Загрузка…

СТУДЕНТТЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Бүгінгі таңдағы жалпы жаһандану және ақпарат ағымының қарқынды даму дәуіріндегі Қазақстанның жоғары мектебі үшін әлемдік білім беру жүйесіне ықпалдастықтың маңызы зор. Жалпы әлемдік білім беру кеңістігіне интеграцияланған Қазақстандық жоғары оқу орындары мәні жағынан анағұрлым халықаралық және беретін білімінің сипаты әмбебап болуда. Осыған орай, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында»: [1] білім беру жүйесін жаңғырту барысындағы келелі іс-шараларды жүзеге асырылудың маңызды екендігін атап көрсетті. Алайда, Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі, ең алдымен, жоғары білім беру мәселесімен тікелей байланысты. Осы ретте болашақ мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары алдында үлкен де салмақты міндеттер тұр. Бұл міндеттерді шешу студенттерге мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламаларына сәйкес ғылым салаларынан білім берумен ғана шектелмейді. Жоғары мектепті бітіруші болашақ мамандар аға ұрпақ тәжірибесін меңгерген, білімін өз кәсібінде ұтымды пайдалана алатын құзіретті маман болып шығуы тиіс. Бүгінгі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жоғары кәсіби кадрларды қалыптастырудың құнды тәжірибесін жинақтаған Республикамыздың маңдай алды оқу орындарының бірі ретінде, әлемдік стандарттарға жауап береді. Университетіміздің алдыңғы қатарлы факультетінің бірі – Әлеуметтік ғылымдар факультетінде ұзақ жылдар бойы болашақ педагог мамандарды даярлау жүзеге асырылуда. Болашақ қоғам иелері – жастарды ұстаз тәрбиелейді. Ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Әсіресе, жоғары оқу орнында білікті мамандар даярлау, материалдық-техникалық, кадрлық, ақпараттық және әлеуметтік жағдайлар сөзсіз шоғырлануы тиіс. Бұл мемлекеттің айрықша қамқорлығындағы іс. Демек ол, мемлекеттік білім беру тапсырысының стратегияларын жүзеге асыру десек, осыған орай болашақ креативті, құзыретті, толерантты әлеуметтік педагогтар мен «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерін даярлауды арттыруға мүмкіндік беретіні де ақиқат. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы этномәдени білім беру тұжырымдамасында «Бізге қажетті – жаны да, қаны да қазақы, халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына ана сүтімен бірге сіңірген, егеменді елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу» – деп атап көрсеткендей, [2] еліміздің елдігі мен бірлігін сақтайтын ұрпақ тәрбиелеу, білім берудің барлық салаларының алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Осы міндеттерді шешудің бір жолы ұлттық құндылықтар арқылы студенттердің этномәдени құзіреттілігін қалыптастыру. Осы орайда, этностық мәдениет пен ұлт тілдерінің өткені мен келешегіне көз жіберу үшін этностардың шығу тегін ғылыми методологиялық тұрғыдан қарастырғанымызда, ұлт мәдениетін ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан терең зерттеген, 2012 жылы 100 жылдық мерей тойы тойланғалы отырған тарихшы-этнограф ғалым Л.Гумилев «Халықтар қалай пайда болады және жоғалады?» деген еңбегінде «этнос дегеніміз – жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік ортаның бірлігінде жатқан салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы» деген анықтама береді.[3] Демек, қазақ халқының этномәдени құндылықтарының бір саласы – халықтың кәсіптік және тұрмыстық фольклоры. Халқымыздың тарихи-шаруашылық, тұрмыс-тіршілік болмысына байланысты: аңшылығы, саятшылығы, ағаш, тері, жүн, сүйек өңдеуге қатысты қолөнері, зергерлік және т.б. сан-алуан өнерлері. Әсіресе, халық данышпандығының бар асылын бойына жинаған сәндік-қолданбалы өнері – халқымыздың қоршаған өмір шындығын музыкалық, поэтикалық және басқа эстетикалық дәстүрлер аясындағы эмоциялық сезімдері мен эстетикалық талғамдарын қалыптастырған этномәдениетінің қайнар көзі. Бұл саладағы өткенгі және қазіргі қолөнер бұйымдары, халқымыздың көркем-шығармашылық дәстүрлері мен рухани-материалдық мәдениетінің құндылықтарын сақтауға, игере отырып байыта түсуге жетелейді. Халқымыздың кәсіби және тұрмыстық фольклорын жан-жақты зерттеген: Ә.Марғұлан, К.Ақышев, Х.Арғынбаев, Т.Басенов, Б.Байжігітов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, Э.Масанов, т.б. еңбектерінде, ұлттық қолөнер түрлерінің дамуы, философиялық, тарихи, этнографиялық, мәдениеттанымдық аспектілері, рухани-материалдық құндылық ретіндегі әлемдік мәдениет аясындағы алатын орны және тәлімдік маңызы бағаланған. Қазақ халқы ұрпағының «Сегіз қырлы-бір сырлы» азамат болып дамуын, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениет құндылықтарының тәлімдік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып жүзеге асырып келді. Ол құндылықтардың негізін, халқымыздың – әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлары құрайды. Қазақ фольклоры тілінің бейнелілігімен, көптеген мақал-мәтелдерінің мәнділігімен, мазмұндық өткірлігімен аса құнды қазына. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, «Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін» шешкен ата-бабаларымыз, халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігінің алуан түрлі жақтарын қамтитын өзінше бір жылнама болатын, ұрпақтарға тәлім болатын асыл мұра қалдырған. Сол бай құндылықтардың ішінде, этномдени құзіреттілікті дәріптейтін мұра — батырлық дастандар. «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Едіге», «Сырым батыр» және т.б., «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезіндегі елін, жерін сырт жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты өз халқының мүддесі, арман-тілегі, туған жері үшін жан аямаған батырларға деген халықтың сүйіспеншілігі, азаматтарының рухани жан дүниесінің беріктігі, ерлігі мен патриоттық қасиеті. Сол сияқты, «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және т.б. лиро-эпостық жырлар мазмұны, рухани тазалықты, адамгершілік пен махаббатты паш ететін, халқымыздың этномәдениетінің асыл қазыналары. Міне, сол құндылықтарды тәрбие құралы ретінде пайдаланып, жалпы жасөспірімдер мен жастарға білім беру мазмұнындағы олардың әрбірінің жеке ерекшіліктерін ескере отырып этномәдени құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерде негізге алынатын құзіреттіліктер жиынтығы мыналар: Мәселені шешу құзыреттілігі Әр түрлі жағдайдағы мәселелерді анықтауға, өз шешімінің нәтижесін бағалауға, өз қызметіне мақсат қоюға, оны іске асыру үшін қажетті жағдайларды анықтауға, ондағы жетістіктерге жету үдерісін жоспарлауға және ұйымдастыруға, өзіндік бағалау мен қорытынды жасауға, технологияларды нақты қабылдауға мүмкіндік туғызады. Азаматтық құзыреттілік Сыни тұрғыдан талданған ақпараттар негізінде саналы шешім қабылдауға, өзіне мақсат қоюға және осы мақсаттарға жету үшін танымдық қызметтерді жүзеге асыруға; өздігінен ізденіп шешім шығару, талдауға, іріктеу жасауға, қайта құруға, сақтауға, түсіндіруге және ақпараттарды тасымалдауды, оның ішінде қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асыруға; логикалық операцияларды қолдана отырып, ақпараттарды өндеуге; қызметін жоспарлау және жүзеге асыру үшін ақпараттарды қолдануға мүмкіндік береді. Коммуникативтік құзыреттілік Адамдармен өзара әрекет пен қарым катынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде диолог қатынас дағдылары болуын қарастырады. Қазіргі кезде білім беру үрдесінде 50-ден астам технологиялар қолданылады. Соның ішінде «Сын түрғысынан ойлау » технологиясы ақпарат алудан басталып, қаралатын мәселеге байланысты шешім қабылдаумен аяқталады. Сыни ойлау кез келген жас аралықтарына тән. Сыни ойлау күрделі үдеріс болғандықтан, студенттердің сыни ойлау ортасын жасау қажет. Ол ортада студент: · Ойлауға үйренеді. · Өз ара пікірлерімен санаса біледі. · Әрқайсысы сын тұрғысынан ойлауға қабілеті бар екендігіне сенеді. · Еркін жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сын тұрғысынан ойлау қалыптасқан ортада студент: · Нақты мақсат қоюға дағдыланады. · Өзіне деген сенімі артады. · Оқу үдерісіне белсенді қатысады. · Жолдастарының пікірін сыйлайды. · Өзін толғандыратын, проблемалық сұрақтар қоя біледі. · Айтылған жауаптарының құндылығы жоғары болады және алуан түрлі жауап бере алады. · Сараптауға, бағалауға дағдыланады. · Пәнге деген қызығушылығы артады. · Бұл жағдайды жүзеге асыру үшін оларға көмекке СТО стратегиялары келеді. Мәтінмен жұмысқа арналған стратегиялар: Жигсо -1, Инсерт, ойланып оқу стратегиялары арқылы студент тек қана жаңа ақпарат алып қана қоймайды, ол тақырыптың негізгі түйінін жасап, тақырып бойынша ой қозғап, өз бетімен білім алуға белсенділігі артады, өз пікірін ортаға салады. Студенттер топпен жұмыс жүргізуге дағдыланады. Жазбаша стратегиялар: еркін жазу, 5 минуттық эссе сияқты стратегиялар арқылы студент: берілген тақырып бойынша өзінің пікірін, ойын, аргументтерін жазады. Керек кезінде тақырып бойынша ұсыныстар жасап, болжау жасауға мүмкіндік береді. Басқа пікірлерді сынға салады. Үлкен мәтіннен негізгі түйінді жазады. Студент осы стратегиялар арқылы өздерінің танымдылық құзырлығын дамытады. Пікірталасқа арналған стратегиялар. Кубизм, бұрыш, болжау таблицасы, семантикалық карта, жұппен ой бөлісу стратегиялары арқылы студенттер өзара пікірталас, диспут жүргізу арқылы өз ойларын айту, оны дәлелдеуге үйренеді, басқалардың пікірін тыңдай біледі. Топпен, жұппен, жеке жұмыстар жүргізу барысында өзара қарым – қатынаста болды. Студенттердің шығармашылық құзыреттілігі артады. Көп денгейлі сұрақтар: 1. Нақты сұрақтар – белгілі бір формула, анықтамаларға арналған сұрақтар. 2. Сұрақ баға-бағалау-белгілі бір мәселе бойынша шешім қабылдауыды немесе өз пікірін айтуды талап етеді. 3. Қосымша сұрақ-белгілі проблеманы шешу, зерттеуді талап етеді. 4. Сараптау сұрақ-оқушыға жаңа мағлұматты қолдана отырып сыни жауап беруді талап етеді. Студенттер осындай сұрақтарға жауап іздей отырып, өздерінің бұрынғы білімі мен жаңа алған білімдерін қолдану арқылы өздерінің пікірлерін, ұсыныстарын айтады. Осы стратегиялар арқылы студенттердің белсенділігі артып коммуникативті, азаматтық, әлеуметтік, этномәдени құзыреттілігі қалыптасады. Бүгінгі біздің білім жүйесінің мақсаты басқа елдердегі тәрбиенің озық үлгілерін қайталау емес, тәрбие үдерісінің негізінде білім беру және студентті тұлғалық деңгейде қарастырып, тұлғаны жан –жақты дамытып, әлеуметтендіру – заман талабынан туындаған өзекті мәселе екендігін мойындау. «Құзыреттілік, білік» – деген ұғымдар «компетенция» қайсібір тапсырманы орындауға қабілеттілік немес бір нәрсені жасау дегенді білдірсе, [4] ал, этномәдени құзыреттілік студенттерге келісім мен өзара сенім атмосферасын қолдауды, бірлескен іс-әрекетте жоғары нәтижеге жетуді қамтамасыз ететін мінез-құлық үлгісін табуға көмектеседі. Этномәдени құзыреттілік күнделікті өмірде және оқу сабақтарында өз ұлтының және басқа ұлттардың этникалық мәдениеті туралы алған білімге негізделген этника-аралық өзара түсіністік пен өзара әрекетке дайындықты көрсетеді. Этномәдени құзыреттілікті қалыптастыру алуан түрлі көздерден білім интеграциясын және этника-аралық өзара әрекеттестік міндеттерін шешу қабілетін, студенттерді өзінің туған мәдениетіне, сосын өзге мәдениетке ендіруді мақсат етеді. Өз мәдениетінің құндылығын басқа құндылықпен бірлікте салыстыра отырып, тану басқа халықтың мәдениетіне енуге, этника-аралық түсіну мен дилогқа қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызады. Этномәдени құзыреттіліктің жоғары деңгейіне жетуде жасөспірімдер мен жастар, жас ерекшелік кезеңдеріне байланысты төмендегі баспалдақтардан өтеді: 1) өзінің этникалық мәдениеті саласындағы, сонымен бірге сол мемлекетте тұратын халықтардың этникалық мәдениеті туралы элементарлы сауаттылығы (мектепке дейінгі және кіші мектеп жасы 5-10 жас); 2) өзінің және Қазақстан халықтарының этникалық мәдениеті саласындағы функционалды сауаттылығы және белгілі бір мемлекеттің этномәдени саласындағы элементарлы сауаттылығы (өтпелі жас кезеңі 11-15 жас); 3) Қазақстаннның этномәдениет саласындағы білімділік және әлемдік этномәдениет саласындағы элементарлы сауаттылықтың көрінуі (жасөспірімдік кезең 15-18 жас). Этномәдени құзыреттілікті қалыптастыру білім мазмұнына этномәдени компонентті енгізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің шарты мен тәжірибені тасымалдау формасын ұсынатын білім беру кеңістігінде жүзеге асырылуы тиіс. Студенттердің этномәдени құзыреттілікті жоғары деңгейде меңгеруін сипаттайтын қасиеті толеранттылық, сын тұрғыдан түсінуге, өзінің және өзгенің көзқарасына күдік туғызуға және дәлелдеуге қабілеттілік. Толерантты тұлға әлемнің алуан түрлілігін қабылдауға қабілетті тұлға. Толеранттылықты құрайтын қағидаларға мыналар жатады: этника-аралық қарым-қатынастағы құндылықтардың, көзқарастардың демократиялық жүйесі; басқа мәдениетімен, санасымен, салт-дәстүрімен адамды қабылдай білу; ұстамдылық пен келісім негізінде басқа ұлт өкілдерімен өзара әрекетке психологиялық дайындық. Сондықтан 1995 жылғы 16 қарашада ЮНЕСКО-ға мүше елдер қабылдаған «Толеранттылық принциптерінің Декларациясында» білім беру саласында толеранттылық идеясын насихаттауға басымдық берілген.[5] Педагогика ғылымында оның саласы ретінде «толеранттылық педагогикасы» даму үстінде, онда толеранттылықтың мәнін зерттеу және оны әлеуметтік норма, әлеуметтік құндылық ретінде практикаға ендіруге негізгі көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа, биiк мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу отандық білім беру жүйесінің негізгі міндеттері ретінде көрсетіледі. Яғни, білім беру мазмұны адамдардың нәсілі мен ұлтынан, мәдени және конфессиональдық белгілерінен тәуелсіз олардың арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа, тұлғаның жалпыадамзаттық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. «Толеранттылық» (лат. «tolerantia» – шыдам, төзім) терминіне шет тілдері сөздігінде екі мағынада түсініктеме беріледі: 1) бір нәрсеге, біреуге төзімділік, төзу, шыдау; 2) биологиялық, медициналық тұрғыда – иммундық реакцияның жартылай немесе толықтай болмауы, яғни организмнің ауруға қарсы тұратын антиденелер шығару қабілетінің болмауы. Ал педагогикалық сөздіктерде бұл ұғымға «қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болуы не бәсеңсуі; оның әсерінен сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі» деген анықтама беріледі [6]. Этникалық толеранттылықтың мәні – басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алуда. Этникалық толеранттылық адамның тұлғалық қасиеті болып табылады, сонымен бірге ол қалыптасу барысында маманның кәсіби қажетті қасиетіне трансформацияланады. Сондықтан, философиялық, педагогикалық-психологиялық тұрғыда этникалық толеранттылық феноменін және тұлғааралық қарым-қатынаста оны іске асыру механизмдерін талдау бізге этникалық толеранттылықты студенттердің қажетті қасиеті ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Этникалық толеранттылықты қалыптастыру процесінің формасы мен мазмұны педагогикалық шарттар жүйесімен сипатталады. Олардың ішінен біз білімдер қалыптастыруды бөліп көрсетеміз. Бұл дегеніміз – студенттердің этникалық толеранттылық феноменінің мәндік және мазмұндық аспектілері, әртүрлі білімдер саласы аясында осы құбылысты оқып-үйренудің ерекшеліктері, толеранттылық проблемасының дамуы мен қалыптасуы туралы білімдерін жетілдіру, студенттерде құндылық бағдар қалыптастыру. Ал бұл өз кезегінде этникалық толеранттылықтың этикалық принциптерін меңгеруге және практикалық іс-әрекет пен қарым-қатынаста қолдануға бағытталған қызығушылықтар, мотивтер, бағалар, мінез-құлық нормаларын; рухани-іскерлік қарым-қатынас әдістері мен тәсілдерін өз бетімен табу жататын этникалық толеранттылықты қалыптастыру процесінің практикалық-мінез-құлықтық жағын көрсететін толеранттылық тұлғааралық қатынастың іскерліктері мен дағдыларын; басқа ұлт өкілімен тең дәрежелі диалогқа, оны тұтастай сыни тұрғыдан түсінуге эмоционалды-еріктік дайындықтан тұратын толеранттылық бағдарын қалыптастыруы тиіс. Педагогикалық шарттар кешені этникалық толеранттылықты қалыптастырудың әдістемелік жағын сипаттайтын оқу-тәрбие жұмысының ұйымдық формаларының жиынтығын құзыреттіліктердің (дүние туралы білімдер, жағдаятты түсіну) даму деңгейімен анықталады. Осы құзыреттіліктерді бөліп көрсету арқылы оларға сәйкес кәсіби міндеттерді анықтау мүмкін болады. Басқаша айтқанда міндеттердің екі тобын (әлеуметтік-мәдени құзыреттіліктерді дамыту бойынша кәсіби міндеттер, прагматикалық құзыреттіліктерді дамыту бойынша кәсіби міндеттер). Қойылған мақсатқа жету үшін, яғни этникалық толеранттылықты қалыптастыру үшін бұл міндеттер өз деңгейінде іске асырылуы тиіс. Этномәдени құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған оқу үдерісінің өзіндік ерекшелігі студенттерге теориялық білімнің аксиологиялық мағынасын меңгерумен сипатталады. Бұл міндетті шешу өзінің және басқаның мәдениетінің мәнін танымды ашып көрсететін, мәдени құндылықтарды таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін рефлексияға қабілеттілікті дамытусыз мүмкін емес. Білім беру ортасында мәдениетаралық қатынас экскурсия, оқудан тыс іс- шараларда басқа мәдениет өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастыру жолымен мүмкін болады. Этномәдени құзыреттілік мәдениетаралықпен өзара байланыста – бұл қалыптасатын тұлғалық қасиет, оның мазмұны өзінің этникалық тиістілігін; өзінің іс-әрекетінде араласатын мәдениет арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты көру біліктілігін, өзінің этникалық мәдениеті туралы білімін қолдану қабілеттілігін; этномәдени ұстамдылығын; эмпатияны элементарлы саналы түсінуі.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar