СУЛАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Сипаттап отырған территорияда ірі су көздерінің жоқтығына байланысты мұнда жер суландыру мәселесі барынша дами алмады. Осыған қарамастан әр түрлі зерттеушілердің жарияланған мағлұматтарына қарағанда XIX ғасырдың соңында­ақ негізінен Таулы Қаратаудың су көздері (қайнар суларының) негізінде овощ­бақща және астық дақылдарды өсіру мүмкіншілігі бар екені белгілі болған. Маңғышлақты зерттеушілердің бірі А. И. Кияшко 1896 жылы былай деп атап көрсетеді: «…Маңғышлақ уезінде жекелеген, өте шағын мөлшерде ғана жер өңделеді, олар негізінен мына жерлерде: а) қырғыздар (қазақтар) өздерінің жеке тұтыну қажеті үшін бидайды, арпаны, тарыны Қаратау мен Ақтау жоталарының аралығында себеді; ә) жүгері, жоңышқа және бақша овощтарын Түркмения жағалауына егеді; б) жүгері, жоңышқа және бақша овощтарын егуге арнап Форт­ Александровск маңын пайдаланады; в) бидай, арпа және бақша овощтарын кейбір құдықтар маңында егеді. Барлық өңделетін жердің жуықтап алынған ауданы 1894 жылғы мәліметтер бойынша 376 десятинадан аспайды». Соңғы күндерге дейін түбекте егіншілік жоспарсыз дамыды, оған суаруға арналған.сенімді су көздерінің, қажетті техниканың және оны. жүргізуге арналған ғылыми негізделген жүйенің болмауы себепші болды. Қазіргі кезде де мелиорация жұмыстарын іс жүзінде ұйымдастырудың барлық мәселелері шешілген жоқ, алайда оларды қалай және қандай бағытта шешуге болатындығы айқын көрініп отыр. Қазақ ССР Ғылым академиясы топырақтану институтының ғалымдары түбектің топырағын барынша толық зерттеп, оны ауыл шаруашылық салаларына игерудің негізгі жолдарын жасап көрсетті. Олардың «Солтүстік Каспийдің топырақтану және мелиорация проблемалары» (1973 жыл) және «Маңғышлақ түбегінің топырағы» (1974 жыл) атты күрделі еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектерде орасан зор ғылыми­техникалық материалдар қорытындыланып, шөлдің күрделі табиғи­климаттық және топырақ жағдайында егіншілікті жүргізу жүйесі бойынша нақты ұсыныстар берілген. Өнеркәсіп орталықтарын көгалдандыру. Көгалдандыру мәселелерімен халық өткен ғасырда айналысқан. Неғұрлым ертеде отырғызылған ағаштар Форт­Шевченко қаласында кездеседі. Мұндағы Т.Г.Шевченко атындағы парктегі кейбір ағаштар 100­120 жыл жасаған. Олардың және бұталардың негізгі бөліктері 40 жас шамасында. Іргелес жатқан Баутина және Аташ поселкелерін қоса есептегендегі жасыл желектердің ауданы 12 гектар, онда ағаш­бұта тұқымдастардың 16 түрі өседі. 1963 жылы парк маңына отырғызылған жеміс бағы қазірде жеміс беріп тұр. Парк пен бақ орташа минералдануы литріне 3,0 грамға жуық жер асты суымен және құдықтар мен скважиналардан суарылады. Облыс орталығы – Шевченко қаласын көгалдандыруға көп көңіл бөлінуде. Мұнда парк, скверлер, бульварлар, орман питомнигі, дендропарк, қатарластырылып отырғызылған жасыл желектер бар. 1974 жылғы жүргізілген инвентаризация бойынша жалпы көгалдандырылған аудан 550 гектар, онда бұталар мен ағаштардың 36 түрі бар. Олардың негізгілері ұсақ жапырақты шегіршін, қауырсын бұтақты шегіршін, ақ қараған, айлант, жасыл шетен, Болле терегі, жіңішке жапырақты жиде, аморфа, ноқат, жыңғыл, зерек, тал және басқалары саналады. Олар жалпы қалалық су кұбыры желісінен, шаруашылыққа және ішуге арналған сумен суарылады. Жалпы шығын орта есеппен тәулігіне 20 мың текше метрден астам. Жаңа Өзен қаласында жасыл желектер 115 гектарды алып жатыр. Мұнда ағаштар мен бұталардың 18 түрі бар. Оның ішінде басым орын алатындары – қауырсын бұтақты шегіршін, жасыл шетен, айлант, ақ қараған, аморфа, терек, ақ тал және басқалары. Жасыл желектерді суару үшін жалпы қалалық су құбыры желісінен тәулігіне 4 мың текше метрге жуық мөлшердегі шаруашылыққа және ішуге арналған сапалы су пайдаланылады. Қазіргі кезде аудан орталығы – мұнай барлаушылар поселкесі Ералиев те өзінің негізі қаланған күннен бастап жер асты суын пайдалану негізінде көгалдандырыла бастады. Осы мақсатта бұл жерде сармат сулы горизонтына 4 скважина бұрғыланды. Скважиналардың тереңдігі 50­60 метр. Судың орташа минералдануы литріне 3­3,5 грамм. Су жинаушы құрылыстың жалпы жұмыс өнімділігі секундына 10 литрден артық (тәулігіне 900 текше метрге жуық). Бұдан басқа Песчаный мүйісі кен орнынан беріліп тұратын тұщы су да суару үшін пайдаланылады. Жетібай поселкесінің тұрғын үйлер, өндірістік және мәдени­ағарту орындарының айналасы көгалдандырылған. Жасыл желектердің жалпы көлемі 27 гектар онда ақ қараған, қарағаш, аморфа және басқа да ағаштар өседі. Ескі Өзен, Теңге, Сарықамыс және басқа елді мекендер мұнайшыларының да отырғызған жасыл желектері бар, мұнда да тәулігіне 500­ден 1000 текше метрге дейін тұщы су пайдаланылады. Облыс өнеркәсібінің, транспортының құрылысының және ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы қалалар мен елді мекендерді одан әрі көгалдандырудың өте қажеттігін алға қояды. Шөлді көгалдандыру мәселесіне зор мән бере отырып, Шевченко қаласында жалпы көлемі 40 гектар ботаникалық бақ құрылысын жүргізудің жоспары жасалды. Ботаникалық бақтың құрылысы басталды, ол алдағы бесжылдықта пайдалануға беріледі. Облыста жасыл желек өсіру жөнінде нақты іс тәжірибелер, ғылыми база – ботаникалық бақ, жер және су ресурстары бар жағдайда көгалдандыру жөніндегі жұмыстардың көлемін одан әрі арттыру ісіне батыл кірісуге болады. Қала маңындағы егіншілік жұмыстарын дамыту. Шөл жағдайында бұл жаңа бағыт болып саналады. Шевченко (10 га), Жаңа Өзен (5 га) қалалары төңірегіндегі және Жетібай поселкесі (2 га) ауданындағы шағын аудандарда овощ өсіру жөніндегі алғашқы тәжірибелер жыртуға жарамды жерлерде суландыру учаскелерін дұрыс таңдап алу, үнемі жүйелі түрде суаруды ұйымдастыру, аудандастырылған сорттарды егу және басқа шараларды тиімді жүргізген жағдайда жақсы өнім алуға болатындығын дәлелдеді. Бірақ, қала маңындағы көмекші шаруашылықты іс жүзінде ұйымдастыруда жоғарыда аталған барлық талаптар орындалмады және дақылдарды егудің осы жағдайларға икемді, қолайлы агротехникасы белгіленбеді. Сондықтан суландыратын учаскелерден алынатын өнім төмен, ал жекелеген учаскелерде (жалпы ауданның 20 процентіне дейін) тіпті дақылдар шықпай қалды. Өткен 1974 жылы кездескен кемшіліктерді ескере отырып қала маңындағы овощ­бақша дақылдары егістері бір учаскеге – Шевченко қаласынан 36 км қашықтықтағы учаскеге шоғырланды және олардың ауданы 20 гектарға дейін кеңейтілді. Eгіс көлемінің құрылымы мынадай тәртіппен қайта қаралды: помидор ­ 50, қияр ­ 25, шалғам ­5, көк пияз­5 процент, бақша дақылдары және басқалары ­ 5 процент. Суару нормасы маусымға овощтар үшін 8 мың текше метр, бақша дақылдары үшін 5 мың текше метр болғанда суару жұмысы бороздалық әдіспен іске асырылды. Қала маңындағы егіншілікті дамыту халықты аз тасымалданатын помидор, қияр және басқа азық­түліктермен қамтамасыз етуді жақсартады. Шевченко қаласы маңынан 40, Жаңа Өзен қаласы маңынан 20, қала типіндегі Ералиев поселкесінен (Песчаный мүйісі)­15, Бейнеу поселкесінен­10, Шетпе поселкесінен­50 және Форт­Шевченко қаласынан – 10 гектар жерге жеміс­ жидек отырғызуға болады: Су ресурстарын пайдаланған жағдайда көрсетілген суармалы жерлердің суға мұқтаждығы толық қанағаттандырылады. Қала маңы егіншілігінен жоғары нәтижеге жету үшін, жоспарлау жұмысын дұрыс жүргізу қажет. Ол үшін суландырылатын учаскелердің шайылуы, коллекторлы­ дренажды жүйенің құрылысы, желден қорғаушы орман алқаптарын жасау және басқа агротехникалық шаралары еске алынады. Қала маңындағы егіншілікпен қатар қалаларда парникті­теплицалы шаруашылықтарды дамыту қажет. Бес жылдан астам уақыттан бері Шевченко қаласында жалпы көлемі 5 мың шаршы метр теплица (гидропоникада) жұмыс істеп келеді. Жыл сайын 1 шаршы метрден 17 кг қияр, 6 кг помидор алынуда. Овощтарды жабық грунттарда өсірудің қажеттігі мыналарға да байланысты: қалаларда барлық жағдайлар – энергия көзі, еңбек ресурстары және тұтынушылар бар. 1974 жылы Жаңа Өзен қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігінің бастамасы бойынша көлемі 18 мың шаршы метр теплица комплексінің, құрылысы басталды, оның 2 мың шаршы метрі осы жылы қатарға қосылатын болса, комплекс тұтасымен 1976 жылы пайдалануға беріледі. Ашық грунтта овощ өсіруді теплица шаруашылығымен дұрыс ұштастыру тасымалдауға қолайсыз азық­түліктердің қорын едәуір толықтырып, олармен халықты қамтамасыз етудің маусымдылығын әжептәуір қысқартар еді, сөйтіп ең ақырында шаруашылықты индустрияның негізде жүргізуді қамтамасыз етеді. Оазистік және дұрыс (тікелей) суландырудың дамуы. Облыс ауыл шаруашылығы дамуының қазіргі кезеңінде қала маңы егіншілігі және парникті­ теплицалы шаруашылықтар қалалар мен өнеркәсіп орталықтарының халқын қамтамасыз ету үшін овощ және картоп өндіруге, ал оазистік және дұрыс суландыру – қоғамдық мал шаруашылығы үшін мал азықтық дақылдар өсіруге арналған. Қазіргі кезде облыс совхоздарында 124 гектар егістік жер бар, оның ішінде 81 гектарын – мал азықтық шөптер (жоңышқа), 13 гектарын – жеміс ағаштары, 9 гектарын овощтар, 21 гектарын – басқа дақылдар алып жатыр. Сол сияқты «Қарақұм» совхозының Төңірекшың сайында фонтан атқылатып тұрған скважиналардан (4 скважиңаның жиынтық дебиті секундына 100 литр шамасы немесе тәулігіне 8600 текше метр) жер асты суы негізінде көлемі 100 гектар лиман жасалып, жыл сайын 500 центнерге дейін мал азықтық қамыс дайындалады. Маңғышлақ облысы жағдайында бір гектар жерді суаруға маусым кезінде 7,0­8,0 мың текше метрден аспайтын су қажет екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Егер булану мен сүзілуге жұмсалатын шығынды минимумға дейін кеміте отырып, оны құбырлар бойынша жүргізсек, онда мұқтаждық біршама азаюы мүмкін. Алдыңғы тарауда көрсетілгендей облыстың жер қойнауында минералдануы литріне 1 грамға дейінгі тұщы судың және минералдануы 3 грамм саумал судың едәуір қоры бар. Олардың мөлшері басқа мақсаттарға пайдаланылып отырған кен орындарын есептемегенде секундына 3,5 текше метрден астам. Бұл суларды толық, пайдалану 4,0 мың гектарға дейінгі жерді суландырып кемінде 40 мың тонна жоғары сапалы жоңышқа пішенін дайындауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл мәселе оңай емес және бір жылда жүзеге аса қоймайтындығы түсінікті. Қиындықтардың ең бастысы – су жинаушы құрылыстарды салу, суды тартып шығару, электр энергиясын жеткізу, суландыру құрылысын салу, оларды күту және пайдалану, күрделі қаржыны және адам резервтерін талап ететіндігінде. Осыған қарамастан ол іске асатын шындық сондықтан оны бірнеше кезеңдерге бөліп шешу қажет. Оны қолда бар eгic көлемін ұлғайтудан бастау керек. Қазірдің өзінде Ұланақ аңғарындағы және Солтүстік Ақтау артезиандық бассейніндегі бар скважиналардың негізінде егістікті 500­1000 гектарға арттыруға болады. Осы мақсатта жобалау­сметалық документтер дайындалып, Ұланақ аңғарында 200 гектар және Тиген сайында 300 гектарды суландыру құрылысы басталады. Солтүстік Ақтау артезиандық бассейні (2500 гектар) жерлерін толық игеруді 1980 жылға аяқтау белгіленіп отыр. Төңірек шың сайында да 200­300 гектарға дейінгі жерге жоңышқа егуді бастау керек. Бұл бағыттағы келешек жұмыстар неғұрлым тездетілген қарқынмен жүргізіліп, оныншы бесжылдықтың аяғына қарай жер асты суларының барлық кен орындары, (аталғандардан басқа тағы да Сам, Басқұдық, Қаратау және басқалары) пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі кезде қолда бар және келешекте жасалатын тоған­су қоймаларын пайдалану суармалы егіншілікті дамыту мен оның көлемін ұлғайтудың қайнар көзі болып табылады. Бұл саладағы алғашқы қадам ретінде Қарасай тоғаны маңында Жармышта, Қарақұдықта, Ақмышта, Шайырда, Тұщыбекте, Тамшалдыда, Ағаштыда және басқа учаскелерде суландыру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Келешекте мұндай тоғандар көптеп жасалатын болғандықтан, суармалы егіншіліктің көлемін күрт арттыру мүмкіншіліктері бар.

Читайте также:  Англияның мемлекеттік құрылымы туралы

Оставить комментарий