Өсімдік бөлімдерінің ерекше белгілері

Жоғары және төменгі сатыдағы өсімдіктер. Өсімдіктер эволюция барысында мұхитта тіршілік еткен біржасушалы талшықты эукариоттардан пайда болған. Қарапайым өсімдіктер — біржасушалы талшықты жасыл балдырлар осы күнге дейін тіршілік етуде. Осындай ағзалардан біртіндеп қазіргі су ортасында тіршілік ететін вольвокс сияқты, сондай-ақ көпжасушалы жасыл, қоңыр, қызыл балдырлар пайда болды. Барлық балдырлар төменгі сатыдағы өсімдіктерге жатады, өйткені олардың денесі бірдей жасушалардан түрады. Олар үлпалар мен мүшелерге бөлінбегендіктен, таллом немесе қабат деп аталады.

Балдырлардан басқа өсімдіктер жоғары сатыдағы өсімдіктерге жатады. Әртүрлі — ауа және топырақ ортасында тіршілік ету оларда мүшелер мен ұлпалардың қалыптасуына әкелді. Жоғары сатыдағы өсімдіктерге мүктәрізділер, қырықжапырақтәрізділер, ашықтұқымдылар мен жабықтұқымдылар жатады.

Мүктер бөліміне көпшілігінде маңызды екі мүше — сабақ пен жапырақтары болатын өсімдіктер жатады. Алайда мүктердің арасында денесі тек спорангийі бар жасыл пластинадан тұратын қарапайым формалары да кездеседі. Мысалы, бауыр мүктер. Олар да жоғары сатыдағы өсімдіктерге жатады. Бауыр мүктерінің вегетативті дене құрылысының қарапайымдылығы, олардың ерте пайда болғанын көрсетеді. Маршанциялар — бауыр мүктер класына жатады.

Мүктер — құрлықта өсуге бейімделген алғашқы өсімдіктердің бірі. Бірақ оларда өткізгіш және тірек ұлпалары қалыптаспады. Сондықтан мүктер аласа болады, тек ылғал жерлерде өседі. Олардың тамыры болмайды. Кейбірінде тамырдың қызметін ризоидтар атқарады. Ризоид — бірнеше жасушалардан тұратын жіңішке жіп тәрізді сыртқы қабықтың өсіндісі. Ризоид арқылы өсімдік топырақтан суды және онда еріген минералды заттарды бойына сіңіреді. Мүктер спорангийде жетілетін споралар арқылы көбейеді.

Қырықбуындар және плаундар бөлімі -бұл жоғары споралы өсімдіктер. Көпжылдық шөптесін өсімдіктер мен шала бұталар олардың қазіргі өкілдері.

Қырықжапырақтар жоғары споралы өсімдіктерге жатады. Олар ертеде жойылып кеткен риниофиттерден пайда болуы мүмкін. Қырықжапырақтәрізділерге ұсақ шөптесін өсімдіктер болуына тамырсабақтың пайда болуы, өткізгіш және тірек ұлпаларының қалыптасуына мүмкіндік берген жоқ. 300 млн-дай жыл бұрын ұзындығы 100 метрге дейін жететін алып қырықжапырақтар өсті. Олардың көбісі жойылып, таскөмір қорын түзді. Қазақстан аумағындағы барлық қырықжапырақтәрізділер — көпжылдық шөптесін өсімдіктер. Бірақ Австралияның реликтілік ормандарында ағаштәрізді қырықжапырақтар қазіргі кезде де өседі. Мүктәрізділер мен қырықжапырақтәрізділер споралы өсімдіктерге жатады. Сондықтан оларға көбею мүшесі -спорасы бар спорангий тән.

Читайте также:  Көмірсулар мен липидтер. Олардың қасиеті мен қызметі

Ашықтұқымдылар — көбею мүшесі ретінде алғаш рет тұқымы, сондай-ақ нағыз мықты тамыры қалыптасатын өсімдік бөлімі. Ашықтұқымдылардың шығу тегі — жойылып кеткен тұқымды қырықжапырақтар болды. Сонымен қатар көптеген ежелгі ашықтұқымдылар да жойылып кетті. Қазіргі ашықтұқымды өсімдіктер, негізінен, қылқанжапырақтылар класынан тұрады. Оларға шырша, қарағай, балқарағай, арша және т.б. ағаштар жатады. Өсімдіктердің осы бөлімінің маңызды ерекшелігі — көбею мүшесі ретінде тұқымының пайда болуы. Спорасы бар спорангий жойылып, оның орнына тұқымы бар бүр пайда болады. Қылқанжапырақтылар класының маңызды белгісі -ерекше инетәрізді жапырақтары — қылқаны болып табылады.

Гүлді өсімдіктер немесе жабықтұқымдылар. Атауынан көрініп тұрғандай ең жетілген өсімдіктер бөлімінде жемісі түзілетін жыныстық көбеюдің жаңа мүшесі — гүлі пайда болады. Тұқымбүршік тұқымды қорғайтын берік жабын түзетін жатын (түйін) қабырғасымен қорғалады. Осыдан гүлді өсімдіктердің жабықтұқымдылар деген екінші атауы шығады.

Гүлдің құрылысы. Гүл бөлімдері — гүл сағағы, гүл табаны (тұғыры), тостаған жапырақша, күлте жапырақша, аталық пен аналықтан тұрады. Гүлді өсімдіктердің көпшілігінде тамырлары мен серіктесжасушалары бар флоэманың сүзгілі элементтері болады. Органикалық заттардың ерітінділері сүзгілі түтіктер арқылы жапырақтан тамырға тасымалданады. Ал еріген минералды заттары бар су сүректің ұзын түтікшелері немесе ксилема арқылы тамырдан жапыраққа барады.

Гүлді өсімдіктердің шығуы және эволюциясы туралы жалпы қабылданған теориялар жоқ. Себебі ертедегі түрлерінің қазба қалдықтары табылмаған. Сонымен қатар қазіргі кездегі өсімдіктер тобының ешқайсысы гүлді өсімдіктердің пайда болуына негіз бола алмайды деп есептеледі. Олардың арғы тегі қылқанжапырақтылардағы сияқты бор дәуірінде жойылып кеткен түқымды қырықжапырақтар болуы мүмкін. Гүлді өсімдіктердің эволюциясы мен таралуында тозаңдандырғыш жәндіктер зор рөл атқарды. Олардың эволюциясы тозаң мен шірнеге бай гүлді өсімдіктердің пайда болуына байланысты едәуір қарқынды дамыды. Сонымен, гүлді өсімдіктер мен жәндіктер қатар дамыды.

Оставить комментарий