СИРИЯНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНДАҒЫ ЛИВАН ФАКТОРЫ

Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, Ливан мен Сирияның тарихы бөлінбейді, біртұтас болып келеді. Олардың халықтарының тағдыры ортақ жетістіктер мен жеңілістің өкінішімен байланысқан. Сирияның көмегімен Ливандағы қантөгісті азаматтық соғыстың әсерінен қауіп төнген елдің біртұтастығы мен егемендігі сақталып қалды. Аймақтағы бірқалыпты саясатын жүргізе отырып, Сирия Ливанның ыдырап кетуіне әкеле жаздаған кантонизация процесін тоқтатып қана қоймай, бұрын бақылаусыз болған аймақтарда орталық биліктің орнауына себепкер болды. Жалпы 1976 жылы Сирия Ливан территориясына кіргеннен бері оның сыртқы саясатында Ливан факторы қатты байқала бастады. 1970-ші жылдардың ортасынан бастап, тұрақты, бейтарап «араб Швейцариясы», соғып жатқан дауылдың арасындағы бейбітшілік оазисі – Ливан бітпейтін қантөгісті шиеленістің орталығына айналды /1, 8/. Ливан дағдарысы аса ауыр деп саналады, себебі бұрыннан жиналып келе жатқан ливан қоғамының терең қайшылықтары сыртқы факторлардың әсерінен шиеленісіп кетті. Кенеттен Ливан араб-израиль қақтығыстарының тоғысқан жеріне айналды. Бұл трагедиялық процестің катализаторы болып, 1967 жылғы соғыстан кейін палестиналық арабтар мәселесінің күрт нашарлап кетуін айтамыз. Осы соғыстың нәтижесінде 1964 жылы құрылған Палестина Азат ету Ұйымы өзінің орталығын Иордан өзенінің оң жақ жағалауына ауыстыруға мәжбүр болды, ал «қаралы қыркүйектен» кейін Палестина Азат ету Ұйымының, әсіресе оның құрамына кірген аса ірі ұйымы – ФАТХ- тың тұрақтанған жері – Оңтүстік Ливан болды. Ал осы территориясы Израильмен шекаралас болғандықтан, Израиль өз тарапынан Оңтүстік Ливанға үнемі әскери операцияларды ұйымдастыра бастады, нәтижесінде 1982 жылы Израиль Ливандағы палестиналықтарды қуу мақсатымен Ливан территориясында соғыс ұйымдастырды /2, 50/. Жоғарыда айтып кеткендей, Ливандағы дағдарыс 1970-ші жылдардың ортасында шиеленісіп кетті. Палестиналықтардың Ливан территориясына келуіне кейбір қоғам топтары, атап айтқанда Башир Жмайель негізін қалаған «Фалангистер» партиясы және т.б. христиан-маронит топ өкілдері қарсы шықты. Сөйтіп, елдің ішінде саяси- конфессионалды күштердің арасындағы қақтығыстар басталады, олар 1975-1976 жылдардағы азаматтық соғысқа ұласады. Осы соғыстың аяқталуына 1976 жылы маусымда Сирия әскерінің кіруі әсер етті. Басында соғыстың сәті солшылдардың (палестиналықтармен одақтасты) жағында болды, бірақ Сирия оларға көмектесе келе, бір кезде оңшыл христиандардың жағына өтіп кетті. Бір жағынан қарағанда, Дамасктің бұл қадамы парадоксті, түсініксіз көрінеді, бірақ шынында егер солшыл күштер жеңген болса, онда Израиль міндетті түрде Оңтүстік Ливан территориясына кірер еді. Бұл жағдайда Сирияға Израильмен соғысуға тура келетін еді. Осыны қаламаған ол Ливандағы азаматтық соғысты өзіне тиімді етіп аяқтады, яғни екі елдің территориясында бейбітшілікті сақтау мақсатында Хафез Асад Ливандағы билік етуші топтарды қолдауға барды. Сөйтіп Ливандағы жағдайды біраз тұрақтандыра алған Сирия, оның территориясында «арабаралық қауіпсіздік күштер» ретінде өз әскерін қалдырды, бірақ, әрине олар мәселенің түп-негізгі себептерін шеше алмады. Осыны пайдаланып, Израиль 1980-ші жылдардың басында Ливанда Тель-Авивке тиімді, Израильмен бейбіт келісімге келуге дайын болатын билікті қою мақсатында, ішкі күштердің ара салмағын өз пайдасына шешу әрекетін жасады. Бұл Кэмп-Дэвид процесінің жалғасы болды. Себебі АҚШ- тың тікелей қатысуымен Египетпен бейбіт келісіміне келгеннен кейін Израиль үкіметі, өзінің батыс шекарасын қауіпсіздендіріп, Ливанға қарсы агрессия жасау мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытқа дейін созылған Ливан территориясындағы қантөгісті оқиғалар мінеки сол кезде басталды. 1982 жылғы соғыста Израиль Ливан территориясына кіргенде, оның әскері Оңтістік Ливанды, Шығыс Бейрутті басып алып, Батыс Бейрутта орналасқан сириялық әскерге дейін жетті. Израиль премьер-министрі М. Бегин сол кезде «Сириялық армияға қарсы соғыс тек қорғану қажет болған жағдайда ғана жүргізіледі» /3, 15/ деген. Екі елдің арасындағы алғашқы қақтығысы соғыстың үшінші күнінде басталды: әуе қақтығыстарында израильдік авиация 5 сириялық ұшақтарды жойды, өзі біреуінен ғана айырылды. Келесі күні 9 маусымда израильдік авиация сириялық 16 «Жер- Әуе» ракеталық түрлерін жойды. Сол кезде сириялық армия басшылары өзінің авиациясын соғысқа жіберді, алайда оның 60 ұшағынан 22-сі жойылды. Сирия өзінің авиация мен ракеталардың көп бөлігінен айырылғандықтан, қарсыластың әуедегі толық үстемдігі оның танктік күштердің де жойылуының қаупі туды. Сондықтан Сирия әскери қимылдарды тоқтатып, Израильдің екі жақты соғысты тоқтату ұсынысын қабылдады. Батыс Бейрутта тұрақтанған екі мыңдық сириялық әскер Бейрут-Дамаск тасжолымен Бекаа жазығында орналасқан Ливандағы өзінің негізгі әскеріне қосылды. Ливан территориясында палестиналықтарға қарсы соғыс жүргізіп, Сабра мен Шатила лагерьлерінде фалангистермен бірігіп террорлық, геноцидтік әрекеттерге дейін барған Израиль елдегі жағдайды әбден шиеленістіріп жіберді. Палестина Азат ету Ұйымы Израильге жақын жерде орналасқан орталығынан айырылып, жан жаққа кетуге мәжбүр болды /4.67/. Осындай жағдайда ПАҰ-ның ішінде келіспеушіліктер қатты байқала бастады. Кейбір палестиналық лидерлердің арасында Ясир Арафаттың «авторитарлық стиліне» қарсылық көрсетіле бастады. Олардың ішінде ФАТХ-тың өкілдері Саид Муса (Абу Муса) мен Намир Салех (Абу Салех) болды. Сирия бұл жерде Ясир Арафатқа қарсы шыққандарды қолдаған болатын. Себебі Сирия Арафаттың күшейіп кетіуін қаламады. Сөйтіп Израильдің ПАҰ-ға қарсы соғысы аяқталды. Соғыстың барысында Израиль армиясы 368 адамнан, ал арабтар 4400 адамнан айырылды, оның ішінде сириялықтардың 2000 адамы болды. Бейруттің және Оңтүстік Ливанның бейбіт тұрғындарының ішінде одан да көп адам қаза тапты. Батыс Бейруттағы палестиналық әскердің шығарылуына, АҚШ-тың араласуына алып келген Израиль агрессиясы Ливандағы Мемлекеттік емес ұйымдарының позицияларын әлсіретті. Елде фалангистердің гегемониясын орнатуға бағытталған, Ливан президенті, «Қатаиб» партиясының басшысы Амин Жмайельдің саясаты осы ұйымдардың оппозициясына, ал кейін мұсылмандардың қарсылығына тірелді. Вашингтон ұстанымына қарап, Ливан билік етуші топтары Израильмен келіссөздерді жүргізіп, нәтижесінде 1983 жылы 17 мамырда екі елдің арасында «бейбітшілік туралы келісімге» қол қойды. Әрине бұл келісім Американың қатысуынсыз өтпеген. Израильдің Ливанды басып алғаны Таяу Шығыс аймағында жағдайды шиеленістірді. АҚШ- тың жеңісі деп саналған 1979 жылғы Кэмп- Дэвидте орнатылған Израиль мен Египеттің арасындағы бейбіт қатынастарына қаупі төнді. АҚШ-тың Иордания, Сауд Аравия сияқты мемлекеттерімен қатынастары нашарлады. Сабра мен Шатиладағы оқиғадан кейін АҚШ израиль әскерінің Ливанда қалуына қарсы шықты. Сондықтан АҚШ жағдайды реттестіру және Рейганның жоспарын жүзеге асыру мақсатында Израильден Ливаннан әскерін әкетуді талап ете бастады. Осыны талап ете отырып, АҚШ ешқандай тәуекелге барған жоқ, себебі біріншіден, Бейрутта сол кезде оңшыл христиандық күштер билікте тұрды, ал екіншіден, БҰҰ-ның шешімімен Ливанға көп бөлігін америкалық контингентті құраған халықаралық күштер енгізілді. Сондықтан кез келген уақытта АҚШ Израильдің әскерінсіз Ливанда жағдайды «реттестіруші еді». Ал Израиль болса, егер Сирия өзінің әскерін Ливан территориясынан шығаратын болса, сонда ғана өз әскерін шығаруға дайын боламыз деген ұстанымда болды. АҚШ-тың мемлекет хатшысы Шульц 1983 жылы сәуірде Израильге келіп, Ливан мәселесін шешуге тырысты. Келіссөздер жүргізілді. Израиль Дамасктің Ливаннан әскерін әкетуді талап етті. Ешқандай нәтижесіз Шульц Дамаскіге барды, бірақ Хафез Асад Израиль әскерін басқыншы ретінде, ал Сирияның әскерін арабаралық қауіпсіздік күштері ретінде таныды. Хафез Асадтың ұстанымын өзгертуге күші келмеген Шульц Израильді осы талаптарынан бас тартуға мәжбүрледі. Бұл жағдайда Ливан президенді Амин Жмайел Израильмен келісімге келуге келісті. Бұл келісім 17 мамырда 1983 жылы жасалынды. Бұл келісім Израиль күткендей, бейбіт келісім емес еді, дегенмен, осы құжат бойынша Израиль іс жүзінде Ливанды басып алғаны бекітілді. Бұл шарттың 9 бабы бойынша, «келісім күшіне енгеннен кейін бір жылдың ішінде екі мемлекет осы келісімге қайшы келген барлық бұрын жасалған келісімдерден, зандардан және шешімдерден бас тартуы қажет болды», ал бұл Ливанның Араб елдер лигасында мүшеліктен бас тартқанына тең болды /5, 19/. Келісімге қосымша баптарында Израильдің Ливан территориясында «қауіпсіздік зонасын» құруы көзделді. Елдің үштен бір бөлігін құраған бұл аймақта Ливан 40-тан астам танктер мен 57-ден астам қару-жарақтарын ұстауға рұқсат етілмеді. Бұл келісім Ливан халықының қарсылағына тап болды. Билікке қарсы оппозиция құрыла бастады және ол сырттан қолдау табу мақсатында Сирияға жүгінді. Осы жағдайларға қатысты Сирия өзінің ерекше саясатын ұстанды. Араб- американ авторы Рашид Халидидің айтуы бойынша, «Сирия соңғы онжылдығында көп рет Ливанның кез келген фракцияның жағына немесе оған қарсы шығуы тікелей Сирияның мүдделеріне байланысты екенін көрсетті» /6, 71/, яғни Сирия өзінің саясатында идеологиялық императивтеріне қарамайды, тек Ливанның қауіпсіздігіне, яғни Сирияның, өзінің де қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін Ливандағы солшыл немесе оңшыл жақтарын қолдайды. Осындай сириялық прагматизм ливан саясаттанушыларына түсінікті, себебі олар үшін көп жылдық соғыстан кейін мүмкін одақтастарымен байланыстарды үзбей, достық немесе жау күштерімен қарым- қатынас орнату мүмкіндігін қарастыру әбден үйреншікті нәрсеге айналды. Бұл шиеленіске көптеген шетел державаларының араласуының куәгері болып, кез келген түрде коалициялардың өзгеруін көре отырып, ливан саясаттанушылары кенеттен одақтастың сатып кетуіне, одақтастың өзгеруіне дайын болуға мәжбүр болып отыр. Гассан Туэнидің ойынша, «Омейядтар кезеңінен бері Дамаскінің дәстүрлі саясаты әрдайым шыдамдылаққа негізделеді. Күштен гөрі дипломатияны таңдаған Сирия тек аса қажетті жағдайда ғана күшті пайдаланады, бірақ сол кезде ол оны кейде зұлым, бірақ әрқашан да жіңішке дипломатиямен бірге пайдаланады» /7, 20/. Сирияның Ливан істеріне үнемі араласуы, Халидидің айтуынша, араб мемлекеттері тарапынан қолдауын табады, себебі ол Израильге қарсы тұрады. Сирия болмаса, Израиль Ливанда өз ықпалына қарататын еді. «Аса үлкен тәуекелге бармай, Сирия Израильмен конфронтацияда өзінің беделін көтереді, және осыдан АЕЛ-дің тарапынан қаржылық қолдауын табады. Ливандағы Сириялық әскери күштер Израиль немесе АҚШ-қа қарсы басқыншылық жағдайда ешқашан қолданылмады. Ал осы күштер ашық түрде оларға қарсы қолданылғанның өзі тек қорғануды талап еткен жағдайда, үнемді пайдаланылды. Израиль мен АҚШ-пен болсын ПАҰ мен ливан күштерімен болсын күрескен кезде Сирия күшті тікелей емес, жанама түрде, әр түрлі ливандықтар мен палестиналықтарды пайдаланып қолданады» /8, 97/. Итальян коммунистік газеті «Унитада» Дж. Лануттидің мақаласында былай деп айтылды: «Сириялық басқарушылардың Ливандағы мақсатын Сирияның осы аймақта тек екі тіреуші «картасы»: палестиналық және ливандық бар болуын ескере отырып қана, түсінуге болады. Палестиналықтардың қолдауынан айырылғаннан кейін (Арафатпен қатынастардың үзілуі, ПАҰ басқарушыларын өзгетудің сәтсіз әрекеті), енді Сирияның қолында тек ливандық «картасы» қалған кезде, ол осы «картаны» сақтап қалуға тырысады». Ливанда өзінің бақылауын сақтай отырып, Сирия сонымен қатар Израиль мен АҚШ-қа арнайы бір ықпал жасау тәсілдерін сақтайды. Осымен Сирия кез келген уақытта Ливанда антиимпериалистік және антиизраильдік күштерді әрекеттендіріп, осы елді қайтадан Палестинаны азат етудің орталығына айналдыра алатынын көрсетеді. Сонымен қатар, араб қауымдастығының Ливандағы жағдайлармен толғандыруын пайдалана отырып, Сирия, Ливан саясатының арбитрі ретінде, қалған араб елдерін өзімен санасуға мәжбүрлейді. Ливанды бақылау Сирияға ПАҰ-ға да әсер етуге мүмкіндік береді. Кез келген аймақтық факторларға қарамастан, Сирия Ливандағы оқиғаларға араласпай кете алмайды, Себебі, біріншіден, тарихи фактор маңызды болып келеді: Сирия мен Ливан талай ғасырлар бойы бір-біріне өте жақын келеді. Екі елдің жақындығы соншалықты, олар бірін- бірі бүтін ел ретінде қарастырған. Сондықтан Дамаскіде де, Бейрутта да екі елдің елшіліктері жоқ, екі ағайынды мемлекеттің арасындағы байланыстар дипломатиялық қатынастарды қажет етпейді деп саналады. Екіншіден, Ливаннан басқа ешбір достық көрші мемлекет жоқ болғандықтан – онымен Туркия, Ирак, Иордания және Израиль шектеседі, Сирия Ливанда ең болмағанда, өзіне қарсылас емес билікті көруді қалайды. Саяси жағынан болсын, әскери жағынан болсын, Сирия Ливан территориясын Израиль немесе АҚШ-тың плацдармы ретінде пайдалануына мүмкіндік бермеуі тиіс. Осының бәрі Ливанның Сирияның сыртқы саясатында алған орнын түсіндіреді. 1982 жылғы Израильдің агрессиясынан кейін алғашқы жылдың ішінде Сирияның жағдайға әсер ету мүмкіндіктері шектеулі болды. Себебі Ливанда Сирияның одақтасы бола алатын күштер болған жоқ. Марониттер толығымен Израильге бағытталған болатын, палестиналықтар Ливаннан кетуге мәжбүр болды, друздардың территориясы израиль армиясының қол астында қалды, шииттер өздерін саяси күш ретінде енді ғана тани бастады, ал суниттер болса, өзінің саяси әлсіздігін және бас қоса алмаушылығын көрсетті. Бірақ 1983 жылғы келісіміне қанағаттанған, ал екінші жағынан еш мадақсыз «Ливан жорығын» тоқтатуды талап еткен өзінің қауымдастығының қысымымен Израиль Ливанда өзінің әскер санын біртіндеп азайта бастайды. 1983 жылдың жазында израильдіктер Шуфтан кетті, ал қыркүйекте Ауали өзенінің жағалауына жақындады. Жылдың соңында 30 мыңдық әскерден Ливанда 10 мыңы ғана қалды. Израиль әскерінің Шуфтан кетуінен кейін, онда өмір сүрген друздар мен марониттер арасында қақтығыстар басталды. Друздар милициясы марониттерге қарсы белсенді әрекеттерді жүргізе бастады. Марониттер, әсіресе, фалангистер («Қатаиб» партиясының өкілдері) Валид Джумблат басқарған партиясының көзінде елдің екі еселік жаулары деп танылды: біріншіден, фалангистердің өкілі Ливан президенті болғандықтан, оларды елдегі дәстүрлі баланстың сақтамаушылары; ал екіншіден, олар шетел басқыншыларының тікелей жақтаушылары болған. 1983 жылы маусымда Ұлттық құтқару Майданы құрылды. Оның құрамына друздардың көсемі – Валид Джумблат, суниттер көсемі – Рашид Караме және қаншалықты пародоксті саналмаса да, беделді маронит басшыларының бірі, Ливанның бұрынғы президенті – С. Франжье кірді. Аталмыш Фронт Амин Жмайел жасаған 17 мамырдағы келісімге қарсы шықты және Ливанның бүтіндігі мен тәуелсіздігі үшін күресуін жариялады. Осы Майданның Сирияның көмегімен құрылғаны белгілі. Сөйтіп, күшті сыртқы қолдауға сүйенген оппозиция құрыла бастады. Бұл жағдай Израиль мен АҚШ-қа ұнамады. Соғыста біраз әлсіреген Израиль сахнадан кете бастағаннан кейін, алғашқы орнына АҚШ шыға бастады. Сабра мен Шатиладағы оқиғадан кейін Ливан территориясына «халықаралық күштердің» құрамында американ әскері енді. Американ теңіз-әскерінің Бейрутта болуы АҚШ үшін елде болып жатқан оқиғаларға әсер ету құралы ретінде қарастырылды. 1983 жылы 29 қыркүйекте АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Шульц конгресстің алдында сөлеген сөзінде Амин Жмайельдің билігіне қарсы оппозицияның күшеюіне байланысты былай деп айтты: «Ливандағы басты проблема – бұл Сирия. Ол Ливан саясатының екі басты бағыты — шетел әскерінің шығарылуы және ұлттық татуластықтың іске асырылуына жол бермейді, … Сирия Ливанның ішінде бар тәсілдерін ұлттық татуластықтың процесстеріне жол бермеу үшін қолданады» /9, 24/. Сөйтіп Ливан ішінде жағдай шиеленісіп кетті. Тек Рафик Харири премьер-министр болған соң елде жағдай тұрақтанды. 1989 жылы Сауд Арабиясының ат-Таиф қаласында ливан саяси күштері мен араб мемлекеттері арасында Ливандағы саяси жағдай жайындағы келісімдерге қол қойылды. Таиф келісімдері бойынша, сириялық әскер 1992 жылға дейін Сириямен шекарасында Бекаа жазығына әкету керек болды. Бірақ араб-израиль қақтығысының тоқталмауына байланысты әскерді әкету процесі кейінге қалдырылды. Таиф келісімдерінде Ливандағы сирия әскерінің болуы туралы мәселе Бейрут пен Дамасктің арасында екіжақты келісімдерінің негізінде анықталуы тиіс деп шешілді. 1991 жылы Сирия мен Ливан арасындағы қарым-қатынас ағайындық және ынтымақтастық жайындағы келісім бойынша реттестірілді. Осы келісім бойынша сирия әскерінің Ливан территориясында болуы белгісіз мерзімге ұзартылды. 2000 жылы мамырда Изираиль өз әскерін Ливан территориясынан шығарды. Осыдан кейін Сирия 5 рет әскер санын азайтқан болатын, нәтижесінде 2005 жылға таман олардың саны 14 мыңға жетті. Израильге келсек, оның осындай қадамы бір жағынан мәжбүрлі болды. Бірақ екінші жағынан, сириялық бағыттағы «Хезболланың» тарапынан үнемі болып жатқан шабуылдардан шаршаған Израильдің бұл қадамы түсінікті болып келеді. Жалпы осы уақыттан бастап, Ливан үшін саяси және экономикалық тұрғыда жаңа кезең байқала бастады. Ливан саясаткерлері өзінің дербес саясатын жүргізуіне уақыт келгенін түсіне бастады, ал бұған басты кедергі – бұл сириялық әскерінің Ливан территориясында болуы. Сондықтан сол кезде Израиль әскерінің шығарылуы Сирия және қаруланған топтары үшін тиімді емес, себебі таяушығыстық қақтығыстың сол сатысында Сирия Ливандағы израиль әскеріне қарсы соғыс әрекеттерін жалғастырып, араб бірлігінің сақтаушысы болып қала беретін еді. Ал Израиль әскерінің Ливандағы көптеген басып алған жерлерден кеткенінен кейін, көптеген ливан сасаткерлері енді сириялық әскер үшін Ливанда жұмыс жоқ деп ойлай бастады. Ливан премьер-министрі Рафик Харири ашық түрде елдегі сирияның ықпалына қарсы болды. Оның террористердің қолынан қаза тапқанын айта кету керек. Бұл іс БҰҰ басқарған трибуналына берілген болатын. Әрине, осы істің іздері Сирияға алып келді. Бір жағынан қарасақ, Сирияға қажет болмаса, Рафик Хариридің өлімі тағы кімге қажет? Бірақ жағдайдың екінші жағы да бар. Егер ойлайтын болсақ, қанша рет АҚШ әр түрлі арандатушылық әрекеттерін жасаған болатын? Тіпті бұрынғы КСРО елдерінің ішінде төңкеріс жасауға дейін барған. Премьер-министрдің өлуі АҚШ-тың қолынан жасалғанын нақты білмесек те, бұл пікірді жоққа шығара алмаймыз. Сирия президенті мысалы, бұл қадамдың қандай жағдайға алып келетінін жақсы білген. Дегенмен кезекті рет Сирия «зұлым осіне» жатқызылды. 2003 жылдың 12 қарашасында американ сенаторлары Сирияға экономикалық және дипломатиялық санкцияларды салу туралы шешім қабылдады. Осыған бола барлық американ-сириялық қатынастар нашарлады, барлық инвестициялар және екі ел арасындағы сауда байланыстары тоқтатылды. Сонымен қатар Вашингтон Сириядан көрші Ливаннан әскерін әкетуін талап етті. Сирияны көп зерттеген орыс ғалымы В.М. Ахметовтың айтуы бойынша, АҚШ-тың мұндай қатты қадамға баруына Сирияның радикалды палестиналық ұйымдармен араласуы мен Сирия өз территориясы арқылы Иракқа американ әскерімен күресуге барған ислам жауынгерлерін жібереді деген ақпараттар әсер етті. Бірақ Ирактың үлгісінде американың осындай қатты қадамдарының нәтижесіз екенін көреміз. Араб мемлекеттерінің барлығы АҚШ-тың бұл шешімін сынады, ал Сирия үкіметінің өзі Вашингтон тарапынан ешқандай қауіптерден қорықпайтынын және АҚШ- пен диалог жүргізуге дайын екенін айтты. 2004 жылдың соңында АҚШ пен Францияның итермелеуімен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Ливан территориясынан Сирия әскерінің әкетілуі жайында №1559 қарар қабылдады. Дамасктегі саяси режим Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің кедергісі болып табылады. Осындай пікірді АҚШ президенті Дж. Буш білдірді. «Жылдар бойы ливан халқы азаматтық соғыс пен сириялық басқыншылықтан зардап шекті. 30 жыл бойы Сирия басқыншы күш болып саналады, және оның терроризмді қолдауы аймақтағы бейбітшіліктің басты кедергісі болып отыр»,- деп айтты Джордж Буш. Ал, Сирия президенті Башар Асад 2005 жылы наурызда Халықтық Кеңестің (парламенттің) алдында сөйлеген сөзінде Сирияның Ливан территориясынан әскерін әкету, яғни БҰҰ-ның қарарын орындау туралы шешім қабылдағанын айтты. Оның сөйлеген сөздері тікелей эфирде барлық араб каналдарында көрсетілді. «Сириялық әскерінің Ливаннан әкетілуі еліміздің мүдделеріне қайшы келмейді, керісінше, оларға сай болып отыр» деп айтты. Асадтың айтуы бойынша, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің Ливан территориясынан сириялық әскердің әкетілуі жайындағы № 1559 қарар БҰҰ- ның қағидаларына қайшы келеді, себебі ол мүдделі тараптарына айтылмай қабылданды. Бірақ «Сирия БҰҰ-ға ешқашан қарсы тұрмайды», — деп айтты Башар Асад. Сөйтіп, 2005 жылы мамыр айында Сирия Ливаннан өзінің әскерін әкетті. Осылайша 30 жылға созылған Ливан территориясындағы Сирия әскерінің тұрақтануы аяқталды. Дүние жүзі қауымдастығы, әсіресе АҚШ, Сирияның бұл қадамын мақұлдады. Ливанның өзінде Сирия әскерінің шығарылуына байланысты реакция екі түрлі болды: біреулер сириялық әскердің шығарылуын қуана қарсы алды, ал басқалары керісінше сирия әскерінің қалуын қалады. Жалпы Сирия өз әскерін әкетпей тұрғанда, Ливан қоғамы осы мәселеге екі түрлі қараған. Ливанның саяси партиялары сол кезде осы мәселеге байланысты үш топқа бөлінген болатын /10, 15/: 1. Таиф келісімдері бойынша Сириялық әскерінің сақталуы үшін БААС партиясы, кейбір басқа суниттік топтар және «Хезболла» партиясы шыққан; 2. Сириялық әскерінің тез арада толығымен шығарылуы үшін ливан оңшыл католиктерінің жаңа партиясы – «ливандық күштер», Мишель Аунның «Ахрав» партиясы шыққан; 3. Сириялық әскерінің жаңа келісімдердің шешімдері бойынша шығарылуы үшін «Қатаиб», «Амаль» және «Хезболланың» кейбір өкілдері шыққан. 2006 жылы маусымында Израиль мемлекеті Ливан территориясында «Хезболла» партиясына қарсы соғыс ашқан болатын. 1982 жылдағыдай Оңтүстік Ливан, Бейрут қаласының тас талқаны шыққан. Осындай жағдайда егер де Сирия өз әскерін Ливаннан әкетпесе, Израль оның территориясына кірер ме еді деген сұрақ туады. Бірақ 1982 жылғы соғыста Израиль сирияның әскерін қорыққан жоқ, тіпті олар арасында соғыс қимылдары да болды… 2006 жылы 21 қарашада Ливанның христиан-марониттердің лидері Пьер Жмайель олтірілді. Ливандағы кез келген жағдайдың шиеленісіп кетуін үнемі Сириядан көруге әбден үйреніп алған АҚШ, Пьер Жмайельдің өлімінде де Сирияны айыптады. Бұл жағдай бүкіл Таяу Шығыстағы саяси өмірдің қиындап кетуіне алып келді. Ливандағы Пьер Жмайельдің өлтірілімі дүние жүзінің қауымдастығы мен араб елдерінің Иракта болып жатқан саяси мен діни топтар арасындағы қақтығыстарға байланысты туындаған шиеленіскен жағдайды шешу әрекетерін қиындатты. Сирия мен Иранның Ирак шиеленісті шешуге қатыстырғысы келмеген Буш президентінің әкімшілігі, осы екі мемлекетті Ливанда болып жатқан барлық жағдайларына жауапты екенін айтты. Мұнда Сирия президенті Башар Асад өзін Иракта соғысып жатқан күштер арасында делдал ретінде пайдалануды ұсынған болатынын айтып кету қажет. «Төртжылдық басқыншылықтан кейін олар (АҚШ саясаткерлері) жағдайды түсінбей, диалогты бастаған жоқ. Ал қазір оны бастаудың қажеті де жоқ»,- деп американ телеарнасына жауап берді Башар Асад. Өліміне дейін Пьер Жмайель Ливан үкіметінің біраз министрлері бұрынғы премьер-министр Рафик Хариридің өліміне кінәлі адамдарды іздеумен айналысатын халықаралық трибуналды қолдайтынын жариялады. Бұл Трибунал БҰҰ-ның бақылауымен құрылды. Оның аясында жүргізілген халықаралық тергеу сириялық ірі саяси топ өкілдеріне алып келді. Осыған қарамастан, Ливан әлі де Сириямен стратегиялық альянсты сақтап қалды. Сондықтан болар АҚШ, трибуналдың «жақсы» әрекет етуіне әсер ете алмайды. Көптеген саяси эксперттердің айтуынша, мінеки осы жағдай АҚШ-тың Сирияға әсер етудің геосаяси жоспарының іске асырылуына кедергі болып отыр. АҚШ-та Сирияның Хариридің өлтіріліміне қатысты екенін дәлелдеп, еуропалық елдер тарапынан Сирияға қарсы экономикалық қысым жасауды армандап отыр. Осындай қысым Дамасктегі билік етуші топтарды ирак шиеленісіне қатысуынан бас тартып, жалпы оның аймақтағы геосаяи және экономикалық әсерін әлсіретеді. Ақ үйдегілер еуропалық мемлекеттердің Сириямен барлық екі және көп жақты қатынастарды тоқтатып, Сирияға АҚШ- тың «демократияны жаһанды түрде жылжуы» концепциясын мойындатуға тырысады. Бұл сонымен қатар Дамаскті Израильдің алдында әлсірете түседі. Вашингтонда Пьер Жмайельдің өлімі Ирактағы жағдайларға байланысты Сирия мен Иранмен келіссөздерді жүргізуге қарсы шыққан Дик Чейнидің ұстанымын тек қана күшейтті. БҰҰ-ғы американ елшісі Джон Болтон Сирия мен Иранға қарсы айыптарда Дамаск пен Тегеран шииттік «Хезболла» партиясы арқылы әрекет етеді деп айтты. Ал Сирияның БҰҰ-ғы елшісі Башар Джафаари өз еліне қарсы барлық айыптарды жоққа шығарып, былай деген: «Біз – мәселені шешудің бір бөлігіміз, бұл мәселенің өзінің бір бөлігі емеспіз». Жмайельдің өлтірілімі Сирия мен Ирактың 1982 жылы үзілген байланыстарын қалпына келтірген кезде жасалынды, дәл осы кезде сириялық, ирактық және ирандық басшылардың жоғарғы деңгейдегі кездесулер өтуі керек болды. Сарапшылардың пікірлері бойынша, Сирияның БҰҰ-ғы елшісі Сирия мен Ираннан басқа да мемлекеттері Ливандағы ішкі саяси тұрақсыздығын сақтауға мүдделі екенін баса айтты. Сарапшылардың пікірінше, Ливан атынан «Хезболланың» Израильге қарсы жүргізген соғысы, оның ел ішінде шииттер арасында ғана емес жалпы халық топтары арасында беделін көтерді. Соңғы кездері «Хезболланың» ұлттық бірлігі Үкіметін құру идеясын насихаттай отырап, қоғамдық қолдау күшін саяси жеңіске жету үшін пайдаланып отыр деген пікір қалыптасқан. «Хезболла» шииттік партия болғанымен, оны суниттер де, христиандардың бір бөлігі, бүкіл Таяу Шығыста кең таралған «Ағайынды мұсылмандар» діни-саяси партиясының өкілдері де қолдайды. Бейрутта жұма намаздың бірінде мұсылман шииттер мен суниттері бірге болды. Таяу Шығыстағы діни және саяси-әлеуметтік өмірде сирек кездесетін бұл оқиға Ливанда «Хезболла» бастаған суниттік-шииттік альянстың даму болашағы әбден мүмкін екендігін көрсетті. Ал бұл АҚШ тарапынан Ливандағы Сирияның үстемдігін жою әрекеттеріне кедергі болып қалуы мүмкін. Ливан қазір тек саяси ұстанымдары бойынша бөлініп кетті. Шииттер, друздар, христиандар, марониттер, православиені уағыздайтындар шиеленістің екі жағында да бар. Ливанда екі лагерь қатты байқалады: біреулер Сириямен одағын қолдайды, ал біреулері оған қарсы шығады. Сирияның Ливан территориясынан әскерін әкеткенімен, оның бұл елде үстемдігі бәрібір байқалады. Сирия Ливанды «АҚШ-Израиль зұлымдық осіне» қарсы күресуде пайдаланады. Сириялық сасаткерлер Ливан мен Иракты АҚШ-тың плацдармы ретінде қарастырады, ал оларды басып алғаннан кейін, ол өзінің экспансиясын әрі қарай Шығысқа, Сирияға жалғастырады деп ойлайды. Мұндай жағдай әбден мүмкін, себебі АҚШ біреудің ісіне араласуын парыз деп санайды. Ал араласуға себептері болмаса, оларды жасап алу АҚШ үшін тіптен оңай. Сондықтан «Таяу Шығыста бейбішілікке кедергі болып отырған бірден-бір мемлекет» Сириядан гөрі – АҚШ-тың өзі болып отыр. Сирия болса, көптеген жылдар бойы Ливандағы азаматтық соғыстардан кейін ондағы бейбітшілікті сақтаудың кепілі ретінде бірден-бір мемлекет болып табылды. «Әл-Фараби» ақпарат орталығының басшысы Самир Дерехтің айтуы бойынша, Сирияның әскері әкетілген соң, Бейрутта ланкестік актілер жиі бола бастады. Ал 2006 жылы, яғни Сирияның Ливан территориясынан кеткеніне бір жыл ғана өткен соң, елде жаңа соғыс басталды. Израиль Сириядан еш қауіптенбей, Ливандағы «Хезболла» ұйымына қарсы соғыс ашты. Соғыстың бітісімен де елдегі ішкі саяси жағдай тыныштанбай жатыр. Сирия өз әскерін Ливан территориясынан әкеткеніне қарамастан, екі елдің қарым-қатынасы үзілмеді. Олар бұрынғысынша, достық, ынтымақтастық байланыстарды дамытып келе жатыр және Сирияның Ливандағы ықпалы азаймады. Ол өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үнемі Ливанның ішкі саяси істеріне араласа береді.

Читайте также:  САЙЛАУ ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Оставить комментарий