ТӨҢКЕРІС ЕҢБЕК МЕКТЕБІН ТУҒЫЗДЫ

Төңкеріс ескі тұрмыстың астын үстіне шығарды. Ескі мектеп, ескі програмдарды мектепке қатынайтын шарт бұрынғыдан басқа болды, мектеп негізі түбінен өзгерді. Бұрынғы құрғақ білім, қысыр сөз беріп, бағынғыш діншіл бала тәрбиелеу деген салт күйреп, енді өмірге керекті білім, іс, еңбек үйрететін, жаратылыстың тілсіз күшімен де, қоғам ішіндегі әділетсіздік­теңсіздікпен де арпалысатын, өжет, ісшіл, төңкерісшіл адам жасап шығару керек болды. Ол үшін бұрынғы «ардақты», «ояусыз» неше алуан мектептерді жою болып табылады. Сүйтіп, бірізді еңбек мектебі «туды». Еңбек мектебінің мақсаты: «Тіршілікке керекті, жетерлік білім беріп, білгір ұйымдасып жұмыс қылуды үйретіп, жаңа тұрмысты жасағандай өр де өжет адам жасап шығару». Көздеген мақсаты қандай екенін анықтап алмай, іске кіруге болмайды. Мұғалім де баланы қандай адам қылып шығаратынын жақсы білуі керек, сол мақсатқа бейімдеп білім, еңбек үйретуі керек, тәрбие беруі керек. Тәрбие деген кең мағыналы сөз. Жас баланың несін тәрбиелеу керек? Жас балаға мектебі: а) Дене тәрбиесін, б) Әлеумет тәрбиесін, ж) Ақыл тәрбиесін беру керек. Мұның мәнісі: 1) Бала «жанды мәшине» мектеп қолынан келген шараларды істеп, баланың денсаулығын қорғасын, сақтасын, денесін күшейтсін, шынықтырсын. Бір сөзбен жетілдірсін, сол денесін қорғаудың жетілудің тәсілін, амалын баланың бойына сіңіріп (қалай қып?), жұқпалы ауру жайынан сөйлеп, жұмысты ретпен істетіп, тамағын мезгілімен ішкізіп, денесін епке үйретіп, еңбекке төселдіріп деген сияқты. 2) Бала әлеумет мүшесі. Бөле, жеке өмір сүрмек емес, олай болса мектеп баланы жолдастарымен, үй­іші адамдарымен, ауыл­аймағымен жақсы араласқандай, ымыраласқандай, икемді, үйірсек қып тәрбиелесін. Мектеп балаға өмір сүруді үйренуге бірігіп жұмыс қылуды үйретпек қой. Бұл әсте естен шықпасын. 3) Бала ойлаулы машина. Мектеп оны: а) Төңірегіндегі дүниеге, тұрмысқа қызықтырып, әуестігін қозғап; б) Жоқтан­өзгеге, ұзын құлаққа, ырым­жырымға, ескі әдетке оп­оңай нана қоймайтын, естіген білгенінің бәрін ақылына салып, сынататын, сонсоң барып асықпай қорытынды шығаратын қылып; с) Тұрмыс, өмір туғызған мәселеге, сұрауға күнделікті сабақтан жауап тапқызып.

Читайте также:  Монетарлық ғадет туралы

Оставить комментарий