Өсімдіктің су қабылдауына сыртқы орта жағдайларының әсері

Өсімдікке және оның тіршілігіне сыртқы орта жағдайлары әрқашан әсер етеді. Ондай әсерді өсімдіктердің су қабылдауы кезінде де байқауға болады. Сыртқы ортаның ондай факторларына: температура, топырақ аэрациясы, көмірқышқыл газының концентрациясы жатады. Өсімдік тамыры арқылы су келуіне сыртқы орта температурасының күшті әсер ететінін 1864 ж. Ю.Сакс дәлелдеді. Оған тәжірибе жасау арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы: темекі, қауын, асқабақ немесе лобия сияқты өсімдіктің өсіп тұрған гүл құмырасының айналасындағы топырақтың температурасын төмендетсек, судың жеткілікті болуына қарамастан өсімдіктегі тургор төмендейді. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін:
1. Төменгі температурада судың жылжығыштығының нашарлауы;
2. Протоплазманың тұтқырлығы артып, оның суды өткізу қабілеті нашарлауы;
3. Өсімдік бойындағы барлық зат алмасуының баяулауы, т.б.
Топырақ аэрациясының төмендеуі өсімдіктің су қабылдауын нашарлатады. Бұл кезде өсімдік тамыр системасының тыныс алуына 02 жетіспей, ондағы зат алмасуы нашарлайды. Соның салдарынан тіршілік әрекеті нашарлап, су қабылдауы баяулайды. Сол сияқты С02 концентрациясының артуы да, тамырдың су қабылдау қабілетін нашарлатады. Ғалымдар 250 жыл бойы өсімдіктің су қабылдауы мен оның бойымен судың жоғары көтерілу зандылықтарын зерттеп келеді. Бірақ соған қарамастан, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін таба алмай отыр. Барлық ғалымдар судың өсімдікке қабылдануы мен өсімдік бойымен жоғары көтерілуі негізгі екі факторға:
1. Тамыр қысымы немесе төменгі су жылжытқыш механизмі.
2. Транспирация, судың жоғары сорылуы немесе жоғары су жылжытқыш механизміне байланысты екенін мойындайды.

Оставить комментарий