімен берілсе, кешірім жасалады ­ деп сендірді. Қытай әскери басшылығына сеніп қалған қоршаудағы Хэ Шун бастаған 3 мыңдай адам 6 қараша күні қоршаудан шығады. Бірақ қытай әскері берген уәдені орындамайды, оларды түгелдей ­ әйелдер мен жас баласына дейін қырып салады. Бай Яньху басқарған дұнғандар әскері осы оқиғадан кейін Жетішарға қарай шегінеді де, Се Фу басқарған әскер қоршаудан әзер қашып шығып, Құлжа жеріне келуге орыс өкіметінен рұқсат сұрайды. Сөйтіп, Цзо Цзунтан орыстар иеленіп отырған Іледен басқа, бүкіл Жоңғария жерін көтерілісшілерден тазартып, билікті қолына алады. Енді Шығыс Түркістанға шегінген Якуб­ бектің әскерімен соғысқа әзірлік басталады. Шығыс Түркістанға жазалаушы жорықты бастау қыстың түсуіне байланысты 1877 жылдың көктеміне қалдырылады.(274). Якуб­бектің Жоңғариядағы жеңілісі және оның баяу, уақыт өткізу саясаты көтеріліс басшылары арасында түсінбестік тудырып, оған деген сенімсіздік көзқарасты ұлғайтты. Қалыптасқан жағдай Жетішардың әскери­саяси және экономикалық жағдайын күрт нашарлатып жіберді. Жетішар тұрғындары арасында цин әскерінің қаһарынан қорқып, сыртқа қашу басталды. Әскери қызметке барудан бас тартқан еркектер Ресейлік Түркістан жеріне сауда керуендеріне ілесіп, жасырын түрде қаша бастайды. Бұны сезген Якуб­бек орыстармен сауда байланыстарына тиым салады, орыс саудасына тиым салу аймақтың онсыз да ауыр экономикалық жағдайын әлсіретіп жібереді. Керісінше, орыс саудагерлері енді Верныйдан, Зайсаннан және басқа да шекараға жақын аймақтардан Цзо Цзунтан әскеріне қажетті астық пен азық­түлік өнімдерін саудалай бастайды.(275). 1876­1877 жылдың қысын Цзо Цзунтан мен Якуб­бек бір­біріне қарсы соғысқа дайындалумен өткізді. Түркістандағы орыс өкіметінің өкілдері Жетішар мемлекетінің өз тәуелсіздігін сақтап қаларына сенімсіздікпен қарады. Ресей сыртқы істер ведомоствосының басшылары бір­біріне Шыңжаңдағы жағдайды баяндай отырып, Қашғардың алдағы Қытаймен қақтығысында екі жақтың кез келгенінің қол жеткізер алғашқы табыстары Шығыс Түркістандағы оқиғалалардың бұдан арғы дамуында сөзсіз шешуші салдары болатындығын айтып, Қытай қаруының салмағы басым болған жағдайда, Якуб­бек өзінің сенімді жақтастарымен бірге қалуы мүмкін және оның құрған құрылысы –«Жетіқалаң Жер кіндігі патшалығының баяу, бірақ ауыр соққысынан құлап түсері анық деген болжамдарын жасырмады. Якуб­бектің сол кездегі ұстанған тым түсініксіз, мүмкін өз күшіне анық сенбеген жалтақ саясаты, ақыры, оқиғалардың даму қорытындысы, Жетішар мемлекетінің тағдырын өте ауыр шындыққа әкеп тіреді. Якуб­бек цин үкіметімен келіссөздерден әлі де болса үмітін үзбей, оның үстіне ағылшындардың аралыққа жүріп, циндермен келіссөздері нәтижесінде Қытай Жетішарды мойындайды деген есек дәмемен, Якуб­бек әскерін қорғанысқа әзірлегенмен, енжарлық, уақыт ұтқызу тактикасын ұстанып, әрекетсіз отырып алады. Оның бұл қылығы Жоңғариядағы көтерілісші дұнғандардың «Бадаулеттің оларға деген адалдығынаң сенімсіздігін тудырып, оған күмәндана бастайды. 1877 жылдың көктеміндегі шешуші шайқастар алдында Якуб­бек әскерінің көңіл­күйі өте жаман болады. Әскерден адамдар қаша бастайды. Кейбір деректерге қарағанда, оның әскерінен қашқан сарбаздар қытай әскері жағына өтіп кеткен. Тіпті әскердің қазынасындағы қаржыны ұрлап қашқандар да кездескен. Тығырыққа тірелген Якуб­бек Англияның араға түсуін сұрап, Лондонға Сайд Якуб деген өкілін жібереді. Осымен қатарластыра ол Индиядағы ағылшын вице­короліне өзінің Цин өкіметінің билігін мойындайтынын және оның мемлекетін Қытайға тәуелді деп санайтындығын хабарлайды. Ресейдің Орта Азиядағы берік орныққан саясатынан үрейлене бастаған Англия Якуб­ бектің бұл өтінішін қуана қарсы алады. Англия өз өкілі Уэйд арқылы Лондондағы қытайдың өкілетті өкілі Го Сун­тао мен Сайид Якубтың құпия кездесуін ұйымдастырады. Сайид Якуб, Якуб­бектің егер оның тағы сақталар болса, кез­келген шартты қабыл алатындығын хабарлайды. Ағылшын сыртқы істер министрлігі қытай үкіметіне Го Сун­тао арқылы өзінің Қытай мен Жетішар мемлекеті арасында араағайындыққа жүруге әзір екендігін хабарлай отырып, Шығыс Түркістан мәселесін шешудің төмендегідей шарттарын негізге алуды ұсынады: Якуб­бек Қытайдың сюзеренитетін мойындайды, яғни көнеден келе жатқан Қытайдың вассалдық тәртібін сақтап, өз иелігінде толық билігін сақтай отырып, Пекинге, Қытайдың императорына мезгіл­мезгіл сый­сияпат жіберіп отыруға міндетті болады; Қашғар хандығы мен Қытайдың шекарасы айқындалады; бір­біріне өзара көмек туралы келісімге келеді. (276). Бұл ұсыныс Англияның өз мүддесіне қызмет ететін шаралардың бірі екендігі айқын еді. Шыңжаңда тәуелсіз мұсылман мемлекетінің болуы арқылы, Англия Ресейдің бұл аймақтан ығыстырмақ пиғылын осылайша Қытай алдында бүркемелек болады. Англияның ара­ағайындық ұсынысын Қытайдың цин үкіметінің Ли Хунчжан тобы құптауды қалағанымен, Цзо Цзунтан бірден оған қарсы шығады. Алысты болжағыш Цзо, цин үкіметіне ағылшындардың бұл саясатының астарында, Ресейді Орта және Орталық Азия аймағында әлсіретуді, сөйтіп, бұл жерде өзі үстемдік етуді көздеп отырған саясатын дөп басып көрсетеді. Одан әрі Цзо ағылшындардың сөзіне еріп, Шығыс Түркістанға тәуелсіздіктің қандай да түрін беруге болмайтындығын, ол империяға бәрібір қауіпті жағдай тудырып отыратындығын дәлелдеуге тырысады. Цзоның соңғы кездегі әскери жеңістеріне ризашылық сезімдегі Цин өкіметі оның пікірін қолдап, Англияның ұсынысын қабылдамай тастайды. (277). 1877 жылы көктемде Цзо Цзунтан Шығыс Түркістанға жорығын бастайды. Сәуір айында цин әскерлері «Шығыс Түркістанның қақпаларың ­Дабаньчэн, Токсун, Тұрфан қалаларын алады. Осы кезде Англия тағы да араға түсіп, Қытайдың Жетішар билеушісімен келіссөз жүргізуін сұрайды. Бірақ оқиғалардың барысын кенеттен болған Якуб­бектің өлімі өзгертіп жібереді. А.Ходжаевтың зерттеуінде келтірілген мәліметтерге сенсек, ол цин өкіметінің жіберген сатқын өкілі Нияз­хаким­бектің у беруінен 1877 жылы 30 мамырды Курле қаласында белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады. (278). Якуб­бектің қазасынан кейін Жетішардағы жағдай бей­берекетсіздікке, ыдыраушылыққа тап болады. Мемлекет ішінде өзара бақталастық, алауыздық өршіп, ол негізінен үш топқа бөлініп кетеді. Цин империясы үшін нағыз қолайлы сәт туады: «Бөліп алда, билей берң немесе «бөлінгенді бөрі жейдініңң сәті туып, цин әскерлерінің оңайға түскен олжасына айналады. Шығыс Түркістанды бағындыруға аттандырылған цин әскерінің қолбасшысы Лю Цзинь­тан Якуб­бектің көзі тірі кезінде соғысты бастауға асықпай, жан­жақты ойластырумен біраз уақытын өткізгенмен, бадаулеттің өлімінен соң, ол әскери қимылын жылдамдатып, Қашғарды 1877 жылдың аяғында толық толық өз билігіне қаратады. Қашғар жеріне цин әскерінің келуінен үрейі ұшқан көтеріліс басшылары, қала бектері жан­жаққа бас сауғалап, қашып кете бастайды.(279). Лю Цзиньтан мұсылман халықты жаппай қырғынға ұшыратып, қатаң жазаға ұшыратумен қатар, өз еріктерімен келіп берілген, цин билігін мойындауға әзір екендігін дәлелдей алған кейбір мұсылман өкілдеріне рақымшылдық жасап, оларға сый­сияпат көрсетіп, жымысқы саясат та жасайды. Тіпті Якуб­бектің Ресейге қашып кете алмай қалған баласы Ишанкулды Лю Цзиньтан рақымшылық жасап, оған да сыйлық берді –деген мәліметтерді кездестіруге болады. (280). Шығыс Түркістандағы цин билігінің қайта орнауы туралы өз үкіметіне 1878 жылы 9 қаңтарда хабарлай отырып, Жетісу әскери губернаторы Г.А.Колпаковский орыс саудасына мүмкін қолайлы сәт туар деген үмітін де жасырмайды. Ол, осы кездері ішкі бей­ берекетсіздіктен тоқтап қалған сауда байланыстары енді дұрыс жолға қойылуы тиіс, себебі Жетішардың орыс тауарларына деген мұқтаждығы осыны талап етеді, сондықтан сауда керуендері енді Қашғарға ғана емес, Жаркент пен Хотанға, т.б. қалаларға бара алатын болады ­ деген үмітін жалғастырады.

Читайте также:  ЗАМАНАУИ ӘЛЕМДІК САЯСАТЫНЫҢ ДАМУ ІЛІМДЕРІ

Оставить комментарий