СЫҢАРЛАРЫ МАҒЫНАСЫЗ ҚОС СӨЗДЕР

Опубликовано Июль 16, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Қос сөздер – сөздердің қосарлануынан немесе қайталанып айтылуынан жасалған сөздер. Жалпы, қос сөздер – күрделі сөздің бір түрі. Ғалымдардың айтуы бойынша, қос сөздер түркі туыстас тілдердің бәрінде кездеседі. Қос сөздер ең көне орхон жазба ескерткіштерінің тілінде де болған және оның көріністері қазіргі түркі тілдерінің бәрінің сөздік қорынан мол орын алып, тілде жиі қолданылатын лексикалық бірліктер қатарында. Бір ғана мысал,ічін-ташын – ішін-тысын сөздері сияқты көне жазба ескерткіштер тілінен әбден игеріліп алынған сөздер де бар. Қос сөздерге байланысты көптеген зерттеулер бар. Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерге алғаш талдау жасағандардың бірі – профессор Қ. Жұбанов болған. Ол қос сөздерді «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінің» «сөз тұлғалары » тарауында «қосар сөздер» деген терминмен берген. Сонымен қатар К.Аханов, Ә.Керімов, А.Есенғұлов, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов сынды ғалымдар азды-көпті еңбек еткен А.Ысқақов өзінің «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде қос сөздер туралы былай дейді: «Қос сөздердің құрамындағы компоненттер я бір сөздің ешқандай өзгеріссіз қайталануынан, я оның бір сыңарының, не бір буынының, не бір дыбысының өзгеріліп жамалуынан құралады немесе морфологиялық жағынан бір тектес я синоним, я антоним сөздерден салаласып құралады» [1;107]. А.Ысқақов осы еңбегінде қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп үлкен екі салаға бөліп қарастырады. Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздің я қосымшасыз, я қосымшалы түрінің екі рет қайталануы арқылы, я сол сөздің не бір дыбысының немесе бір буынының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Мысалы: қора-қора, мая-мая, ап-ашық, қап-қара, өзді-өзіне т.б. [1;107]. Қазақ грамматикасы еңбегінде қайталама қос сөздер туралы былай делінген: «Қайталама қос сөздер де тілге кең тараған, жиі қолданылатын сөздер тобына жатады. Қайталама қос сөз бір сөздің екі рет қайталануы арқылы жасалады. Мысалы: елең-елең, тарс-тарс, бау-бау, қора-қора,келе- келе т.б.». Тілде қайталама қос сөздер түрлі құрамда кездеседі: 1) түбір қалпында қосымшасыз қайталану: тау-тау, жол-жол, құшақ-құшақ, 2) бір сыңары қосымшасыз, бір сыңары қосымшалы қайталама қос сөздер: бетпе-бет, кімде- кім; 3) екі сыңары да қосымшалы: қолдан-қолға, үйден-үйге т.б.[2;258]. Біздің тоқталайын деп отырған мәселеміз қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері, яғни семантикалық сипаты. Қос сөздердің барлығының мағынасын ашып беру мүмкін емес. Мақаламыздың мақсаты кейбір қос сөздердің сыңарларындағы мағынасы күңгірт сөздердің семантикасын ашу, этимологиясын қарастыру. Қосарланудың білдіретін мағыналары алуан түрлі, солардың кейбіреулері мыналар: 1) Жинақтылық я жалпылық мағына: кәрі-құтаң, көйлек-көншек, тау-тас, қыл-қыбыр, жан-жануар, шыбын-шіркей, аяқ-табақ т.б. 2) жіктеу, даралау мағынасы: алды-алдына, лек-легімен, қолды-қолына т.б. 3) болжалды мағына: бүгін-ертең, кешелі-бүгін, он-он бес т.б. 4) амалдың, іс-әрекеттің бірнеше рет қайталану мағынасы: сөйлей-сөйлей,айта- айта т.б. 5) сын есім мен сапаны күшейтіп айту мағынасы: қып-қызыл, қап- қара, сап-сары [5;408]. Қосарлама сөздер мағыналық ерекшеліктеріне қарай екі салаға бөлінеді: 1)Мағыналы компоненттерден құралған қосарлама сөздер 2)Мағынасыз компоненттерден құралған қосарлама сөздер Компоненттері мағыналы қосарлама сөздердің құрамындағы компоненттердің екеуінде де өзді-өзіне лайықты дербес мағыналары болады. Бірақ олар іштей мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сыңарлардан, мағыналары бір-біріне ұштас сыңарлардан құралған болып үш топқа бөлінеді [1;119]. Қарама-қарсы сыңарлардан құралған қосарлама қос сөздердің қызметі бір-бірімен тең дәрежеде жұмсалады. Мысалы: Сонсоң жаман-жақсы болып екіге бөлінеді: қара жерге кіргенше ырылдасып өтеді (О.Б.). Сөйлемде жаман-жақсы сөздері қарама-қарсы мәнде қолданылған, мағынасы жақсысы да, жаманы да бар, әртүрлі деген ұғымда. Мәндес сыңарлардан қосарланған сөздердің мағыналары бір-біріне жақын сыңарлардан құралады. Бағана таман арадай анталаған мазасыз уайым-қайғы ертеңнің қам-қарекет ойы ұшпалана ыдырап-ақ кетіпті; әредікте «балаларға кітап-сітапты қайдан табамын, қыстауды қашан қамсаулаймын, әйелім босанып қалса, қайтемін» секілді темірдің тотындай жанын жеп жүрген ойдың етегіне жармасып көрді, бәрібір тереңдей бойлап, үңги сары уайымдай алған жоқ (О.Б.). Осы сөйлемде кездесетін уайым-қайғы сөздерінің сыңарларының мағыналары жақын, синонимдес. Уайым, қайғы сөздері жан күйзелісін білдіреді. Екеуінің де мағыналары біріне-бірі жақын, бірдей деуге болады. Қос сөздердің сыңарлары бір мағынаны білдіреді, бірақ екі түрлі дыбысталған. Ұштас мәнді сыңарлардан қосарланған сөздер бір-біріне ұқсас сөздерден құралады. Қазандық жақтан ыдыс-аяқтың сылдыры естілді (Р.Тоқтаров). Осындағы ыдыс-аяқ деген сөзді алсақ, ол ұғымның ішіне кесе де, табақ та, қасық та, шанышқы да ас-суға қатысты аспаптардың бәрі де кіреді. «Ыдыс- аяқ сөзінің қазіргі мағынасы – ас ішуге, ас-суды құюға арналған іші қуыс әр түрлі ыдыстарды білдіреді. Кейбір түркі тілдерінің тілдік деректеріне қарағанда біздің тіліміздегі «ыдыс» сөзінің мағынасы – соңғы дәуір жемісі екенін көрсетеді. Якут тіліндегі – «ытыс», тофа тіліндегі – «адыш», туваша – «адыш», сөздерінің бәрі де қазіргі қазақ тіліндегі «алақан» түсінгі орнына жүреді. Қос сөздің екінші сыңары болып жүрген «аяқ» сөзінің тарихы да ұқсас» – деп жазады Ә.Нұрмағамбетов [3; 88]. Сонымен «ыдыс-аяқ» қос сөзінің көне мағынасы алақан болып шығады. Компоненттері мағынасыз қосарлама сөздер де екі түрлі болады: 1)Бір сыңары түсініксіз сөздер 2)Қос сыңары түсініксіз сөздер Бір сыңары түсініксіз қосарлама сөздерге мыналар жатады: айғай-сүрең, айғай-ұйғай, әуре-сарсаң т.б. Хош… бес күндік азық-түлік дегені тағы бар екен-ау..(Ғ.Мүс). Қос сөздің тіліміздің түсіндірме сөздігіндегі мағынасы – ішіп-жейтін тамақ өнімдері [4; 18]. Алғашқы сыңары «тамақ» мағынасын береді. «Азық» сөзін «астық» сөзінің фонетикалық өзгеріске түскен түрі деп қарауымызға әбден болады. Ал екінші сыңары «түлік» В.Радлов сөздігінде төлүк (шағатай тілінде) – тамақ, ас, ал қырғыз тілінде: түлүк – ішім-жем заттары деген мағынада [6; 10]. Қорыта айтқанда, «түлік» сөзі, алғашқы сыңар «азықтың» түркі тіліндегі синонимі. Бұл жақтың қыз ұзатысы тіпті қызық, ескі ырым-жырымдары «көп» (Ғ.Мұст). Қазақтардың түсінігінде – жақсы ниеттен жасалатын әр түрлі әдет- ғұрыптар. Тілімізде ырым-жырым сөзімен қатар, ырың-жырың сөзі де қолданылады. Екеуінің мағынасы екі түрлі. Қос сөздің алғашқы мағынасы баршаға түсінікті. Түркі тілдерінің деректеріне сүйенсек, «жырым» мағынасы да одан алыстамайды. Моңғолдарда «журам» сөзі әдеп мағынасында қолданылады. Ырым-жырым деген қос сөздегі жырым сөзінің мағынасы да, ырым сөзінің мағынасын білдіреді. Колхоз жіберсе, оның ешбір айып-шамы жоқ (Ғ.Мұст). Мұндағы айып сөзі түсінікті. Шығу төркіні араб сөзі болғанымен, қазақ тіліне өрте ертеде енген. Шам түркі тілдеріне қытай тілінен енген сөз болу керек деген болжам бар. Көне түркі тілдерінде шам сөзі жеке келіп, «дау, талас» дегенді білдірген [7; 27]. Мұндағы шамдану сөзінің мағынасы ар-намысқа қатысты. Қазақ тіліндегі ар, ұят мағынасындағы шамына тию, шамдану сөздерінің шығу тегін көне түркі тілінен келе жатқан шам сөзімен байланыстырамыз. Екі сыңарының да мағынасы жоқ қосарлама сөздердің кейбір компоненттері бір ғана сөздің емес, бірнеше сөздің құралымен кездесіп отырады. Мысалы: анда-санда, оқта-текте [1; 121]. Мектептің бүкіл әлем-жәлем қағазы өз қолынан өтіп жүрді (О.Б.). Ә.Нұрмағанбетов өзінің «Қос сөздердің құпиясы» атты еңбегінде «әлем- жәлем» қос сөзі туралы былай дейді: «Қос сөздің қай сыңары болмасын қазақ тілінде дербес қолданылып, дәл мағына бере алмайды. Әзірбайжан, түрік, ұйғыр, чуваш тілдерінде «аләм», «элем» сөздері «кішкене жалау,жалауша» деген мағына береді. Мұның өзі арабтардың «ғаләм» сөзінен шыққан. Ал чуваш тілінде «илем» – безендіру, әшекейлеу мағынасын білдіреді. Осылардағы «аләм» мен «илем» сөздері қазақ тілінде «әлем» және «жәлем» қалпында өзгеріске келіп, тілдік дәстүрден озбай, қос сөз тудырған» [3; 20]. Қос сөз құрамындағы «жәлем» сөзі тілімізде мүлде қолданылмайды, ал «әлем» сөзінің жеке-дара қолданылатын кездері бар, бірақ мағына жағынан басқаша ұғымға ие болады. Орман іші тымықтау екен, бірақ қарағай басы шулап, ағаш сықырлап, бұтақ сынып азан-қазан болғанда, үрей үстіне үрей қосады. «Азан-қазан» сөзінің мағынасы – у-шу, айқай-ұйқай делінген «түсіндірме сөздікте» [4; 20]. Қос сөздің екі сыңары да жеке тұрып, дәл мағына бере алмайды. Азан сөзі де, қазан сөзі де тілімізде жеке қолданылады. Бірақ «азан», «қазан» сөздерінің қос сөз құрамындағы мағынасы басқа. «Азан» сөзі жеке тұрғанда діни ұғымды білдіреді. Намаз шақыру алдындағы ерекше мақаммен дауыстау рәсімі. Біздің ойымызша, азан-қазан қос сөзінің төркіні азан сөзімен тікелей байланысты. Қос сөздердің төркінін анықтау барысында түркі тілдерінде кездесіп отыратын дабыстардың өзара алмасып, бірінің орнына екіншісі қолданылатынына көзіміз жетті. Қос сөздердің бір сыңарының немесе екінші сыңарының мағынасыз болып келуі де, тіліміздің қазіргі кездегі даму сатысына байланысты. Қос сөздердің барлығы алғашқы кезде мағыналы сөздерден жасалып, уақыт өте тілдік даму нәтижелерінде мағынасы күңгірттеніп, фонетикалық өзгерітерге ұшырауына байланысты мағыналарынан айырылған. Тіл заңдылығы бойынша, қос сөздердің мағыналары жақын болып келеді. Бір сыңары немесе қос сыңары түсініксз деп саналатын сөздердің өзі төркінін анықтай келгенде бірдей болып шығады (азық-түлік, бала-шаға).

Оставить комментарий

Загрузка...