iRef.kz

СОҒЫС АХУАЛЫ ТУРАЛЫ

Соғыс ахуалы дегеніміз жауласу және қирату ахуалы. Демек, басқа бір адамның өмірін қию туралы ойланбай айтылып, асығыс қабылданбаған, қайта ойланып­толғанып, нық қабылданған шешім туралы сөзімен немесе қарекетімен білдірген адам, осынысымен өзінің ондай пиғылы туралы мәлімдеген адаммен өзін соғыс ахуалына ұрындырады, сөйтіп басқаның немесе соның жағына шығып, қорғануына көмектесетін кез­келген адамның тарапынан өзінің өміріне қауіп төндіреді. Мені өлтірмек болғанды өлтіріп жіберу құқығына ие болуым әбден орынды да әділетті. Өйткені табиғаттың негізгі заңы бойынша мүмкіндігінше адамды қорғаштап жүруге ұмтылу керек; баршаны аман алып қалу мүмкін болмаған жағдайда, бірінші кезекте бейкүнә жандардың қауіпсіздігін ойлаған жөн. Адам өзімен соғысып жатқан немесе өзі жөнінде дұшпандық пиғыл танытқан, сөйтіп тіршілік етуіне қатер төндіретін адамды, өзі қасқырды немесе арыстанды өлтіре алатын себеппен, жойып жібере алады; өйткені ондай адамдар ортақ парасат заңымен матаспаған, олардың мойындайтыны тек күш пен зорлық, ендеше, оларды жыртқыш хайуандар, қолына түскен бойда адамды сөзсіз құртып жіберетін қауіпті де зиянды тіршілік иелері деп қарастыруға болады. 17. Осыдан келіп мынадай қорытынды шығады: басқа адамды өзінің билігіне толығымен бағындырғысы келетін адам сол арқылы өзін онымен соғыс ахуалына ұрындырады; мұны оның өміріне қарсы пиғылын жариялау деп түсіну керек. Өйткені, мені өзімнің келісімімсіз өзінің билігіне бағындырғысы келген адам, өз дегеніне қол жеткізгеннен кейін, маған ойына келгенін істейді, тіпті, қаласа, өлтіріп те жібере алады деген байлам жасауға негізім бар; егер менің бостандық құқығыма қайшы келетін жайға мені мәжбүрлегісі, яки, құл еткісі келмесе, мені өзінің шексіз билігінде ұстауға ешкім де ұмтылмайды ғой.

Менің осындай күштен бостан болуым аман қалуымның бірден­бір кепілі болып табылады; сондықтан менің парасатым оған қауіпсіздігімнің жауы ретінде қарауға итермелейді, өйткені ол қауіпсіздігімді қамтамасыз ететін бостандығымды тартып алуға ұмтылып отыр; демек, мені езіп­жаншуға тырысатын адам, сонысымен әзін менімен соғыс ахуалына қояды. Жаратылыстық ахуалда осы ахуалда әркім ие болатын бостандықты тартып алғысы келген адамды, барлық басқасын да тартып алғысы келетін «дам деп санау керек, өйткені бостандық барлық басқасының негізі болып табылады. Тап осылайша, қоғамдық ахуалда осы қоғамның немесе мемлекеттің мүшелеріне тиесілі бостандықты тартып алғысы келген адамды, олардан барлық басқасын да тартып алу пиғылы бар адам деп күдіктену, сөйтіп соғыс ахуалындағы адам деп санау керек. 18. Мұның өзі адамның өзін тіпті де қинамаған, оның өміріне қарсы ешқандай арам ниеті туралы мәлімдемеген, тек күш қолдану арқылы оның ақшасын немесе қалаған нәрсесін тартып алу үшін оны өзінің билігіне бағындырғысы келген ұрыны өлтіруін заңды етеді. Ол құқығы болмай­ақ мені өзінің билігіне бағындыру үшін күш қолданатындықтан, оның қандай ойы болғанына қарамастан, менің бостандығымды тартып алғысы келген адамның, мені өз уысына түсіргеннен кейін барлық басқасын да тартып алмайды деп санауға менде негіз жоқ. Осының салдарынан, оны менімен соғыс жағдайында деп санау, яғни, егер қолымнан келсе, оны өлтіру мен үшін заңды; өйткені, ол кім болса да, егер соғыс ахуалын тудырса және онда агрессор болса, әділетін айтқанда, о л өзіне тап осы қауіпті төндіреді ғой. 19. Міне осы арада біз жаратылыстық ахуал мен соғыс ахуалының арасындағы анық айырмашылықты байқаймыз; ал бұл ахуалдар кейбір адамдар не десе де, бейбітшілік, ізгі ниет, өзара көмек және қауіпсіздік ахуалы, жауласу, өштесу, зорлық және бір­бірін қирату ахуалынан қаншалықты алыс болса, сол секілді бір­бірінен соншалық алыс. Баршаны билеп­ төстейтін, олардың арасында төрелік айтатын билігі бар әлдекімсіз, парасатқа сәйкес бірге тұратын адамдар, шын мәнінде жаратылыстық ахуалда болады.

Бірақ күш­қауқар немесе жер бетінде көмек сұрайтын ешкім жоқ кезде оны басқа адам жөнінде қолдануға дайын екендігі туралы мәлімдеме – соғыс ахуалы дегеніміз осы; нақ осынау көмек сұрау мүмкіндігінің жоқтығы адамға, ол қоғамның мүшесі және азаматтығы бойынша бауыры болса да, агрессорға қарсы соғысу құқығын береді. Демек, менің барлық мал­мүлкімді ұрлап алған ұрыға, мен заңға жүгініп қана зиян тигізе аламын, бірақ ол, менің атымды немесе киімімді ғана ұрлағысы келгенімен, маған бас салса, мен оны өлтіре аламын; өйткені менің өмірімді қорғау үшін жасалған заң, осы жолғыдай күш қолданылғанда, оны қорғауға араласа алмайтын кезде, ­ ал егер менің өмірім қиылып кетсе, оның орнын толтыру мүмкін емес – жасалған жамандықтың есесі қайтпайтын жағдайда, менің өзімді өзім қорғауыма және соғысу құқығымды, шабуыл жасаушыдан құтылу амалы ретінде оны өлтіру бостандығын пайдалануыма мүмкіндік береді, өйткені шабуыл жасаушы біздің ортақ қазымызға жүгінуге де, заңды шешім шығаруға да мұрсат бермейді. Қолында билігі бар ортақ қазының болмауы барлық адамдарды жаратылыстық ахуалға қояды; адамның жеке басына қарсы бағытталған құқықсыз күш ортақ қазы болған күнде де, ол болмаған күнде де соғыс ахуалын туындатады. 20. Күш қолдану тиылған кезде, қоғамдағы адамдар арасындағы соғыс ахуалы тоқтатылады да, екі жақ та заңның әділ талқысына тартылады, өйткені ол кезде өткендегі шығындары үшін талап қойып, болашақ нұқсанға кедергі жасау мүмкіндігі туады. Бірақ жаратылыстық ахуалда орын алатынындай қолданыстағы заңдардың және билігі бар қазылардың жоқтығынан мұндай жүгіну мүмкіндігі жоқ кезде, бір кезде басталған соғыс ахуалы жалғаса береді, бұл ретте кінәсіз тараптың кез­келген мүмкіндікті пайдаланып, шабуыл жасаған адам бітісуді ұсынып, езі жасаған кез­келген нұқсанның есесін қайтаратындай жөне болашақта кінәсіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей шарттармен бітісуді қалағанға дейін оларды жоя беру құқығы болады.

Ал заңға және соған бола қойылған қазыларға жүгіну мүмкіндігі бола і ұрып, әлдебір адамдар немесе адамдар тобы тарапынан жасалған зорлықты немесе нұқсанды бүркемелеу немесе ақтау мақсатында әділ сотты көпе­ көрнеу бұзу және заңдарды ұялмастан бұрмалау жолымен бұл құралдан айырған кезде, соғыс ахуалынан езге бірдеңені елестету қиын. Зорлық жасалып, нұқсан келтірілгенде, тіпті ол әділ сот құру үшін тағайындалған адамдардың қолымен істелсе де, соған қарамастан бұл заңның атымен, сырт көрінісімен немесе пошымымен бүркемеленсе де, бәрібір бұл зорлық және нұқсан болып қала береді, өйткені заңның мақсаты – заң қолданылатындардың барлығына оны ешкім бұрмай әділ қолдану арқылы кінәсізді қорғау және әділетті қалпына келтіру; ал бұл ашық көрсетіліп істелмесе, жапа шеккендер жөніндегі соғыс жүргізіле бергені, сонда әділдікті қалпына келтіру үшін олардың жер бетінде жүгінер ешкімі болмағандықтан, мұндай жағдайда оларға жалғыз амал – көкке жүгіну ғана қалады. 21. Осынау соғыс ахуалына ұшырамау (аспаннан басқа барар жері жоқ, және барлық айырмашылықтар жойылып, дауласушылар жөнінде шешім шығаратын ешқандай билік жоқ кезде) — адамдардың қоғам құрып, жаратылыстық ахуалдан бас тартуының басты себебі міне осы.

Пікір қалдыру