iRef.kz

Өсімдіктердің суды қабылдауы

Әр түрлі өсімдіктер суды түрліше қабылдайды. Төменгі дәрежелі, сол сияқты суда өсетін су өсімдіктері клетка қабықтарының кутикулалары нашар болғандықтан, суды сумен жанасқан барлық сыртқы бетімен сорып, суға қажеттігін өтейді. Бұлардан басқа атмосферадағы ылғалды ауа тамырлары арқылы қабылдап, тіршілік ететін өсімдіктер — эфипиттер бар. Бұл өсімдік тобына тропикада ағаштарда оралып немесе асылып өсетін, автотрофты қоректенетін, көптеген тұқымдасқа кіретін өсімдіктер жатады. Мұндай өсімдіктердің ауа тамырларында жұқа қабықшалы қуыс клеткалары ауадағы ылғалды сорып, қабылдауға бейімделген.

Біздің елде өсетін шатырша гүлділер тұқымдасынажататын кейбір өсімдіктер де жапырақ қынабына жиналған жауын суларын қабылдауға бейімделген. Сол сияқты сор-сортаң топырақта өсетін сораң шөптің (солерос) жапырағындағы ұсақ түкшелері атмосферадағы ылғалды сорып қабылдайды.
Басқа өсімдіктердің барлығы дерлік суға деген қажеттілігін, топырақтағы ылғалды тамырлары арқылы қабылдап, қамтамасыз етеді. Бірақ, өсімдік тамырының ұзын бойы түгелдей суды қабылдай бермей, негізінен сору аймағындағы тамыр түкшелерінің клеткалары қабылдайды. Көп жылдық бұта және ағаш тектес өсімдіктердің сору аймағындағы түкшелер ғана суды қабылдап қоймай, тамырдың тоз қабығымен қапталған кәрі учаскелері де қабылдайды. Микоризаның болуы ағаш тектес өсімдіктердің су қабылдауын күшейтеді. Тамырдың сору аймағындағы түкше клеткаларының су қабылдайтын негізгі бөлімі болғандықтан, оған судың қабылдануын толық қарастырайық: тамыр түкшесінің үшындағы клетканың су сору күші топырақ ерітінділерінің сору күшінен әрқашан артық болып келеді де, алғашқы клеткаға су протопласт арқылы өтеді. Келесі -жоғары жатқан клеткаларына судың өтуі, олардың су сору айырмашылықтарына байланысты. Сору күшінің мүндай айырмашылығын — сору градиенті деп атайды. Оның бағыты су ағынының бағытын айқындайды. Жоғары жатқан клеткалар су сору күштері әр клеткаға артқан сайын 0,1 атм. артып, су бір клеткадан сүзіліп, келесі клеткаларға көше алады.

Проф. Д.А.Сабининнің дәлелдеуі бойынша, судың бір түрі клеткадан келесі клеткаға көшуі олардың су сору айырмашылығына және клеткалардың өткізгіштік қасиетінің айырмашылығына байланысты болып қана қоймай, бір клетканың екі жағындағы зат алмасу айырмашылығына да байланысты болады. Ол төменде Д. А.Сабининнің келтірген нобайынан айқын көрінеді. Бұл нобайда Б клеткасының А клеткасымен жанасқан жағында тургор түзуші қосылыстар көп болып, соған сәйкес клетка шырынының осмос қысымы артып, ал, Б клеткасының В клеткасына жанасқан жағында реакция керісінше өтіп, осмос қысымы төмен болып келеді. Міне, осыған байланысты бір клетканың сол жағының су сору күші күшті болып, оң жағының су сору күші төмен болып келеді де, соған сәйкес су біржақты ағуға, мәжбүр болады. Мүндай жағдай клеткада зат алмасу айырмашылығы жойылғанша жүре береді. Осылай клетка протопластары арқылы судың біржақты жылжуы өсімдік су сіңіруінің активті түрі болып табылады. Судың мұндай активті жүру жолын — симпласт жолы деп атайды. Симпласт жолы — өсімдік клеткаларында плазмодесмос жіпшелері арқылы жалғасып жатқан тұтас бір система. Судың мүндай активті қабылданып жылжуымен қатар, пассивті қабылданып, жылжитын жолы болады, оны апопласт жолы деп атайды. Бұл кезде су клетка протопластары арқылы өтпей, клеткааралық қуыстар мен клетка қабықшаларындағы бос қуыстар арқылы жылжиды.

Пікір қалдыру