Студенттердің ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» «…тілдерді тиімді меңгеру саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту мен тереңдету үшін дəстүрлі оқу орындарында тілдерді оқытумен қатар жаңа əдістердің де керек екенін тəжірибе көрсетіп отыр » [1,2] деген мəселеге ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі заман талабына сай оқу-тəрбие үрдісіне инновациялық əдістер мен технологияларды, атап айтқанда, деңгейлеп оқыту, модульдік оқыту технологияларын, ойындық технологияны, даралап оқыту, саралап оқыту, жеделдетіп оқыту, дамыта оқыту технологияларын енгізіп, қолданудағы мақсат – жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыру. Техникалық жоғарғы оқу орындарында «Қазақ тілі», «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пəндерін оқытуда да осы инновациялық технологияларды қолдануға басымдылық беріледі. Осы орайда келген оқытушы жаңа технология түрлерін біліп, сабақ тақырыбына байланысты өзіне қажеттісін, тиімдісін таңдай білгені жөн. Сабақтың сəтті өтуі оның жоспарының дұрыс құрылуына байланысты екені белгілі. Сондықтан сабақтың мақсатын белгілегенде оның білімдік, дамытушылық жəне тəрбиелік жағына аса мəн беріліп, өзара бірлікте жəне сабақтастықта қойылуы тиіс. Сабақтағы мəтін мен жаттығулардың студенттердің тіл білу деңгейіне сəйкес келуінің де маңызы зор. Əр сабақтың міндеті болып табылатын студенттердің ойлау, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорларын молайту арқылы сабақтың өмірмен байланыстылығына мəн беруіміз қажет. Тақырыптық тірек сөздер: құзыреттілік, ақпараттық құзыреттілік, ақпараттық технология, инновациялық əдіс-тəсілдер, ойын технологиясы. Зерттеу əдістері: өз тəжірибемізде сабақ беру, оқыту процесіндегі алдымызға қойған басты мақсатымыз – студентті субьект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай жасау болғандықтан, аталған мақаланы дайындауда салыстыру, талдау т.б. əдіс-тəсілдер пайдаланылды. Нəтижелері: Студент үйрену, білім алу барысында өзінің бұрынғы білімін жаңа ұғымдармен, жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да сабақты жаңа тақырып, қарастырылғалы тұрған мəселе жайлы студент не біледі, не айта алатындығын анықтаудан бастауға назар аударылады. Яғни ойды қозғату, ояту арқылы əсер ету жүзеге асады. Бұл мақсат тікелей студентті əрекет етуге мəжбүрлеу арқылы орындалады. Мəселен, «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пəні бойынша «Түйіндеме» тақырыбын студенттерге меңгерткен кезде бұл құжаттың қажеттілігі мен маңыздылығын студенттердің өздеріне айтқызып, құжат анықтамасын өздеріне шығартуға тырысамыз. Анықтама, ереже жазу арқылы студент жеке тұлға ретінде жүйелі, толымды əрі ресми сөйлеуге дағдыланады. Бұл «Түйіндеме» құжатының қызметін тереңірек түсіндіріп, ашу үшін студенттерді екі-екіден жұптастырып мекеме басшысы мен болашақ қызметкердің рөлінде сұхбат құрастыруға тапсырма беріледі. Бұл тапсырманы берудегі мақсат – іскер адам ретінде студентті өзін-өзі ұстай білуге дағдыландыру жəне мемлекеттік тілде ресми, сауатты сөйлеуге төселдіру. Нəтижесінде студент «Түйіндеме» құжатының мазмұндық-құрылымдық жүйесін меңгерумен қатар келешек өміріне қажетті дағдыны меңгереді, жұмысқа тұру барысындағы сұхбаттың маңызы мен өзіне қойлатын жауапкершілікті сезіне алады. Осылай сабақ барысын жаңаша ұйымдастырып, студенттердің қызығушылығын ояту арқылы сабаққа қатысымы мен белсенділігін арттыра отырып, студенттердің ойлау жүйесін дамытып, өз бетінше білім алуда бірлесе əрекет етуге дағдыландыруға болады. Қазіргі заман талабы оқу үрдісінде компьютерлік технологияны енгізуді, оны кең көлемде қолдануды қажет етеді. Компьютерлік технологияны қолдану, оқытуға арналған бағдарламалық жабдықтарды сабақта тиімді пайдалану пəн мұғалімдерінің мол тəжірибесіне, ізденісіне, əдістемелік шеберлігіне тікелей байланысты. Өз тəжірибемізде студенттердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруда, мүмкіндігімізше, проектор мен компьютерді пайдалануға тырысамыз. Өйткені тыңдау арқылы жазып-сызумен қатар көзбен көре отырып, алған білім есте ұзақ сақталатыны белгілі. «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пəнін оқытуда негізгі тақырыпқа қатысты ережелер, сызбалар, бейне-көріністер, іс қағаздарының дыбысталған толық мəтіні (мысалы, өмірбаян, 120 хабарландыру, жарнама т.б.) осы техниканың көмегін пайдалана отырып берілсе студенттердің қызығушылығы артады. Оған қоса мұндай тəсіл олардың есте сақтау қабілеттерін де арттырады. Компьютердің көмегімен ойын формаларын қолдану арқылы да сабақты қызықты əрі сапалы өткізуге болады. Күнделікті жоспардағы сабақтан гөрі ойын, жарыс сабағы, тест əдісімен өткізілетін сабақтар студенттің есінде ұзақ сақталады. Ойын түрінде өткізілетін сабақтың мақсаты пəн бойынша алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау болса, міндеті студенттің пəнге деген қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру болып табылады. Яғни, студенттің ойлау қабілеті дамып, ой-өрісі кеңейеді, сабаққа қызығушылығы, белсенділігі артады. Сабаққа əртүрлі ойын формаларын енгізуде компьютер арқылы Power Point бағдарламасын қолдану өте жақсы нəтиже береді. Мəселен, осы пəнді оқыту барысында «Жеке адамның өміріне қатысты құжаттарды» қорыту, осы топқа қатысты өткен тақырыптарды пысықтау үшін сабақты жарыс түрінде өткізген тиімді. Бұл жарыс ойынын өткізудегі мақсат осы уақытқа дейін өткен тақырыптары қорытындылап, бекіту болғандықтан, ойынға «Ойдода» деген ат қойылды. Ойынның шарты бойынша топтағы студенттер 3 топқа бөлінеді. Əр топ жеребе тастау арқылы берілген үш тақырыптың біреуін ғана таңдайды. Мысалы, бірінші топ өмірбаян, түйіндеме бойынша, екінші топ мінездеме, визит карточкасы бойынша, үшінші топ өтініш, арыз бойынша сұрақтар мен тапсырмаларға жауап береді, орындайды. Əр топқа үш сұрақ жəне бір тапсырма беріледі. Сұрақтардың күрделілік деңгейі бұрыштардың түсімен көрсетілген: көк түс –жеңіл сұрақ, сары – орташа, қызыл – қиын сұрақ. Төртінші жұмыс түрі жағдаяттық тапсырма ретінде ұсынылады. Power Point бағдарламасы арқылы тақтада əр топтың жауап беретін тақырыптары бойынша əр тақырыпқа 4 бұрыштан 12 бұрыш ашылып тұрады. Бұрыштардың ішінде сол сұраққа дұрыс жауап бергенде ғана алатын ұпайы көрсетіліп тұрады. Берілетін ұпайдың мөлшері сұрақтың күрделілігіне байланысты əртүрлі (жеңіл сұраққа — 1 ұпай, күрделілігі орташа сұраққа — 2 ұпай, қиын сұраққа — 3 ұпай, жағдаяттық тапсырмаға — 4 ұпай) болады. Əр топ қай сұрақтан бастайтынын өздері таңдап, сол бұрыштың үстінен тінтуірмен (мышка) басқанда, жоғарғы жағынан сұрағы немесе тапсырмасы көрінеді. Егер топ сұраққа жауап бере алмаса немесе толық жауап бермесе, қарсылас топтар сол жауапты толықтырады. Тиісті ұпай дұрыс жауап берген топтың еншісінде қалады. Соңында қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңіске жетеді. Ойын нəтижелерін есепке алу, яғни əрбір дұрыс жауап берілген сұрақтар мен орындалған тапсырмалар ұпай арқылы бағаланады. Студенттердің ойын кезіндегі белсенділігі көбінесе жарыс нəтижесін дұрыс есепке алуға байланысты. Студенттер ойындағы өз жетістіктері мен кемшіліктерін біліп отыруы тиіс. Сабақты студенттердің бəсекелестік қабілеттерін жетілдіретіндей етіп ұйымдастыру, яғни, ойын, жарыс түрлерін көбірек қолдану білім сапасын арттыратыны сөзсіз. Өйткені ойын сабақтың басында өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында студенттің көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді. Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тəрбиелік мəні бар ойын элементтері студенттердің ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан оқытушы əр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, сабақты қызықты ету арқылы студенттердің оқу-білімге ынта-ықыласын, пəнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, кез келген оқытушы сабағын студенттің қабілет-қарымына, психологиялық ерекшелігіне сай жоспарлау керек. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл болады, студенттерді жалықтырмайды Білім меңгертуді жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырудың қазіргі заман талабы оқыту үдерісін жүйелі ұйымдастырудағы мұғалімнің рөлін өзгертті. Оқытушы дайын білімді жоспарлап, жеткізуші рөлінен студенттердің білім алу үдерісіндегі ұйымдастырушы, кеңесші қызметіне көтерілді. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек» – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, студенттің өздігінен білім алуына мүмкіндік беру жоғары оқу орындарындағы жаңа білім жүйесімен, кредиттік оқу талабымен сай келіп отыр. Студенттер іс қағаздарға тəн барлық ерекшеліктерді игерулері үшін ұтымды кейс əдісін қолдану жақсы нəтиже береді. Іс қағаздарды сауатты толтыру, əдеби стиль түрлерін меңгеру студенттерді ресми қатынасқа дайындайды. Іс қағаздарға қатысты сөздерді, сөз орамдарын, құжат мəтінінде орын алған стандартты сөйлемдерді меңгереді. Студенттер қажетті құжаттарды мемлекеттік тілде құрастыра отырып, олардың мекеме, не болмаса ұйым жұмысындағы маңызын жете түсінеді. Кейс əдісі арқылы үйрету қолданылды. Кейс əдісі тапсырманы бірыңғай ақпаратты кешенге негіздеп беруге құрылады [2, 14-15]. 121 Кейс əдісін қолдануда студенттерге: • іс қағаздардың түрлерін талдауға үйрету; • проблемаларды шешу мен шешім қабылдауға дағдыландыру; • құжаттарды иллюстрациялауға үйрету; • өз бетімен жұмыс істеуге баулу; • алған білімін, икемділік дағдыларын кеңейтуге машықтандыру мақсаттары көзделеді. Іс қағаздарды оқытуда студенттерге кейс əдісін пайлалануда арнайы құрылған тапсырмалар ұсынылады. Мысалы: 1-тапсырма. Материалдық заттарға байланысты жасалған келісім-шарттардың бір түріне жазбаша талдау жасау: 1) Шарттың құрылымдық жүйесі қандай? 2) Шарт жасасушылар туралы қандай мəліметтер болуы керек? 3) Шарт жасалған зат туралы қандай мəліметтер болуы керек? 4) Лексика-грамматикалық минимумдарын анықтау. 2-тапсырма. Сөйлемді толықтырыңыз. Біз, төменде ————————, Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 25-үйде ————— азамат Өмірбаев Асқар Өмірбайұлы, —————— куəлігі №548796, Қазақстан Республикасының ІІМ берген, Алматы қаласы, Райымбек даңғылы, 83-үйде ———————— Қайырбаев Серік, жеке ——————— — № 478926, Қазақстан Республикасы IIМ берген, төмендегілер ————————————————— —————————— жасадық. 3-тапсырма. Жағдаят бойынша бұйрық шығарыңыз. Айрықша еңбек көрсеткіштері үшін қызметкерлеріңізге ақшалай сыйлық беретіндігіңіз туралы бұйрық шығарыңыз. Сұрақтарға жауап жазыңыз: 1. Мекеменің алдында тұрған мəселелерді шешу мақсатында басшылық жасайтын құқықтық құжат қалай деп аталады? Оның қызметі қандай, маңыздылығы неде? Жазыңыз. 2.Бұйрықта етістік қалай беріледі? Бес мысал жазыңыз. 3.Бұйрық мəтінінің констатациялық бөлігі дегеніміз не? Түсіндіріңіз. 4.Өкімдік бөлім дегеніміз не? Жазыңыз. 5. Мекеме жұмысына қатысты бұйрық тармақтарының соңғы тармағында қандай мəлімет болады? Қорытынды: Тапсырманың түрлілігі, қызықтылығы студенттің білімді саналы қабылдауына əсер етеді. Студенттің апараттық құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты ұсынылған ақпаратты кешенді тапсырмалардың мақсаты – белгілі бір тақырыпқа қатысты білімін жинақтай алу, тапсырмадағы проблемалық жағдайды анықтау, көре жəне оқи отырып олардың есте сақтау қабілетін жетілдіру. Кешенді тапсырмалардың тиімділігі: Студенттер құжатқа тəн сөз оралымдарын ( клишелерді), яғни сөз тіркестері мен сөйлемдерде қолдана білуге дағдыланады. Ойын дəл, нақты қағаз бетіне түсіріп, əсерлі жеткізуде тілдік құралдарды кеңінен қолдана білуге үйретеді жəне студенттің жеке тұлғалық дамуын (қабілеттілік, қызығушылық, мақсаткерлік, көшбасшылық, ұстамдылық), құзыреттілік қасиеттерінің (ақпараттық, кəсібилік, танымдық т.б.), шеберлігін (нақты жағдайға баға беру, алғырлық, жылдам шешім қабылдау) қалыптастыруға септігін тигізеді.

Читайте также:  ТІЛ ОҚЫТУДА ЗАМАНАУИ АҚПАРАТТЫҚ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ

Оставить комментарий