СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ ТУРАЛЫ

Әрбір елдің өзін­өзі басқаруы ұлттық мүддеге қызмет ететін мемлекеттік құрылыс арқылы іске аспақ. Мемлекеттік басқару алдымен сол халықтың ғасырлар қойнауынан тамыр алатын тарихи ерекшелігіне, өзіндік табиғи болмысына, сондай­ақ басқа да халықтардың адамзаттың прогресшіл өмір тәжірибесіне негізделуі керек. Сонда ғана үдемелі дамуға жол ашылмақ. Басқа жол ­ тұйыққа тірейтін жол. Ал осы биік мақсаттарды өмірлік шындыққа айналдыратын ­ нақты қайраткер адамдар, солардың мыңдаған кедергілерді жеңген жігері, көзге бірде көрінсе, бірде көрінбейтін мыңдаған түрлі қиындықтарға мұқалмаған қайсар рухы. Басқаша айтқанда, белгілі бір тарихи кезеңдерде немесе дәуірлерде халықтың асыл арманын, тілек­мұратын білдіруші де, оларды жүзеге асыру үшін күресуші де сол қайраткерлік дәрежеге көтерілген адамдар. Өтпелі күрделі кезеңдерде халық олардың іс­әрекетінен, мақсат­мүддесінен, тіптен мінез­құлқынан бүгінгі өзінің алдында тұрған азапты сауалдарға жауап, іс­қимылына негіз боларлық сүйеніш іздейді. Қазақ елінің сондай бірегей ұлдарының бірі — Смағұл Сәдуақасұлы. ХХ ғасырдың беташар жылы өмірге келіп, бар болғаны он шақты жыл саяси өмірге араласқан Смағұл Сәдуақасұлы осы ғасырдың соңында кейінгі ұрпақтардың назарын өзіне қайта бұрғандай сіңірген қандай еңбегімен, үлгі­ өнегесімен құрметті? Бұл сауалға жауап беру үшін, әрине, оның голощекиндік зорлықпен, тар тапшылдық көзқараспен, жаңа қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйемен күресін және баса ерлік істерін тізіп шығуға болар еді. Бірақ олардың бәрі де мәселенің ең негізгі қырын, негізгі мәнін ашып бере алмайды. «Сәдуақасовшылдықтың» жаулары өлердей қорыққан ең басты «міні» ­ өткінші, бір күндік, бірер жылдық, науқандық шаралардан мәңгі елдік, ұлттық мүддені дер кезінде ажырата алуында, саяси басшылықтың назарын соған аударып, сол үшін еңбек етіп, күрес жүргізуінде. Дәлірек айтқанда, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық мемлекеттік биліктің сұранысына сай жаңа сападағы қайраткер болып қалыптаса бастауында еді. Оның таптық, интернационалдық мүдделерді ұлттық мүддеге қарсы қойған орталық билікпен және халық мүддесімен санаспаған не оны алған қызметіне айырбастаған жергілікті басшылықпен келісе алмауы да сондықтан болатын. Қазақ тарихында «голощекиншілдік» пен «сәдуақасовшылдық» мемлекеттік басқарудағы бір­бірімен бітісе алмайтын екі ағым, космополиттік және табиғи патриоттық көзқарастар болатын. Тоталитарлық жүйе жағдайында бұлардың алғашқысының үстемдік алуы да таңданыс тудырмайтындығы сондықтан. С.Сәдуақасұлының саяси өмірбаяны мен жолына үңілгенде омбылық кезеңнің алатын орны ерекше. Батыс Сібірдің, қазақ далалық облыстарының саяси, экономикалық және мәдени орталығы есебінде болған Омбыға бүкіл арқа, Алтай, тіптен Шу қазақтарына дейін балаларын орысша білім алуға жіберетін. Бүкіл Ресейді қамтып, Сібірге де жеткен революциялық өрлеу мұндағы қазақ шәкірттеріне де ықпалы болып, олар 1914 жылы 18 көкекте «Бірлік» ұйымын құрады. Оның ұйымдастырушыларының қатарында Асылбек және Мұратбек Сейітовтар, Мұхтар Саматов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Ахмет Біржақсин, Шаһмардан Әлжановтар болды. Кейінірек «Бірлік» жастарының басшылық ядросын құрған бұл ұйымның бірінші жетекшісі болып Ш.Әлжанов сайланады. Құжаттардың көрсетуіне қарағанда, 1917­1918 жылдары «Бірлік» ұйымында белсенді атсалысқандардың арасында М.Жұмабаев, М.Саматов, Ә.Байділдин, С.Сәдуақасұлы, А.Сейдалин, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов және басқа жастар болған. Бұл кезеңде ұйымның идеологиялық тізгіні М.Жұмабаевтың, ал ұйымдастырушылық жұмыс М.Саматов пен Ә.Байділдиннің үлесіне тиеді. 1917 жылы 1­4 қазан аралығында «Бірліктің» кеңейтілген жиылысы өтеді. Оған Ақмоладан «Жас қазақ», Көкшетаудан «Жас ұран», Спасскіден «Жас дәурен» және басқа жастар ұйымдарынан шамамен 100­ге жуық өкілдер қатысады. Жиылыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Оның құрамына М.Саматов, А.М.Сейітовтер, О.Темірбеков, М.Бейсенов, Ә.Байділдин, Д.Әділев, Ғ.Сәдуақасов (Тоғжановтың сол кездегі фамилиясы — М.Қ.) және басқа жастар кіреді. Ал жиналыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні ­ «Балапан» журналының редакторлығына М.Жұмабаев сайланады. Жиналыс қаулысында мынадай сөздер жазылған еді: «Жиылыс Орынборда өткен жалпықазақ съезінің қаулысын қуаттайды… Жиылыс қазақ саяси партиясы «Алашты» заман талабына сай және көздеген мақсатқа тез қол жеткізе алатын партия санайды, сондықтан да оны қолдайды, халық арасында оның пікірлерін таратуды өз міндетіне алады» 43 . 1918 жылы «Бірлік» ұйымының мүшелері «ұлт мүддесіне бірігіп қызмет ету» мақсатында жалпы қазақ жастарының съезін өткізуге ұмтылыс жасайды. Тіптен оған қатысатын делегаттар құрамын да анықтайды. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасұлы да бар еді. Қазан революциясынан кейін екі бағытқа бөлініп кеткен ұйым мүшелері бастапқы кезеңде өзара жалпы демократиялық платформа негізінде біріккені, ал олардың көзқарасында ағартушылық, ұлт­азаттық мүдденің үстемдік алғаны да тарихи шындық болатын және оған өмірлік себептер де жеткілікті еді. Ол туралы С.Сәдуақасұлы 1921 жылы жарық көрген «Жастарға жаңа жол» деген кітапшасында қазақ жастарының ұлтжандылық жолға түсуінің объективті себептерін, яғни отарлық езгідегі қазақ қоғамының жағдайы алдыңғы қатардағы саналы жастарды ұлт намысын қорғауға итермелегенін нанымды баяндап берді. «Бірлік» жастар ұйымының Алаш партиясының соңынан ергендігін, Алаш басшыларының оған ықпал етуге тырысқанын жоққа шығару қисынсыз және солай болуы да табиғи құбылыс болатын. Мәселен, 1917 жылы қазан мен қараша аралығында Томскіде өткен Сібір автономиясы кеңесіне қатысып қайтқан Ә.Бөкейхан Омбыға соғып, қаланың өнеркәсіп орындарында болып, арнайы ұйымдастырылған митингілерде сөз сөйледі. Ал оның Омбы жастарымен кездесуі туралы «Қазақ» газетінде мынадай хабар берілген еді: Томскіден қайтқан бетінде Ғалихан Бөкейхан Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымына өзінің жасынан жинаған саяси һәм қазақтың жер­суы туралы жазылған кітаптарын сыйлап кетті. Кітаптар сақтатып қойған жерінен әлі алынған жоқ. Ойда болса да, қол қысқалығынан «Бірлік» қауымы қыраитхана (кітапхана. — М.Қ.) аша алмай жүруші еді. Ғалихан ағаның бұл сыйы қазақ жастарының қыраитханасына бірінші һәм қымбатты негіз болды. Ғалихан ағаға «Бірлік» қауымы тәңірі жарылғасын айтамыз. «Бірлік» басқармасы». Қарашада «Бірліктің» құрылтайы өтеді. Құрылтайда С.Сәдуақасұлы мен М.Әуезов сөз сөйледі. Колчак билігі жойылған соң ол Омбыға қайта оралып, 1918­1919 жылдары Батыс Сібір кооператорлар одағының жұмысына белсенді түрде араласа бастайды. 1920 жылы Омбыда шыға бастаған «Кедей даусы» газетін ұйымдастырып, оған редакторлық жасайды. Ал 1920 жылы Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне Ақмола губерниясынан делегат болып сайланған С.Сәдуақасұлы съезде Қазақ Орталық Атқару комитетінің президиумы құрамына және Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне өтеді. Өмір жолында бетбұрыс болған бұл оқиғадан кейін Қазақстанның сол кезеңдегі астанасы Орынборға ауысқанда С.Сәдуақасұлы 1920­1921 жылдары РКЖО Қырғыз облыстық комитеті бюросының хатшысы, қазақ комсомол жастарының тұңғыш газеті «Еңбекші жастардың» редакторы қызметінде болады. 1921 жылы көктемде Сібір әкімшілік орындарына қарап келген Семей губерниясы Қырғыз (Қазақ. ­ М.Қ.) Республикасы құрамына өтеді. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің тікелей жолдамасымен танысып, тиісті шараларды іске асыруға Семейге мамырда Смағұл Сәдуақасұлы жіберіледі. Бұл кез Семей өлкесін, әсіресе қазақ ауылдарын аштық жайлаған, өлім­жітім көп кез болатын. Ал уездік, губерниялық мекемелерде жергілікті халықтың өкілдері жоқтың қасында еді. Осындай ауыр жағдайда мемлекеттік билікті жергілікті халыққа түсінікті, әрі жақын ету мақсатында С.Сәдуақасұлы губерниялық атқару комитетін таратып, оның орнына губерниялық­революциялық комитет құрылғандығын және осындай шаралардың уезд көлемінде де іске асырылатындығын мәлімдейді. Губревкомды басқару міндетін өз мойнына алады. Бұл төтенше шешім С.Сәдуақасұлы мен бұрынғы губерниялық басшылық арасында бірнеше айға созылған дауға ұласады. Ең соңында РКП(б) Семей губкомының талабы бойынша Орталық Атқару Комитеті шілдеде С.Сәдуақасұлын Орынборға шақыртып алады. Бүкілқазақтық Бақылау Комиссиясы оның Семейдегі әрекетін қарап, «ұлтаралық қатынасты шиеленістіріп, ұлттық­ауытқушылық жібергені үшін» сөгіс жариялап, екі жыл жауапты әкімшілік қызмет атқару құқынан айырады. Бірақ бұл кезде С.Сәдуақасұлы сияқты жігерлі және талантты саясаткерді жұмыссыз, көлеңкеде ұстауды жағдай көтермейтін еді. Орынбордағы Орталық Атқару Комитеті оны 1922 жылы құрамына Қазақстанның қазіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстары енген Түркістан республикасына (Ташкент) өзінің өкілі етіп жібереді. ҚазОАК­нің төрағасы Меңдешев пен хатшысы Алмановтың қолдары қойылған мандатта оған мынадай міндеттер жүктеліп, құқықтар берілген: «1. ТүрОАК­інің, Халком Кеңесі және Халық Комиссарлары отырыстарына ҚССР мүддесіне қатысты мәселелерді талқылауға дауыс бере алу құқығымен қатысу; 2. Қызметке байланысты сөйлесу үшін тікелей байланыс сымын пайдалану; 3. Жедел пойыздардың штабтық, делегаттық және арнаулы вагондарында жүру; 4. Қару асыну». С.Сәдуқасұлының Ташкенттегі өкілдік жұмысы ұзаққа созылған жоқ. 1923 жылы ол Қазақ жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. С.Сәдуақасұлының бұл кезеңдегі саяси көзқарасы туралы нақты фактілер арқылы баяндау қиын. Өйткені ондай фактілер тым аз. Дегенмен бірлі­жарым бар. Мәселен, тиесілі орындарға жіберілген ресми құжаттардың бірінде С.Сәдуақасұлы бұрынғы алашордалықтардың тобына жатқызылып, «отаршылдардың соқыр қаруы, карьерист», Меңдешев, Сейфуллин, Асылбековтерге қарсы күресушілер ретінде көрсетіледі. Сондай­ақ бұл кез қазақ интеллигенциясы арасында алауыз жікшілдік отының өршіп тұрған уақыты еді. Сол күрес барысында түрлі ғайбаттаудың да орын алып жатқандығын байқау қиын емес. Мәселен, осы аталған құжатта Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиевтің Қазақстанда сол тұстағы қазақ обком комсомолының мүшесі Ә.Байділдин мен ҚазОАК­інің мүшесі С.Сәдуақасұлы бастаған жас қазақ интеллигенттерінің құпия ұйымы бар екендігі туралы ақпар тапқандығы айтылған. Бізге бұл келтірілген фактілердің негізінде өмірлік шындықтан гөрі жалпыұлттық мүддеден бейхабар, тек тар топшылдық мүдде деңгейінде ғана күресе алатын түземдіктерге секемдене қарау, тіптен одан асты күрделі өмір құбылыстарын тар таптық тұрғыдан пайымдау жатқандай көрінеді. Нені де болса белгілі бір схемаларға салып өлшеп­пішуге құлықты қарсыластары атап көрсеткендей емес, С.Сәдуақасұлы осы кездің өзінде­ақ тар топшылдық пен өресіз ұлтшылдықтан ада және ондай түсініктерден анағұрлым биік болатын. С.Сәдуақасұлының кемел қайраткер ретінде көрінуі 1923 жылы наурызда Орынборда өткен ІІІ облыстық партия конференциясына байланысты. Ол туралы бұдан бұрынғы тарауда айтылды. Голощекин Өлкелік Комитетке келгенде С.Сәдуақасұлы Бюро мүшелігіне кандидат, Оқу­ағарту халкомы, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы міндеттерін бір мезгілде атқарып жүрген 25 жасар жігіт еді. Ол жасына қарамастан саяси күресте ысылған, тәжірибелі, республика өміріндегі өзекті мәселелер бойынша қалыптасқан өз пікірі бар, қалың қауым мойындаған белсенді қайраткер болатын. Осы арада мынадай мәселеге тоқтала кету қажет. Ф.И.Голощекин билікке келген мезгілде жалпыұлттық, демократиялық позициядағы революцияға дейінгі ұлттық интеллигенция өкілдерінің республикадағы жоғарғы билікте жүруі толық табиғи құбылыс ретінде қабылданатын. Олардың арасында кешегі «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелері де бар еді. Мысалы, А.Кенжин ­ Ішкі сауда халық комиссары, Ә.Әлібеков ­Егіншілік халық комиссары, А.Бірімжанов пен С.Кәдірбаев ­ Юстиция халық комиссиараты коллегиясының мүшелері қызметін атқарды. Осы сияқты мысалдарды жалғастыра беруге болады. Бұл келтірілген фактілер республикада жоғарғы басшылықты қалыптастыруда тар таптық принціптің әлі біржола үстемдік ала қоймағандығын көрсетсе керек. Ф.И.Голощекиннің саяси билікке келуімен бұл жағдай күрт өзгеріске ұшырады. Сталиннің 1925 жылғы маусымдағы «Ақ жол» газетіне байланысты жолдаған хатындағы партияда жоқ интеллигенцияға байланысты айтылған пікірлерді өзінше түсініп, басшылыққа алған Голощекин қоғамдық­саяси өмірден қол үзбеген ұлттық интеллигенцияның алғашқы буын өкілдерін «буржуазиялық­ұлтшыл», «алаштық интеллигенция» деп жариялап, соңына түсіп, саяси қудалау және репрессиялық шараларды іске асырды. Соның нәтижесінде, 1929 жылғы партиялық тазалау барысында олардың біразы партия қатарынан шығарылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Олардың Қазан революциясынан бергі үлкен белсенді еңбегі есепке де алынған жоқ. 1929 жылы қызметтен босатылған А.Кенжин өмірінің соңғы жылдарын Түрікменстан мен Ресейде өткізіп, ең соңында репрессия шеңгеліне ілікті. Ә.Әлібеков 30­жылдардың басында Ташкентке кетіп, сонда қызмет істеп жүріп, тағы да сол рухани азаптан асылып өлді. Ал 1927­1932 жылдары Алаш қозғалысына қатынасқан немесе олармен байланыста болды деген 70­тен астам интеллигенция өкілдері сотқа тартылып, олардың 50­ге жуығы түрлі мерзімдерге қамалды, жер аударылды, атылды. Орталықтың, алдымен Сталиннің тікелей қолдауына сүйенген жауапты хатшы мұнымен шектелген жоқ еді. Ол енді өз пайымдауы бойынша Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлының ықпалында болды, жаңа саяси жағдайда солардың ұлтшыл­реакциялық бағытын жүргізіп отыр деп тапқан басшылықтағы қайраткерлерді «ұсақ­буржуазияшыл», «ұлтшыл­уклонистер» деп жариялады. Тура осы принципті негізге ала отырып, онсыз да бөлініп­ жарылуға бейім ұлттық интеллигенцияны екі топқа жіктеп, олардың арасына іріткі салды. Мәселен, ол бір баяндамасында былай деп көрсетті: «Основной корень — это разногласия, борьба по линии интернационалистов и националистов. Начало внутри казахских группировок в партии относится к 1920 г., когда в партию вошли интеллигенты из «Алаш», и первое разделение, первые разногласия были именно между старыми казахскими коммунистами, я их буду называть «старыми», т.е. периода 1919­20 гг. Это те; которые клали первые камни фундамента казахской партийной организации и советов, которые сгруппировались тогда в группировки Мендешевцев, между ними и влившейся в партию интеллгенцией, под руководством Ауэзова, Садвакасова С. и кое­кого из молодых, которые сейчас сидят здесь, но я их не буду называть, и за их спиной ­ Букейханова. Пусть товарищи так называемой Меңдешевской группировки того времени «левили», пусть они не имели ясной программы, пусть они представляли своего рода группировку, но в основном они боролись за партийную линию, а Садвакасов, Ауэзов и др. их сподвижники боролись за алашординскую линию» 44 . Міне, осы арада «алашордалық бағыт» деген ұғымға тоқталу қажет. Голощекин мен голощекиншілдердің демократиялық қазақ интеллигенциясына қарсы күрес арсеналында әмбебап қару есебінде қолданылған түрлі «щиналармен» бірге «алашордашылдық» деген ұғымды да жиі кездестіруге болады. Ал осы саяси ағым болды ма, болса ол нені көздеді? Егер оған қысқа жауап берер болсақ, онда мынаны айтуға тура келеді. Бұл кезде алаш қозғалысы қатарында болған немесе саяси позициясы жағынан оған жақын тұрған жеке қайраткерлер ғана болуы мүмкін. Ф.И.Голощекин тұсында оларға өзіміз әңгіме етіп отырған С.Сәдуақасұлынан басқа С.Қожанұлы, Ж.Сұлтанбеков, Ы.Мұстамбайұлы, А.Кенжин, Ә.Әлібеков және басқа көптеген кеңес, партия қызметінде жүрген белсенді қайраткерлер жатқызылды. Олардың саяси мемлекеттік құрылысты түбегейлі өзгерту туралы мәселе қоймағандығы өзінен­өзі түсінікті. Ондай бірде­бір саяси құжат жоқ, болуы да мүмкін емес. Ендеше, олар жинақтап «ұлтшыл­уклонистер» атанғандай қандай бағыт үшін күрескен еді?

Читайте также:  КОРЕЯДАҒЫ ДІНИ СИНКРЕТИЗМ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оставить комментарий